АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология

Жалпы ережелер. 1. "Инфекциялық аурулардың алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды

 

1. "Инфекциялық аурулардың алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидалары (бұдан әрі – Санитариялық қағидалар) инфекциялық аурулардың алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын талаптарды белгілейді.
2. Осы Санитариялық қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
1) бактерия тасымалдаушылық – аурудың клиникалық белгілерінсіз инфекциялық (паразиттік) аурулар қоздырғыштарының адам немесе жануар организмінде сақталуымен және қоршаған ортаға бөлінуімен сипатталатын инфекциялық үдерістің нысаны;
2) бактериофагтар – бактериялық жасушаны зақымдауға және оны ерітуге бейім бактерия вирустары;
3) іш сүзегі – аш ішектің лимфа жүйесі зақымданып, шырышты қабықшасында жара пайда болатын, жалпы уланудың қайталануы кездесетін, қоздырғыш ауыз және нәжіс қуысы арқылы жұғатын, су, тағам және тұрмыстық жолдармен таралатын, споралық таралумен қатар ұзақ уақытқа бактерия тасымалдаушылықты қалыптастыруға бейім сальмонелла бактериясының (Salmonella Typhi) түрінен болатын бактериялы инфекциялық ауру;
4) ауруханаішілік инфекция – науқастың ауруханаға түсуі немесе онда емдік көмекке жүгінуі нәтижесінде оны зақымдайтын кез келген инфекциялық ауру немесе медициналық ұйымда болған кезінде немесе одан шығарылғаннан кейін инкубациялық кезеңде аурудың пайда болу мерзіміне қарамастан, медициналық ұйым қызметкерінің осы мекемедегі жұмысы салдарынан болатын инфекциялық ауру;
5) декреттелген контингент – айналасындағылар үшін инфекциялық және паразиттік ауруларды жұқтыруға барынша қауіп төндіретін, халыққа қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін адамдар;
6) дизентерия – көбінесе тоқ ішектің шырышты қабықшасын зақымдайтын шигелла (Shigella) текті микробынан туындайтын инфекциялық ауру. Клиникалық ауру интоксикация және түйіліп ауыру синдромының болуымен сипатталады;
7) дисбактериоз – ішек жұмысының ауытқуынан, фермент шығару қабілетінің бұзылуынан, антибиотиктерді ұзақ қабылдау нәтижесінде созылмалы аурулардың нәтижесінде туындайтын ішек микрофлорасы құрамының бұзылуы;
8) иерсиниоз – интоксикация белгілерімен және асқазан-ішек жолдары, бауыр, буындар, кейде басқа ағзалардың зақымдануымен сипатталатын антропоноздар тобындағы жіті инфекциялық ауру;
9) инкубациялық кезең – инфекция қоздырғыштары организмге түскен сәттен бастап аурудың алғашқы белгілері пайда болғанға дейінгі уақыттың бөлігі;
10) қарқынды кезең – аурудың клиникалық белгілерін жоюға және туберкулез микробактериясының (бұдан әрі – ТМБ) популяциясына барынша әсер етуге бағытталған терапияның бастапқы кезеңі;
11) байланыс – туберкулезбен ауыратын науқас пен әңгімелесу үшін жеткілікті жақын аралықта немесе жабық кеңістікте болатын адамдар арасындағы өзара қарым-қатынас;
12) байланыста болған адам – инфекция қоздырғышының көзімен байланыста болатын және (немесе) байланыста болған адам;
13) сырқаттанушылықты бақылау деңгейі – алдыңғы бес жыл ішіндегі сырқаттанушылықтың орташа шамасына қарай әрбір уақыт аралығына және нақты елді мекенге тән сырқаттанушылықтың шекті деңгейі. Жалпы алғанда аумақ үшін және халықтың жекелеген тобы (жас ерекшелік, кәсіби) үшін есептеледі. Талданатын көрсеткіштердің жоғары бақылау деңгейіне жақындауы немесе одан артуы эпидемиологиялық қолайсыздықты білдіреді;
14) қақырықтың микроскоппен қарағанда белгілі болған (бактерия бөлуші) оң нәтижелі өкпе туберкулезі – емдеу жүргізуге дейін қақырық жағындысын микроскоп арқылы қараған кездегі ТМБ-ның тіпті бір рет анықталу кезінде болуы;
15) микроскопиялық зерттеу – ТМБ-ны бактериоскопиялық анықтау әдісі;
16) эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша тексеру – белгілі бір аумақтағы, халықтың жекелеген топтары арасындағы эпидемиологиялық жағдайға негізделген инфекциялық немесе паразиттік аурулар туралы алынған ақпараттың негізінде және инфекциялық немесе паразиттік аурулардың жағдайына эпидемиологиялық тексеру жүргізу кезінде (жұқтыру тәуекелі факторларын, берілу жолдарын анықтау және санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды жүргізу үшін) тексеру;
17) жіті вирустық гепатит (А, Е, В, С, Д) – бұл ерекше маркерлері бар болғанда ұзақтығы алты айдан аз бауырдың жіті қабынуы;
18) жіті ішек инфекциялары – асқазан-ішек жолының бұзылуымен сипатталатын патогендік және шартты-патогендік бактериялардан, вирустардан болатын инфекциялық аурулар;
19) бас тарту – туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқастың медициналық құжаттамада белгіленген, дәрігер тағайындаған емдеуден бас тартуы;
20) инфекциялық немесе паразиттік аурулар ошағы – инфекция қоздырғышы науқастан сезімтал адамдарға беріле алатын шектерде оны қоршаған аумағы бар, инфекциялық немесе паразиттік аурумен ауыратын науқастың болатын орны;
21) туберкулез инфекциясының ошағы – бактерия бөлетін науқастың тұрғылықты (жеке үй, пәтер, жатақханадағы бөлме), оқу, жұмыс, демалыс орны;
22) қылаулар - аш ішектің лимфа жүйесі зақымданып, шырышты қабатында жара пайда болатын, қоздырғыш қанмен араласатын, жалпы уланудың қайталануы кездесетін, қоздырғыш ауыз және нәжіс қуысы арқылы жұғатын, әсіресе су және тағам жолдарымен таралатын, ұзақ уақытқа бактерия тасымалдаушы болуға бейім сальмонелла бактериясынан (Salmonella paratyphi) туындайтын бактериялы жіті инфекциялық ауру. Патогенезі және клиникалық белгілері бойынша іш сүзегіне ұқсас келеді, тез басталу және ұзақ жүретін, катаральды құбылыс кезеңімен сипатталады;
23) парентералдық механизм – инфекцияның қан құю кезінде, тері жамылғылары мен шырышты қабықшалардың бүтіндігінің бұзылуымен қоса жүретін инъекциялар және басқа да манипуляциялар кезінде, сондай-ақ анадан балаға босану жолдары арқылы өту кезінде берілуі;
24) жалғастыру кезеңі – әлі де сақталған микобактерия популяциясына әсер ететін және туберкулез үдерісінің қабыну өзгерістерінің одан әрі азаюын, сондай-ақ науқастың организмінің функционалдық мүмкіндіктерін қалпына келтіруді қамтамасыз ететін терапияның жалғасу кезеңі;
25) Манту сынамасы – ерекше диагностикалық тест, халықаралық екі туберкулин бірлігімен теріішілік туберкулин Манту сынамасы (бұдан әрі – 2 ТБ-мен Манту);
26) реконвалесцент – аурудан айығу сатысындағы науқас адам;
27) ремиссия – ауру көріністерінің уақытша әлсізденуімен немесе жоғалуымен сипатталатын аурудың өту кезеңі;
28) ретроспективті эпидемиологиялық талдау – эпидемияға қарсы іс-шараларды перспективалы жоспарлауды негіздеу мақсатында уақыттың алдағы ұзақ аралығындағы инфекциялық сырқаттанушылықтың динамикасын және құрылымын, деңгейін талдау;
29) ротавирустық инфекция – асқазан-ішек жолдарының зақымдануымен сипатталатын жіті вирустық ауру;
30) сальмонеллез – сальмонелла (Salmonella) тобына жататын қоздырғыштардың нәжіс-ауыз қуысы арқылы берілетін полиэтиологиялық жіті инфекциялық аурулардың тобы, олар белгілері білінбейтін бактериятасымалдаушылықтан бастап, ауыр септикалық түрлеріне дейін болатын клиникалық пайда болуының көптүрлілігімен сипатталады. Көбінесе жіті гастроэнтерит түрінде өтеді;
31) санация – организмді сауықтыру бойынша мақсатты емдеу-профилактикалық іс-шараларын жүргізу;
32) субөнімдер – мал сою және ет қақтау кезінде алынатын тамақ азық-түлігінің өндірістік атауы (кесек еттен басқа бауыр, тіл, бүйрек, ми және тағы басқалар);
33) тауар көршілестігі – шикізаттар мен дайын өнімдерді бірге сақтауды және өткізуді болдырмайтын, тауардың сапасында көрсетілетін, олардың ластануын және бөгде иістердің енуін болдырмайтын жағдай;
34) туберкулез – патологиялық үдеріске өкпеден басқа барлық ағзалар мен организмнің тіндері қатысуы мүмкін кездегі өкпелік таратпаушылығы басым ауру;
35) туберкулинодиагностика – 2 ТБ-мен Манту сынамасы бойынша ерекше диагностикалық зерттеу;
36) көптеген дәріге көнбейтін туберкулез – бұл штамдары изониазид пен рифампицинге төзімді ТМБ-дан болған туберкулез;
37) кең көлемді дәрілерге көнбейтін туберкулез – бұл штамдары изониазид пен рифампицинге, сондай-ақ фторхинолондардың біреуіне және екінші қатардағы үш инъекциялық препараттардың біреуіне көнбейтін ТМБ-дан болған туберкулез;
38) емделуден жалтару – өз бетімен кету, дәрігер белгілеген емдеу режимін бұзу, сондай-ақ медициналық құжатта белгіленген туберкулезге қарсы препараттарды үш және одан да көп аптаны құрайтын уақыт бойы қабылдамау;
39) фаготип – типтік бактериофактар құрамына бірдей сезімталдықты сипаттайтын бактериялық штамдар жиынтығы;
40) флюоорографиялық, рентгенологиялық тексеру – флюорографиялық немесе рентгенологиялық аппараттармен диагностикалық зерттеу;
41) энтералдық механизм – инфекцияның асқазан-ішек жолы арқылы берілуі. Вирус организмге ластанған сумен, тамақ өнімдерімен, лас қолдар арқылы енеді;
42) anti-HCV – С вирустық гепатитіне антидене;
43) HBsAg – инфекцияның жіті немесе созылмалы түрін көрсететін беткейлік антиген;
44) жіті респираторлық вирустық инфекция (бұдан әрі – ЖРВИ) – ауа-тамшы жолымен берілетін және тыныс алу (респираторлық) жолдарының сілемейлі қабығын зақымдаумен қоса жүретін тұмау, парагрипп, аденовирустар, респираторлық-синцитиальдық және басқа да вирустар тудыратын аурулардың жоғары контагиоздық тобы;
45) тұмау тәрізді аурулар (бұдан әрі – ТТА) – дене қызуының 3800С-қа көтерілуімен және ауру басталғаннан бастап 7 күн ішінде кемінде бір рет байқалатын жөтелмен қоса жүретін жіті респираторлық вирустық ауру жағдайлары;
46) ауыр жіті респираторлық вирустық инфекциялар (бұдан әрі – АЖРИ) – пациентті дереу емдеуге жатқызуды қажет ететін және анамнезінде ауру басталғаннан бастап 7 күн ішінде кемінде бір рет байқалатын 3800С жоғары температурамен немесе қызумен, жөтелмен, ентігумен немесе тыныс алудың қиындауымен сипатталатын ауру;
47) ЖРВИ, тұмау және олардың асқынуларын (пневмонияларды) әдеттегі эпидемиологиялық қадағалау – халықтың жіті респираторлық тұмау тәрізді аурудың және/немесе пневмонияның клиникалық белгілерімен жүгінуі бойынша республиканың барлық аумағында тіркелген аурулар жағдайларының санын есепке алу негізінде ЖРВИ-мен, тұмаумен сырқаттанушылықтың және олардың асқынуларынан (пневмониялар) болған өлім-жітімнің деңгейі мен динамикасын мониторингілеу;
48) шолғыншы эпидемиологиялық қадағалау (бұдан әрі – ШЭҚ) – еліміздегі тұмаумен сырқаттанушылықтың эпидемиологиялық және вирусологиялық сипаттамаларын, тұмаудың экономикалық залалын әлемнің басқа елдерінің деректерімен салыстыруға мүмкіндік беретін, стандартты ақпаратты және репрезентативті топтардағы ТТА және АЖРИ-мен ауыратын науқастардың материалы үлгілерін жүйелі жинау;
49) шолғыншы өңірлер – ТТА, АЖРИ және тұмауды шолғыншы эпидемиологиялық қадағалау жүйесі енгізілген және жүргізілетін әкімшілік аумақтар;
50) шолғыншы орталықтар – ТТА, АЖРИ және тұмауды шолғыншы эпидемиологиялық қадағалау жүйесі жүзеге асырылатын медициналық ұйымдар;
51) тұмауды ШЭҚ бойынша аймақтық вирусологиялық зертхана (аймақтық вирусологиялық зертхана) – ТТА, АЖРИ және тұмауды ШЭҚ жүйесіне қатысатын вирусологиялық зертханаларға әдістемелік және тәжірибелік көмек көрсетуді, сапаны сырттай бақылауды қамтамасыз ету мақсатында үлгілерді растауды (қайта тестілеуді) жүзеге асыратын вирусологиялық зертхана;
52) репрезентативті іріктеу – бас жиынтықтың негізгі белгілері сақталған және деректер көрсетілген белгі осы бас жиынтықта көрінетін пропорцияда немесе сондай жиілікте ұсынылатын іріктеу;
53) индикаторлық көрсеткіштер – ТТА, АЖРИ және тұмауды ШЭҚ жүйесін ұйымдастырудың сапалық көрсеткіштері;
54) вирустық көлік ортасы (бұдан әрі – ВКО) – клиникалық материал үлгілерінде вирустарды зертханаға дейін тасымалдау үдерісінде сақтауға арналған дайын сұйық орта;
55) Дьюар ыдысы – бұл биологиялық үлгілерді сұйық азот ортасында ұзақ сақтауға және тасымалдауға арналған резервуар;
56) термоконтейнер – жылудан оқшаулау қасиеттері бар үлгілерді тасуға арналған және тиімді температуралық режим (плюс 20С-тан плюс 80С-қа дейін) қуысына салынған мұздатылған тоңазыту элементтерінің көмегімен қамтамасыз етілетін, тығыз жабылатын қақпағы бар жәшік (немесе сөмке);
57) сүзгі – емханаларда ұйымдастырылады, оның міндеті пациенттерді емханаға кіреберісте екі негізгі топқа: инфекциялық ауруға күдігі бар адамдарға (жоғары температура, этиологиясы белгісіз бөртпе, диспепсиялық бұзылыстар және басқалары) және дені сау немесе әртүрлі функционалдық ауытқулары бар адамдарға сұрыптау болып табылады;
58) стационарлардағы шектеу іс-шаралары – медқызметкерлер мен пациенттердің жүріп-тұруының ерекше режимін көздейтін тұмаудың және басқа да ЖРВИ-дың таралуын болдырмауға, тұмаумен ауыратын науқастарды уақтылы оқшаулауға, бетперде режимін енгізуге, санитариялық-дезинфекциялық режимді күшейтуге және жеке гигиенаны сақтауға бағытталған іс-шаралар;
59) балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу мен білім беру объектілеріндегі шектеу іс-шаралары – кабинеттік оқыту жүйесін алып тастауды, көпшілік, ойын-сауық және спорт іс-шараларын шектеуді, тұмаумен ауыратын науқастарды уақтылы оқшаулауды, бетперде режимін енгізуді, санитариялық-дезинфекциялық режимді күшейтуді және жеке гигиенаны сақтауды көздейтін тұмаудың және басқа да ЖРВИ-дің таралуын болдырмауға бағытталған іс-шаралар;
60) таңертеңгілік сүзгі – мектепке дейінгі тәрбиелеу және білім беру объектілерінде, мектептерде, гимназияларда, лицейлерде балаларды ата-аналарынан ЖРВИ және тұмаудың белгілері мен симптомдарының болуы туралы сұрай отырып, аңқаны қарау, температураны өлшеу және деректерді журналға жазу арқылы қабылдау.
Ескерту. 2-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 19.06.2013 № 627 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

 

2. Жіті ішек жұқпалы ауруларының алдын алу бойынша
санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық)
іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын
санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

 

3. Жіті ішек инфекциялық ауруларын эпидемиологиялық қадағалау мынадай санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды қамтиды:
1) профилактикалық іс-шаралардың тізбесін, көлемін және жүргізу мерзімін негіздеу, ұзақ мерзімге арналған бағдарламалық-нысаналы жоспарлау мақсатында мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдары жыл сайын жүргізілетін жіті ішек инфекцияларымен сырқаттанушылықты ретроспективті эпидемиологиялық талдау. Жіті ішек диареялық инфекциялардың құрылымын нозологиялық түрлер бойынша зерделеу, "тәуекел топтарын" анықтау үшін халықтың кейбір жас ерекшелік, әлеуметтік, кәсіптік топтарында және жекелеген ұжымдарда аурудың деңгейін бағалау қажет;
2) басталған аурудың өршуін уақтылы анықтау, оның себептерін анықтау және эпидемияға қарсы жедел іс-шараларды жүргізу үшін мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдары жыл сайын жүргізетін жіті ішек инфекцияларымен сырқаттанушылықты жедел эпидемиологиялық талдау.
Ағымдық сырқаттанушылықты апталар, айлар бойынша, өсу қорытындысымен салыстыру, осы аумаққа тән аурудың бақылау деңгейімен салыстыру жүргізіледі.
4. Ауруханаішілік ауруларды болдырмау мақсатында мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары медициналық ұйымдарда, балалар үйлерінде, нәрестелер үйлерінде, қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлерінде санитариялық-эпидемияға қарсы режимнің сақталуына мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау жүргізеді.
5. Ішек инфекцияларымен ауыратын науқастарды және күдіктілерді анықтауды меншік нысанына қарамастан барлық денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлері амбулаториялық қабылдау, үйге бару, медициналық қарау, ауруханаға жатқызу және басқа да медициналық ұйымдарға бару кезінде жүргізеді. Диагноз аурудың клиникалық пайда болуы, зертханалық зерттеулер деректері, эпидемиологиялық анамнезі негізінде қойылады.
6. Халықтың мына санаттарына ішек тобына бір реттік зертханалық зерттеу жүргізіледі:
1) медициналық ұйымдарға қаралған кезде жіті ішек инфекцияларына күдікті науқастар;
2) стационарға түсу кезінде психиатриялық стационарлардың пациенттері;
3) мектеп-интернаттарға, балалар үйлері мен нәрестелер үйлеріне алуға ресімдеу кезінде балалар;
4) қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлеріне алуға ресімдеу кезінде жасы ұлғайған адамдар;
5) ішек инфекциясымен ауырып жазылған реконвалесценттер.
7. Қоздырғышты сәйкестендіру және ошақтың көлемдерін белгілеу мақсатында инфекциялық ауру қоздырғышының берілу жолдары мен болжанатын факторларын есепке ала отырып, тізбесін дәрігер-эпидемиолог айқындайтын зертханалық зерттеулер жүргізіледі.

 

3. Эпидемиологиялық тексеруді ұйымдастыруға қойылатын
санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

 

8. Мына ошақтарда эпидемиологиялық тексерулер жүргізіледі:
1) қоғамдық тамақтану және азық-түлік саудасы, сумен жабдықтау объектілерінің, мектепке дейінгі балалар ұйымдарының қызметкерлері, сондай-ақ азық-түліктерді өндіру мен сақтау және өткізумен байланысты кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке тұлғалар жіті ішек инфекцияларымен ауырған кезде;
2) мектепке дейінгі балалар ұйымдарына, балалар үйлеріне, мектеп-интернаттарға баратын балалар ауырған кезде;
3) психикалық-неврологиялық стационарлардың, балалар үйлерінің, нәрестелер үйлерінің, қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлерінің қызметкерлері ауырған кезде;
4) бір аурудың дамуының жасырын кезеңінде бір инфекция ошағында үш және одан да көп адамның сырқаттану жағдайы тіркелген кезде.
9. Жіті ішек инфекцияларымен сырқаттанушылықтың бақылау деңгейлері артқан кезде пәтерлік ошақтарды тексерудің қажеттілігін эпидемиологиялық жағдайды, алдын ала жасалынған талдау материалдарын ескере отырып, тиісті аумақтың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері айқындайды.
10. Ошақтарды эпидемиологиялық тексеру кезінде зертханалық тексеру үшін тамақ өнімдерінің, судың, жуындылардың сынамаларын жинау жүргізіледі.

 

4. Жіті ішек инфекцияларымен ауыратын науқастарды емдеуге
жатқызуға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

 

11. Жіті ішек инфекцияларымен ауыратын науқастарды емдеуге жатқызу клиникалық және эпидемиологиялық айғақтары бойынша жүргізіледі.
12. Жіті ішек инфекцияларымен ауыратын науқастарды емдеуге жатқызудың клиникалық айғақтары:
1) екі айлыққа дейінгі балалардағы аурудың барлық түрлері;
2) баланың жасына қарамастан қатты сусыздандыратын ауру түрлері;
3) қосымша патологиялы созылмалы аурудың түрлері;
4) әртүрлі деңгейдегі қатты сусыздандыратын созылмалы іш өту;
5) дизентерияның созылмалы түрлері (асқынған жағдайда).
13. Жіті ішек инфекциясымен ауыратын науқастарды емдеуге жатқызудың эпидемиологиялық айғақтары:
1) науқастың тұрғылықты жері бойынша қажетті эпидемияға қарсы режимді сақтау мүмкіндігі болмағанда (әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, жатақхана, казармалар, коммуналдық пәтерлер);
2) медициналық ұйымдардағы, мектеп-интернаттардағы, балалар үйлеріндегі, нәрестелер үйлеріндегі, санаторийлердегі, қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлеріндегі, жазғы сауықтыру мекемелеріндегі, демалыс үйлеріндегі ауру жағдайлары.
14. Дизентерия және басқа да жіті диареялық инфекциялардан жазылған реконвалесценттерді ауруханадан шығару толық клиникалық сауыққаннан кейін жүргізіледі.
Дизентерия және басқа жіті диареялық инфекциялардан жазылған реконвалесценттерді бір реттік бактериологиялық тексеру амбулаториялық жағдайда емханадан шыққанынан кейін күнтізбелік жеті күн ішінде, бірақ антибиотик терапиясын аяқтағаннан кейін 2 күннен соң жүргізіледі.

 

5. Жіті ішек инфекцияларымен ауырып жазылған адамдарды
диспансерлеуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

 

15. Жіті дизентериядан сауыққаннан кейін диспансерлік бақылауға мыналар жатады:
1) қоғамдық тамақтану, азық-түлік саудасы, тамақ өнеркәсібі объектілерінің қызметкерлері;
2) балалар үйлерінің, нәрестелер үйлерінің, мектеп-интернаттардың балалары;
3) психикалық-неврологиялық диспансерлердің, балалар үйлерінің, нәрестелер үйлерінің, қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлерінің қызметкерлері.
16. Диспансерлік бақылау бір айдың ішінде жүргізіледі, оның соңында бір реттік бактериологиялық тексеру жүргізу міндетті.
17. Дәрігерге бару жиілігі клиникалық айғағы бойынша айқындалады.
18. Диспансерлік бақылауды тұрғылықты жері бойынша учаскелік дәрігер (немесе отбасы дәрігері) немесе инфекциялық аурулар кабинетінің дәрігері жүзеге асырады.
19. Ауру қайталанған жағдайда немесе зертханалық тексерудің қорытындысы оң болғанда, ауырып жазылған адамның барлық санаты қайта емдеуден өтеді. Емдеу аяқталғаннан кейін осы адамдар үш ай бойы, ай сайын зертханалық тексеруден өтеді. Бактерия тасымалдаушылықпен ауыратын адамдар үш айдан астам жалғастырады, дизентерияның созылмалы түрімен ауыратын науқастар ретінде емделеді.
20. Декреттелген контингенттің ішінен адамдарға мамандығы бойынша жұмысқа рұқсат етуді сауыққаны туралы анықтаманы ұсынған сәттен бастап жұмыс беруші жүргізеді. Сауыққаны туралы анықтаманы клиникалық және бактериологиялық тексеру нәтижелерімен расталып, толық сауыққаннан кейін ғана емдеуші дәрігер береді.
21. Дизентерияның созылмалы түрімен ауыратын адамдар бір жыл бойы диспансерлік бақылауда тұрады. Бұл адамдарға бактериологиялық тексеруді және дәрігерлік қарауды дәрігер-инфекционист ай сайын жүргізеді.

 

6. Сальмонеллездің алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға
қарсы (профилактикалық) іс-шараларды ұйымдастыруға және
жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

 

22. Халықтың мына санаты сальмонеллезге міндетті бактериологиялық тексерілуге жатады:
1) стационарға келіп түсетін екі жасқа дейінгі балалар;
2) стационарға емдеуге жатқызылған науқас баланы күтетін ересектер;
3) емдеуге жатқызылған кезде немесе емдеуге жатқызғанға дейін оның алдында үш апта бойына ішек функциясының бұзылуы болған босанатын әйелдер, босанған әйелдер;
4) диагнозына қарамастан, стационарда болу кезінде ішек функциясының бұзылуы пайда болған барлық науқастар;
5) сальмонеллездің ошағында инфекцияның көзі болып есептелетін декреттелген контингенттің ішінен тексерілуі қажет адамдар.
23. Декреттелген контингентке жататын адамдар немесе екі жасқа дейінгі балалар науқастанған жағдайда, сальмонеллез ошақтарына міндетті түрде эпидемиологиялық тексеру жүргізіледі.
24. Сальмонеллезбен ауыратын науқастарды емге жатқызу клиникалық және эпидемиологиялық көрсеткіштері бойынша жүргізіледі.
25. Реконвалесценттерді ауруханадан шығару клиникалық толық емделгеннен және нәжістің бір реттік теріс бактериологиялық зерттеуінен кейін жүргізіледі. Зерттеуді емдеу аяқталғаннан кейін үш күннен ерте жүргізбейді.
26. Диспансерлік бақылауға ауырып жазылғаннан кейін тек декреттелген контингент қана алынады.
27. Сальмонеллезбен ауырып жазылған адамдарды диспансерлік бақылауды тұрғылықты жері бойынша инфекциялық аурулар кабинетінің дәрігері немесе учаскелік (отбасылық) дәрігер жүзеге асырады.
Декреттелген контингенттің ішінен адамдарға мамандығы бойынша жұмысқа рұқсат етуді сауыққаны туралы анықтаманы ұсынған сәттен бастап жұмыс беруші жүргізеді.
28. Декреттелген контингенттің ішінен реконвалесценттерге мамандығы бойынша жұмысқа рұқсат етуді сауыққаны туралы анықтаманы ұсынған сәттен бастап жұмыс беруші жүргізеді.
Емдеу аяқталғаннан кейін сальмонелла бөлуді жалғастыратын реконвалесценттерді, сондай-ақ декреттелген контингенттердің ішінен анықталған бактерия тасымалдаушыларды мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдары негізгі жұмысынан күнтізбелік он бес күнге шеттетеді. Жұмыс беруші оларды эпидемиологиялық қауіп туғызбайтын басқа жұмысқа ауыстырады.
Осы кезеңде нәжісті үш рет тексеру жүргізіледі. Оң нәтиже қайталанған жағдайда, жұмыстан шеттетудің және тексерудің осы тәртібі тағы да он бес күн ішінде қайталанады.
Бактерия тасымалдаушылық үш айдан астам уақыт бойы анықталса, бұл адамдар сальмонелланың созылмалы бактерия тасымалдаушысы ретінде мамандығы бойынша жұмысынан кемінде он екі ай мерзімге шеттетіледі.
Осы мерзім аяқталған соң, нәжіс пен өтке арасы бір-екі күннен үш реттік тексеру жүргізіледі. Теріс нәтижелер алынған кезде бұл адамдар негізгі жұмысына жіберіледі. Бір рет оң нәтиже алынған кезде бұл адамдар созылмалы бактерия тасымалдаушысы ретінде қарастырылады, мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдары оларды эпидемиологиялық қауіп туғызуы мүмкін жұмыстарынан шеттетеді.
29. Емдеу аяқталған соң сальмонелла бөлуді жалғастыратын балаларды емдеуші дәрігер он бес күн бойына мектепке дейінгі тәрбиелеу ұйымына барудан шеттетіледі, осы кезеңде нәжіске арасы бір-екі күн аралығымен үш реттік тексеру жүргізіледі. Оң нәтиже қайталанған жағдайда, шеттетудің және тексерудің осы тәртібі тағы да он бес күн ішінде қайталанады.

 

7. Іш сүзегі мен қылаудың алдын алу бойынша
санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық)
іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын
санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

 

30. Халықтың іш сүзегі және қылау ауруларымен сырқаттанушылығын мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау мынадай санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды қамтиды:
1) елді мекендердің, әсіресе халықтың тифопаратифоздық инфекциялармен сырқаттанушылығы бойынша қолайсыз елді мекендердің санитариялық жағдайы туралы ақпаратты талдау;
2) халық арасында тәуекел топтарды айқындау және мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыру;
3) науқастардан және бактерия тасымалдаушылардан бөлінетін өсінділердің фаготиптерін айқындау;
4) бактерия тасымалдаушыларды, әсіресе тамақ кәсіпорындарының қызметкерлері мен басқа да декреттелген контингенттер арасын айқындау мен санациялау мақсатында іш сүзегімен және қылаумен ауырып жазылған адамдарды есепке алу және диспансерлік бақылау;
5) профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды жоспарлау.
31. Сүзек, қылау инфекцияларының профилактикалық іс-шаралары қоздырғыштардың су, тамақ арқылы берілуін ескертетін санитариялық-гигиеналық іс-шараларды өткізуге бағытталады. Мына объектілердің санитариялық-техникалық жағдайына:
1) сумен жабдықтау жүйелеріне, орталықтандырылған, орталықтандырылмаған сумен жабдықтау көздеріне, басты су шығару құрылыстарына, су көздерін санитариялық қорғау аймақтарына;
2) тамақ өнімдерін шығару өнеркәсіптеріне, азық-түлік саудасына, қоғамдық тамақтануға;
3) кәріз жүйелеріне мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау жүргізіледі.
32. Дәрігерлік қараудан соң декреттелген контингенттің ішіндегі адамдар жұмысқа қабылданар алдында қан сарысуын тікелей гемагглютинация әсеріне қою жолымен серологиялық тексеруге және бір реттік бактериялогиялық зерттеуге жатқызылды. Бұл адамдар серологиялық және бактериялогиялық тексерудің қорытындысы теріс болып, басқа қарсы айғақтар болмаса жұмысқа жіберіледі.
Тіке гемагглютинацияның әсері оң нәтиже берген жағдайда 1-2 күн сайын дәретін бес рет бактериологиялық тексеру қосымша жүргізіледі. Бұл тексерудің нәтижесі теріс болған жағдайда өтке бір реттік бактериялық зерттеу жүргізіледі. Дәреті мен өтін бактериялогиялық тексерудің нәтижесі теріс болған адамдар жұмысқа жіберіледі.
Бактериологиялық және серологиялық зерттеудің нәтижесі оң болған адамдар бактериятасымалдаушы ретінде қарастырылады. Оларға емдеу жүргізу, есепке алу жүргізіледі, медициналық бақылау орнатылады. Осындай жағдайда, мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдары бұл адамдарды эпидемиялық қауіп төндіруі мүмкін жұмыстан шеттетеді.
33. Тамақтандыру, сумен қамтамасыз ету саласының және басқа да декреттелген контингенттің қызметкерлері осы инфекциялар бойынша эпидемиялық сау болған кезде іш сүзегі мен қылаудың қоздырғышын тасымалдаушылыққа жоспарлы профилактикалық зертханалық зерттеулерден өтпейді.
34. "Қарсы профилактикалық егу жүргізілетін аурулардың тізбесін, оларды жүргізу ережесін және халықтың жоспарлы егілуге жатқызылатын топтарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2295 қаулысына сәйкес кәріз және тазалау құрылыстарының жұмыскерлері іш сүзегіне қарсы вакцинациялауға жатады.
35. Іш сүзегі немесе қылау ошақтарында мынадай эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіледі:
1) барлық науқастарды сұрау, тексеру, қызуын өлшеу, зертханалық тексеру арқылы анықтау;
2) іш сүзегімен және қылаумен ауыратын барлық науқастарды уақтылы оқшаулау;
3) іш сүзегімен немесе қылаумен бұрын ауырған адамдарды, жұқтыру қаупі туындаған адамдарды, декреттелген контингентті (күдікті тағамдар мен суды қолданған; науқастармен араласқан) анықтау және зертханалық тексеру жүргізу;
4) декреттелген топтың ішінде бір рет ауырған адамдардың ошағына нәжісін бір рет бактериялогиялық тексеру және қанның құрамындағы сарысуын тіке гемагглютинация әсеріне тексеру жүргізіледі. Тіке гемагглютинация әсеріне нәтижесі оң болған адамдардың зәрі мен нәжісін бес рет бактериологиялық тексеру жүргізіледі;
5) топтық ауру пайда болған жағдайда, инфекцияның көзі болуы мүмкін адамдарға зертханалық тексеру жүргізіледі. Зертханалық тексеру кемінде 2 күн сайын үш рет нәжісі мен зәрін бактериологиялық тексеруді және бір рет қан сарысуын тіке гемагглютинация әсері әдісімен тексеруді қамтиды. Тіке гемагглютинация әсеріне нәтижесі оң болған адамдар 2 күн сайын кемінде қосымша бес рет нәжісі мен зәрін бактериялогиялық тексеруге тапсырады, ал тексерудің нәтижесі теріс болғанда бір рет өті тексеріледі;
6) іш сүзегімен немесе қылаумен ауырған науқаспен үйінде араласқан декреттелген контингент ішіндегі адамдарды науқасты ауруханаға жатқызып, үйге соңғы дезинфекция өткізіп, оның нәжісін, зәрін бір реттік бактериологиялық тексеруге және тіке гемагглютинация әсеріне теріс нәтиже алғанға дейін мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдары уақытша жұмыстан шеттетеді;
7) жұқтыру қаупіне ұшыраған адамдар зертханалық тексерумен қатар медициналық қадағаланады және күнсайын дәрігерге қаралады әрі соңғы науқасты оңашалау сәтінен бастап, іш сүзегі кезінде жиырма бір күн және қылау кезінде он төрт күн бойы дене қызуы өлшенеді;
8) іш сүзегімен және қылаумен ауыратыны анықталған науқастар мен бактерия тасымалдаушылар тез арада оқшауланып, емдеу мекемелеріне тексеруге және емдеуге жіберіледі.
36. Іш сүзегі мен қылаудың ошақтарындағы жедел профилактика эпидемиологиялық жағдайға байланысты эпидемиологтың тағайындауымен жүргізіледі. Іш сүзегі ошақтарында ішсүзектік бактериофаг, қылау кезінде көпвалентті сальмоноллездік бактериофаг беріледі. Бактериофагты бірінші рет беру материалды бактериялогиялық тексеруге алғаннан кейін жүргізіледі. Бактериофаг реконвалесценттерге де беріледі.
37. Іш сүзегі мен қылау ошақтарында дезинфекциялық іс-шаралар міндетті түрде жүргізіледі:
1) ағымдық дезинфекция науқасты анықтаған сәттен бастап ауруханаға жатқанға дейінгі кезеңде, реконвалесценттерде ауруханадан шыққаннан кейін үш ай бойына жүргізіледі;
2) ағымдық дезинфекцияны емдеуді денсаулық сақтау ұйымының қызметкері ұйымдастырады, ал оны науқасты күтуші адам, реконвалесценттің өзі немесе бактерия тасымалдаушы жүргізеді;
3) қорытынды дезинфекцияны дезинфекция станциялары немесе санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдарының (ұйымдарының) дезинфекциялау станциялары немесе бөлімдері (бөлімшелері), ауылдық жерлерде – ауылдық дәрігерлік ауруханалар, амбулаториялар жүргізеді;
4) қорытынды дезинфекцияны қалалық елді мекендерде науқасты емге жатқызғаннан кейін алты сағаттан, ал ауылдық жерде – он екі сағаттан асырмай жүргізеді;
5) денсаулық сақтау ұйымында іш сүзегімен немесе қылаумен ауыратын науқас анықталған жағдайда, науқас болған үй-жайларда оны оқшаулағаннан кейін аталған ұйым қызметкерлерінің күшімен қорытынды дезинфекциялау жүргізіледі.

 

8. Іш сүзегімен және қылаумен ауыратын науқастарды
диагностикалауға, емдеуге жатқызуға қойылатын
санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

 

38. Іш сүзегімен және қылаумен ауыратын науқастарды, бактерия тасымалдаушыларды уақтылы анықтауды, оқшаулауды және емдеуді меншік нысанына қарамастан, барлық денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлері клиникалық және зертханалық деректердің негізінде жүзеге асырады.
39. Ауруды диагностикалағанда ең бастысы гемокультураның бөлінуі болып табылады. Гемокультураны бөлу үшін қан алу аурудың барлық кезеңінде жүргізіледі. Қанның бірінші егілуі антибактериялық терапия басталғанға дейін жүргізіледі. Ауруды диагностикалау үшін нәжіс өсірінділерін, зәр өсірінділерін, өтті зерттеу, серологиялық диагностика жүргізіледі (Видаль әсері, тіке гемагглютинация әсері).
40. Диагнозы қойылмаған, үш және одан да көп күн бойы қызбасы бар науқастар іш сүзегіне тексеріледі.
41. Іш сүзегімен және қылаудың А мен В түрімен ауыратын барлық науқастар жұқпалы аурулар стационарына емдеуге жатқызылады.
42. Науқастарды ауруханадан шығару нәжісі мен зәрін үш рет бактериялогиялық зерттегеннен кейін дене қызуы толық жиырма бір күн қалыпты болғанда жүзеге асырылады. Нәжісі мен зәрін бактериялогиялық зерттеу антибиотикті тоқтатқаннан кейін бес күннен кейін және содан соң бес күн аралықпен жүргізіледі. Одан басқа, ауруханадан шығардан жеті-он күн бұрын дуоденальды құрамды себу жүргізіледі.

 

9. Іш сүзегімен және қылаумен ауырып жазылған
адамдарды диспансерлік бақылауға қойылатын
санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

 

43. Іш сүзегімен және қылаумен ауырып жазылған барлық науқастар стационардан шыққан соң, екі аптада бір рет дене қызуы өлшеніп, медициналық бақылауға алынады. Стационардан шыққаннан соң он күннен кейін, реконваленценттерді бактериологиялық бактерия тасымалдаушылыққа тексеру басталады, ол үшін кемінде екі күн сайын нәжіс пен зәр бес рет зерттеледі. Үш ай бойы ай сайын бір рет зәр мен нәжісін бактериялогиялық зерттеу жүргізіледі.
Ауруханадан шыққаннан кейінгі үш ай ішіндегі бактериялық тексерудің нәтижесі оң болған жағдайда, қаралушы жіті тасымалдаушы болып есептеледі.
Бақылаудың төртiншi айында бактериялогиялық зерттеу өт және тіке гемагглютинация әсеріне цистеинмен қан сарысуы зерттеледі. Барлық зерттеулердің қорытындысы теріс болған жағдайда, ауырып жазылған адам диспансерлік бақылаудан алынады.
Серологиялық зерттеудің нәтижесі оң болған кезде нәжіс пен зәрге бес рет бактериялогиялық зерттеу жүргізіледі. Тексерудің нәтижесі теріс болған жағдайда бір жыл бойы бақылауға қалдырады.
Стационардан шыққан соң бір жылдан кейін бір рет бактериялогиялық тексеруге нәжіс пен зәр алынады және тіке гемагглютинация әсеріне цистеинмен қан сарысуы тексеріледі. Тексерудің нәтижесі теріс болса, ауырған адамды диспансерлік бақылаудан шығарады.
44. Декреттелген контингентке жататын, іш сүзегімен және қылаумен ауырып жазылған адамдар стационардан шыққан соң, оларды мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдары эпидемиялық қауіп төндіруі мүмкін жұмыстан бір ай бойы шеттетеді. Осы уақыт аралығында бес рет бактериялогиялық зерттеу (нәжіс пен зәрді зерттеу) жүргізіледі.
Зерттеудің нәтижелері теріс болған кезде олар жұмысқа жіберіледі және келесі екі ай ішінде ай сайын өті және цистеинмен тіке гемагглютинация әсеріне қанның сарысуы зерттеледі. Одан әрі екі жыл бойы тоқсан сайын, ал кейіннен барлық жұмыс істеу мерзімінде жылына екі рет тексеріледі (нәжісі мен зәрін зерттеу).
Нәтижесі оң болған жағдайда (сауыққаннан кейін бір айдан соң) олар тамақ пен суға байланысы жоқ жұмысқа ауыстырылады. Үш ай өткеннен соң бес рет нәжісі мен зәріне және бір рет өтіне бактериялогиялық зерттеу жүргізіледі. Нәтижесі теріс болғанда жұмысқа жіберіледі және алдындағы топтар сияқты тексеруден өткізіледі.
Нәтижесі оң болса, цистеинмен тіке гемагглютинация әсеріне қосымша нәжіс пен зәрге бес рет және нәтижесі теріс болған кезде өтке бір рет зерттеу жүргізіледі. Нәтижесі теріс болғанда олар жұмысқа жіберіледі. Егер мұндай адамдарда сауыққаннан кейін үш ай бойына жүргізілген барлық тексеруден бір рет іш сүзегінің немесе қылаудың қоздырғышы бөлінсе, онда олар созылмалы бактерия тасымалдаушы болып есептелінеді және оларды мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдары эпидемиологиялық қауіп төндіретін жұмыстан шеттетеді.
45. Іш сүзегі мен қылаудың бактерия тасымалдаушылары мынадай санаттарға бөлінеді:
1) транзиттік бактерия тасымалдаушылар – іш сүзегімен және қылаумен ауырмаған, бірақ іш сүзегінің немесе қылаудың қоздырғыштарын бөлетін адамдар;
2) жіті бактерия тасымалдаушылар – ауруханадан шыққан соң үш ай бойы бактерия тасымалдаушылық байқалатын іш сүзегімен және қылаумен ауырып жазылған адамдар;
3) созылмалы бактерия тасымалдаушылар – ауруханадан шыққан соң үш ай немесе одан да көп ай бойы бактерия тасымалдаушылық байқалатын іш сүзегімен және қылаумен ауырып жазылған адамдар.
46. Іш сүзегі мен қылаудың бактерияларын тасымалдаушылар арасында мынадай іс-шаралар жүргізіледі:
1) транзиторлық бактерия тасымалдаушыларында үш ай бойы бес рет нәжісі мен зәрін бактериялогиялық зерттеу қажет. Қорытындысы теріс болған кезде өті бір рет зерттеледі. Бақылаудың соңында бір рет цистеинмен тіке гемагглютинация әсеріне қанның сарысуы зерттеледі. Барлық зерттеудің қорытындысы теріс болса, бақылаудың үшінші айының соңында олар есептен шығарылады. Бактериологиялық және серологиялық зерттеулердің нәтижесі оң болса, олар жіті бактерия тасымалдаушы болып саналады;
2) ауруы анықталғаннан кейін екі ай бойы жіті бактерия тасымалдаушыларға дене қызуын өлшеп тұратын медициналық бақылау және үш ай бойы нәжісі мен зәрін бактериялогиялық тексеру жүргізіледі. Үшінші айдың соңында нәжісі мен зәрін бактериологиялық зерттеу – бес рет, өтіне – бір рет және цистеинмен тіке гемагглютинация әсеріне қанның сарысуын серологиялық зерттеу жүргізіледі. Бактериологиялық және серологиялық зерттеудің нәтижесі теріс болған кезде, қаралушы диспансерлік есептен шығарылады. Серологиялық зерттеудің нәтижесі оң және нәжіс пен зәрді зерттеудің нәтижесі теріс болғанда бір жылға бақылауға алу жалғастырылады. Бір жылдан кейін нәжіс пен зәрді цистеинмен бір рет, бактериялогиялық бір рет зерттеу қажет. Серологиялық зерттеудің нәтижесі оң болған кезде нәжіс пен зәрді бес рет, өтті бір рет зерттейді. Зерттеудің нәтижесі теріс болғанда қаралушы диспансерлік бақылаудан шығарылады. Нәтижесі оң болғанда қаралушы адамдар созылмалы бактерия тасымалдаушы ретінде есептелінеді;
3) іш сүзегінің таяқшаларын созылмалы тасымалдаушылар аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органында есепке тұрады, олардың өмір бойы тексерілу тәртібін эпидемиолог белгілейді. Созылмалы бактерия тасымалдаушылар дезинфекциялық ерітінділерді дайындау, ағымдық дезинфекциялау, дұрыс тазалық сақтау қағидаларына оқытылады;
4) декреттелген контингенттерден шыққан бактерия тасымалдаушылар аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органында тұрақты есепке алынады. Бірінші бақылау айында оларды эпидемиологиялық қауіп тудыруы мүмкін жұмыстан шеттетеді. Егер бір айдан соң қоздырғыштың бөлінуі жалғаса берсе, оларды тағы екі айға жұмыстан шеттетеді. Үш айдан кейін бактериялогиялық тексерудің қорытындысы теріс болса, онда олар негізгі жұмыс орнына жіберіледі. Бактериологиялық тексерудің нәтижесі оң болса, олар созылмалы тасымалдаушылар ретінде саналып, эпидемиологиялық қауіп тудыруы ықтималдығынан жұмыстан шеттетіледі.
47. Декреттелген контингенттің ішінде отбасы мүшелерінің біреуінен созылмалы бактерия тасымалдаушылық анықталған жағдайда, жұмыстан шеттетілмейді және арнайы бақылауға жатпайды.

 

10. Туберкулезбен ауыратын науқасты анықтауға қойылатын
санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

 


Дата добавления: 2015-11-28 | Просмотры: 1315 | Нарушение авторских прав







При использовании материала ссылка на сайт medlec.org обязательна! (0.012 сек.)