АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология
|
Неврастения
Неврастения алғаш 1869 жылы Америка психиатры Дж.Бирдпен сипатталған. Невроздың бұл түрі американдық өмір сүру салтына тән болып есептелді, онда капитализмнің қарқынды дамуы жағдайында, пайда, байлық соңынан қуу басым мәнге ие. Невроздың бұл тобының клиникалық көрінісіне барлық психикалық үрдістердің айқын қажуы тән. Науқастар тез шаршайды, көңіл-күйі тұрақсыз, жиі аффект ұстамалары, тітіркену реакциялары жеңіл пайда болады.Ұйқы бұзылысы байқалады, өте нашар ұйықтайды немесе ұйқысы беткей, жиі оянады, ұйқыдан кейін демалғандық сезімі болмайды. Жалпы психикалық қолайсыздық жағдайы соматовегетативтік бұзылыстармен бірге жүріп отырады.
Неврастенияның клиникалық көрінісіндегі психопатологиялық бұзылыстар неврастенияда үш сатыны немесе форманы ажыратуға мүмкіндік берді: гиперстениялық, тітіркенген әлсіздік (өтпелі) және гипостениялық. Классикалық жағдайларда ауру гиперстениялық көріністерден басталады, содан кейін тітіркенген әлсіздік және гипостения байқалады. Гиперстениялық сатысындағы науқастарда жоғары тітіркенгіштік, ұстамсыздық, шыдамсыздық, зейін бұзылысы байқалады. Сонымен қатар, өршу кезеңдерінде ментизм белгілері байқалады: ойлары ретсіз шатасады, хаосты, бірақ жаттылық және еріктен тыс пайда болу сезімі болмайды – бұл астениялық ментизм деп аталады.
Невроздың әрі қарай дамуында симпатикасы бірте - бірте өзгереді. Ең бастысы тітіркенген әлсіздік белгісі болып табылады. Тітіркену көріністері айқын әлсіздікпен бірге жүреді, жиі науқастың гиперактивтілігімен алмасып отыратын апатия, ұйқышылдылық эпизодтары пайда болады. Науқастар бастаған ісін жылдам қажу әсерінен соңына дейін аяқтамайды.
Кейінірек интеллектуальды қажу, физикалық жұмыстарды орындау қиындығы, жоғары ұйқышылдық, әлсіздік, кейде күнделікті жұмыстағы белсенділіктің күрт төмендеуімен көрінетін психикалық және физикалық астения симптомдары басым бола түседі. Суреттелген күй неврастенияның гипостениялық сатысына тән.
Науқас Н. 27 жаста, инженер. Түскен кезінде жұмысқа деген қабілетінің төмендеуіне, тітіркендіргіштікке, ұйқы сезімінің болмауына шағымдар айтты. Тұқым қуалаушылық аурылығы жоқ. Әкесі жуас, сыпайы, жолдасының айтқанын тыңдайды. Анасыі өзінің айтқанын жасататын, талапшыл адам.
Науқас мінезі бойынша ашық, мақсатқұмар, өзгелердің ескертулерін жүрегіне жақын қабылдайды. Істеген істерін анасының бақылауы бойынша, айтуынша жасаған. Мектепте жақсы оқыған, бірақ жоғары баға оңайлықпен алынбаған. Жиі өзін әлсіз сезінген, анасының ескертулеріне тітіркенумен жауап білдірген. Мектеп бітірісімен машина құрастыру институтына түскен. Оқуының бастапқы курстарында өзінің курстас қызымен танысқан, оған үйленгісі келген. Анасының ықпалынан кейін үйленуден бас тартуға мәжбүр болған. Осы жағдайдан кейін көңіл-күйі төмендеп, мұңға түскен, бірақ көп ұзамай өзін қолға алып, сабырға түскен. Институтты бітірген соң инженер мамандығы бойынша жұмысқа заводқа жіберілген. Тез арада өз міндетін үйреніп, жұмыстас қызметкерлерімен жақсы қатынаста болған, кейінірек өте жауапты жұмысқа ауыстырылған. Қиын жұмыс орнына тап болып, жауапты шешім қабылдауға, үлкен коллективті басқаруға тура келген. Жұмысында қиыншылықтар, қателіктер орын алған, науқас осыларды көңіліне алып, ауыр күйзелген. Завод басқармасы жұмысындағы қателіктері үшін ескертулер жасаған. Өзінің қөабілетіне сенімсіздік пайда болған. Жұмысқа барғысы келмей, жұмыс уақытының аяғына қарай шаршау күйін сезінген. Жүрек тұсында жағымсыз сезімдер, кеде айқын тершеңдік байқалған. Үйінде анасының кеңестерін сабырмен қабылдай алмаған. Жылдам тітіркеніп, одан кейін өзін одан да нашар сезінетін болған. Түнде нашар ұйықтап, оянғанда қалжырау күйін кешкен. Шешім қабылдау қиынға түскен. Өз істерінің дұрыстығына сенімсіз болған, жолдастары ұмытшақ болып кеткендігін ескерткен. Жолдастарымен сөйлескенде тітіркенгіштік танытқан, артынан жиі өкінген. Осы күйі күшейіп бара жатқанын сезіп, учаскілік дәрігерге қаралған, невроздар бөлімшесіне емделуге жолданған.
Психикалық жағдайы: уақыт және орын бойынша бағытталған. Бас ауыруына, ұйқыға кетудің қиындығына, жиі оянатынына, беткей ұйқыға, тахикардияға, тершеңдікке, сирек вегетативті криздерге шағымданады. Өз жасынан ересек болып көрінеді, бет әлпеті қажыған, байсалды. Өз күйзелістері жөнінде ашық айтқысы келмейді. Жұмысын меңгере алмайтынына, басшылық оның іскерлігін қанағатсыз деп бағалайтындығын айта береді. Бөлімшеде басқалардан бөлектеніп жүреді, көп ұйықтайды, қарым-қатынасқа талпынбайды, ойға шомыған күйде жүреді.
Бағытталған психотерапиямен комплексті ем жүргізгеннен кейін науқастың жағдайы жақсарды. Сергектік, еңбекке деген қабілеттіліктің пайда болғанын, қарым-қатынасқа талпыныс пайда болғанын, өзін жақсы сезінетінін айтады. өз күйін және болған дертті жағдайды дұрыс бағалайды.
Неврастенияның күрделі клиникалық көрінісінің хабаршы белгілері өткінші астениялық реакциялар болып табылады. Кейінірек неврастенияның өзі дамиды. Неврастенияның ұзақтығы әртүрлі және бірнеше айлардан бірнеше жылға созылуы мүмкін, ол психогенияның айқындылығы мен әсер ету ұзақтығына, тұлға құрылымына, органикалық зақымның бар-жоғына, қосалқы соматикалық ауруларға және т.б. көптеген факторларға байланысты. Әдетте психожарақаттық жағдайларды жойғаннан кейін немесе оған деген науқастың көзқарасын өзгерткенде және сәйкес ем қолданғанда науқас айығады. Бірнеше жылға созылған невастенияны тұлғаның неврастениялық дамуы ретінде кваликациялауға болады.
Невротикалық даму жиі психикалық жарақат созылмалы әсер еткенде, тұлға психотравмалық жағдайларға өзінің көзқарасын өзгертпегенде және оған бейімделе алмағанда дамиды. Бұл науқастарда невротикалық симптоммен қатар аса үрейшілдікпен, шаршағыштықпен немесе қарқынды аффективті реакцияларға бейімділікпен, демонстративтілікпен, эмоциональды тұрақсыздықпен мінез-құлық бұзылыстары байқалады. Бұл пайда болған мінез-құлық бұзылыстарына науқас сыни көзқараспен қарайды және ол бұзылыстар жеке жағдайларда, психожарақаттық ситуацияда пайда болады (О. В. Кербиков).
Осылайша, тұлғаның невротикалық дамуы пайда болған бұзылыстарға сыни көзқарастың сақталуымен невротикалық және мінез-құлықтық симптоматикалардың бірлестігімен көрінеді.
Жабысқақтық неврозы
Жабысқақтық невроз дегеніміз- бұл науқастарда еркінен тыс жабысқақ ойлар, қорқыныштар, қимылдар пайда болуымен жүретін невроз формасы, олар науқас үшін жат, бірақ олардан арыла алмайды.
Психопатологиялық көріністердің қайсысының басым болуына байланысты жабысқақ невроздың 3 түрін ажыратады: обсессивті, фобиялық және жабысқақ - компульсивті.
Невроздың обсессивті түрінде науқастар жабысқақ естеліктерге (фамилияларды, жағымсыз ситуацияларды естеріне алады), елестерге (өз басынан өткен жағымсыз оқиғалар, кітаптардан немесе өзге көздерден алынған өзіне таныс оқиғалар) шағымданады. санақ терезенің этаждың және т.б.) көріністерге шағымданады. Ауру осы психикалық құбылыстардың бөтендігін түсінеді, бірақ олардан арылуға дәрменсіз. Олар қандай-да бір әрекетті толық орындауға кедергі жасайды, қажытады.
Жабысқақтықтар үнемі күмәнданулармен де көрініс береді. Науқастар орындаған істерінің шындығына сенімсіз, есікті жапты ма, жарықты сөндірді ме, үйден шыққанда газды сөндірді ме және т.с.с. қайталап көп рет тексереді.
Науқас П., 28 жаста, слесарь. Алғашқы жүктіліктен дүниеге келген. Өз жасына сай дамып, өскен. Балалық шағында балалар инфекциясымен ауырған. Психикалық аурулармен тұқымқуалаушылық ауырлығы жоқ. Әкесі мінезі бойынша жұмсақ, анасы-ұялшақ, көңілшең, ренжігіш. Науқас мінезі бойынша педант, ұқыпты, қарым-қатынаста ашық, бір істен екінші іске ауысуы қиын. Мектепке 7 жасында барған, жақсы оқыған. Сабақ кезінде өзінің шешімдерінің дұрыстығына күмәнді болған. 10-сыныпты бітіріп, слесарь болып жұмысқа орналасқан. Жұмысына жоғары жауапкершілікпен қараған. Кезекті жиналыста цех бастығы, жұмысқа деген жауапсыздық нәтижесінде көрші цехта төтенше оқиға болғанын айтқан. Артынан ол адамдардың қатаң жаза алатындығын айтқан. Жұмыстан кейін науқаста, станокты сөндірдім бе жоқ па деген сезікті ой пайда болады. Үйіне жете бере, ол станокты тексеру үшін, жұмысқа қайта оралуға мәжбүр болған. Осындай ойлар күнде қайталанып отырған, ол онымен күресуге тырысқан, бірақ нәтижесіз. Кей уақыттарда аса тітіркенгіштік, ашушаңдық танытқан.
Стацианарға түскенде науқаста аздап үрейшілдік байқалды. Жұмыс орны, жанұясы туралы көп күйзеліп, ойланады. Науқас өзінің істеген істерінің дұрыстығына үнемі күмәнданатындығына, одан арыла алмайтындығына шағымданады. Өз күмәнінің негізсіздігін біле тұра бірнеше рет оларды тексеруге мәжбүр екендігін айтады. Науқас өз күйіне сын көзқараспен қарайды, оның қажу жағдайына байланысты екендігін түсінеді. Дәрілік және психотерапиялық емнен кейін жағдайы жақсарды. Жұмысына шығарылды.
Жабысқақтық невроздың фобиялық нұсқасының клиникалық көрінісінде басты рөл қорқыныштарға (фобияларға) тән. Олардың ішінде ең кең тарағаны ауыр соматикалық және инфекциялық ауруларға шалдығу қорқынышы: миокард инфарктымен, қатерлі ісікпен, мерезбен және т.б. Науқас өз ойының дұрыс емес екенін түсінеді, бірақ олардан арыла алмайды, және белгілі бір жағдайларда осы ойлар оны қатты толқытады. Кардиофобиямен науқасты лық толы автобус ішінде, метрода, тар жерлерде инфаркт пайда болады деген қорқыныш және сенім баурайды. Жүрек аймағынан жағымсыздықты сезінгенде (соматовегетативтік реакциялар), дер кезінде медициналық қызмет көрсете алмайды деген күмән пайда болғанда науқас қорқынышы күшейеді.
Науқас Л., 32 жаста, инженер. Нашар ұйқыға, тез шаршайтындығына, өлімнен қорқынышқа, тәбетінің жоқтығына шағымдар айтады. Тұқым қуалаушылық ауырлығы жоқ. Әкесі ашушаң, тітіркенгіш, алкогольді шектен тыс қолданады, балаларының көзінше жанжал көрсетеді. Балалары қорқыныштан үндемейтін болған, науқастың айтуы бойынша «қорқыныш бүкіл денесін баураған». Шешесі момын, үндемейтін, мейірімді, әкесіне бағынышты жан болған. Балаларымен жақсы қатынаста болған, мүмкіндігінше оларды еркелетуге тырысқан.
Науқас мінезі бойынша сезімтал, әсершіл, тұйықтау. Екі ағасымен өсіп, оларды бағып- күткен. Сегіз сыныпты және индустриальды техникумды бітірген. Күйеуде болған, артынан ажырасып кеткен. Бес жастағы ұлы бар. Шешесі және ағасымен бір пәтерде тұрады. Жанұясында ұрыс-керіс жиі болады, ағасы арақ ішіп, ұлына нашар ықпал етуде. Науқас ол үшін көп күйзеледі, ағасымен бірнеше рет әңгімелескен, бірақ ол ешқандай нәтиже бермеген. Өзінің ашушаң, тітіркенгіш болып кеткендігін байқаған. Жұмыс уақытында үй жайлы көп ойлаған, осы жағдайлар баласының тәрбиесіне кері әсерін тигізеді деп күйзелген. Өзі үйде болмағанда ағасы оның баласына зақым келтіреді деп қорыққан. Бір күні жұмыс уақытынының соңында, үйінде бір жаман жағдай болатындай сезінген. Жауапты жұмыс болғандықтан, жұмысын тастап кете алмаған. Кеудесінде жайсыз сезім туып, қалтырап, жүрегі тоқтап қалатындай болған. Терапевтке қаралып, амбулаторлы ем қабылдаған. Терапевт жүрек-қан тамырлары жүйесі тарапынан органикалық бүзылыстар таппаған. Екі күннен кейін осы жағдай қайталанған. Невропатологқа қаралған, ол оны психиатрға жолдаған. Тағайындалған емді күнделікті қабылдамаған. Жағдайы нашарлаған: қалалық транспортта жүруге, үйде жалғыз қалуға қорыққан. Осындай ұстама кезінде жедел жәрдем шақырған. Өз күйзелістерінен шыға алмаған. Осындай ұстама тамақ ішіп отырған кезде де байқалған, осы жағдайдан кейін тамақты абайлап ішіп, кейде тамақ ішуден бас тарқан. Өз бетімен психиатрға қаралып, стационарлық емге жолданған.
Психикалық жағдайы: әңгімелескенде толқиды, шамалы тұтығады, өз жағдайы жайлы жақсы әңгімелейді. Жүрегі тарапынан күрделі бұзылыс жоқ екендігін жоққа шығармайды. Бірақ бұл сенімділік, өзіне шұғыл жәрдем көрсете алмайтын жерлерде жоғалып кетеді. Науқастармен жақсы араласады. Үйі туралы көп ойлайды, көмек іздейді, өз дертінің болжамын сұрайды. Дұрыс өмір сүруіне кедергі жасайтын қорқыныштардан арылғысы келеді.
Өткізілген емнен кейін жағдайы жақсарған. Науқас сабырлы, бөлімшенің өмір барысына қызығушылық танытады, еңбек үрдісіне баулынды. Өз жағдайына сын көзбен қарайды, қорқыныш сезінбейді.
Инфекциялық ауруларға шалдығу фобиясымен, мысалы, сифилофобиямен науқастарда, таныс емес адамдармен жанасқанда, бөтен заттарды ұстағанда ауру жұғады деген терең қоқыныш баурап алады. Осындай жағдайлардан кейін науқастар арнайы шара қолданады: киімін дезинфекциялайды, қолын бірнеше рет қайталап жуады.
Жабысқақтық невроздың жабысқақты-компульсивті түрінде жағдай контрасты идеялармен, әуестікпен және әрекеттермен анықталады. Науқастың моральды ұстанымдарына қарама-қайшы әрекеттер жасауға күшті мотивсіз ойлар пайда болады. Анасында баласының басын ауыр затпен ұрып жаруға, оның көздерін үшкір затпен шұқуға және т.б. ойлар пайда болады. Науқастардың ойына қоғамдық орындарда ұятты іс жасау тілегі келеді. Кейбір науқастарда компульсивті невроз бастың жабысқақ қозғалыстарымен, мимикамен және т.с.с. көрінеді. Шамалы уақытқа науқастар осы қозғалыстарын және әрекеттерін тежей алады. Бірақ бұл уақытта науқастарда психикалық кернеліс сезімі байқалады.
Жабысқақтық невроздардың жоғарыда аталған нұсқаларының іс жүзіндегі бөлінулері біршама схемалық, шартты сипатта. Жиі ауру көрінісінде обсессивті және компульсивті немесе фобиялық невроздардың элементтері болады. Кейде олардың байланыстарының тығыздығы соншалық бір нұсқаны екіншісінен ажырату мүмкін емес. Мысалы, науқаста өткір заттарды көргенде қорқыныш туып, сол сәтте өз балаларын кескілеп тастағысы келген.
Жабысқақ жағдайлар неврозы жағдайы басқа невроздарға қарағанда созылмалы ағымда өтеді. Науқас аурудың ұзақ ағымында өз дертін өршітетін ситуациялардан алшақ жүреді. Жалпы алғанда олардың симптоматикасы бірқатар эволюция жасайды. Мысалы, бастапқыда фобиялар белгілі бір жағдайларда, белгілі бір әрекетті орындау кезінде немесе орындау алдында пайда болады. Жабысқақ қорқыныштар кейін олар жөніндегі естеліктердің өзінен пайда болады. Жабысқақ естеліктер баурап алушы қорқыныштарға ауысады. Мысалы, науқаста қайтыс болған туысқанының тірілей жерленгені туралы жабысқақ ойлар пайда болады. Науқасты осы жағдай қалай өткендігі туралы ойлар жиі мазалайды. Ол тірілей жерленген туысқанының қалай тұншыққанын айқын көз алдына келтіреді. Ақырында осы ойлар аса айқындалып, үнемі сипат алып, науқас үшін өте ауыр күйзеліс болып табылады, өз әрекеттерінің орынсыздығын түсіне отыра, молаға қарай жүгіреді, бейітті қазуды талап етеді.
Невротикалық бұзылыстардың негізінде пайда болатын сапасы жағынан жаңа жағдайларға ритуалдар, «жамандықты қайтаруға» арналған тәсілдер динамикасы айқын мысал бола алады. Жиі науқастарда қимылдық ритуалдар дамиды (аяқпен жерді тепкілеу, қолдарымен ерекше қимылдар асау және т.б.). белгілі бір сатыда қимылдық акттар ритуал сипатынан айрылады. Бұл ритуалдық әрекеттер қарсы бағытталған фобиялар жоғалған жағдайда болады, бірақ қимылдық актілер қалып қалады, қимылдық жабысқақтықтарға ауысады.
Истериялық невроз
Истериялық невроздың клиникалық көрінісі көпқырлы. Өткен ғасырдың және осы ғасырдың басында өмір сүрген авторлардың суреттемелерінде невроздардың истериялық ұстамалар түрінде жиі көрінетіндігі жөнінде айтылған. Истериялық ұстамалар көрінісі мен ағымы бойынша эпилепсиялық ұстамадан бірқатар ерекшеліктерімен ажыратылады. Олар жоғары эмоциональды айқындылықпен ерекшеленеді. Осы уақытта науқастар санасын жоғалтпайды, барлық рефлекстер сақталған. Олардың санасы тарылған, және олар өздері үшін эмоциональды мәні бар тітіргендергіштерге жауап береді.
Қазіргі кезде истериялық невроздың клиникалық көрінісінде соматовегетативті бұзылыстар үлкен орын алады. Олар айрықша жүрек-қантамырлық бұзылыстармен, асқорыту, тыныс бұзылыстарымен көрінеді. Тыныс бұзылысымен, өңеш спазмдарымен ауыр жөтел ұстамаларына байланысты науқастарды жалпы профильдік ауруханаларға орналастырып қоймай, оларға жиі оперативті көмек көрсетіледі.
Истериялық невроздарда қозғалыс пен сезімталдықтың бұзылуы байқалады. Науқастар жүріп-тұра алмайды (астазия-абазия), қабақ спазмдары, афония, аяқ-қолдың салдануы болады. Сезімталдықтың бұзылуы иннервация зонасына сәйкес келмейді және қолғап, шұлық, күртеше түрінде көрінеді. Науқастар жиі дененің әр бөлімдеріндегі және ішкі мүшелердегі ауру сезімдеріне шағым айтады.
Истериялық невроз симптоматикасының айтарлықтай ерекшелігі - симптомдардың психогендік факторлармен байланысы, ағза жүйесіндегі органикалық бұзылыстардың жоқтығы және бұзылыстардың сендіру, өзін-өзі сендіру типі бойынша пайда болуы. Басқа маңызды фактор истериялық мінез-құлықпен адамдардағы оның дамуына бейімділік болып табылады.
Науқас С., 42 жаста, тазалықшы. Жылаңқылыққа, үнемі тамағындағы түйінге, спазмға, бас ауыруына, бұлшық еттеріндегі ауру сезімдеріне, ұйқы бұзылысына шағым айтады.
Анасы тарапынан әжесі туысқандарының айтуы бойынша қызық кісі болған, «есінен адасқан». Әкесі тұйықтау, деспот кісі болған, баларына шамадан тыс талапшыл болған. Анасы сезімтал, ренжігіш, жанұялық қиыншылықтарға жиі шағымданатын болған. Науқас әсершіл, ренжігіш, айтқанынан қайтпайды. Толқу жағдайында жиі тамағында түйнек, «бүкіл денесінің дірілін», басында өткір шаншуды, аяқ-қолдары бұлшық еттерінің ауратындығын байқаған. Осындай жағдай алғаш рет жеті жасында, мектептегі нашар тәртібі үшін әкесі белбеумен соққан кезде байқалған. Науқастың айтуы бойынша әкесі қатты қорқып кеткен. Содан соң ешқашан ұрмаған. 16 жасынан бастап еңбекке араласқан. Науқас тігу шеберханасында бес жыл істеген. 27 жасында тұрмысқа шыққан. Жолдасы оған қамқор болып, барлық тілектерін орындап отырған. Балалы болғаннан кейін, жұмысындағылар, науқастың ойы бойынша оның жанұялық бақытын көре алмаушылар, нашар көзқараспен қарайды деп, ары қарай жұмысын жалғастыра алмаған. Қызметтестерінің айтуы бойынша науқас бірбеткей, тек өзінің қалағанын істейтін көрінеді. Үш жыл бұрын жүрек ұстамасынан күйеуі қайтыс болған. Науқас қатты қайғырған. Жерлеу кезінде «истерика» болған. Ол зарлы дауыспен айғайлаған, бірақ артынан басылған. Жұмысқа орналасуға мәжбүр болған. Өткен жылы күйеуге екінші рет шыққан. Күйеуі арақ ішеді, бір керістен кейін тұншығу сезімі пайда болған, сөйлей алмай қалған (афония). Бұлшықеттері ауырғандықтан әрең қозғалған. Дәрігер көмегіне жүгінген.
Психикалық жағдайы: өзін демонстративті ұстайды, сыбырмен сөйлейді, оның Сөйлеуіне кедергі жасап тұрған тамағындағы спазмды байқайды, кейде жылап, тыныштала алмайды. Жұбайның үнемі ішетіндігіне, оның өміріне көңіл бөлмейтініне шағым айтады. Дәрігердің күйеуін шақыртып, оған оның «ауруының аурылығы» жөнінде түсіндіріп беруін, өзіне көңіл бөлу қажеттігін айтуын сұрайды. Ем жүргізілгеннен кейін (дәрілік, психотерапиялық) және жанұялық жағдайы жөнделген соң науқастың жағдайы жақсарды.
Невроздың осы түрімен науқастарда истериялық бұзылыстардың қайталануы күшейеді. Олар тек эмоциональды жарақатқа кезінде ғана емес, науқастар өз дегеніне жете алмағанда да пайда болады. Олардың тәртібінде демонстративтілік, эмоциональды тұрақсыздық, керісуге бейімділік және истериялық невроздың тұлғаның истериялық дамуы көріністеріне трансформациялануы өзіне көңіл аудартады.
Ипохондриялық невроз
Әртүрлі сенестопатиялармен ипохондриялық компонентті әр неврозда табуға болады. Невростенияда, жабысқақтық неврозда, истерияда ипохондриялық симпоматика астеноипохондриялық немесе жеке синостопатиялық көріністер ретінде байқалады. Кейбір науқастарда дерттің клиникалық суреттемесінде сенестопатиялар, өз денсаулығына аса көңіл бөлу, мазасыздану басымдылық көрсетеді. Шын мәнінде жоқ дерт жөнінде ойлар оңай пайда болады, әртүрлі мамандарға қаралып, емделгісі келеді. Олар жағымсыз сезімдерге көп көңіл бөледі, ауыр дерт жөнінде ойлар мазалайды. Науқас денесінің жеке бөліктеріндегі немесе локализациясы белгісіз жағымсыз сезімдерге шағымданады. Мұндай сезімдер жиі қандай-да бір соматикалық немесе басқа топ ауруларына ұқсас болып келеді. Ипохондриялық көріністер науқас шағымдарының ішінде басты орын алады. Ауыр дерт жөніндегі ойлар аса бағалы сипат алады. Өзіндегі басқа да қажу, көңілінің түсіп кетуі және т.б. тәрізді психикалық бұзылыстарды науқас дерт салдарымен немесе соматикалық сәтсіздік салдарымен байланысты деп есептейді. Әртүрлі мамандарға көрініп, өзінде ауыр дерттің бар екендігін дәлелдеуге тырысады. Мұндай науқастарда жиі ағза жүйесінің функциональды бұзылыстары байқалады. Бірақ бұл ауытқулар өздері сипаттаған жағдайдың ауырлығына сәйкес келмейді.
Терапия нәтижесінде, өмір салтын өзгертуге ұсынымдар берілгенде ипохондриялық көріністер әлсірейді немесе толық жойылады. Олар сақталып, тұрақты сипат алғанда науқастар өздерінің, ерекше шараларын қолданады, бұл ипохондриялық синдром характерологиялық бұзылыстармен бірігіп жүретін ипохондриялық тұлға дамуы жөнінде айтуға мүмкіндік береді.
Невротикалық депрессия (депрессивті невроз)
Әртүрлі психикалық аурулар арасында патоморфоздың негізгі тенденцияларына сәйкес аффективті бұзылыстар, соның ішінде депрессивті бұзылыстар жиіледі.
Невротикалық депрессияның клиникалық көріністерінің суреттемесі ХХ ғасырдың 30-шы жылдарында пайда болды. Бұл невроз түрі бірбеткей, ригидті, компромиссті шешім қабылдауға және ситуацияны жан-жақты бағалауға қабілетсіз мінезбен адамдарда кездеседі деген мәлімет бар. Аурудың бастапқы кезеңінде дистониялық сипаттағы вегетативті бұзылыстар байқалады, артынан жабырқаулы көңіл-күй, ұйқы бұзылысы, қорқыныш үрей пайда болады. Жабырқаулық баяу үдейді, және, ереже бойынша, науқастар бұл күйді психожарақаттық ситуациямен байланыстырмайды. Таңертең науқастар әлсіздік, қалжырау сезінеді. Невротикалық депрессия жиі жанұялық-жыныстық қатынасқа қатағаттанбаушылық әсерінен дамиды, сондықтан науқастар жұмысқа асығады, онда олар өздерін жақсы сезінеді.
Психожарақаттық ситуацияның субьективті шешімінің жоқтығына қарамастан, невротикалық депрессиямен науқастарда ситуацияның сәтті шешілетіндігіне үміт сақталады, осыған байланысты оларда суицидальды ойлар дамымайды.
Невротикалық депрессияда тұрақты вегетативті бұзылыстар байқалады, олар жиі гипотония, спастикалық колит және т.б. Тұлғаның невротикалық дамуына өту кезеңінде қандай-да бір ситуацияға байланыссыз жасаурағыштық бақыланады. Осы бұзылыс науқасты психиатрға көрінуге мәжбүрлейді.
Невротикалық депрессияның ұзақ ағымында және жарақаттық жағдай сақталғанда невроздың негізгі формасына - обсессивті-фобиялық, астениялық, истериялық түрлеріне сейкес келетін мінез-құлықтық бұзылыстармен тұлғаның невротикалық дамуына ауысу орын алуы мүмкін.
Этиологиясы және патогенезі
Невроз пайда болуы психикалық жарақаттың болуына байланысты. Невроздардың жеке варианттарының түзілуінің өзіндік ерекшеліктері бар - психикалық жарақаттың сипаты мен тұлға типіне тәуелді патогенетикалық механизмдері. Невроздың түзілуі психогенді зияндылықтар мен тұлғаның өзара әсерлесуі нәтижесінде болады. Психикалық тұрғыдан адам қаншалықты төзімді болса, невроз тудыратын психогенді зияндылық соғұрлым интенсивті және ұзақ әсер етуі керек, және керісінше. Сонымен қатар тұлға невроздың жеке түрлерінің дамуына себепкер болады, сондай-ақ психикалық жарақат сипаты пайда болатын невроз түрін анықтайды. Мысалы, жоғары эмоциональды қозу ерекшелігімен тұлға неврастенияға бейім келеді, психастениялық мінез-құлықпен тұлға – жабысқақ жағдайлар неврозына бейім. Жоғары эмоциональды бақылауды талап ететін психикалық жарақат жағдайы неврастенияға жиі әкеледі, сәттәләкке және өмірге қауіп төндіретін психикалық жарақат - истериялық немесе фобиялық неврозға алып келеді.
Невроздардың психопатологиялық симптоматикасы әртүрлі соматовегетативті және биохимиялық көріністермен бірге жүреді. Көптеген батыс психологтары мен психиатрлары невроздарды З. Фрейд теориясы тарапынан түсіндіруге тырысады, яғни олардың психопатологиялық көріністерін ерте балалық шақта орын алған психикалық жарақаттармен, мысалы, баланы ана кеудесінен ажырату және т.б. байланыстырады.
Дата добавления: 2015-10-20 | Просмотры: 2731 | Нарушение авторских прав
|