АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология
|
А. Блокадалар
Б. Қарыншалардың мерзімінен бұрын қозуы (WPW синдромы)
ІІІ.Импульстің құрылуы мен өткізілуінің қабаттаса бұзылуы (парасистолиялар).
Синустық тахикардия – жүрек соғуының минутына 90-нан артық жиілеуімен сипатталады. Әкеліп соқтыратын мәнбірлерге қозу, физикалық күш түсу, қызба, қан аздық т.б. жатады. Науқас жүрек лүпіліне шағымданады. Жүрек соғуы минутына 120-дан асып кетеді.
Емі. Синустік түйіннің автоматизмін төмендететін дәрі-дәрмектер тағайындайды (В-адреноблокаторлар: атенолол, бисопролол, метопролол т.б.)
Синустық брадикардия - жүрек соғуының минутына 60-тан азаюымен сипатталынады. Әкеліп соқтыратын мәнбірлерге синустық түйіннің зақымдануы, кезбе жүйке ширығуының артуы және симпатикалық жүйке ширығуының төмендеуі т.б. жатады. Сонымен бірге кейбір дәрілердің әсерінен де пайда болуы мүмкін, мысалы, жүрек гликозидтері, В-адреноблокаторлары. Синустық брадикардияда науқастар аса денсаулығына шағымданбайды, кейде ғана басының айналуын сезеді.
Емі. Негізгі аурудың емі болып табылады. Тіл астына изадрин қою, тері астына атропин ерітіндісін егу науқастың жағдайын жақсартады.
Синустық аритмия – синустық импульстың кезектесіп келуінің бұзылуымен сипатталынады. Көбнесе синустық аритмия тыныс алумен байланысты. Дем жұтқанда жүрек соғуы жиілейді, ал дем шығарғанда – сирейді. Синустық аритмия кезбе жүйенің қозуынан болады. Аритмияның бұл түрі балалық кезеңінде жиі кездеседі.Тыныс алумен байланысты синустік аритмия емді қажет етпейді.
Экстрасистолия – жүректің қосымша жиырылуы. Қосымша импульстің пайда болған жеріне байланысты экстрасистолиялар синустық, жүрекшелік, атриовентрикулярлық және қарыншалық болып бөлінеді. Науқастар жүректің қатты соғып, содан кейін тоқтап қалғанын сезінеді.
Емі. Экстрасистоланы тудырып отырған себебтің емі болып табылады.
Пароксизмді тахикардия – бұл кенеттен басталып және дәл солай басылатын жүрек соғысының жиіленетіні. Ұстама кезінде жүрек соғысы 160-220-ға дейін барады. Әкеліп соқтыратын мәнбірлерге қозу, физикалық зорығу, ішімдік қолдану т.б.жатады. Жүрек соғуы бірден жиілеп, көкірек тұсын сыққандай сезім пайда болады. Егер ұстама ұзақ уақытқа созылса, жүректің қанды айдау күші әлсізденіп, қан қысымы төмендейді. Науқас әлсізденеді, естен таниды, жүрек әлсіздігі байқалады (жүрек қыспасы, миокард инфарктісі)
Емі. Ұстаманы басу үшін кезбе жүйкесінің тонусын жоғарылататын шаралар қолданады: каротид синусының аймағын уқалау, күшену, көз алмасын қолмен басу. Ауыр жағдайларда көк тамырға кордорон 300 мг 5 минут кем емес, новокаинамид 1гр 5 минут кем емес енгізеді.
Жүрекше жыбыры. Бұл жағдай жүрекше мен қарыншаның үйлесімді жұмысының бұзылуымен сипатталынады. Осы себептен қан айналымы нашарлап, оның жеткіліксіздігі дамиды. Жүрекше жыбыры көбнесе жүрек ақауларында, атеросклерозда, тиреотоксикозда кездеседі. Науқастар жалпы әлсіздікке, ентігуге, жүрек соғуына шағымданады.
Жүрекше дірілі. Жүрекшенің систоласы сақталады, бірақ жүрекше жиырылуының тым жиілігінен ол әлсіз. Науқас ентігуге және жүрек маңайында жағымсыз сезімнің пайда болуына шағымданады.
Емі. Жүрек жыбыры мен дірілінің ұстамасын басу үшін көк тамырға кордорон 300-450мг, изоптин 10-15мг, новокаинамид 500мг, аймалин 50-100мг (5-7-10 мин. кем емес). Барлық аталған дәрілерді 20мл NaCl ерітіндісімен қосып енгізеді. Жүрек жыбыры мен дірілін алдын алу үшін хинидин, В-блокаторларды, изоптин препараттарын қолданады.
Қарыншылар жыбыры мен дірілі. Қарыншылардың жеке талшықтарының үйлесімсіз жиырылуымен сипатталынады. Электр тоғының, уланудың, миокард инфарктісінің әсерінен болуы мүмкін. Науқас есінен танады, қан қысымы білінбей кетеді, пульс анықталмайды, жүрек дыбыстары естілмейді. Бұл жағдай 5 минуттен асып кетсе, науқас өліп кетуі мүмкін.
Емі. Шұғыл шараларға жүректің массажы, жасанды дем алдыру және электрлік дефибрилляция жатады.
Жүректің өткізгіштік қасиетінің бұзылуы. Бұндай жағдай (блокадалар) электрлік қозу процессінің миокардқа тарауы бұзылғанда байқалады. Әкеліп соқтыратын жағдайларға миокардит, миокард инфарктісі, атеросклероз т.б. аурулар жатады. Блокадалардың бірнеше түрлері бар: синоаурикулярлық, жүрекшелік, атриовентрикулярлық, Гис тармақтарының блокадасы. Науқастың жағдайы блокаданың дәрежесіне байланысты. Неғұрлым импульстар сирек өтеді, соғұрлым қан айналымы нашарлайды. Жүрек қызметінің үзілісі өте созылған кезде Морганьи – Эдем - Стокс синдромы дамиды (науқас есінен танады, қан қысымы анықталмайды брадикардия).
Емі. Айқын жағдайларда атропин, симпатомиметиктерді қолданады. Морганьи – Эдем - Стокс синдромында науқастарға жасанды ырғақ жетекшісін имплантациялайды.
Жедел жүрек шамасыздығы
Жүрек – тамыр жүйелерінің ауруларында жиі шұғыл медициналық көмек көрсетуді қажет етеді. Науқастың жанынан табылатын бірінші медицина қызметкер мейірбике болып табылады. Көптеген жағдайларда дәрігерлік пунктың алыстығына байланысты, ол жалғыз медицина қызметкер болып табылады. Сондықтан да науқастың денсаулығы мен өміріне жауапты болып табылады. Оның білімі мен әр жағдайдағы іскерлігі, шұғыл жағдайларда дәл, нақты, дұрыс әрекет жасауы аурудың соңы мен науқастың өміріне әсер етеді. Аурухана мен емхананың мейірбикесі жиі көмекті өз бетімен көрсетеді. Қарқынды терапия жүргізгенде де мейірбикенің ролі зор, яғни науқастың өміріне қауіп туғызатын өмірге қажет аса маңызды ағзаның қызметінің бұзылыстарын емдеу және алдын алу шараларын жүргізу. Сондықтан мейірбике науқастың жағдайын нақты, дәл, дұрыс бағалай алу керек, дер кезіңде көмек көрсете алуы керек, науқастың әрі қарайғы күтімін жүзеге асыру. Жүрек шамасыздығы сол және оң қарыншалық белгілерден құралады.
Жүректік астма. Жүректік астма тұншығуға әкелетін, кенеттен пайда болған демікпе ұстамасымен болатын, өткір пайда болатын сол жақ қарыншаның жетіспеушілігінің клиникалық көрінісі. Сондықтан кіші қан айналу шеңберінде қан тұрып, жиналып қалады және өкпеде газ алмасу дәрісі бұзылып, көмірқышқыл құрамы көбейіп, артериялды қанда оттегі деңгейі төмендейді. Мүшелерде, әсіресе орталық жүйке жүйесінде қан мен қамтамасыз етуі азаяды. Дем орталығының қозуы көбейіп, тұншығуға, демікпенің дамуына әкеледі. Өкпедегі қанның тұрып қалуы бронхының рефлекторлы түрде тарылып қалуына және оның саңылауларынан шырышты сұйықтықтың сыртқа шығуы, өкпе ісігіне әкеліп соқтырады. Жүректік астма артерияльды гипертензиясы бар, өткір миокард инфарктісі, кардиосклероз, миокардит, жүректің қолқа ақауы және митральды стенозы бар науқастарда бас миының қан айналымы бұзылғанда, бас миының қан айналысының жетіспеушілігі дем орталығына әсер етіп, кардиосклерозбен қосылып жүректік астмаға әкеледі. Жүректік астма ұстамасы әдетті түрде түнде ұйқы кезінде дамиды. Науқас кенеттен ауаның жетіспеушілігінен (тұншығудан) және өлім қорқынышынан оянып кетеді. Тұншығу кей кезде қатты жөтелу мен сипатталады. Науқасқа оттегінің жетіспеушілігі соншалықты, дем алу үшін науқасты төсекке отыруға мәжбүрлеп, аяғын төмен қарай түсіріп немесе ашық тұрған терезеге барып қана дем ала алады (егер жағдайы осыған жетсе). Науқас төсекте отырған кезде кереуеттің екі жанынан ұсталып отырады. Ұстаманың алғашқы кезеңдерінде науқастың бетінен қорқыныш сезімін, көзінің үлкейгендігін, мазасыздықты көріп, байқауға болады. Тері және терінің шырышты қабаттарында ақшыл түс содан кейін көгеру пайда болады. Науқастан сонымен қатар қатты терлегенің, мойын көк тамырларының үлкейіп, шығып тұрғаның байқауға болады. Оттегінің жетіспеушлігі аралас мінездемелер мен сиаптталады. Созылмалы жөтелдің болуының әсерінен қақырық қан аралас болады. Тамыр соғуы жиі, кейде аритмиялық. Қан қысымы ұстаманың алғашқы кезіңде қалыпта болып, содан кейін күрт түсіп есенгіреуге дейін әкелуі мүмкін. Қан қысымының төмендеуінен қан тамырының қан мен толықсуы төмендеп, жүректің тонусы естілмейді. Дерт анықтамасын қоюға көмектесетін негіз ол тыныс алу мүшелеріндегі өзгерістер болып табылады. Демнің 1 минуттағы көрсеткіші 40 – 60 –қа дейін барады. Өкпенің төменгі жағында дымқыл сырылдар естіледі. Жүректік астманың өту ағымы мен болжамы әртүрлі айырмашылықтармен сипатталады. Мұның себебі, жүрек астмасының бір ұстамасы кенеттен басталса, ал екінші ұстаманың бір түрі науқастың жүрек соғуының жиілеуі, оттегі жетіспеушілігінің жиілеуі, құрғақ жөтелдің болуы, жалпы жағдайының нашарлауымен сипатталады. Кейде ұстама біршама ұзақ уақытқа созылып, өкпенің ісінуіне, есенгіреуге, дем алу орталығының тежеліп, бұзылуына әкелуі мүмкін. Осы кезде яғни, жүрек демікпесінің ұстамасында дұрыс шұғыл жәрдем шараларын өткізу және емдік, күтім шараларын нақты түрде өткізе алу үшін жүректік астманың ұстамасын бронхтық астманың ұстамасынан айыра білу медицина қызметкеріне өте маңызды болып табылады.
Шұғыл жәрдем көрсету. Шұғыл жәрдем көрсету кезінде маңызды шаралар: орталық дем алудағы қозуды азайту, кіші қан айналу жүйесіндегі қанның кідіріп қалуын азайту, миокардтың жиырылу қабілеттілігін көбейту. Науқасты толық немесе жартылай отырғызып, тыныштандырып, қысып тұрған киімдерін шешу, бөлмеге таза ауа жіберіп, ұзақ уақытқа созбай науқасқа оттегі ингаляциясын өткізу. Орталық дем алу жүйесінің қозуына қарсы дәрігердің нұсқауы бойынша тері асты арқылы морфин ерітіндісін немесе 1 мл 2% амнопон ерітіндісін егеді, ал тахикардия білінсе 1мл - 1% димедрол ерітіндісін супрастинмен немесе пипольфенмен бірге жібереді. Қан айналысын жақсарту үшін және тамырдың тонусын нығайту ретінде 2мл кордиамин, 10% коразол және 2 –4 мл 20% камфор дәрілерін міндетті түрде енгізілуі тиіс. Дәрігерге дейінгі шаралардың бір түрі өкпедегі қанның кідіріп, тұрып қалуына қарсы бағытталған. Қан қысымының қалыпты немесе жоғары кезіңде көк тамырлы ширақ салу немесе өкпедегі қанның кідірмеуіне қарсы аяққа қыша, жылы ваннасын қолдануға болады. Қан қысымы көтерілген кезде дәрігердің тағайындауымен көк тамыр арқылы 2,4% эуфиллин 10мл, 10 – 15 мл натрий хлоридтің изотоникалық ерітіндісін және ганглиоблокаторларды қолданғаннан өте жақсы нәтижені көруге мүмкіндік туғызады. Орта білімді медицина қызметкері дәрігердің нұсқауы бойынша 10мл 25% магний сульфат ерітіндісін бұлшық етке, 8 –6 мл 0,5% дибазол ерітіндісін көк тамыр арқылы енгізеді. Мұнда айта кететін бір жай ол қан қысымының төмендеген кезіңде әсіресе, есенгіреу кезіңде қолданатын көк тамырлы ширақты салу, қан қысымын түсіру үшін тағайындалған дәрілер қарама – қарсы әсер ететінің естен шығармаған абзал. Жүрек бұлшық етінің жиырылу қабілеттін көтеру үшін шұғыл жәрдемдегі қолданатын міндетті түрдегі шара болып жүрек гликозидтерін қолдану. Шұғыл жәрдемді көрсету ұзақ уақытқа созылған жағдайда өкпенің ісінуінің дамуына және өлімге әкелуі мүмкін. Жүрек демікпесінің ұстама кезінде науқастарға жиі строфантин 0,3 – 0,5 мл 0,05% ерітіндісін, немесе корглюкон 0,5 – 1,0мл 0,06% ерітіндісін 20 мл 40% глюкоза ерітіндісімен бірге немесе изотоникалық натрий хлоридтің ерітіндісін тағайындап көк тамырға енгізеді. Жоғарыда аталған дәрілердің терапиялық әсері шамамен 10 – 15 минуттан кейін басталады. Егерде дәрілердің әсері жеткіліксіз болса және өкпе ісігінің алғашқы белгілері біліне бастаса, онда оттегіні спирттпен, зәр шығаратын дәрілерді тез арада қолдану бастау керек. Жүректік астманың ұстамасы ауыр кезеңде өтсе, онда науқасты жедел терапия бөліміне зембілге жартылай отырғызу арқылы ауруханаға жеткізеді. Егерде тез арада тиісті ауруханаға жеткізу мүмкін болмаған жағдайда, онда науқасты үнемі қадағалап, бақылауға алу және сол жерде қолдан келетін барлық медициналық шараларды өткізуді ұйымдастырылады.
Өкпе ісінуі. Өкпе ісінуі деп өкпе тініне шырышты сұйықтықтың жиналып қалуын айтады. Бұл өкпе ісінуіне қатысты клиникалық сипаттамасы - ол ауыр түрдегі ұстамалы тұншығу және оның науқастың өміріне қауіп төндіруі болып табылады. Өкпе ісінуі жүрек демікпесінің әсерінен пайда болмай сондай – ақ аяқ астынан дамуы да мүмкін. Сонымен қатар өкпе ісінуі крупты пневмонияның әсерінен, кеуде және бас жарақатынан, бүйректің созылмалы ауруының әсерінен, ми қан айналысының өткір бұзылуынан, күрделі аллергиялық серпілістердің әсерінен, ауыр жұқпалы уыттану аурулардың және уытты өкпе ісінуінің әсерлерінен дамуы мүмкін. Өкпе ісінуінің патогенездік айырмашылықтарына қарамастан клиникалық көрінісі негізінде біртекті болып өтеді. Жүректік астманың қарқынды ұстамасы науқастың қатты қиналып тұншығуына және ақшыл – қызыл түсті көп мөлшердегі көпіршік тәрізді қақырықтың бөлінуіне әкеліп соғады. Кейде науқас өз қақырығынан тұншығуы мүмкін. Өкпені тындаған кезде дымқыл сырылдар естіледі. Қан қысымының төмендеуі, қан тамырының толықсуының азаюы, тахикардия, жүректің тонусы әлсіз болады.
Шұғыл көмек. Ерте, уақытылы көрсетілген шұғыл көмектің нәтижесі соғұрлым тиімді, жағымды нәтижені көруге болады. Бұл кездегі мейірбикенің басты мақсаты ол кардиологиялық топтан құрылған арнайы мамандырылған медицина қызметкерлерін шақыру болып табылады. Шұғыл көмек келесі мақсаттық шараларды өткізуге бағытталған:
· тыныс алу жолдарын тазалап, қалпына келтіру;
· тіндерге оттегінің жетіспеушілігіне қарсы оттегі қамтамасыз ету;
· орталық тыныс алу жүйесінің қозуын азайту;
· кіші қан шеңберлеріндегі қанның тұрып қалуын азайту үшін өткізілетін шаралар;
· миокардтың жиырылу қабілетін жақсарту;
· өкпедегі капиллярдың қабырғасының өткізгіштігін азайту.
Әуелі науқасқа тыныштықты туғызу, содан соң науқасты жылыту, жартылай қалыпта отырғызып дәке тампонымен ауыз қуысын тазалау. Бұдан кейін тыныс алу мүшелерінің өткізгіші қалпына келген соң, оттегі беруге көшеді. Көпіршіктің пайда болуына қарсы оттегіні 70 - 96% этил спиртімен дымқылдатып немесе антифомсилан арқылы жібереді. Тері астына 1мл - 1% морфин ерітіндісін димедролмен және атропинмен бірге жібереді. Өкпедегі қанның ұйып қалуына, қанның таралуына қарсы көк тамырлы ширақ салады. Көк тамыр арқылы жүрек гликозид дәрілерін енгізеді. Міндетті түрде зәр шығаратын және дегидратациялық (сусыздану) дәрілерді тағайындайды. Капиллярдың өткізгіш қабілетінің жоғарылауына қарсы антигистаминді дәрілерді, аскорбин қышқылын, кальций хлоридін және глюкокортикоидтық гормондарын қолданады. Өкпенің ісінуінің клиникалық көрінісі білінісімен, науқасты жартылай қалыпта отырғызып ауруханаға тасымалдап, жандандыру бөлімшесіне немесе қарқынды терапия бөлімшесіне жатқызады.
Бақылау сұрақтары
1. Жедел жүрек жеткіліксіздігінің қандай түрлері бар?
2. Сырқатқа әкеліп соқтыратын себептерді айтыңыз.
3. Кіші қан айналым шеңберін еске түсіріңіз.
4. Осы жағдайда газ алмасу дәрісі не себептен бұзылады?
5. Жүрек демікпесінің клиникалық бейнесіне сипаттама беріңіз.
6. Өкпе ісінуінің ерекше клиникалық белгілеріне не жатады?
7. Жедел жәрдем қағидасы не болып табылады?
8. Жүрек гликозидтерінің әсерін айтып беріңіз.
8. Жедел жүрек жеткіліксіздігінде оттегіні қандай мақсатпен қолданады?
Жедел тамыр шамасыздығы
Естен тану.Естен тану бұл жүрек және дем алу жүйелерінің әлсіздігімен және бас ми тамырының жедел шамасыздығынан болатын естің қысқа уақытқа айырлуы. Естен тануға әкелетін себептер: психикалық әртүрлі күйзелістер, аяқ астынан пайда болатын аурулардың салдары, ұзақ уақытқа созылған селқостық, жанұясының жалпы әлеуметік жағдайы, әртүлі жұқпалы аурулар, әртүрлі уланулар, көп мөлшерде қан жоғалтқанда, сонымен қатар жүрек қан тамырлар жүйесінің аурулары. Бұл жағдайдың түпкі себебі миға толық түрде қысқа уақыт ішінде оттегінің жетіспеушілігі.
Клиникалық бейнесі. Аяқ астынан жалпы жағдайы бұзылып, басы айналып, құлағы шулайды, көзі қарауытып, бұлдырлайды. Әртүрлі психикалық мәнбірлердің әсерінен науқас бірнеше секундтан бірнеше минутқа дейін есін жоғалтады. Науқастың терісі боз, суық. Көз қаршығы кішірейген, жарыққа серпілісі жоқ. Тамыр соғуы әлсіз, брадикардия білінеді. Қан қысымы қалыпты немесе сәл төмендейді.
Шұғыл көмек. Науқастың аяғын сәл көтеріп, басын төмендетіп, қысып тұрған киімін шешіп, бөлмеге таза ауа жібереді. Бетке және кеудеге салқын су сеуіп, нашатыр спиртімен самайын және кеудесін ысқылайды. Сонымен қатар нашатыр спиртін иіскетуге болады. Аяғына рефлекторлы әсер ету үшін жылытқыш қояды. Егер естен тану ұзақуақытқа созылған болса, тері астына 2 мл - 10% кофеин ерітіндісін немесе 2 мл кордиамин ерітіндісін енгізеді. Науқастың есі орнына келген соң физикалық және психикалық жағдайын туғызған жөн.
Есенгіреу. Бұл жедел тамыр шамасыздықтың ауыр түрінің бірі. Есенгіреуде шеткі қан қысымының бұзылуынан қан қысымы күрт төмендеп, бүкіл ағзадағы мүшелер қан мен қамтамасыз етілу дәрісі бұзылады. Есенгіреуге әкеліп соқтыратын себептерге өткір миокард инфарктісі, жұқпалы аурулар, улану жағдайлары, қанның көп мөлшерде бірден жоғалуы, дене қызуының күрт төмендеуі жатады.
Клиникалық бейнесі. Әуелі әлсіздік, содан соң бастың айналуы, басының ауыруы, құлағының шулауы білінеді. Науқастың көзінің алдында елес пайда болады, көзінің көруі төмендейді, аяқ қолдары мұздайды. Негізінде науқастың есі сақталады, бірақ науқастар тежелгіш болып келеді, қоршаған ортаға араласпайды, аяқ қолдары мен бет бұлшық еттерінде дірілдеу байқалуы мүмкін. Рефлекстері бастапқыда төмендеп, содан соң жоғалып кетеді, көз қарашығы кеңейеді, жүрек жұмысының қабілеті әлсізденіп, науқас өліп кетуі мүмкін. Терісі және көзге көрінетін шырышты қабаттары бастапқыда ақшыл түсті, ал содан соң жабысқақ тер білінеді. Науқастың еріні қолдың саусақтары, аяқтары көгере бастайды. Бет әлпеті өзгеріп, көз қарашығы кішірейеді. Тері асты көк тамырлары босап, анықталуы қиындайды. Білек артериясында тамыр соғуы жиі және әлсіз. Дем алуы беткей, жүректің жұмысы әлсізденіп, дыбысы жөнді естілмейді, қан қысымы төмендейді.
Шұғыл көмек. Ең әуелі осы есенгіреуге әкеліп соққан себептерді анықтап, оларды табу. Бір мезетте қан тамырларының тонусын, қан қысымын, жүрек жұмысының қабілетін және қан жоғалтуға қарсы бағытталған шараларды өткізілуі тиіс. Науқастың аяғын сәл көтеріп, көлденең қалыпта төсеке жатқызып, науқасқа толық тыныштық жағдайын туғызу. Науқасты жылылап орап, аяғына жылытқыш қойып, бөлмеге таза ауаның енуін қамтамасыз ету, оттегіні беру. Қан тамырының тонусын көтеру үшін бұлшық ет арқылы 2мл кордиамин, тері астына 2мл 20% камфора ерітіндісін енгізеді. Осы дәрілер ешқандай әсер бермесе онда бұлшық ет арқылы 1мл - 1% мезатон ерітіндісін жібереді. Ауыр жағдайда науқастың көк тамырына 0,1% - 0,5 мл норадреналин ерітіндісін 5% - 200мл глюкоза ерітіндісімен қосып тамшы ретінде жібереді. Қан қысымын 5 – 10 минут сайын қадағалап отыру керек. Көк тамырға тамшылатып жіберу кезіңдегі тамшының 1 минуттағы көрсеткіш саны 20 рет болу керек. Сонымен қатар көк тамырға 60 – 90 мг преднизалонды тамшы ретінде жібереді. Геморрагиялық есенгіреуде ең алдымен қанды тоқтатып, шоктың алдын алу үшін көк тамыр арқылы 300 –500 мл сұйықтықты жібереді. Сонымен қатар қан алмастырулар ерітіндісін (сары су, полиглюкин, реополиглюкин) гемодез және т.б. қолданады. Есенгіреуге ұшырыған науқасқа арнайы мамандандырылған кардиологиялық топты шақырады.
Бақылау сұрақтары
1. Естен тануға, есенгіреуге жалпы түсініктеме беріңіз.
2. Естен тануға әкеліп соқтыратын себептердің тізімін беріңіз.
3. Есенгіреуге әкеліп соқтыратын себептерді атап шығыңыз.
4. Естен танудың клиникалық бейнесін айтыңыз.
5. Есенгіреуде науқастың гемодинамикасы қалай өзгереді?
6. Шұғыл жәрдемі не болып табылады?
7. Сізге таныс қан қысымын көтеретін дәрілерді атаңыз.
Созылмалы жүрек шамасыздығы
Созылмалы жүрек шамасыздығы дегеніміз – ағзалар мен тіндердің қалыпты жағдайда жұмысын атқаруына керекті қан көлемімен қан айналым жүйесі қамтамасыз ете алмайтын патологиялық жағдай. Қан айналымы шамасыздығының дамуы негізінде, қан қысымының көтерілуі, жүрек қуыстарында қан көлемінің артуы немесе миокардтың жиырылу қабілетінің әлсіреуі.
Жіктемесі (Н.Д.Стражеско, В.Х.Василенко, 1935ж)
І кезең – бастапқы. Физикалық күш түскенде науқас ентігуге, әлсізденуге, жүректің жиі соғуына шағымданады. Гемодинамика өзгермейді.
ІІ А кезеңі – гемодинамика сәл бұзылады, жүректің бір бөлігінің қызметі нашарлайды.
ІІ Б кезеңі – гемодинамика өзгерістері айқын білінеді, кіші және үлкен қан айналымдары бұзылады.
ІІІ кезең – дистрофиялық кезең. Зат алмасу дәрісі бұзылып, іш мүшелері қызметінен айырылады.
Клиникалық бейнесі. Сырқаттың ағымында үш кезең айқындалынады.
1–ші кезеңі. Көптеген ауруларда созылмалы қан айналымы жеткіліксіздігінің алғашқы кезінде әлбетте жұмыс атқарғанда (жүру, сатымен шығу) тез шаршау, ентігу, тамыр соғуының жиіленуі байқалынады. Науқасты жалпы қарағанда саусақтарының көгеруі, ал үш бес отырғызып тұрғызғанда тыныс алуымен тамыр соғуы жиілейді. Өкпе шекарасы өзгеріссіз, везикулды тыныс қатқыл реңді болады. Бауыр мен көк бауыр өзгерістері байқалынбайды. Бұл кезде науқастарда шағым болмайды. Денеге күш түскенде сол қарыншада диастолдық қан қысымы жоғарылайды.
ІІ–ші А кезеңі. Клиникалық белгілері көпшілік жағдайда қан айналымының өзгерісіне байланысты болады. Науқастар негізінен күш түскенде ентігуге, жүрек қағуына шағымданады, құрғақ жөтел болады. Тері жамылғысы бозарады, бет ұшының қызаруы, шырышты қабықтардың көгеруі, аяқ қолдарының саусақтары мұздайды. Ісік болмайды, бауыр мен көк бауыр ұлғаймайды.
ІІ–ші Б кезеңі. Көптеген науқастарда денеге аздап күш түскеннің өзінде де ентігу, жүрегінің қағуы, оң қабырға астында ауырсыну, ісіну, әлсіздік байқалынады. Науқасты қарағанда төсектегі “ортопное” қалыпы, саусақтарының көгеруі, жаппай ісіну белгілері анықталынады. Ісік алғашқы да аяғынан басталып, кейіннен бел тұсына жайылып, барлық тері асты шел майында пайда болады. Өкпеде құрғақ және дымқыл сырылдар естіледі, крепитация білінеді. Бауырдың ұлғаюы білінеді. Науқаста арықтау, шаршау, аяқтарының ісінуі, асцит, шамалы қыймылдағанда ентігу сияқты шағымдар болады.
ІІІ–ші кезеңі. Науқастың қалі нашар, көпшілігінде әртүрлі деңгейдегі ісіну байқалады. Кейбір науқастарда ісіну бүкіл денесінде білінеді (анасарка). Сыртқы тыныстық дәрісінің бұзылуы байқалады. Науқастардың тамыр соғуының тапшылығымен жиіленген жыбырлы аритмия анықталады. Зәр көлемінің және оның салмағының азаюы білінеді. Бауыр ұлғайып, сканограммада фиброз өзгерісінің қалыптасуы ошақты бейнеленеді.
Зертханалық тексеріс. Созылмалы жүрек шамасыздығына әкеліп соққан ауруға байланысты. Көбнесе қанда ЭТЖ баяулайды, эритроцитоз дамиды. Қанда ақуыздың мөлшері азаяды.
Емі. Біріншіден осы жағдайға әкеліп соққан аурудың емі болып табылады. Науқастарға №10 емдәм тәртібі тағайындалынады. Негізгі мақсат жүрек жұмысын жақсартып, тамыр қабырғасының серпімділігі мен мөлтек қан айналымын қалпына келтіру. Сондықтан ем ауру патогенезіне сәйкес, үйлесімді, кешенді, ұзақ жүргізіледі. Басты сырқатты емдеумен қатар, сыртқы ортаның тигізетін әсерімен күресу, емдәмді тамақтандыру, жүрек жұмысы және су мен тұз алмасу дәрісін қалыптастыратын дәрілерді қолдану бірге жүргізіледі. Денеге түсірілетін күш пен науқастың дамыл кезеңінің ұзақтығы қан айналымының түрі мен сатысына үйлесімді болуы керек (жеке науқасқа негізделінген). Науқастың ұзаққа созылған төсектік қалпы, жиі ағзаның шынығу қабілетін төмендетеді. Сондықтан дер кезіңде емдік шынықтыруды қолданылғаны дұрыс. Жүрек жұмысының қабілетін жақсарту мақсатымен келесі негізгі қағидаларды қолданады: жүрек гемодинамикасын нашарлататын негізгі себептерді хирургиялық тәсілмен түзету; миокардтың жиырылу жұмысын күшейту; айналымдағы қанның көлемін азайту; жүрекке түсетін күштерді азайту. Жүректің жұмысын жақсартуына жүрек гликозидтерін тағайындайды. Емдік мөлшері уытты мөлшерінен алшақ болса, әсері нәтижелі және ем дәрісі қауіпсіз болады. Жүрек гликозидтерін науқасқа нақты сұраптап алуда аурудың ағымына, дене салмағына, себебіне, жүрек жұмысының жиілігіне көңіл аударылады. Қан көлемін азайтуға қолданылатын әрекеттер: зәр шығаратын дәрілердің берілуі, қан қысымының жоғарылауында ганглиоблокаторларды қолдану. Кең таралған диуретикалық топтарға фуросемид, гидрохлортиазид, калийді сақтайтын дәрілер (спиролактон, дайтек) жатады. Диуретиктердің әсерінің нәтижелі болуы көп жағдайда олардың дұрыс қосарлана қолдануында. Қан айналымының жеткіліксіздігі үдеген сайын қанның минуттық бөліну көлемі азаятындықтан шеткергі қарсылықтар ұлғаяды, соның салдарына миокардқа түсетін күш артып, қан айналымы жеткіліксіздігінің үдеуіне себепші болады. Миокардтың жиырылу қабілетінің төмендеуімен қабат жалпы айналымдағы қанның көлемі ұлғаяды. Бета – блокаторларды қолданғанда миокардқа түсетін күш азайып, оттегінің қосымша мөлшерінсіз–ақ, гемодинамикалық көрсеткіштер жақсарады. Нәтижелі дәрілердің бірі нитропруссит натрий қосындысы немесе нитроглицерин. Оның мөлшерін науқастың хал күйіне және қан қысымының деңгейіне байланысты көбейтеді. Сырқат ағымының барысында витаминдерді және жүрек бұлшық етіндегі зат алмасу дәрісін жақсартатын дәрілерді қолданады (рибоксин, АТФ, ретаболил т.б.) Емнің құрамындағы емдік дене шынықтыру, мөлшерлі түрде белсенді қыймылдау, жүрек бұлшық етінің жиырылуын жақсартады, тыныс алу жеткіліксіздігін азайтып, тотығу қалпына келу дәрістерін реттейді. Негізгі мақсат жүрек пен қан тамыр жүйелернің қызметтік жағдайын жақсарту. Оның негізінде науқастың белсенділікпен дамылдау кезеңдерін алмастыру жатады.
Алдын алуы. Алғашқы алдын алудың маңыздылығы аталған жағдайға әкелетін мәнбірлерге бағытталған: күнделікті реттелген күн тәртібін сақтау, уақытысында тынығып жеткілікті түрде ұйықтау, шылым шегуге тыйым салу, тағамдағы тұздың мөлшерін тәулігіне 4,5 гр дейін шектеу маңызды шаралар болып табылады.Науқастар тұрғын мекеніндегі емханада диспансерлік тіркеуге алынады. Пациенттер функционалдық жағдайына байланысты диспансерлік нұсқау бойынша қаралады.
Бақылау сұрақтары
1. Созылмалы жүрек шамасыздығына жалпы түсініктеме беріңіз.
2. Сырқаттың әр кезеңдерінің клиникалық бейнесіне сипаттама беріңіз.
3. Сырқаттың негізгі емдік қағидасы.
4. Емдәм тәртібінің ерекшелігін айтып шығыңыз.
5. Зәр айдайтын дәрілердің әсері не болып табылады?
Жүрек - қан тамыр жүйесінің ауруларында
мейірбикенің жұмыс ерекшеліктері
Жүрегі ауыратын науқастармен жұмыс істегенде олардың барлық шағымдарын жүрек маңайының ауруының сипатын, олардың пайда болу себептерін, ұзақтылығын, әсер ету аймақтарын, науқасқа жеңілдік әкелетін жағдайларды, науқастың өмір мен жұмыс істеу ерекшеліктерін білу керек. Науқасты қарағанда науқастың төсектегі жағдайына көңіл аудару керек: дем алу ерекшеліктеріне, ентігуі, тұншығуы барлығына; бетінің сипатына; тері мен кілегей қабаттың түсіне; ісіктің барлығына; буындардың өзгеруіне. Тамыр соғуды, артериалдық қысымды, дене қызуын, терінің құрғақтылығы немесе ылғалдылығын анықтау керек. Сырқаттың ағымымен науқастың жағдайы туралы толық түсіну үшін көзбен қарағандағы және қосымша зерттеулер әдістерінің нәтижелерімен танысу керек. Алынған нәтижелердің негізінде мейірбике науқастың жағдайын дұрыс бағалай алады. Мейірбике жүрек – тамыр ауруларындағы науқастардың негізгі шағымдары мен белгілерін, жүрек – тамыр жүйелерінің ауруларының емдеу негіздері мен алдын алуын, зақымдалған қызметтерді қалпына келтірудің негізгі қағидаларын және асқынудың алдын алуын білу; жүрек – тамыр жүйесінің ауруы бар науқастарды күте білу керек. Кіші қан айналым шеңберіндегі тұрып қалу құбылыстарының белгілерін: ентігу, көгеру, жөтел, тұншығу, қан түкіруді нақты білу керек; үлкен қан айналым шеңберіндегі тұрып қалу құбылыстарының белгілерін: жүректің жиі соғуы, ісіктер, оң жақ қабырға астындағы ауырлықты сезіну, асцитті білу керек. Мейірбике жүрек – қан тамыр жүйелері ауыратын науқастарды емдеуді білу мен емдеуді жүргізе білу керек, шұғыл көмек көрсетуі, қалпына келтіру жұмысын жүргізіп және бақылай білу керек. Жүрек – қан тамыр жүйелері ауыратын науқастарды емдегенде дәрілік заттарды жиі көк тамыр арқылы тамшылатып енгізеді. Сондықтан мейірбике тамшылатып енгізу үшін инфузиялық құралды (системаны) дұрыс және тез жинай білу керек. Көк тамыр арқылы дәрілік заттарды енгізіп жатқанда науқастың жағдайын, ерітінді енгізу жылдамдығын бақылап отыру керек. Мейірбике құрал – жабдықты және зертханалық зерттеулердің мақсатын түсіндіру керек, керек болған жағдайда науқасты зерттейтін орынға алып баруы керек, жүрек – тамыр жүйелері ауыратын науқастар өзінің жағдайын бақылауда кінәшіл және өте сезімтал болып келеді, сондықтан мейірбике осындай науқастармен жұмыс істегенде шыдамды болу керек, өз ара сенімдік білдіріп, науқастармен жұмыс істей білу керек. Электрокардиограмма мен фонокардиографияны (жүректің жұмысынан пайда болатын дыбыстық құбылыстарды тіркеу) сағат 8 ден 10 – ға дейін (физиоемге дейін) жүргізеді. Мейірбике алдын ала пациентпен педагогикалық аспектіде жұмыс істей білу керек, пациентті тексеріске дайындау керек (аш қарынға жүргізеді, себебі тамақтанғаннан кейін жүрек жұмысы өзгереді). Қанның биохимиялық зерттеулерін аш қарында алады. Велоэргометрияны тамақ ішкеннен кейін 3 сағаттан кейін немесе аш қарында жүргізеді. Мейірбике жүрек – қан тамыр жүйесінің сырқаттарымен ауыратын науқастармен жиі жұмыс істейді, сондықтан ол осы жүйелердің ауруларында кездесетін шұғыл жағдайлардың себептерін, белгілерін білу керек және дәрігерге дейінгі көмекті көрсете білу керек. Жиі кездесетін шұғыл жағдайларға стенокардияның ұстамасы, миокард инфарктісінің өткір кезеңі, гипертониялық криз және тағы да басқа шұғыл жағдайлар жатады. Мейірбике дәрігер келгенше науқасқа ыңғайлы жағдай көрсетіп, қан қысымын өлшеп, тамыр соғуын анықтап, демін санап отыру керек.
Дата добавления: 2015-12-16 | Просмотры: 1369 | Нарушение авторских прав
|