АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология

Жіктелуі (Г.Н.Красовский бойынша) 18 страница

 


3. Тағамның құрам бөліктері. Тағамдық азықтардың тамақтық және биологиялық құндылығы түсінігі

Адам тамаққа өте көп, әр түрлі азықтарды қолданады, еске сала кететіні, тек жануар текті, өсімдік текті және минерал текті ғана емес, сонымен қатар синтездеу жолымен алынған және генетикалық түр өзгерту нәтижесінде алынған азықтарды да қабылдайды. Кез келген азықтың құрамы, химиялық қосылыстардың бірқатар кешені болып саналады, олар табиғи азықтардың құрам бөліктері немесе оларға сырттан түсетін бөгде заттар болуы мүмкін.

Табиғи құрам бөліктеріне жататындары:

1. Негізгі тамақтық (қоректік) заттар (нутриенттер) – ауқаттық (алиментарлық) мәні бар, яғни ағзаны энергиямен, пластикалық заттармен, биологиялық белсенді қосылыстармен, т.б. қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын ақуыздар, майлар, көмірсулар, минералды заттар, дәрумендер, су.

2. Шартты түрде алиментарлық емес қосылыстар, олардың алиментарлық мәні әзірше анық емес:

- азық түріне тән дәмін, түсін, иісін қамтамасыз ететін дәм беруші заттар (органикалық қышқылдар, эфирлер, кетондар, бояғыштар, фитонцидтер, ароматты қосылыстар);

- биологиялық белсенді қосылыстар (биогенді аминдер, кофеин, танин, алкоголь, фенолдар және полифенолдар, тиолдар, лигниндер, терпендер және басқалар);

- антиалиментарлық заттар - әдеттегі тамақтық заттардың антагонистері болып табылатын заттар (антиферменттер, антидәрумендер, минералды заттардың сіңімділігін төмендететін факторлар және басқалар);

- табиғи тағамдардың уландыратын құрам бөліктері (лектиндер, цианогенді гликозидтер, соланин және басқалар).

Келтірілген құрам бөліктерінің ішінен, азықтың тамақтық құндылығын қамтамасыз етудегі негізгі роль нутриенттерге беріледі, солардың арқасында ағзаның тіршілігі қамтамасыз етіледі. Басқа құрам бөліктері, адамның денсаулығына пайдалы да (фитоқосылыстар – тиолдар, лигниндер, терпендер және басқалар), қолайсыз да (биогенді аминдер, улы құрам бөліктері, антиалиментарлық факторлар, амин қышқылдарының және майлардың пиролиз өнімдері және басқалар) әсер етуі мүмкін.

Бөгде қосылыстар басым антропогенді болады және көпшілік жағдайларда адам ағзасына зиянды әсер етеді. Олар тағамдық азықтарға, гигиеналық талаптардың сақталмауы нәтижесінде, азықтарды өсірудің, алудың, өңдеудің, тасымалдаудың, сақтаудың және тағам дайындау мен сақтаудың әр түрлі кезеңдерінде түседі.

Азықтардың тамақтық құндылығын бағалау кезінде, тамақтық және биологиялық құндылығы түсінігін бөліп көрсетеді. Тамақтық құндылығы тағамдық азықтардың пайдалы қасиеттерінің барлығын толығымен көрсетеді: энергиялық құндылығын, барлық негізгі тамақтық заттардың мөлшері мен сапасын, дәмділік сапасын, қорытылуын, сіңуін және жалықтыруын (шығып қалуын). Азықтың биологиялық құндылығы болса, тамақтық құндылығының жеке сипаттамасы болып табылады және ең алдымен ақуыздың сапасын, сонан соң – басқа биологиялық белсенді алмастырылмайтын қосылыстарды – дәрумендерді, минералды заттарды, КҚМҚ (ПНЖК) және басқаларды көрсетеді. Ақуыздың сапасы құрамындағы алмастырылмайтын амин қышқылдарының жиынтығы қаншалықты толық және олардың өздерінің және алмастырылатын амин қышқылдарымен ара қатынастары қаншалықты қолайлы, және осыған байланысты, ағзада қаншалықты толық ұсталынады және берілген ақуыздың азоты қаншалықты пластикалық мақсатқа пайдаланылатынымен анықталады. Ең жоғары биологиялық құндылыққа, аминқышқылдың қоры жоғары және ағзада азоттың жоғары дәрежеде ұсталынуын қамтамасыз ететін жануар текті ақуыздар ие.

Тағамдық азықтардың тамақтық құндылығын бағалауда, олардың қорытылуының, сіңімділігінің, жалықтыратындығының маңыздылығы аз емес. Қорытылу деңгейі - азықтың химиялық құрамының, олардың пайдаға асуын қамтамасыз ететін ағзаның ферменттік жүйесіне сәйкес келуі және жеңіл қорытылу дәрежесіне байланысты. Сіңімділігі - жеке нутриенттердің пайдаға асу дәрежесімен сипатталады. Жалықтыратындығы – азықты қаншалықты тез тамақтануға қабылдағысы келмей қалатындығымен сипатталады.

4. Тамақтық заттардың биологиялық ролі. Қабылдау нормалары. Тамақтық заттардың көздері - азықтар.

4.1. Ақуыздар. Биологиялық ролі. Ақуыздар міндетті түрде ағзаға түсіп отыруы қажет және тамақтанудың алмастырылмайтын құрам бөлігі болып табылады, себебі солар ғана ағзаның, өсуін, дамуын және жасушалар мен тіндердің регенерациясын, антиденелердің, ДНК, РНК, ферменттердің, гормондардың, еттердің жиырылуына қатысатын ақуыздардың, глобиннің, жасуша ақуыздарының және жасушадан тыс сұйықтардың, т.б. синтезделуі үшін қажетті құрылыс материалдарымен қамтамасыз етеді. Сонымен, тағаммен ағзаға түсіп отыратын ақуыздар, бәрінен бұрын пластикалық материал ретінде, ал шектеулі дәрежеде энергиялық материал ретінде пайдаға асады.

Ақуыздар ағзада көп түрлі қызмет атқарады:

1. Пластикалық немесе құрылымдық (жаңа тіндердің құрылуы және жасуша құрылымдарын қалпына келтіру);

2. Қорғаныштық (антидене, комплемент, пропердин жүйесі, қан ұйытатын және ұюына қарсы жүйелер, т.б.);

3. Тұқым қуалаушылық ақпарат берілуіне қатысуы.

4. Реттеушілік (жаратылысы ақуыздық ферменттер мен гормондар синтезделуі);

5. Қимылға келтіретін (миофибрилл құрамындағы ақуыздар- актин және миозин);

6. Энергетикалық;

7. Тасымалдаушы (әр түрлі химиялық қосылыстарды қан арқылы тасымалдау, тіндерге жеткізу және олардан әкету);

8. Буферлік (қанда, жұлын сұйығында тұрақты реакция сақтау);

9. Онкотикалық қысымды қамтамасыз ету;

Ақуыздар, ағзада маңызды пластикалық материал ретінде және функциональдық тұрғыдан да, басқа тағамдық заттармен алмастырылуы мүмкін емес, ал олардың өзі болса, майлар мен көмірсуларды кеңінен алмастыра алады.

Ақуыздардың қоректік құндылығы, олардың амин қышқылдық құрамымен байланысты, биологиялық құндылығы - бірінші кезекте, ағзада синтезделмейтін – гистидин, лизин, метионин, триптофан, лейцин, изолейцин, треонин, валин, фенилаланин сияқты - алмастырылмайтын амин қышқылдарымен олардың балансталғандығымен байланысты. Осыған байланысты, тағамдық ақуыздар құнды және құнды емес болып бөлінеді. Құнды ақуыздардың амин қышқылдық құрамы, адам ағзасындағы ақуыздардың амин қышқылдық құрамына жақын және барлық алмастырылмайтын амин қышқылдарды қамтиды. Құнды емес ақуыздардың құрамында бір немесе бірнеше амин қышқылы болмайды немесе аз болуы мүмкін. ФАО сарапшылары, 1 г идеалды белоктың құрамында 40 мг изолейцин, 70 мг –лейцин, 55 мг-лизин, 35 мг-метеонин+цистин, 60 мг-фенилаланин+тирозин, 10 мг триптофан, 40 мг-треонин, 50 мг-валин (4-кесте) болуы қажет деп санайды.

Тағамдық азықтардың амин қышқылдық құрамын, амин қышқылдық қорын анықтау арқылы, идеалды ақуыздың амин қышқылдық құрамымен салыстыруға болады.

 

Амин қышқылдық скоры = мг АҚ/ зерттелетін ақуыздың г • 100%

мг АҚ/ идеалды ақуыздың г

Мұндағы: АҚ-кез келген алмастырылмайтын амин қышқылы

Идеалды (стандарттық) ақуызда әрбір алмастырылмайтын амин қышқылдық скоры 100 %-деп қабылданады. Скорының мәні, ең төмен АҚ ақуыздың биологиялық құндылығын лимиттеуші болып табылаы.

Ақуыздардың амин қышқылдық құрамының баланстанғандығы, яғни амин қышқылдардың оптимальды ара қатынаста болуының өте үлкен маңызы бар.

Рационның құрамында жеке амин қышқылдарының көп болуы, ақуыздың сіңімділігін төмендететіні, ал ағзаға жекелеп енгізілген амин қышқылдар улы әсер ету мүмкіндігі немесе басқа амин қышқылдарының сіңуін қиындататыны, зерттеулерде көрсетілген.

Жануар текті ақуыздардың биологиялық құндылығы жоғары, олардың құрамында барлық алмастырылмайтын амин қышқылдары бар және олардың ара қатынастары оптимальды. Бұл - тауық жұмыртқасының, еттің, балықтың, сүттің және сүт өнімдерінің ақуыздары.

Көпшілік өсімдік текті тағамдардың құрамындағы (нанда, жүгеріде, бұршақ, жармаларда т.б.) ақуыздар құнды емес (сапасы төмен).

Дегенмен, өсімдік ақуыздары жануар текті ақуыздармен араласқан кезде, биологиялық тұрғыдан өте белсенді (активті) амин қышқылдардың кешенін жасайды, олар синтез үрдістерінде толық пайдаға асады және оның үстіне өсімдік текті ақуыздар ағзаны азотпен қамтамасыз етуде және оң азот балансын сақтауда негізгі роль атқарады. Сондықтан, тағам рационында жануар текті де, және өсімдік текті де ақуыздардың болуы қажет.

Ақуыздың биологиялық құндылығы, сондай-ақ, жеке амин қышқылдарының жеңіл қорытылып, сіңуімен (ас қорыту жүйесіндегі сіңімділігімен) анықталады. Олардың қорытылуы және сіңімділігі протеолитикалық ферменттердің ингибиторлары болған кезде (мысалы, бұршақ тұқымдастарда) төмендейді және кулинарлық өңдеу үрдістерінде - ұзақ уақыт, жоғары температурамен қатты әсер еткенде, ақуыздар көмірсулармен тағы басқа тағамның құрам бөліктерімен әсерлесіп, ағзаға сіңбейтін меланоидтардың, тағы басқа да қосылыстардың пайда болуына әкеп соғады.

Ақуыздардың қажеттілік нормалары. Дүииежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ФАО сарапшылары комитетінің ұсынысы бойынша, рационда ақуызды нормалау кезінде, олардың ағзада жойылу мөлшерін негізге алады. Үлкен адамдар ашыққанда немесе ақуызсыз тамақтанғанда, тәулігіне несеппен, нәжіспен, термен 7-9 г, дене тіндері ақуыздарының ыдырауы нәтижесінде пайда болатын азотты шығарады, оны ақуызға айналдырғанда 56 г ақуыз болады. Демек, ағзаның өз ақуыздары шығынының алдын алу үшін, тәулігіне 55-60 г кем емес ақуыз енгізу қажет. Бұл мөлшер ақуыз қабылдаудың сенімді қауіпсіз деңгейі деп аталады. Ол азот тепе-тендігі деп аталатын, ағзаға түскен азот мөлшерінің, одан шығатын азоттың мөлшеріне тең жағдайын қамтамасыз етеді. Бірақ ақуыздың мұндай мөлшері, минимальды қажетті мөлшер болып табылады, себебі, ол стресс жағдайына, ауруларға, дене еңбегінің ауырлықтарына, т.б. кететін ақуыз шығынын ескермейді.

Сондықтан, адамға ақуыз қажеттілігінің оптимальды нормасы, ақуыз минимумынан, орта есеппен 1,5 есе артық, ал ер адамдар үшін 72-117 г/тәулік (0,9-1,7 г/кг массасына), әйел адамдар үшін 61-97 г/тәулік (0,9-1,6 г/кг массасына). Бұл кезде жас адамдарға арналған нормалар жоғары және жұмыс ауырлығы өскен сайын да жоғарылайды (8.2. -кесте). Сондай-ақ, жүкті және бала емізетін әйелдер үшін де, ақуыздардың қажеттілік мөлшері ұлғаяды. Тәуліктік рацион ақуызының 55 % кем емес бөлігі, жануар текті ақуыздармен қамтамасыз етілуі қажет. Балаларға ақуыздардың қажеттілігі, үлкен адамдарға қарағанда, өсу және даму үрдістерінің қарқындылығына байланысты, едәуір жоғары (8.3.-кесте).

Кіші жаста, ол көп жоғары, жасы өскен сайын біртіндеп төмендей береді, дегенмен де, 14-17 жаста үлкен адамдармен салыстырғанда, біраз жоғары. Бір жасқа дейінгі балаларға, оның қажеттілігі 2,2-2,9 г/кг дене массасына, 1-ден 3 жасқа дейін – 4-5 г/кг, 4-7 жаста – 4-3,5 г/кг, 7-10 жаста – 3,5-2,5, 11-13 жаста – 2,5-2 г/кг, 14-17 жаста – 1,9-1,3 г/кг. Жануар текті ақуыздардың үлесі 60-тан 90 %-ға дейін болуы қажет. Бұл кезде, өмірінің бірінші 6 айында ақуыздардың қажеттілігі 100 % жануар текті ақуыздармен қамтамасыз етілуі қажет (ана сүтімен тамақтанады), 7 айдан 12 айға дейінгі жасында – 80 %, 1 жастан 6 жасқа дейін – 65-70 %, мектеп жасында – 60 %. Кез келген рационда (емдік диеталардан басқасында, мысалы, бүйрек қызметінің созылмалы жеткіліксіздігінде, ақуыздың мөлшерін төмендетуге болмайды, себебі, жасушалардың жаңаруы үзіліссіз жүріп жатады. Тәуліктік тағам рационының энергиялық құндылығының 11-12 % ақуыздардың есебінен қамтамасыз етілуі қажет. Энергиясы аз рациондардың құрамында ақуыздар көбірек болуы қажет, себебі, гипокинезия жағдайында ақуыздардың ыдырауы және ағзадан шығуы күшейеді.

Адамға ақуыздардың қажеттілігі, тек санымен ғана емес, сондай-ақ сапасымен де анықталады. Алмастырылмайтын амин қышқылдарының ағзаға сіңуі, олардың белгілі бір ара қатынастары сақталған кезінде оптимальды жүреді (8.4.- кесте).

 

Кесте

Үлкен адамдарға алмастырылмайтын амин қышқылдарының шамамен алынған сенімді және оптимальды қажеттілігі 1 г/100 г ақуызға

Амин қышқылдары   Сенімді деңгейі Оптимальды деңгейі
А.А.Покровский бойынша ФАО/ВОЗ ұсынулары  
Изолейцин 1,8 4,0 4,0
Лейцин 2,5 6,0 7,0
Лизин 2,2 5,0 5,5
Метионин+цистин 2,4 4,0 3,5
Фенилаланин+тирозин 2,5 4,0 6,0
Треонин 1,3 3,0 4,0
Триптофан 0,65 1,0 1,0
Валин 1,8 4,0 5,0

 

Ақуыз көздері болатын азықтар. Жануар текті ақуыздардың негізгі көздері – ет, балық, сүт, сүт өнімдері, жұмыртқа (8.5.- кесте).

Жануарлардың (мал) етінде 14-тен 21 %-ға дейін құнды ақуыз бар, сиыр етінде ақуыздар көбірек – 18-21 %. Мал етіне қарағанда, құстың етінде ақуыздар біршама көбірек, мысалы тауық етінде 20-22 %, түйетауықтың (индейка) – 21-25 %. Сондай-ақ, мұнда экстрактивті заттар көбірек, дәнекер тіндері азырақ және ол жақсы сіңеді. Тауық етіндегі ақуыздардың құндылығы жоғары, құрамында оптимальды арақатынаста балансталған барлық алмастырылмайтын амин қышқылдары бар, оның үстіне, құрамында өсу үрдістерін жақсартатын – триптофан, лизин, аргинин сияқты амин қышқылдары көбірек.

Балық етінің құрамында да, саны жағынан мал етіне жақын құнды ақуыздар бар – орта есеппен 7-12 %. Балықтың еті фосфорлы ақуыздарға бай. Жұмыртқаның құрамында 12,5 % дейін құнды ақуыздары бар, сіңімділігі жақсы. Сүттің құрамында ағзаға қажетті тағамдық заттардың бәрі бар, олар еріген немесе ұсақ дисперсті жағдайда, бұл сүттің сіңімділігінің жоғары болуына 95-98 % ықпал етеді.

Кесте

Тағамдық азықтардың құрамындағы ақуыздары (г/100г жеуге жарамды бөлігінде)

Азықтардың аты Құрамындағы ақуыздары
Соя 34,0
Үрме бұршақ 23,2
Бұршақ 23,4
Сыр 14,3-26,8
Сиыр еті 18,0-21,0
Тауық еті 20,3-22,4
Балық 14,0
Қой еті 16,4-20,8
Шошқаеті 14,5-16,5
Түйе тауық еті 20,6-24,5
Үйрек еті 11,4-17,8
Майын алған сүзбе (творог) 16,1
Жұмыртқа 12,5
Қарақұмық жармасы 12,5
Бидай жармасы 12,0
Макорондар 11,0
Күріш 7,6
Қара бидай наны 6,3
Бидай наны -
Сүт 3,3
Картоп 2,0
Орам жапырақ (капуста) 1,8
Сәбіз 1,5
Алша 0,8
Алма 0,4

 

Сиыр сүтінің құрамында 2,8-3,3 % ақуыздар бар, мұның 2,8 % казеин және шамамен, 0,5 % альбумин. Ақуыздардың ұсақ дисперстілігі, олардың жақсы сіңімділігін қамтамасыз етеді. Амин қышқылдық құрамы жақсы баланстанған. Сүтті қабылдағанда, асқазан бездерінің сөлі аздау бөлінеді, сондықтан асқазан-ішек жолдарының қабыну үрдістері кезінде ұсынылады. Сүтте нуклеин қосылыстары жоқ, осыған байланысты пурин алмасуы бұзылған адамдарға қолданады.

Сүт және сүт өнімдері 1 жасқа дейінгі балалардың негізгі тағамы болып саналады. Бала, анасының сүтінің ақуыздарымен бірге, бірқатар антиденелерді, антигендерді және ферменттерді қабылдайды.

Ашытқан сүт өнімдерінің – ұйыған сүттің (простокваша), айранның, ацидофильді сүттің, ряженканың құрамында 3,4 % дейін ақуыз бар, ол сүтпен салыстырғанда 2-3 есе жеңілірек және тезірек сіңеді, себебі, бұлардың құрамындағы ақуыз, ашу нәтижесінде жарым-жартылай альбуминозаларға және пептондарға айналады. Жеңіл сіңетін және қорытылатын ақуыздардың едәуір мөлшері (саны) сүзбенің құрамында бар – 11-13 % дейін, сырларда (25-30 % дейін). Сүзбенің казеинінде метионин, кальций көп.

Өсімдік азықтарының ішінде, ақуыздары амин қышқылдарының құрамы жағынан жануар текті ақуыздарға жақындау азықтар – соя, картоп, сұлы, қарақұмық, күріш.

Соя бұршағында ақуыздар 30 % дейін жетеді, басқа бұршақ тұқымдастардың (бұршақ, үрме бұршақ, жасымық) құрамында да ақуыздары салыстырмалы түрде жоғары – 19-25 % және етке, балыққа тән ақуыздардың мөлшерінен көбірек, бірақ өзінің қоректік құндылығы жағынан (сіңімділігі, пайдаға асуы, амин қышқылдық құрамы) жануар текті ақуыздардан төмен. Бұршақ тұқымдастар құрамындағы қатқыл жасұнығына байланысты ауыр қорытылады және ақуыздарының сіңімділігі 70 % шамасында.

Жармаларды – толық немесе жарым-жартылай қабықшалары мен ұрығынан тазартылған астық тұқымдастардың дәнінен жасайды. Бұлардың ішінде, ақуызы ең көбі, сұлы мен қарақұмық жармасы, оларда ақуыз – 15 % дейін, бірақ амин қышқылдарының ара қатынастары қолайлы емес.

Ұнтақ (манная) жармасында 12 % дейін ақуыз болады. Ол бидай дәнінің эндоспермінен жасалады, бірақ құрамында жасұнық болмауына байланысты тез піседі және жеңіл сіңеді. Сондықтан да, ол, жас балалар мен аурулардың тамақтануы үшін құнды.

Жармалардан дайындалған кейбір тағамдар, мысалы, кілегей көжелер, күріш, арпа ботқалары, асқазан-ішек жолдарының аурулары кезінде емдәмдік тағам ретінде қолданылады.

Картоп – құрамында 2 % дейін ақуызы бар маңызды тағамдық азықтардың бірі. Амин қышқылдық құрамы балансталған, сіңуі үшін қолайлы. Нан– ақуыздардың тәуліктік қажеттілігін 25-35 % өтейді. Құрамында 5-17 % ақуыздары бар. Негізінен, сапасы төмен (құндылығы төмен). Көкөністер, жемістер және жидектердің құрамында ақуыздары болмашы ғана (0,5-2 %), ағзаны ақуыздармен қамтамасыз етуде айтарлықтай роль атқармайды.

4.2. Майлар. Биологиялық ролі. Жануар текті және өсімдік азықтарымен ағзаға түсетін тағамдық майлардың құрамына, негізінен нейтралды майлар, сондай-ақ, фосфолипидтер мен стеариндер кіреді. Ағзаға сырттан түскен майлардан ішектің қабырғасында қайта синтезделуі (ресинтез) нәтижесінде, ағзаның майына ұқсас май түзіледі.

Майлар, көмірсулармен қатар негізгі энергия көзі – ағзада 1 г май тотыққан кезде 37,6 кДж (9 ккал) энергия береді. Майлар, сондай-ақ, құрылымдық элемент ретінде цитоплазманың және жасуша қабықшасының құрамына кіріп, гормондардың синтезделуіне қатысып, белгілі бір дәрежеде пластикалық та роль атқарады. Майлармен бірге ағзаға майда еритін А, Д, Е және К дәрумендері түсіп отырады. Майлар, осы дәрумендердің еріткіштері болып, олардың жақсы сіңуіне ықпал етеді.

Майлардың биологиялық құндылығы, олардың құрамында, тамақтанудың F алмастырылмайтын факторы ретіндегі көп қанықпаған май қышқылдарының (ПНЖК) болуымен де анықталады. Оларға жататындар- линоль, линолен, арахидон қышқылдары. Оларды F витамині деп атайды. Қанықпаған химиялық байланыстары көп болғандықтан, қанықпаған май қышқылдарының (ПНЖК) химиялық белсенділігі, қаныққан май қышқылдарына қарағанда, жоғарылау. Көп қанықпаған май қышқылдары (ПНЖК), жасуша мембраналарының, дәнекер тіндерінің, миелин қабықшаларының түзілуіне қажетті құрам бөлігі ретінде пайдаға асады және олар қан тамырларының созылғыштығын арттырады, өткізгіштігін азайтады, тромбозға тосқауыл болады, липотроптық және атеросклерозға қарсы қасиеттері бар, простагландиндердің синтезделуіне, В тобындағы дәрумендердің және холиннің алмасуына қатысады, ағзаның өсуі мен қорғаныш механизмдерін жақсартады, бала туудың қалыпты функциясын қамтамасыз етеді, улы және канцерогенді факторларға ағзаның төзімділігін арттырады.


Дата добавления: 2016-03-26 | Просмотры: 1377 | Нарушение авторских прав



1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 | 40 | 41 | 42 | 43 | 44 | 45 | 46 | 47 | 48 | 49 | 50 | 51 | 52 | 53 | 54 | 55 | 56 | 57 | 58 | 59 | 60 | 61 | 62 | 63 | 64 | 65 | 66 | 67 | 68 | 69 | 70 |



При использовании материала ссылка на сайт medlec.org обязательна! (0.009 сек.)