II. Екінші реттік серозды менингиттер
II. Менингиттер
Менингит деп ми қабықтарының қабынуын айтады. Мидың жұмсақ қабықтарының қабынуы – лептоменингит, ал қатты қабығының қабынуы – пахименингит деп аталады. Менингиттер орналасуына байланысты: церебральды (конвекситальды және базальды), жұлынды (спинальды) болып бөлінеді. Жұлын-ми сұйықтығының өзгеруіне байланысты іріңді және серозды болып, ағымына байланысты жедел, жеделдеу және созылмалы болады.
Менингиттердің жіктелуі (М.Б.Цукер бойынша)
I. Бірінші реттік серозды менингиттер.
1. Лимфоцитарлық хориоменингит.
2. Коксаки және ЕСНО вирустары туғызатын менингит.
3. Полиомиелит вирусы туғызатын менингит.
4. Тұмау кезінде дамыған менингит
II. Екінші реттік серозды менингиттер
1. Ревматизм кезінде
2. Мерез кезінде
3. Токсоплазмоздан болған
4. Туберкулез мениингиті
III. Бірінші реттік іріңді менингиттер
1. Эпидемиялық менингококктық менингит
IV. Екінші реттік іріңді менингиттер
1. Құлақтың іріңді ауруларынан.
2. Стафилококктан.
3. Стрептакокктан.
4. Пневмококктан
Менингиттің негізгі клиникалық синдромы болып менингеальды синдром болып табылады. Менингеальды синдромға бастың ауруы, құсу, жүрек айну, жалпы гиперестезия, өзіне тән менингеальдық поза желке бұлшықеттерінің сіресуі, Керниг, Брудзинский симптомдары, Лессаж симптомы, Бехтерев I симптомы анықталады.
Бас ауруы жайылмалы болады, кейде маңдай және шүйде аймағында болуы мүмкін. Менингит кезіндегі бастың ауруы үшкіл нерв ұштарын тітіркендіруінен дамиды, сонымен қатар бас миының қабықтарын жүйкелейтін парасимпатикалық және симпатикалық талшықтарымен ядроларын тітіркенуіне байланысты. Науқас құсқан соң жеңілдеп қалады, басының ауырғаны азаяды.
Менингиттің негізгі симптомдарының бірі болып жалпы тері гиперестезиясы және есту, көру тітіркендіргіштеріне жоғары сезімталдықтың болуы табылады (гиперакузия, жарықтан қорқу).
Науқастың жатысы өзіне тән: басын шалқайтып, іші тартылып, аяқтары ішіне бүгіліп жатады. Бұл жатыс еріксіз, анталгиялы, яғни бұлшықеттердің рефлекторлы жиырылуына байланысты.
Тоникалық рефлекстерінің әсерінен желке бұлшық еттерінің сіресуі. Керниг, Брудзинский, Лессаж симптомдары болады.
Желке бұлшықеттерінің сіресуі мойындағы бұлшықеттердің тонусының жоғарлауынан болады. Басын алға еңкейтіп, кеудесіне қарай игенде қарсыласу байқалады.
Керниг симптомы – тізе буынында аяғын жаза алмауы. Керниг симптомы паркинсонизм, миотония ауруларында болуы мүмкін. Сондықтан Керниг симптомымен қатар Брудзинскийдің 5 симптомын анықтайды (жоғары, бет, ұрт, ортаңғы және төменгі).
Брудзинскийдің жоғарғы симптомы – басын кеудесіне игенде аяғының тізе буынында бүгілуі.
Брудзинскийдің бет симптомы – бет доғасын сәл ұрғылағанда, ұрт симптомы – ұртын басқанда иығы мен шынтағының көтерілуі.
Брудзинскийдің ортаңғы симптомы – симфизді басқанда аяғының тізе буынында бүгілуі. Төменгі симптомы – Керниг симптомын бір аяғында тексеру кезінде екінші аяғының тізесінде бүгілуі.
Гиллен симптомы Брудзинский симптомына ұқсас төрт басты бұлшық етті басқанда екінші аяғының тізесінде бүгілуі.
Лессаж симптомы жас баланы қолтығынан ұста көтергенде, аяғын бүгіп ішіне жинап алады.
Бехтерев симптомы – тұрақты, яғни бет доғасын ұрғылағанда науқастың басының ауырғаны күшейіп, бетінде еріксіз жиырылу пайда болады. Диагноз қою үшін бастың ауыруы, құсу, желке бұлшық еттерінің сіресуі. Керниг, брудзинский симптомдары болу керек.
2.1. Іріңді менингит.
Қоздырғыштары: менингококк, пневмококк, стрептококк, стафилококк, гемофильді таяқша, ішек таяқша, сальмонеллалар және тағы басқа. Іріңді менингитке тұрақты симптомокомплекс, эпидемиологиялық, бактериологиялық зерттеулердің көрсеткіштері тән.
Эпидемиялық менингококкты менингит
Эпидемиялық менингококкты менингит – Вексельбаум менингококктарымен шақырылатын мидың жұмсақ қабығының іріңді бірінші реттік қабынуы. Ауа-тамшы жолымен жұғады. Қоздырғышы мұрын жұтқыншақа еніп, лимфо-гематогенді жолмен организмге таралады.
Патоморфологиясы. Менингококкты менингит лептоменингиттерге жатады, себебі көбінесе торлы және жұмсақ ми қабықтары зақымдалады. Қан тамырларының бойы мен саңылауларда серозды немесе іріңді эксудат байқалады. Кей кезде жарты шарлар түгел іріңмен жабылады. Эксудаттың құрамы нейтрофильді. Бас ми жұлын жүйкелерінің түбіршектерінің қабығының қабыну процестері жайлайды. Мида, қантамырларда қанның стазы, периваскулярлы диапедезді геморрагия, ісіну, тромбтардың түзілуі байқалады. Периваскулярлы кең ісіктерге іріңді эксудат таралады, тромбофлебиттің, ми затында іріңді ошақтардың дамуында әсерін тигізеді. Қарыншалардың қан тамыр өрімінде, эпендимада және субэпендимарлы затта өзгерістер болады. Ми қабықтарының морфологиялық қабыну өзгерістері буындардың синовиальды қабықтарының, көздің, жүректің қантамыр қабықтарын жайлайды.
Клиникалық көрінісі. Инкубациялық кезеңі 1-4 күнге созылады. Ауру жедел басталып, дене қызуы көтеріліп, қалтырау пайда болады. Науқас мазасыз, тітіркенгіш келеді. Беті бозғылт болады. Мидың ісінуіне байланысты есінен танып, қалтырау, тырысу ұстамасы, кейде қалтырау статусы болады. Науқас басының ауыратынына шағымданады. Тексергенде менингеальдық синдром анықталады. Ошақты симптомдар болмайды, кейде бас ми жүйкелері зақымдалуы мүмкін, көбінесе есту жүйкесінің невриті болады. Менингококцемияның әсерінен теріде геморрагиялық дақтар («жұлдызды») пайда болады.
Ағымы: қауіпсіз жағдайда 10-14 күннен соң жазылады. Кей кезде қатерлі дамып 18-24 сағат ішінде өліп кетуі мүмкін. Асқынулары ретінде ауыр токсикоз, Уотерхаус-Фридериксен симптомокомплексі (бүйрек үсті безіне қан құйылуы), мидың жедел ісінуі, менингококкты сепсис болады. Артерия қысымы төмендеп, жүрек қызметі нашарлап, коллаптоидты жағдай дамиды. Көбінесе өлімге әкеліп соғады. Сондықтан уланумен, сепсиспен, мидың ісінуі мен күрес жүргізу керек.
Ажыратпалы диагностикасы лабораториялық бактериологиялық зерттеулерге негізделеді. Іріңді менингиттің диагнозы жедел инфекциялық басталуға, менингеальды синдромға, жұлын-ми сұйықтығының және қан құрамының өзгерістеріне сүйене отырып қойылады. Жұлын-ми сұйықтығының қысымы жоғары, кейде жасыл сары түсті, белок 0,66-1,0г/л дейін, жоғарлайды, нейтрофильді цитоз (1мкл-де 2000-3000 клетка), қант сәл азайған(0,4-0,2 г/л). Қанда нейтрофильді лейкоцитоз, ЭТЖ (СОЭ) жылдамдаған. Менингококкты менингитті жедел аппендицитпен, менингеальды синдром мен геморрагиялық дақтар геморрагиялық диатезде, суборахноидальды қан құйылу кезінде болады. Бұл кезде жұлын-ми сұйықтығын зерттеудің маңызы зор. Бірінші және екінші реттік іріңді менингиттерді іріңді ошақтары бар аурулардан (мидың абцесі, іріңді отит, мастоидит, гайморит, фронтит) ажырату керек.
Іріңді менингиттің асқынуы ликвордың циркуляциясы және продукциясының бұзылуымен байланысты. Бас сүйек іші қысымының көтерілуі хориоидты өрімнің ликворлық гиперпродукциясымен байланысты. Жұлын-ми сұйықтығының ағуына бөгеттердің пайда болып, нашарлауына да байланысты болады. Осы аталғандар (тыртық, бірігулер) эпилептиформды синдромның дамуына әкеліп соғады.
Іріңді менингттерді емдеу.
Антибиотиктер, сулфаниламидті препараттар тағайындалады. Пенициллинді бұлшық ет ішіне 400000-500000 кг.салмағына, тәулігіне 24-30 млн-ға тағайындалады.
Левомицетин тобын пневмококкты менингитке, ішек таяқшасымен, сальмонеллалармен, Пфейфер таяқшасымен шақырылатын (дамитын) менингиттер кезінде тағайындайды. Кейде бірнеше антибиотиктер бірге қолданылады (пенициллин тобы, левомицетин, тетраолеан және т.б.). антибиотиктермен емдеудің ұзақтығы клиникалық ағымына байланысты. Науқастардың жалпы жағдайы жақсарып, менигеальды симптомдары жойылып ликвордың құрамы қалпына келген кезде антибиотиктердің дозасын азайтып, шегереді.
Сульфаниламидтер антибиотиктерге қосылып тағайындалады. Сульфаниламидтерден ұзақ әсер ететіндері жақсы эффект береді (сульфадиметоксин, сульфамонометоксин, сульфапиридазин).
Сонымен қатар дезинтоксикациялық, дегидратациялық, десенсибилизациялық препараттар, гамма-глобулин, витамидер тағайындалады. Глюкокортикоидтар ауыр түрде және Уотерхаус-Фредериксен синдромы кезінде қолданылажы. Екінші реттік іріңді менингиттер кезінде негізгі ауруды (іріңді ошақтарды) емдеу керек.
2.2. Серозды менигит.
Серозды менингит организмге әртүрлі қоздырғыштардың енуінен дамиды. Серозды менингиттер бірінші реттік және екінші реттік болып бөлінеді. Қоздырғыштары болып Коксаки, ЕСНО, полиомиелит, желшешек, эпидемиялық паротит вирустары табылады. Серозды менингит қатерсіз ағымды, бірақ кейде ауыр асқынуларды дамытуы мүмкін. Серозды менингиттің бір түріне туберкулез менигиті жатады. Ол кеш анықталатын, ақыры өлімге әкелетін ауыр ағымды ауру. Жас балаларда көбінесе эпидемиялық паротит, энтеровирустармен шақырылатын серозды менингиттер дамиды. Ал туберкулез менингиті аз кездеседі, кей кезде вакцина егілген кезде пайда болады.
Эпидемиялық паротит вирусы туғызатын менингит
Паротит кезінде дамыған серозды менингит бірінші және екінші реттік болып бөлінеді. Алғашқы симптомдары паротит дамыған соң басталады. Серозды менингит сілекей бездерінің ісінуіне дейін немесе 7-10 күн өткен соң, кейде бір мезгілде дамуы мүмкін.
Клиникасы. Серозды менингит жедел басталып, дене қызуы жоғарылап, жалпы милық симптомдары пайда болады. Тексергенде менингеальды синдром анықталады. Интоксикациялық синдром менингиттердегідей болмайды. Кейде ми қабығымен ми заты да зақымдалады. Науқаста менингеальдық синдроммен бірге ми мен жұлынның, бас-ми жүйкелерінің ошақты зақымдалу белгілер анықталады. Сонымен қатар атаксия, бет ассиметриясы, тілдің ауытқуы байұалуы мүмкін. Бас-ми жүйкелерінен VIII жұп жиі зақымдалады. Қабыну процесі жұлынның алдыңғы мүйіздерін жайлап, энцефаломиелиттің клиникалық көрінісін тудырады.
Ликворда лимфоцитарлы плеоцитоз байқалады – 1 мкл-де 500-1000 клетка, белок – 0,49-0,60 г/л дейін жоғарлайды. Сондықтан гипертензиялы синдромға қарсы бағытталған люмбальды пункцияны емдік мақсатпен жүргізеді.
Емдеу. Дезинтоксикациялық, дегидратациялық, десенсибилизациялық, витаминді, қан тамырларын кеңейтетін препараттар қолданылады. Науқас тәуір болған соң гидроцефалия мен бас сүйек іші қысымының жоғарлауының алдын алу үшін дегидратациялық және антигистаминді терапия тағайындалады.
Ажыратпалы диагнозды анамнезіне және эпидемиялық мәліметтеріне, жұлын-ми сұйықтығының зерттеулеріне негізделе жүргізу қажет.
Дата добавления: 2016-06-06 | Просмотры: 938 | Нарушение авторских прав
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
|