АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология
|
Жалпы психопатология 2 страница
Науқастың білім дәрежесі, еңбек жолын бастаған уақыты, жұмысқа көзқарасы, қызметкерлер арасындағы қарым – қатынасы, мамандығы бойынша өсуі – осының барлығы маңызды сұрақтар, ол туралы міндетті түрде анамнезде көрсетіліп, өмірдің әртүрлі кезеңдерінде аурудың әлеуметтік бейімділу дәрежесі туралы көрсетілуі тиіс. Сонымен қатар, науқастың басынан өткен аурулары мен олардың асқынулары, бас ми жарақаттары, өндірістік зияндылықтар, зиянды әдеттері (ішімдікке салыну, темекі шегу, дәрілік заттар қолдану) жөнінде мәлімет алу қажет. Анамнездің арнайы бір бөлімі жыныстық ерекшеліктерге, жыныстық және жанұялық өмірге арналады; жыныстық өмірдің басталуы, ерлі – зайыптылар арасындағы қарым – қатынасқа, түсініспеушілік себептері, жүктілік, босану, түсіктер, менопауза т.б.
Ауру анамнезінде аурудың пайда болуына себеп болған жағдайларды, аурудың алғашқы белгілерін, олардың өткірлік дәрежесін, динамикасын, өзін - өзі емдеуге тырысу жолында қолданылған өмір салтын өзгерту талпыныстарының, емдік шаралардың әсерін көрсету керек. Науқастың психиатрға көріне бастаған мезетін, емнің қорытындысын көрсету керек. Егер науқасқа бұған дейін стационарлық ем қолданылған болса, онда оның қандай емдік мекемеде, қанша уақыт, қандай препараттармен емделгенін, қандай жағдайда шығарылғанын нақтылау керек; сүйемелдеуші ем қабылдады ма, қандай препараттармен, қандай мөлшерде қабылдағанын анықтау қажет. Психикалық дертке байланысты өндірісте және жанұяда науқас статусы өзгерді ме, мүгедектік берілді ме, білу қажет. Психиатриялық стационарға қайталап түскен аурудың әрбір госпитализациясы туралы мәліметтер алу қажет.
Бақылау әдісі. Науқасты сұрай отырып дәрігер оның сұрақтарға реакциясына, жүріс-тұрысына, мимикасына көңіл аударады. Бұл тексерудің маңыздылығы ауруды сұрастыру қиындаған жағдайда, яғни ступор, сананың өзгерген жағдайында, естің дөрекі бұзылыстарында, негативизімде және диссимуляциялық жағдайларда артады. Сұраудың және бақылаудың нәтижесінде дәрігер аурудың психикалық жағдайын суреттеп көрсетеді.
Психикалық жағдай. Ауру тарихында психикалық жағдайды белгілі бір ретпен жазу керек. Суреттеу схема бойынша сұраққа жауап ретінде болмауы тиіс, ол науқастың және орын алған психикалық бұзылыстардың күрделі, жоспарлы сипаттамасы болуы тиіс. Психикалық статусқа дәрігердің жеке ойын көрсететін сөз тіркесін және терминдерді жазуға болмайды: мысалы, «Науқаста жабысқақ ойлар бар», «Науқастың галлюцинациясы бар” т.б., бұл құбылыстардың бәрі нақты суреттелуі тиіс.
Психикалық статуста науқаспен контакт бар-жоғы бекітіледі. Аурумен байланыс толық немесе формальды өтуі мүмкін: сұрады – айттым, сұрамады – айтпадым-деген тәрізді. Байланыс толық емес болуы мүмкін: науқас өзінің сандырақтық немесе өзге күйзелістеріне қатысты емес тақырыптарда ашық әңгімелесуі мүмкін. Ступор, негативизм, диссимуляция, науқастың дәрігерге деген сандырақтық көзқарасында, императивті галлюцинациялар кезінде контакт қиынға түседі немесе мүмкін болмайды.
Одан әрі статуста аурудың уақытқа, орынға, жеке басына байланысты бағдары белгіленеді. Ес пен интеллект бұзылыстарында аурудың қоршаған ортаны, уақытты бағадарлауы бұзылады, мысалы, науқас ауруханада екенін біледі, бірақ қай ауруханада екенін білмейді, жылды біледі, қандай ай, күн екенін білмейді. Науқастың сандырақ әсерінен бағдары бұзылуы мүмкін: өзін ауруханада емес түрмеде жатырмын деп, дәрігерді тергеуші деп, жазған ауру тарихын тергеу қағазы деп ойлайды. Кейбір ауруларда екі жақты бағдарлау болады: бұл кезде ауру өзін бір уақытта ауруханада да түрмеде де жатырмын, кейбір науқастарды емдейді, кейбіреулері тергеуде жатыр деп есептейді.
Бағдарлау бұзылуы сана бұзылыстарын анықтаудың критерияларының бірі болып табылады. Делирий уақыт пен кеңістікті бағдарлау бұзылысымен жүреді, аменциядан айырмашылығы бұл кезде өзіндік жеке тұлғасын бағдарлау бұзылысы болмайды.
Сонан соң қабылдау бұзылыстарын суреттейді: иллюзия, галлюцинация, психосенсорлық бұзылыстар т.б. Патологияның бұл түрі туралы мәліметтерді ауруды арнайы сұрау арқылы біледі: дауыстар естиді ме, олар қайдан естіледі, олар көп пе, оларды кімдер айтады және т.б. Бақылау әдісі арқылы галлюцинациялардың объективті белгілері анықталады (олардың мазмұнына байланысты мимика, поза, жүріс-тұрыс және т.б. өзгереді).
Осылайша нақты, түпкіліктітүрде ойлау сипатталады: оның темпін, ассоциациялық қызметін, логикалық үрдістің бұзылуы – жабысқақтықтар, аса бағалы идеялар, сандырақ. Ассоциациялық үрдістердің бұзылуы кезінде науқас сөзінің үлгісін немесе оның жазбасының үзіндісін мысалға алуға болады.
Одан әрі ес пен интеллектті зерттеу мәліметтері келтіріледі. Ес жөнінде мәлімет анамнез жинау кезінде аурудың сұрақтарға жауабынан білуге болады. Аурудың есі бұзылғанда анамнездік мәліметтерді науқас ретімен, толық жеткізе алмайды, соңғы уақыт кезеңінде болған, ағымдағы оқиғалар ұмытылады. Ауруға жеңіл еске сақталатын информацияны ұсынуға болады, оқыған кітабының, көрген кинофильмінің мазмұнын айтып беру сұралады. Аурудың білім қоры, оның қоғамда алатын орнына сәйкестігі анықталады. Науқастың ой түйіндеу, пікірлеу қабілетін анықтау үшін оған арифметикалық қызметті қажет ететін қарапайым есептеу операцияларын, сурет бойынша әңгімелеу, мақалдарды түсіндіріп беру т.б. ұсынылады.
Эмоциялар толық суреттеледі: көңіл-күй, реакциялар және т.б. эмоциялық көріністер. Науқас эмоциясының көлемі, тұрақтылығы, басым сипаты, ситуацияға және науқастың физикалық күйіне және жалпы психикалық мазмұнға сәйкестігі көрсетіледі. Осылайша, эйфория кезінде көңіл күй әдеттегідей көтеріңкі емес, адекватсыз түрде көтеріледі, мұндай жағдайлар өлім алдындағы кахексиялық ауруларда, өкпе-жүрек жетіспеушілігі ауруларында, трансмуральды миокард инфарктында, алкоголизмнің үшінші сатысында және т.б. жағдайларда кездеседі. Депрессивті немесе маниакальды жағдайларда, дисфория, апатия, үрей қорқыныш кезінде олардың белгілеріне көңіл аудару керек.
Еріктік-қозғалыстық бұзылыстар науқастың активті және пассивті назарына, әуестіктеріне, тілектеріне, аурудың әрекеті мен жүріс-тұрысына әсерін тигізеді. Тексеру кезіндегі науқастың мимикасын, пантомимикасын, сыртқы көрінісін және бөлімшедегі жүріс-тұрысын суреттеу қажет.
Психикалық статустың аяғында науқастың өз жағдайына сыни көзқарасын және болашағына болжамын атап өту керек.
Соматикалық жағдай. Соматикалық клиникадағы сияқты науқас толық тексеріледі. Психоз жағдайындағы ауруды қарау кезінде денесінде суицидальды әрекет іздері қалуы мүмкін. Осылардың барлығы толық тексеріліп, ауру тарихына тіркелуі керек. Эпилепсиямен науқастар ұстама кезінде жарақаттанып, сүйегі сынып, күйіп қалуы мүмкін, бұлардың бәрі қарау кезінде байқалады, тілде, ұрттың кілегей қабатында тіс іздері т.б. байқалады. Маниакальды-депрессивті психоз ұстамасын диагностикалауда симпатико-тоникалық соматовегетативті өзгерісті табу көмектеседі: салмақ жоғалту, іш қату, артериялық қан қысымының жоғарылауы, тамыр соғысы жиілеуі, дене қызуы жоғарылауы және т.б. Истериялық бұзылыстар соматикалық аурулардың көптеген белгілерін симуляциялайды: ауру сезімі, құсу, кекіру, метеоризм, дене қызуының көтерілуі және т.с.с.
Соматикалық өзгерістер басқа да психикалық аурулармен бірге жүреді: шизофрения, инволюциялық психоз, мерездік психоз, алкогольдік психоз. Осылайша, шизофрения кезінде жиі ауытқулар немесе физикалық даму артта қалу белгілері бақыланады. Гипертоксикалық вариантында ағза сусыздануы, капилярлардың жарылуы орын алады, дене температурасы 40-410 С дейін жетеді. Сандырақ күйіндегі науқастар тамақтанудан бас тартады немесе физиологиялық дефекация, зәр шығаруды тежейді. Бала көтере алатын жастағы әйелдерде психоз жағдайында менструация тоқтайды.
Психикалық аурулар кезінде гормональдық фон өзгерісі жиі кездесетін жайт. Сонымен қатар эндокринді, соматикалық, инфекциялық аурулар психопатологиялық симптоматика құбылысын тудыра алады, ол сипаты, жеделдігі, ағымы, ауырлығы бойынша соматикалық өзгерістерге сәйкес келеді, бұл зерттеу үрдісінде анықталуы тиіс. Ең манызды орынды трофикалық өзгерістер алады. Үдемелі салданумен, сенильді психоз, кататониялық ступормен науқастарда тері тургоры төмендейді, пигментті дақтар пайда бола бастайды, естің төмендеуі орын алады, шаштары жылдам түсе бастайды, физикалық зорығу бақыланады. Ал нейролюэсте тіндер эластикалылығы төмендеп, сүйектер сынғыштығы артып, ішкі мүшелер капсулаларының жарылулары болады.
Неврологиялық статус. Неврологиялық клиникадағы сияқты тексеріледі. Психикалық бұзылыстар бас миының күрделі бұзылыстарының нәтижесінде болатындықтан психикалық науқастарда пайда болған неврологиялық белгілер сирек кездесетін жағдай емес. Бұндай жағдай көбіне органикалық психоздарда кездеседі: жарақаттық, инфекциялық, қантамырлық, интоксикацияға, бас миы ісігіне байланысты.
Бас сүйегінің 12 жұп нервтері, сіңірлік периостальды және құрсақ рафлекстері, сезімталдық, координациялық сынамаларды орындау, вегетативті жүйке жүйесінің жағдайы тексеріледі.
Бас сүйек нервтері патологиялары арасында көздік симптом негізгі орын алады. Көбіне нейромерезге (ми мерезі, жұлын семуі, үдемелі сал) Арджил-Робертсон симптомы тән, бұл конвергенция және акомадация сақталуы кезінде көз қарашықтарының жарыққа реакциясының жоғалуымен көрініс береді. Арджил-Робертсон синдромы толық болғанда анизокория (қарашықтар әр түрлі көлемді), қарашықтар деформациясы бақыланады, пилокорпин мен атропин әсеріне реакция төмен болады.
Кәрілік ақыл кемдігінде қарашықтар тарылған, олардың реактивтілігі төмен; қорқыныш, депрессия, атропиндік психоз кезінде қарашықтар кеңейген күйде болады. Энцефалитке птоз (жоғарғы қабақтың түсуі), стробизм (қылилық), диплопия (көз алдында екілену), конвергенция парезі, сирек көз жыпылықтату тән.
Дөрекі органикалық психоздарда, инсульттен кейінгі жағдайларда, кейде гемианопсия және скотома (көру алаңының бір бөлігінің түсіп қалуы) кездеседі. Бас айналуына шағыммен жүретін вестибулярлы бұзылыстар әдетте психосенсорлы сипаттағы қабылдау бұзылыстарымен бірге жүреді.
Психиатриялық тәжірибеде сіңірлік рефлекстердің өзгерістері көп кездесетін құбылыс. Олар ОЖЖ-нің органикалық бұзылысында жоғарылайды, сонымен қатар функционалды патология, невроздар кезінде де жоғарылайды. Корсаков психозында, психопатологиялық диабетте, вибрациялық ауруларда полиневрит пайда болады және сіңірлік рефлекстер жойылады. Психикалық ауру дамуында Бабинский, Оппенгейм, Бехтеров, Россолимо және т.б. патологиялық рефлекстердің пайда болуы церебральды- органикалық өзгерістердің күшейгенін білдіреді. Осы патологиялық рефлекстер сопорозды және коматозды жағдайдағы науқастарда анықталады. Аз уақыт ішінде олар эпилепсиялық ұстама, электрошоктан кейін пайда болады.
Дөрекі органикалық психоздармен науқастарда психикалық маразм сатысында қармау, сору рефлекстері пайда болып, құрсақ ішілік жату позасы байқалады. Бұл симптоматика кататониялық ступор немесе естің сопорозды бұзылыстарында орын алады және қайтымды, жағдайдың жақсаруына қарай жоғалады.
Сезімталдылықтың бұзылуы – жүйке-жүйесінің органикалық патологиясы немесе истерия белгісі болып табылады. Истерияда жүйеленбеген түрде көрінеді, тітіркену немесе сезімталдықтың жоғалу зонасы иннервация заңдылықтарына сәйкес емес және өзін иландыру нәтижесі болып табылады. Осындай функционалды сипаттағы истериялық салдану, көру, есту, сөйлеу, жүру бұзылысы, гиперкинездік бұзылыстар анық көрінеді. Барлық психикалық ауруларда вегетативті және вазомоторлы бұзылыстар қатар жүреді және олардың инициальды, жедел кезеңдерінде айқын көрініс береді. Вегетативті ауытқулардың симпатикотоникалық бағытталуы маниакальды–депрессивті психоз ұстамасының бастапқы кезеңінде, алкогольды делирийде, кардиогенді, операциядан кейінгі, атропиндік психоздарда орын алады, парасимпатикотоникалық – тұмауға байланысты психоздарда, шығу тегі әрқилы аменцияда бақыланады. Үрдіске гипоталамустық құрылымдар қосылған кездегі невроздар, эндокринопатиялар, мидың органикалық аурулары вегетативті пароксизмдермен бірге жүруі мүмкін, ол симпатикотоникалық және парасимпатикотоникалық бағытта өтеді.
Экстрапирамидті гипо - және гиперкинетикалық бұзылыстар (пароксизм, қалтырау, тарсионды спазм, гиперкинездер) психофармокологиялық терапияның жанама әсері ретінде көрініс береді.
Экспериментальды - психологиялық зерттеу
Экспериментальды-психологиялық, немесе патопсихологиялық зерттеулер психикалық патологияның сипаты мен мөлшерін негіздеу мақсатында қолданылады, сонымен қатар оның компенсациясына мүмкіндіктерді анықтау болып табылады. Психиатриядағы экспериментальды-психологиялық зерттеу клиникалық психопатологиялық зерттеулердің жалғасы болып табылады, яғни оның жауапты кезендерінде, диагностикада, дифференциалды диагностикада және клиникалық сұрақтарды шешуде, әлеуметтік еңбекті бастағандағы емнің нәтижелілігін бағалауда және реабилитациялық жоспарлауда, экспертизалар және мамандық сараптауда маңызы зор.
Психологиялық тесттер тұрғындарды жаппай тексергенде, соның ішінде психикалық ауруларға бейім контингенттерді анықтауда қолданылады. Артынан мұндай науқастар клиникалық психиатрда сауықтыру және аурудың алдын алу шараларын жүргізу үшін қаралып, тексеріледі. Тұрғындарды зерттеу кезінде басқа да сұрақтар шешіледі, мысалы, нақты ауданға қажет мамандандырылған көмектің мөлшері. Тестілеу алынған көрсеткіштерді математикалық өндеуге, бұл үшін заманауи техниканы қолдануға және бұл жұмыс бойынша ғылыми негізделген нұсқаулар беруге мүмкіндік береді.
Жеке адамның типологияық және негізгі индивидуальды ерекшелігін анықтауға көмектесетін психикалық қызметтің барлық сферасын зерттеу үшін көптеген тесттер құрылған. Патопсихологиялық лабораторияларда жасалатын ондай зерттеулер өте қиын және көп уақыт алады. Экспериментальды психологиялық зерттеудің салыстырмалы түрде қарапайым әдісін дәрігер-психиатрлардың басым бөлігі игерген, науқасты клиникалық зерттеуді тереңдете түсу мақсатында қолданады және бұл мәліметтерді психикалық статусты суреттеу кезінде ауру тарихына енгізеді. Қандай жағдай болса да науқастың жағдайы жөнінде шешуші сөз клиницист еншісінде, патологиялық тест қорытындысы кез-келген лабораториялық көрсеткіштер тәрізді тек қосымша көмек ретінде қолданылады. Қарапайым үрдістерді – назар, қажу, есте сақтауды зерттеу үшін бірнеше әдістер қолданады.
Корректуралық сынама. Типографиялық бланкте басылған, аз ғана текстті науқасқа беріп, 10, 5 не 3 минут ішінде белгілі ретпен текстегі К және Р әріптерін сызып тастауын сұраймыз. Науқастың қорытындысын текстке арналған арнайы жауаппен салыстырып аурудың нақтылығы мен әрекет жылдамдылығын есептейміз. Маниакальды жағдайдағы науқас жұмысты өте тез жасайды, бірақ көп қате жібереді, ал депрессиямен науқас өте баяу жасайды. Психикасы сау жас адам 10 минут ішінде 10-15 – ке дейін, мидың қантамырлық және органикалық патологиясы бар науқас 40 – 60 қате жібереді. Жұмыс қабілеті төмендегенде минуттарға шаққанда қателер бір қалыпты болады, ал шаршаған кезде қателердің саны зерттеудің соңында көбейеді.
Крепелин бойынша санау. Науқасқа типографиялық бланк береді, ол одан ұзын қатар жасап орналасқан сандарды көреді. Белгілі бір уақытта зерттелуші сандарды жіктеп, нәтижелерін жазып отыруы керек. Науқастың ісі бойынша оның жылдамдығын және жұмысының нақтылығын, жұмыс қабілетінің ауытқуын, қажу сатысын анықтайды.
Санау әдісі. Науқастан мысалы 100-ден немесе 200-ден 7, 17, 13 немесе басқа санды алуын сұрап қалдығын анықтатады.
Шульте таблицасынан санды іздеу. 5 таблицада шашылып орналасқан 1-ден 25-ке дейін сандарды дауыстап айтып көрсету керек. Қажудың жоғары деңгейінде бір таблицаға кететін уақыт аз болады. Церебральды атеросклерозбен ауыратындар тапсырманы жиі тоқтап, ал эпилепсиямен ауыратындар баяу темппен орындайды.
10 сөзді жаттау. Науқасқа бірнеше рет қайталап (5 ретке дейін) 10 сөзді жаттатамыз. 50-60 минуттан кейін науқастан дайындықсыз түрде жаңағы сөздерді қайталауын сұраймыз. Науқастың есінде қалған ақпарат бекітіледі: қызмет нәтижесі графикалық, еске сақтау қисық сызығы түрінде көрсетіледі. Қалыпты жағдайда ақпараттың есте сақталуы қайталаған сайын көбейеді, ал жоғары қажуда, естің бұзылуында ол біртіндеп азаяды немесе бір қалыпта қалуы мүмкін. Тұрақсыз назар әсерінен қисық сызық «зигзаг» тәрізді болады.
Келесі тест топтары ойлау мен интеллект мүмкіндіктерін зерттеуде қолданылады.
Әңгімені еске түсіру. Мәтінді түсіну мен есте сақтауды, ауызша және жазбаша сөйлеу ерекшеліктерін зерттеу керек. Алдын-ала терілген текст-мысалды, қысқа әңгімелерді науқасқа тыңдауын немесе өзі оқып шығуын өтінеді. Одан кейін ол текстінің мазмұнын ауызша не жазбаша түрде жеткізуі керек. Солай тексттің құрылымы мен күрделілігіне қарай тапсырманың қиындық дәрежесін өзгертуге болады.
Сюжетті суреттерді түсіндіру. Науқастан суретте не салынғандығын сұрайды. Зерттеу үшін әр түрлі сюжетті суреттерді пайдаланады. Зерттеу кезінде науқастың ой жинақылығы, негізгіні бөле білетіндігі, эмоционалды қызығушылық дәрежесі анықталады. Олигофрения кезінде суреттің сюжетін түсіну өте қиынға соғады, аурулар мимиканы нашар түсінеді, жалпы қимылды, адамдар арасындағы қатынастарды, суреттегілерді бағалай алмайды. Эпилепсиямен науқастар бөлшектерді, заттарды дұрыс бағалау үшін ұзақ жолмен түсіндіреді; шизофренияда суретті сандырақ оймен жеткізу жиі бақыланады. Ақыл кемдігімен науқастардың суретті түсінуі өте қиын.
Қиялдау қабілетін зерттеу үшін прожективті Роршах әдісі қолданылады. Науқасқа сиялы дағы бар қағазды көрсетіп, онда не салынғандығын сұрайды. Зерттелушінің жеке басының ерекшеліктерін мінездейтін ақ-қара және түсті суретті Роршах таблицасының стандартты жинағы бар.
Оқиғаның реттілігі. Айтылатын оқиғаны науқас ретімен суреттеуі керек. Бұл мақсатта сюжетті суреттер сериялары (3-6) балалар үшін, Бидструп карикатуралары сериясы («Үйде және жұмыста», «Жыл өтті», «Кім жұмыс жасады және кім шаршады», «Көру алданышы» т.б.) қолданылады.
Жіктеу. Адамдардың, жануарлардың және басқа заттардың бейнесі салынған 70 суретті науқасқа беріп, түрі бойынша жеке-жеке жіктеуді сұрайды. Психикалық сау адам киімді, жеміс-жидекті, аңдарды, үй жануарларын т.б бөлек жіктей алады. Келесі этапта топтарды азайтамыз. Қалыпты жағдайда 3 топ бар: тірі жандар, өсімдіктер, өлі жандар. Абстрактылау үрдісіне талап жоғарылағанда, әсіресе екінші этапта ақыл кемдігімен науқастардың жіктеу қабілеті күрт төмендейді. Эпилепсиямен науқастардың детализацияға бейімділігіне байланысты олар көп мөлшерде ұсақ топтар құрады. Орман құстары мен ұй құстары, кеселер мен басқа ыдыстар және т.с.с. ажыратады. Шизофрения кезінде науқас ойы қилы жоспарлы болып келеді, олар топтарды бөлгенде әр түрлі принципке негізделеді; мысалы, ол ыдыс-аяқты, адамдарды, транспортты бөледі, артынан көк және қара түсті заттарды, темір мен ағаш заттарды жіктейді.
Артық затты анықтау. 4 зат салынған суретті науқасқа көрсетеді. Қалған үшеуіне сәйкес келмейтін бір суретті алып тастауға өтініш жасалады, содан кейін қалған үш зат қандай топқа жататыны сұралады. Алаңдату мен абстракция қасиеттері зерттеледі.
Маңызды белгілер. Ірі шрифтпен басылған сөзге сәйкес ұсақ шрифтпен басылған 5 сөз ішінен 2 сөзді таңдауды сұрайды. Бұл 2 сөз заттың қасиетін көрсетуі керек.
Түсінікті анықтау. Бірнеше сөздерді айтып, оларды түсіндіріп беруді сұрайды.
Түсінікті салыстыру. Науқасқа бірнеше жұп сөздерді айтып түсіндіреді: жаңбыр және қар, жалған немесе қате т.б. Бұл сөздерді не байланыстыратынын және не ажырататынын айту керек.
Мақал-мәтелдер мен метафоралардың мағынасын ашу. Науқас өзіне берілген мақал-мәтелдердің және метафоралардың мағынасын айтып, осы мағынаға сәйкес қағазда жазылған фразаларды таңдауы керек.
Ассоциацияларды зерттеу үшін алпыс сөз (кез-келген, ойға түскен), бос ассоциациялар (зерттелуші сынақ жасаушының айтқандарына жауап ретінде кез-келген сөзді айтады), қарама-қайшылықтар (сөздер қатары беріледі, осы сөздерге қарсы мағыналы сөздерді таңдау керек) әдісі қолданылады. Бұл мақсатта пиктограмма да қолданылады: науқас ұсынылған сөздер мен мысылдарды есіне сақтау үшін кез-келген суреттемелер жасауы керек, бір сағаттан кейін жасалған суреттерге байланысты еске сақтауға берген мәліметтерді сұрайды.
Үшінші топқа науқастың іс-әрекетке эмоционалды көзқарасы және оның зерттеу нәтижесіне әсерін нақтырақ анықтауға мүмкіндік беретін әдістер жатады.
Бұл топқа мысалы, «Линк кубы» әдісі жатады. Сынақталушының құруы қажет куб 27 ағаш 3х3см көлемді кубиктерден тұрады. Кубиктердің әрбір бетін бояу үшін үш түс қолданылады: қызыл, жасыл, сары. Линк кубын құлатып, зерттелушіге қайта құрауға беріп, оның әр беті бір түсте болуын сұрайды. Жасау үрдісінде шизофрениямен науқастардың эмоциональды топастығы, психопатиямен науқастардың дертті күйзелістерге еніп кеткендігі, аса шыдамсыздық, қозғыштығы айқындалады.
Әрбір науқасқа жеке зерттеу методикасын таңдау, оның біліміне, жасына, аурудың психикалық жағдайына байланысты.
Дата добавления: 2015-10-20 | Просмотры: 1191 | Нарушение авторских прав
|