ШЫМКЕНТ - 2012ж
Курс: 2
Құрастырғандар:
ШЫМКЕНТ - 2012ж.
Тақырыптық жоспары:
№
| Дәрістер тақырыптары
| Өткізу түрі
| Ұзақтығы
Сағатпен
|
| Гигиенаға кіріспе. Гигиеналық нормалау мен болжамдаудың ғылыми негіздері. Ауа райы және климат туралы түсінік.
| Шолу дәрісі
|
|
| Ауа гигиенасы.
| Мәселелік дәріс
|
|
| Су, сумен қамтамасыз ету және топырақ гигиенасы.
| Мәселелік дәріс
|
|
| Тамақтану денсаулық факторы ретінде. Тағамнан улану және олардың алдын алу.
| Нақты жағдайлармен талданатын дәріс
|
|
| Еңбек гигиенасы мен физиология негіздер.
| Шолу дәрісі
|
|
| Барлығы:
|
|
| Дәріс:1.
І. Тақырыбы: Кіріспе.
ІІ. Мақсаты. Студенттерді гигиенаның мақсаты, міндеттері, зерттеу әдістері, нысандары және даму тарихымен тасныстыру.
ІІ. Дәріс тезистері.
Гигиена термині ежелгі гректің hygienos-денсаулықты алып келетін деген сөзінен шыққан. Ежелгі грек мифологиясы бойынша емшілік құдайы Асклепийдің (Эскулап) қызы Гигейя аурудың алдын алу шараларын жүргізуге көмектескен. Ежелгі гректер оны денсаулық падишасы деп есептеп, медицинада аурудың алдын алуға бағытталған ғылым-гигиенада дамыған.
Гигиенаның ғылым ретінде қалыптасуы XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басына сәйкес келеді, бірақ оның алғашқы қадамдары ежелден-ақ басталған.
Біздің эрамыздан 1,5 мың жыл бұрын Ежелгі Египетте үйлерді, көшелерді тазарту, жинау, қоқыстарды алып кету, жеке бас гигиенасы, науқастарды оқшаулау, тағам гигиенасы туралы ережелер болған. Ежелгі Қытайда тиімді тамақтану, дем алу тәртібі, елді мекенді жоспарлау талаптары бекітілген. Ежелгі Индияда климаттың және ауа райының ағзаға әсері зерттелсе, Ежелгі Греция мен Ежелгі Римде санитарлық заңдылықтардың қарапайым бастамасы өңделіп, дене шынықтыру мен жеке бас гигиенасына жете көңіл бөлінді. Кейбір мемлекеттерде, мысалы Ежелгі Римде су құбыры және канализация жүйесі қарастырылды.
Ғұлама дәрігер Гиппократ (біздің дәуірімізге дейін 460-377ж.ж.) “Салауатты өмір салты туралы”, “Ауа, су және жергілікті жер туралы” трактаттар жазды, ал орта ғасырдағы Шығыстың ұлы дәрігері Ибн-Сина (980-1037ж.ж.) 5 томдық “Дәрігер ғылымының каноны” еңбегінде “Жағымды ауа туралы”, “Су сапасы туралы”, “Денсаулықты сақтау туралы” мақалалар жазды. Санитарлық бақылаудың алғашқы негізгі тек XV ғасырда ғана пайда болып, жұқпалы ауруларды оқшаулау жүйесі енгізілді.
Алғашқы гигиеналық мекемелер мен ғылыми еңбектер XIX ғасырда Еуропада пайда болды. 1857ж. ағылшын ғалымы Э. Паркс “Практикалық гигиенаға басшылық” оқулығын баспадан шығарса, неміс ғалымы М.Петтенкофер тұрғын үй гигиенасы және адамдарда аурулардың таралуына топырақтың әсері туралы зерттеулер жүргізді. Ресейде алғашқы гигиена кафедрасы 1871 жылы Петербургте ашылды, оның негізін қалаушы А.П. Доброславин-“Әскери гигиена курсы”, “Санитарлық іс- әрекет туралы тұжырымдар”, “Гигиена қоғамдық денсаулық сақтау курсы” атты ғылыми еңбектердің авторы.
1882 жылы Ф.Ф. Эрисман Мәскеу университетінде гигиенаның екінші кафедрасын ашып, санитарлық-гигиеналық зертхана мен санитарлық эпидемиологиялық станса құруға ат салысты.
Медицина гигиеналық бағыттың кең дамуы Кеңес өкіметі тұсында жанданды.
Алғашқыда гигиена қоршаған орта факторларының адамның іс-әрекетіне, денсаулығына және жұмыс қабілетіне әсерін зерттейтін бірыңғай ғылыми пән ретінде қалыптасқан. Ол тұрғын үй, елді мекен, еңбек, оқу, тамақтану және т.б. адам денсаулығына әсер ететін көптеген сұрақтарды қамтыды. Осындай көптеген мәселенің бір пән деңгейінде қалыптасуы өзіндік бағыттағы бірқатар бөлімдердің дамуына алып келді. Олар: коммуналды, тағам, еңбек, балалар мен жасөспірімдер, әскери және радиациялық гигиена.
Ресейдің алғашқы гигиенистері А.П. Доброславин мен Ф.Ф. Эрисман негізінен жалпы гигиена сұрақтары бойынша айналысса, ал Ф.Ф. Эрисманның шәкірті Г.В. Хлопин-Ресейде коммуналдық гигиенаның негізін салушылардың бірі. Ол су гигиенасы, су көздерін қорғау, тұрғын үй гигиенасына санитарлық – гигиеналық зерттеулер жүргізумен қатар “Гигиена және санитария” журналының редакторы, көптеген оқулықтардың авторы атанды.
1922жылы Одақтық Үкіметтің қаулысымен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет және мемлекеттік бақылау ұйымдастырылды. 1933жылы КСРО-ның барлық Республикасында Мемлекеттік санитарлық инспекция құрылды.
Медицина ғылымының басты мақсаты-адамдар денінің саулығы, ал оны қалыптастыру екі жолмен іске асырылады.
1. Профилактикалық (аурудың алдын алу)
2. Қайта қалпына келтіру (ауруды емдеу)
“Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде”-дейді халқымыз. Профилактикалық бағыттың тиімді екендігін ескерсек, гигиенаның жалпы медицинада алатын орнының қаншалықты зор екендігін көруге болады.
Гигиенаға ғылым ретінде берілген анықтама өте көп. XX ғасырдың басында өмір сүрген ұлы гигиенист Ф.Ф. Эрисман “Гигиена-эксперимент және статистика арқылы қоғам денсаулығын жақсартуға бағытталған ғылым” деп жазса, В.В. Дальдың 1898 жылғы түсіндірмелі сөздігінде “гигиена-денсаулықты нығайтуға, әртүрлі зиянды факторлардан сақтауға бағытталған білім деген анықтама берілген.”
Қазіргі кездегі түсінік бойынша “Гигиена-қоршаған орта факторларының адам ағзасына әсер ету заңдылықтарын ескере отырып, гигиеналық нормативтерді, санитарлық ережелер мен іс-шараларды тұжырымдайтын ғылым.”
Гигиенаның негізгі міндеттері: 1. Табиғи және антропогендік факторларды зерттеу.
2.Табиғи және антропогендік факторлардың адам ағзасына әсер ету
заңдылықтарын зерттеу.
3. Денсаулықты сақтауға және нығайтуға бағытталған, ғылыми тұрғыда
негізделген гигиеналық нормативтерді, ережелер мен іс-шараларды тұжырымдау.
4. Гигиеналық нормативтерді, ережелер мен іс-шараларды денсаулық
сақтау саласына енгізіп, оның эффективтілігін бағалау.
5. жағдайларды Санитарлық алдын-ала болжау.
Табиғи және антропогендік факторлардың денсаулыққа әсерін қадағалау үшін судағы, топырақтағы, ауадағы, азық-түліктегі химиялық заттардың бактериялар мен вирустардың мөлшері мен таралу деңгейін, шудың, дірілдің, иондық сәулелердің деңгейін, табиғи-климаттық факторлар-күн радиациясын, температура, ылғалдылық, ауа қозғалысының жылдамдығын анықтайды.
Жоғарыда аталған факторлардың адам ағзасына әсер ету заңдылықтарын зерттеу үшін ауамен, сумен, азық-түлікпен ағзаға енген химиялық заттардың әсерін зерттейді. Мысалы, йод жетіспеушілігі қалқанша бездің ұлғаюына, фтор жетіспеушілігі тіс жегісіне, фтордың мөлшерінің шамадан тыс көп болуы флюороз ауруының дамуына әкеледі. Ауадағы, судағы, азық-түліктегі микроағзалар жұқпалы және паразиттік ауруларды тудыруы мүмкін. Өндірістік шу ағзаның шаршауына, есту қабілетінің төмендеуіне, жүйке жүйесінің ауруларына, иондық сәулелер қатерлі ісік және геннің мутациясына шалдықтырады. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының мәліметтері бойынша осы уақытта ғылымда 6млн химиялық қосылыстар белгілі, оның ішінде 60 мыңы кең қолданыс тапты және жыл сайын шамамен 1000химиялық заттар пайда болады.
Олардың едәуір бөлігі қоршаған орта нысандарына түсіп, ауаны, суды, топырақты ластайды. Сондықтан гигиенаның басты міндеттерінің бірі қоршаған ортадағы химиялық заттардың мөлшеріне шектеу қою. Гигиеналық регламент орнату көп қаржыны, уақытты талап етеді. Бүгінгі күнде БДҰ-ның мамандары судағы жаңа заттың шектеулі рұқсат етілген концитрациясын (ШРЕК) толық көлемді зерттеу үшін 100-300мың АҚШ доллары қажет екендігін анықтаған.
Химиялық заттарды нормалаудың принципі ағзаның ішкі ортасының тұрақтылығын сақтау, яғни ол зат адамның жалпы өмір сүру барысында оның денсаулығына тікелей немесе жанама әсер етпеуі тиіс. ШРЕК-тің сақталуы адам денсаулығының толық қауіпсіздік кепілі болуы тиіс.
Физикалық факторлар үшін шектеулі рұқсат етілген деңгей белгіленеді (ШРЕД). Мысалы, шудың, дірілдің, күн радиациясының деңгейі.
Гигиеналық нормативтік құжаттарға санитарлық ережелер мен нормалар (Сан Пин), құрылыстық епежелер мен нормалар (СНиП), мемлекеттік жалпы кеңестік стандарттар (ГОСТ) жатады.
Егер гигиена ғылымы әр түрлі нормативтер мен ережелерді тұжырымдаса, оның тәжірибеге енгізілуі санитария жүктелген. (Санитария латынның Sanitas-денсаулық деген сөзінен шыққан.) Ұлы гигиенист Г.В. Хлопин: “Егер гигиена денсаулықты сақтауға және жақсартуға бағытталған ғылым болса, ал санитария оны тәжірибеге енгізетін ғылым” деп жазды. Жалпы санитария-санитарлық эпидемиологиялық қызмет жүзеге асыратын, гигиеналық нормалардың, ережелердің, іс-шаралардың сақталуын бақылайтын жүйе.
Медицина және денсаулық сақтау ісінде болжаудың басты мақсаты-тұрғындар денсаулығын қорғау және жақсарту.
Болжамдау түсінігін анықтаудың бірнеше нұсқалары бар. И.М. Макаров (1980). “Болжам (прогноз) жасау-нысандардың болашақта мүмкін болатын жағдайлары немесе осы жағдайларға жетудің мерзімдері және соның ұқсас жолдары туралы ғылыми негізделген тұжырым” деген анықтама берсе, 1972 жылы академик Г.М. Сидореико гигиеналық болжам теориясын ұсынды, оның мәні нысандардың болашақтағы қасиеттері мен күйлерін анықтау.
Қойылған міндеттерге байланысты болжамдауды 4түрге бөлуге болады.
1. ағымдағы
2. қысқа мерзімді (1жылдық)
3. орташа мерзімді (3-5жыл)
4. ұзақ мерзімді (10жыл және одан да көп).
Қоршаған ортаның адам ағзасына тигізетін әсерін толық бағалау үшін физикалық, химиялық, биологиялық және әлеуметтік факторларды ғана емес, олардың бірлескен әсерін де ескеру қажет.
Гигиенаның зерттеу нысандары. Гигиенаның зерттеу нысандарына қоршаған орта мен адам денсаулығы жатады. Қоршаған орта дегеніміз табиғат қана емес, адамның бүкіл өмір сүру ортасы, яғни еңбек пен демалыс, өндіріс күштері мен қатынастары және осы процеске байланысты әртүрлі факторлар жатады. Қоршаған ортадан тыс өмір сүру мүмкін емес.
1863 жылы физиолог И.М. Сеченов: “Адам ағзасы оны қалыптастыратын қоршаған ортасыз өмір сүруі мүмкін емес” деген.
Адамға әсер ететін факторлар күн радиациясы, атмосфералық қысым, температура, ылғалдылық, ауа қозғалысының жылдамдығы, ионды сәулелер, шу діріл т.б. жатады. Қалыпты жағдайда бұл факторлар адамның өмір сүруіне жағдай жасаса, жиілігінің жоғарлауы кері әсерін тигізді.
Химиялық факторларға ауаның, судың, топырақтың, азық-түліктің химиялық құрамы жатады. Олардың шамадан тыс аз немесе көп болуы ағзада патологиялық процестің дамуына әкеліп соқтырады.
Биологиялық факторларға адамды қоршаған барлық тірі ағзалар жатады. Мысалы, өсімдіктер, жануарлар дүниесі, бактериялар, вирустар, гельминттер т.б.
Психогендік факторларға баспа арқылы шыққан мақалалар, айтылған сөз, жазылған хат, отбасындағы, ұжымдағы қарым-қатынас т.б. жатады. Олар адам эмоциясына әртүрлі дәрежеде әсер етіп, кейде ауруға шалдықтыруы мүмкін.
Адамға бір мезгілде жоғарыдағы факторлардың бірнешеуі әсер етуі мүмкін. Кейде олар жағымды әсер етсе, кейде тіпті өлімге дейін алып келеді.
Гигиенаның зерттеу әдістері. Гигиена ғылымы химия, физика, биология, физиология, клиникалық медицина, медициналық статистика және басқа да ғылымдармен тығыз байланысты.
Химиялық әдіс арқылы температура, ылғалдылық, ауа қозғалысы, шу, діріл деңгейі анықталады.
Бактериологиялық әдіс ауаның, судың, топырақтың, азық түліктің т.б. нысандарда ауру қоздырғыш микроағзаларды анықтауға мүмкіндік береді.
Жануарларға жүргізілетін экспериментті-токсикологиялық әдіс арқылы ауадағы, судағы және азық түліктегі т.б. нысандардағы улы заттардың ШРЕК белгіленеді.
Клиникалық әдіс арқылы қоршаған орта факторларының адам ағзасында қандай өзгерістер тудыратындығы анықталады.
Статистикалық әдіс қоршаған орта жағдайының тұрғындардың денсаулығына, аурушаңдығы мен мүгедектігіне, физикалық дамуына, туу және өлім көрсеткіштеріне, табиғи өсім деңгейіне т.б. әсерін анықтауға мүмкіндік береді.
Гигиеналық зерттеулердің ішіндегі аса маңыздысы –санитарлық бақылау. Ол негізінен атмосфералық ауаның, судың, топырақтың, елді мекен аймағының ластануын болдырмауға, сондай-ақ тұрмыс, еңбек, тәрбие, оқу, тұрғындардың дем алу жағдайын сауықтыру, аурушаңдығын болдырмау немесе азайту әрекеттеріне бағытталған санитарлық-гигиеналық және санитарлық-эпидемияға қарсы шаралардың орындалуын қадағалайды.
Сақтық (алдын ала) санитарлық бақылау қандай да бір нысанды салмас бұрын немесе тәжірибеге белгілі бір шараларды енгізбес бұрын гигиеналық нормалар мен ережелердің сақталуын алдын ала бағалау.
Күнделікті (ағымдағы) санитарлық бақылау қондырғылар мен имараттарды пайдалануға бергеннен кейінгі тұрақты түрдегі бақылау, сондай-ақ қоршаған орта нысандарының (су, топырақ, ауа,) елді мекен, жұмыс, тұрмыс, дем алу және басқа да жағдайларды үнемі бақылау болып табылады. Оның негізгі мақсаты-сақтық санитарлық бақылау алдын ала бекітілген жоба, техникалық жағдайларға сәйкестігін тексеру.
Сонымен, егер сақтық санитарлық бақылау елді мекенді, ғимараттарды салуды, жаңа ыдыстарды, киімді, азық-түлік, тыңайтқыштарды т.б. жоспарлау жобасы бойынша санитарлық қорытынды жазумен аяқталатын болса, ал күнделікті санитарлық бақылау-олардың санитарлық жағдайын, судың, топырақтың, азық түліктің, ауаның сапасын тексеруден тұрады. Санитарлық бақылаудың құқықтық негізіне санитарлық заңдылық жатады. Оған: мемлекеттік стандарттар (МЕСТ); санитарлық нормалар және ережелер (Сан НжЕ); әдістемелік нұсқаулар (ӘН); құрылыс нормалар мен ережелері (ҚНжЕ); ведомстволық құрылыс нормалары (ВҚН); техникалық жағдайлар (ТЖ); Денсаулық сақтау Министрлігінің бұйрықтары мен қаулылары; салалық стандарттар және т.б. жатады.
Қазақстанның санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің негізгі іс-әрекеті 1997жылы 19мамырда қабылданған “Қазақстан Республикасы тұрғындарының денсаулығын сақтау туралы” ҚР Заңы және 2002жылы 6-желтоқсанда қабылданған “Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы” ҚР Заңы бойынша жүргізіледі.
Гигиенаның бөлімдері: 1. Коммуналдық гигиена –табиғи және әлеуметтік факторлардың ағзаға әсерін зерттейді.
2. Тағам гигиенасы –тағамдық заттардың ағзаға әсерін, еңбек ету және тұрмыс жағдайына қарай ағзаның тағамдық заттарға қажеттілігін анықтап, алиментарлық аурулардың алдын алу шараларын белгілейді.
3. Еңбек гигиенасы –еңбек процесі мен өндіріс ортасы факторларының ағзаға әсерін зерттеп, еңбек жағдайын жақсартуға, кәсіби аурулардың алдын алуға бағытталған гигиеналық нормативтер мен іс-шараларды тұжырымдайды.
4. Балалар мен жасөспірімдер гигиенасы-қоршаған ортаның өскелең жас ұрпақтың ағзасына әсерін, баланың физикалық дамуы мен ойлау жүйесін толық қанағаттандыру мақсатында қоршаған ортаға қойылатын гигиеналық талаптар мен нормативтерді белгілейді.
5. Радиациялық гигиена-иондық сәулелердің адам ағзасына, қоршаған ортаға әсерін зерттеп, радиоактивті заттар мен иондық сәуле көздерімен жұмыс істейтін адамдардың радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған санитарлық-гигиеналық шаралар мен нормативтерді тұжырымдайды.
4. Иллюстрациялы материалдар: кестелер және слайдтар.
5. Әдебиеттер:
1. А.М. лакшин, В.А. Катаева. Общая гигиена с основами экологии человека: Учебник.-М.: Медицина, 2004г.
2. А.А. Минх. Общая гигиена.-М.: «Медицина», 1984г.
3. Ю.П. Пивоваров, В.В. Королик, Л.С.Зиневич. Гигиена и основы экологии человека. Серия «Учебники и учебные пособия» ростов на дону: «Феникс», 2002г.
4. Кенесариев У.И., Жакашов Н.Ж. Учебник для медицинских вузов и колледжей «Экология және халық денсаулығы». Алматы: «Ғылым», 2002 ж.
6. Қорытынды сұрақтары:
1. Гигиенаның даму тарихы.
2. Гигиенаның ғылым ретінде анықтамасы.
3. Гигиенаның негізгі мақсаты мен міндеттері.
4. Гигиенаның зерттеу нысандары.
5. Гигиена қолданылатын зерттеу әдістері.
6. Гигиенаның негізгі бөлімдері.
Дәріс №2
І. Тақырыбы: Ауа гигиенасы.
ІІ. Мақсаты: Студенттерді ауа ортасының гигиеналық мәселелері және атмосфералық ауа ластануымен байланысты туындайтын аурулардың алдын алу шараларымен таныстыру.
ІІІ. Дәріс тезистері: Атмосфералық ауаның гигиеналық сипаттамасы және денсаулыққа әсері. Атмосфералық ауа жер бетіндегі тіршілікті, ағзаның қалыпты өмір сүруі және оның еңбекке жарамдылығын қамтамасыз етіп тұратын жер шарын қоршаған газ тәрізді қабат.
Ауа адамға, жан-жануарға және өсімдіктерге қажет. Адам тамақсыз 1ай, сусыз 1апта өмір сүрсе, ауасыз 5 минуттай ғана өмір сүре алады.
Ауа ағзаны оттегімен қамтамасыз етеді, зат алмасу, термореттеуге және басқа да маңызды құбылыстарға тікелей әсер етеді.
Ауаның қасиеті мен құрамының өзгеруі ағзаға теріс әсер етеді. Ол токсикалық және жұқпалы аурулардың қауіпті тасымалдаушысы болуы мүмкін.
Жер бетіне жететін күн сәулелерінің – саны мен сапасына атмосфераның тигізетін әсері мол.
Жер бетіне ең жақын орналасқан ауаның тығыз қабатын атмосфераның тропосфера бөлігі бөлігі дейміз. Ол жер бетінен 10км биіктікте дейін орналасқан, онда ауаның негізгі бөлігі (90%-ға дейін) бар. Тропосфера қабатынан соң стратосфера 40-45км-(ауаның 9,99%), мезосфера 50-80км, ионосфера 1000км-ге дейін, 3000км-ге дейін-экзосфера, 50000 км-ге дейін, магнитосфера қабаты орналасқан. Атмосфераның физикалық және химиялық қасиеттерінің гигиеналық маңызы зор. Біріншіден, олар адамның функционалдық жағдайларының дәрежесін анықтайды, екіншіден-атмосфералық ауаны ластайтын заттардың айналымына әсер етеді. Осы екі жағдай адамның денсаулығына тікелей әсерін тигізеді.
Атмосфералық ауаның физикалық қасиеттері.
Атмосфералық ауаның физикалық қасиеттері адамның денсаулығына және атмосфералық ауаның өзін-өзі тазартуына өте үлкен әсерін тигізеді. Ауаның физикалық қасиеттеріне барометрлік қысым, температура, ылғалдылық, ауаның қозғалу жылдамдығы және оның электрлік жағдайы жатады.
Атмосфералық қысым. Жердің тарту күші ауаны жерге тартады, сөйтіп қысым пайда болады. Температурасы 00 жағдайындағы теңіз деңгейінің ауа қысымы қалыпты деп есептелінеді, ол сынап бағанасымен 760мм-ге тең (1атмосфера) немесе 101,3 КПА. Сыртқы қысым ішкі қысыммен тең, сондықтан адам ағзасы атмосфера ауырлығын сезінбейді.
Төменгі атмосфералық қысым. Жер бетінен жоғарылаған сайын, ауаның қысымы төмендей береді, әрбір 10,5м-ге биіктеген сайын қысым сынап бағанасы бойынша 1мм-ге төмендейді. Атмосфералық қысымның төмендеуі оттегінің парциалды қысымының төмендеуіне әкеп соғады. Оттегінің парциалды қысымы атмосфералық қысымның 20,9%-н құрайды. Бұл қатынас оттегінің ауадағы пайыздық құрамына сәйкес келеді. Жылдам жоғарыға көтерілу гемоглобиннің құрамындағы оттегінің концентрациясын азайып кетуіне және гипоксияны дамытатын биіктік ауруына әкеліп соғады. Ондай жағдай ұшқыштарда және альпинистерде байқалуы мүмкін.
Гипоксия негізінен 3000м биіктікте байқалады, негізгі белгілері-әлсіздік, бас айналу, еріксіз қимылдар (атаксия), дірілдеу. Одан әрі биіктеген сайын депрессия, ұйқының келуі байқалады. Төменгі атмосфералық қысым жағдайына тұрақты болу үшін акклиматизация қажет яғни барокамераларда шынығуға үйрену қажет.
Жоғарғы атмосфералық қысым теңіз деңгейінен төмен әр түрлі тереңдікте байқалады. Оған метро жұмысшылары, су астында жұмыс істейтіндер, сүңгуірлер ұшырайды. Әрбір 10м тереңдікте ауаның қысымы 1атмосфераға артады. Жоғарғы атмосфералық қысым жағдайында жұмыс істеу үшін арнайы скафандрлер, камера-кессондар болуы қажет. Кессондарда жұмыс істеу 3 кезеңге бөлінеді:
1.Компрессия
2. Жоғарғы атмосфералық қысымда жүру
3. Декомпрессия
Компрессия кезеңі азғана функционалдық өзгерістермен сипатталады яғни құлақтың шуылдауы немесе бітіп қалуы, дабыл жарғағының ауруы. Жоғарғы атмосфералық қысымға шыныққан адамдарда мұндай өзгерістер байқалмауы да мүмкін.
Жоғарғы атмосфералық қысымда жүру барысында дем алу мен тамырдың соғуы жиілейді, терінің сезімталдығы және адамның есту қабілеті төмендейді, артериялық қысымның максимальды көрсеткіші төмендеп, минимальды көрсеткіші артады. Бұл кезеңнің негізгі ерекшелігі ұлпалар мен қан еріген газдармен (негізінен азотпен) қанығады (сатурация).
Декомпрессия кезеңінде қарама-қарсы құбылыстар жүреді яғни ұлпалардан газ шығарылады (десатурация). Дұрыс жасалған декомпрессияда ерітілген азот өкпе арқылы ұшып шығады (1мин-150мл азот шығарылады). Жедел декомпрессияда азот еріп үлгермейді де қанда, ұлпада көпіршік түрінде қалып қалады. Көп жағдайда олар жүйке жүйесінің ұлпаларында және тері асты өзегінде жиналады. Сонан соң қан тамырларына түсіп, газды эмболия тудырады (кессон ауруы). Орталық жүйке жүйесі тамырларының эмболиясында бас айналу, сөйлеу, жүру, бас ауру, дірілдер байқалады. Ал ауыр жағдайларда аяқ қол парезі, зәр бөлудің бұзылуы, өкпенің зақымдалуы, көз, жүрек зақымдалу орын алады.
Температура. Ауаның температурасы географиялық жазықта орналасуына байланысты әр түрлі болып келеді. Мысалы, жер бетіндегі ең жоғары температура оңтүстікте-Африка, Оңтүстік Америка, Орта Азия мемлекеттерінде байқалады. Бұл елдерде күннің ыстығы +630С, ал суық кезеңде-150С болуы мүмкін. Планетамызда ең төменгі температура Антарктидада тіркелген -940С.
Температураның әсерінен ағзада әртүрлі физиологиялық өзгерістер болуы мүмкін. Температураның көрсеткішінен ағзаның қызуы немесе салқындауы байқалады. Температура +25+350С көтерілгенде ағзадағы тотығу процестері баяулайды, тыныс алу жиілейді, өкпенің желденуі алғашында ұлғаяды да соңынан өзгеріссіз қалады.
Жоғарғы температураның ұзақ уақыт әсер етуінен ағзадағы су-тұз және дәрумендер алмасуы бұзылады. Тердің көп бөлінуі салдарынан ағзадғы судың, тұздың, суда еритін дәрумендердің мөлшері азаяды. Мысалы, жоғарғы температурада ауыр дене еңбегін атқару барысында 10л кейде одан да көп тер онымен бірге 30-40гр. дейін натрий хлориді бөлінеді. Натрий хлордың 28-30г ағзадан шығарылуы асқазан секрециясының төмендеуіне, ал одан да көп бөлінуі бұлшық еттің жиырылуы мен тырысуына әкеліп соқтырады. Тердің көп бөлінуі суда еритін С,В, В2 дәрумендерінің мөлшерін 15-25%-ға дейін азайтады.
Жоғары температура жүрек қан-тамыр жүйесіне де елеулі әсер етеді. Ұсақ қан тамырларының кеңеюі салдарынан терідегі қанның мөлшері ұлғаяды, тамырдың соғуы жиілейді, жүректің бұлшық еттерінің жиырылуы артады, артериялық қан қысымы төмендейді, қан қоюланады, гемоглобин мен эритроциттердің мөлшері артады.
Орталық жүйке жүйесінің қызметі бұзылады, яғни зейін қою төмендейді, қозғалыс реакциясы кешеуілдейді.
Жоғарғы температураның ұзақ уақыт әсер етуінен ағзаның қызуы (күн өту) байқалады. Оның 2 түрі бар: жеңіл және ауыр түрі. Жеңіл түрінде ағза температурасы 380С-қа дейін көтеріледі, беттің қызаруы, қатты терлеу, әлсіздік, бас айналу, түстерді дұрыс ажырата алмау, лоқсу, құсу байқалады.
Ал ауыр түрінде ағзадағы температура 410С-қа дейін кейде одан да жоғары көтеріледі, артериялық қысым төмендейді, адам есінен танады, қанның құрамы өзгереді, дем алу жиілейді (минутына 50-60рет).
Су-тұз алмасудың бұзылуы нәтижесінде бұлшық еттердің тырысуы байқалады.
Төменгі температураның әсерінен терінің температурасы әсіресе дененің ашық мүшелерінің температурасы төмендейді. Бұлшық еттердің жиырылу мүмкіндігі төмендейді. Орталық жүйке жүйесінің функционалдық жағдайы өзгереді яғни адинамия, ұйқышылдық, еңбекке, оқуға қабілеттілік төмендейді. Ағзаның кейбір мүшелерінде ауырсыну байқалады. Ағзаның салқындауы нәтижесінде баспа, жоғарғы тыныс алу жолдарының катары, өкпенің қабынуы (пневмония), неврит, миозит, радикулит аурулары дамиды.
Төменгі температура мен жоғарғы ылғалдылық ауаның жылу өткізгіштігін арттырып, оның салқындаушы қасиетін арттырады.
Ылғалдылық – ауаның су буларымен қанығуының көрсеткіші. Ылғалдылықтың 3 түрі бар.
1.Абсолютті ылғалдылық
2.Максимальды ылғалдылық
3.Салыстырмалы ылғалдылық
Абсолютті ылғалдылық- 1м3 ауадағы граммен есептелген су буының мөлшері.
Максимальды ылғалдылық- 1м3 ауаны қанықтыруға қажетті, граммен есептелген су буының мөлшері.
Салыстырмалы ылғалдылық- пайызбен берілген абсолюттік ылғалдылықтың максимальды ылғалдылыққа қатынасы.
Максимальды ылғалдылықпен абсолютті ылғалдылықтың айырмашылығы қанығу тапшылығы деп аталады, яғни ауаның су буын сіңіру қабілеті.
Қанығу артқан сайын, ауа құрғақ болады және ағза жоғары температураның әсерін жеңіл көтереді. Жоғарғы температура мен төменгі ылғалдылықтың біріккен әсері ағзадан 10л-ге дейін қарқынды түрде тер бөлінуіне әкеліп соғады. Салыстырмалы ылғалдылықтың аз болуы жоғары тыныс жолдарын құрғатып, қабынуға әкеліп соқтыруы мүмкін. Гигиеналық тұрғыдан алғанда салыстырмалы ылғалдылықтың тиімді көрсеткіші 40-60%. Ылғалдылықты анықтау үшін психрометр және гигрометр приборларын қолданады.
Ауаның қозғалысы. Ауа әрдайым қозғалыста болады. Ауаның қозғалысы оның бағыты мен жылдамдығымен сипатталады. Желдің тұруы әр елді мекеннің өзіне тән болып келеді. Оны анықтау үшін арнайы графикалық көрсеткіш-жел раушанын пайдаланады, ол 8 румбадан тұрады. Жел раушаны арқылы желдің бас бағытын анықтайды, ол тұрғын үйлер мен өндіріс орындарын, емдеу-профилактикалық мекемелер мен балаларға арналған т.б. мекемелерді дұрыс жоспарлау мен орналастыруда маңызды роль атқарады.
Ауа қозғалысының жылдамдығы м/сек өлшенеді. Қатты жел конвекция арқылы жылу беруді арттырады, адамды терлетеді. Ал ыстық күндері соққан самал жел ағзаны қызып кетуден сақтайды. Желдің ұзақ уақыт тұруы адамның жүйке жүйесіне кері әсерін тигізеді, физикалық жұмыс атқаруға кедергі келтіреді, қимыл-қозғалысы нашарлайды.
Гигиеналық тұрғыдан алғанда ауа қозғалысы қоғамдық ғимараттар мен тұрғын үйлерді, өндіріс орындарын желдетуде маңызды роль атқарады. Тұрғын үйлерде ауаның қозғалысы 0,1-0,2 м/сек болғаны жөн. Ауаның қозғалысын анемометр приборымен өлшейді.
Күн радиациясы және оның биологиялық әсері.
Күн сәулесінің радиациясы-күннен шығатын интегралды (бүтін) бірыңғай сәуле ағыны. Физикалық тұрғыдан алғанда күн радиациясы – толқын ұзындығы әр түрлі электромагниттік сәулелер. Олардың жер бетіне жеткенге дейін, атмосфераның әр қабаттарында сіңіру, шашырау және шағылысу салдарынан спектрлік сипаттамасы өзгереді.
Атмосфераның шекарасында:
Ультракүлгін сәулелер-5%
Көзге көрінетін сәулелер-52%
Инфрақызыл сәулелер-43%
Ал жер бетінде:
Ультракүлгін сәулелер-1% толқын ұзындығы 290-400нм
Көзге көрінетін сәулелер-40%, толқын ұзындығы 400-760нм
Инфрақызыл сәулелер-59%, қысқа толқынның ұзындығы 760-1400нм ұзын толқынның ұзындығы 1500-2800нм
Күннің көтерілу биіктігі жоғарылаған сайын күн сәулесінің тіке түсуі көбірек, ал шашырап тарауы азырақ болады. Күн сәулесінің өзгеруіне атмосфералық ауаның тазалығы, ауа - райының жағдайы көп әсер етеді.
Күн сәулелерінің қуаты ағзаға фотобиологиялық әсер етеді. Біріншіден олар фотосинтез процесінің жүруіне ықпал етеді. Екіншіден, күн сәулесінің арқасында біз көру қабілетіне және сыртқы ортаны бағдарлауға мүмкіншілік аламыз. Үшіншіден, күн сәулесінің әсерінен ағзада ақуыздар мен ферменттер ыдырайды, ал кейде зиянды өзгерістер (мутация), қатерлі ісік пайда болуы да мүмкін.
Биологиялық қасиеті жағынан ағзаға күннің ультракүлгін түсті сәулесі аса пайдалы. Ол жер бетіне 290-400 нм толқын ағымымен келеді. Ауа райы бұлтты күні оның қуатының 80%, ал шаң-тозаң кезде 11-50% кемиді.
Ультракүлгін сәуле тері бетіне түсіп жасушалар мен ұлпаларда ақуыздың өзгеруіне және рефлекторлы жолмен терінің сыртқы және ішкі рецепторларына әсерін тигізеді. Ақуыздардың, майлардың, көмірсулардың, минералды заттардың алмасуына пайдалы, ағзаны сауықтырады, шынықтырады.
Ультракүлгін түсті сәуленің жеке өзіне ғана тән ерекшелігі бар. Мысалы, 400-320 нм ұзындықтағы толқындары теріге тисе қызартып-қарақошқылдандырады, 320-275нм толқыны теріде Д дәруменінің түзілуіне себепкер, соның нәтижесінде мешел ауруының алдын алуға болады. Бұл толқындағы ультракүлгін сәулелер бактериоцидтік қасиетке ие, яғни қоршаған орта (ауа, су, жер қыртысы) санациясы жүреді. Ең қысқа толқыны 275-180нм биологиялық ұлпаны жарақаттайды.
Атмосфераның жоғарғы қабатында ультракүлгін сәулелерді озон қабаты ұстап қалады. Атмосфераны ластаушылар да ультракүлгін сәулелерді 50% дейін жібермейді. Сондықтан тек қана қиыр солтүстіктің тұрғындары ғана емес, ауасы шаңданып ластанған өнеркәсіптік қалалардың тұрғындары да “Ультракүлгін сәуле тапшылығын” бастан кешіруі мүмкін. Бұл топқа сонымен бірге инсоляция, күн сәулелері түспейтін бөлмелерде жұмыс істейтін жұмысшылар да жатады (көмір, тау-кен өндірісіндегі жұмысшылар, метро салушылар). Олар үшін ультракүлгін түсті сәуле шығаратын жасанды лампылар, мысалы арнайы фотариялар ұйымдастырылады.
Осындай жасанды сәуледен өткен адамдардың көңіл күйінің жақсарғаны, суыққа және жұқпалы ауруларға төзімділігінің артқаны, жұмысқа қабілеттілігінің көтерілгені дәлелденген.
Ультракүлгін түсті сәуленің зияны бар ма? Бар, мысалы күнге немесе лампаға шамадан тыс қыздырынса тері күйеді, көзден жас ағып, жарыққа қарай алмайды (фотоофтальмия) т.с.с.
Биік таулы аудандарда және арктикада тұратын халықтар ақ қарға шағылысқан күн сәулесінен осындай әсер алады. Ағзаның ультракүлгін түсті сәулеге сезімталдығы қорғасынмен уланған адамдарда, қызылшамен ауырған балаларда жоғары болады.
Инфрақызыл сәуле қысқа толқынды (760-1400нм) және ұзын толқынды (1500-2500нм) болып бөлінеді. Инфрақызыл сәуле ағзаға жылылық әсер береді. Қысқа толқынды бөлігі теріге терең бойлайды, бірақ ашыту сезімін тудырмайды, ал ұзын толқынды бөлігі, керісінше, терінің беткі қабатына әсер етіп, күйдірген сезім тудырады. Қысқа толқында инфрақызыл сәулелер ми қабаттары арқылы өтіп, мидың рецепторларына әсер етеді. Ми қабаттарының қызуы нәтижесінде күн өтуі мүмкін. Ондай жағдайда қызу, есінен тану, тырысу т.б. байқалады. Инфрақызыл сәуле көзге әсер етсе су қараңғылыққа (катаракта) дамуы мүмкін. Ыстық цехта жұмыс істейтін жұмысшылар, шыны үрлейтіндер көздерін қорғауы қажет.
Күн сәулесінің көзге көрінетін бөлігінің толқын ұзындығы 400-760нм. Күндізгі жарық ауа райына, күннің көкжиектен алыс немесе жақын тұруына, жыл мезгіліне байланысты. Ауаның шаң-тозаңмен ластануы табиғи жарық деңгейін 30-40%-ға дейін төмендетеді.
Жарық тек көзге әсер етіп қоймай, орталық жүйке жүйесінің қызметіне және сол арқылы ағзаның барлық жүйесіне ықпалын тигізеді. Бұлшық ет пен жүйкенің қызуына қызыл-сары түсті жарық әсер етеді, ал көк-көгілдір жарық керісінше тежейді.
Күннің шығуы мен батуына байланысты жарыққа ағза үйренеді, оны тәуліктік ритм деп атайды. Орталық ширекте тұратын халықтар үшін теріскей мен күнгей аумақтағы жарық өзгерістері сезіле қоймайды.
Ал күнгейден теріскейге барғанда немесе керісінше болған жағдайда біршама уақыт сол жерге қалыптасуға кетеді. Бұрынғы ұйықтайтын уақытта ұйықтай алмай, тәртіп бұзылып, біршама қолайсыздыққа ұшырайды. Дегенмен біршама уақыттан соң ағза үйрене бастайды.
Жарықтың гигиеналық маңызы көзге айрықша қажет. Жарық аз болса көз шаршайды, жұмысқа, оқуға қабілеттілік төмендейді. Жарық 30-50нм болғанда 3 сағат жұмыстан соң көздің анық көру қабілеті 37%-ға, ал 200лк болғанда 10-15%-ға төмендейді. Сондықтан мұндай физиологиялық ерекшелікті жарық мөлшерін шектеу үшін пайдаланады.
Табиғи жарықты гигиеналық тұрғыдан бағалау үшін жарықтың табиғи коэффициенті деген көрсеткіш қолданылады. ТЖК дегеніміз бөлме ішіндегі табиғи жарықтың сырттағы жарыққа пайыздық қатынасы. ТЖК-і терезенің қай бағытқа қарай орналасуымен тікелей байланысты.
Бөлмедегі жарықтың мөлшеріне ғимарат маңындағы құрылыстар мен ағаштар да әсер етеді. Егер терезеден қарағанда аспан көрінбесе, онда күннің тура сәулесі бөлмеге түспей, яғни бөлмедегі табиғи жарық деңгейі төмендейді. Терезе әйнегінің ластануы және қабаттап шынылау жарықты 50-70%-ға төмендетеді.
Бөлмедегі табиғи жарық мөлшерін жарық коэффициенті (ЖК) арқылы да анықтайды. ЖК дегеніміз терезенің әйнектелген бөлігінің ауданының еденнің жалпы ауданына қатынасы. ЖК 1:4, 1:6 қатынасынан кем болмағаны жөн. Табиғи жарық деңгейі түсу және шағылу бұрыштары арқылы да анықталады.
Түсу бұрышы αАВС 2 кесіндіден тұрады. ВС горизонталды
кесіндісі жұмыс орнынан терезенің төменгі жақтарына
дейін, ал АВ кесіндісі жұмыс орнынан терезенің жоғарғы
жақтауына дейін жүргізіледі.
АС =tgα
ВС
Жұмыс орындағы түсу бұрышы 270-тан кем болмағаны жөн. Жұмыс
орны терезеден алыстаған сайын түсу бұрышының көрсеткіші азаяды. Сондай-ақ терезе неғұрлым биік орналасса, түсу бұрышының мөлшері де артады.
Саңылау бұрышы (АВД) да 2 кесіндіден тұрады. АВ кесіндісі жұмыс орнынан терезенің жоғарғы жақтауына дейін, ал ВД кесіндісі терезенің сыртқы жағында қарсы тұрған ғимараттың немесе ағаштың ұшынан жүргізіледі. Саңылау бұрышы аспанның бізге көрінетін бөлігі, ол 50С-тан кем болмауы қажет.
Атмосфералық ауаның химиялық құрамы.
Ауа газдардың қоспасы. Құрғақ ауада оттегінің мөлшері – 20,95%, азот 78,09%, көмірқышқыл газы 0,03%, аргон-0,93%. Осы негізгі 4 компонент табиғи атмосфераның газдық құрамының 99,99%-ын құрайды. Қалған 0,01% бөлігі неон, гелий, метал, криптон, ксеион, озон және т.б. инертті газдардан тұрады.(1-кесте)
Газ
| Химиялық
құрамы %
| Газ
| Химиялық құрамы %
| Азот
| 78,09
| Метан
| 0,00022
| Оттегі
| 20,95
| Криптон
| 0,0001
| Аргон
| 0,93
| Азот тотығы
| 0,0001
| Көмір қышқыл газы
| 0,03
| Сутегі
| 0,00005
| Неон
| 0,0018
| Ксенон
| 0,000008
| Гелий
| 0,00052
| Озон
| 0,000001
|
Адам тыныштық жағдайында минутына 5-10л, қозғалыс кезінде шамамен 30литр жұмыс сәтінде 100 литрге дейін ауа жұтады.
Оттегі – биологиялық тұрғыдан ауаның ең маңызды бөлігі.Табиғатта тірі ағзалар (адам, жануар) оттегіні әрдайым пайдаланады, сонымен оттегінің көп мөлшері тотығу, жану т.б. процестерде қолданылады. Оттегінің көп қолданылуына қарамай оның ауадағы мөлшері тұрақты. Себебі өсімдіктер дүниесінде жүретін фотосинтез құбылысы нәтижесінде атмосфераға жылына 5х1014т оттегі бөлінеді. Соңғы жылдары ғалымдар күн сәулесінің әсерінен су молекуласы оттегі молекуласын түзіп, ыдырайтынын дәлелдеген.
Ағзаның оттегі пайдалануы жасқа байланысты. Егде жастағылар оттегінің 70%-н, ал жас балалар 110-120%-н пайдаланады.
Ағза оттегі жетіспеушілігіне өте сезімтал. Егер оның ауадағы мөлшері 17%-ға төмендесе тамырдың соғуы және тыныс алу жиілейді, 11-13% болса оттегі жетіспеушілігі байқалып, оқуға еңбекке қабілеттілік төмендейді, 7-8% болса, өлім қаупі туады.
Соңғы жылдары оттегінің жоғарғы концентрациясы (жоғарғы қысымда) ота жасау, әйелдерді босандыру кезінде қолданылады.
Азот - ауаның негізгікөлемді бөлігі, инертті газ, оттегін сұйылтатын қызметті атқарады, себебі таза оттегімен өмір сүру мүмкін емес. Азот табиғатта үздіксіз айналымда болады. Ауадағы азотты топырақтағы бактериялар, өсімдіктер бойына сіңіріп алады да, ағаштың, көмірдің, мұнайдың жануынан, органикалық қоспалардың ыдырауынан ауаға түседі.
Көмірқышқыл газы – атмосфералық ауаның негізгі құрамының бірі. Түссіз, иіссіз, ауадан 1,5 есе ауыр газ. Бүкіл табиғат әлемінде 46мрд. тонна СО2 бар десек, оның 1,8% ауада, 70% теңіз бен мұхит суларында еріген күйінде, 22% минерал элементтердің құрамында, ал қалған бөлігі жануарлар мен өсімдіктер әлемінде, таскөмір, мұнай және шіріген заттардың құрамында кездеседі.
Атмосфералық ауаға СО2 адамдар мен жануарлардың дем алуынан, жану және ашу процестерінің, өндірісте әкті қайнату нәтижесінде шығарылады. Өсімдіктердің фотосинтез процесі нәтижесінде олар сіңіріледі. Осылайша пайда болу мен сіңірілу арасында тепе-теңдік байқалады, сондықтан оның ауадағы мөлшері тұрақты 0,03%. Өндірісі көп дамыған қалаларда оның мөлшері 0,037%-ға жетуі мүмкін.
Адам мен жануарлар үшін СО2-нің физиологиялық маңызы зор, себебі ол тыныс алу орталығын қоздырушы болып саналады. СО2-нің концентрациясының артуы тыныс алуды жиілетеді, әлсіздікке, жүрек соғуының жиілеуіне, ентігуге алып келеді. Мұндай жағдай тек қана тұрғын үйлер мен өндірістік бөлмелердің ауасында байқалады және ауа тазалығының санитарлық көрсеткіші болып табылады. Тұрғын үйлер мен қоғамдық орындардың ауасында СО2-нің ШРЕК-сы 0,1%, ал емханада-0,07% болуы қажет. Адамның хал-күйінің нашарлауы СО2-нің мөлшері 1,0-1,5% болған кезде байқалады. Ағзадағы айқын өзгерістер СО2-нің мөлшері 2,0-2,5% болғанда, ал 4% жеткенде бас ауырып, құлақта шу пайда болады, жүректің соғуы жиілейді, 8%-ға жетсе ағза өледі.
Ғылыми әдебиеттерде соңғы 10жыл ішінде атмосферада СО2-нің өте көп жиналғаны жөнінде айтылуда. Бұл жер бетінен жылудың берілуіне кедергі келтіреді, яғни парниктік әсер пайда болады. Мұның өзі мәңгілік мұздарды ерітіп, әлемдегі мұхит деңгейін жоғарылатады. Жылына орта есеппен атмосферадағы көмір қышқыл газының мөлшері 0,4%-ға артып отыр. Соның нәтижесінде соңғы 100 жылда жер бетінің температурасы 0,5-0,60С-қа артты. Атмосферада көмір қышқыл газының артуының басты себебі-отынның жануы болып табылады.
Озон – атмосферадағы мөлшері 3,5 млрд. тоннаға жақын, ал көлемі жағынан ауаның небәрі 0,00001% бөлігін құрайды. Аз мөлшерде бола тұра жер бетіндегі өмір үшін үлкен роль атқарады. Мысалы, ол биологиялық нысандарға өте зиянды әсер ететін күн сәулесінің қысқа толқынды ультракүлгін бөлігін ұстап қалады. Озон өз бойына инфрақызыл сәуленің ұзын толқынын да жинақтап, жер бетін өте суып кетуден қорғайды. Озонның ең көп мөлшері жер бетінен 20-30км биіктікте, одан төмендеген сайын оның мөлшері азая береді. Көктемде озон концентрациясы күздегіден көп.
Озон тотықтырғыш болғандықтан қаланың лас ауасында ауылды жермен салыстырғанда аз болып келеді. Демек озонның ауада көп болуы тазалықты білдіретін гигиеналық көрсеткіш.Соңғы жылдары атмосферада озонның концентрациясының едәуір төмендегені жөнінде мәліметтер жазылып жүр, оның себебі озон молекулаларын суытқыш және аэрозоль қораптарын толтырғыш ретінде кеңінен қолданылатын фреондар мен хлорфтор көмірсутектер жояды екен. Тек соңғы 17 жыл ішінде солтүстік жарты шарда озонның концентрациясы 3%-ға кеміген. Сондай-ақ Антарктида үстінде “Озон тесігі” туралы хабарлар да бар.
Осы айтылғандарды ескере отырып, АҚШ-та 1979 жылдан бастап фреондарды аэрозоль түрінде пайдалануға тиым салынған, ал 1989 жылдан бастап, Монреаль хаттамасына сәйкес, хлорфтор көмірсутектерді азайту, ал 1989 жылы оның өндірісін төмендету жоспарланған.
Аргон, неон, гелий, криптон, ксенон-инертті газдар, олардың концентрациясы ауада тұрақты, биологиялық белсенділігі жоқ.
Ауаны ластаушы көздер.
Атмосфералық ауаның ластануы туралы өзекті мәселе XX ғасырдың II-жартысында өндіріс орындарының, техника, транспорт дамуымен байланысты өзінің шыңына жетті.
Қазіргі кезде атмосфераға жылына жүздеген, миллиондаған тонна өндіріс қалдықтары шығарылуда.
Үлкен қалаларда атмосфераның негізгі ластаушылары - өндіріс орындары, көліктер, жылу орталықтары. Ал ауылдық жерлерде отын көздерін жағу-көмір, газ, мұнай т.б. атмосфера ластаушыларының негізгі көзі болып есептелінеді. Көмірді жағу нәтижесінде атмосфераға жылына 94 млн.т. шаң, 30млн. т. көмір тотығы, 37млн. т. күкіртті газ, 6 млрд. т. көмір қышқыл газы шығады. Ал жеңіл автокөлігі сағатына 4кг, жүк машинасы 8кг-ға дейін көміртегі тотығын шығарады. Дүние жүзіндегі барлық автокөліктер жылына 200млн т. көміртегі тотығын, 50млн. т. көмірсутегін шығарады.
Атмосфералық ауаны ластаушылар қатарына ауа транспорты да кіреді. Мысалы, 1 жолаушы тасымалдайтын ұшақ атмосфераны 10000 жеңіл автокөлікпен бірдей ластайды.
Ластанған ауа әсерінен созылмалы бронхит, өкпе эмфиземасы, созылмалы ринит, отит, тыныс алу жүйесінің аурулары 1,5-2 есе көбейіп отыр.
Атмосфералық ауаның ластануы үлкен экономикалық шығынға әкеледі. Қалдықтармен қатар ауаға мырыш, мыс, қорғасын, күкірт газы т.б. таралады. Олар өсімдіктің аз өнім беруіне, жануарлар ауруларына, ғимараттар мен ескерткіштердің бұзылуына септігін тигізеді.
Атмосфераның ластануы мемлекеттік шекараны білмейді, сондықтан ол қазіргі кезде өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
Ауа ластануымен күрес жан-жақты жүргізілуде. Барлық өндіріс орындарына олардың күшін, технологиясын т.б. ескере отырып санитарлық қорғаныс аймағы ұйымдастырылады. 1-ші класс өндірісіне – 1000 метр, 2-ші класс өндірісіне 500 метр, 3-ші класс өндірісіне - 300 метр, 4-ші класс өндірісіне - 100 метр, 5-ші класс өндірісіне - 50 метр.
Қазіргі кезде ауа бассеинін қорғауда тазалаушы құрылымдарды қолдану (шаң ұстағыш, сүзгі аппараттары, ылғалды тазалағыш т.б.) қарастырылуда.
Ауаның бактериалды ластануы.
Ауаны ластаушы негізгі көз-топырақ. 1г топырақта миллиардтаған микроағзалар бар. Олардың ауадағы мөлшері тәулік, жыл мезгіліне байланысты өзгеріп отырады. Суық кезеңде ауа тазалау, ал ыстық кездерде олардың мөлшері күрт артады.
Халық көп жинаған жерде олардың саны да көп. Мысалы, қалада 1м3 ауадағы микроағзалар саны 30-40 мың болса, қала сыртында 1м3-те 100мың.
Микроағзалардың ауадағы мөлшері метеорологиялық факторлармен де байланысты. Биіктікке жоғарылаған сайын олардың саны азаяды. Мысалы, 1м3 ауада 500 метр биіктікте шамамен 1300, 2500 м-де-240, 4000м-де-79, 6000м-де-27 микроағза бар.
Көптеген жұқпалы аурулар ауа тамшылары, шаң-тозаң арқылы таралады. Мысалы, көк жөтел, қызылша, қызамық, тұмау, дифтерия, туберкулез т.б. Түшкіргенде құрамында микробтары бар 40 мыңдай майда тамшылар түзіледі.
Бөлмедегі микроағза саны бөлмені желдету мен санитарлық жағдайына байланысты.1м3 ауадағы микроағза саны жазда 750, қыста 150 болса таза деп, ал жазда 2500, қыста 400 болса лас деп саналады.
4. Иллюстрациялы материалдар: кестелер және слайдтар.
5. Әдебиеттер:
1. А.М. лакшин, В.А. Катаева. Общая гигиена с основами экологии человека: Учебник.-М.: Медицина, 2004г.
2. А.А. Минх. Общая гигиена.-М.: «Медицина», 1984г.
3. Ю.П. Пивоваров, В.В. Королик, Л.С.Зиневич. Гигиена и основы экологии человека. Серия «Учебники и учебные пособия» ростов на дону: «Феникс», 2002г.
4. Кенесариев У.И., Жакашов Н.Ж. Учебник для медицинских вузов и колледжей «Экология және халық денсаулығы». Алматы: «Ғылым», 2002 ж.
6. Қорытынды сұрақтары:
- Атмосфералық ауаның гигиеналық сипаттамасы және денсаулыққа әсері.
- Ауаның физикалық қасиеттері.
а) атмосфералық қысым
б) температура
в) ылғалдылық
г) ауаның қозғалысы
д) күн радиациясы және оның биологиялық әсері.
3. Атмосфералық ауаның химиялық құрамы.
4. Ауаны ластаушы көздер.
5. Ауаның бактериалды ластануы.
Дәріс: 3.
І. Тақырыбы: Су, сумен қамтамасыз ету және топырақ гигиенасы.
ІІ. Мақсаты: Студенттерді тұрғындар арасында судың тұтынуымен байланысты болатын аурулармен алдын алу шараларымен таныстыру.
Топырақтың санитарлық-гигиеналық және эпидемиологиялық маңызы, тұрғылықты жерлерді тазарту жүйелері жайлы мәліметтер беріп, топырақтың санитарлық жағдайының көрсеткіштері бойынша ластану және қауіптілік дәрежесін бағалауға үйрету.
ІІ. Дәріс тезистері: Ауыз судың гигиеналық және физиологиялық маңызы.
Су планетамыздың 3/4 бөлігіналып жатыр және ол жер бетіндегі барлық тірі ағзалардың негізгі бөлігі болып табылады.
Дата добавления: 2015-02-06 | Просмотры: 3625 | Нарушение авторских прав
1 | 2 | 3 | 4 | 5 |
|