АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология

Алдын алу

Прочитайте:
  1. Иммедиат протезді дайындау алдында не істелінеді?

1) тасымалдаушыларды анықтау, оларды емдеу жүргізу арқылы азайту;

2) тағамдарды және дайын тамақтарды ластау жолдарын тоқтату;

3) тағамды дайындағанда, сақтағанда, сатқанда санитарлық талаптарды орындау.

Тағам дайындауға ангинасы бар, тұмаумен, жоғары тыныс алу жолдарының жұқпалы ауруларымен ауырып жүрген адамдарды, қолдарында және денелерінің ашық жерлерінде іріңді жаралары бар адамдарды араластырмау. Жұмыс орнында санитарлық ереже және жеке бас гигиенасы қатаң сақталу керек. Термиялық өңдеу жеткілікті болу керек, тез бұзылатын тағамдардың сақталу мерзімін қатаң орындау.

Тамақтан уланудың микробсыз түрі

Микробсыз тамақтан улануға өсімдіктермен улану (саңырауқұлақтар, улы өсімдіктер, дәнді дақылдардың тұқымы), жан-жануарлардың өнімдері (балықтың мүшелері, ара балы) және азық-түліктердің құрамындағы улы қоспалармен улану жатады.

Микробсыз тамақтан улану, тамақтан уланудың басқа түрлеріне қарағанда сирек кездеседі; барлық тамақтан уланудың 5-10%-ын ғана құрайды.

ІҮ. Иллюстрациялы материалдар: кестелер және слайдтар.

Ү. Әдебиеттер:

1. А.М. Лакшин, В.А. Катаева. Общая гигиена с основами экологии человека: Учебник.-М.: Медицина, 2004г.

2. А.А. Минх. Общая гигиена.-М.: «Медицина», 1984г.

3. Ю.П. Пивоваров, В.В. Королик, Л.С.Зиневич. Гигиена и основы экологии человека. Серия «Учебники и учебные пособия» ростов на дону: «Феникс», 2002г.

4. Кенесариев У.И., Жакашов Н.Ж. Учебник для медицинских вузов и колледжей «Экология және халық денсаулығы». Алматы: «Ғылым», 2002 ж.

ҮІ. Қорытынды сұрақтары:

І. Ас - адамның арқауы

ІІ. Дұрыс тамақтанудың принциптері

а) Энергия теңдестігі

б) негізгі қоректік заттарға деген қажеттілікті қанағаттандыру

в) минералды заттарға деген қажеттілік

г) дәрумендер – денсаулық көзі

д) тамақтану режимі

ІІІ. Дастарқан мәзірін жасау ережесі

ІV. Диета.

V. Негізгі азық-түліктің қоректік және биологиялық құндылығы.

а) ет, ет өнімдері

б) балық өнімдері

в) сүт және сүт өнімдері

г) жұмыртқа

д) нан және нан өнімдері

 

Дәріс:5.

І. Тақырыбы: Еңбек гигиенасы мен физиология негіздері.

ІІ. Мақсаты: Еңбек гигиенас, физиологиясы, өндірістік улардың әсері, токсикокинетикасы, қауіптілігі мен улылығы туралы түсінік беру.

ІІІ. Дәріс тезистері. Еңбек гигиенасы-еңбек үрдістері мен өндіріс ортасы факторларының адам ағзасына әсерін зерттеп, кәсіби аурулардың алдын алуға бағытталған мөлшерлік құжаттарды, талаптарды және санитарлық шараларды дайындайтын профилактикалық медицинаның бір бөлімі.

Еңбек гигиенасының зерттейтін нысаны - жұмысшылардың еңбек жағдайы, оның құрамына жататындар:

- өндіріс ортасындағы химиялық, физикалық, биологиялық факторлар;

- өндіріс үрдісі мен құрал-жабдықтардың ерекшеліктері;

- еңбекті ұйымдастыру мен сипаттамасы;

- жұмыс орнын ұйымдастыру;

- санитарлық-техникалық қондырғылар мен жеке қорғаныс заттарының жағдайы және гигиеналық тұрғыдан тиімділігі;

- өндірістегі жұмысшылардың тұрмыстық жағдайын қамтамасыз ету;

- еңбек ұжымындағы психологиялық климат.

Еңбек гигиенасының негізгі мақсаты-еңбек жағдайының ағзаға әсерін сандық және сапалық тұрғыдан бағалау, осының негізінде еңбек өнімін арттыруға, жұмысшылардың денсаулығына әсер ететін зиянды әсерлерді болдырмауға бағытталған іс-шараларды тұжырымдау және өндіріске енгізу.

Еңбек гигиенасында қолданылатын әдістер.

Өндірістегі қоршаған орта жағдайын бағалау үшін физикалық және химиялық әдістерді қолданады.

Еңбек үрдістері мен өндіріс ортасы факторларының адам ағзасына әсерін бағалау үшін физиологиялық, биохимиялық, психологиялық және т.б. әдістерді қолданады.

Жұмысшылардың денсаулығы мен аурушаңдығын бағалау клиникалық және санитарлық-статистикалық әдістер арқылы іске асырылады.

Өндіріс ортасындағы факторларды мөлшерлеу үшін экспериментальды зерттеулер, электрофизиологиялық, биохимиялық, патоморфологиялық, гематологиялық, токсикологиялық т.б. әдістер қолданылады.

Еңбек гигиенасы кәсіби патологиямен қатар көптеген теориялық және клиникалық (аналитикалық химия, физика, физиология, неврология, дерматология, отоларингология т.б.) пәндермен тығыз байланыста.

Өндірістік зияндылықтар және кәсіптік аурулар туралы түсінік.

Адамды қоршаған өндіріс ортасы табиғи-климаттық және зиянды деп есептелетін кәсіби іс-әрекет факторларынан тұрады.

Белгілі бір жағдайда денсаулықтың жедел бұзылуы кейде өлімге душар ететін факторларды қауіпті факторлар деп, ал жұмысқа қабілеттілікке кері әсерін тигізетін немесе кәсіби аурушаңдыққа әкелетін факторлар зиянды факторлар деп аталады.

Қауіпті және зиянды факторлар стандартқа байланысты химиялық, физикалық және биологиялық болып бөлінеді. Химиялық факторларға агрегаттық күйі әртүрлі ағзаға жалпы, жергілікті немесе белгілі бір уақыт өткен соң жағымсыз әсер ететін токсикалық заттар жатады. Физикалық факторларға – шу, діріл, иондық сәуле, климаттық жағдай (температура, ылғалдылық, ауа қозғалысы), атмосфералық қысым, жарықтану деңгейі, фиброгендік шаң т.б. жатады. Биологиялық факторларға патогенді микроағзалар, биологиялық пестицидтер, споратүзетін сапрофитті микрофлора (мал шаруашылығы бөлмелерінде) т.б. жатады.

Өндірістік зиянды факторларға физикалық (статикалық және динамикалық) жүктеме-ауыр затты көтеру және тасымалдау, денені ыңғайсыз ұстау, теріге, буынға, бұлшық етке, сүйекке ұзақ уақыт қысым түсу; қозғалыс белсенділігінің физиологиялық тұрғыдан жеткіліксіздігі (гипокинезия); жүйке жүйесіне күш түсуде жатады.

Кәсіби зияндылықтың арнайы салдарына кәсіби улану мен кәсіби аурушаңдық жатады.

Кәсіби улану -өндіріс жағдайында зиянды химиялық факторлардың жедел немесе созылмалы улануды тудырады.

Кәсіби аурушаңдық - өндіріс жағдайында зиянды факторлардың нәтижесінде туындаған ауру.

Кәсіби аурулар тізімі тәртіп бойынша заңды түрде бекітіледі.

Негізгі еңбек түрлеріне сипаттама.

Қазіргі уақытта еңбектің келесі түрлері белгілі:

1. Бұлшық ет жұмысын көп қажет ететін еңбек - бұған жүк тасушылар, тас қалаушылар, бетон құюшылар т.б. жатады. Қазіргі кезде еңбектің бұл түрі ескірген деп есептелінеді және тәулігіне 4000-6000ккал энергия шығынымен сипатталады.

Дене еңбегі бұлшық ет жүйесін дамытып, зат алмасу үрдісін жақсартқанымен теріс әсері де бар. Біріншіден еңбек өнімділігі төмен, екіншіден энергия шығыны ауқымды, үшіншіден шаршаған ағзаны қайтадан қалпына келтіру үшін ұзақ уақыт қажет (жұмыс уақытының 5% дейін).

2. Топтастырылған еңбек түрі - (конвейерлер).

Еңбектің бұл түрінің ерекшелігі барлық технологиялық үрдіс белгілі бір бөлшектерге бөлінген, яғни жұмыс бірдей ырғақта, қысқа уақыт аралығында, бір қалыпта отырып немесе тұрып атқарылады. Әрбір зат жұмыс орнына жылжымалы конвейер лентасы арқылы жеткізіледі. Бір жұмысты күнделікті қайталау, көз алдында конвейер лентасының қозғалуы тез шаршау мен көру анализаторына күш түсіріп, жүйкені тоздырады. Көп адамның бір бөлмеде (цехта) шоғырлануы бөлме микроклиматының нашарлауы мен жұқпалы аурулардың тез таралуына мүмкіндік тудырады. Конвейерлі еңбекке тұрмыстық техниканы құрастыру, тігіншілер еңбегі т.б. жатады.

3. Механикаландырылған еңбек түрі.

Энергия шығыны 3000-4000 ккал-ды құрайды. Еңбектің бұл түріне өндіріс саласындағы көптеген кәсіптер жатады және ол арнайы білім мен қозғалыс машықтарын қажет етеді. Өндірісті механикаландыру нәтижесінде ірі бұлшық еттерге түсетін күш азаяды, ал аяқ-қолдың майда бұлшық еттеріне қозғалыстың дәлдігі мен жылдамдығына байланысты күш көбірек түседі.

Ұсақ бөлімді өндіріс операцияларының қайталануы жиілеп, жұмыс атқару жылдамдығы және бірқалыптылығы да арта түседі.

4. Автоматтандырылған немесе жартылай автоматтандырылған еңбектің түрі.

Еңбектің бұл түрінде жұмысшының мақсаты механизмді дер кезінде іске қосу, дайын өнімді шығару немесе механизм істен шыққан кезде оның ақауын тауып, жөндеу. Жұмыстың басты сипаттамасы-жұмыс қимылдарының бірқалыпты болуы және жұмыс арнайы жіктендіруді қажет етпейді. Механизмде жұмыс істеу үшін арнайы білім қажет.

5. Ауа қашықтықтан басқару жүйесімен байланысты еңбектің түрі.

Басқару пульті адамның жиі және ширақ қимылын қажет етеді. Жұмысқа үзіліссіз зейін қою нәтижесінде көру анализаторы мен жүйке жүйесіне көп күш түседі. Жұмыс ауысымында бір қалыпты отыруда ішкі ағзалардағы қан айналымы және зат алмасу үрдістерін нашарлатып, патологиялық жағдайдың дамуына әкеліп соғады. Мысалы темір жол, әуе қатынастарының диспетчерлері.

6. Ақыл-ой еңбегі.

Ақыл- ой еңбегімен айналысатындарға материалдық өндіріс аймағында жұмыс істейтін конструкторлар, инженерлер, техниктер, операторлар және материалдық өндіріс аймағынан тыс жұмыс атқаратын дәрігерлер, оқытушылар, жазушылар, әртістер, суретшілер т.б. жатады.

Еңбектің бұл түрі көптеген мәліметтерді еске сақтау қажеттігімен, оны сараптау үшін уақыттың тапшылығымен, нақты шешім қабылдау барысында үлкен жауапкершілік жүктелетіндігімен, көптеген адамдармен бірлесе жұмыс атқару жүйке жүйесі мен көңіл күйге көп күш түсіріп, стрестік жағдайдың жиі кездесетіндігімен сипатталады. Бұлшық еттерге түсетін күш аз, еңбектің бұл түріне гипокинезия тән, сондықтан жоғарыдағы мамандық иелерінің арасында жүрек қан-тамыр жүйелерінің патологиясы жиі кездеседі.

Еңбек физиологиясы - өндірістік іс-әрекет нәтижесінде адам ағзасының функционалдық өзгерісін және ұйымдастыру мен еңбекке қабілеттіліктің жоғарғы деңгейін қамтамасыз етуге және қажудың алдын алуға бағытталған іс-шараларды тұжырымдайтын еңбек гигиенасының бір бөлімі.

Еңбек физиологиясында зерттеу екі бағытта жүреді;

1. Еңбек үрдістеріндегі жалпы физиологиялық заңдылықты зерттеу;

2. Белгілі бір өндірістік іс-шараларды зерттеу.

 

Еңбек физиологиясының мақсаты:

а) физикалық және ақыл-ой еңбегіндегі физиологиялық заңдылықтарды оқып-үйрену;

б) Қазіргі кездегі өндірістегі адамдардың еңбекке қабілетттілік динамикасын анықтайтын физиологиялық механизмдерді зерттеу;

в) еңбек ету барысында жүйке жүйесі мен көңіл күйге түсетін күш пен еңбектің ауырлық дәрежесі бағалау;

г) еңбекті ғылыми тұрғыдан дұрыс ұйымдастырудың физиологиялық негіздері яғни жұмыс қозғалысын, жұмыс қалыпын, жұмыс орнын, ритмін дұрыс ұйымдастыру.

Жұмыс үрдісімен байланысты ағзадағы болатын өзгерістер.

1. Физикалық еңбектің энергия шығыны мен термо реттеуге әсері.

Энергия шығыны бұлшық ет жұмысының жилігіне тікелей байланысты. Еңбек ауырлаған сайын оттегіні пайдалану мен энергия шығының мөлшері де арта түседі. Жеңіл физикалық жұмыста зат алмасудың жоғарылауы негізінен бұлшық ет, жүрек, мидағы энергия шығынының көбеюі нәтижесінен болады. Ал ауыр дене еңбегінде бұлшық еттердегі энергия шығыны 93% құрайды. Ой еңбегімен айналысатындар (дәрігерлер, педогогтар) тәулігіне 10,5-11,7 МДЖ энергия шығындаса, механикаландырылған еңбек пен халыққа қызмет көрсететін мекеме жұмысшылары (мед.бикелер, сатушылар) 11,3-12,5 МДЖ; ауырлығы орташа жұмыс атқаратын жұмысшылар (жүргізушілер, хирургтар, полиграфистер, ауыл шаруашылығындағы жұмысшылар) 12,5-15,5 МДЖ; ауыр дене еңбегімен айналысатындар (ағаш кесушілер, жүк тасушылар, тау-кен өндірісі жұмысшылары мен металлургтер) 16,3-18 МДЖ энергия жұмсайды.

Энергия шығыны көңіл күйге түсетін күшке, мәліметтердің көптігіне т.б. еңбек жағдайына (температура, ылғалдылық, ауа қозғалысы және т.б) байланысты.

Жұмыстың алғашқы 2-3 минутында оттегіні пайдалану біртіндеп ұлғаяды, нәтижесінде ағзаға оттегі жетіспеушілігі байқалады. Жұмыс аяқталған соң да тыныштыққа қарағанда ағза оттегіні артығырақ пайдаланады, себебі ағзаның оттегіге деген қажеттілігі толығуымен өтелуі тиіс.

Ауыр дене еңбегімен айналысқан кезде оттегіге деген қажеттілік артып, ағзада зат алмасу үрдісі нәтижесінде толық қышқылданбаған заттардың мөлшері көбейеді, олардың толық тотығуы үшін адам жұмысты тоқтатып, дем алуы қажет.

Энергия шығыны жұмыс қалпына (рабоч.поза) байланысты өзгереді. Мысалы, отырып жұмыс атқарғанда энергия шығыны негізгі зат алмасу деңгейіне қарағанда 5-10%-ға, тұрып жұмыс атқарғанда 10-25%-ға, ал ыңғайсыз жағдайда тұрып жұмыс атқарғанда 40-50%-ға артады.

Зат алмасудың және энергия шығынының жоғарылауы жылудың түзілуін арттырады. Ауыр дене еңбегінде дене температурасы 1-1,50С-қа жоғарылауы мүмкін. Көңіл күйге түсетін күштің дәрежесін бағалау үшін негізгі вегетативті қызметтердің көрсеткішін (тамыр соғысының жиілігі, дем алу, қан қысымының мөлшері және т.б) бағалау әдістері қолданылады.

 

2. Бұлшық ет жұмысының жүрек-қан –тамыр жүйесіне әсері.

Бұлшық ет жұмысы кезінде қанның минуттық көлемі 5-10 есе ұлғаяды яғни 3-5л-ден 20-40л-ге дейін жетеді. Жүрек бұлшық етінің жиырылуы минутына 140-180 құрайды.

Қан қысымы 1,5-2 есеге ұлғайып, 180-200 мм.сын.бағ. жетеді.

Жүрек бұлшық етінің жиырылуымен мм О2 пайдалану арасында тікелей байланыс бар. Жүректің жиырылу жиілігіне жұмыс қалыпы әсер етеді. Отырып жұмыс атқарғанға қарағанда тұрып атқарған жұмыста жүректің бұлшық еті жиірек жиырылады.

 

3.Бұлшық ет жұмысының тыныс жүйесіне әсері.

Физикалық жұмыс жиілігі артқан сайын газ алмасу да арта түседі. Өкпенің желденуі мен оттегін пайдалану көлемі ұлғаяды.

Тыныштық күйде өкпе 3-4% 02 пайдаланып, желденуі 5-8л/мин жетеді. Тыныштыққа дем алу жиілігі 10-20, ал дене еңбегімен айналысқан сәтте 1 мин. 30-40-қа дейін ұлғаяды, 02 пайдалану 4-8%-ға көтеріледі.

Өкпенің тіршілік сиымдылығы артқан сайын, дем алу тереңдігі де артады.

 

4. Бұлшық ет жұмысының қанның морфологиялық құрамы мен физикалық –химиялық қасиетіне әсері.

Қанның құрамы мен физикалық- химиялық қасиеті ағзадағы функционалдық жүйелер жұмысының динамикалық тепе-теңдіг нәтижесінде тұрақты болып келеді. Дене еңбегі бұл жүйелердің қызметін басқа деңгейге көтереді, нәтижесінде перифериялық қанның саны мен сапасы өзгереді.

Сандық өзгеруіне эритроциттердің және гемоглобиннің көбеюі жатады. Жұмыс ауырлаған сайын ол көрсеткіштер де артады.

Сапалық өзгерісіне эритроциттердің регенерациялануы күшейіп, нәтижесінде жас пішінді ретикулоциттер көбейеді. Қанның ақ түйіршіктерінің сандық өзгерісіне лейкоциттердің жалпы санының нейтрофилдердің кенеттен өзгеруі нәтижесінде көбеюі жатады. Нейтрофилдер формуласының солға жылжуы жас түрінің (сегменттелген нейтрофилдер) көбеюінен. Салыстырмалы түрде лимфоциттердің азаюы байқалады (салыстырмалы лимфопения).

Бұлшық ет жұмысының нәтижесінде қанның қоюлануы, қанның сұйықтық фазасы азаяды.

5. Эндокриндік жүйедегі өзгерістер.

Бұлшық ет жұмысы артқан сайын қандағы адреналин, норадреналин, кортизон және кортикостерондардың мөлшері артып, ағзаның энергетикалық қорының жиналуына септігін тигізеді.

Бірақ бұлшық ет жұмысының бейімделгіштік (жаттығу) нәтижесінде бұл өзгерістер кейіннен аса білінбейді.

Жұмысты ұзақ уақыт атқару нәтижесінде симпатикалық-адреналды және гипофизорлы-адренокортиколды жүйелердің белсенділігі төмендейді, оның нәтижесінде қаңқа бұлшық еттері мен миокардтық функционалдық мүмкіншілігі төмендейді. Ұзақ уақыт жұмыс атқару қандағы инсулин деңгейінің төмендеуіне әкеледі, ол инсулин секрецияның азаюы мен көбірек бөлінуінің нәтижесінен болуы мүмкін. Инсулиннің қандағы мөлшерінің азаюы ағзадағы май қорының ыдырауына әкеледі.

Статикалық жұмыс - кеңістікке денені немесе оның бөліктерін ұстап тұруға бағытталған бұлшық еттің жиырылу үрдісі. Статикалық жұмыс еңбекке қажетті құрал-жабдықтарды қозғалыссыз ұстап тұруға немесе жұмыс қалпын белгілі бір дәрежеде ұстауға байланысты. Статикалық жұмыс барысында зат алмасу ұлғаяды, энергия шығыны артады, динамикалық жұмысқа қарағанда ағза тез шаршайды, себебі бұлшық ет үздіксіз кернелуде болады. Оған қосымша қан айналым қиындайды, оттегінің жеткізілуі нашарлап, сүт қышқылының мөлшері артады. Статикалық жұмыс аяқталған соң оттегіні пайдалану күрт ұлғайып, қан айналым күшейеді. Статикалық жұмысты ұзақ уақыт атқару, қан айналымының нашарлауы нәтижесінде перифериялық жүйке жүйесі мен бұлшық еттерде әртүрлі патологиялық үрдістер дамуы мүмкін.

Динамикалық жұмыс – еңбек үрдісі нәтижесінде қозғалыс белсенділігінің еі кең тараған түрі.

Динамикалық жұмыстың 3 түрі бар.

1. Жалпы бұлшық ет жұмысын атқаруға қаңқа бұлшық етінің 2/3 бөлігі әсіресе қол, аяқ бұлшық еттері қатысады.

2. Аймақтық бұлшық ет жұмысын атқаруға негізінен иық белдеуі мен қолдың бұлшық еттері қатысады. Яғни қаңқа бұлшық етінің 1/3-ден 2/3 –не дейін қатысады.

3.Жергілікті (локальды) бұлшық ет жұмысы қаңқа бұлшық еттерінің 3-тен бір бөлігінің қатысуымен атқарылады.

Жалпы бұлшық ет жұмысы механикаландырылмаған еңбектің түріне, яғни ауыл шаруашылығында, жүкті қолмен тасымалдағанда атқарылады. Мұндай жұмыстарда энергия шығыны өте жоғары.

Қазіргі кездегі өндірістік жағдайда тірек-қимыл аппаратына түсетін күш бірдей емес: ірі бұлшық еттерге күш түсіретін еңбек үрдістері жоқ, күш негізінен аймақтық бұлшық еттерге түседі және қозғалыстың дәл және тез болуын қажет етеді.

Ақыл – ой еңбегі.

Ғылым мен техниканың дамуы барлық мамандықта творчестволық еңбектің негізгі роль атқаратындығын көрсетті.

Ақыл ой еңбегі көптеген мәліметтерді қабылдап, өңдейтін сенсорлық аппаратқа, көңіл күйге көп күш түсіретін, ойлау жүйесінің белсенділігін арттыратын еңбектің түрлерін біріктіреді.

Ақыл ой еңбегінің түрлеріне оператордың, басшының, творчестволық, медицина қызметкерлері мен мұғалімдердің, студенттер мен оқушылардың еңбегі жатады.

Оператордың еңбегі өте үлкен жауапкершілік пен жүйке-көңіл күйге түсетін күштің жоғарылауымен ерекшеленеді. Мысалы, телефон операторы қысқа уақытта көп мәліметті қабылдап, өңдеуі қажет. Нәтижесінде жүйке-көңіл күйге түсетін күш те жоғары.

Басшылық қызмет – мекеме, өндіріс басшысының қабылдайтын мәліметі өте зор, ал оны өңдеуге уақыт тапшы, ал шешім қабылдауда үлкен жауапкершілік қажет, кейде жанжалды жағдайда болуы мүмкін.

Творчестволық еңбек (ғылыми қызметкерлер, жазушылар, композиторлар, әртістер, суретшілер, архитекторлар, конструкторлар) еңбектің қиын түріне жатады. Себебі ақыл ойға, көңіл күйге түсетін күш өте жоғары.

Мұғалімдер мен медицина қызметкерлері жұмысының ерекшелігі көптеген адамдармен бірігіп қызмет атқаруына тура келеді. Жауапкершілік өте жоғары, дұрыс шешім қабылдауға кейде уақыт тарлық етеді, нәтижесінде жүйке-көңіл күйге түсетін күш деңгейі жоғары.

Студенттер мен оқушылар еңбегі ойлау, көңіл күйге түсетін күштің жоғары деңгейімен және стресстік жағдайдың жиі байқалуымен (сынақ, емтихан, бақылау) сипатталады.

Ақыл-ой еңбегінде алғашқы функционалдық өзгерістер жоғарғы жүйке жүйесінде байқалады. Жұмыстың басында есте сақтау қабілеті, зейін қою, тестік сұрақтарға жауап беру жоғары деңгейде, ал ұзақ уақыт жүйкеге күш түсуі нәтижесінде зейін қою, еске сақтау қиындай түседі; жіберген қателік молаяды.

Миды қанмен жабдықтау күшейеді, жүйке ұлпаларында энергия алмасу жоғарылайды, мидың биоэлектрлік белсенділігі өзгереді.

Интелектуалды іс-әрекет жиілеген сайын мидың энергияға деген қажеттілігі артады. Жүйке көңіл күйге түсетін күштің нәтижесінде жүрек қан-тамыр, тыныс алу жүйелерінің қызметі күшейіп, бұлшық еттің тонусы жоғарылайды. Тахикардия, қан қысымының жоғарылауы, ЭКГ өзгеруі, өкпенің желдетілуі мен оттегіні пайдалану көлемі ұлғаяды, дене температурасы көтеріліп, вегетативтік қызметте де өзгерістер байқалады. Симпатико-адреномедулярлық, гипоталамо-гипофизарлық, кортикалдық жүйелердің белсенділігі артады.

Эмоционалдық қозу барысында катехоламиндердің алмасуы жеделдейді, норадреналин көп бөліне бастайды, қандағы адреналин мен кортикостероидтардың мөлшерінің артуы энергетикалық үрдісті жоғарылатып, минералдар алмасуын өзгертеді.

Н.Е. Введенский көп жұмыс істегеннен адам шаршап, жалықпайды, керісінше нашар жұмыстан шаршап, жалығады деген. Ол ой еңбегімен байланысып жұмыс жақсы нәтиже беру үшін негізгі физиологиялық жағдайларды тұжырымдады.

1. Жұмысқа сатылып «ену» қажет.

2. Жұмыс атқарғанда белгілі бір ритмді сақтаған жөн.

3. Жұмысты жүйелі түрде атқарған дұрыс.

4. Ақыл ой еңбегі мен демалысты алмастырып отыру қажет.

5. Жүйелі түрде жаттығулар жасау еңбекке қабілеттілікті жоғары деңгейде сақтауға мүмкіндік береді.

Еңбекке қабілеттілік ағзаның функционалдық мүмкіншілігінің көрсеткіші ол белгілі бір уақытта атқарылған жұмыстың саны және сапасымен сипатталады.Адамның функционалдық мумкіншілігінің деңгейі еңбек жағдайына, денсаулығына, жасына, жаттығу дәрежесіне т.б. факторларға байланысты.

Еңбекке қабілеттілік - деңгейіне әсер ететін негізгі фактор әр іс әрекеттің өзіндік ерекшелігі. Еңбекке қабілеттілік орталық жүйке жүйесінің, жүйке-бұлшық ет аппаратының, жүрек қан-тамыр, тыныс алу және басқа да жүйелердің функционалдық көрсеткіштерімен бағаланады.

Еңбекке қабілеттілік жұмыс күні барысында өзгеріп отырады.

 

 

 

 

 

 

 

1 2 3 4 5 6 7 8

 

1- сурет. Жұмыс күні барысында еңбекке қабілеттіліктің өзгеруі.

І, IV – еңбекке қабілеттіліктің жоғарылауы

II, V – еңбекке қабілеттіліктің жоғарғы кезеңі

III, VI – еңбекке қабілеттіліктің төмендеу кезеңі

VII. – соңғы өрлеу

 

1-4 кезеңде ағзадағы физиологиялық үрдістер ұлғаяды және жеделдейді. Бастапқы кезге қарағанда еңбекке қабілеттілік деңгейі біртіндеп ұлғаяды, оны психофизиологиялық көрсеткіштердің жақсаруымен және еңбек нәтижесінен көруге болады. Еңбек сипатына және ағзаның жеке ерекшелігіне байланысты бұл кезең бірнеше минуттан 1,5 сағатқа дейін, ал ой еңбегімен айналысатындарда 2-2,5 сағатқа дейін созылады.

2,-5 кезеңге жоғары еңбек көрсеткіштері тән ұзақ. Бұл кезеңнің ұзақтығы 2-2,5 сағатқа кейде одан да ұзақ болуы мүмкін және жүйке көңіл –күйге түсетін күштің дәрежесіне, физикалық ауыртпалыққа, еңбектің гигиеналық жағдайына байланысты.

3-7 кезең – еңбекке қабілеттіліктің төмендеуі адамның жұмысты атқаратын негізгі мүшелерінің функционалдық мүмкіншілігінің төмендеуіне байланысты. Түскі үзіліске қарай жүрек-қан –тамыр жүйесінің қызметі нашарлайды, рефлекстердің жүру уақыты ұзарады., көңіл-күй нашарлайды, артық қимылдар жасалады, шешім қабылдау уақыты ұзарып, қателіктер көбейе бастайды, нәтижесінде еңбекке қабілеттілік төмендейді.

Еңбекке қабілеттілік деңгейі түскі астан соң да өзгереді, бірақ еңбекке қабілеттіліктің жоғарылауы тез, ал еңбекке қабілеттіліктің жоғарғы кезеңінің деңгейі түске дейінгі уақытқа қарағанда кезеңнің деңгейі түске дейінгі уақытқа қарағанда төмен және уақыты қысқа. Түстен кейін еңбекке қабілеттіліктің төмендеу кезеңі тез болады. Ал жұмыс күнінің соңына қарай еңбекке қабілеттіліктің аз уақыт қана жоғарылауы байқалады.

Еңбек физиологиясының негізгі мақсаты – еңбекке қабілеттіліктің жоғарғы деңгейін барынша ұзарту.

Кәсіби еңбекке қабілеттілікті әр еңбектің ерекшелігін ескере отырып, психофизиологиялық көрсеткіштердің көмегімен бағалайды. Ол үшін жүрек қан-тамыр, бұлшық ет, тыныс алу т.б жүйелердің жағдайын зерттейді. Ал кейде арнайы тестер арқылы да анықтауға болады. Мысалы, клиника физиологиялық тестерден оттегіні максимальды пайдалану (ОМП) көрсеткіші. Бұлшық ет жұмысы артқан сайын, оттегіні пайдалану деңгейі де арта түседі. ОМП деңгейі анықтау бір орнында жүгірту немесе степ-тесті (баспалдақпен көтерілу) пайдалану, велоэргометрде жұмыс атқару іске асырылады.

Шаршау немесе қажу – ұзақ уақыт жұмыс атқару нәтижесінде еңбекке қабілеттіліктің төмендеуі байқалатын ағзаның жағдайы. Оның нәтижесінде жұмыстың саны мен сапасы төмендейді, бірақ демалған соң бұл көрсеткіштер қайта жақсарады.

Физиологтар қажудың пайда болу механизмін ерте кезден-ақ түсіндіруге тырысқан. Біреулері қажу бұлшық еттің энергиялық ресурсының азаюынан десе, кейбірі ағзаға оттегінің жетіспеушілігі және тотығу үрдістерінің бұзылуынан, ол енді бірі бұлшық еттерде сүт қышқылының көбеюінен деді.

И.М Сеченов қажу жұмыс атқаратын мүшеде немесе бұлшық етте емес, ОЖЖ туындайды деді. «Қажудың көзі бұлшық етте емес, ми ұлпаларының қызметінің бұзылуы» деген пікір айтты.

Н.Е Введенский қажудың пайда болуы парабиотикалық тежелудің нәтижесі деді.

М.И. Виноградов қажудың екі түрі бар деді. Бірі орталық тежелудің нәтижесінде тез туындаса, екіншісі керісінше қозғалыс аппараттарында импульстарындың берілу деңгейі төмендеуіне байланысты болу дамиды деді.

Қазіргі кезде көптеген физиологтар қажудың пайда болуын орталық жүйке жүйесімен байланыстырады.

Егер қажудың алдын алмаса немесе шаршаған ағзаны демалдырмаса ол шектен тыс қажуға ұласуы мүмкін. Нәтижесінде адамның басы ауырады, енжарлық байқалады, есте сақтау қабілеті төмендейді, көңіл күйі нашарлап, ұйқысы бұзылады.

Қажумен күресу жолдары.

1. Жұмыс орнын дұрыс ұйымдастыру

2. Ерлер мен әйелдер ағзасының анатомо-физиологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, өндірістік жабдықтарды дұрыс таңдау.

3. Қозғалыс машықтарын игеру жаттығу.

4. Еңбек пен демалыс тәртібін сақтау.

5. Еңбек пен демалыстың тәуліктік тәртібін сақтау.

6. Өндірістегі физикалық жаттығулар.

7. Функционалды музыка.

8. Психофизиологиялық жүктемеге арналған бөлмелерді ұйымдастыру

ІҮ. Иллюстрациялы материалдар: кестелер және слайдтар.

Ү. Әдебиеттер:

1. А.М. Лакшин, В.А. Катаева. Общая гигиена с основами экологии человека: Учебник.-М.: Медицина, 2004г.

2. А.А. Минх. Общая гигиена.-М.: «Медицина», 1984г.

3. Ю.П. Пивоваров, В.В. Королик, Л.С.Зиневич. Гигиена и основы экологии человека. Серия «Учебники и учебные пособия» ростов на дону: «Феникс», 2002г.

4. Кенесариев У.И., Жакашов Н.Ж. Учебник для медицинских вузов и колледжей «Экология және халық денсаулығы». Алматы: «Ғылым», 2002 ж.

ҮІ. Қорытынды сұрақтары:

1. Еңбек гигиенасы, мақсаты.

2. Еңбек гигиенасында қолданылатын әдістер.

3. Өндірістік зияндылықтар, кәсіптік аурулар туралы түсінік.

4. Негізгі еңбек түрлеріне сипаттама.

5. Еңбек физиологиясы, зерттеу бағыты, мақсаты.

6. Жұмыс үрдістерімен байланысты ағзадағы болатын өзгерістер.

А) Еңбектің энергия шығыны мен термореттеуге әсері:

Б) Еңбектің жүрек қан- тамыр жүйесіне әсері;

В) Еңбектің тыныс алу жүйесіне әсері;

Г) Еңбектің қанның морфологиялық құрамы мен физикалық-химиялық қасиетіне әсері

7. Статикалық жұмыс, ерекшелігі.

8. Динамикалық жұмыс, түрлері

9. Ақыл-ой еңбегі, түрлері

10. Еңбекке қабілеттілік, әсер ететін факторлар, еңбекке қабілеттіліктің кезеңдері

11. Қажу, күресу жолдары.

 

 

 


Дата добавления: 2015-02-06 | Просмотры: 3629 | Нарушение авторских прав



1 | 2 | 3 | 4 | 5 |



При использовании материала ссылка на сайт medlec.org обязательна! (0.032 сек.)