АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология

Шизоидты психопатия.

Прочитайте:
  1. Истерическая психопатия.
  2. Шизофрения. Шизоидная психопатия.

 

Шизоидты психопатиямен адамдар тұйықтығымен, қарым-қатынасқа түспеушілігімен ерекшеленеді, айналасындағылармен контактқа түсуі өте қиын. Бұлар бала кезінде жиі үй жағдайында жалғыз, тыныш, байсалды ойындарды ойнағанды ұнатады, ешқашан өз күйзелістерімен ата-анасымен бөліспейді, құрбыларымен тіл табыса алмайды. Кейіннен жағдайлар мәжбүр еткенде ғана достық қатынас құрады, бірақ контакт формальді сипатта болады. Аса сезімталдық немесе эмоциялық суықтық қасиеттерінің бірінің басым болуына байланысты экспансивті және сенситивті шизоидтар деп ажыратылады. Сенситивті шизоидтар - тым өкпелегіш, кек ұстанғыш, сезімтал және өз тарапына бағытталған әділетсіздікті ұзақ уайымдап жүреді.

Экспансивті шизоидтар, керісінше, айналасындағы адамдарға қатысты эмоциональді «анесетезия» элементтерімен ерекшеленеді. Олар ешкімнің сөзіне құлақ аспайды, өзінің көзқарасы дұрыс деп есептейді және қарым-қатынаста өзін суық және жоғары ұстайды. Мамандық қатынаста құрғақ және ресми қатынаспен ерекшеленеді. Негізгі мінез сипаты айналадағыларға немқұрайлық болып табылады, бұл әсіресе жақын адамдарына қатысты жағдайда анық көрініс береді (ата-анасы, туыстары және т.б.).

Науқас К., 28 жаста, физик. Әкесі тарапынан әжесі психикалық аурумен зардап шегіп, психиатриялық ауруханада қайтыс болған. Әкесі тұйық, көп сөйлемейтін адам, қазір жанұясынан бөлек тұрады. Шешесі ақ көңіл, жарқын адам, мамандығы музыкант.

Науқас мерзімінде жанұяда бірінші бала болып дүниеге келген. Жүктілік кезінде ешқандай ауытқу болмаған. Бала кезінде тұйық, жайбасар болған. Тәрбиешілер оның ұқыпсыздығын, немқұрайлығын атап айтқан. Ауру киім ауыстыратын бөлмеде жартылай шешініп, отырып қалатын болған, әрқашан асқа кешігіп келетін және ебедейсіз болған. Бір орында отырып ойнайтын, тыныш ойындарды ұнататын. Мектепке дейінгі уақытта оқуды және есеп шығаруды білген. Мектепке 7 жасынан барған, жақсы оқыған. Дене тәрбиесі пәнін ұнатпаған, себебі икемсіз болған. Науқастың жүрісі икемсіз болған, сыныптастары оны мазақ еткен. 11 жасында физика пәніне аса әуестенген. Бос уақытының барлығын кітапханада, үйірмелерде өткізген. Бірнеше рет ересектерге физика пәнінен білімін көрсетіп, таңдандырған. Оқуында болған кез - келген жағымсыз жағдайларға уайымдайтын болған. Бір күні сирек кездесетін сөздік кітабын жоғалтып алғаны үшін бірнеше сағат бойы жылаған және ұзақ уақыт бойы көңіл-күйі түсіп жүрген. Осы кезде әке-шешесінің айырылысқанына мүлдем уайымдамаған. Бұл жөнінде естіген сәтте науқас біраз ұнжырғасы түсіп, аз уақыт өткен соң қолын бір сермеп, кезектегі олимпиадаға дайындала бастаған. 7 сыныпта физика-математикалық мектепке ауысқан. Жақсы оқыған. Сыныптастарымен қарым-қатынасы нашар болған, себебі, оны «мақтаншақ және мансапқұмар» деп санаған. Өзінің секірмелі жүрісінен ұялатын болған, әсіресе қыз балалардың көздерінде күшейіп кететін болған. Мектепті алтын белгіге бітіріп, институтқа түскен. Бірнеше уақыт бойы жатаханада тұрған, бірақ көп ұзамай үйіне қайтып келген. Жатақханадағы шуға үйрене алмаған, ешкіммен тіл табыса алмаған, ақшаны дұрыс жұмсай білмеген және т.б. себептер болған. Институтта екі курстастарымен достасқан, олармен жақсы араласақан, бірақ студенттік жиындарға қатысудан мүлдем бас тартқан. Институт бітірген соң аспирантураға қабылданып, кандидаттық диссертация қорғаған. ҒЗИ-на келіп жұмысқа орналасқан, қазір де сол жерде қызметте. Әріптестерімен қатынасы ұстамды, қызметке ғана байланысты. Осыдан екі жыл бұрын бір қызбен танысып, ұзақ уақыт көңіл білдіріп жүрген, бірақ үйленуге ұсыныс жасай алмаған. Үйлену ғылыми жұмысқа кедергі жасайды деп есептеген. Соңғы кездері екі ғылыми эксперименттің үзілуіне байланысты ұйқысы бұзылған, басы ауырып, көңіл- күйі төмендеген. Анасына демалып, емделгісі келетінін айтып, анасының ақылымен психиатрға көрінген.

Соматикалық жағдайы: дене бітімі астеникалық, дене салмағы аздап төмен, тері жабындысы бозғылт. Ішкі мүшелерінде патология жоқ.

Неврологиялық жағдайы: ОЖЖ-нің органикалық зақымдануы белгілері жоқ, краниограмма және көз түбін зерттегенде өзгеріс жоқ.

Психикалық жағдайы: бағдары жан-жақты дұрыс. Бөлімше ішінде жүрісі секірмелі, қолын кең ашып, сермеп жүреді. Қозғалысы жылдам, икемсіз. Әңгімелесуге құлықсыз. Сұраққа асықпай, біртекті, дәл жауап береді. Сөйлесу кезінде жұмсарып, ашыла бастайды. Көптеген невротикалық шағымдар айтады. Көңіл-күйі төмен. Өзінің жағдайын соңғы кездегі жұмысындағы сәтсіздіктермен байланыстырады. Бөлімшеде тек «саналы науқастармен» қарым-қатынас ұстайды. Кітап оқиды. Шахмат ойнайды. Көңіл күйі қалыптасып келе жатыр. Өзін жоғары бағалайды, өзіне айтылған сынды көтермейді. Интеллекті жоғары. Жақсы интеллектуальды қабілеті бірқатар тәжірибелік қарапайым мәселелерді игере алмаушылықпен, жеке ситуацияларды бағалаудағы пассивтілікпен, бірбеткейлікпен ұштасады. Продуктивті психопатологиялық симтоматика байқалмайды.

Психастениялық психопатия

 

Психастениялық тұлға ядросы үрейшілдік және өз-өзіне сенімсіздік болып табылады. Мұндай науқастарға бала кезінен ұялшақтық, әсершілдік, не істесе де дұрыстығына күмәндану тән. Мектепте тақтаға шығып сабақ айтқанда оқығанын ұмытып қаламын ба деп қорқады, ал қонақта, қателік жіберемін бе деп артық сөйлеуге қорқады. Есейгенде олар барлығына үнемі күмәнданады, өзіне, іс-әрекетінің дұрыстығына сенбейді, адамдармен қатынаста жасқаншақ, сенімсіз. Оларға тәуекелшілдік, спонтанды әрекет тән емес. Бір қадам жасар алдында, олар көп қиналып, ойланып бағалайды, оның дұрыстығына күдіктенеді.

Науқас М., 40 жаста, инженер. Тұқым қуалау ауырлығы жоқ. Әкесінің мінезі жұмсақ болған, қызын жақсы көрген. Ол 5 жасқа келгенде қайтыс болған. Анасы сабырлы, сенімжі, ерікті кісі, қазіргі уақытта зейнетте, қызымен бірге тұрады. Анасының жүктілігі және босануы қалыпты болған. Кішкентай кезінде науқас қозғалғыш, ашық болған. Балабақшаға барған. Тәрбиешілер баланы үркек, анасы кешіккен жағдайда қатты уайымдап, жылап мазасызданатын болған дейді. 5 жасында аула итінен қатты қорыққан; ұзақ уақыт бойы ит көрсе бірнеше сағат бойы жылап, көмекке шақыратын болған.

Мектепке 7 жасынан барған. Жақсы оқыған, тәртіпті, ұқыпты болған. Мұғалімдер басқа оқушыларға оны үлгі еткен. Шешесі музыка мектебіне беріп, болашағына көп мән берген және оның консерваторияға түсуін армандаған. Жоғары кластарда үлгерімі нашарлаған. Тақтаға шығып сабақ айтуға қатты ұялған. Кейде жаттап алған материалды кластастары «мақтаншақ» деп ойлайды деп айтпаған. Бірнеше сағат бойы фортепианода күнделікті ойнап, емтиханға дайындалған. Емтихан алдында қатты уайымдап, түнімен ұйықтамай, қатты қорқып, ақырында емтиханға бармаған. Анасының өтінішімен, осы музыкалық мектептің ақырғы емтиханын тапсырды. Бірақ консерваторияға түсуге бас тартты. Жиі өзінің толымсыздығы жөніндегі ойларға шомыған.

Үлкен қиындықпен техникалық институтқа түсті. Әр емтихан алдында көп уайымдаған. Емтиханнан құлап қалмау үшін, таңертең оң аяғымен тұрып, институтқа тек жұп санды транспортпен барған, тек бір киімді ғана киген.

20 жасында тұрмысқа шыққан. Екі жыл өткен соң ұл туған. 1-ші жылы баласы жиі ауырған. Ауырғанына қатты мазасызданған. Үнемі емдеу мекемелеріне, мамандарға көрсеткен. Балада ешқандай патологиялық өзгерістер болмаған, бірақ ол баласын ауыр науқас деп есептеген. Физикалық жүктемелерден сақтандырған, дене тәрбиесінен босаттырып алған және бір нәрсеге ұшырайды деп қатты мазасызданатын. Жұмысында оған ұқыпты және жауапты қызметкер ретінде өте маңызды және нақтылықты қажет ететін жұмыстарды беріп отырған. Соңғы жылдары әдеттегі жұмыстарын жасау қиынға түскен: жұмысында кеш, ұзақ отыратын болған, өз есебін бірнеше рет қайта тексеретін болған.

Осы жылдың май айында баласы әскерге кетіп, қоштасқан кезде қиналып айырылысқан. Егер одан хат кешіксе, өзіне орын таппай, баласы бір нәрсеге ұшырап қалды ма деп, туыстарына айтып мазасызданған. Әскери бөлімге 3 рет телефон соғып, жағдайын сұраған. Соңғы жылдары науқастың еңбекке қабілеті төмендеген, ұйқысы бұзылған. Үнемі баласы туралы ойлар қинайды. Осы шағымдарымен стационарға жатып емделуге келді.

Соматикалық жағдайы: дене бітіміастеникалық, дене салмағы аздап төмен. Ішкі мүшелерінде өзгеріс жоқ.

Неврологиялық жағдайы: ОЖЖ-нің органикалық бұзылысы жоқ. Краниограмма және көз түбінде патологиялық белгі жоқ.

Психикалық жағдайы:науқастың бағдары жан-жақты дұрыс. Сұхбаттасуға құнықсыз. Бара-бара үйренісіп алған соң әртүрлі шағымдарын айтып, баласын еске алады. Науқастың айтуынша: «үнемі баласы бірденеге ұшырап: аварияға түсіп, жарақаттанып, әлде әскери дайындық кезінде өліп қалды ма» деп уайымдайды, осы ойларының негізсіздігін біле тұра, оларды жеңе алмайтындығын айтады. Көңіл- күйі түсіңкі, тұнжырап отырады. Интеллекті сақталған. Қабылдау бұзылыстары байқалмайды. Науқас өз жағдайына сын көзбен қарайды. «Тыныштандырғыш ем» жүргізуді өтінеді.

 

Истериялық психопатия.

 

Истериялық психопатия сыртқы эффектке бағытталған, ерекше жүріс-тұрыспен және истериялық реакциялармен көрінеді. Истериялық жүріс-тұрыс формасы театральдылықпен, жасандылықпен, өзіне тән емес қабілеттер мен қасиеттерді иемденіп өз әрекетін пайдалы жағынан көрсетумен немесе өзі басты, жиі ерлік іс жасаушы рөлде болатын әртүрлі болмаған оқиғаларды ойдан шығарумен сипаталады. Жиі ситуацияға және науқастың ұстанымына байланысты жүріс-тұрыстың истериялық формасы жеңіл өзгеріске ұшырайды. Егер белгілі бір ситуацияда ыңғайлы және ұтымды болып табылса, науқастар өздеріне аяушылық сезімін шақыру үшін өздерін аса қарапайым көрсетеді. Оларға әрқашан өздеріне көңіл аудартуға талпыныс тән, ерекше бет-әлпетімен, жесттерімен, киім киісімен өздеріне қажет рөлге сәйкестенеді. Бұл адамдар көпшіл, өзгелермен жеңіл танысады. Олардың қызығушылықтары мен үйірліктері тұрақсыз болып келеді. Оның барлығы олардың эгоцентриялық ұстанымдарына қаншалықты дәрежеде сәйкес келетіндігіне байланысты. Истериялық тұлғалар ұзаққа созылатын қатаң жағдайларға көне алмайды, олардың қызығушылығы беткей сипатта, ал өзге адамдарға үйірлік және лояльдылық сезімі өздерінің қызығушылықтарына қарсы қайшылық туғанға дейін жалғасады. Истериялық психопатиямен науқастардағы тұлға аралық қатынастарды түзудегі мұндай принциптер мен мотивтер жиі жанұяда және жұмыс орнында қақтығыстар туындауына және оларда декомпенсация дамуына және адаптацияның бұзылуына алып келеді. Олар шектен тыс аффективті реакцияларға бейім болады. Декомпенсация кезінде әртүрлі истериялық көріністер бақыланады: истериялық афазия, афония, естен танулар, әртүрлі ұстамалар, блефароспазм және т.б.

Науқас З., 25 жаста манекен-қыз. Психикалық аурулармен тұқым қуалау ауырлығы жоқ. Әкесі үлкен кәсіпорын жетекшісі; эмоциональды суық, жігерлі адам. Анасы ұстамсыз, эксцентриялы тұлға, бұрын – балет әртісі болған, қазіргі уақытта - үйде. Анасының жүктілігі мерзімінде, босануы жеңіл өткен. Науқас бала кезінде ерке болып, үйде тәрбиеленген. Бала кезінде жиі ауыратын, өзінің бүкіл талап-тілегін орындайтын әжесінің сүйіктісі болған. Мектепке барғанға дейін оқи алған, көптеген әндер мен тақпақтар білетін болған. Бастапқы сыныпта жақсы оқыған. Тақта алдында жауап бергенді ұнатып, балалар үйірмелеріне белсене араласатын болған. Басқа балалардың сәттіліктеріне қызғанышпен қараған. 2-ші сыныпта дос қызын мұғалім мақтағанда жылап жіберген. Науқасты үйде ылғи еркелететін. Әкесі қызының тәрбиесіне көңіл бөлмеген, тек ылғи командировкадан оралған кезде қызына ойыншық, киім, әртүрлі тәттілерді көп мөлшерде сыйлайтын. Қыз мектепте қоғамдық жұмыстарды белсенді түрде атқарып, класста староста болған және би үйірмесіне қатысып, қалалық курстарда ағылшын тілін оқыған. Жоғарғы класстарға көшкенде мінез-құлқы өзгере бастайды. Мұғалімдермен дөрекі сөйлесіп, сабаққа қатыспай, шашын ашық түске боятып, темекі тарта бастайды. Ылғи сыныптастарының ортасында (жұлдыздай) ерекше болып жүруді ұнататын. Мұғалімдердің ескертулеріне аффективті реакциялар қайтарады. Бір күні бүкіл класстың көз алдында күнделігін жыртып, келесі күні оқытушының көз алдында сынып журналын терезеден далаға лақтырып, мектеп директорына бар деген талапқа қатты күліп, есікті тас жауып кетеді. Дос қыздарына өзінің шетелдік жастар ансамбілінің әншісімен танысқандығын әңгімелеп, жазда сонымен бірге гострольге баратынын айтқан. Шет елден оның әкеліп берген мардымсыз сыйлықтарын достарына көрсетіп олардың керемет, бейғам өмір салты туралы әңгімелеуді ұнатқан.

Үйінде анасынан және әжесінен қымбат киім алып беруді сұраған, жұмсауға көп ақша алған. Қарсы болған жағдайда қатты ренжіп жылап, айқайлайтын болған. Екі рет әкесімен ұрысқаннан кейін үйінен қашып кетіп, дос қызының үйіне қонып жүрген. Мектеп бітірген соң науқас шет тілдер институтына барып, конкурстан құлап қалған. Бірақ онысын басқалардан жасырған. Оларға шетелде жұмыс істеуге дайындайтын арнайы курста оқитынын айтқан, ал өзі сол кезеңде әмбебап дүкенде бақылаушы болып жұмыс істеген.

18 жасында өзінен 15 жас үлкен офицерге тұрмысқа шыққан. Жанұялық өмірінде жолы болмады. Алғашқы уақытта үй тұрмысында болған, тек күйеуінің табысымен күнелткен. Содан соң шет тілдер институтына түскен. Бала сүймеген, яғни «әуелі өзім үшін өмір сүру керек» деген. 2 жыл өткен соң күйеуін алыс аймаққа қызметке ауыстырған, ал науқас оқуымды жалғастырамын деп сылтауратып, күйеуіне ілеспей қалады. Басқа бүреуге ғашық болып, жарты жыл уақыт өткен соң ажырасуға арыз берген. Бос уақытын жастармен театрда, ресторанда өткізетін болған. Үлгерімі нашар болғандықтан институттан шығарылған. Екінші рет тұрмыс құрған. Модельдер үйіне маникен-қыз болып жұмысқа орналасқан.

Екінші күйеуімен де жараспаған; ұрыс-керіс жиі жанұяның материалды қамтамасыздығына байланысты болып тұрған. Бір қайшылық кезінде науқас білегін бірнеше рет пышақпен кесіп, айқайлап, дәлізге жүгіріп шыққан. Көршілері жедел жәрдем шақырып, психиатриялық ауруханаға жеткізілген.

Соматикалық жағдайы:дене бітімі нормастеникалы, дене салмағы төмен. Оң және сол білегінің төменгі үштен бір бөлігінде 4-5 см көлемде тілімдер бар. Ішкі мүшелерінде патологиялық өзгеріс жоқ.

Неврологиялық жағдайы: ОЖЖ-нің органикалық бұзылысының белгілері айқындалмайды. Краниограмма және көз түбін зерттегенде өзгеріс жоқ.

Психикалық жағдайы:мәнерлі, басын жиі артқа қарай шалқайтады, саусақ ұштарымен самайын қысады, бетін алақанымен жабады және т.б. жас көрінеді, ұқыпты киінген. Әдемі таранып алған. Ашық түстермен боянады.

Сұхбаттасқанда жылдам сөйлейді, әңгіме барысына орай даусын күшейтіп, бәсеңдетіп өзгертіп отырады. Тыңдаушының реакциясын үнемі бақылап отырады. өзіне аяныш сезімін тудыруға тырысады. Суицидальды әрекетінің себептерін көзіне жас алып әңгімелейді. Барлығына күйеуін кінәлайды, үнемі «ренжітіп, ізіне түсіп, қинаған». Кезекті ұрыс-керіс кезінде күйеуінен «ажырасамын» деген сөзді естіген кезде, «өмір сүргім келмей кетті» дейді. Сұхбаттасу кезінде үнемі шашын түзеп, орамалының ұшын тістеп отырады. Интеллект сақталған. Ойлауы бейнелі, эмотивті, көбіне нақты. Көру есте сақтауы жақсы. Ауруғанаға тез үйренісіп кетті. Көңіл-күйі көтеріліп, ауруханадан шыққысы келмейді. Туыстары және күйеуі келген жағдайда демонстративті түрде көңілі түсіп кетеді және бұл өмірде маған еш нәрсе керек емес деп мәлімдеді. Олар кеткеннен кейін адекватты және әзіл-қалжыңға тез араласады. Күйеуімен татуласқаннан кейін ауруханадан шығарылды.

Жоғарыда психопатияның жиі кездесетін нұсқалары келтірілді. Төменде жеке авторлармен ажыратылған психопатияның басқа да формалары аталып өтеді.

Астениялық психопатия

Психопатияның бұл түрінің басты белгісі, атауына сәйкес жоғары шаршағыштық, бір іске ұзақ уақыт дейін қоя алмау болып табылады. Бұл науқастарда жұмыс үрдісінде шаршағыштық тез дамиды, зейін бұзылады, еңбекке қабілеті төмендейді. Суретлеген қасиеттер сыртқы тітіркендіргіштерге қатысты әсершілдікпен, көңіл күйдің лабильділігімен қоса жүреді. Осылайша, қандай-да бір жағымсыз жайт олардың көңіл-күйін ұзақ уақытқа бұзады. Астениялық психопатияның жиі кездесетін варианты ипохондриялық болып табылады (П.Б.Ганнушкин бойынша).

Мұндай науқастар өзінің денсаулығы үшін үнемі үрейлену жағдайында болады. Жылдам қажу белгісін олар жасырын сырқаттың көрінісі деп есептейді, олар әр уақытта өзінің ішкі сезімдеріне жоғары назар аударады, ішкі дүниесіне құлақ салады.

Психопатиялардың аффективті типтері

Тұлғада аффекттің қандай түрінің басым болуына қарай аффективті психопатиялардың екі түрін бөледі: дистимиялық және гипертимиялық. Дистимиялық тұлға өмірге біршама пессимисттік көзқараспен ерекшеленеді, айналасындағылардың көңілденуі мен шаттықтарын жаратпайды және өздері өте сирек қуаныш сезіміне бөленеді. Сонымен қатар кез-келген сәтсіздік пен бақытсыздық оларға, басқаларға қарағанда күштірек әсер етеді.

Мұндай тұлғалар өзін-өзі мезі етуге және өзі мен айналадағыларға да сенімсіз көзқарасқа бейім келеді.

Гипертимиялық тұлға әрқашан белсенді, ширақ, көңілі көтеріңкі, сөзшең болады, өмірге оптимистік тұрғыдан қарайды. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, әртүрлі үйірмелер мен секцияларды жүргізеді. Жұмыста - «коллективтің сүйіктісі».

 

Тұрақсыз психопатиялар.

 

Тұрақсыз психопатиямен адамдар еріктік қасиеттерінің жетіспеушілігімен ерекшеленеді, олар өте сенгіш, байсалды өмірлік маңызды ұстанымдары болмайды. Олар бір күндік өмірлерін ғана ойлайды, ешқашан бастаған ісін аяғына дейін жеткізбейді. Сырттан тұрақты көмек беріп, және жүріс-тұрысын бақылап отырғанда, олар компенсацияланып, шамалы болса да өмірге бейімделе алады. Өз биліктері өздерінде болып, олар салтанатты өмір сүріп, антисоциальды топтарға жеңіл қосылады, спирттік ішімдіктерді шамадан тыс қолданады және т.с.с.

Жоғарыда аталған психопатия түрлері шамалы схема тәрізді берілді. Психопатияның бөлек таза формалары сирек кездеседі. Көбінесе аралас, яғни психопатияның нақты түріне тән негізгі белгілермен қатар, оған тән емес белгілердің қатар жүретін түрлері жиі байқалады. Психопатияның бөлек формаларының арасындағы жақындықты байқауға болады. Психопатияның қозғыш формасы мен истериялық формасына, психастениялық пен шизоидты психопатияға ортақ көріністер байқалады, истериялық және параноидты психопатия белгілерінің бірге кездесуі өте сирек.

Акцентирленген тұлғалар

 

Неміс психиатры К. Леонгардпен акцентирленген деп аталған жағдайлар да жеке варианттарға бөлінеді. Олардың кейбіреулері психопатияның танымал формаларын еске түсіреді. Олардың негізгі белгілері сәйкес психопатиялардың редуцирленген белгерін еске түсіруі мүмкін. Басқа жағдайлар өзінің белгілеріне қарай психопатиялардың белгілі формаларынан ерекшеленеді. Сонымен акцентирленген тұлғалардың истериялық психопатиямен ұқсастығы бар. Олар театральдылыққа, айналасындағылардың көңілін өздеріне аудартуға және т.б. бейім. Бірақ бұл белгілер оларда аса анық емес және тұлғаның жалпы дисгормониясы аз байқалады. Акцентирленген жағдайлардың басқа варианттары психопатияның белгілі формаларына сәйкес келе бермейді, бірақ олардың ішінен тұлғалық дисгормония белгілерін табуға болады: ригидтілік, басқаруға көнбеушілік және т.б. Акцентуация жағдайында акцентирленудің әртүрлі типінің белгілерінен тұратын аралас варианттары жиі кездеседі.

Акцентирленген тұлға патологиялық күйдегі адамдарға жатпайды, психопатиямен салыстырғанда өмірге жеңіл бейімделеді, және олардың бейімделуі тұрақты, бірақ қолайсыз жағдайларда оларда да декомпенсация жағдайы, сонымен бірге патологиялық күй дамуы мүмкін. Патологиялық даму кезінде акцентуацияның жеке типтері және оның даму сипаты арасында корреляция бар.

 

Этиология және патогенезі

 

Психопатияның патогенезі мен этиологиясын зерттеу оларды суреттеу кезеңінен басталды. Зерттеуде екі негізгі бағыт анықталды. Психопатия бір жағынан, тұлғаның конституциональды типімен байланысты, ал екінші жағынан - психопатия дамуындағы әртүрлі сыртқы факторлар әсерінің мәнін анықтау арқылы қарастырылды. Психопатияға тұлғаның конституциональды қасиеттерінің көрінісі ретінде көзқарас олардың тұқым қуалаушылықпен байланыстылығына негізделді. Мұндай концепцияның пайда болуына ХХ ғ. басындағы тұлғаның конституциональды ерекшеліктері жөніндегі ілімнің дамуы, жеке конституциональды типтер мен эндогенді психикалық аурулардың арасындағы байланысты табуға, конституция типін тұлғаның психикалық қорымен байланыстыруға бағытталған талпыныстар септік етті. Дегенмен мұндай концепция психопатия дамуының тікелей механизмдерін айқындамады, ал адамның психикалық ерекшеліктерінің оның дене бітімімен байланыстылығы жөніндегі пікір қолдау таппады.

Психопатияны зерттеуде сыртқа орта факторларын бағалау екі бағытта жүргізілді. Батыс мамандары Фрейд теориясын ұстанды, олар сыртқы факторларды тұлғаның санаға бағынбайтын, санадан тыс конфликттерінің күшеюі үшін сылтау, ал психопатияның психопатологиялық көріністері - тұлғаның қорғаныс механизмі және адаптация тәсілі деп қарастырды. Бұл механизм жүріс-тұрыстың криминальды формаларын түсіндіруде де қолданылады. Криминальдыжүріс-тұрыспен тұлғалар олармен психопатияның антисоциальды түрі деп аталады. Психопатияның антисоциальды формасын жеке қарау элементарлы әдістемелік және ғылыми талапқа сәйкес келмейді. Жүріс-тұрыстың жеке аспектіне сүйеніп арнайы форманы бөлу мүмкін емес, өйткені антисоциальды жүріс-тұрыс көптеген себептерге байланысты болуы мүмкін.

Психопатияның мәнін зерттеуде отандық психиатрлар аралас ғылымның соңғы жетістіктеріне, әсіресе нейрофизиология іліміне сүйенді. Адам жүріс-тұрысының нейрофизиологиялық негізін және оны зерттеу жолдарын түсіну үшін Павлов И.П. ілімі және оның оқушыларының зерттеулері жаңа перспективалар ашты. Тұлғаның дисгормониялы, психопатиялық қалыптасуын ОЖЖ-нің даму ақауларымен байланырды. Бірқатар зерттеулер пренатальды кезеңде әсер ететін көптеген экзогенді факторлар жиі, бертін келе психопатиялық тұлға қалыптасуына алып келетіндігін көрсетті. Психопатиялық көріністермен қатар ОЖЖ зақымдануының айқын белгілерімен жағдайлар, органикалық психопатия деп аталады.

Тұлғаның қалыптасуына барлық жағдайда тұқым қуалаушылық және басқа да факторлар әсер етеді. Оларға ең алдымен психологиялық, және де әртүрлі постнатальдық қияндылықтарды жатқызуға болады. Тұлғаның дисгармониялы дамуы факторлар жиынтығының әсерімен анықталады. Мұндай комплексті әсердің эффекті көпжақты болуы мүмкін. Бұл әр фактордың патогенділік дәрежесіне, тұлғаның қандай-да бір дисгармониялық сипатының түзілуіндегі олардың әсерінің мәніне байланысты. Арнайы зерттеулер ОЖЖ-нің пре - және постнатальды деффектілерімен тұлғалардағы жүріс-тұрыстың патологиялық формалары жиі, ол адамдар жайсыз психологиялық жағдайда тәрбиеленгенде дамитындығын көрсетті. Сонымен қатар баланың психологиялық климаты жайлы жанұяда дамуы дефект компенсациясына ықпал етті. Зерттеулермен толық емес жанұя, жанұядағы ауыр конфликтті ситуация жағдайында тәрбиеленгендер арасында салыстырмалы түрде психопатиямен адамдардың пайызы жоғары екендігі көрсетілді. Бала мінезінің ерекшеліктері қалыптасуы үшін ата-анасының баласымен тікелей өзара қатынастарының маңызы зор. Баланы шамадан тыс қорғаштау психастениялық белгілердің дамуына, «жанұя кумирі» типі бойынша тәрбиелеу истериялық белгілердің дамуына септігін тигізеді. Баланың қызығушылықтары мен қажеттіліктерін елемеу, эмоциональды жылылық танытпау, «Золушка» типі бойынша тәрбиелеу астениялық белгілердің, аффективті қозғыштықтың және т.б. түзілуіне алып келеді. Осындай токсико-органикалық, генетикалық, психологиялық факторлардың тұлға дамуына әсер етуі оның психологиялық қасиеттерінің бірінің гипертрофиясын, ал екіншілерінің тежелуін туындатуы мүмкін, нәтижесінде дисгармониялы тұлға қалыптасады. Психопатия түзілуінде осы аталған факторлардың қатыстылық дәрежесін анықтау жиі қиындық тудырады. Жайсыз психологиялық факторлардың (жанұяішілік қатынастар) басым әсерін ескере отырып шеткі, жүре пайда болған психопатиялар; түзілуінде негізгі рөлді тұқым қуалаушылық алатын - ядролық, конституциональды (О.В.Кербиков) - психопатиялар ажыратылды.

Психопатияның нейрофизиологиялық негізін түсіндіруде И.П.Павловтың жоғарғы жүйке қызметінің типтері және бейнелік және абстрактылы ойлауға байланысты бірінші және екінші сигналдық жүйенің үйлесімді қызметі жөніндегі еңбегі маңызды орын алады. Осы мәліметтерге сүйеніп психопатияның жеке формаларына түсініктеме берілді: психастениялық және истериялық. Психастениялық түрі екінші сигналдық жүйе басымдығымен жоғарғы жүйке қызметінің жағдайы қыртыс асты аймағының белсенділігінің және бірінші сигналдық жүйенің салыстырмалы әлсіздігімен сипатталады. ОЖЖ-нің структуралық-функциональды құрылымы қызметінің мұндай арақатынасы абстрактылы ойлау басымдылығына, шынайылықпен байланыстың әлсіреуіне, өз әрекеттеріне сенімсіздікке әкеп соқтырады.

Истерия кезінде қыртыс асты және бірінші сигналды жүйенің басым болуы айқын эмоциональдылықты және қоршаған ортаны, шынайылықты қабылдаудың бейнелі сипатын байқатады. Жоғары аффективті қызуқандылық психопатияның истериялық формасымен адамдардың ойлау және жүріс-тұрысында көрініс береді.

Психопатияны зерттеудің басқа жолдары Батыста, әсіресе АҚШ пен Англияда - психодинамикалық. Фрейдизмнің методологиялық позициясы бойынша құрылған осы концепцияға сәйкес психопатиялық мінез-құлық дамудың ерте сатыларына фиксацияланумен байланысты. Бұл механизмдердің түзілуі жанұяда бала мен ата-анасының ерекше ара-қатынасының нәтижесінде пайда болады. Фиксацияны, комплекстер мен қорғаныстық психологиялық механизмдерді тудыратын генетикалық факторлар бар, олар психопатологиялық көрініс түрінде немесе криминальдық жүріс-тұрыс ретінде көрінеді.

Дегенмен осы болжамдар ғылыми аргументациясыз ой шомытатын психологиялық жол арқылы айқындалады. Бұл жағдайда тұлғаның патологиялық түзілуінің негізгі көзі болып табылатын жанұя әлеуметтік жағдайдан тыс және жанұяның психикалық климатына жалпы әлеуметтік ықпалды ескермей жеке қарастырылады.


Дата добавления: 2015-10-20 | Просмотры: 1728 | Нарушение авторских прав







При использовании материала ссылка на сайт medlec.org обязательна! (0.012 сек.)