АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология

Аффективті синдромдар

Прочитайте:
  1. Ерекше синдромдар

 

Маниакальды синдром өзінің классикалық вариантында психопатологиялық симптомдардың триадасынан тұрады: 1) көңіл-күйдің көтерілуі; 2) ойлау ағымының жылдамдауы; 3) сөздік-қимылдық қозу. Бұл - синдромның облигатты (негізгі және тұрақты кездесетін) белгілері. Жоғары аффект психикалық қызметтің барлық саласына әсер етіп, екіншілік, яғни тұрақты емес маниакальды синдром белгілерінің пайда болуына алып келеді. Қоршаған ортаны ерекше ашық қабылдау, ес үрдісінде гипермнезия, ойлауда - өз мүмкіндіктері мен өзтұлғасын асыра бағалау, қысқа уақыттық ұлылық сандырақ идеялары, эмоционалды реакцияларда – ашушаңдық, еріктік салада – тілек, әуестіктердің өсуі, зейіннің жылдам ауыспалылығы; мимика, пантомимика және науқастың бүкіл сыртқы болмысы қуаныш белгісін бейнелейді.

Депрессиялық синдром облигатты симптомдардың триадасымен көрінеді: көңіл-күйдің төмендеуі, ойлау ағымының баяулауы, сөздік-қимылдық тежелу. Депрессивті синдромдардың факультативті белгілері: қабылдауда – гипестезия, иллюзиялық, дереализациялық және деперсонализациялық құбылыстар; мнестикалық үрдісте – таныстық сезімінің бұзылысы, ойлауда – ипоходриялық, өзін-өзі кінәлау, өзін-өзі кемсіту сипатындағы аса бағалы және сандырақтық идеялар; эмоциональды салада - қорқыныш және үрей реакциясы; қимылдық-еріктік бұзылыстар тілек пен әуестіктердің басылуы, суицидальды тенденциялар; қайғылы бет-әлпет және қалып, баяу, бәсең дауыс.

Үрейлі-депрессивтісиндром (ажитациялық депрессия синдромы), маниакальды ступор және өнімсіз мания өзінің шығу тегіне байланысты аралас жағдай болып табылады, депрессиядан манияға немесе керісінше. Классикалық депрессия мен манияға тән дәстүрлі психопатологиялық триада бұл жағдайда бұзылады, аффективті синдром өзінің кейбір қасиеттерін жоғалтады және аффективті жағдайға полярлы қарама-қарсы белгілермен көрінеді. Ажитациялық депрессия синдромында қимылдық тежелудің орнына қозу байқалады, яғни маниакальды жағдайға тән белгілер тәрізді көрінеді. Маниакальды ступор синдромында көтеріңкі көңіл-күй фонында қимылдық тежелу болады; өнімсіз маниямен науқастарда көңіл-күйдің көтерілуі, қимылдық тежеусіздік ойлау темпінің баяулауымен жүреді.

Депрессивті-параноидты синдром атипті аффективті жағдайға жатады. Оның ерекшелігі маниакальды-депрессивті психозға сәйкес келетін аффективті синдромға басқа нозологиялық формалар – шизофрения, экзогенді және экзогенді психоздар симптоматикасының қосылуы. Котар суреттегендей атипті аффективті жағдайға, ауқымдылық парафренді сандырағын жатқызуға болады: депрессия кезінде өз басының өзгергендігі сезімімен жүретін ипохондриялық күйзеліс, науқастың өзінің ішкі мүшелерінің жоқ екендігіне сенімділікпен, сыртқы ортаны, өмірді, өлімді жоққа шығару, өмірлік азапқа шалдығу идеяларымен гротескілі сипат алады. Галлюцинациялық, сандырақтық, сана күңгірттенуімен депрессия фантастикалық меланхолия деп аталады. Маниакальды күй шыңына жеткенде сана қарауытуы шатасқан мания жөнінде айтуға мүмкіндік береді. Аффекттің атипті көрінісіне эмоциональды дефект дамыған шизофрениямен науқастардағы апатиялық депрессия жағдайы да жатады.

Астенодепрессивті синдром. Бұл ұғымды кейбір авторлар (Е.А. Попов және т.б.) теориялық тұрғыдан жетілмеген деп есептейді, себебі, бір мезгілде астениялық және депессиялық синдромдардың қатар жүруінде. Бұл кезде келесі клиникалық фактіге көңіл аудару қажет, астения мен депрессия бірін-бірі жоққа шығаратын жағдайлар: астениялық бұзылыстың үлес салмағы жоғары болған сайын, депрессияның ауырлық дәрежесі соғұрлым төмен; астенияның күшеюіне байланысты суицидальды тәуекелдер азаяды, қимылдық және идеаторлы тежелу жойылады. Дәрігердің практикалық қызметінде астено-депрессивті синдром өте жиі кездеседі.

Маниакальды және депрессиялық синдромда әртүрлі психикалық аурулардың психопатологиялық симптомдарының түзілу сатысы болуы мүмкін, бірақ типті көріністерімен тек маниакальды-депрессивті психозда бақыланады.

 

Қимылдық және еріктік бұзылыстар синдромдары

 

Кататониялық синдром кататониялық ступор немесе кататониялық қозу түрінде көрінеді. Бұл екі көрініс өздерінің сыртқы бейнесіне қарағанда өзгеше болғанымен, олардың шығу тегі бір және бір құбылыстың әртүрлі фазалары болып табылады. Бұл синдромды құратын симптомдардың мәнін нақты түсіну үшін оның патофизиологиялық негізіне көңіл аудару керек.

И.П. Павловтың зерттеулеріне сәйкес кататония симптоматикасы жүйке жасушаларының дертті әлсіздігі болып табылады, оларға әдеттегі тітіркендіргіш аса күшті әсер етеді. Ми қыртысында дамитын тежелу қорғаныстық және шамадан тыс болып табылады. Егер тежелу ми қыртысымен қатар қыртыс асты құрылымдарын қамтыса, онда кататониялық ступор симптоматикасы көрінеді. Науқас тежелген, өзін-өзі күтпейді, өзіне бағытталған сөздерге көңіл аудармайды. Кейбір науқастар қабырғаға қарап қозғалыссыз жатады, құрсақтық қалыпта иегін кеудесіне тақап, қолдары білек буынында бүгілген күйінде, аяғын бүгіп, ішіне тартқан күйінде бірнеше күн, апта, ай немесе жылдар жатуы мүмкін. Құрсақтық қалып дамудың алғашқы кезеңдеріне тән көне реакциялардың шығуын көрсетеді. Сонымен бірге арқамен жатып, басы жастықтан көтеріңкі күйдегі поза – ауа жастығы симптомы да тән болып келеді.

Кататониялық ступор кезіндегі науқас

 

Балаларға тән сору рефлексінің тежеусізденуі тұмсық симптомының пайда болуына алып келеді: еріндеріне жанасқанда соруға ыңғайлану; кейбір науқастарда соруға ыңғайланған ерін қалпы үнемі сақталады. Қармау рефлексі тежеусізденеді (қалыпта нәрестеге тән): қолына кездейсоқ тиген заттарды науқас қармап алады. Толық емес ступорда эхо -симптомдар байқалады. Эхопраксия – басқа адамдардың қимылын көшіру, эхолалия – басқа адамдардың сөздерін қайталау. Эхосимптомдар негізінде – балаларға тән және олардың психикалық дамуына ықпал ететін еліктеу рефлекстерінің тежеусізденуі жатыр.

Бағаналық постуральды рефлекстердің босап шығуы каталепсиямен көрініс береді (балауыздық иілгіштік); науқастың қол-аяғы, денесі біреу жасаған қалыпты ұзақ уақыт сақтайды.

Негативизм көріністері бақыланады: науқас тапсырмаларды мүлдем орындамайды, (пассивті негативизм) немесе белсенді түрде қарсыласады, яғни қойылған талаптарға қарама-қарсы әрекет етеді (активті негативизм). Тілін көрсетуін өтінгенде, еріндерін қатты қысып алады, қол беруін өтінгенде қолын тартып алып, артына жасырады, тамақ әкеліп берген кезде ішпей теріс қарайды, ал тамақты аурудың алдынан алуға әрекет жасағанда ыдысқа жабысады. И.П. Павлов бұл ОЖЖ-гі фазалық жағдай деп есептеген және негативизмді ультрапарадоксальды фазамен байланыстырды. Парадоксальды фазада өте әлсіз тітіркендіргіштер өте күшті реакция шақырады. Қатты дауыспен науқасқа сұрақ қойғанда, ол жауап бермейді, ал сыбырмен айтқанда жауап қайтарады. Түнгі уақытта ОЖЖ-не сырттан келетін импульстар азайған кезде кейбір ступорозды науқастар тежеусізделеді, ақырындап қимылдай бастайды, сұрақтарға жауап береді, тамақ ішеді, жуынады; таң атқанда, тітіркендіргіштер интенсивтілігі артқанда тежелу қалпы оралады. Ступор жағдайындағы науқастарда бұл симпоматикадан басқа көріністер болмауы мүмкін, бірақ жиі галлюцинациялар, айналаны сандырақтық талқылау бақыланады. Бұл науқас тежлу жағдайынан шыққанда байқалады.

Негізгі симпоматикасына байланысты ступордың үш түрін ажыратады:

1) балауыздық иілгіштік құбылыстарымен;

2) негативисттік;

3) бұлшық еттік сіресумен.

Айтылған варианттар жеке бұзылыстар болып табылмайды, ступорлы синдромның сатылары болып табылады, олар белгілі бір ретпен науқас жағдайының ауырлауымен көрініп, бірін-бірі ауыстырып отырады.


Дата добавления: 2015-10-20 | Просмотры: 1392 | Нарушение авторских прав







При использовании материала ссылка на сайт medlec.org обязательна! (0.004 сек.)