АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология

Жергілікті жансыздандырушылар

Прочитайте:
  1. Жергілікті тіндермен жасалатын пластика.

Жергілікті жансыздандырушы дәрілер – жүйке ұштарының сезімталдығын тежейді. Олар әр түрлі хирургиялық араласуларды орындауда, ауыратын және диагностикалық ем шараларда тек ауыру ықпалын тежеп қана қоймай, сонмен қатар температура, жанасу, және басқа да сезімталдық түрлерін басады. Олардың кейбіреулері аритмияға қарсы әсер де көрсетеді (лидокаин). Тіндерге немесе шектеулі анатомиялық кеңістікке енгізгенде, тері мен шырышты қабақтарға жабыстырғанда жергілікті жансыздандырушы дәрілер рецепторлардың қайтымды тежелуін және жүйке талшықтары арқылы қозудың өтуін тежеуді туғызады.

Сонымен, жергілікті жансыздандырушы дәрілердің әсер ету механизміне, олардың жүйке талшықтары мен оның ұштарында орналасқан арнамалы натрий түтікшелерімен әрекеттесуі жатады. Na+ түтікшелерінің тежелуімен байланысты потенциал әсерінің туындауы мен таралуы жүретін мембрананың деполяризация үрдісі бұзылады (3.1 сурет).

Na+ Na+ Na+ Na+ Na+

▬ ▬ ▬ ▬ ▬

‾‾‾‾‾‾‾‾‾‾‾‾‾‾‾‾‾‾‾‾‾‾‾‾‾‾‾‾

KKKKK

3.1.1 Сурет. Натрий иондарын жансыздандырушы дәрілермен тежеу салдарынан мембрананың деполяризациясы жүрмейді.

 

Жансыздандырушы дәрілерге қойылатын бірнеше талаптар бар, олардың біріне мыналар жатады:

1) жоғары талдамды әсері болу керек, жүйке элементтеріне немесе қоршаған тіндерге тітіркендіргіш әсер туғызбау;

2) қысқа латенттік кезеңге ие болуы керек;

3) әртүрлі жергілікті жансыздандыру түрлерінде белсенділігі жоғары болу керек;

4) әртүрлі ем шараларды жүргізу үшін қолайлы, белгілі мерзім әсері болу керек;

5) мүмкіндігінше олар тамырларды тарылтуы тиіс немесе оларды кеңейтпеуі тиіс. Тамырлардың тарылуы жансыздандыруды күшейтеді, тіндерден қан кетуді азайтады, улылық ықпалын төмендетеді.

6) улылығы төмен және жанама әсерлері аз болуы керек.

7) препараттар суда жақсы еруі керек және уытсыздандыруда бұзылмауы тиіс.

Жергілікті жансыздандырушы дәрілер өздерінің жансыздандыру белсенділігі, әсер ету ұзақтығы, ерітінділердің тұрақтылығы, суда және майда ерігіштігі, сонымен қатар шырышты қабат арқылы өткізгіштігі бойынша ерекшелінеді.

Химиялық құрылымы бойынша жіктелуі:

1. Ароматты қышқылдардың күрделі эфирлері - прокаин (новокаин), дикаин (тетракаин), бензокаин (анестезин), кокаин.

2. Аминқышқылдарының ығыстырылған амидтері - лидокаин (ксикаин), тримекаин (мезокаин), бумекаин (пиромекаин), бупивакаин (маркаин), ропивакаин (наропин).

Амидтердің артықшылығы:

- әсер ету кезеңі ұзақтау;

- аллергия аз туғызады;

- сульфаниламидтердің әсерін әлсіретпейді.

Жергілікті жансыздандырушы дәрілердің қолданылуы бойынша, жансыздандырудың негізгі келесі түрлері бар:

1/ Үстірт (беткейлік және апликациялық) жансыздандыру – оған қолданылатын

дәрілер (кокаин, бензокаин, тетракаин, лидокаин, бумекаин) ең беткейлік жүйке талшықтары арқылы жергілікті теріні, шырышты қабықшаны жансыздандырады. Беткейлік жансыздандырушы дәрілерді шырышты қабықшаға қолданады (құралдарды, эндоскопиялық және басқа да ауырумен жүретін ем шараларда) және жарақаттанған жерге жағады. Өйткені бұлардың улылық әсері өте жоғары (тетракаин) немесе суда еруі нашар келеді (бензокаин).

2/ Инфильтрациялық жансыздандыру - әр қабатты бірте-бірте сіңіру жолымен жүзеге асырады (прокаин, лидокаин, бупивакаин, артикаин, тримекаин, ропивакаин). Инфильтрациялық жансыздану кезінде алдымен жансыздандыратын жергілікті теріге, содан соң төмен жатқан қабаттарға біртіндеп егіледі. Қатынастық ағзаларға сіңдірмеу үшін, улылығын төмендету мақсатымен бұларды эпинефринмен бірге қолданған жөн (көбейту концентрациясы 1:80000 – 1:200000).

3/ Өткізгіштік (аймақтық) жансыздандыру – белгілі аймақтағы жансыздандыруда, сол мүшені немесе сол аймақты иннервация жасайтын жүйке талшығын тежеу арқылы жансыздандырады (прокаин, лидокаин, тримекаин, артикаин, бупивакаин, ропивакаин). Өткізгіштік немесе аймақтық жансыздандыру жүйкенің жолына егіледі, жүйке талшығының қозуына бөгет жасалынады, оны хирургияда, травматологияда, акушерлік, гинекологиялық, стоматологиялық және басқа да медицина тәжірибесінде кеңінен қолданады.

4/ Мидың өрмек қабықшасын жансыздандыру (лидокаин, тримекаин, артикаин, бупивакаин) – кіші жамбас мүшелеріне (жатырға т.б.) және аяққа операция жасағанда қолданылады.

5/ Эпидуралдық және каудальдық жансыздандыру (лидокаин, бупивакаин, ропивакаин) – кіші жамбас мүшелеріне, шатқа, аяққа, содан соң операциядан кейінгі жағдайларда, босануда және емдік блокада үшін қолданылады.

Жергілікті жансыздандырушы дәрілердің негізгі фармакологиялық әсерлері олардың денеге сіңуі мен олардың енгізілу жолдарына, мөлшеріне, жергілікті ұсақ тамырларға, липофильдік жағдайына (жансыздандыру белсенділігі, диффуздық қабілеті) және ақуыздармен байланысына (әсер ұзақтығы, улылығы), диссоциациялық тұрақты өлшемі (әсер ету басы, диффуздық қабілеті) мен сол аймақтағы ағзалармен қатынасына байланысты болып келеді.

Жергілікті жансыздандырушы дәрілердің жалпы жанама әсерлері көбінесе олардың жүйелік қанға түсуімен байланысты болады. Сондықтан олар жүйке жүйесінің қоздыруы мен депрессия туғызып, жүрек қан тамырларын тежеуі мүмкін. Көптеген жансыздандырушы дәрілер қан тамырларын кеңейтеді. Сол себепті ертіндіге тамырларды тарылтатын эпинефрин (адреналин) дәрілерін қосу, олардың қанға сіңірілуіназайтады және олардың әсері ұзартады. Эпинефриннің ишемиялық некроз қауіпсіздігіне байланысты, оны өте сақтықпен қолдану керек, әсіресе саусақтардың жүйке талшықтарын тежеу кезінде. Жүкті әйелдерге жансыздандырушы дәрілерді тағайындағанда, ұрыққа улы әсер көрсетуі мүмкін, себебі олар плаценталық тосқауылдан жақсы өтеді. Сонымен қатар, олар босану кезінде әйелдердің тегіс және салалы бұлшықеттеріне әртүрлі әсер етеді, жатырдың жиырылу белсенділігін және толғақ тиімділігін өзгертуі мүмкін.

Жергілікті жансыздандырушы дәрілердің сорылу жылдамдығы олардың қолданылу тәсіліне және енгізілген аймаққа, мөлшеріне (көлемі мен ерітіндінің құнарлығына), вазодилатация туғызу қабілетіне, тіндермен байланысына және липофильділігіне байланысты болып келеді. Олардың сорылуын ерітіндіге эпинефринді қосу арқылы төмендетуге болады. Қандағы ең жоғарғы құнарлығы жергілікті қолданғанда 10-30 минуттан кейін және тамырға және интратрахеальды қолданғанда 1-5 минуттан кейін дамиды. Белгілі дәрінің қауіпсіз мөлшерін таңдау, оның сорылу жылдамдығымен, элиминациясымен, белсенділігімен және улылығымен анықталынады.

Күрделі амидтерден тұратын жергілікті жансыздандырушылардың биотрансформациясы бауырда, ал ығыстырылған эфир көп дәрежеде плазманың холинэстеразасымен гидролизденеді және аз дәрежеде тіндірдің эстеразасымен жүреді.

Жергілікті жансыздандырушы дәрілердің шығарылуы бүйрек арқылы жүзеге асады (шамалы саны өзертілмеген, ал негізінен метаболит түрінде).

 

Кесте 3.1. Жергілікті жансыздандырушылардың жалпы сипаттамасы

 

Әсер ету ықпалы Қолдану көрсеткіші Кері көрсеткіші Жанама әсерлері
Жергілікті сезімталдықты жоғалту және ауыру сезімін басу. Беткейлік, инфильтрациялық, өткізгіштік және басқа анестезия түрлері Жоғары сезімталдық мүмкіндіктері, артериялды гипотензия және т.б. Жалпы әлсіздік, жүректің айнуы, құсу, аллергиялық реакциялар, тырысулар ж.т.б.

3.1.1. Беткейлік жансыздандыру үшін қолданылатын дәрілер

(кокаин, бензокаин, тетракаин, лидокаин, бумекаин)

Кокаин – жансыздандыруы жағынан басқа анестетиктерден әсері жоғары, бірақ өте улы. Кокаинді көбінесе көзге операция жасағанда үстіртін анестезия ретінде пайданылады. Қазіргі кезде улылығына байланысты кокаинді сирек қолданады, тіпті үстірт жансыздандырудың өзіне оны мұқият қолдану керек, өйткені қысқа уақыт ішінде құмарлыққа (кокаинизм) әкеледі, осыған байланысты кейінгі кездері көп қолданбайды.

Кокаиннің айқын тамырларды тарылту әсері миокард инфаркты мен инсультке әкелетін жедел гипертензия синдромының дамуына әкеледі. Кокаинді мөлшерден тыс қолданғанда өлімге әкеледі және адам бірнеше минуттың ішінде аритмиядан, тыныстың тарылуынан және тырысулардан өледі.--

Бензокаин (Benzocainum), анестезин. Бензокаин басқа жергілікті жансыздандырғыштарға қарағанда суда аз ериді, спиртте, майлы ерітінділерде жақсы ериді. Сол себепі бензокаин май, паста, сеппе, сонымен қатар дайын біріктірілген препараттардың құрамына кіреді (Алмагель-А, Меновазин, Ампровизоль, Анестезол).

Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Шырышты қабатты жансыздандыру үшін 5% май және паста түрінде, қышымамен жүретін тері ауруларында сеппе түрінде, жаралар мен ойық жаралар беткейін ауырсыздандыру үшін, күн сәулесі мен термиялық І дәрежелі күйіктерде, тік ішектің аурулары кезінде (тілік, қышыну, көтеу) 5% май түрінде, асқазанның ауруы мен тарылуы кездерінде ішке ұнтақ және 0,3 г № 10 таблетка түрінде шығарлады.

Кері көрсеткіштері. Препаратқа сезімталдығы жоғары науқастар, көз эпидермисінің шырышты қабатының зақымдалуы, ІІ және ІІІ дәрежелі термиялық күйіктерде.

Жанама әсерлері. Аллергиялық реакциялар мен жоғары сезімталдық.

Шығарылу түрі. 300 мг таблеткасы және ұнтағы N.10; 5% майы және гель 10-30 г.

Рецепт үлгісі. Rp.: Ung. Benzocaini 5%-10,0

D.S. Жарақат беткейіне жағу үшін май.

#

Тетракаин (Tetracainum), дикаин. Беткейлік жансыздандыру үшін қолданатын дәрі. Кокаиннен 10 есе күшті, бірақ 2-3 есе улы, сондықтан қолданылуы шектеулі. Ішкі көз қысымына әсер етпейді, қарашықты кеңейтпейді. Жергілікті ұсақ тамырларды кеңейтеді, сондықтан қан тамырына жылдам сіңіріліп кетпеуі үшін адреналинмен қосып беру керек.

Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Тетракаинді жергілікті жансыздандырғыш зат ретінде, беткейлік жансыздандыру үшін офтальмологияда және отоларингологияда амбулаториялық жағдайларда қолданады. 0,3% ерітіндісі (көз тамшысы) 5 және 10 мл флаконда болады. Операция кезінде, көз қысымын өлшеу үшін 1 тамшыдан 2-3 тамшыға дейін беріледі.

Кері көрсеткіштері. Бұны жергілікті сілекейлі қабықшаның қабыну кезінде, аллергиялық жағдай болса және сульфаниламидтік дәрілермен бірге қолданбайды. Бронхоскопия мен цитоскопияда, 10 жасқа дейінгі балаларға болмайды. Қайталап беруге болмайды, құмарлыққа соқтыруы мүмкін.

Жанама әсерлері. Бұл өте улы болғандықтан, мұқият болу керек, көбінесе пайыздық мөлшері асып кеткенде және қайта қолданғанда көздің қасаң қабақ эпителиясын зақымдайды және конъюнктива тамырларын кеңейтеді, эритемаға, ісінуге, қышынуға әкеледі, жүйелік улылық реакциялар: көгеру, құсу, көрудің бұзылуы, аритмия болуы мүмкін.

Шығарылу түрі. 0,1; 0,2 және 0,3% ерітіндісі 5 және 10 мл флаконы (көз тамшысы).

Рецепт үлгісі. Rp.: Sol. Tetrakaine 0,3%-5 ml

Sol. Adrenalini hydrochloridі 0,1% gtts Ш

M.D.S. Көз тамшысы.

#

Бумекаин (Bumecainum), пиромекаин. Химиялық құрылысы бойынша тримекаинге ұқсас, көбінесе офтальмологиялық және оториноларингологиялық операция және жүрек ырғағының бұзылуы кезінде қолданады.

Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Тек беткейлік жансыздандырушы ретінде: офтальмологиялық тәжірибеде 0,5% ерітінді түрінде 1-2 тамшыдан қолданылады; оториноларингологиялық тәжірибеде 1%-2% ерітінді түрінде 1-5 мл (қажет жағдайларда 0,1% эпинефринді 1 тамшыдан әр бір бумекаиннің 2-3 мл қосады); стоматологияда 1%-2% ерітінді түрде 1-5 мл немесе 5% май түрінде қолданады; эндоскопиялық зерттеулерде 2% ерітінді түрде 2-5 мл. Аритмияға қарсы дәрі ретінде стационарлық жағдайларда қарынша аритмиясы кезінде көк тамырға 50-100 мг 5% глюкоза ерітіндісінде қолданады. Шығарылу түрі 0,5; 1 және 2% - 1, 3 және 5 мл; 5% май 30 г.

Кері көрсеткіші. Препаратқа жоғары сезімталдық.

Жанама әсерлері. Жалпы әлсіздік, жүректің айнуы, құсу, бастың айналуы, қан қысымының төмендеуі, коллаптоидты жағдай.

Шығарылу түрі. 0,5; 1 және 2% ерітіндісі 1; 3 және 5 мл ампулсы; 5% майы 30 г.

Рецепт үлгісі. Rp.: Sol. Bumecainі 1% - 2 ml

D.t.d. N. 10 in amp.

S. Өткізгіштік жансыздандыру үшін.

#

Лидокаин (Lidocainum), Ксикаин. ең көп қолданылатын анестетиктің бірі болып табылады. Новокаиннен 2-5 есе күшті және 2 есе ұзақ әсер етеді. Бірақ ерітінді құнарлығын 1-2% жоғарлатса улылығы артады. Адреномиметиктермен бірге қолданғанда лидокаиннің әсерін ұзартады.

Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Қарынша аритмияларын емдеу және алдын алу шараларында (экстрасистолия, тахикардия, дірілдеу, фибрилляция), сонымен қатар жедел миокардтың инфаркты кезінде, жасанды ырғақ жүргізушіні орнатуда, гликозидтермен улануда, наркозда. Хирургияда терминальды, инфильтрациялық, өткізгіштік, жұлын ми (эпидуральды) жансыздандыруында, офтальмологияда, стоматологияда, оториноларингологияда қолданылады. Шеткі жүйке және жүйке түйіндерін тежегенде. Стоматологияда: егу алдында беткейлік ауырсынуды басу, рентгендік зерттеулерде, тіс тастарын алғанда. ЛОР‑тәжірибелерінде: синусты пункция жасар алдында, мұрын қуыстарына, өңеш және жұтқыншаққа емшаралар жасар алдында. Акушерлікте: босанудың соңғы сатысында, сонымен қатар эпизитомия алдында және тігу кезде. Жергілікті жансыздандыруда: өткізгіштік жансыздандыру үшін 5‑10 мл 2% немесе 10‑20 мл 1% ерітінді қолданылады; хирургиялық тәжірибе үшін жұлын ми жансыздандыруда 1,5‑2 мл 5% ерітінді енгізіледі. Акушерлік тәжірибеде – 0,5‑1 мл 5% ертінді. Ең жоғарғы мөлшері 5% лидокаинның ерітіндісі 4 мл құрайды.

Кері көрсеткіштері. Айқын брадикардия, айқын артериалды гипотония, кардиогенді шок, созылмалы жүрек жетіспеушілігінің ауыр түрлерінде, препаратқа жоғары сезімталдық.

Жанама әсерлері. Лидокаинді көбірек пайдаланғанда қан қысымының төмендеуі, кейде аллергия, ұйқышылдық, құсу, көру қабілетінің төмендеуі пайда болады. Бұл кезде ең төменгі пайыздығын қолданып және көлемі азайтылады. Кілегейлі қабықшаның қабыну жағдайында бұның сіңірілуі арта түседі, сондықтан улылық әсері басым болғандықтан мөлшерін азайтқан жөн. Соның ішінде кәрі адамдарға 1/3 кем беру керек. Ең басымдығы бастың ауруы және айналуы, ұйқының бұзылуы, мазасыздану. К/т тез енгізілген кезде және сезімтал науқастарда тырысулар, дірілдеу, парестезия, дезорентация, эйфория, құлақтың шулауы, сөйлеудің баяулауы болады. Лидокаиннің үлкен мөлшерін қолданғанда брадикардия, өткізгіштің баяулауы, артери­алды гипотензия. Аллергиялық реакциялар болады.

Шығарылу түрі. 1 және 2% ерітіндісі 5 және 10 мл ампуласы және 50, 100 флаконы; 10% аэрозоль 50 мл; 2% - 4% ерітіндісі 5 мл (көз тамшысы); 1% гель тубасы 30, 50, 100 г.

Рецепт үлгісі. Rp.: Sol. Lidocaini 1%-10 ml

D.t.d. N. 10 in amp.

S. Өткізгіштік жансыздандыру үшін.

#

3.1.2. Инфильтрациялық жансыздандыру үшін қолданылатын дәрілер (прокаин, лидокаин, бупивакаин, тримекаин)

Прокаин (Procainum), новокаин. Прокаин химиялық құрылысы бойынша парааминобензой қышқылына ұқсас және сульфаниламидтердің бәсекелестік антагонистері болып келеді. Прокаинді сульфаниламидті микробарға қарсы препаратармен біріктіріп қолданғанда, соңғысының әсері төмендейді. Прокаиннің тамырларды кеңейтен әсері бар, сол себепті осы ықпалын төмендету үшін 0,1% эпинефрин ерітіндісін қосады, ол оның жансыздандыру әсерін 30-60 минутқа дейін ұзартады.

Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Инфильтрациялық, сонымен қатар өткізгіштік, жұлынды, субарахноидалды жансыздандыру үшін және емдік мақсатпен тежеулер жасауда қолданады. Прокаинді сонымен бірге жүктіліктің кеш болатын токсикоздарындағы гипертониялық синдромдарында, қан тамырларының тарылуында, фантомды ауыруларда, асқазан мен он екі елі ішектің ойық жараларында, арнамалы емес жаралы колитте, қышымаларда, нейродермитте, экземада және басқа да ауыру симтомдарын басу үшін қолданады. Көк тамырға енгізеді 1 ден 10-15 мл 0,25%-0,5% препаратты изотониялық ерітіндімен бірге. Инфильтрациялық үшін 0,25 – 0,5% ерітіндіні және өткізгіштік анестезияда 1-2% ерітінді қолданады. Жұлын ми жансыздандыруы үшін 2-3 мл 0,5% ерітінді қолданады

Кері көрсеткіші. Препаратқа жоғары сезімталдық. Гипотензивті және брадиаритмия жағдайларында қолданбайды. Сульфаниламидті препараттармен сыймсыздықта.

Жанама әсерлері. Препаратты байқап, сақтықпен енгізу керек, себебі кейбір науқастарда жоғары сезімталдық болуы мүмкін (бастың айналуы, әлсіздік, гипотония, есекжем түріндегі аллергиялық реакциялар және анафилактикалық шок дамуы мүмкін). Тері аллергиялық реакциялар болуы мүмкін (дерматит, терінің кебектенуі және т.б.).

Шығарылу түрі. 0,25, 0,5, 1 және 2% ерітіндісі 1, 2, 5, 10 және 20 мл ампуласы; 0,25 және 0,5% ерітіндісі 200 және 400 мл флаконы; 100 мг балауызы; 5 және 10% майы.

Рецепт үлгісі. Rp.: Sol. Procaini 1% - 5 ml

D.t.d. N.10 in amp.

S. Өткізгіштік жансыздандыруүшін.

#

Бупивакаин (Bupivacainum), маркаин. Химиялық құрылысы бойынша лидокаинге ұқсас, бірақ лидокаиннен 4 есе күшті және улы, әсіресе жүрекке, көбінесе өткізгіштік және инфильтативтік жансыздандыру үшін, ал субарахноидальдық анестезияға осыдан артықшылығы жоқ. Бірақ жүрек улылығы өте күшті, брадиаритмиядан бастап, бара-бара жүректі тоқтатуы мүмкін, сондықтан қолданғанда байқап отыру керек.

Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Каудальды, эпидуральды, люмбальды және өткізгіштік (стоматологияда), симпатикалық тежелу. Мөлшері 0,25% және 0,5% ерітіндісі эпинефринмен бірге беріледі, жансыздандыру әсері 7 сағатқа созылады.

Кері көрсеткіштері. Жергілікті жансыздандырушыларға жоғары сезімталдық, әсіресе амид тобындағыларға, жас балаларға (12 жасқа дейін). Мөлшерден тыс қолдану кезінде гипотония (коллапсқа дейін), брадикардия (жүректің тоқтауы мүмкін), қарынша аритмиялары, тыныстың тежелуі, естің шатасуы, тырысулар болуы мүмкін.

Жанама әсерлері. ОЖЖ қозу немесе тежеу симптомдары (мазасыздану, үрейлену, бастың айналуы, құлақтың шулауы, көрудің бұзылуы, аяқ-қолдың дірілдеуі, жаппай тырысулар), аяқ-қолдың салы, тыныс алу бұлшық еттерінің салы, брадикардия, сфинктрлер қызметінің бұзылуы, зәрдің ұсталуы, парестезия және аяқ-қолдың ұйуы, бедеулік, жүрек жиырылуының төмендеуі, синус түйінің тежелуі, гипотония, брадикардия, қарынша аритмиясы, қарынша тахикардиясы, жүректің тоқтауы.

Шығарылу түрі. 0,25% және 0,5% ерітіндісі - 5, 10, 20 мл флаконы, 5 мл ампуласы; 0,5% ерітіндісі - 4 мл ампуласы.

Рецепт үлгісі. Rp.: Sol. Bupivacaine 0,25% - 10 ml

D.t.d. N. 10 in amp.

S. Өткізгіштік жансыздандыру үшін.

#

Тримекаин (Trimecainum), мезокаин. Химиялық құрылысы жағынан лидокаинге ұқсас, прокаиннен белсенділігі 2-3 есе күшті және әсер ұзақтығы 2-4 сағатқа созылады. Улылығы төмендеу, тітіркендіргіш әсер көрсетпейді. Бірақ, диффуздық қабілеті аз, ал ол оның латентік кезеңін ұзартады және өткізгіштік жансыздандыру кезінде препараттың шығынын жоғарлатады. Аритмияға қарсы әсері шамалы.

Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Мезокаин 0,5%-200 мл және 1%-100 мл инфильтрациялық жансыздандыру, 2%-20 мл өткізгіштік жансыздандыру үшін қолданылады. Бұның пайыздық мөлшері лидокаинге қарағанда төмен болып келеді (0,125%-0,25%), ал көлемі молдау болады (400-800 мл), бірақ көбінесе ұқсас келеді.

Кері көрсеткіштері. Синус түйінінің әлсіздік синдромы кезінде, атривентрикулярлы тежелуде, айқын брадикардияда, кардиогенді шокта, бауыр патологиясында.

Жанама әсерлері. Тримекаинді қолдану кезінде кейде науқастың түсі бозарып, басы ауырып, құсқысы келеді, ал уланғанда денесі тырысып клондық (дененің көпір тәрізді иілуі) безгек пайда болады, бұл кезде егуді тоқтату керек.

Шығарылу түрі. 0,25% ерітіндісі - 10 мл; 0,5% - 2; 5 және 10 мл; 1 және 2% - 1, 2, 5 және 10 мл; 5% - 1 және 2 мл ампуласы.

Рецепт үлгісі. Rp.: Sol. Trimecainі 0,25%-10 ml

D.t.d. N. 10 in amp.

S. Өткізгіштік жансыздандыру үшін.

#

3.1.3. Өткізгіштік жансыздандыру үшін қолданылатын дәрілер

(прокаин, лидокаин, тримекаин, бупивакаин, артикаин)

Артикаин (Articaine), ультракаин. Артикаин лидокаинге қарағанда тез және орташа ұзақты әсері бар (1-3 сағат). Артикаин басқа анестетиктерге қарағанда гематоэнцефалды тосқауыл арқылы айрықша аз мөлшерде өтеді, сондықтан акушерлік тәжірибеде таңдамалы препарат болып табылады.

Қолдану көрсеткіштері және мөлшерленуі. Жансыздандырудың беткейлік түрінен басқасының барлық түрлерінде қолданылады. Стоматология тәжірибесінде ауыз қуысының қабыну ауруларында қолданады. Инфильтрациялық жансыздандыруда1%, 1,7; 1,8; ерітінді 5 - 20 мл эпинефринмен (1:200000) бірге және эпинефринсіз; өткізгіштік және эпидуралды жансыздандыруда 1%-2% ерітінді және жұлынды жансыздандыруда 10% глюкоза негізіндегі 5% ерітіндіде.

Қолдануға қарсы көрсеткіш. Бронх демікпесі, аритмияларда, жабықбұрышты глаукома кезінде қолдануға болмайды.

Жанама әсері. Бас ауыруы, көздің бұлынғырлауы, бұлшықеттердің тартылуы, сананың бұзылуы, сирек аллергиялық реакциялар – егу аймағында терінің қызаруы, ісінуі және ангионевротикалық ісінулер және т.б.

Шығарылу түрі. 1 және 2% ерітіндісі – 1,7; 1,8; 2; 5; 20 мл және 4% - 1,7 мл ампуласы.

Рецепт үлгісі. Rp.: Sol. Articainі 2% - 1,8 ml

D.t.d. N. 10 in amp.

S. Өткізгіштік жансыздандыру үшін.

#

3.1.4. Мидың өрмек қабықшасының астындағы кеңістікті жансыздандыру үшін қолданылатын дәрілер

(лидокаин, тримекаин, артикаин, бупивакаин жоғарыда 3.1.1.; 3.1.2. және 3.1.3 қара)

3.1.5. Эпидуральды және каудальды жансыздандыру үшін қолданылатын

дәрілер (лидокаин, бупивакаин, ропивакаин).

Ропивакаин (Ropivacainum) наропин. Ропивакаин жергілікті жансыздандырушы, әсері ұзақ, амид тобының соңғы ұрпағына жатады, лидокаинге қарағанда 4 есе белсенді, бірақ улылығы 3 есе күшті және қысқа латенттік кезеңге ие. Қан мен ми арасындағы, плацентарлық тосқауылдан және шамалы төс сүтіне де өтеді.

Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Эпидуральды жансыздандыру (өткір ауыруды шеттету үшін) 0,2% ерітіндіні енгізеді, бір рет 10-20 мл; инфильтрациялық және өткізгіштік жансыздандыруда 0,75% ерітінді 15-20 мл. Ұзақ инфузияда бел деңгейінде (босану кезінде ауырсынуды және операциядан кейінгі ауырсынуды басу) 0,2% ерітінді 10-20 мл және аяқ пен кіші жамбас мүшелерінің ауыруларын басу және тежеу үшін қолданады.

Кері көрсеткіштер. Препаратқа жоғары сезімталдық, көк тамырларға, аймақтық жансыздандыру, артериалды гипотензия, гиповолемия, орталық жүйке жүйесінің аурулары, 12 жасқа дейінгі балаларға.

Жанама әсерлері. Бастың ауыруы, бастың айналуы, парестезия, нейропатия, жұлын ми қызметінің бұзылыстары, жүректің айнуы, құсу, гипертермия, несептің ұсталуы, аллергиялық реакциялар.

Шығарылу түрі. 0,2; 0,75 және 1% ерітіндісі – 10; 20 мл флаконда және 0,2% - 100; 200 мл ерітінді N.5 пакетте.

Рецепт үлгісі. Rp.: Sol. Ropivacainі 0,75% - 20 ml

D.t.d. N. 10

S. Өткізгіштік жансыздандыру үшін.

#

3.2. Тұтқыр, қаптағыш және сорғыш дәрілер.

Сезімтал жүйке ұштарын тітіркендіргіш факторлардан қорғайтын препараттарға -тұтқыр, қаптағыш және сорғыш дәрілер жатады.

3.2.1. Тұтқыр дәрілер

Тұтқыр дәрілер шырышты қабатпен жанасқан кезде коллоидты қосылыстар түзеп, нәтижесінде тамырлардың тарылуына, олардың экссудаттар үшін өткізгіштігіне төмендеуіне, ауыру сезімінің басылуына, қабыну үрдісінің азаюына әкеледі. Тұтқыр дәрілерге органикалық заттар (танин, емен қабығының қайнатпасы, шайқурай шөбінің тұнбасы, шатыраш жапырағы, зерде гүлін ж.т.б.), неорганикалық (висмут субнитраты, дерматол, ксероформ, қорғасын ацетаты, ашутас (квасцылар), мырыш тотығы, мыс сульфаты, күміс нитраты және т.б.) жатады.

Танин (Tanninum) танин қышқылы немесе галло тұтқырлық (тері илейтін) май және ерітінді түрінде шығарылады. Танин ауыр метал тұздарымен және алкалоидтармен (морфин, атропин, никотин, кокаин) қосылып нашар еритін қосылыс түзейді.

Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Ауыз қуысын, жұтқыншақты 1-2% ерітінді түрінде шаю үшін, күйік, ойық жараларда сыртқа 3-10% ерітінді және май түрінде жауыр кезінде қолданылады. Іштің өтуі кезінде таниннің шырышты қабықтарда тұнбаға түспеуі үшін, танинді ақуызбен қосылған қосындысын (танальбин) қолданады. Ауыр металл тұздарымен және алкалоидтармен уланғанда асқазанды жуу үшін 0,5% ерітіндісі қолданылады. Танин тұрақсыз қосылыстар түзейді, сондықтан асқазаннан тез шығару (3-5 минут арасында) керек.

Жанама әсерлері. Асқазанның шырышты қабатында қалаусыз тұнбалардың түзуіне әкелуі мүмкін.

Рецепт үлгісі. Rp.: Sol. Tannini spirituosаe 4% - 25 ml

D.S. Күйіктің ІІ сатысында теріге жағу үшін.

#

Емен қабығының қайнатпасы (Decoctum corticis Quercus), сонымен қатар таниннен тұратын басқа да өсімдіктердің тұнбасы мен қайнатпалары (шайқурай шөбі, шатыраш жапырағы, зерде гүлі, тарлан тамыры, сиырсілекей, қаражидек, мойыл ж.т.б.) стоматит, гингивит және басқа да ауыз қуысының қабынуы кезінде қолданылады.

Рецепт үлгісі. Rp.: Decоcti corticis Quercus 20,0 – 200 ml

D.S. Ауызды шаю үшін.

#

Висмут субнитраты (Bismuthi subnitras) және оның тендестері дерматол (висмут субгаллат), ксероформ (висмут негізінің трибромфенолаты) сонымен қатар, қорғасын ацетаты (Plumbi acetas), ашутас ( Aluminum), күміс, мыс, мырыш препараттары және басқа да тұтқырлайтын, антисептикалық, үлкен шоғырымда күйдіретін әсері бар дәрілер. Терінің және шырышты қабаттың қабынулырында, энтерит, колит кезінде антисептикалық, май және сеппе ретінде теріні тазалау үшін, артық грануляцияны алып тастау үшін қолданылады.

Рецепт үлгісі. Rp.: Ung. Bismuthi subnitratis 10% - 25,0

D.S. Тері ауруларына жағу үшін.

Rp.: Sol. Plumbi acetatіs 0,25% - 50 ml

D.S. Для полосканий ран.

#

Rp.: Aluminis 4,0

Ac. borici 10,0

Aq. destill. 200 ml

M.D.S. Для обработки ран.

#

3.2.2. Қармаушы дәрілер

Қаптағыш дәрілер сумен қосылып, коллоидты ерітінді түзейді, ол шырышты қабықшаны жауып, сезгіш жүйке ұштарына тітіркендіргіш заттардың әсеріне кедергі жасайды. Бұл заттарға негізінен крахмал кілегейі (Mucilago Amyli), зығыр дәнінің кілегейі жатады. Олар жергілікті қабынуға қарсы және ауыруды басатын әсер көрсетеді. Гастрит, асқазан мен он екі елі ішектің ойық жараларында және энтероколитте қолданылады. Дәрілермен бірге ауыруды басатын бір реттік клизма ретінде, қышқылдар мен негіздермен уланғанда ұзақ уақыт ішке шырышты қабатты жаралардан қорғау мақсатында тағайындайды.

Рецепт үлгісі. Rp.: Chlorali hydratratis 1,5

Mucilaginis Amyli

Aq. destill aa 15 ml.

M.D.S. 1 клизма жасауға.

#

3.2.3. Сорғыш дәрілер

Жануарлардан және өсімдіктерден алынатын, үлкен белсенді беткейден тұратын, нәтижесінде басқа химиялық қосылыстармен немесе дәрілік препараттармен жақсы әрекеттесіп, өздерінің бойына сіңіріп алып, жүйке талшықтарын тітіркенуден қорғайтын сорғыш дәрілер. Бұл заттарға белсенді көмір, тальк және т.б. жатады. Бұлар іш өту кезінде және улы заттардың сіңірілуін тоқтату үшін қолданылады.

Белсенді көмір (Carbo activatus), карболен, карбактин, энтеросорбент, арнайы өнделген, сорғыш беткейі бар, ерімейтін қара түсті ұнтақ. Белсенді көмірөзіне улы заттарды (токсиндерді, газдарды, алкалоидтарды) сіңіріп алады.

Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Ішектегі ашу және шіру үрдістерімен жүретін диспепсияда (метеоризм), қышқылдықтың жоғары болуы мен асқазан сөлінің гиперсекрециясында, іштің өтуінде, жедел улануларда (алкалоидтармен, жүрек гликозидтерімен, ауыр металдардың тұздарымен және т.б.), токсикалық синдром ауруларында – тамақ токсикоинфекцияларында, дизентерия, сальмонеллезде, күйік ауруларының токсемия және септикотоксемия сатысында, созылмалы бауыр жетіспеушілігінде, бронх демікпесінде, атопиялық дерматитте, рентгенологиялық зерттеулерге дайында кезінде (газдардың түзілуін азайту үшін). Сулы жүзгінді уланғанда және интоксикация кезінде 20-30г; қышқылдық жоғары болғанда және іштің кебуінде - 1-2 таблеткадан (таблетка 0,5-0,25 г.) тәулігіне 3 – 4 реттен. Сулы жүзгінін ересектер үшін тамақтың арасында 10 г (бір пакет) тәулігіне 3 реттен; 7 жасқа дейінгі балаларға – 5 г, 7-14 жастағыларға – 7 г қабылдау. Емдеу курсының ұзақтығы 3-15 күн.

Кері көрсеткіштері. Асқазан ішек жолдарының ойық жараларында және асқазаннан қан кетулерде, әсіресе басқа дәрілермен бірге беруге және жоғары сезімталдықта болмайды.

Жанама әсерлері. Диспепсия болуы мүмкін, асқазан ішек жолдарында майлардың, ақуыздардың, витаминдердің, гормондардың, қоректі заттардың ж.т.б. сіңірілуі төмендейді; іштің қатуы немесе іштің өтуі, нәжістің қара түске боялуы, белсенді көмір арқылы гемоперфузия кезінде эмболияның дамуы мүмкін, геморрагия, гипокалемия, гипокальцемия, гипотермия және гипотензия, ағзада витаминнің, гормондардың, майлардың және ақуыздардың азаюы. Дәрілермен бірге қолданғанда олардың ықпалының төмендеуі мүмкін.

Шығарылу түрі. 200 мг капсуласы; 230, 250, 500 мг (N.10) таблеткасы; 5, 10, 15, 25, 30, 50, 100, 150 г ұнтағы пакетте; 100, 200 г флаконы; 100, 250, 450, 700, 850, 1300 г пастасы; 2,5; 3, 5, 10, 60, 100, 650 пакеттегi грануласы; 10, 12, 15, 24, 25 г флаконда.

Рецепт үлгісі. Rp.: Granularum Carbonis activati 5,0

D.t.d. N.10

S. 1 – 2 пакеттен 5 – 6 рет тәулігіне.

#

Тальк (Talcum) тер бездерінің бөліп шығарғандарын өзіне сіңіреді және теріні механикалық тітіркенуден қорғап, оны кептіреді. Оны сеппе ретінде қолданады.

Рецепт үлгісі. Rp.: Zinci oxydi 10,0

Talci 40,0

M. f. pulv.

D.S. Ұнтақ түрінде, сеппе.

#

3.2.4. Тітіркендіргіш дәрілер

Тітіркендіріш заттар сезімтал жүйке ұштарын белсендіреді және тітіркендіріп қозу әрекетін арттырады. Сонымен қатар, зақымдалған мүшені немесе тінді иннервациялайтын орайлас жүйкеге орталық жүйке жүйесі арқылы алаңдатумен, ауыру сезімін басады. Олар сонымен, теріге жергілікті әсер көрсетеді, ол биологиялық белсенді заттардың – гистаминнің, брадикининнің және серотониннің бөлінуіне әкеледі. Бұл топқа жататын негізгі тітіркендіргіш дәрілер: қыша қағаз, скипидар, ментол, аммиак ерітіндісі, терпентиннің тазаланған майы жатады.

Қыша қағазы (Charta sinapis)– қағазға жұқалап жағылған майсыз қыша қоспасының ұнтағы, ол мирозин және синигрин гликозид ферменттерінен тұрады. Әсер етуші заттардың ықпалынан ыдырап - өткір иісі бар, шырышты қабатты және теріні қатты тітіркендіретін қыша майының эфирі. Емдік ықпалы терінің жүйке ұштарын тітіркендіру салдарынан рефлекторлы реакциялар пайда болады.

Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Қабынуға қарсы дәрілер ретінде (алаңдатушы) тыныс жолдарының аурулары, жүрек соғуы, невралгия, миалгия және т.б. аурулар кезінде қолданылады. 4-5 қыша қақазды күніне 1 рет. Эфирлі қышы майын 2% спирттік ерітінді түрінде жергілікті тітіркендіруші және алаңдатушы заттар ретінде қолданады.

Кері көрсеткіштері. Тері зақымдануларында, іріңді ауруларда, нейродермитте, сулы экземада, псориазда.

 

Терпентиннің тазаланған майы (Oluеm Terebinthinaе rectificatum) скипидар – эфирлік май. Бұл кәдімгі қарағай бүршігін айдаудан алған өнім, тері арқылы өтіп, сезімтал жүйке ұштарын тітіркендіреді, ауыруды басатын (алаңдатушы) және антисептикалық әсер көрсетеді. «Финалгон», «Капсикам» майларының құрамына кіреді.

Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Бұл заттардың екі мақсатта қолданады: біріншіден, жарақаттанған жердегі ауырсынуды басу үшін, яғни көңілді басқаға аудару, екіншіден, патологиялық үрдіс кезінде ішкі денедегі трофиканы жақсарту үшін. Невралгия, радикулит, миалгия, аяқ-қол қақсағанда, миозитте, полиартриттерге, сонымен қатар бумен дем алу үшін ірінді бронхитте, бронхоэктазияда қолданылады.

Кері көрсеткіштері. Бауыр мен бүйрек паренхимасының зақымданулары кезінде.

Шығарылу түрі. 20 % жағынды 15 және 25 г банкада және 15, 25 және 50 г тубаларда және 10, 30 және 50 мл флакондағы майлы ерітінді.

Рецепт үлгісі. Rp.: Oleum Terebinthinae rectificati

Chloroformi aa 15 ml

Methylsalicylatis 10 ml

M. f. linimentum

D.S. Буын тұсына жағу үшін.

#

Ментол (Mentholum) жалбыз майынан алатын (бұрыш жалбызының жапырағында) – салқындатқыш рецепторларды тітіркендіреді, аздап жансыздандырады, рефлекторлы жолмен қан тамырларының қысымын өзгертеді. Бұл қасиетін жүрек-қан тамырларын кеңейтетіндігінен байқауға болады.

Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Невралгия, миалгия артралгия кездерінде 2% спирттік ерітіндісі немесе 10% майлы жүзгіні ұсынылады; қышымалы дерматозды емдеуде 1% ланолинді-вазелин май немесе 0,5% спирттік ерітінді қолданылады. Жоғары тыныс алу жолдарының қабыну ауруларында (тұмау, фарингит, ларингит, трахеит) бумен дем алу немесе интраназальды тамшы түрінде береді. «Валидол» құрамына кіреді, сондықтан стенокардияда қолданылады. Сонымен қатар, ментол көптеген сыртқа қолданылатын алаңдатушы дәрілердің құрамына кіреді (броментол, меновазин, кафомен, эфкамон).

Кері көрсеткіштері. Жас балалардың мұрнына жағуға, өңешіне бумен дем алуға болмайды. Өйткені тынысы нашарлап, демі тоқтап қалуы мүмкін.

Шығарылу түрі. 1% вазилин майындағы ерітінді (тамшы); 1 және 2% флакондағы спиртті және майлы (ментол майы) ерітінді 10, 20, 25 және 30 мл және флакон-тамшыда 10 мл; ментол каламы.

Рецепт үлгісі. Rp.: Sol. Mentholi spirituosae 5%-5 ml

D.S. 1-2 тамшыдан тілдің астына.

#

Rp.: Olеum. Mentholi 2% - 10 ml

D.S. 5-10 тамшыдан мұрынға тамызу үшін.

#

Аммиак ерітіндісі (SоІ. Ammonii caustici) мүсәтір спирті. Өткір иісі бар, ұшқыш сұйықтық. Тыныс алғанда жоғары тыныс жолдарының сезімтал жүйке ұштарын тітіркендіріп, тыныстың орталығына қоздырушы әсер береді.

Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Жедел жәрдем ретінде естен танған кезде тынысты қоздыру үшін, мақтаға тамызып мұрынға 1 сек. иіскетеді. Кейде құстыру үшін 5-10 тамшысын 100 мл суға қосып береді. Жәндік шаққанда сыртқа дәріленген дәкені басу ретінде қолданады.

Кері көрсеткіштері. Дерматитте, экземада және тері ауруларында.

Жанама әсерлері. Жоғары шоғырымда тынысты рефлекторлы тоқтатуы мүмкін және өңеш пен асқазанның күйіктерін туғызады.

Шығарылу түрі. 10% ерітінді 10, 40 және 100 мл флаконда және 1 мл ампулада.

Рецепт үлгісі. Rp.: SоІ. Ammonii cаustici 1 ml

D.t.d. N. 10 in amp.

S. Есін жиғызу үшін иіскетеді.

#

 

4 Тарау. Эфференттік иннервацияға әсер ететін дәрілер

Холинорецепторларға (холинергиялық) әсер ететін дәрілер

Орталық жүйке жүйесі (ОЖЖ) екіге бөлінеді:

1/ ми қыртысының алдыңғы орталық қатпарындағы қимыл аймағының орталығы болып келетін соматикалық жүйке жүйесі және санамен реттеледі. Мысалы, алдыңғы орталық қатпарда орналасқан қимыл орталығы, қаңқа бұлшықет қозғалысын бара-бар реттейді, оған импульстар тікелей холинергиялық синапстан қаңқа бұлшықеттеріне беріледі;

2/ вегетативті жүйке жүйесі, сезіну шаласанамен реттеледі. Жоғары вегетативті орталық – гипоталамус (4.1. сурет).

 

Тыныс орталығы Тамырларды қозғау орталығы

 

 

Сурет 4.1. Соматикалық және вегетативті жүйке жүйесінің жалпы кестесі

 

Морфологиялық белгілері бойынша вегетативті жүйке жүйесі симпатикалық және парасимпатикалық жүйке жүйесі болып бөлінеді, ал синапстағы түзілетін медиаторлары бойынша адренергиялық және холинергиялық болып келеді. Адренергиялық жүйке медиаторына норадреналин (НА) және адреналин (Адр), ал холинергиялыққа – ацетилхолин (АХ) жатады. Орталық жүйке жүйесінде медиаторлық қызметті ацетилхолин, норадреналин, дофамин, серотонин, ГАМҚ (гамма-аминомай қышқылы) ж.т.б. орындайды.

Парасимпатикалық жүйке жүйесінің эфференттік жолы екі нейроналды орталықтан шығады – краниальды және сакральды бөлімдерден. Краниальды ядролар орталық және сопақша ми құрамындағы бас-ми жүйкелеріндегі – ІІІ, VІІ, ІХ, Х жұптарында орналасқан. Парасимпатикалық жүйке жүйесінің сакральды вегетативті нейрондары өз бастауларын жұлын миының төменгі бөліміндегі бүйір мүйізінің сұр заттарынан басталады. Осы орталықтардан тораптарға (ганглиге) ұзын торап алды талшықтар кетеді. Ал парасимпатикалық тораптардың өзі тікелей мүшелерде орналасқан және олардан қысқа тораптан кейінгі талшықтар шығады (Сурет 4.2.).

Симпатикалық жүйке жүйесінің орталығы жұлын миының тораколюмбальды бөлімінің бүйір мүйізінің сұр затында орналасқан. Симпатикалық жүйке жүйесінің тораптары жұлын миының жүйке бағанасынан шыққаннан кейін орналасқан және оларды екі жақты паравертебральды тораптар деп атайды, бірақ олар үшін медиатор ацетилхолин болып келеді. Симпатикалық жүйке жүйесінің тораптар алдындағы талшықтары қысқа, ал тораптардан кейінгі талшықтары ұзын және мүшелерде аяқталады, олардың медиаторы норадреналин болып келеді. Симпатикалық жүйке жүйесінің қосымша медиаторына адреналин жатады, ол бүйрек үсті безінің милы қабатында, күйзелістік жағдайларда қанға бөлінеді. Ішкі мүшелердің иннервациясында басқа да биологиялық белсенді заттар қатысады – дофаминергиялық, серотонинергиялық және пуринергиялық, сонымен қатар Р субстанциясы, нейропептид V және VІР (вазоактивті интесинальді пептид) және азот тотығы.

 

 

Сурет 4.2. Адамның вегетативті жүйке жүйесінің сызбасы және оның иннервациялайтын мүшелері (қызыл түспен симпатикалық, көк түспен парасимпатикалық жүйке жүйесі берілген; қыртыс пен қыртыс асты орталықтарының арасындағы байланыс және жұлын миының түзілістері үзік сызықпен берілген): 1 және 2 — қыртыстық және қыртыс асты орталықтар; 3 — көз қозғалғыш жүйке; 4 — бет жүйке; 5 — тіл жұтқыншақ жүйке; 6 — кезбе жүйке; 7 — жоғары мойын симпатикалық түйін; 8 — жұлдызды түйін; 9 — симпатикалық бағана түйіндері (тораптары); 10 — жұлын ми жүйкелерінің симпатикалық жүйке талшықтары (вегетативті тармақ); 11 — құрсақ өрімі; 12 — жоғары шажырқайлық түйін; 13 — төменгі шажырқайлық түйін; 14 — құрсақ асты өрімі; 15 — жұлын миының сегізкөз парасимпатикалық ядросы; 16 — жамбастың ішкі ағзалық жүйке; 17 — құрсақ асты жүйке; 18 — тік ішек; 19 — жатыр; 20 — қуық; 21 — жіңішке ішек; 22 — жуан ішек; 23 — асқазан; 24 — көкбауыр; 25 — бауыр; 26 — жүрек; 27 — өкпе; 28 — өңеш; 29 — көмей; 30 — жұтқыншақ; 31 және 32 — сілекей бездері; 33 — тіл; 34 — шықшыт безі; 35 — көз алмасы; 36 — жас безі; 37 — кірпікше түйін; 38 — қанаттаңдай түйін; 39 — құлақ түйіні; 40 — жақ асты түйін.

Холинергиялық дәрілер немесе «Холинергиялық синапстағы жүйке талшықтарындағы сезімтал ұштарына әсер ететін дәрілерге» эфференттік иннервацияға әсер ететін дәрілер, яғни орталық жүйке жүйесінен төменгі орындаушы мүшелерге беріледі (Сурет 4.3.).

 

Сурет 4.3. Парасимпатикалық иннервацияның сызбасы.

 

Холинергиялық жүйке құрылымы фармакологиялық заттарға және уларға бірдей сезімтал емес. Осыған байланысты холинергиялық синапстар және рецепторлар М (шыбын қырғыш саңырауқұлақтардың мускарин уларына сезімтал) және Н (темекі жапырағының никотиніне) болып бөлінеді.

Мускарин сезгіш холинорецепторларға (одан әрі М-холинорецепторлар) – парасимпатикалық жүйке ұштарының вегетативті тораптар нейрондарындағы парасимпатикалық жүйке талшықтарының ұштарындағы эффекторлы мүшелердің постсинапстық жасуша мембранасы, сонымен қатар орталық жүйке жүйесіндегі, атап айтқанда бас ми қыртысы мен ретикулярлы формациясы жатады.

М-холинорецепторлардың әр түрлі орналасуына байланысты гетерогенділігі белгіленген, олар заттарға сезімталдығының әр түрлі болуымен көрінеді. Сондықтан рецепторлардың 5 түрін бөледі:

М1-холинорецепторлар (вегетативті ганглиде және орталық жүйке жүйесінде),

М2-холинорецепторлар (жүректе),

М3-холинорецепторлар (тегіс бұлшық еттерде, көбінесе эндокринді бездерде),

М4-холинорецепторлар (жүректе, өкпе альвеоласының қабырғасында, орталық жүйке жүйесінде)

М5-холинорецепторлар (орталық жүйке жүйесінде, сілекей бездерінде, нұрлы қабықшасында, қанның мононуклеарлы жасушаларында).

М-холинорецепторларын қоздырғанда келесі әсерлер дамиды:

- кірпікше бұлшық еттерінің жиырылуы, миоз, көз ішілік қысымның төмендеуі,

- асқазан мен ішек перистальтикасының белсенуі,

- жас, асқазанның сілекейі мен ұйқы безінің секрециясын белсендіреді,

- бронх пен қуықтың тегіс салалы бұлшықеттерінің жиырылуы,

- брадикардия, жүрек лақтырысының төмендеуі, гипотензия,

-электроэнцефалограмманың десинхронизациясы.

Никотинсезімтал холинорецепторларға (одан әрі Н-холинорецепторлар) барлық симпатикалық және парасимпатикалық жүйке жүйесіндегі, бүйрек үсті безінің милы қыртысындағы, синокаротидті аймақтағы, қаңқа бұлшықетінің пластинка ұшындағы және орталық жүйке жүйесіндегі (нейрогипофизде немесе гипофиздің артқы бөлігіндегі) торап алдындағы талшық ұштарындағы торапты нейрондар жатады.

Н-холинорецепторлардың әр түрлі заттарға сезімталдығы бірдей емес. Сонымен, вегетативті тораптың нейрональды типті Н-холинорецепторлары айтарлықтай қаңқа бұлшықеттерінің Н-холинорецепторларынан ерекшелінеді. Онымен тораптар (ганглиотежегіш заттар) мен жүйке-бұлшықет өткізгіштеріне (миорелаксанттар) талдамды тежегіш мүмкіндіктерімен түсіндіріледі.

Н-холинорецепторлар қозған кезде ұштардағы пластинкада және тораптарда потенциал әсері туындайды, тыныс алу және тамырларды қозғау орталықтарын белсендіреді, катехоламиндерді босатып шығарады.

Жүйке импульстарының берілу кезеңдері:

1. Синапс алдындағы талшықта синтезделуі мен жиналуы

2. Синаптикалық саңылауға медиатордың бөлініп шығу механизмінің қосылуы

3. Синапстан кейінгі мембрана рецепторымен медиатордың әрекеттесуі

4. Синапстан кейінгі мембрананың белсендірілген рецепторларының жасуша алмасуымен және қызметімен ұштасу механизмінің қосылуы

5. Медиатордың ферменттік әсерсізденуі немесе оның синапс алдындағы ұштарға қайта сіңірілуі және жасушаның бастапқы қалпына келуі.

Жүйке импульсінің берілу механизмі (Сурет 4.4):

1. Синапс алдындағы талшықта медиатордың синтезі мен жиналуы жүреді. АХ синтезі үшін холинацетилаза ферментінің белсенділігі мен үлкен мөлшерде холиннің аминоқышқылы қажет. Холиннің жоғарылауы жұмыс импульсінің келуінен басталады және холинацетилазаның қатысуымен медиатор синтезделінеді.

Ретикулада синтезделінетін медиатор ақуызбен, АТФ-пен қосылады – аталған компоненттер медиатордың ферменттермен бұзылуынан қорғаушы болып келеді.

2. Синапс алдындағы мембраналарда өзектер болады, оларға ішкі жағынан қайтымды медиатормен күлбірлер келеді. Жұмыс импульсі келгеннен кейін, жасуша ішіне Nа иондары кіреді, олар өзімен бірге К иондарын кіргізеді. Жасуша ішіне түскеннен кейін К иондары кальмодулин ақуызымен ұсталады және жасушаның жиырылатын элементтеріндегі ферменттерге әкелінеді. Бұл ферментке Са-тәуелді АТФ-аза (фосфатаза) жатады. Са әсерінен фермент белсенділігі артады, ал бұл ферменттің қызметі АТФ өзгеруіне әкеледі. АТФ өзгеруі кезінде энергия бөлінеді, ол актинді және миозинді жіптердің жиырылуына жұмсалады, күлбірлер жиырылып, медиатор синапстық саңылауға бөлінеді.

3. Синапстан кейінгі мембранада медиаторларға сезімтал рецепторлар бар. Бұл әрекеттесу электр күшіне негізделген: синапстан кейінгі мембранаға түсетін медиатордың оң қуаты бар (катионды басы). Рецептор карбонильді ақуыздан және теріс қуаты бар анионды орталықтан тұрады. Импульс берілген кезде медиатор мен рецептор бір-бірімен өзара орналасады және әртүрлі қуаттары болғандықтан бір-бірімен әрекеттеседі.

4. Медиатор мен рецептор арасында әрекеттесу болғаннан кейін, жұмыс істейтін мүшелер жағынан жауап жүреді, сол бірдей медиатордың әсері кезінде, бұл реакция оң немесе теріс болуы мүмкін. Мысалы, АХ бірден ішек перистальтикасын қоздыруы мен іштің өтуіне әкеледі, яғни бірдей медиатор әртүрлі ықпал туғызуы мүмкін. Егер жауап беру реакциясының күшеюі болса – Nа, Са енуі жүреді, жасуша ішілік белсенділік жоғарылайды. Са - жасушада алмасу үрдісінің биокатализаторы. Тежелу кезінде жасушада СІ үшін өзекшелер ашылады және жасуша ішіне СІ кіреді, үйексіздену орынына әсіре үйексіздену дамиды – импульстің берілу мүмкіндігінің болмауы, бір мезгілде Nа және Са жасушадан шығаратын насостар қосылады.

5. АХ 75% синапстық саңылаудан кетеді және ацетилхолинэстеразамен (АХЭ) бұзылмайды, ол қанда бұзылады (бутирилхолинэстераза) – бұл медиатордың қысқа әсер етуін түсіндіреді. БХЭ жеткіліксіздігі кезінде кейбір дәрілік заттардың әсер ұзақ болып келеді (мысалы, дитилин).

 

Сурет 4.4. Жүйке импульсінің берілуі мен ацетилхолиннің холинергиялық синапстағы метаболизм сызбасы.

 

Холинергиялық жүйеге әсер ететін заттар белсендіргіш және тежегіш болып бөлінеді. Осыған байланысты олар келесі топтарға жіктеледі:

1. М - және Н – холиномиметиктер – (антихолинэстеразды дәрілер)

2. М-холиномиметиктер

3. Н-холиномиметиктер

4. М-холинотежегіштер

5. Холинолитиктер (ганглиотежегіштер және миорелаксанттар)

 

4.1. Антихолинэстеразды дәрілер


Дата добавления: 2015-12-16 | Просмотры: 1758 | Нарушение авторских прав







При использовании материала ссылка на сайт medlec.org обязательна! (0.066 сек.)