АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология

ГИПОТАЛАМУС (Эссе)

Прочитайте:
  1. B) Синтез секрета, разбавляющего сперму при эякуляции, участвует в предопределении дифференцировки гипоталамуса по мужскому типу,
  2. I. Аналоги гормонов гипоталамуса
  3. Анатомическое строение гипоталамуса
  4. Гипоталамус
  5. ГИПОТАЛАМУС
  6. Гипоталамус и гипофиз
  7. ГИПОТАЛАМУС И ГИПОФИЗ
  8. ГИПОТАЛАМУС И ЭНДОКРИННАЯ СИСТЕМА
  9. Гипоталамус – это подбугровая часть промежуточного мозга

4-Ақпан, 2010 Әдебиет 808 рет оқылды

Пропискадан пәтерге дейін
Жанына оның жат емес,
Ғылым мен БАҚ, медиа.
Басы оның бас емес —
Энциклопедия!
(Журналистік фольклордан)

Осыдан ширек ғасыр бұрын, бүгінгіше айтсақ, Бершүгір стансасының, теміржол бойының сол кездегі ресми онамастикасына сүйенсек, «Берчогрдың» баласы Бердібай Кемал екеуміз Ақтөбе облыстық «Коммунизм жолы» газетіне өндірістік практикаға келдік. Бұл коммунизмнің елесі ептеп көмескілене бастағанымен оның сара жолы әлі де сайрап жатқан кез еді. Үлкенді-кішілі басылымдарда «Қайта құру қаһармандары», «Бетбұрыс баспалдақтары» деген айдарлардың айдарынан жел есіп тұрған тұсы. Жұрт нені қайта құрарын білмей жанығып жүрген осы бір кезеңде айтыс ақыны Бекұзақ Тәңірбергенов Алматыға келіп, «Қайта құру дегенде қайта құру, Атыңды қайта ерттеп, қайта міну!», — деп елді бір дуылдатып кетіп еді. Осындай идеологиялық ұстаным қоғамға тірек болып тұрған дәуірде ілмиген шиборбай екі студент ақтөбелік сақа журналистердің ортасына топ ете түстік. Біздің бұл келуіміз кейін осы газеттің бүгінгі бас редакторының орынбасары, ол кездегі жас тілші Ертай Ашықбаевтың «Өндірістік тәжірибе» деген өлеңіне өзек болды:

Ақтөбе, талай ерге болдың ыстық,
Алматыдан келді, уай, —
Сын-байқауға бір айлық өндірістік,
Бауыржан мен Бердібай.

Мен түлекпін, студент бұлар әлі,
Бұлар — ескек бағытсыз қайықтағы.
Жоқ әзірге байсалды мұралары,
Жоқ тіпті зайыптары…

Журфакты бітіргеніне небәрі екі-ақ жыл өткен Ерекең «Дәл осындай сәл мұңсыз, сәл бақытты, Мен де болғам, Кезікпеген ешқандай зарға тіпті, Кешегі келген ордам», — деп бізге қызыға қарайды. «Сондықтан да тым ыстық бұлар маған, Жүремін әрідегі елеске еріп, Қай сиқыр жұтқан бізді, кім арбаған, Осындай емес пе едік?», — деп студент күнін сағынып еске алады. Ал біз қаламы өлең сөзге де, көсемсөзге де жүйрік Ерекеңнің қабілетіне қайран қаламыз. Әдетте ақындардың мақала жазуға қыры бола бермеуші еді…
Сол өндірістік тәжірибеде өндіріп жазып жүрген кезімізде Ақтөбенің бүкіл журналистер қауымы Алматы жақтан естілген бір жаңалыққа елең етті. Ертай Ашықбаевпен бірге оқыған Мақсат Тәжімұратов үй алыпты! Оқу бітіргендеріне үш-төрт жыл болған жас журналистер осыған қатты қуанды. Әсіресе, Нұрмұхамед Дияров өзі үй алғаннан бетер мәз болды. «Әй, дұрыс болған екен. Жақсылап бір жазатын болды енді!». Былай қарасаң, жай ғана хабар. Кім үй алмай жатыр?.. Бірақ соған елдің едәуір елеңдескеніне қарап, «Бұл бір мықты жігіт болды-ау, шамасы…», — деп ой түйдік. Әсіресе, торғайдың ұясын ықтасын көретін Бердібай екеуміз секілді жалаңаяқ студент үшін үй алғандардан артық бақытты адам жоқ.
Сол кезде Мақсат туралы не білетінімді еске түсіре бастадым. Ол бәріміздің бесігіміз болған бесінші жатақханада көп көрінбейтін. Сірә, ертерек үйленіп, пәтерге шығып кетсе керек. Екінші курста оқитын кезіміз еді. Бір күні ұзын дәлізде бесінші курстың студенттері шығарған қабырға газетінің ілулі тұрғанын көрдік. Жалпы, бұлар өзі қызық курс. Басқа курсқа қарағанда сыраны өндіріңкіреп ішеді. Біреуі: «Сау кезімде Айбас — студсовет, мас кезімде мен — студсоветпін!», — деп теңселіп жүреді. Тағы біреуі түн ішінде жатақханаға тапанша алып келеді. Ол тапанша әлде Отан соғысына, әлде Азамат соғысына қатысқан біреудің атасының қаруы болып шығады. Үшінші біреуі соны көріп, «Қадірлі ата, сен бізді кінәлама, Ержеттің деп қолыңды барға малып, Рас, біздер өзіңдей қару алып, Революция жеңісін қорғамадық», — деп Шахановтың кейпіне еніп, өлеңдетіп отырады. Осындай мінезі қиқы-жиқы біртүрлі курстың шығарған газеті де басқалардыкіне ұқсамайды. Сірә, бесінші курстықтардың бірінші курстықтармен дәстүрлі кездесуіне арнап шығарылған сияқты. Сол кездің өзінде танылып қалған ақындар Ертай Ашықбаевтың лирикалық, Мұратбек Дүйсенбековтің сықақ өлеңдері жарияланған. Соның ішінде бір мақала ерекше көзге ұрып тұр. Тақырыбы — «Лимбус гипоталамус, ХХI ғасыр және біз». Авторы — Мақсат Тәжімұратов. Мәссаған! Мұның «лимбус гипоталамусы» немене болды екен? Оқи бастадық. Өз дәуірінен жиырма-отыз жыл алға озып, келер ғасырды суреттейді. Өзімен бірге оқығандардың келешегіне болжам жасайды. Бірі жазушы, бірі ғалым, бірі дөкей… Мақсаттың «Гиполамусында» Қапшағайдың төңірегінде үлкен қала орнаған. Жаңағы дәулер мен дөкейлердің бәрі сонда қызмет істейді. Ал енді жазуы деген керемет. Болашақта журналистиканың жампозы болатыны бірден байқалып-ақ тұр. Содан кітапханаға барып, сөздік ақтарайық. Сөйтсек, біздің діңкемізді құртқан «гипоталамус» адам миының таламустан (көру төмбесі) төменгі бөлігі екен. Көпқырлы физиологиялық міндет атқарады. Анатомиялық тұрғыдан гипофизбен және лимба жүйесімен тығыз байланысты. Яғни, мидың шамадан тыс жетілуіне мүмкіндік береді. Демек, алдағы болашақ туралы да мәлімет алуға болады. Міне, бар болғаны бесінші курс студентінің қаламы қалай-қалай ойқастап жүргенін аңғарған шығарсыз. Басқа біреу болса, таламус-саламуссыз-ақ пәленбай ғасырға қиялмен саяхат жасай берер еді. Ал бұл келешекке ойша сапарының өзін ғылыми негіздейді. Осы саланы зерттеушілердің, яғни, гипоталамустанушылардың мығым логикасына сүйенеді.
Айтпақшы, «Қазақ университеті» газетінен тағы бір мақаласын оқыған екенмін-ау. Бірде қазақ киносының қара нары Асанәлі Әшімов студенттермен кездесуге келген-ді. Сонда ұлт тарихына арналған фильмдер туралы әңгіме болды-ау деймін. Сол жиыннан жазылған студент Мақсат Тәжімұратовтың мақаласы «От! От!» деп басталатын. Әрі қарай «қырда қырқысып, ойда айқасқан» деген тәрізді сол жылдардағы қатарластарының ойына келе бермейтін тіркестер түйдектеліп түседі. Бұл журфакқа түскен бар баланың «Ана… Осы бір үш әріпте қаншама терең мағына бар десеңізші» деп басталатын мақалалар жазатын кезі еді…
«Пропискадан пәтерге дейінгі» (Оның осылай аталатын бір мақаласы бар еді) тауқыметті бастан өткерген жас журналист кейін үй алған соң қаламын көсіле сілтеді.

Талғамы биік, танымы терең

Жақсылармен жүйелес,
Масондармен «жұрағат»,
Миы оның ми емес —
Мемлекеттік мұрағат!
(Журналистік фольклордан)

Жұрт аузында есімі көп атала берген соң ең болмаса түрін көрейік деп Мақсатты іздегенбіз. Жоқ. Жатақханаға жоламайды. Диплом жазып жатқанға ұқсайды. Жалпы, саяқ жүретін секілді. Кейін бір-екі жыл өткеннен кейін көрдік. Ортадан сәл жоғары бойы бар тарамыс қара жігіт екен. Танымайтын адамына тосырқай қарайды. Зауқы соқпаса, ешқандай әңгімеге араласпайды.
Кейін жақын араласқан соң әлгі ақтөбеліктер бөркін аспанға атып қуанатын үйін де көрдік. Адам айналуға келмейтін бір жарым бөлмелік шағын пәтер. Бірақ сол шағын пәтер ширықтырды оны. Табаны күректей он бес жыл тұрды. Ең тәуір дүниелерін сол құрқылтайдың ұясындай құтханасында отырып жазды. Оқыған-тоқығаны көп. Білмейтін дерегі жоқ. Екі тілде еркін жазады. Кез-келген мәліметті миының қыртыс-қыртысынан суыртпақтап ала береді. Өз басым осы уақытқа дейін Мақсаттың тосылып қалған тақырыбын көргенім жоқ. Тарихи деректерді жатқа соғады. Мәселені жеріне жеткізе талдайды.
Қазақтың белді басылымдары «Білім және еңбек», «Жалын» журналдарында, «Социалистік Қазақстан», «Өркен», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттерінде қызмет істеді. Санаға сына қағу мүмкін емес қасаң кезеңнің өзінде оның мақалалары ауық-ауық елді дүр сілкіндіріп тұратын. Әсіресе, «Социалистік Қазақстанда» жарияланған «Телефонмен тас ату» деген мақаласы, «Жалында» жарық көрген «Пропискадан пәтерге дейін» деген социологиялық очеркі жыл бойы оқырмандар талқысына өзек болғаны есімізде.
«Жалын» журналының жауапты хатшысы болып қызмет істеп жүрген ол бір күні комсомолдың Орталық Комитетіне ауысып кетті. Баспасөз секторының меңгерушілігіне тағайындалыпты. Бүгінгіше айтсақ, баспасөз хатшысы. Мақсат Тәжімұратов бұл қызметінде елге пайдасын көбірек тигізді. Қазақ басылымдарының журналистерін бүкілодақтық кеңестерге, «Комсомольская правда», «Собеседник» газеттеріне, «Комсомольская жизнь» журналына тәжірибеден өтуге көптеп аттандырды. Бұл аталған басылымдардың асығы алшысынан түсіп тұрған шағы. Барған адам бірдеңе үйренбей қайтпайтын. Жас қаламгерлерге септігі бұдан да көбірек тиюі мүмкін еді. Бірақ Мақсаттың бұл қызметке тағайындалуы комсомолдың қайраты қайтқан кезіне тап келді. Мәскеуде өткен ВЛКСМ ХХI сьезінен кейін комсомолдың буынынан әл кетті. Айтпақшы, осы сьезде сол тұста Қазақстан комсомолын басқарған Иманғали Тасмағамбетовтің ВЛКСМ Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметіне ұсынылып, одан өзі бас тартқанын бүгінде біреу білсе, біреу білмес.
Комсомолдың жылдар бойы қаланған қызыл кірпішінің мүжіле бастағанын байқаған Мақсат өзгеше жол іздеген сияқты. Ұзамай Каз ГУ-дің аспирантурасына түсті.
— Ойлап-ойлап ғылыммен айналысқанды жөн көрдім, — деді бізге. — Ғұмар Қараштың шығармашылық мұрасын зерттеймін. Әдебиеттегі ақтаңдақтарға түрен салатын кез келді. Саған айтарым, өзің де ғылымға кел. Ең дұрысы осы. Басылымдардың бағытын байқап тұрсың ғой. Академик Зейнолла Қабдолов ағамен таныстырайын. Тақырыбыңды бекіт.
Шынында да бұл нарықтың дауылы тұрып, елдің іргесін шайқай бастаған кезең еді. Бірде қаражат жоқ, бірде қағаз жоқ. Біз қызмет істеп жүрген «Лениншіл жас» газетінің шықпай қалуы жиіледі. Бұрын аптасына бес рет шығып келген басылымның енді үш рет шығуы мұң боп қалды. Газет шықпаған күндері жұрт дем алады. Қысқасы, аптаның үш-төрт күні ғана жұмыс. Шынында да, неге осы қыруар уақытты пайдаланбасқа деген ой келді.
Содан Мақсат мені дедектетіп отырып, академик Зейнолла Қабдоловқа ертіп келді. Әдебиеттегі ақтаңдақтарға байланысты тақырып беруін өтінді. Академик бірден «Мұрат Мөңкеұлының әдеби мұрасы» деген тақырыпты бекіту жөнінде қолма-қол тапсырма берді. Қазақтың ақиық ақыны, зар заман әдебиетінің тұлғалы өкілі Мұрат Мөңкеұлының ардақты есімі енді ғана ақталған тұс еді. Біз ғылымға осылай келдік. Жетекшіміз — Қабдолов, жас кеңесшіміз — Тәжімұратов. Өзімнен бар-жоғы үш-ақ жас үлкен жігіт көп нәрсеге үйретті. Қолдағы деректерін жүйелеп, картотека жасаудың кәнігі маманы екен. 1993 жылы 28 желтоқсанда Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде кандидаттық диссертациямызды бірге қорғадық. Қорғаған соң жайылған дастарқан басында белгілі шығыстанушы, танымал ақын Өтеген Күмісбаев «Махамбеттей өткір бол, үш-төрт жылда доктор бол!», — деп бата берді. Алайда Мақсат Махаңдай өткір болуын болғанмен үш-төрт жыл түгілі он бес жылда да доктор атана қоймады. Қазақ әдебиетіндегі жәдидшілдік ағымы туралы докторлық тақырыбы баяғыда бекіген. Бірақ шығармашылық өнімін иін қандырып илейтін баяғы әдетіне басып, әлі де асығар емес. Сөйтіп, Өтеш ағамның тілегі күні бүгінге дейін орындалған жоқ. Оның есесіне, Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Батыс Алашорда туралы соқталы зерттеу кітаптарын жазды. Ойы оқшау, талғамы биік, танымы терең зерттеушімен ғылым докторларының көпшілігі санасады. Тегінде, ғылымның деңгейі атақпен емес, абыроймен өлшенетін сияқты ғой.

Тосын тақырыптың тамыршысы

Талай ойды парықтап,
Таңқалдырды халықты,
Ағаевты анықтап,
Тағиевты танытты.
(Журналистік фольклордан)

Ол ылғи да тосын тақырыпты тауып алады. Сол тақырыптың төңірегін үңгіп, ерінбей-жалықпай дерек іздейді. Журналистік әбжілдік пен зерттеушілік зерде бір мақсатқа жұмылдырылған соң бұл еңбегі жеміс бермей қоймайды. Жұртқа әбден таныс тақырыптың өзінің қалың ел байқай бермейтін қалтарыс тұстарына үңіледі. Мәселен, қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованы елдің бәрі біледі. Сол Мәншүкті бауырына басып, әкесі ретінде тәрбиелеп-өсірген Ахмет Мәметовтің Алашорданың белді қайраткерлерінің бірі болғаны жөнінен де жұртшылық едәуір хабардар. Ал Мақсат бұған қоса Мәншүктің өз әкесі Жеңсікәлі жөнінде де қызықты мәліметтер ұсынады. Батыр қыздың жақын ағайындарының кейінгі тағдырынан сыр шертеді.
Студент кезінде өзі жалдап тұрған пәтердің иесі Манал кемпірдің ауызша дерегі бойынша кейін оның әкесі, алашордашы Нұғыман Залиевке қатысты қыруар дүниелерді іздеп табады. «Қайбір жібектей есілген мінезі бар батыс қызының» деп өзі айтқандай, Манал апасына қыстың күні ақ шұнақ аязда пәтерінен қуып шыққан қатігез кейуана деп қарамайды. Асылдың тұяғы, алтынның сынығы, жақсының көзі деп бағалайды оны. Алаш арыстарының бірі Нұғыман Залиевтің өміріне қатысты тың деректерді ұсына отырып, «Кәбиса жыл» деген мақаласын жазып шықты.
Шәңгерей Бөкеевтің қолдауымен 1911 жылы жарық көрген «Қазақстан» газетін шығаруға қаржы берген Әзірбайжанның мұнай алпауыты, генерал Зейнел-Ғабиден Тағиев туралы жазу үшін Бакуге арнайы сапар шекті. Сөйтіп, ХХ ғасыр басындағы зиялылар өмірін зерттеушілер ғана білетін тегеурінді Тағиевтің тұлғасын қалың қазаққа кеңінен танытты. Жуырда Вена қаласында іссапарда болған кезімде Әзірбайжан делегациясының өкілдерімен әңгімелесіп отырып, Тағиев туралы сөз қозғадым. Олар: «Сендер оны қайдан білесіңдер?», — деді жұлып алғандай. Мән-жайды естіген әзірбайжан бауырларымыз шексіз разылығын білдірді.
Соғыс жылдарында қазақ жеріне құпия тапсырмамен жіберілген барлаушы Әлихан Ағаев туралы «Лақап аты — «Ағаев» атты мақаласы елді елең еткізді. «Ана тілі» газетінің бірнеше санына жарияланған осы дүниені жұрт іздеп жүріп оқығанын көзіміз көрді. 1944 жылы Атырау жеріне түсірілген өңкей қазақ жігіттерінен құралған десанттар тобының тағдыры, осы құрылымның жетекшісі Әлихан Ағаевтың алаш жұртына қызметі жөніндегі байлам-байыптамалар ешкімді де бей-жай қалдырмайтын еді. Қазақтың әйгілі үш биінің бірінің өмір тарихын өзгеше көзқараспен зерделеген «Әйтеке бидің мұрасы мен мирасы», Махамбет өмірінің қалтарыс тұстарын бейнелеген «Дулығасыз Махамбет», Алаш көсемі Мұстафа Шоқай тұлғасының жұрт біле бермейтін қырларына түрен салған «Шын Шоқай», яһудилік сананың жай-жапсарын баяндаған «Түркістаннан табылған Тора» атты зерттеу мақалаларын ұсынып, қалың оқырманға құнарлы рухани азық берді. Әсіресе, халқымыздың ардақты перзенті Ақселеу Сейдімбек туралы жазған «Жоқшы ізбен келеді» атты эссесі қара сөзбен жырлаудың үлгісі болып шықты. Түркі дүниесі масондарының табиғатын танытқан мақалалар сериясы да оқырманды танымдық деректермен байытты. Айта кету керек, Мақсат Тәж-Мұрат – қазақтағы тұңғыш масонтанушы (шетелде масонология – тарих ғылымдарының пәнсаласы ретінде әлдеқашан дамып кеткен).
Бір сөзбен айтқанда, Мақсаттың мақалалары — ғылым үшін жаңалық, баспасөз үшін сенсация.
Ілгеріде Каз ГУ-дің аспирантурасында оқып, әрі «Ана тілі» газетінің тілшісі болып қызмет істеп жүргенінде алты ай бойы сапарлап, Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Уфа, Астрахан қалаларындағы мұрағаттарды сүзіп шыққаны бар. Сол мәліметтері әлі күнге дейін жазған-сызған дүниелерінің тамырына қан беріп келеді. «Ана тілі» газеті алғаш ашылған жылдарда тілді дамытып, терминдерді қалыптастыруға үлкен үлес қосты. Шымкенттік бір ғалымның қазақ әскери терминдері туралы кітабына пікір жазып отырып, оның «ұлан» деген ұғымды ұсынғанын көрді. Соны негізге алып, «Сиынғаны — иман, сүйенгені — халық» деп тақырып қойып, әскери атаулар жөнінде мақала жазды. Көп тілегі бір жерге тоғысқан болар, кейін «ұлан» сөзі «гвардияның» аудармасы ретінде бекітілді. 80-жылдардың басында Әуезовтің мұражай-үйінде өткен Халық университеті дәрістеріне қалмай қатысқан Мақсат Ісләм Жарылғапов сабағында «цивилизация» атауын «өркениет» деп қазақшалағанын естіп, осы сөздің өзі қызмет істейтінін «СҚ» арқылы қолданысқа енуіне себепші болды. Ал енді қазір көпшілігіміз қолданып жүрген «ақмылтық журналист» деген тіркес Мақсаттың төл туындысы. Бұл тіркесті ең алдымен Қайнар Олжай туралы пікір білдіргенде қолданды. Баспасөз төңірегіндегі ұғымдарды қазақы оралыммен өрнектейді, кестелі сөзбен түйіндейді. Біз: «Мақаланың нобайы бар», — десек, ол: «Жазар дүниемнің төсегі салулы», — дейді. Біз: «Жазуды уақытша тоқтатамын», — десек, ол: «Соқаны суыратын шығармын», — дейді. Баспасөзді басқа сөзбен былғамайды. Қалталы баспасөздің де, балталы баспасөздің де бақшасына жоламайды. Өз соқпағымен, өз сүрлеуімен жүреді.

Өскен жері — кіші ауыл,
Өнген жері — үш ауыл…

Жортып жүріп бір өзі,
Тындырғаны көп енді.
Мінезі ме, мінезі,
…Оңып тұрған жоқ енді.
(Журналистік фольклордан)

Атырауда туды. Алматыда өсіп-жетілді. Астанаға ат басын бұрды… Соңғы жылдарда «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, «Ана тілі» газетінің бас редакторы болған ол енді «Астана» журналының тізгінін ұстады. Ұлттық мүддені қалайтын талантты жігіттердің елордаға шоғырланғаны дұрыс-ақ. Осындай ойды ақтөбелік ақын Ертай Ашықбаев та «Астана» журналының бас редакторына хат» деген эксперименттік өлеңінде айтып өтеді:

Кейде аспаннан танитын жас тамады,
Іздей ме бізді көл-көкорай, жаз-құрақ?
Айтайын,
«Астананы» басқарады,
Мысалы, менің курстасым Мақсат Тәж-Мұрат.

Күрсінсін несіне өкпелеп —
Бұған ешқандай қарсы емес жастық-дерек.
Редакторлар Астанаға көп керек,
Астанаға,
Беу, біраз бастық керек.

Бас редактор «Астана» журналының түр-сипатын өзгертті. Журналдың бірнеше қомсымшаларын ашып, бірінен соң бірінің тұсауын кесті. Жаңа астанадағы жарасымды тіршілік туралы ой-тұжырымдарын көркем сөзбен айшықтады.
Қара сөздің хас шебері Асқар Сүлейменовтің «Мінезсіз адам — мінезсіз жылқы» деген тұжырымы бар. Біздің кейіпкеріміз де бір қараған адамға өте тұйық көрінеді. Өзі ешқашан алдымен ашылмайды. Әлдебір нәрсені дәлелдеп көкезу болып жатқандардың әңгімесіне араласуға да құлықты емес. Әйтпесе, энциклопедия тектес зердесі кез-келген тақырыпта айтысқа түсуге мүмкіндік береді. Түріне қарап айтылып жатқан әңгімеден мүлде хабарсыз екен деп ойлайсың. Бірақ бір-екі ауыз тіл қатысқан соң олай емес екеніне көзің жетеді. Шешіліп сөйлеп кетсе, ұзаққа шауып, миыңды су қылып жіберетін әдеті жоқ. Аз сөйлейді, дәлелді пікір айтады, соның өзінде саған қажетті ақпараттың бәрін беріп үлгереді.
Басынан артық сөз асырмайды. Намысын ешкімге таптатпайды. Алда-жалда біреу-міреу қытығына тисе, жанартаудай атылады. Сол кезде баяғы «Везувийдің» екпіні біздің кейіпкердің жанартауының жалынынан садаға кетсін. Жалпы, жанартаулар атылған кезде жаңа таулар түзіледі, жердің қыртысы өзгеріске түседі. Сол секілді Мәкеңнің анда-санда бірнәрсені көздегеннен емес, төзбегеннен атылатын жанартауларынан кейін де айналаның қыртыс-тыртысы ептеп жөнделіп қалады. Содан соң қайтадан томаға тұйық күйге түседі. «Қартау» деген мақаласында өзі жазғандай, «Ызақор, шая мінезім кейінірек білінді ғой, ал ол заман топтанып тұрған жанның қасына барып, сәлем беруден именшектейтін нағыз «антрофоб» едім» дейтін кейіпке енеді. Осыдан үш-төрт жыл бұрын намазға жығылды. Сондағы бір ниеті – намазбен келетін көркем сабырдың көмегімен жүректі орнықтыру болатын.
Мақсаттың «лимбус гипоталамус» деп аталатын шығармашылық теориясы оның сыртқы болмысын өзгерте алмады. Содан бері жиырма бес жыл өтсе де әлі сол қалпы. «Кәбиса жыл» атты мақаласында өзі бейнелегендей, «Табан аудың көзіне тұрмайтын көксерке сияқты шылтырықтай» кейпінен көп өзгере қоймады-ау. Қатарластарының біразы кебеже қарын, кең өңеш, сырнайкөз, төбелтаз, ойма таз, қасқа бас… Ал ердің жасы елуге келген Мәкеңнің тұла бойында қырым ет жоқ, бір тал шашы да түспеген. Бәйгеге шабатын тұлпардай жарап тұр. Өзінің гипоталамус тұжырымына сүйеніп, уақыт машинасына мініп, жиырма бірінші ғасырға лезде зырылдап жетіп келген сияқты әсер қалдырады.
«Өскен жері — кіші ауыл, өнген жері — үш ауыл» деп бір ақын айтқандай, Батыста туды, Жетісуда жетілді, енді Арқаның төріне келіп туын тікті. Сол туының тұғыры берік болғай!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

 

· ГЛАВНАЯ СТРАНИЦА


Дата добавления: 2015-09-27 | Просмотры: 680 | Нарушение авторских прав







При использовании материала ссылка на сайт medlec.org обязательна! (0.005 сек.)