АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология

Жіктелуі (Г.Н.Красовский бойынша) 30 страница

Жануар тіндерінен уланулар. Сойылған малдың бүйрек үсті бездерінен және ұйқы безінен дайындалған тағамды қабылдаған кезде байқалады. Улану бұл бездердің құрамында биологиялық белсенді қосылыстардың жоғары деңгейде болуымен байланысты. Сол мезгілде ұрық бездері және қалқанша без, т.б эндокринді бездер қауіпсіз және жеуге жарамды азықтар болып табылады.

Белгілі бір жағдайларда улы болатын өсімдік және жануар текті азықтардан уланулар. Бұл топқа жататын уланулар сирек кездеседі, олар өсімдік текті (шикі үрме бұршақтың фазині, картоптың соланині, жеміс сүйектерінің ішіндегі дәндері, бук жаңғағының фагині) және жануар текті (балық тіндері, мидии, улы өсімдік гүлінен жиналған ара балы) азықтардан улануларды қамтиды.

Фазин. Шикі үрме бұршақтың құрамында болады, қанды агглютинациялаушы қасиеті бар. Жоғары температураның әсері кезінде жойылады, сондықтан үрме бұршақтан жасалған тағам қауіпсіз, себебі, оларды дайындау үшін ұзақ уақыт қайнатуды қажет етеді. Улану жеткілікті жоғары температура әсеріне ұшырамаған үрме бұршақ ұнынан немесе тағамдық концентраттардан жасалған тағамдарды қабылдау кезінде пайда болуы мүмкін. Фазиннен улану кезінде жүрек айну, құсу, қарқындылық дәрежесі әр түрлі іш өту байқалады. Фазиннен уланудың алдын алу потенциалды қауіпті азықтарды жоғары температурада сенімді өңдеуге саяды.

Соланин. Көп емес мөлшерде (0,002-0,02%), негізінен картоптың қабығында болады. Картоп өніп кеткен немесе көгерген кезде, құрамындағы соланині ондаған есе өседі (шыққан бүршіктернде 0,42-0,73%). Соланиннің гемолитикалық қасиеті бар, бірақ улылығы салыстырмалы түрде үлкен емес, уланулар тек өніп кеткен картопты қабығымен қайнатып қабылдаған жағдайда немесе езбе жасау үшін оны қайнатқан суын пайдаланған кезде байқалады. Ауызда ащы дәм, тамағын қырнаған сезім, диспепсиялық өзгерістер байқалады.

Амигдалин. Ащы бадамның, өріктің, шабдалының, шиенің, т.б. жемістер сүйегінің ащы дәмінің құрамына кіретін гликозид. Амигдалиннің (ас қорыту ферменттерінің әсерінен) гидролизденуі кезінде, өзінің улылық қасиетін көрсететін көгерткіш қышқылы пайда болады. Өлімге келтіретін күшті уланулар, 60-80 г өріктің тазартылған ащы дәндерін жеген кезде байқалады. Амигдалиннен уланудың алдын алу үшін өрік, шабдалы сүйектерін сатуға тыйым салынады, ащы бадамды кондитерлік өндірісте қолдануды және де алькогольдік сусындар алу кезінде жеміс сүйектері дәндерін тұндыру уақытын мөлшерлейді. Сүйек дәнді жемістерден жасалған мұраппа қауіпті емес, себебі, қайнату үрдісінде амигдалин белсенділігін жоғалтады.

Фагин - шикі бук жаңғағының құрамында болатын улы зат. Қыздырған кезде фагин өзінің белсенділігін жоғалтады, сондықтан улану тек пісірілмеген жаңғақты қабылдаған кезде пайда болады, ал қуырылған жаңғақтар және жоғары температурада өңделген кондитер өндірісінде қолданылатын жаңғақтардың қауіптілігі жоқ. Улану бас аурумен, жүрек айнумен, ішек қызметінің бұзылыстарымен білінеді.

Жануар текті азықтардан уланулар. Кейбір балық түрлерінің (шортан, алабұға, лақа, скумбрия және т.б.) уылдырығы, сүті және бауыры уылдырық шашатын кезеңінде улы болады, оларды тағам ретінде қабылдағанда, жүрек айну, құсу, іш ауруы, іш өтуі пайда болады. Кейде ол, тырысқақ ауруына ұқсас өтеді. Жаз уақытында, планктон микроағзалары (динофлагеллаттар) қарқынды көбейе бастаған кезде, олармен қоректетенетін мидийлерде(моллюскаларда) улы қасиет пайда болады. Бұл кезеңде мидийлерде нейротоксикалық әсер ететін улы зат жиналады. Уланып ауырғандарда жалпы әлсіздік, жүрек айнуы, бас айналуы, беті, ерні, тілдің ұйып қалуы, тыныс алуының қиындауы байқалады, шала салдану дамиды, тыныс орталығының салдануынан өлімге әкеп соғуы мүмкін. Сауығу баяу жүреді. Мидилизмнің алдын алу мақсатында, планктондардың өте көп көбеюі кезіндегі планктондардың көптігі, теңіздің қызыл түске боялуымен және түнгі люминисценциясымен анықталатын жерлерде мидийлерді аулауға тиым салады.

Улы өсімдіктерден сасық мендуана, меңдуана, әлпеншек, азалия, т.б. жиналған араның балы, жиі улану себебі болуы мүмкін. Уланудың белгілері әр түрлі, бұл, бал шырыны жиналатын өсімдіктердің улылық қасиеттеріне байланысты. Алдын алу үшін, ара ұясын улы өсімдіктері жоқ жерге орналастыру қажет.

Тағамдық азықтарға түсетін қоспалардан уланулар. Тағамдық азықтарды ластайтын химиялық заттардың көп бөлігі табиғаты антропогендік немесе табиғи бөгде заттар. Қабылданған атаулар жиынтығына сәйкес, оларды контаминаттар, ксенобиотиктер немесе бөгде химиялық заттар деп атайды.

Тағамдық азықтарды бөгде химиялық заттармен ластайтын көздердің спектрі өте кең. Олар:

1. Өсімдік шаруашылығында және мал дәрігерлік практиксында пестицидтерді қолдану.

2. Тыңайтқыштарды орынсыз қолдану, мақұлдаудан өтпеген немесе рұқсат етілмеген тыңайтқыштарды қолдану.

3. Өсімдік шаруашылығында өндірістік және коммуналдық-тұрмыстық ағынды суларды, мал шаруашылығының қатты және сұйық қалдықтарын, т.б гигиеналық талаптарды сақтамай, пайдалану.

4. Мал шаруашылығында және құс шарашылығында рұқсат етілмеген заттарды немесе рұқсат етілген, жемге қосатын, өсуін жақсартатын заттарды, жануарлардың ауруларын емдеу және олардың алдын алу үшін (антибиотиктерді, антигельминттік заттарды, т.б) пайдаланатын заттарды үлкен дозада қолдану.

5. Рұқсат етілмеген тағамдық қоспаларды немесе рүқсат етілгендердің өзін, рұқсат етілген мөлшерден асатын дозаларда пайдалану.

6. Тағамдық азықтарды өндірудің жаңа дәстүрлік емес технологиясын, оның ішінде, химиялық және микробиологиялық синтез өнімдерін қолдану.

7. Улы заттардың рұқсат етілмеген материалдан жасалған тағамдық жабдықтардан, ыдыстардан, азық салатын ыдыстардан, буып түйетін заттардан тағамға немесе тағамдық азықтарға өтуі.

8. Технологиялық өңдеу үрдісінде (қайнату, қуыру, сәулемен әсер ету, т.б.) тағамда, тағамдық азықтарда эндогенді улы заттардың пайда болуы.

9. Азықтарға бөгде химиялық заттардың қоршаған ортаның ластанған нысандарынан: ауадан, топырақтан, судан өтуі (миграциялануы).

Азық-түлік шикізаттары мен тағамдық азықтардың негізгі және ең қауіпті контиминанттарына жататындар: ауыр металлдар, антибиотиктер, пестицидтер, нитраттар, нитриттер, нитрозоқосылыстар, диоксиндер және диоксин тәрізді заттар, канцерогенді заттар, тағамдық қоспалар, микроағзалардың токсиндері, радионуклидтер. Тағамдық азықтардың құрамындағы бөгде химиялық заттардың (БХЗ) зиянды әсер сипаты әр түрлі. БХЗ жалпы уландыратын, сенсибилизациялаушы, канцерогенді, мутагенді, гонадотропты, эмбриотропты және тератогенді, кардиоуландырғыш әсер етуі, көбею функциясының бұзылуына, қартаю үрдісін жеделдетуге, ағзаның иммундық күшінің төмендеуіне, тағамдық заттардың сіңуінің бұзылуына, т.б. әкеп соғуы мүмкін.

Пестицидтерден уланулар. Пестицидтер- арамшөптерді, жәндіктерді, кеміргіштерді, өсімдік ауруларының қоздырғыштарын жою үшін, өсімдіктердің жапырақтарын түсіру, оларды кептіру үшін қолданылатын табиғаты химиялық немесе биологиялық заттар. Қазіргі уақытта химиялық қосылыстардың әр түрлі топтарына жататын, 300 әсер ететін заттардың негізінде жасалған пестицидтердің 600-ден артық препараттары қолданылады. Химиялық құрамы бойынша, пестицидтер хлорорганикалық, фосфорорганикалық, сынапорганикалық, корбамин, тио- және дитиокорбамин қышқылдарының туындыларына, құрамында мыс бар түріне, синтетикалық пиретроидтарға, т.б. бөлінеді.

Пестицидтер -улылығы жоғары және қауіпті заттар. Ағзаға негізгі түсетін жолдары- тыныс мүшелері, асқазан-ішек жолдары және тері. Халық үшін ең қауіптісі, ағзаға тағамдық азықтармен бірге түсуі, себебі, пестицидтердің мал жемінде, азық-түлік шикізаттарында, өсімдік текті және жануар текті азықтарда жиналуы барған сайын өсуіне байланысты, ағзаға түсуінің бұл жолы негізгі және тұрақты жолы болып табылады.

Пестицидтердің көпшілігіне тән қасиет: улылығы жоғары, қоршаған ортада тұрақты, олардың ыдырауы кезінде пайда болатын қосылыстарының улылығы жоғары, кумулятивтік қасиеті айқын жеке мүшелер мен тіндерде ұзақ уақыт жиналуға қабілеттілігі, бала емізетін аналардың сүтімен бөлінетіндігі.

Пестицидтердің әсер етуі кезінде жедел, жеделдеу және созылмалы уланулар байқалуы мүмкін. Улану дамуында ағза жағдайының үлкен маңызы бар. Пестицидтердің әсеріне балалардың, жасөспірімдердің және қарт адамдардың сезімталдылығы жоғары. Әйелдердің жүктілік кезеңінде және бала емізетін уақыттарында пестицидтермен байланыста болу айрықша қауіпті, себебі, пестицидтер бала жолдасы кедергісінен жеңіл өтеді және баланың ағзасына анасының сүтімен түсуі мүмкін.

Хлорорганикалық қосылыстар (ХОҚ). Инсектоакрицидтер, фунгицидтер ретінде, егін егу алдында тұқымды, т.б. өңдеу үшін кеңінен қолданылады. Оларға циклопарафиндердің (гексахлорциклогександар), бензолдың (хлорбензол), терпендер (полихлорпенин), диен қатарындағы қосылыстардың (алдрин, гептахлор) хлортуындылары жатады. ХОҚ - улылығы жоғары және орташа, кумулятивтік қасиеті айқын, ана сүтімен бөлініп шығады, таңдамалы түрде май тіндерінде жиналады, сыртқы ортада тұрақтылығы жоғары. ХОҚ асқазан-ішек жолдары арқылы түсуінен пайда болған, жедел уланулар кезінде жедел энтероколиттер байқалады, олардан кейін ми қыртысы астындағы бөліктерінің зақымдануына әкеліп соғатын уланудан дамитын энцефалит түрінде орталық жүйке жүйесі зақымдануының белгілері пайда болады. Жиі токсико-аллергиялық миокардит, гепатит, нефропатия дамиды және өлімге әкеп соғуы мүмкін. Кейде, жедел интоксикациядан кейін пестицидтермен қайта байланыста болған кезде панмиелофтиз дамуы мүмкін.

Созылмалы улануларға, астено-вегетативті өзгерістер, вегето-сенсорлық полиневрит түріндегі шеткі жүйке жүйесінің зақымдануы, миокардтың дистрофиясы, бауырдың, бүйректердің уланудан зақымдануы, гипохромды анемия пайда болуы, лейкопоэздің нашарлауы тән. Ауыр созылмалы уланулар кезінде, майда ошақты органикалық симптомды энцефалополиневрит статико- үйлесімдік бұзылыстар түріндегі жүйке жүйесінің диффузиялық зақымдануы байқалады.

Фосфорорганикалық қосылыстар(ФОҚ). Пестицидтердің басқа түрімен салыстырғанда, ФОҚ кеңінен қолданылады, себебі, олардың инсектицидтік белсенділігі жоғары және салыстырмалы түрде улылығы аз, олардың ыдырау өнімдерінің улылық қасиеті жоқ дегу болады, сыртқы ортада белсенділігі тез жоғалады, ағзада жиналатын қасиеті және ана сүтімен бірге шығу қабілетінің айқындылығы аздау. ФОҚ тобына фосфор, тио- және дитиофосфор, сондай-ақ, фосфон қышқылдарының эфирлеріне жататын октаметил, метафос, метилмеркаптофос, фосфамид, карбофос, хлорофос, үшхлорметафос-3 және басқа да заттар жатады.

Көпшілік ФОҚ-дың улылық әсер механизмінде холинэстеразалардың белсенді орталықтарының фосфорлануы себебінен, олардың белсенділігінің нашарлауына басты роль беріледі. Нәтижесінде, ацетилхолин медиаторы жиналып, жүйкелік қозулардың берілуі бұзылады. Уланудың негізгі белгілері, ацетилхолиннің мускарин тәрізді, никотин тәрізді және орталық әсерімен анықталады. Ауыр дәрежелі жедел уланулар кезінде, асфиксия, жүрек қызметінің құлдырауы нәтижесінде өлімге дейін әкеп соғуы мүмкін. ФОҚ -мен созылмалы уланулар кезінде емдеуге қарамастан, тоқтаусыз бас ауыру, бас айналу, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, тағамға тәбеті болмау, жүрек айну, әлсіздік байқалады. Интеллект төмендеуі, petit mal қысқа мерзімді есінің ауытқуы, уланудан бауыр зақымдануы, вегето-тамырлық өзгерістер болуы мүмкін.

Сынапорганикалық қосылыстар (СОҚ). Тұрақтылығы айқын және ағзада жиналатын қабілеті жоғары, улылығы жоғары заттар. Олардың көпшілігі (гранозан, меркуран, меркурексан, меркурбензол) ұшқыштығына байланысты, жұмыс істеген кезде едәуір қауіпті, себебі ағзаға тыныс жолымен түсуі мүмкін. Улану, сондай-ақ, тері және асқазан-ішек жолдары арқылы түсуі кезінде де болуы мүмкін. Ауыр уланулар уландырылған дәнді дақылдардан жасалған тағамдарды қабылдаған кезде жиі байқалады.

СОҚ әсер ету механизмі, сынаптың негізгі ферменттік жүйелердің SH-топтарымен әсерлесуімен байланысты. Ол ферменттердің атқаратын қызметтерінің бұзылуына әкеп соғады. СОҚ гемато-энцефальдық кедергілерден жеңіл өтеді, соның нәтижесінде олармен улану кезінде ми тіндерінің таңдамалы зақымдануы байқалады. Уланудың патогенезінде СОҚ капиллярларға улы әсер етеді және олар тін ақуыздарымен байланысқа түсіп, кешенді антиген жасайды. Осыған байланысты, СОҚ-мен уланулар кезінде аллергиялық реакциялар болуы мүмкін.

Жеңіл дәрежелі уланулар кезінде гингивит, гастроэнтероколит, астено-вегетативті бұзылыстар байқалады. Уланудың ауыр түрлерінде жүйке жүйесінде қайтымсыз таралған зақымданулар пайда болады. Мишықтың (атаксия, дизартрия, тремор), аралық мидың (анорексия, жүдеу, адинамия, қантты емес сусамыр) атқаратын қызметтері бұзылады. Улану үрдісі барлық бас сүйек-ми жүйкелерін қамтиды, шала салдану, салдану дамиды, көру және есту елестері, сандырақтау, шизофрения сияқты синдромдар пайда болады. Сондай-ақ, уланудан немесе уланудан-аллергиялық миокардит, бауырдың, бүйректердің зақымдануы да кездеседі.

СОҚ-тан созылмалы уланулардың бастапқы сатысына, эретизм элементтері бар астено-вегетативтік синдром дамуы, стоматиттер, гингивиттер тән. Улану үрдісінің әрі қарай күшейе беруіне байланысты, жүйке жүйесінің таралған зақымдануы басты орын ала бастайды. Уланудан энцефалопатия немесе энцефалополиневрит дамиды. Жүйке жүйесінің патологиясына, әдетте, миокард дистрофиясы, бауырдың уланудан зақымдануы, гипохромды анемия қосылады. СОҚ улылығы жоғары және қауіпті болуына байланысты, оны егістік үшін қолданылатын тұқымдық дәнді дақылдарды өңдеу үшін пайдалануға руқсат етіледі. Уландырған дәнді дакылдарды тағамға пайдалануға қатаң тыйым салынады.

Карбамин қышқылының туындылары. Карбоматтар (байгон, дикрезил, севин, карбин, пиримор), тиокарбоматтар (ронит, тиллам, эптам, ялан) және дитиокарбоматтар (карботион, купрозан, полимарцин, ТМТД, цинеб, цирам) инсектицидтер, акарацидтер, бактерицидтер, гербицидтер, фунгицидтер, т.б. ретінде ауыл шаруашылығында кеңінен қолданылады. Себебі, әсер спектрі үлкен және қоршаған ортада тұрақтылығы салыстырмалы түрде төмен. Бұл пестицидтердің ағзаға әсері әр түрлі, ол оның физико - химиялық қасиеттерімен байланысты. Мысалы, метил- және диметилкарбоматтардың (дикрезил, севин) холинэстеразаға қарсы әсері бар, бірақ ФОҚ-мен улануға қарағанда, айқындылығы азырақ. Тио- және дитиокарбоматтарға тиолдық ферменттердің белсенділігін төмендету, тотығу үрдістерінің бұзылуына әкеп соғу тән, бұл осы пестицидтердің ағзадағы ыдырау өнімдері – этилентиомочевинаның және күкіртті көміртектің улы әсерімен байланысты. Карбоматтардың көбіне аллергендік, эмбрио – және гонадотоксикалық, канцерогендік және мутагендік (дитиокарбоматтар), тератогенді (севин) әсерлер тән. Кейбір карбоматтар (фенилкарбоматтар) метгемоглобин түзуші болып табылады. Карбоматтардан уланудың клиникалық көріністерінде орталык жүйке жүиесінің және паренхимотозды мүшелердің зақымдануы басты орын алады.

Тағамдық азықтарды ластаушы пестицидтерден уланулардың алдын алу үшін келесі шаралар іске асырылуы қажет:

· Қоршаған ортада тұрақтылығы төмен, улылығы және салдары әсерінен біраз уақыт өткеннен кейін пайда болатын қабілеті төмен пестицидтерді қолдану керек.

· Пестицидтерді қолдану жөніндегі нұсқауды қатаң орындау және азықтардың пестицид қалдықтарынан тазаруы үшін қажетті уақытты сақтау керек.

· Тағамдық азықтардың пестицидтермен ластану денгейіне тұрақты түрде гигиеналық бақылау жүргізу керек: тағамдық азықтардың құрамындағы пестицидтердің қалдықтары немесе олардың метаболиттері рұқсат етілген мөлшерден аспауы керек, құрамында сыртқы ортада тұрақты және кумулятивтік қасиеті айқын пестицидтердің қалдығы бар азықтарды қолдануға рұқсат етілмейді.

Егер, тағамдық азықтардың құрамында пестицидтер рұқсат етілген мөлшерден артық болса, онда оған құрамында пестициді жоқ таза азықты (дәнді дақылдар, сұйық өнімдер) қосу арқылы құрамындағы пестицидтері рұқсат етілген деңгейге дейін жеткізуге болады. Қойылту және құрғату үрдістерінде сүт, пестицидтерден тиімді тазарады, бұл кезде құрамы бұзылмаған сүтке қарағанда, майсыз сүт пестицидтерден толығырақ тазарады, себебі, пестицидтердің бәрі де майда жақсы ериді. Сондай-ақ, сүт майларын өсімдік майларымен жарым-жартылай алмастырып, майы аз сүт өнімдерін өндіру арқылы тағамда (азықтарда) пестицидтердің концентрациясын азайтуға болады.

Нитриттерден, нитраттардан, нитрозоқосылыстардан уланулар. Азот құрамды тыңайтқыштарды бақылаусыз қолдану, топырақта нитраттар деңгейінің шұғыл өсуіне әкеп соқты, нәтижесінде, азық-түлік және ауылшаруашылық жем-шөп дақылдарында да көбейді. Өсімдіктерде зат алмасуын бұзатын кейбір пестицидтер және ауыр металдар, нитраттардың өсімдік өнімдерінде жиналуын ондаған есеге күшейтеді. Нитраттардың ең үлкен концентрациясы тағамдық көк өсімдіктерде, көкөністерде, әсіресе олардың жапырақтарында және тамыр жемістерінде, бақша дақылдарында байқалады. Парникте (көшетханада) өсетін тағамдық көк өсімдіктердің құрамында да нитраттар көп, ол топырақты тыңайтқыштармен өңдеудің қарқынды жүргізілуіне және жарықтың жеткіліксіздігіне байланысты. Микрофлоралардың қалпына келтіретін әрекетінен, нитраттар нитриттерге айналады, сол себепті азықтарды сақтау кезінде, олардың құрамында нитриттер көбейеді.

Нитраттар мен нитриттер ағзаға еттен жасалған тағамдармен түседі (шұжықтар, ысталған ет өнімдері, сырлар, т.б.), бұл тағамдарға оларды консерванттар немесе түс (рең) беретін зат ретінде қосады. Нитраттарды ағзаға негізгі түсіріп отыратындар, көпшілігінде өсімдік текті тағамдар, ал нитриттер негізінен (60% дейін) ет тағамдарымен бірге түседі.

Кулинарлық өңдеу тағамның құрамындағы нитраттар мен нитриттердің азаюына әкеп соғады. Мысалы, тазалау, жуу, суға, салып қою кезінде бұл заттардың мөлшері 5 – 15% азаяды, қайнатып пісіру кезінде – қайнатқан суға шығуы және нираттарды нитриттерге айналдыратын ферменттердің белсенділігі жойылуы нәтижесінде, 80%-ға төмендейді. Асқазан-ішек жолдарына түскен нитриттер мен нитраттардың бір бөлігін асқазан және ішек микрофлорасы зат алмасуына түсіреді, сөйтіп нитраттар нитриттерге айналады. Пайда болған нитриттер асқазан-ішек жолдарынан жеңіл сіңеді, қанға өтіп гемоглобинмен әсерлеседі де, метгемоглобин түзеді, осыған байланысты ағзаның оттегімен қамтамасыз етілуі бұзылады да, айқын білінетін гипоксия пайда болады. Нитриттер мен нитраттардың әсеріне жас балалардың сезімталдығы жоғары, себебі, олардың асқазан-ішек жолдарындағы микрофлорасы нитраттрады нитриттерге белсенді айналдыратын қабілеттілігімен ерекшеленеді, ал метгемоглобинді бұрынғы қалпына қайта келтіретін (гемоглобинге) метгемоглобинредуктаза ферментінің белсенділігі әлі жеткіліксіз.

Нитраттардың нитриттерден айырмашылығы, ол, метгемоглобин түзуші емес және соншалықты улы да емес. Егер, нитриттерден жедел уланулар 200-300 мг, өліммен аяқталуы 300-2500 мг дозасында байқалатын болса, онда нитраттармен улану кезінде бұл дозалар -1-4 г және 8-14 г сәйкес келеді. Бұл кезде улы әсері нитраттардан пайда болатын нитриттермен байланысты. Дегенмен, нитраттардың үлкен дозалары гепатоцидтердің ядроларына және нуклеиндердің алмасуына әсер етуі мүмкін, олардың эмбриотоксикалық және мутагенді әсері осымен түсіндіріледі. Нитриттердің рұқсат етілген тәуіліктік дозасы 0,2 мг/кг дене массасына, ал емшек еметін жастағы балалар үшін – 0,05 мг/кг, нитраттар үшін – 5 мг/кг сәйкес.

Нитриттер мен нитраттардың тағаммен ағзаға көп түсуінің қауптілігі, олардың әсерінен тек созылмалы нитриттік-нитраттық метгемоглабинемия пайда болуымен ғана байланысты емес, сонымен қатар, канцерогенді белсенділігі жоғары, мутагенді, тератогенді, және эмбриотоксикалық қасиеттері бар нитрозоаминдердің эндогенді синтезделуіне қатысуымен де қауіпті.

Нитрозоаминдер қоршаған ортада көп таралған, оның ішінде әр түрлі тағамдық азықтарда да кездеседі. Тағамдық азықтар, нитрозоаминдердің ағзаға экзогенді түсетін көзі ретінде, ең басты орын алады. Мысалы, адам тәуіліктік рационмен орта есеппен 1 мкг нитрозоқосылыстар қабылдайды, ал ауыз сумен -0,01 мкг, тыныс алатын ауамен - 0,3 мкг түседі. Бұл тағамдық азықтардың құрамында нитрозоқосылыстардың алдыңғы өнімдерінің болатындығымен және олардан ауыл шаруашылық шикізаттарды, жартылай дайын өнімдерді өңдеудің барлық әдістерінде, пісіру, қуыру, ыстау, тұздау, ұзақ уақыт сақтау кездерінде нитроздану нәтижесінде нитрозаминдердің пайда болатындығымен түсіндіріледі. Тамақ дайындау техналогиясында қолданылатын нитриттердің, сондай-ақ, ыстайтын түтіннің құрамына кіретін азот оксидінің нитроздаушы қабілеттілігі жоғары. Адам, барлық нитрозоқосылыстардың жартысын тұздалған-ысталған тағамдардан алады.

Нитриттердің нитраттардың және нитрозоаминдердің зиянды әсерлерінің алдын алу келесі бағытта жүргізілетін шараларды қамтиды.


Дата добавления: 2016-03-26 | Просмотры: 770 | Нарушение авторских прав



1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 | 40 | 41 | 42 | 43 | 44 | 45 | 46 | 47 | 48 | 49 | 50 | 51 | 52 | 53 | 54 | 55 | 56 | 57 | 58 | 59 | 60 | 61 | 62 | 63 | 64 | 65 | 66 | 67 | 68 | 69 | 70 |



При использовании материала ссылка на сайт medlec.org обязательна! (0.007 сек.)