АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология

Жалпы психопатология 10 страница

Маниакальды жағдайда барлық психикалық функциялар жанданған, қабылдау жеңіл, ассоцативті қызмет жылдамдаған, көңіл-күй көтеріңкі болады. Мұндай қозу ауыр жағдайдың өзінде де мағынасыз болмайды, ол әрқашан бір мақсатқа бағытталған. Науқастар аса белсенді, қозғалғыш, шаршамайды, көп және дауыстап сөйлейді. Барлық жерде шу шығарып жүреді, барлық іске кірісіп, оның ортасында жүреді. Ойына келген істерін жылдам іс жүзіне асырады. Гипоманиакальды жағдайдың жеңіл түрінде жұмысқа қабілет артады, ол жиі өзінің жағдайына критиканың төмендеуіне байланысты болады. Дертті жағдай шыңына жеткенде психомоторлы қозу хаосты сипат алады. Зейін қойып бақылағанда науқастың түсініксіз тәртібі мақсатты, бірақ аяқталмаған әрекет екендігін байқауға болады. Егер мұндай науқасты суретке түсіріп алса, фотографияда белгілі бір істі тындырып жатқан адам бейнесін көруге болады. Бұл сурет кататониялық жағдайдағы қозған аурудың бейнесінен ерекшеленеді, кататониялық жағдайдағы науқас қимылдары қыртыс асты гиперкинездеріне ұқсас. Маниакальды қозу жағдайындағы науқас келбеті олардың эмоциональды күйін бейнелейді: олар өздерін сенімді ұстайды, жасарып кеткендей көрінеді, бет әлпеті көңілді, көздері жылтылдайды, беттері қызарған, мимикасы жанданған, қозғалысы және позалары нық, дауыс байламдарына тұрақты күш түскендіктен дауыстары қарлыққан.

Айқын маниакальді қозу Үрейлі депрессия кейпі

 

Депрессивті науқастардың үрейлі қозу жағдайы айналасындағыларда ауыр сезім тудырады. Аурулар қатты ыңырсып, жаны ауырып, көмек күтеді, қолдарын майыстырып, күбірлейді (12-сурет), өзін-өзіне зақым келтірулері мүмкін, күтпеген жерден суицидальды әрекет жасаулары мүмкін. Суицидальды қауіптілік үрейлі қозу өзін-өзі кінәләу сандырағымен бірге жүргенде күшейе түседі.

Галлюцинаторлы және сандырақтық қозу мазмұны қорқынышты галлюцинациялар, соңына түсу, әсер ету, қызғаныш және т.б. идеялары болуы мүмкін. Мұндай аурулардың әрекеттері сандырақ пен галлюцинацияның мазмұнына сәйкес келеді: науқастар бірденеден қорғанады, жасырынады, медициналық көмек көрсетуге тырысқанда шабуыл жасайды, қарсыласады. Осындай жағдайлар айналасындағылар үшін және өзі үшін де қауіпті. Нағыз қауіптісі сана өзгерісімен қозу жағдайы болып табылады. Жедел сандырақ және галлюцинация әсерінен делириозды, онейроидты, сананың күңгірттенген қарауытуы жағдайындағы, бағдарлау бұзылысымен және ситуацияны түсіну бұзылысымен науқастар терезеден секіріп, басы ауған жаққа қашады, шыныны сыңдырып, киімін, құжаттарын жыртып, бағалы заттарды лақтырып жібереді. Сана күңгіртенуінің (аменция, мусситирлеуші делирий) ауыр жағдайында қозу ретсіз, хаосты, төсек деңгейімен шектеледі, сөз былдырлаған немесе байланыссыз.

Жедел және ауыр психогениямен байланысты туындайтын аффективті- шокты ступорлық реакциялар туралы тежелу жағдайларын сипаттаған кезде айтылды. Аффективті-шокты реакциялар көрінісінің 2-ші түрі гиперкинетикалық. Бұндай психогенді қозу аффективті тарылған сана фонында дамиды, науқас өз әрекетін басқара алмайтын жағдайда болады. Қорқыныш билеген адам бағытын таңдамай, әлсірегенін және жарақат, күйік кезінде ауру сезімін сезбей жүгіре береді. Бұл жағдайда адам қауіпке керісінше жақын болады: мысалы, өрт кезінде жағдайды байыппен түсініп, ғимараттан есік арқылы шығудың орнына адам үлкен ғимараттың терезесінен секіріп кетеді.

Истериялық қозу әрқашан психогенді себепппен шақырылады және, истерияның барлық көріністері сияқты театрлы, демонстративті болады. Бұл тұрақты немесе кезеңді қайталанатын гиперкинездер немесе ұстамалар, бұл кезде ауру айғайлап жылап, ұрынып, еденде сырғанап, әр түрлі қозғалыс жасап, театрлардағы қалыпты қолданады. Истериялық ұстама эпилепсиялық ұстаманы имитирлейді, егер науқас бұрын осындай ұстаманы өз көзімен көрген жағдайда. Психогенияға қатыссыз дамитын эпилепсия ұстамасынан айырмашылығы, истериялық ұстама әрқашан өзге адамдардың көз алдында эмоциогенді дамиды және ұйқы кезінде болмайды; науқас құлаған кезде зақым алудан қорғанады, тілін тістеп алу немесе кіші дәретін жіберіп қою байқалмайды, көрермендерді және тыныш, сабырлы жағдай жасау арқылы ұстаманы тоқтатуға болады. Ұстаманың ұзақтығы бірнеше сағатқа созылады.

Эпилепсиялық қозу дисфориямен бірге жүреді және әдетте науқаста қанағаттанбаушылық сезімін тудыратын сыртқы себепке байланысты болады. Қозу агресивтілікпен және күйрететін әрекеттермен жүреді, монотонды және ұзақ болуы мүмкін: науқас бір сөздерді айғайлап, қайталайды, біркелкі қозғалыс және әрекет жасайды.

 

ТАРАУ

НЕГІЗГІ ПСИХОПАТОЛОГИЯЛЫҚ СИНДРОМДАР

Психикалық аурулар кезінде синдром түзілу заңдылықтары

 

Психопатологиялық синдром дегеніміз ортақ патогенезбен біріктірілген симптомдар жиынтығы. Синдромдар өздігінен белгілі бір нозологиялық формаға тән болмайды және көптеген психикалық ауруларда кездесуі мүмкін. Мысалы, делириозды синдром тек алкогольді делирийда ғана емес, сонымен қатар жедел интоксикациялық, инфекциялық ауруларда, операциядан кейінгі, жарақаттан кейінгі психоз бен ішкі мүшелердің ауруларымен байланысты психоздарда, тамыр ауруларында да кездесуі мүмкін. Бұл жағдайлардағы делирий бір-біріне өте ұқсас, егер тек науқастың анамнезіне, соматикалық жағдайы мен науқастың осы кездегі психикалық өзгерістеріне ғана көңіл аударсақ, онда ауруды анықтауымыз мүмкін емес. Осылай бола тұра, симптомдар мен синдромдар аурудың клиникалық көрінісін құрайтын материал болып табылады. Дертті үрдіс өзінің типті немесе индивидуальды көріністерін тек симптомдар мен синдромдар, олардың жиынтығы мен динамикада өзгерістері арқылы іске асырады. Сондықтан ауруда тек синдромдар ғана емес, сонымен қатар олардың динамикасы спецификалық болып табылады: синдромдардың құрылуы, күрделенуі, кері дамуы, ауыспалылығы.

Синдромдар және олардың динамикасы арқылы ауру патогенезі, оның сатыларының реттілігі көрініс береді. Синдромдардың таңдамалылығы және олардың ауыспалылығы әрбір ауруға тән даму стереотипін анықтайды. Дертті үрдіс барысында патогенез сатылары әрбір ауруда ұқсас болуы мүмкін, бұл кезде клиникасы психопатологиялық симптомдар ұқсастығымен көрінеді. Сондықтан психикалық ауруды дұрыс айыру үшін (нозологиялық формасын) сол уақытта жағдайдағы доминантты психопатологиялық синдромға сүйеніп қана қоймай, аурудың бүкіл контекстіне қарау керек: яғни бұл синдром басқа симптом, синдромдармен қалай байланысқан, оның динамикасы, науқастың тұлғалық сақталып қалуында қандай ықпал көрсетті, б.а. зақымдалу дәрежесі, көлемі қандай, дертті үрдіске психикалық саланың қандай дәрежеде қатыстылығын.

Психопатологиялық синдромдарды кіші және үлкен, қарапайым және күрделі деп бөледі. Кіші, немесе қарапайым психопатологиялық синдромда бұзылыс дәрежесі жоғары емес, бұзылыстар қайтымды, аурудан айыққан соң тұлғалық өзгерістер болмайды. Кіші синдромдармен невроз, психопатия, маниакальды-депресивті психоздар өтеді. Үлкен, немесе күрделі психопатологиялық синдромдарда патологиялық үрдістің генерализациялану дәрежесі жоғары болады, әртүрлі сатыда синдром өзіне психиатриядағы танымал симтомдардың барлығын қоса алады, науқас тұлғасына зиян келтіріледі. Үлкен (күрделі) психопатологиялық синдромдар бас миының органикалық зақымдануларында байқалады.

Синдром түзілуінің психикалық аурулар кезіндегі жалпы патологиялық заңдылықтары мынадай схемада көрсетілген (13-сурет).

А.В. Снежневский схемасы психопатологиялық синдромдардың динамикасы, алмасу кезектілігі, дертті үрдістің генерализациялануының әртүрлі деңгейінде қандай-да бір синдром басымдылығы жөнінде қорытынды жасауға көмектеседі. Кез-келген психопатологиялық үрдіс астениялық симптоматикадан басталады. Неврастенияда (астениялық невроз, бұзылыстардың І шеңбері) – қарапайым (кіші) синдром пайда бола салысымен дерт көрінісі құралады. Егер ары қарай синдром күрделеніп, патологиялық үрдістің генерализациялану белгілері пайда болғанда астениялық невроз біріншілік диагнозын жоққа шығаруға болады.

Басқа невроздарда синдром күрделенуі жабысқақтық, истериялық, сенесто-ипохондриялық бұзылыстар деңгейіне жетеді (ІІІ шеңбер). Бұл деңгейде психопатияда да декомпенсация жүреді. Науқаста үрдістің генерализациялану дәрежесі жоғары нозологиялық формаларға тән галлюцинация, сандырақ, кататониялық, эпилептиформды және басқа да патологияның пайда болуына қарап, невроз диагнозы дұрыс қойылғандығына күмән туады.

Ал бұл бұзылыстар маниакальды-депресивті психозға тән қарапайым аффективті синдромға (депресивті, маниакальды) жат болып келеді (ІІ -шеңбер).

Бұзылыстардың келесі жоғарғы деңгейі шизофренияға тән, ол І-V шеңбердегі синромдарды қамтиды. Егер ауру бастамасы баяу болса, инициальды астениялық симптоматика біртіндеп астеноипохондриялыққа трансформацияланады немесе жабысқақтықтармен, фобиялармен үстемеленеді, аффективті тербелістер туады, олар шизофренияның бұл ағымының сатысын невроздарға немесе циклотимияға ұқсастырады. Дерттің нағыз табиғаты бұзылыстың галюцинациялар, сандырақ, кататониялық симптомдар пайда болуымен психоз деңгейіне дейін күрделену дәрежесіне жеткенінде анықталады. Бұл сәт психоз манифистациясын білдіреді. Егер шизофрениялық үрдіс жедел басталса (мысалы, кезеңдік формасында), онда симптоматика дамуының қарқындылығы соншалық, синдромдардың күрделенуінің алғашқы сатылары бұрмаланып, дерт бірден күрделі аффективті–сандырақтық, галлюцинаторлы-параноидты, парафренді, онейроидты-кататониялық синдромдармен көрінеді.

бұзылыстардың төмен және жоғары орналасқан деңгейлерінің арасындағы шекарада аралық (өткінші) полиморфты психопатологиялық симптоматикамен дертті формалар пайда болады. Өтпеліге шетелдерде жеке түрде шизоаффективті психозды жатқызады, ол маниакальды-депресивті психоз бен шизофренияның арасындағы шекарада тұрады. Біздің елдегі классификация бойынша бұл психотикалық варианттар кезеңдік (рекуррентті) шизофренияға жатқызылады. Мұндай дертті жағдайлар ағым ерекшелігі (циркулярлы), салыстырмалы түрде қатерлі емес және бұзылыстың қайтымдылығы мен аффективті қанықтылығы бойынша маниакальды-депрессивті психоздың заңдылықтарын бейнелейді. Шизофренияға сандырақпен, псевдогаллюцинациялармен, кататониялық құбылыстармен және сананың онейроидты өзгерістерімен синдромның күрделену деңгейі сәйкес келеді. Неврозбен шекаралас терең емес, «невротикалық» деңгейдегі бұзылыстармен жүретін шизофрения диагностикаланады: тұрақты, демалғаннан кейін де жойылмайтын астения, жабысқақтықтар, фобиялар, истероформды бұзылыстар немесе ипохондриялық жүріс-тұрыс байқалады. Неврозбен салыстырғанда бұзылыс тереңдігі жөнінде тұлғалық өзгерістер дәрежесі дәлел болады, ол невротикалық деңгейден жоғары болады.

Одан жоғарғы шеңбердегі (6 шеңбер) бұзылыстар сана күңгірттенуімен байланысты экзогенді психоздарға тән (делирий, аменция қарауытқан жағдай), одан жоғары (7 шеңбер) органикалық психозбен шекаралас, одан да әрі (8 шеңбер) эпилепсия шеңбері (үлкен ұстама, басқа тырысулық және тырысусыз пароксизмдер). Синдромдардың дамуы 9-шеңберде дөрекі органикалық психоздармен шектеледі (үдемелі салдану, кәрілік психозы және т.б.). Әрбір жоғары жатқан синдромдар шеңбері төменгі деңгейдегі синдромдар шеңберін қамтиды. Сондықтан үдемелі салдануда депрессивті және маниакальды жағдайлар (маниакальды-депрессивті психозға сәйкес аффективті деңгейдің қосылуы), парафренді сипаттағы пікірлер (шизофрениялық бұзылыстар шеңбері), үлкен тырысулық ұстамалар кездесуі мүмкін. Басым галлюцинаторлы-параноидты синдроммен жүретін эпилепсиялық психоздарды манифестация кезеңіндегі шизофрениядан айыру қиын. Сонымен қатар шизофрения барысында пайда болған делириозды және қарауытқан жағдай, эпилептоморфты ұстамалар дерттің клиникалық көрінісіне атипті сипат береді және әрқашан шизофренияға жат болып келеді.

Осындай принцип бойынша астенияға тән психикалық үрдістердің қажуынан бастап, тұлға деңгейінің төмендеуінің әртүрлі дәрежесіне дейін және орталық жүйке жүйесінің органикалық зақымдануымен науқастардағы тотальды ақыл кемдігінің дамуына дейін (9-10 шеңберлер) ауырлаған негативті психикалық бұзылыстар қарастырылады (І шеңбер).

Бұл схема Э. Крепелиннің психикалық патологияның жалпы теориясы негізінде жасалған. Ол психикалық бұзылыстардың үш регистрін ажыратты:

І. Невроздар мен маниакальды-депресивті психозға сәйкес келетін невротикалық және аффективті бұзылыстар;

ІІ. Шизофрениялық бұзылыстар;

ІІІ. Органикалық бұзылыстар.

Психопатологиялық синдром қарапайым симптомдар жинағы емес, ол әр дертке тән құрылымы бар нозологиялық формамен детерминирленген патологиялық жүйе.

 

 

 

Галлюцинаторлы және сандырақтық синдромдар

 

Галлюциноз - бір анализатормен шектелген сана күңгірттенуінсіз көп мөлшердегі галлюцинациялармен сипатталатын жағдай. Науқас үрейлі, тынышсыз немесе керісінше, тежелген. Науқастың жүріс-тұрысы мен галлюцинацияға қатынасына қарап жағдайдың өткірлігін байқауға болады. Жеделдігіне байланысты жедел және созылмалы галлюцинозды ажыратамыз, ол мазмұнына қарай - есту, тактильді, көру болып бөлінеді.

Есту галлюцинозы әдетте вербальды болады: дауыс естілгендей, өзара сөйлескендей, дауласқандай, науқасты кінәлағандай, оның өміріне қастандық ұйымдастырғандай болады. Есту галлюцинозымен алкагольды психоздың клиникалық көрінісі анықталады; синдром сонымен бірге интоксикациялық психозда, нейросифилисте, бас-миының қантамырлық зақымдалуында да кездеседі.

Тактильді галлюцинозда науқас терісінде және тері астында жәндіктер, құрттар, микробтар жүргендей сезінеді, жыныс мүшелеріне жанасып тұрғандай болады; бұл күйзелістерге әдетте сыни көзқарас болмайды. Егде жас психоздарында, орталық жүйке жүйесінің органикалық зақымдануында кездеседі.

Көру галлюцинозы –кенеттен көру қабілетін жоғалтқан қарт адамдарда жиі кездесетін галлюциноз формасы, және де соматогенді, қантамырлық, интоксикациялық және инфекциялық психоздарда кездеседі. Шарль Бонне галлюцинациясы кезінде науқастар бір уақытта үй қабырғасынан айқын суреттер, күнге шағылысқан суды, гүлдер алаңын, ойнап жүрген балаларды көргендей болады, бұл көрініске таңданады, дегенмен көру қабілетінсіз мұндайды көру мүмкін еместігі, дертті күй екендігін науқас саналы түрде түсінеді.

Әдетте галлюциноз кезінде науқастың орын, уақыт және өзіндік тұлғасына бағдары бұзылмайды, дертті күйзеліс амнезияланбайды, басқаша айтқанда сана күңгірттенуі болмайды. Кейде науқас өміріне қауіп төндіретін сипаттағы жедел галлюциноз кезінде науқаста үрей, қорқыныш деңгейі жоғарылайды да, сананың аффективті тарылуы болады.

Паранойяльдық синдром – сандырақ синдромы, біріншілік сандырақ, шынайылық факттарын сандырақта интерпретациялау (интерпретативті сандырақ), қате пікірді негіздей үшін дәлелдер жүйесі келтіріледі (жүйеленген сандырақ). Сандырақ біртіндеп, доминантты идеялардан аса бағалы идеялар сатысынан өту арқылы түзіледі. Бұған, аффективті реакциялардың күштілігімен және ригидтілігімен, ал ойлау және әрекет саласында – байымдылық және детализацияға бейімділікпен тұлға ерекшеліктері ықпал етеді. Мазмұны жағынан бұл жанжалшылдық, шығармашылдық, қызғаныш, соңына түсу сандырағы.

Паранойяльды синдром шизофрениялық сандырақтың бастапқы сатысы болуы мүмкін. Бұл сатыда галлюцинация және псевдогаллюцинация болмайды, психикалық автоматизм құбылысы жоқ. Паранойяльды синдроммен паранойяльды психопатияның және алкагольды параноидтың психопатологиялық симптоматикасы толықталады.

Галлюцинаторлы–параноидты синдромдар - өзара органикалық байланысты галлюцинаторлы және сандырақтық бұзылыстар әртүрлі арақатынаста көрінетін синдромдар. Егер галлюцинация басым болса, галлюцинаторлы синдром деп, сандырақ идеясы басым болса, параноидты деп атайды. Параноидты синдром деп сандырақ дамуының параноидты сатысы да аталады. Бұл сатыда бұрын паранойяльды сандыраққа сәйкес келген қате пікірлер жүйесі сақталуы мүмкін, бірақ оның ыдырау белгілері табылады: жүріс-тұрысында оғаштық, сангдырақ мазмұнының басым аффектке және галлюцинацияға (псевдогаллюцинацияларға) тәуелділігі, олар да параноидты сатыда пайда болады.

Кандинский-Клерамбо психикалық автоматизм синдромы галлюцинаторлы-параноидты синдромның жеке жағдайы болып табылады және псевдогаллюцинациялар, психикалық актілердің бөтендену құбылысы - автоматизмдер және әсер ету сандырағы қосылады. Қабылдау бұзылысы шеңберіндегі науқас, олардың еріктен тыс пайда болатындығына, жасандылығына сенімді – автоматизмнің мәні осында. Автоматизм идеаторлы, сенсорлы немесе моторлы болып бөлінеді. Науқас өз ойын басқарып тұр, оларды параллельді етеді, оны ойша балағаттауға мәжбүрлейді, басына бөтен ойлар салады, оның ойларын оқып, тартып алады деп есептейді. Бұл жағдайды идеаторлы автоматизм деп айтамыз. Бұл автоматизм түріне псевдогаллюцинациялар жатады. Сенсорлық автоматизмге сезімдік таным бұзылысы жатады және науқастың сезім (немқұрайдылық, әлсіздік, ыза, үрей сезімін «шақырады») және түйсіктің (дененің әртүрлі бөліктерінде ауру сезімін, электр тоғы жолдары сезімін, күйдіру, дызыл «тудырады») жасандылығы жөнінде айтуларымен сәйкес келеді. Моторлы автоматизм дамуында науқаста өз қимылдары мен қызметтерін басқаруды жоғалтқандығына сенім туады: бетінде еріксіз күлкі пайда болады, аяқ-қолдары еріксіз қозғалады, күрделі қимылдар жасалады, мысалы, суицидальды актілер.

Созылмалы және жедел галлюцинаторлы - параноидты синдромдарды бөледі. Созылмалы галлюцинаторлы-параноидты синдром бірте-бірте күрделенеді, алғашқы симптоматикасы жаңалана түседі, күрделі психикалық автоматизм синдромы түзіледі.

Жедел галлюцинаторлы-параноидты синдромдар емдеу әсерінен редуцирленеді және басқа психопатологиялық синдромға жылдам ауысады. Синдром ауысқанда бұрынғы психопатологиялық симптоматика жойылып, орнына жаңасы келеді. Жедел галлюцинаторлы-параноидты синдромның құрылымында жедел сезімдік сандырақ, қоршаған ортаны сандырақтық қабылдау, сасқалақтау немесе қанық аффект көрінеді; Кандинский Клерамбо синдромы толық жетіліп үлгермейді (оның кейбір элементтері байқалады).

Жедел галлюцинаторлы-параноидты синдром жиі жедел парафрения және онейроидты жағдай дамуының бір сатысы бола алады. Галлюцинаторлы-параноидты синдром маниакальды депресивті психоздан басқа барлық психоздар кезінде диагностикалануы мүмкін.

Парафренді синдром – фантастикалық сандырақ синдромы. Ол созылмалы және жедел түрде болады, қандай да болмасын сандырақ түзілуінің соңғы сатысы болып табылады және психикалық функцияның ауыр бұзылысына сәйкес келеді. Созылмалы сандырақта парафренді синдром біртіндеп ақыл кемдігіне ауысады, жедел түрінде онейроидты типтегі сана күңгірттенуіне ауысады.

Парафренді сандырақ құрамына ұлылық идеясы қатысады. Сандырақтық идеялар оғаштықпен, гротескілікпен ерекшеленеді, табанды тұжырымдау ешқандай дәлелсіз келтіріледі. Көтеріңкі немесе кеңпейілді көңіл-күй фонында айқын конфобуляциялар (фантастикалық-конфабуляторлы парафрения) болады.

Парафренді сандырақ бір түрі депрессиялық науқастарда дамитын ипохондриялық Котар сандырағы болып табылады. Дамудың әр сатысында Котар синдромы нигилистік-ипохондриялық сандырақпен үрейлі-сандырақтық депрессия көрінісімен, немесе мәңгі өмір сүру, мәңгі қорлық көру, немесе сыртқы әлемді жоққа шығарумен фантастикалық ипохондриялық сандырақ түрінде көрінеді.

 

Мнестикалық бұзылыс синдромдары

 

Корсаков синдромы – корсаков алкогольдық психозының психопатологиялық суретін көрсететін амнестикалық синдром. Синдром да, ауру да оларды алғаш сипаттаған автор - С.С. Корсаков есімімен аталады.

Синдром психопатологиялық триададан тұрады: фиксациялық амнезия, ретроградты (немесе ретроантероградты) амнезия, конфабуляциялар. Ауыр ес бұзылуының салдары болып жатқан оқиғаларға, орынға, уақытқа, адамдарға қатысты бағдардың бұзылуы болып табылады.

Корсаков психозында ес бұзылуымен әрқашан полинейропатия қатар жүреді, ол үлкен жарты шардан перифериялық жүйкелерге дейін таралған дистрофиялық өзгерістерді көрсетеді. Корсаков синдромына тән ес бұзылуының әртүрлі белгілерінің қатарласуы, мидың басқа да органикалық бұзылыстарында кездеседі: қантамыр ауруларында, бас-ми жарақатынан кейін, газбен уланғаннан кейін, кәсіби интоксикацияда.

Үдемелі амнезия синдромы Рибо заңына бағынатын естің үдемелі көмескіленуімен көрінеді: алған білімі игерілген уақытынан кері, біртіндеп естен жоғала бастайды. Ес босауының жалпы фонында алыс балалық шағындағы оқиғалар жөнінде естеліктер мүмкін болады. Қимылдық дағдылар мен жүріс-тұрыстың тәрбиеленген формалары сақталады. Бұл патология кейде үлкен ми қыртысының атрофиясымен науқастарда қантамырлық және жарақаттан кейінгі ми зақымдануларында кездеседі.

 

Интеллектуальды бұзылыс синдромдары


Дата добавления: 2016-03-26 | Просмотры: 3041 | Нарушение авторских прав



1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |



При использовании материала ссылка на сайт medlec.org обязательна! (0.01 сек.)