АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология
|
Жалпы психопатология 8 страница
Шығу тегі бойынша сандырақтың ерекше формаларын бөледі: резидуальды сандырақ және индуцирленген сандырақ. Резидуальды сандырақ - психоз жағдайынан кейін біршама уақыт бойы жалғыз симптом ретінде қалатын бейнелік сандырақ, науқас жүріс-тұрысына айтарлықтай әсерін тигізбейді. Резидуальды сандырақтың динамикалық тенденциясы қолайлы: ол трансфармацияға, күрделенуге ұшырамайды және нгауқаста сыни көзқарас пайда болғанда (критикасы) кенеттен жоғалады. Индуцирленген сандырақта психикасы сау адамдардағы қате пікірлердің пайда болуы сандырақпен зардап шегетін науқас адамдармен байланысты болады; примитивті, ситуацияны сыни көзқараспен, дұрыс түйіндей алмайтын тұлғаларда дамиды.
Аса бағалы идеялар – шынайы факторлар базасында пайда болатын, науқастың шамадан тыс эмоциональды жауабына байланысты санада басымдық көрсететін пікірлер. Психопатияларда, шизофренияда, аффективті психоздарда кездеседі. Тематикасына байланысты шығармашылдық, ипохондриялық және т.б. идеялар болып бөлінеді.
Жабысқақтықтар /обсессиялар/ - еріктен тыс пайда болатын, науқас ойын жаулап алатын және науқас үшін бөтен, дертті жағдай ретінде қабылданатын ойлар мен күйзелістер, науқас оларды өз ерік күшімен жеңе алмайды. Жабысқақ ойлар, елестетулер, естеліктер, күдіктенулер, қорқыныш, әуестіктер, қимылдар мен әрекеттер болады. Жабысқақтықтарды 2-топқа бөлеміз: 1) бейтарап, яғни науқас үшін индифферентті, айқын эмоциялық реакциялармен жүрмейді 2) бейнелік науқас үшін ауыр және айқын аффективті жауаппен көрінеді.
Бірінші топқа жабысқақ ақылгөйсу, жабысқақ санау, терминдерді, есімдерді, күндерді т.б. жабысқақ еске түсіруді жатқызуға болады. Жабысқақтықпен науқас бейтарап тақырыпта ұзақ ойланады, мысалы, неге Әлем шексіз, егер ол аяқталса не болады, аяқталғаннан кейін не болады және т.с.с. Жабысқақтықпен науқас оқығанын немесе естіген сөздерін талдайды, бөліктерге, буындарға бөледі, немесе қадамын санайды, баспалдақ сатыларын, терезелерді, сөздегі әріптерді санайды, ойша шексіз санау операцияларын жүргізеді.
Екінші топқа өткен өмірдің қандай-да бір оқиғасы жөніндегі жабысқақ естеліктерді жатқызады, ол ұят сезімімен, өкіну және басқа да эмоциялық реакциялармен бірге жүреді. Елестетулер бүкіл санасын жаулап алғанда оқиғалар науқаста ауыр күйзелістер шақырады, ол адамның жүріс-тұрысында бейнеленеді (ол бұл күйзелістің жоқ екендігіне көз жеткізгісі келгенде). Науқас өз туыстарының үйінен келіп, олар науқастың ваннада тастап кеткен каустикалық содасымен уланып қалуы мүмкін деп ойлай бастады. Жақындарының өлім алдындағы қиналғандарын көз алдына келтіріп, оларға ұзақ уақыт бойы жазбады, себебі, олардың өлімі жөнінде нашар хабар аламын деп қорықты; мереке қарсаңында олардан құттықтау қағазын алғаннан кейін ғана ол жөнінде ойлауын доғарды.
Жабысқақ қорқыныштар – фобиялар әрқилы болып келеді, аффективті қанықтылығымен ерекшеленеді. Жиі кездесетіндері: канцерофобия – қатерлі ісікке шалдығудан; сифилофобия – мерезге шалдығудан; кардиофобия – жүректің ауыр дертіне шалдығудан; танатофобия - өлімнен қорқу; мизофобия – ластанудан қорқу; клаустрофобия – жабық кеңістіктерден қорқу; агорофобия – ашық кеңістіктерден, көшелерден, алаңдардан қорқу; эритрофобия - өзге адамдар алдында қызарып кетуден қорқу; фобофобия – фобия пайда болуынан қорқу.
Бейнелік жабысқақтықтарға жабысқақ күдіктенулерді /есік жабылды ма, жарық өшті ме, кран жабылды ма/, жабысқақ тілектер, әуестіктер, қимылдар, әрекеттерді қосуға болады. Кейбір науқастарда жасауға болмайтын қылық жасауға жанын қинайтын тілек пайда болады: жерлеу рәсімінде күлуге, жақсы көретін баласының көздерін шанышқымен шұқып алу. Бұл контрастылы жабысқақтық деп аталады. Егер сандырақ жөнінде емес, жабысқақ ой туралы әңгіме болса, ауру өзінің тілегін ешқашан іске асырмайды. Психоз жағдайында контрастылы құбылыстар сырттай жабысқақтық тәрізді болуы мүмкін, шынтуайтқа келгенде ол баяу түзіліп келе жатқан сандырақ сатысы болуы мүмкін. Мұндай жағдайда науқастар қоғамға қауіпті әрекет жасауы мүмкін.
Ритуалдар – орындағанда қысқа уақытқа науқас жағдайының жақсаруымен көрінетін жабысқақ қимыл-әрекеттер; ритуалдық әрекеттер дұға тәрізді, қорғанысты білдіреді. Жабысқақтықтар нервоз жағдайына тән; нервотикалық деңгейде өтіп жатқан барлық психикалық ауруларда көрінуі мүмкін мүмкін. Жабысқақтықтар сау адамда да болуы мүмкін. Мұндай жағдайда олар тұрақсыз болады, сананы жайламайды, эпизодты түрде пайда болады және адамның әлеуметтік ортада бейімделуіне әсерін тигізбейді.
Сандырақ пен жабысқақтықтың патофизиологиялық мәні И. П. Павлов еңбектерінде ашылған. Параноик сандырағын талдай келе, ол осы науқастарда орталық жүйке жүйесінің мықты үрдісіне көңіл бөлген. Мида фазалық күйлердің дамуына байланысты сандырақ түзуші тұрақталған қозу ошағы өз айналасында күшті тежелу зонасын түзеді (теріс индукция заңы бойынша). Критикаға сәйкес келетін ешқандай қозу, осы тежелу жиынтығынан өтіп, доминантты ошақты басуға қабілетсіз. Осы жағдай сандырақпен науқастарда критиканың болмайтынын түсіндіреді. Жабысқақ жағдайлар неврозы кезінде, керісінше, жоғары жүйке қызметінің әлсіздігі бақыланады. Бас миының әлсіз қыртысы күшті доминанты қозу ошағын түзуге қабілетсіз, ал доминантты ошақ күшті тежелу қабатымен өзін қорғай алмайды. Жабысқақтықтар ерекшелігі осылайша түсіндіріледі: жеке жабысқақтық болады (тұрақталған қозу ошағы), және оған деген критикалы көзқарас болады (қосымша қозу ошақтары), бірақ бұл критикаға сәйкес қозу негізгі ошақты басуға қабілетсіз. Тұрақты қозу ошағы қалыпты күш қатынасына бағынуы мүмкін немесе сергектік және ұйқы арасындағы жағдайда болуы мүмкін.
Инвертті сандырақ деген түсінік бар, бұл кезде науқас сөздері шынайылыққа тікелей қарама-қайшы болып келеді: адал қызмет етіп келген кассир әйел өзін ақша ұрлады деп айыптап отырғанын, кейіннен бүкіл өмірінде ұрлықпен айналысқанын және адамдарды алдағанын айта бастайды. Бұл жағдайды И.П. Павлов тұрақты қозу ошағының ультрапарадоксалды фазасы деп түсіндірді (тежелуі қажет нәрсе реакция туғызады немесе керсінше). Ультропарадоксальды фаза заңы бойынша реакция жабысқақтықта да (мысалы, контрастты жабысқақтықтар) болады.
Эмоция бұзылыстары
Эмоция – (латын тілінен алғанда emotio – толқытамын) – адамның қоршаған орта құбылыстарына, және де өзіне деген көзқарасын білдіретін психикалық үрдіс.
Психикалық қызметтер құрылысын қарастырғанда адамдар тек түйсініп, ойлап, еске түсіріп, әрекет етіп, сезініп қоймай, субъективті күй – ләззат алу, қуану, масаттану, қорқу, ашыну, ашу –ыза, таң-қалу, қайғыру, тәубаға келу, өкіну күйлерін кешетіні анықталды. Бұл күйзеліс кез-келген психикалық актты қанықтыра түседі, оған айқындылық береді.
Эмоцияның басты қызметі, кез-келген психикалық қызмет тәрізді шындықты бейнелеу болып табылады. Эмоциональды қызмет нәтежесі тітіркендіргіш орналасуын, қасиетін, механизмін және басқа параметрлерін анықтап жатпай ақ, оның ағзаға зиян немесе пайдасын көсете отырып ағзаның оларға субьективті жылдам жауабын қамтамасыз етеді. Басқаша айтқанда, эмоция – бұл кезде адам субьективті формада өзінің қоршаған ортаға қатынасын ғана емес, қоршаған ортаның өзіне қатынасын күйзелумен жүретін психикалық үрдіс. Эмоцияның оң және теріс түрін бастан өткізе отырып, біз қоршаған ортаның мәнін бейнелейміз (қолайлы ма, қолайсыз ба).
Эмоциялар - сыртқы тітіркендіргіштерді әрекет мотивтеріне айналдыратын ерекше механизм.
Эмоцияларға байланысты бұзылған тепе–теңдік, гомеостазды қалыптастыруға бағытталған қимылдық және жүріс – тұрыстық реакциялар қосылады. Осылайша эмоциялар – өзін-өзі реттеу рефлексінің шығу көзінде тұрған үрдіс, ол ағзаның қалыпты функциясын қамтамасыз етеді және ағзаның қиын, төтенше жағдайлармен күресуіне жағдай жасайды. Бұл эмоцияға әмбебап сипат береді, және осы эмоциялар адам тұлғасының ядросына жақын екенін және тұлғаны тұтастай бейнелейтінін көрсетеді.
Өзіндік реттелу (саморегуляция) кері байланыс принципі бойынша іске асады. Егер ағзаның қандай-да бір қажеттілігі қанағаттандырылған болса, онда оң эмоция пайда болады. Медицинада реконвалесцент эйфориясы деген түсінік қолданылады. Бұл жедел дертті жағдайды басынан өткерген, қызба ұстамасынан шығу жағдайындағы адамда болатын көтеріңкі көңіл-күй. Ауыр ауру сезімін бірден басу да эйфория туғызады. Оң эмоцияның қандай–да бір қажеттілік қанағаттандырылуы жөніндегі сигналдан гөрі, биологиялық мәнінің маңызы өте зор. Қажеттілікті қанағаттандыруға ағзаның жұмсаған күші үшін оң эмоция тарту болып табылады.
Эмоциялар бас миының қыртыс - қыртыс асты құрылымдарының қызметіне негізделген күрделі интегралды үрдіс. Эмоция интеграциясы үрдісінде бірінші дәрежелі рөл гипаталамусқа қатысты - ол бас миының төменгі және жоғары жатқан бөліктерімен ағзаның сыртқы және ішкі ортасымен, барлық сезімтал және атқарушы жүйелер мен мүшелер арасындағы әр түрлі байланыстардан тұратын ерекше диспетчерлік пункт болып саналады. Гипотоламус қозғыштығына және ондағы симпатикалық және парасимпатикалық жүйке жүйесінің орталықтарына байланысты эмоция пайда болу факты және олардың сапалық ерекшеліктері түсіндіріледі. Өзін-өзі реттеу ортақ үрдісі шеңберінде әрекуетке түрткі түзіледі (субьектитивті күйзеліс түріндегі эмоциялық қозғалыс) және алдағы әрекеттің энергетикалық қамтамасыздалуы дайындалады (соматовегетативті және алмасулық өзгерістер формасында).
Сондықтан барлық эмоциональды реакциялар пульс өзгеруімен, артериялық қысым өзгеруімен, тыныс жиілігінің, мүшелердің қанмен қамтамасыз етілуінің, биохимиялық көрсеткіштердің және т.б. өзгеруімен жүреді. Қорқыныш немесе ашу жағдайында, жүрек қызметі күшейеді, пульс жиілейді, артериялық қан қысымы көтеріледі, газ алмасу артады, қандағы глюкоза мөлшері өседі, жұмыс жасап жатқан мүшелерге, әсіресе қаңқа бұлшық еттеріне қоректік заттар мен оттегінің түсуі жоғарылайды; бұл кезде қанның ұйығыштығы жоғарылайды, осының әсерінен күрес кезінде (жануарларда) қан ағуы тоқтайды.
Филогенез кезінде эмоция - әрекетке дайындық - әрекет реакциялары неғұрлым жақсы жетілген болса, жануарлар қауіпті жағдайларды аластатуға соғұрлым бейім болып келеді.
Эмоцияның жүйкелік субстраты қыртыс асты құрылымдар екеніне клиникалық фактілер дәлел бола алады. Өте айқын эмоциональдық өзгерістер патологиялық үрдістің қыртыс астында емес таламус пен гипоталамуста орналасатыны айдан анық. Клиникалық деректер жүйке жүйесінің әртүрлі бөліктерінің экстрипациясы және тітіркендіру арқылы жасалған зерттеулермен дәлелденген. Ми қызметі неғұрлым жоғары және күрделі болған сайын эмоциялық реакциялардың құрылуы мен бағытында соғырлым маңызды рөлді бас миының қыртысының қызметі алады.
Адамға жалпы жануарларға тән эмоциялармен қоса жоғарғы дәрежедегі эмоциялық күйзелістер тән, олар интеллектуальдық және творчестволық қызметке – сезімдерге байланысты пайда болады. Интеллектуальды, өнегелік және эстетикалық сезімдерді бөледі. Басым жағдайда адам эмоциялары саналы қабылданады; эмоция және оның белгілері саналы түрде тежеледі немесе жасырын болады; кез – келген эмоциялық күйзеліс сөз арқылы шақырылуы мүмкін.
Эмоцияның объективті белгілеріне тәннің қалыпты көріністері - мимика, поза және оқшау қимылдар (патомимика) жатады. Осы құбылыстарды бірінші болып Чарльз Дарвин түпкілікті зерттеген, ол эмоцияның сыртқы көріністері, эмоцияның өзі сияқты шығу тегі жануарларлық екенін дәлелдеді. Жануарлар әлемінде өмір үшін күресте бейімделуге көмектеседі. Қорқыныш шақыратын поза, жануар ырылы жауды шошытады; ал көнбістік позасы мен мимикасы оны тыныштандырады, агрессияны төмендетеді; көздерін кең ашып, қастарын көтерумен таң қалу мимикасы бағдарлық реакцияны жеңілдетеді. Адамдарда бұл реакциялар адамзаттың әлеуметтік мәніне қарай, тәрбиеге байланысты өзгеріске ұшыраған және санамен бақыланады, бірақ эмоциялардың физиологиялық механизмі өзгермейді. Егер адам күшпен столды ұрса, онда ол еріксіз тістенеді және тісін қайрайды. Жылау, күлу және басқа мимикалық әрекеттер туғаннан пайда болады, олар әр адамда бірдей және кішкене балалар да мұны жеңіл түрде түсінеді. Мимика және пантомимика адамдардың қатынас құралы болып табылады /эмоциональдық деңгейдегі қатынас/.
Эмоциональды көріністер және олардың бұзылысының белгілері
Эмоциялық көріністер төмендегідей бөлінеді:
1) эмоциялық жағдай
2) эмоциялық реакция
3) эмоциялық қарым-қатынас.
Бұзылыс осы аталған топтардың әрқайсысын қамтуы мүмкін.
Эмоциялық жағдай. Эмоциялық жағдай жөнінде айтқанда, ұзақ уақыт сақталатын белгілі бір жүйкелік-психикалық тонусты түсінеміз. Эмоциялық жағдайларға ең алдымен жалпы бейтарап сипаттағы, бірақ ағзадағы жайлылық немесе жайсыздық жағдайын бейнелейтін адам көңіл-күйін жатқызамыз. Сонымен қатар, көңіл-күй қалыпты жағдайда адамның әрқилы күйзелістері мен әсершілдігіне байланысты тербелмелі болып келеді. Патологиялық жағдайда көңіл-күй кенет өзгеріп, көтерілуі немесе төмендеуі мүмкін; ол кенет өзгеріске ұшырауы мүмкін немесе ұзақ уақыт бірқалыпты болуы мүмкін, және де адекватсыз, ситуацияға, адамның психикалық немесе физикалық жағдайына сай болмауы мүмкін. Эмоциональды жағдайдың өзгеруі науқастың психикалық қызметіне мақсатты әсер етіп, мүгедектікке соқтыруы мүмкін.
Көтеріңкі көңіл-күй маниакальды жағдайдың басты симптомы болып табылады. Көңілді және қуанышты көңіл-күй күндерге, апталарға, айларға созылады. Науқас өзін бақытты сезінеді, күші және энергиясы тасып, ешқандай дерті және физикалық бұзылысы жоқ тәрізді болып, қоршаған ортадағы жайттардың барлығы қызықтырып, өмір сүруге құштар болады. Олар әр уақытта күлімдеп жүреді, көп қозғалып, көп сөйлеп, сөз тапқыш болып келеді. Осы суреттелген көңіл-күй көтерілуі маниакальды-депрессивті психоздың маниакальды фазасында, кезеңді шизофенияда, орталық жүйке жүйесінің органикалық ауруларында кездеседі.
Маниакальді жағдайдағы науқас кейпі
Көтеріңкі көңіл-күй вариантының бірі - эйфория деп аталады. Эйфория кезінде көңіл-күй шектен тыс шабытты жағдайға /маниакальды науқастардағыдай/ дейін көтерілмейді. Эйфория интеллектуальдық үрдістердің белсенділігімен және әрекет етуге талпыныспен көрініс бермейді. Кеңпейілділік және бейғамдық науқастың қорғансыз, аянышты жағдайына сәйкес келмейді. Өкпе туберкулезінен өлім аузындағы және ауыр миокард инфарктының жедел сатысында эйфория жалпы жағдайдың ауырлауымен қатарласып жүреді. Эйфория мастану жағдайына да тән /алкогольмен, наркотикпен/.
Бас миы ісігімен, және бас-ми жарақатының жедел кезеңінде және бас миының басқа да органикалық ауруларында қозғалыстық қозумен, алаңғасарлықпен және оғаш жүріс-тұрыспен эйфория жағдайы бақыланады, бұл жағдайды - мория деп атайды.
Шизофрения /гебефрения/ ауруындағы есалаңдықты мания мен эйфориядан айыру қажет. Ауру бет аузын қисайтып, тілін көрсетеді, секіреді, билейді, домалайды, кенеттен қатты айқайлап күледі. Бұл «көңілдену» қоршаған адамдардың эмоциональды резонансын тудырмайды, себебі ол бос көңілділік: көңіл-күйдің көтерілуі және оған сәйкес келетін ассоциативті белсенділік болмайды.
Көңіл-күй төмендеуі депрессивті жағдайларға тән. Бұл жағдай науқастарда апат тәрізді субъективті күйзеліс. Бұл жағдайдың негізгі белгісі ауыр қайғы-мұңмен көрінеді, кейде бұл жағдай өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізеді. Мұң сезімі кейде аса айқындалады: науқастар жан ауруына, жан немесе жүректегі ауырлық сезіміне шағымданады.
Осындай, жүректік мұң (anxietas praecordialis) деп аталатын сезімнің пайда болуы, оған ұқсас стенокардия ұстамасымен дифференциальды диагностика жасауға негіз болады; оны ажырату әсіресе егде тартқан адамдарда және қантамырлық жеткіліксіздігімен адамдарда депрессия жағдайы дамығанда қиындық тудырады. Ауыр депрессия кезінде, әсіресе қартайған шақта кейбір сыртқы тітіркенгіштердің /инфекциялар,ауруды қарау,және т.б./ әсерінен мұң күрт күшеюі мүмкін: raptus melancholicus жағдайына дейін жететін ауыр меланхолиялық қозу жағдайы байқалады. Мұндай науқас аласұрады, қайда болсын жүгіруге тырысады, басын қабырғаға ұрады, шашын жұлады, өзін-өзі өлтіруге дейін барады. Циклотимиялық депрессия кезінде төмен аффект мұң ретінде сезілмейді; науқас өзін нашар сезінетініне, жабырқаулыққа шағымданады. Депрессия қызығушылықтың, әуестіктің, талпыныстардың төмендеуімен жүреді; классикалық депрессияға қозғалыстық және идеаторлы тежелу тән.
Кейбір депрессиялық ауруларда anaesthesia psychica dolorosa – жанға бататын сезімсіздік симптомы байқалады. Науқас сезу қабілеттілігінің жоғалғанына, қуаныш, жақын адамына деген махаббатын, аяушылық сезімін жоғалтқанына шағымданады. Науқас бояу қанықтығын /«солғын тартқан»/, тамақтың дәмін /«тамақ шөп сияқты»/ және кейде өз денесін де сезбейтіндігін айтады. Бұл жағдайдың апатиядан айырмашылығы, бұл кезде науқас ауыр күйзеледі.
Апатия - бос эмоциональды күй, барлығына толық немқұрайдылық, эмоциональды топастық /тупость/- дефицитарлы симптомға жатады. Апатия шизофрениялық үрдіске, тотальды органикалық деменцияға тән.
Дисфория жағдайы - тітіркенгіштік, қаталдық, ызалылық, өзі мен айналасындағыларға көңіл толмаушылықпен, атылғыштықпен, агрессивті және күйрететін әрекеттерге бейімділікпен жүретін өзгерген көңіл-күй кезеңдері. Бұл жағдай теріс және оң да эмоциямен көрінуі мүмкін. Тітіркенген-мұңлы жағдай аяныш сезімін тудырмайды, ал ызалы көңілділік айналадағылардың көңілін көтермейді. Дисфориялар эпилепсияның үлкен ұстамасының эквиваленті болып табылады, және де алкоголизммен наркоманиямен науқастар абстенсенциясы жағдайында, психоорганикалық синдромда бақыланады.
Жігерсіздік - эмоциялық әлсіздік, сезімдер сферасындағы лабильділік жағдайы. Болмашы нәрсеге қатысты көңіл-күйдің үнемі тербелісімен сипатталады; тез арада жылайды, ал көңіл-күй көтерілгенде – сентиментальдылық бақыланады. Бас миының қантамырлық зақымдануында, соматогенді астенияда байқалады.
Абдырау - өзіндік сана және заттық сана бұзылысымен психикалық қызметтердің жедел бұзылысының дамуымен бірге жүретін шатасу жағдайы. Көздері кеңінен ашылған, кезбе көзқарас, сенімсіз қозғалыс, сұрамшыл сөз – науқастың бар кескіні өз жағдайы мен болып жатқан жайтты түсінбейтіндігін суреттейді. Абдырау шизофренияда симптоматиканың онейроидты сана күңгірттенуіне бағытталуы кезінде айқын көрініс береді.
Эмоциялық реакция - биологиялық немесе әлеуметтік мәні бар тітіркендіргішке эмоциональды жауаптар.
Көңіл-күймен салыстырғанда эмоциональды реакция қашанда нақты болып келеді. Эмоциональды реакция эмоциялық жағдаймен салыстырғанда қысқа және интенсивтілігі жоғары болып келеді. Эмоциональды жауап бергеннен кейін адам қалыпты эмоциональды күйге қайтып келеді. Интенсивтілігі бойынша шамадан тыс эмоциялық реакция аффект деп аталады. Аффект дәрежесіне дейін кез-келген эмоция - теріс және оң, күшеюі мүмкін. Бұл қаһар, ашу, қорқыныш немесе экстаз, энтузиазмның шегіне жеткен көрінісі болуы мүмкін.
Көрініс ерекшеліктеріне қарай аффект физиологиялық және патологиялық болып бөлінеді.
Физологиялық аффектте эмоциялық жауап күші бойынша тітіркендіргішке сәйкес келеді, одан асып, реакция шыңында сана тарылуымен бірге жүруі мүмкін, бірақ өз жүріс-тұрысын бақылай алады және осы кезеңде орын алған оқиғалар жөнінде естелік қалады.
Патологиялық аффект - психикалық үрдістердің қажуына алып келетін, тітіркендіргіш күші мен сапасына сәйкес келмейтін, буырқанған қимылдық және вазовегетативті көрністермен, сананың күрт тарылыуымен, артынан күңгірттенуімен, автоматизацияланған әлеуметтік қауіпті сипаттағы жүріс-тұрыс мақсатсыздығымен көрінетін максимальды анық эмоциональды реакция. Патологиялық аффект бірнеше минуттан 1-2 сағатқа созылады, артынан аффективті жүріс-тұрыс кезеңінің толық амнезиялануымен терең ұйқыға ауысады. Осылайша, патологиялық аффект деп психикалық қызметтің жедел қысқа уақыттық бұзылуларының эмоциогенді дамуын айтамыз, осы уақытта адам өзінің істеріне жетекшілік ете алмайды, өз істерінің қателігін түсінбейді, артынан – осы жағдайда жасаған заңға қайшы әрекеттеріне жауап бере алмайды /кісі өлтіруге дейін/. Бас-ми жарақатымен, эпилепсиямен,алкоголизммен, наркоманиямен зардап шегетін адамдар аффективті реакцияларға бейім болып келеді.
Дата добавления: 2015-10-20 | Просмотры: 1703 | Нарушение авторских прав
|