АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология

Лейкоциттер

Сау адамның шеткі қанында лейкоциттер саны 4-9x109/л құрайды. Физиологиялық тұрғыда лейкоциттер саны ертеңгілік аздау болады, кешке қарай көбейе түседі. Лейкоциттер организм ішіндегі өзгерістер мен сыртқы әрқилы әсерлерге жауап ретінде тез өзгере алатын қан түйіршіктері.

Лейкоцитоз дегеніміз шеткі қандағы лейкоциттер санының қалыпты деңгейден артуы. Лейкоциттердің барлық түрлерінің пропорциялық сипатта бірдей артуларымен сипатталатын лейкоцитоз сирек кездеседі (мысалы, қанның қоюлануы кезіндегі лейкоцитоз). Көбінесе, лейкоциттердің белгілі бір түрінің ғана артуы байқалады, сондықтан «нейтрофилез», "лимфоцитоз" "эозинофилия", "моноцитоз", "базофилия" деген сөз баптаулары (терминдер) қолданылады.

Физиологиялық лейкоцитоз мына жағдайларда кездеседі:

· Ас қабылдағаннан соң.

· Күннің екінші жартысында, қалыпты биоритмге байланысты түсіндіріледі.

· Физикалық күштемелерде, тек бірнеше сағаттан соң ғана лейкоциттер саны қалыпқа келеді.

· Жүктілікте.

· Эмоциялық күштемелерде.

· Ультракүлгін сәулесімен сәулелену кезінде.

Дерттік лейкоцитоз мына жағдайларда кездеседі:

1.Бластоматозды – сүйек кемігі мен лимфотүйіндерінің лейкопоэздік аппаратының тұрақты бластоматозды гиперплазиясында. Ол лейкоциттердің жасару белгілерімен және шеткі қанда дерттік лейкоциттердің толассыз көбеюімен сипатталады. Яғни лейкоздарда кездеседі.

2.Реакциялық лейкоцитоз. Шеткі қанда жас лейкоциттердің пайда болуымен сипатталатын қан түзу жүйесінің лейкопоэздік бөлігінің жауап ретіндегі реакциялық гиперплазиясы. Мұндай гиперплазия уақытша болады да себебін жойған соң қайтады. Реакциялық лейкоцитоз мыналарға тән:

· инфекциялық-қабыну аурулары (аппендицит, холецистит, пневмония және т.б.);

· сепсистік жағдайлар;

· миокард инфаркты;

· коллагеноздар (ревматизм);

· инфекциялық мононуклеоз;

· мырышты сутегімен, нитробензолмен, күйік иісімен уланғанда;

· иондаушы сәулеленудің алғашқы кезеңінде (үлкен доза алғанда) және аз дозасы ұзақ әсер еткенде.

Лейкоциттер құрамының жасаруымен сипатталатын жоғарғы дәрежедегі лейкоцитоз лейкемоидты реакциялар деп аталады.

Лейкопения (лейкоциттер санының азаюы) физиологиялық және патологиялық боп екіге бөлінеді.

Физиологиялық лейкопения кезбе нерв тонусының басым болуы кезінде, яғни ұйқыда, гипноз кездерінде, жалпы тонустың әлсіреуінде, аштықта байқалады; өте сезімтал адамдарда саусақ ұшын тесудің өзі лейкопения тудыруы мүмкін.

Патологиялық лейкопения токсиндердің қатты әсер ету кездерінде (іш сүзегі, бруцеллез); вирустық инфекциялар (грипп, корь, қызылша, вирустық гепатиттер); коллагеноздар (ЖҚЖ); көкбауырдың зақымдануы, соның ішінде гиперспленизм; инфекциялық аурулар кезінде лейкоцитоздың болуы тән ауруларда лейкопенияның байқалуы қан түзу қабілетінің күрт төмендегенін білдіреді де, ол организмнің жалпылай қарсыластық қабілетінің төмендегенін білдіреді; кейбір дәрілердің қан түзуші ағзаларға кері әсерінен де болады - амидопирин, сульфаниламидтер.

Лейкопенияның осы аталған түрлері функциялық лейкопения тобына жатады және ол кезде сүйек кемігі өзінің клеткалық құрамы жағынан толық, тек функциясы ғана тежелген.

Органикалық сипаттағы лейкопения нсүйек кемігінің гранулоциттік өсінділік аппаратының гипоплазиясы немесе аплазиясы кездерінде дамиды. Мұндай лейкопения гематологиялық ауруларда байқалады (агранулоцитоз, гипоплазиялық немесе аплазиялық анемиялар) және сүйек кемігінің майлануымен сипатталады. Сүйек кемігінің гипоплазиясы немесе аплазиясы иондаушы сәуле мен улы заттардың токсикалық әсерінен де дамиды.

Лейкоциттер формуласы

Лейкоциттердің әр түрлерінің проценттік қатынасы лейкоциттер формуласы деп аталады.

Нейтрофильдер

Лейкоциттер ішінде көбірек пайызды (50-70%) нейтрофильді гранулоциттер құрайды да, олардың өзі сегменттіядролы (47-72%) және таяқшаядролы (1-6%) болып бөлінеді.

Гранулоциттер 3 - 9 тәулік өмір сүреді. Нейтрофильдердің 60% жуығы сүйек кемігінде тұрады да сүйек кемігіндегі резервті құрайды, тек 40% -басқа тіндерде болады және тек 1% шеткі қанда жүреді. Нейтрофильді гранулоциттер бактериялар мен сақырауқұлақтарды жұтып құрта алатын фагоциттер болып саналады. Бұл клеткалар В12-витаминін байлай алатын белок түзеді де, сондықтан нейтрофильдері өте жоғары болатын кейбір аурулар (мысалы, сүлелі миелолейкоз) қан сарысуында В12 -витаминінің деңгейі айқын артады.

Нейтрофилез - нейтрофильдер санының 6х109/л жоғары артуы.

Нейтрофильді лейкоцитоз мына жағдайларда кездеседі:

1. Жіті бактериялық инфекцияларда:

· локалды орналасатын (абсцесстер, остеомиелит, жіті аппендицит, жіті отит, пневмония (әсіресе крупозды), жіті пиелонефрит, менингиттер, ангина, жіті холецистит, т.б.);

· бойға жайылған (септицемия, перитонит, тырысқақ№ т.б.).

2. Тіндердің қабынулары мен инфаркттарында (миокард инфаркты, ірі күюлер, гангрена, ортасы ойылған қатерлі ісіктер, ревматизмнің жіті шабуылы).

3. Интоксикацияларда:

· экзогенді (қорғасын, жылан улары, вакциналар – бөтен белоктар);

· эндогенді (диабеттік ацидоз, уремия).

4. Дәрілер әсері (кортикостероидтар, литий дәрілері, камфора).

5. Миелопролиферациялық ауруларда (сүлелі миелолейкоз, шынайы эритремия, остеомиелофиброз).

6. Қатерлі ісіктер (асқазан, бронх рагы)

7. Жіті геморрагияларда.

Солға қарай нейтрофилъді ығысу – нейтрофильдер санының жасаруы, яғни жетілмеген түрлерінің анықталуы: таяқшалы нейтрофильдер санының артуы, метамиелоциттер (жас жеткіншек), миелоциттер, промиелоциттер, ал кейде тіпті миелобласттар сандарының артулары.

Оңға қарай нейтрофилъді ығысу – нейтрофильдер санының жетілген түрлерінің басым анықталуы, яғни 5-6 сегменттік ядролы сегменттіядролы нейтрофильдер санының басым болуы.

Нейтрофилез мына жағдайларда үлкен диагностикалық маңызы бар:

· солға әлсіз ығысқан аздаған нейтрофилез инфекциялық немесе іріңді-қабыну процесінің (көбінесе шектелген) жеңіл түрде екенін білдіреді;

· солға айқын ығысуы бар басым нейтрофилез (миелоциттерге дейін) ауыр ағымды инфекця екенін білдіреді (перитонит, сепсис);

· гиперлейкоцитозы бар басым нейтрофилез организмнің жақсы қарсы тұру қабілеттігі сақталған ауыр ағымды сепсистік немесе іріңді-қабынулық жағдай екенін білдіреді;

· аздаған лейкоцитозы бар өте анық нейтрофилез органимзнің қарсы тұру қабілеттігі төмендеген ауыр ағымды сепсистік инфекция екенін білдіреді;

· лейкопения кезіндегі өте жоғары нейтрофилез органимзнің қарсы тұру қабілеттігі өте нашар ауыр ағымды инфекция екенін білдіреді.

Нейтропения - нейтрофильдер санының 2,0х109/л азаюы. Нейтропения көбінесе сүйек кемігінің функциялық тежелгенін білдіреді.

Сонымен қатар, нейтропения мына жағдайларда кездеседі:

· Инфекциялар: бактериялық (іш сүзегі, бруцеллез, баяу ағымды бактериялық эндокардит, туберкулез); вирустық (инфекциялық гепатит, грипп, корь, қызылша).

· Сүйек кемігіне токсикалық әсерлерде гранулоцитопоэздің иондаушы радиацияның, химиялық агенттердің (бензол, анилин) әсері.

· В12-витамині мен фоли жетіспеуінен – яғни сүйек кемігінде тимидиннің түзілуіне қажетті компоненттердің жетіспеуі.

· Жіті лейкозда (алейкемиялық варианты), аплазиялық анемия.

· Гиперспленизмі бар спленомегалиялар.

· Аутоиммунды процестер — ЖҚЖ, РА.

· Кейбір дәрілердің әсерінен: анальгетиктер, қабынуға қарсы дәрілер; антиаритмиялық (хинидин, прокаинамид); антималярия-лық; гипотензиялық (каптоприл, эналаприл, нифедипиндер); антибактериялық (сульфаниламидтер, пенициллиндер, цефало-спориндер).


Дата добавления: 2015-09-27 | Просмотры: 2723 | Нарушение авторских прав







При использовании материала ссылка на сайт medlec.org обязательна! (0.01 сек.)