Теспелеу (перфорация)
Күрт дамиды. Асқазан теспелеген жағдайда перитониттің клиникасы байқалады, неге десе асқазан сөлі құрсақ қуысына құйылып іш пердесін зақымдайды. Сырқат күрт әлсізденеді. Іші пышақ сұққандай болып ауырады. Біраз уақыттан соң іштің ауырғаны басылып науқаста шок дамиды. Сана- сезімі кері тартады, көзі үңірейеді. Іші қатайып тақтай тәрізді болады. Дене қызуы көтеріледі, қан қысымы төмендейді, тамыр соғуы жиілейді. Жалпы қан анализінде лейкоцитоз білінеді, ЭТЖ артады.
Емі. 6 сағаттың ішінде ота жасау керек.
Көрші жатқан ағзаға жабысып тесілу (пенетрация)
Асқазан жарасы теспелеп, тесілген жер көрші ағзамен бітеліп, перитонит белгілері кешірек білінуімен сипатталатын жағдай. Асқазан ойық жарасының клиникалық өзгереді: ауырсыну үнемі қатты болып мазалайды. Емі - тесілген жерді ота арқылы тігу.
Қақпаның қатаюы (стеноз)
Егер асқазан жарасы қақпаның маңайында орналасса, соңында сол жерде дәнекер тіні дамиды, яғни тіннің эластикалық қасиеті бұзылады. Қақпаның тесігі кішірейіп тамақ уақытында асқазаннан ұлтабарға өтпейді. Тамақ асқазанда қалып қояды. Осының себебінен бара-бара асқазан созылады. Науқастар тамақты қабылдағаннан кейін асқазан аймағында ауырлық сезеді және оның толып кеткеніне шағым етеді. Қалып қойып отырған тағамдар шіриді, пациенттің аузынан жағымсыз иіс шығады. Кідіріп қалған тамақты құсық ретінде сыртқа шығарып отырады. Пациент арықтайды, әлсізденеді. Басында кішірейген қақпадан қою тағамдар өтпейді, бара - бара сұйық тамақ та өтпей қалады.
Емі. Ота арқылы емдейді, асқазанға резекция жасалынады. Жүдеген және әлсіреген, асқазан сөлінің қышқылы кеміген науқастарға асқазан мен ащ ішектің арасына анастомоз жасалады.
Қатерлі ісікке ауысу
Білінбей басталады. Бара – бара науқастың іші мерзімсіз ауырады. Күн сайын ауырсынуы күшейе түседі. Сырқат арықтайды, ет тағамдарын жақтырмайды, қан аралас құсық білінеді. Рентген сүретінде асқазан ішінде ісіктің көлеңкесі білінеді (“ - ” белгісі). ФГДС, биопсия әдістері диагнозды анықтайды.
Асқазан және ұлтабар жара ауруының емі. Негізгі ем қағидалары: қабыну дәрісі мен диспепсиялық белгілерді жою, ауырсынуды басу, асқазанның сөлденіс және қозғалу қызметін жақсарту. Емдәм тертібін сақтау маңызды роль атқарады. Асты бөліп-бөліп ішу керек. Асқазанның сөл бөлу дәрісін қоздыратын қышқыл, тұзды, майлы тағамдарды ауыру сезімі басылып, ойық жара жазыла бастағанша қоя тұрған жөн. Науқас күнделікті ас ішу тәртібін сақтауға тиіс. Қоздырғышқа қарсы антимикробты ем: трихопол, фуразалидон, оксациллин, ампиокс, тетрациклин тағайындайды. 2 немесе 3 антибиотикті қолданған дұрыс. Асқазанның кілегей қабатының сыртқы бетіне әсер етіп қабынуды бәсеңдетуге үлес қосатын метилурацил мен әртүрлі емдік майларды қолдануға болады.
Ауырсынуды басу үшін тұз қышқылын, пепсинді төмендететін дәрі-дәрмектерді қолданады. М - холинолитиктер селективті дәрі - дәрмектер: гастроцепин, пирецепин. Селективті емес дәрілер: пробантин, кватерон. Түйілуді басатын спазмолитик тобының дәрілерін тағайындайды: но - шпа, галидор, папаверин. Асқазан сөлі төмен жағдайда тұз қышқылын шығаратын протон промпасының ингибиторларын қабылдау қажет: омез, цитопротекторлар: сукральфат, вентер.
Асқазан сөлінің қышқылдығы көп жағдайда антацид препараттарын тағайындау жөн: аллюминий, магний тұздары. Бұған жатады: алмагель, викалин, маалокс, викаир, протаб, алцид В және т.б.
Осымен қатар асқазан және он екі елі ішектің қозғалу қызметін жақсарту үшін церукал, реглан, эглонил дәрілері қолданылады.
Жараны сорып бітейтін репарант дәрілер ретінде алоэ, облепиха майы, гефарнил, метацил, анаболик гормондары, В1,В6, В12, U витаминдерін қабылдайды. Аурудың емінде тыныштандыру дәрілерінің әсерінің маңызы зор: бром қоспалары, элениум, назепам. Нәжісті жасырынды қанға тексеріп, оның нәтижесі теріс болған жағдайда физио емін жүргізеді: электрофорез, парафин, балшық емі, ультра дыбыс, лазер емі. Бұнымен қоса минералды сулардың да мәні үлкен: боржоми, ессентуки және т.б.
Болжамы. Уақытында емделмеген жағдайларда асқынуларға әкеліп соқтыруы мүмкін.Сонымен қатар асқазанның ішкі кілегей қабатының атрофиялық өзгерістері қатерлі ісіктің дамуына әсер етеді.
Алдын алуы. Сырқаттың алдын алуының екі түрі бар: алғашқы және екіншілік. Алғашқы алдын алу шараларына жұмыс және демалу тәртібін дұрыс құрастыру, дұрыс мезгілімен тамақтану, ошақты жұқпалардан сақ болу жатады, ал аурудың қайталанып келуіне қарсы қолданатын, асқынуларын алдын алу шаралары екіншілік түріне жатады. Сырқаттанған науқастар диспансерлік тізімге алынады.Жалпы тәжірибедегі дәрігермен жылына 1 рет қаралып тұрады. Нәтижелі зертханалық тексерістерге клиникалық қан анализдері, нәжісті жасырынды қанға тексеру жатады. Жылына 1 рет асқазанды эндоскопиялық әдіспен тексереді (ФГДС). Негізгі емдік-сауаттану шаралары темекіден және ішімдіктен бас тарту, дұрыс тамақтану болып табылады. Санаторлық-курортық ем қолданылады: Жосалы, Сарыағаш т.б.
Бақылау сұрақтары
1. Асқазанның ойық жара ауруына анықтама беріңіз.
2. Аурудың себептерін атаңыз.
3. Сырқаттың негізгі клиникалық бейнесіндегі белгілерін айтып шығыңыз.
4. Асқазан ойық жара ауруындағы кездесетін қандай асқыну түрлерін білесіз?
5. Асқазанның және ұлтабардың ойық жара ауруларының дерт анықтамасын жүргізу үшін қандай зертханалық және құрал – жабдық аппарат арқылы тексеріс түрлерін қолданады?
6. Сырқаттың емдік қағидасының негізі не болып табылады?
7. Сырқаттың алдын алуы үшін қандай шараларды өткізеді?
Асқазан обыры
Асқазан қатерлі ісігі (обыры) аса қауыпті аурудың бірі. Аурудың пайда болуы және асқыну себептері түпкілікті анықталмаған. Себебі белгісіз. Көбінесе ер адамдар ауырады.
Әсер ететін мәнбірлер: шылым шегу, дұрыс тамақтанбау, созылмалы ас қорыту ағзаларының аурулары, әсіресе оның ішінде асқазан қатпарларының семуі, сонымен бірге асқазан ойық жара ауруы малигнизацияға ұшырауы мүмкін және тұқым қуалайтын мәнбірлер. Сөйтіп, обыр алдында болатын ағзадағы өзгерістерге тоқталып өтсек олар – асқазанның кілегей қабатының созылмалы қабынуы; асқазан қышқылының өте төмендігі; асқазанның түйіншектері және жазылмайтын ойық жаралары.
Аурудың дамуы. Асқазан кілегейлі қабатының торшалары ретсіз бөлініп, жетілмеген торшалардан құралған ісік пайда болады. Ісік өсіп, көлемі үлкейіп, функционалды және органикалық өзгерістерге әкеледі. Асқазанның ішін бітеп немесе сыртқа өсіп ісік көрші ағзаларды зақымдайды.
Жіктемесі. Бірінші кезең: ісіктің көлемі 2 см – ден көп емес. Асқазанның кілегейлі қабатын ғана зақымдайды. Екінші кезең: ісіктің көлемі 4-5 см. Қасындағы бездер шошынады. Үшінші кезең: ісік кілегей, бұлшық ет, сірнелі қабаттардан өтіп, көрші ағзаларға аймақты лимфа бездеріне күшіктейді. Төртінші кезең: ісіктің көлемі әртүрлі. Ісік дененің бәріне жайылып, дененің лимфа бездері шошынып, метастаздар білінеді. Дамуына байланысты үш кезеңі бар: бастапқы кезеңі, нақты клиникасы байқалатын кезең, аурудың ақырғы кезеңі.
К линикалық бейнесі. Бастапқы кезеңі білінбей біртіндеп басталады. Әлсізденеді және жүдей бастайды, тәбеті төмендейді, кейбір науқастар ет тағамдарын жақтырмайды, кейбір тағамдардың иісін көтере алмайды. Лоқсу, құсу, іші өту белгілері байқалады. Анық клиникасы білінетін кезеңде науқастың іші үздіксіз ауыра береді. Іші шыдатпай ауырады, дәрі – дәрмектер аз көмектеседі. Іштің ауырғаны тамақпен байланыссыз. Егер қою тағамдардың өтуі нашарлап, ауқаттану кезінде тырнағандай, күйгендей сезім пайда болса, бұл ісіктің асқазанның жоғарғы бөлігіне орналасқанының белгісі. Ал қатерлі ісік асқазанның орта шеніне орын тепкен жағдайда ауру біршама уақыт белгісіз түрде өтуі мүмкін. Тек астан соң немесе ашқарынға асқазан тұсы сыздап ауырады. Бұл асқазан қышқылының сақталуына байланысты. Қатерлі ісік асқазанның төменгі жағына орналасқан жағдайда, асқазан іші тарылып, ас қорыту нашарлайды. Аз ғана асқа тояттап және кекірік пайда болып науқас адам ішкен асын қайта құсып тастайды. Ауру адам әлсіреп, салмағы 10-20 кг-ға дейін азаяды. Қатерлі ісік ыдырай бастаған кезде науқас жиі құсып, құсығында қан байқалады (“кофе” тәрізді). Кейіннен науқастың дене қызуы көтеріліп, уыттану белгілері білінеді. Әлсіздік ұлғаяды. Науқас қатты жүдейді. Оны қатерлі ісік кахексиясы деп атайды. Қарағанда науқас жүдеу, терісі боз, тілі уылған, ішін сипалағанда эпигастрий маңайында бұлшық еттердің ширығуы, кейбір жағдайда қатайған, көрші ұлпамен жабысқан өспе байқалады. Соңғы кезеңінде ауырсыну бүкіл денеге сезіледі, метастаздардың бүкіл ағзаларға жайылуынан науқас қатты әлсізденеді. Тамақ ішкен сайын құсады, терісі құрғақ, боз, кахексия ұлғаяды.
Дерт анықтамасы. Сырқаттың бастапқы кезеңінде диагноз қою үшін үлкен мағынаға ие болған “кіші белгілер синдромына” көңіл бөлу қажет. Едәуір кешірек кезеңдерінде төс шеміршек асты аймағында ауысыну пайда болады және осы аймақта томпақтық қолға сезіледі.
Жалпы қан анализінде ЭТЖ артады, лейкоцитоз, анемия білінеді. Нәжісті жасырынды қанға тексергенде нәтижесі оң болып табылады. Асқазан сөлінің құрамында көбінесе қышқылы төмен болады. Аурудың дерт анықтамасында рентген сәулесі, гастроскопия, биопсия әдістері маңызды роль атқарады. Асқазанға контраст затты енгізіп, рентген сәулесімен тексергенде суретте толу кемістік белгісі (“ – “) байқалады. Гастраскоп арқылы ісіктің орналасуын көлемін, түрін байқауға болады. Осы жағдайда биопсия алынып ісіктің түрін айырады.
Емі. Бірнеше түрде ем жүргізу әдістерін қолданады. Симптомдық ем дәрі – дәрмектерді қолдану арқылы жүргізіледі: науқастың жағдайын жақсарту үшін және ауырсынуды басу үшін жансыздандыру дәрілерін қолданады (анальгин, баралгин, омнапон, морфин). Дене қызуы көтерілгенде аспирин, парацитамол қолданады. Уыттануға қарсы арнаулы ем жүргізіледі. Ол үшін көк тамырға 5% глюкоза, изотоникалық ертінділерді енгізеді. Тіндердің ретсіз өсуін тоқтату үшін цитостатик дәрілерін қолданады (фторурацил, фторафур). Сонымен қатар сәуле емін қолданады. Сырқаттың ерте кезінде науқасқа хирургиялық ем жүргізіледі. Ота арқылы асқазанды жартылай немесе түгел алып тастайды (аурудың кезеңіне байланысты).
Алдын алу шаралары. Нақты түрде асқазанының сөлі аз созылмалы гастритпен ауыратын науқастарды диспансерлік тіркеуге алып, жылына бір рет дәрігер қарап отыру керек (жалпы жағдайын, дене салмағын, жалпы қан анализін, асқазан және он екі елі ішектің сөлін, нәжісті жасырынды қанға тексеріп, рентген сәулесіне түсіру). Сонымен қатар науқасқа алдын алу ретінде күнделікті дұрыс құнарлы тамақтануы, жағымсыз қылықтардан аулақ болуы, дұрыс тынығуы осы аурудың алдын алуындағы маңызды роль атқарады.
21 сурет Асқазан қатерлі ісігінің
Дата добавления: 2015-12-16 | Просмотры: 1175 | Нарушение авторских прав
|