АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология

І ТАРАУ

Прочитайте:
  1. II тарау
  2. III тарау
  3. IV тарау
  4. V тарау
  5. V тарау
  6. VI тарау
  7. XII ТАРАУ
  8. XIII -ТАРАУ. ЖЕКЕ БАС ГИГИЕНАСЫ
  9. XVII тарау

Әскери эпидемиология. Міндеттері. Соғыс уақытындағы жеке әскери құрамның арасындағы эпидемиялық процестің ерекшеліктері

1.1 Әскери эпидемиологияның анықтамасы және міндеттері,

оның құрылуы мен дамуы

 

Әскери эпидемиология - әскери медицинаның және эпидемиологияның саласы. Әскери құрамның арасындағы жұқпалы аурулардың пайда болуын және таралуын алдын алады және де әскерде жұқпалы аурулардың шоғырлануын болдырмау шараларын ұйымдастырады, ошақтарды жояды, әскерден жұқпалы аурулардың шығуын алдын алады. Әскери эпидемиология - эпидемиология мен әскери медицинаның ұштасуы негізінде қалыптасады да әскерді эпидемиядан қорғау теориясы мен тәжірибесін негіздейді. Бұл білім мен тәжірибелік іс-әрекеттің теориялық, әдістемелік және ұйымдастырушы принциптердің жиынтығын көрсетеді, олар әскерде алдын алу және эпидемияға қарсы шараларды ұйымдастырып жүзеге асыруға бағытталған.

Эпидемиологияда әскер үшін өзекті әскери эпидемиологияның жалпы бөлімдері, жұқпалы аурулардың жеке нозологиялық түрлері нақтылы көрсетіледі. Қазіргі уақытта әскери эпидемиология - биологиялық қарудың зақымдаушы қасиеттері және әскерді одан қорғаудың білім жүйесін құрайды.

Әскери эпидемиология пәнін оқып үйренудің өзіне тән ерекшеліктері бар. Оқытып үйретудің нысанасы әскери ұжым болғандықтан, бейбіт уақытта әскери құрамның тұрмысы мен өмір сүру жағдайы, соғысқа дайындығы эпидемиялық қолайлығы жағынан қарастырылады.

Әскери эпидемиологияның тарихы да басқа медицина салалары тәрізді өткен ғасырлардан басталса да, оның өз бетінше ғылым ретінде соңғы уақыттарда ғана қарастырылуда. Орта ғасырдың медицинасында көптеген эпидемияларға қарсы, әсіресе обаға қарсы шаралар орын алған. Жұқпалы аурулар, олардың эпидемиологиясы, күресу шаралар туралы ғылым ол кезде болмаған. Жұқпалы аурулардың кеңінен таралуы соғыс уақытында әскердің және тұрғындардың арасында көп тіркелген. Әскери эпидемиология негіздері әскер арасындағы жұқпалы аурулардың пайда болуы мен таралуын біле отырып, оларды ескертуге мүмкіншілік береді, ал егер де пайда болған жағдайда бұл ауруды жою бойынша тиімді шаралар жүргізеді.

Қазіргі әскери эпидемиологияның негізгі міндеттері:

- әскери құрамның арасында жұқпалы және паразиттік аурулардың пайда болуы және таралуын алдын алу;

- әскердің денсаулығын нығайту мақсатымен олардың тұрмыс жағдайын, әскери әрекеттерді санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау;

- әскери жеке құрамды қорғауды қамтамасыз ететін, сонымен қатар, биологиялық қарудан жаралылар мен науқастарды, медициналық қызмет мекемелерін қорғау шараларын жүзеге асыру;

- соғыс кезіндегі әскери құрамның арасындағы эпидемиялық процестің ерекшеліктерін, сонымен қатар, әскерді әр түрлі жағдайда эпидемияға қарсы шаралар жүргізуге үйрету.

Әскери эпидемиологияның негізгі міндеттерінің бірі әскери құрамның арасында жұқпалы аурулардың пайда болуы мен таралуының алдын алу болып табылады. Ұлы Отан соғысы жылдарында КСРО-ның қарулы күштерінің арасында жұқпалы аурулардың үлкен өршулері болған емес, ол әскерді эпидемияға қарсы шаралар жүргізуге үйретудің жоғарғы деңгейде жүргізілгенінің нәтижесі болып табылады.

Әскердегі эпидемиялық аурулардың алдын алуды қамтамасыз етудің басты шаралары болып табылады:

- нақты жағдайды эпидемиологиялық болжау, жұқпалы аурулармен ауырған науқастарды дер кезінде анықтап, жедел түрде оңашалап, ауруханаға жатқызу;

- әскери коммуникацияларда эпидемияға қарсы тосқауылдар (санитар-лық - бақылау және оңашалап өткізу пункттері жүйесін) құру;

- әскери жеке құрамның арасындағы жұқпалы аурулардың арнайы алдын алуы;

- әскерді моншамен, кір жуумен, дер кезінде дезинфекциялық шаралармен қамтамасыз ету.

Әскердің орналасу орнының тез арада ауысуы, жұқпалы аурулар тіркелген қолайсыз аудандарда тұруға мәжбүр болуы, физикалық жүктеме, тағаммен дұрыс қамтамасыз етілмеуі және басқа да факторлар жұқпалы аурулардың пайда болуына әкеп соғады. Бұл жағдайларда ең басты міндет, әскерді эпидемияға қарсы шараларды іске асыруға үйретудің дұрыс ұйымдастырылуы.

Әскерді эпидемияға қарсы шараларды іске асыруға үйрету – бұл әскер арасында жұқпалы аурулардың пайда болуын, жойылуын ескерту және жеке құрамның әскери дайындық мүмкіншілігін арттырып, денсаулығын нығайтуға бағытталған эпидемияға қарсы медициналық-ұйымдастырушылық шаралар жүйесі.

Оның негізгі міндеттері:

- бөлімшелерге жаңадан келіп түскендермен бірге жұқпалы аурулардың енуін ескерту шаралары, сонымен қатар тұрғындардан, әскери тұтқындардан және табиғи ошақтағы жұқпалы аурулардан әскери құрамның зақымдалуының алдын алу;

- жұқпалы аурулармен ауырған науқастарды дер кезінде анықтау, оңашалау, қажетті шараларды орындай отырып, жұқпалы аурулар госпиталіне жеткізу;

- жұқпалы аурулардың созылмалы түрімен ауырған адамдарды және бактерия тасымалдаушыларды анықтап, тіркеу және емдеу;

- медициналық тасымалдау сатыларында қатаң түрдегі эпидемияға қарсы тәртіпті сақтау;

- зақымдалу қаупі бар адамдарды анықтау, оларға медициналық бақылауды ұйымдастыру;

- бөлімшелерде оңашалау-шектеу шараларын жүргізу;

- дезинфекция, дезинсекция және дератизация жүргізу;

- жедел және арнайы алдын алу жұмыстарын жүргізу;

- санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізу.

Медицина тәжірибе көрсеткендей соғыс кезінде әскерде де, тұрғындар арасында да гигиеналық және эпидемиялық жағдайлардың нашарлайтыны дәлелденді.

Ұрыс кезінде қалалардың және тұрғындар пункттерінің коммуналдық тұрмыс жағдайы бұзылады да, ол тұрғындар мен әскерлерді санитарлық өңдеудің төмендеуіне, ең соңында жұқпалы аурулардың өршуінің пайда болуына әкеліп соғады.

Әскер арасында жұқпалы аурулардың өршуіне сол ауданның жергілікті тұрғындарының сырқаттанушылығы көп әсер етеді.

1.2. Әскерге жұқпалы аурулардың ену жолдары және соғыс кезіндегі эпидемиялық процестің білінуіне, дамуына әсер ететін факторлар

 

Әскери құрамның жұқпалы аурулармен сырқаттанушылығы әскери ұжымға тән ішкі факторлармен және әскердің орналасу ауданының эпидемиологиялық, эпизоотиялық жағдайына байланысты сипатталатын сыртқы факторларымен анықталады.

Ішкі және сыртқы факторлардың бірлесіп әсер етуі әскери жеке құрамдағы жұқпалы аурулардың құрылысын анықтайды, әскерде эпидемияның дамуына әсер ететін әлеуметтік фактор болып табылады.

Әскер мен тұрғындар арасында эпидемияның дамуына әсер ететін маңызды факторларының бірі қашқындар болып табылады. Соғыс кезінде көптеген адамдар контингентінің араласуы эпидемияның дамуына және оның барлық елдерде таралуына әсер етеді.

Ұлы Отан соғысының тәжірибесінің көрсетуі бойынша әскерде, майданда антропонозды жұқпалы аурулардың негізгі ену көзі әскердің толықтырылуы, тұрғындар және басқа да контингенттер (тұтқыннан босатылған әскери тұтқындар) болып табылады. Әскерге зоонозды жұқпалы аурулар қоздырғышының ену жолдары жабайы кеміргіштер арқылы да болады, әскер далалық жерге орналасқанда олар жертөлелер мен басқа да нысаналарды жайлап алады. Әскери құрамның зақымдалуы көбінесе әртүрлі факторлар: тағам, су, шаң, буынаяқтылар арқылы болады. Бұл оба, туляремия, геморрагиялық қызбалар, иерсиниоздар, лептоспироздар, безгек және т.б. қатысты. Әскери құрамның зақымдалуында топырақ аса маңызды роль атқарады, ол анаэробты зақымдалудың факторы (сіреспе, газды гангрена) және споралық (сібір түйнемесі) жұқпалы ауруларды таратады.

Әскери бөлімшелерге сырттан жұқпалы аурулардың енуін ескерту шаралары: жұқпалы аурулармен сырқаттанушылықтың деңгейін талдау, санитарлық-эпидемиологиялық барлау және әскердің орналасқан жерін санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау, әскери құрамды толықтырып қабылдаған кезде, тасымалдау кезінде эпидемияға қарсы және алдын алу шаралары, қарсылас биологиялық қаруды қолданған кездегі шаралар.

Әскерге жұқпалы аурулардың ену жолдарын анықтау мақсатында және соғыс уақытында эпидемиялық процестің дамуына әсер ететін факторларды анықтау үшін қауырт (оперативті) эпидемиологиялық талдауды және әскердегі эпидемиялық ошақтарды зерттеуді жүргізу керек.

Қауырт эпидемиологиялық талдау – бұл әскери құрамның арасында жоспарланған эпидемияға қарсы шаралардың сапалы түрде орындалғаны жөніндегі ағымды есеп беру негізінде, зертханалық зерттеулердің қорытындысы, әскердің қызмет, тұрмыс жағдайларының өзгеруі, сырқаттанушылықтың талдауына есеп беру және ошақтарды эпидемиологиялық тексерудің қорытындысы кезінде эпидемиялық процестің даму тенденциясына динамикалық баға беру.

Сонымен қатар жұқпалы сырқаттанушылықты талдау жеке құрамның жұқпалы сырқаттанушылығының динамикасын, құрылымын, деңгейін, жұқпалы аурулардың пайда болуы мен таралуын анықтайды және эпидемиологиялық болжау жасайды.

Бірен-саран сырқат тіркелетін ошақтарда эпидемиологиялық тексеруді бөлімшенің дәрігері жүргізеді. Егер өте сирек кездесетін жұқпалы ауру немесе аса қауіпті жұқпалы ауруларға күдік туса тексеруге санитарлық-эпидемиологиялық мекеменің маманы қатысады.

Бірен-саран сырқат тіркелетін ошақтарда тексерудің мақсаты бөлімшеге аурудың сырттан әкелінгенін анықтау болып табылады. Бұл кезде келесі жұмыстар жүргізіледі:

- бөлімшенің орналасу аймағының (ауданның) эпидемиологиялық жағдайын анықтау;

- ошақтағы әскери құрамды, науқастарды сұрастыру және тексеру;

- сыртқы ортаны байқау және тексеру;

- жиналған мәліметті талдап, ошақтың шекарасын анықтау және оны жою шараларын жүргізу.

Көптеген науқастары бар ошақтарды эпидемиологиялық тексеруді санитарлық-эпидемиологиялық мекеменің маманы жүргізеді. Ошаққа маман келгенге дейін тексеруді бөлімше дәрігері жүргізеді.

Ошақтарды тексергенде қойылатын міндеттер:

- нақты жағдайларда ошақтың орналасуы мен оны жоюға арналған шаралар кешенін таңдау үшін сырқаттанушылықтың таралуы мен пайда болу жағдайының себебін анықтау;

- эпидемиялық өршудің түрін анықтау.

Алынған мәліметтерді талдау мен жүйелеу, бірқатар жалпылай белгілері бар эпидемияның 3 тобын бөлуді қажет етеді:

- 1-ші топтағы эпидемияда әскери құрамның зақымдалуы бір жұқпа көзінен немесе берілу факторымен жүреді. Эпидемияның бұл түрі көбінесе зооноздарда (мысалы: бруцеллез) болады.

- 2-ші топтағы эпидемияда жұқпаның зақымдалған адамдардан зақымдалмаған адамдарға берілуімен сипатталады. Бұл топтағы эпидемия тез арада өршуімен және ұзақтылығымен сипатталады. Эпидемияның бұл тобы ауа-тамшы жолымен берілетін антропоноздарға тән.

- 3-ші топтағы эпидемияда науқас адамдардан берілу факторы арқылы зақымдалуымен (тағам, су, лас қол, буынаяқтылар және т.б.) сипатталады, бұл кезде тікелей қарым-қатынастың қажеті жоқ. Бұл топтағы эпидемияға көбінесе ішек антропоноздары және трансмиссивті сырқаттану жатады. Мысалы, дизентерия эпидемиясы тағам немесе су жолы арқылы берілуі мүмкін. Су жолы эпидемиясының ұзақтылығы бойынша жедел және созылмалы болуы мүмкін. Бұл эпидемияларда ең маңыздысы ошақты эпидемиологиялық тексеру болып саналады. Бұл кезде мына пункттер енгізілуі керек:

- эпидемиялық көрсеткіштер бойынша сырқаттанушылықтың құрылымын талдау;

- науқастар мен дені сау адамдарды тексеру және сұрастыру;

- ішкі ортаны көзбен шолып және зертханалық тексеру;

- нақты жұқпалы аурудың нозологиясы бойынша жиналған мәліметтердің байланыстылығын логикалық өңдеу;

Жоғарыда аталып өтілген шаралардың жиынтығы әскерде әскери құрамның ұрысқа дайындығын жоғарылату үшін эпидемияға қарсы жұмыстарға қатаң бақылау жүргізуді қамтамасыз етеді.


Дата добавления: 2015-02-05 | Просмотры: 3167 | Нарушение авторских прав



1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |



При использовании материала ссылка на сайт medlec.org обязательна! (0.007 сек.)