Сеченов И.М (1829-1905) Павлов И.П (1849-1936)
Отандық физиологияның мақтанышына айналған рефлекс туралы ілім нейрофизиология дамуында маңызды этап болып табылды. И.М.Сеченовтың рефлекс туралы данышпан ойлары И.П.Павлов еңбегі арқылы бас миының шартты рефлекстері туралы тұтастай эксперименталды негізделген ілімге айналды. И.П.Павловтың және оның шәкірттерінің көптеген зерттеулері шартты рефлекс механизмі жануарлар организмінің функциональды көріністерінің және олардың тәртібінің күрделі формаларының негізінде жататынын көрсетті. Маңыздысы олар шартты рефлекторлы модельдерді жануарларға жүргізілген тәжірибелерге сүйене отырып қолдану жолдарын көрсетіп ғана қоймай, адам қызметінің арнайы формасында - екінші сигналдық жүйе жөніндегі ережені ұсынды. 50-ші жылдары И.П.Павловтың еңбегі кеңес психиатриясында кең түрде таралып қолданылды. Шәкірттерінің еңбектерінде жалғасын тапқан И.П.Павловтың ілімі психиатрияда үлкен ғылыми- методикалық және практикалық әсерін тигізді. Психикалық аурулардың этиологиясы мен патогенезін методологиялық бағытта зерттеулер жоғары жетістіктер көрсетті.
И.П.Павлов ілімінің кейбір тұстары психикалық аурулардың терапиясында ерекше тәсілдің түзілуіне ықпал етті-жеңіл режим, қорғаушы терапия, әсіресе ауру дамуының ерте сатысында. В.А.Гиляровский, М.Н.Ливенцовтың ұсыныстарымен ұйқы терапиясы методикасы, соның ішінде әсіресе электроұйқы мәселелері шешіліп, кең түрде қолданыла бастады. И.П.Павловтың ілімі шетелдік психиатрияда бихевиоралдық концепцияның пайда болуына әкеп соқтырды. Бұл концепция бағытының өкілдері психопатологиялық белгілердің патогенезін түсіндіру үшін невроздарды және басқа да психикалық бұзылыстарды балалық шақта қалыптасып қалған патологиялық байланыстың нәтижесі ретінде (дұрыс оқытпау) қарастыра отырып, шартты рефлекстердің құрылу механизмдерін, және де психодинамикалық концепция принциптерін қолданды. Сонымен қатар, осындай патологиялық, шартты рефлекторлы байланыстарды үзуге бағытталған арнайы емдеу түрі-бихевиоральды терапия ұсынылды.
И.М.Сеченов пен И.П.Павловтың ашқан нервизм теориясы -соматикалық үрдістердің жүйкелік реттелуінің маңызын ашты, организм қызметін тұтастап түсінуге алып келді. И.П.Павловтың экспериментальды невроз тудыру тәсілі, мысалы, жануарларда стресс арқылы кардиоваскулярлы бұзылыс шақыру тәжірибесінде қолданылады.
Соматикалық аурулардың пайда болуындағы шартты рефлекторлы қызметтің рөлі К.М.Быков және оның қызметкерлерінің еңбектерінде тәжірибе арқылы зерттеліп, теория жүзінде іске асты. Ұзаққа созылған стресстің әсерінен организм қызметінің үйлесімділігі бұзылады.
Психиатрияда кең түрде таралған бағыт, әсіресе өткен ғасыр аяғында және осы ғасырдың алғашқы жартысында – психоморфология бағыты. Бұл бағыттың пайда болуын веналық дәрігер Ф.Галь френологиясымен байланыстырады. Ф.Галь адамдардың психикалық сапасы мен ерекшеліктерін қаңқа сүйегінің формасы мен құрылымына байланыстырды. Ол қаңқаның бүдірлері мен сайларына қарай отырып, адамның қасиеттері мен неге бейім екендігін анықтағысы келді. Ф.Галь френологиясы Ломброзоның буржуазиялық елдерде кең таралған қылмыскерлерлікке биологиялық бейімділік- туа біткен қылмыскер жөніндегі идеяның дамуына түрткі болды.
Психоморфологиялық бағыттың көрнекті өкілдеріне Т.Мейнерт және Клейст жатады. Т.Мейнерт психиатрияда нейроанатомия білімі арқылы психикалық аурулардың мәні мен симптомдарын түсінуге болады деп санады. Мұнда, негізгі мағынаны маңдай бөлігінің және олардың байланыстарының зақымдалуына жоғары көңіл бөлді. Клейст психикалық бұзылыстар синдромдарының классификациясын зақымданудың ОЖЖ-де орналасқан жеріне байланысты жасауды ұсынды. Ол ми бағанасы мен ми қыртысы зақымдануынан болатын симптомокомплекстерді ажыратты.
Психикалық аурулар кезіндегі нейроанатомиялық өзгерістерді зерттеу психиатрлардың және басқа да мамандардың психикалық аурулардың материалдық субстратын табуға ұмтылысын көрсетті. Бұл зерттеу аспектісіне әр елдің алдыңғы қатарлы психиатрлары көп көңіл бөлді. Мидың органикалық зақымдануы кезіндегі психикалық аурулардың патологоанатомиялық зерттеу нәтижесі, оның табиғаты мен болжамын анықтауға мүмкіндік берді. Науқастарда бақыланатын мидағы органикалық өзгерістер мен психикалық бұзылыстардың сипаты арасындағы қатынасқа баға беру өте күрделі мәселе болды. Бұл психоморфологиялық концепция мидың үлкен жарты шарларының интегративті, тұтас қызметінің қалыпты және патологиялық өзгерістерін анықтайтын негізгі принциптерді елемейді. Концепцияның кемшілігі шизофрения ауруларында психохирургияда (лейкотомия) емдеу практикасында айқын көрінді. Психохирургия кеңес өкіметінде тиым салынған. Мұнымен бірге, буржуазиялық елдердің кейбір мамандары бұл концепцияны мақұлдап, психикалық ауруларды емдеуде психохирургияны қолдану керектігін айтады.
Психиатрияда нозологиялық әдістің енуіне байланысты психикалық ауруларда зат алмасу процестерінің ерекшеліктеріне деген қызығушылық көбейді. Адамның психикалық жағдайына организмнің гуморальды ортасының әсері туралы ой Гиппократ тұсында да айтылған. Бірақ психиатрияның дамуы мен нозологиялық көзқарас психикалық аурулардың белгілерін түсіндіруде психикалық ауруларда болатын биологиялық процестердің ерекшеліктерін ғылыми тұрғыдан қарастыруға жол ашты. Яғни, С.С.Корсаков психикалық ауруларды мидағы болатын материалдық өзгерістермен байланыстырып, ауру патогенезін түсіндіруде И.М.Сеченовтың рефлекс идеясын пайдаланды.
Э.Крепелин ерте дамитын ақыл аздылықтың дамуында биологиялық процестердің бұзылысына көп көңіл бөлді. Бұл ауру кезіндегі зат алмасу бұзылыстарын зерттеуде А.Ющенко, В.П.Протопопов, Гьесинг (Норвегия) көп үлес қосты.
Соңғы уақытта табиғи ғылым саласындағы жоғарғы ғылыми жетістіктерге байланысты, әсіресе тұлғаның биологиялық профиліне қатысты, психикалық аурулардың табиғатын зерттеуде жаңа мүмкіндіктер пайда болды ол- психикалық аурулардың биохимиялық негізін зерттеу болып табылады. Бұл бағыт нейрогуморальды регуляторлар, нейропептидтер, аутоиммунды процестерді зерттеумен айналысады. Нейрогуморальды регуляторлардың алмасу ерекшеліктері және олардың мидың әртүрлі құрылымында таралу деңгейі аутоиммунды үрдістер бұзылысы дерттің үдемелілігіне тәуелді болып келетін науқастардағы психикалық өзгерістердің сипатына байланысты. Психикалық аурулардың табиғатын зерттеуде кеңес мамандарының еңбегі зор болды, олар психикалық аурулардың сипатын әр түрлі методикамен және нақты клиникалық қасиеттерін комплекстік әдіс қолдану арқылы шешті.
Кеңес психиатриясында психикалық және психосоматикалық түсініктер арақатынасының мәселесін шешуге ғылыми көзқарас материалистік бірлік принципі негізінде құрылды. Бұл психикалық қызметтің бүкіл ағзаның және оның жеке жүйелерінің физиологиялық процестеріне әсер ету мүмкіндігін анықтайды.
Психика құрылымының күрделілігі, оның нейрофизиологиялық субстратпен үздіксіз байланысы психосоматикалық өзара әсерлестік жөнінде түсінікті теориялық та және методологиялық тараптан да қиындатады. Әрбір адамда дерттің көрініс беру сипаты әр түрлі. Сонымен бірге бұл айырмашылықтар белгілі бір психикалық ауруға тән этиология мен патогенез шекарасында өтеді.
Психиатрияның дамуында профилактикалық бағытта, шекаралық жағдайлар мәселелерін шешуде съездер мен жиналыстарда көптеген сұрақтар шешілді: «Бөртпе сүзегі кезіндегі психикалық бұзылыстар» (В.А.Гиляровский), «Ашығу кезіндегі жүйкелік және психикалық бұзылыстар» (А.М.Гринштейн, Т.И.Юдин), «Рефлексология көзқарасымен тұлға жөніндегі ілім» (В.М.Бехтерев). Тұрғындарға ауруханадан тыс психоневрологиялық көмек көрсету жөніндегі ұсыныстар қабылданды. Психиатрияда тиімді ғылыми зерттеулер жүргізілетін мекемелер ашылды.
Ең көне ғылыми-зерттеу институттарының бірі В.М.Бехтеревтің психоневрологиялық институты болып табылады. Ол 1907 жылы Петербургте ғылыми-зерттеу мекемесі ретінде құрылса, кейіннен Бехтеревтің ұсынысымен алкоголизмді зерттеуде тәжірибелік институт базасында паторефлексологиялық институт болып құрылды. 1944 жылы ол В.М.Бехтерев атындағы психоневрологиялық ғылыми-зерттеу институты болып қайта құрылды. Институт психиатрия, неврология және медициналық психологияның маңызды мәселелерінің бірқатарын қарастырады: патогенезін, бас миының қан тамырлық зақымданулары, эпилепсия, невроз, алкоголизмнің клиникасы мен терапиясы және т.б.
1921 жылы Мәскеуде соттық сараптау институты ұйымдастырылды, кейінірек ол В.П.Сербский атындағы соттық психиатрияның Орталық институты болып аталды.
Кейін бұл институт теория мен практиканың жалпы мәселелерін зерттеумен айналысты және В.П. Сербский атындағы жалпы және соттық психиатрияның Бүкіл кеңестік ғылыми-зерттеу институты болып аталды.
Бұл ғылыми-зерттеу орталығы соттық психиатрияда психикалық аурулардың есі дұрыс еместік және қабілетсіздігі критерияларын зерттейді. Осындай науқастардың қоғамға зиянды әрекеттерінің алдын-алу бойынша зерттеулер жүргізіледі. 1921 жылы Киевте психиатриялық аурухана базасында ғылыми зерттеу институты жұмыс жасай бастады, ал 1926 жылы (Харьков психиатриялық ауруханасы базасында) - Украиналық клиникалық психиатрия және социалды гигиена институты ашылды. Бұл екі институт Украиналық психоневрологиялық академия болып қайта құрылды және мұнда жұмыс істеуге ірі мамандар – Т.И. Юдин, Л.И. Смирнов, И.Н. Филимонов, Л.С. Выготский, А.И. Ющенко, В.П. Протопопов, К.И. Платонов т.б. шақырылды.
1937 жылы академия Украина психоневрологиялық институты болып қайта құрылып, академия құрамындағы алғашқы жеке институттар оның бөлімшелері болып қалды. Институт қызметіндегі алғы бағыттар жүйке және психикалық аурулардың клиникалық ерекшеліктерін ескере отырып патофизиологиялық негіздерін зерттеді. 1965 жылы институт Харьков неврология және психиатрия институты болып қайта құрылды.
Грузияда 1925 жылы М.М. Асатиани ықпалымен психоневрологиялық институт ашылды. М. М. Асатиани өмірден озған соң институтқа оның есімі құрметті түрде берілді. Мұнда психиатрияның актуальді мәселелері шешіліп, республикадағы стационарлардың ғылыми және емдеу мәселелері шешілді. Институттың кең түрде жүргізген жұмыстарының бірі психикалық аурулардың биологиялық негізін клинико–экспериментальді– морфологиялық зерттеуі еді.
Психопрофилактика және гигиена институты мен П.Б. Ганнушкин атындағы клиникалық психоневрологиялық институты бірігіп, 1838 жылы Мәскеулік психиатриялық ғылыми-зерттеу институты болып қайта ашылды. Мұның құрамындағы көптеген клиникалар мен лабораториялар жалпы психопатологиялық және клиникалық психиатриядағы көптеген маңызды мәселелерді шешті. Ғылыми жұмыстарында эпилепсия, алкоголизм және психикалық аурулардың фармакотерапиясы бойынша зерттеулер көрнекті орын алады. Институт аурухана және ауруханадан тыс психиатриялық мекемелелер қызметінің ғылыми - практикалық басқарылуын дамытты.
1944 жылы КСРО МҒА психиатрия институты құрылды. Оның жетекшісі болып В.А. Гиляровский тағайындалды. Институт психиатрия тәжірбиесі мен теориясының түйінді мәселелерімен айналысты. 1982 жылы бұл институт іргесінде КСРО МҒА психикалық денсаулық ғылыми орталығы ашылды. Орталықтың негізгі мәселесі шизофрения болды. Психикалық денсаулық орталығы психиатрияның негізгі ғылыми мекемесі болып саналады.
Тарау
ПСИХИАТРИЯЛЫҚ КӨМЕКТІҢ ЖӘНЕ ПСИХИАТРИЯНЫ ОҚЫТУДЫҢ
ДАМУЫ
ҚЫСҚА ТАРИХИ МАҒЛҰМАТ
Жан ауруларына алғашқы түсініктер беру әдетте Гиппократ есімімен байланысты. Оның берген түсініктемелері қарапайым материалистік сипатта болды. Атақты ежелгі грек дәрігері былай деп санады, адам денесіндегі барлық аурулар, басты төрт сұйықтың: қанның, сілекейдің, қара және сары өттің тепе-теңдігінің ауытқуынан болады. Гипократ еңбектерінен жан ауруларының тұқым қуалап берілуі туралы мағлұматттарды табуға болады.
Адамның психикалық қызметінің нормасы және патологиясын анықтауға бақытталған әрекеттерді философтардың еңбектерінен де көруге болады.
Платон, адамның барлық психикалық қызметі адамның басында болады деп тұжырымдады. Аристотель «О памяти и воспоминаниях» кітабында мынадай жағдайларды баяндады: Адамдар жалған бейнелерді «шындық ретінде қабылдады», дертті қорқыныштар жағдайларын «патологиялық адамжегіштікке» санады. Келесі ғасырлар жан аурулары туралы ешқандай жаңалықтар әкелмеді. Тек 300 жылдан кейін рим азаматы Авл Корнелий Цельс психикалық аурулар жөнінде қысқаша, жүйелі ілім ашты. Цельс дәрігер де, философ та болған емес, ол тек өзінің өмір сүру кезеңінде барлық бағытта барынша толық энциклопедияны жасауымен белгілі болды. Медицина бөлімінде Цельс психикалық ауытқулар классификациясын жүргізді. Ақылдан адасу 3 түрге бөлінді: френит- психикалық жеңіл қозудан бастап күшті тітіркенгіштік жағдайына жететін жедел басталатын қызба; меланхолия – жай басталатын бірінші жағдаймен салыстырғанда ұзақ жүретін, қайғымен көрінетін және қара өттің жайылуына байланысты туындайтын жағдай; бұл жағдайда адамды ақыл ойы мен қабылдау сезімі алдайды.
Цельс бұл ауруларды емдеу жөнінде құстыратын дәрілер, аштық, ауруды ұрып соғуды, байлауда ұстауды ұсынды. Рим империясының күйреуі және феодализмнің дамуы кезінде ғылым мент философияның дамуы өте баяулап қалды, тіпті тоқтап қалды. Ғылымда дін мен сенімнің ықпалы ауқымды болды және психиатрия да оның ықпалынан тыс қалмады.
Егер орта ғасырлар психиатрияның салыстырмалы түрде дамуымен бейнеленсе, ал XIV ғасырдың аяғынан бастап, XVII ғасырдың басына дейін діннің күшіне енген қатыгездік кезеңі болды.
Ұлы географиялық ашылулар кезеңі басталғаннан кейін шіркеудің беделі бірден төмендеп кетті. Психиатриялық көмек алғашта психикалық ауруларды қоғамнан бөлектеумен ғана шектелді. XVIII ғасырда психикалық ауруларға арналған мемлекеттік пансионат құрылды. Пансионаттарды аурухана деп атауға болмайтын еді. Ол өте қатаң, тіпті түрме тәртібін сақтаған ерекше орын еді. Науқастар ешқандай ем қабылдаған жоқ, нашар тамақ берілді, лас және салқын жерде отырды, оның үстіне бақылаушылардан жүйелі түрде таяқ жеп отырды. Психиатрия ғылым ретінде дамығанымен, іс жүзінде жаны күйзелгендерге ешқандай көмек көрсетілген жоқ. Кейбір дәрігерлер мен оқымыстылардың психикалық ауруларға арналған пансионаттардағы патшалық құрған тәртіпті әшкерелегенімен ұлы француз көтерілісіне дейін іс жүзінде жағдай өзгерген жоқ.
Францияның бірінші үкіметінің нұсқауымен 1891 жылы психикалық аурулармен айналысатын комиссия құрылды. 1792 жылы комиссияның рекомендациясымен Бисетр ауруханасына (сол кезеңдегі Франциядағы аса ірі ерлерге арналған психиатриялық аурухана) бас дәрігер болып Филипп Пинель тағайындалды. Бисетрде Пинель жаны күйзелгендерге тұтқындар есебінде емес емдеу орнының пациенттері ретінде қарауға тырысты. Оның бұйрығымен әуелі Бисетрде, артынан Сальпетриерде (әйелдер психиатриялық ауруханасы) аурулардан шынжыр алынып тасталды. Пинель жаны ауыратындарды емдеудің тұтас методикасын жасап шығарды. Осы методикалар және басқа да медицинаның теориялық сұрақтары Пинельдің атақты «жан дерті жөніндегі трактат» деген кітабында жарық көрді.
Англияда жаны ауыратындардың жағдайында айтарлықтай өзгерістер XIX ғасырдың 40-50 жылдарында ғана болды. Аурулар жағдайының жақсаруының инициаторы Джон Конолли болды және кей тұстарда ол Пинельден де асып түсті. Пиннель бұғауды алып тастады, бірақ көнбіс көйлектерді (смирительные рубашки) қалдырды, ал Конолли оларды доғарды, ешқандай ығыстырмау принципін қойды.
Психиатрияны оқыту мәселесі медицинаның басқа пәндерімен салыстарғанда үлкен кідіріспен шешілді. Психиатрияның университеттерде міндетті пән ретінде оқытылуына қол жеткізуге бір ғасырға жуық уақыт кетті. Психиатрияны міндетті пән ретінде елемей келген бұл ұзақ жылдар сол кезде психиатрияны арнайы оқыту болмады дегенді білдірмейді.
Мыстандарды аулау және оларды отқа жағумен (олардың арасында жан дертімен ауыратындар көп болды) есте қалған орта ғасыр кезеңінде дәрігерлердің психиатриямен таныс болуға мүмкіндіктері болды. Ол кезде Салерн мектебі (Италия) атақты болды. Салерн мектебінде психиатрияны атақты Константин Африканский оқытты, ол «меланхолия туралы» трактаттың авторы. Бірақ, психиатрияны оқытудың арнайы жүйелі бастамасы деп XVIII ғасырдың соңын айтуға болады.
Психиатрияны арнайы және жүйелі оқытудың мұндай алғашқы тәжірибесі Солтүстік Бонифация госпиталінің директоры медицина академиясының профессоры флоренциялық Винченцо Киаруджи есімімен байланысты. Ол өзінің психикалық ауруларға арналған ауруханасында науқастарды физикалық ығыстыру тәсілін қолданбады, бұл сол уақыттағы прогрессивті қадам болатын. Ол психикалық аурулар туралы дәрістер оқыды және ол дәрігерлер мен кіші және орта медицина персоналдарын оқытуға үлкен көңіл бөлді.
Шамамен осы кезеңге ағылшын психиатры, Глазго профессоры Уильям Келленнің қызмет ету кезеңі сәйкес келді. Оның көптеген ізбасарлары болды. Ол психиатрия оқулығын жазып шығарды. Дәрігер-психиатрларды оқытудың аналогты мектептері Францияда ашылды. Сальпетриер психиатриялық ауруханасының қарамағындағы мектеп Еуропада ерекше танымал болды. Мектепті Ф.Пинель ашты. Ізінен онда оның шәкірті Ж.Эскираль жұмыс жасады. Оның дәрістер, науқастар демонстрациясы көп ұзамай Франциядан тыс жерлерге де кеңінен таралды және Сальпетриер ауруханасын психиатриялық ойлаудың Еуропалық орталығына айналдырды.
Психикалық сауаттылықтың таралуында XIX ғасырдың басында кезеңмен шыға бастаған арнайы ғылыми журналдар және оқулықтар мен нұсқаулардың маңызы зор болды. Олардың ішінен В. Гризингердің психиатриялық оқулығы ерекше аталып көрсетіледі. Психиатриялық тәжірибе кеңейіп, тәжірибелі мамандардың қажеттілігі өсті. Психиатриялық ауруханалардың жанындағы мектептер психиатрлардың қажетті мөлшерін дайындауға жағдайы болмады, сол кезде психиатрияны оқытудың ескі әдістері уақыт талабына сай емес деп танылып, оны өзгерту туралы мәселе өткір қойылды. Сол кезеңнен психиатрия басқа медицина салаларымен бірге университеттік қабырғаларда оқытыла бастады. Бұл жүйенің алғашқы инициаторларының бірі неміс психиатры Зольбриг 1861 ж. бастап Баварияда психиатрияның медицина курсының міндетті пәні ретінде оқытылуына қол жеткізді. Осылайша психиатрия жоғарғы оқу орнында басқа пәндермен қатар орын алды. Осындай жолмен психиатрия жүз жыл ішінде жеке психиатрлар оқытатын пән дәрежесінен медициналық оқу орнындағы міндетті пән деңгейіне дейін көтерілді.
Психиатрияның дамуында Мюнхен клиникасының қосқан үлесі ерекше. Мюнхен клиникасын 1903 ж. Э.Крепелин ашты. Көрнекті клиницисттің арқасында клиника Эскироль заманындағы Сальпетриердегідей үлкен атаққа ие болды. Мюнхен клиникасында білім жетілдіру курсы ашылды, оған түсу кез келген дәрігер-психиатр үшін үлкен абырой болып есптелді. Бұл дипломы бар және клиникалық тәжірибесі бар мамандарға білім берудің аса жоғарғы деңгейі болды. Бұл курстар қазіргі кездегі дәрігер квалификациясын жетілдіру институты сияқты еді.
Рессейдегі психиатриялық көмек дамуының ерте кезеңі батыс елдерінен айрықша болды. Психикалық аурулар ереже бойынша монастырьларда ұсталынды. Рессейде Батыс Европадағыдай қудалау болған жоқ. Сондықтан психиатрия тарихының көрнекті зерттеушісі Ю.В.Каннабах Рессейде меланхоликтер, шизофрениктер және параноиктер қудаланбағанын, мыстанға теңеліп отқа жағылмағанын жазды. XVIII ғасырдың басында Рессейдің бірқатар қалаларында психиатриялық ірі ауруханалар салына бастады. Ондай ауруханалардың бірі Мәскеулік Преображенск әйелдер психиатриялық ауруханасы болды (1809). Бұл ауруханалар тек психиатрия зерттеу орталығы ғана емес, сонымен бірге болашақ психиатрларға теория мен тәжірбиені оқыту мектебі болды.
Психиатрияны жеке университеттерде оқыту өткен жүзжылдықтың 30-40 жылдарында басталды.
Мәскеу университетінде психиатрия курсын профессор Х.Г.Бунге оқытты, Петербург медико-хирургиялық академиясында профессор П.А.Бутковский оқытты. П.А.Бутковский «Жан аурулары» деген бірінші орыс оқулығының авторы болды. Дегенмен, психиатрия медицина білімінде міндетті пән болған жоқ.
Земство реформасынан кейін психиатриялық көмектің дамуының жаңа мүмкіндіктері пайда болды. Земстволар ескі психиатриялық ауруханаларды жөнге келтірді және жаңаларын салды. Психиатриялық ауруханалар қаладан тыс салынды және жер көлемі үлкен болды. Земство психиатрлары П.И.Якоби, В.И.Яковенко, П.П.Кащенко т.б. психиатриялық көмектің дамуына көп үлес қосты.
С.С.Корсаков психикалық ауруларды тәрбиелеуде және оларға рухани жақындауды тәжірбиеге енгізуде үлкен роль атқарды. Психиатриялық ауруханалар жетіспеді. Сонымен қатар, психиатриялық койкалар ретсіз бөлінді. Ресейдің Европалық бөлігінің ірі қалалары психиатриялық койкалармен жақсы жабдықталды, ал орта Азия, Сібір, Закавказье аудандарында психиатриялық стационарлар іс жүзінде болған жоқ.
Психиатрияны міндетті сабақ ретінде оқыту Ресейде 1867ж басталды. Петербургтегі әскери-медициналық академияда психикалық ауруларға арналған клиника ашылды. Оны орыстың тұңғыш психиатрия профессоры И.М. Балинский басқарды. Ол клиника қабырғасында емдеу жұмыстарымен қатар, кең көлемде оқытушылық қызмет атқарды. 1871ж. И.М.Балинскийдің орнына клиниканы 1893ж. дейін басқарған И.Г.Мержевский келді. Осы уақыт аралығында И.Г. Мержевский 50-ге жуық дәрігер-психиатр дайындады
Олардың 11-і профессор-оқытушы дәрежесіне көтерілді. И.Г.Мержевскийдің басшылығымен жиырма алты диссертация және 150 ғылыми еңбек жазылды. Бұл орыс психиатриясының жаңа ғана дамып келе жатқан кезі болатын. И.Г.Мержевскийдің клиникасы сол кезде орыс ғылымының және тәжірбиесінің негізгі қайнар көзі болатын. М.Г.Мержевский өлімінен кейін кафедраны В.М.Бехтерев басқарды. Ол неврология мен психиатрияның дамуына және өзінің объективті психология жасау туралы идеясының іске асуында ғылыми тұрғыдан да ұйымдастыру тарапынан да көп еңбек сіңірді. Обьективті психология кейін рефлексология деген атақ алды. Оның орнын өзінің шәкірті В.Л.Осипов басты. Ол клиникалық психиатрияны құруға үлкен үлес қосты.
XIX ғасырдың аяғы отандық психиатрияның қарқынды дамуымен ерекшеленді. Қазан университетінде психиатрияны оқыту 1866 жылы ақ басталған болатын. 1885 жылы В.М.Бехтерев психиатрия профессоры болып тағайындалды.
Мәскеу университетінің медицина факультетінің жеке патология және терапия курсынан, психиатрия мен невропатология бөлініп шықты, және оларды оқыту профессор А.Я.Кожевниковке тапсырылды. Ол соңынан Мәскеулік неврология мектебінің негізін салушы даңқына ие болды. Бірақ психиатрияны оқытудың қиындықтары да болды. Университетте психиатриялық клиника болған жоқ, сондықтан да психикалық ауруларды клиникалық демонстрациялау сирек болатын. Психиатриялық клиника ашылды. Психиатрия кафедрасын және клиникасын басқару С.С.Корсаковқа тапсырылды.
Корсаков С.С. атындағы Мәскеулік психиатриялық клиника
С.С.Корсаков психикалық ауруларға деген гуманисттік көзқарастың белсенді күрескері еді. Ол басқарған психиатриялық клиника емдеу практикасының үлгісі болды. Өзінің сөздерінде және мақалаларында ол мемлекеттік психиатриялық көмек системасын құрудың науқастарға қажеттілігін дәлелдеді.
С.С.Корсаков басқарған клиника қабырғасында көптеген шәкірттері жұмыс жасады. Психиатрияның әртүрлі бағыттары солардың есімдеріне байланысты. С.С.Корсаковтың қазасынан кейін кафедраны және клиниканы ең жақын шәкірттерінің бірі- В.П.Сербский басқарды.
Ол сот психиатриясының міндеттерін, психикалық науқастарды сот -психиатриялық бағалау критерияларын, қоғамға қауіпті әрекет жасаған психикалық ауруларға жүргізілетін медициналық шараларды анықтады.
С.С.Корсаков психиатрияға психологиялық зерттеулерді енгізудің негізін салды. С.С.Корсаковтың жақын қызметкері А.А.Токарскийдің еңбегімен кафедрада экспериментальды-психологиялық лаборатория ашылды. Кейін бұл лабораторияны А.Н. Бернштейн басқарды. Оның 1907/1908 және 1908/1909 жылдары оқыған дәрістерінде шизофрениямен ауырған науқастарға психологиялық мінездеме беруге аса мән берілді, және олардың эмоциональдық және интеллектуалдық қасиеттері туралы баса айтылды. А.Н.Бернштейн анықтаған аурудың ерекшеліктерін, Э.Блейлер аурудың негізгі белгілері деп және сол белгілердің арқасында ауру «шизофрения» деген атау алды.
С.С.Корсаковтың психиатриялық клиникасында жасалған ғылыми еңбектерде әртүрлі психикалық ауруларға жүргізілген клинико-психопатологиялық, патоморфологиялық зерттеулер және тағы басқа зерттеулердің нәтижелері көрініс тапты. Осындай зерттеулердің бірін С.С. Корсаковтың басшылығымен С.А. Суханов орындады.
С.С. Корсаков тамаша лектор және шебер педагог болатын. Ол тыңдаушыларына психикалық ауруларды клиникалық зерттеулердің ерекшеліктерін, аурудың психопатологиялық суреттемесінің күрделілігін ашып көрсете білді. Ол сонымен қатар психиатрияны оқытудың программасын кеңейтуге, оны жалпы медицина мақсаттарына жақындатуға көп еңбек сіңірді. С.С. Корсаков пен оның шәкірттері земство психиатрлары еңбектерінің арқасында тиімді психиатриялық көмектің ғылыми-методикалық ережелері жасалды. Бірақ, осы барлық алдыңғы қатарлы идеялардың патшалық Ресейде іске асырылуы мүмкін болмады. Ұлы Қазан төңкерісіне дейін Ресейде 1000 адамға 0,3 психиатриялық койка және 320 адамға 1 психиатрдан келді. Қазан төңкерісінен кейін психиатриялық көмек көрсету қызметінде түбірлі өзгерістер болды.
Психиатриялық көмек территориялық қызмет көрсету принципі бойынша құрыла бастады. Белгілі бір ауданға психиатр бөлінді. Ол психикалық ауруларға емдеу, ауруханаға жолдау, әлеуметтік жәрдем көрсету секілді көмек түрлерін қамтамасыз етті.
1918 жылы бала психологиясы бөлімі ашылды. Ол балаларға психиатриялық көмек көрсетуді дамытудың бастамасы болды. 1923 жылы арнайы шешім бойынша психоневрологиялық диспансерлер құрылды. Бұл тұрғын халыққа тікелей психиатриялық көмек беруге мүмкіндік берді. Одақтас республикаларда психиатриялық көмек көрсету жаңадан құрылды. Медициналық жоғарғы оқу орындарының желісі жасалды. Жергілікті мамандардың жоқтығынан кафедра меңгерушілігіне Мәскеу мен Ленинградтан профессор-психиатрлар жіберілді. Орыс психиатриясының алдыңғы қатарлы дәстүрлерін дамыта отырып, олар ұлт кадрларын даярлауға үлкен үлес қосты. Жедел психиатриялық көмек көрсету қызметі құрылды, сонымен қатар, ауруханадан тыс психиатриялық көмек системасына түнгі кезекшілік енгізілді. Мәскеуде Н.В. Склифосовский атындағы институтта жедел психиатриялық көмек бөлімшесі құрылды. Кейін жедел психиатриялық көмек арнайы аурухана арқылы қамтамасыз етілді.
Гиляровский В.А. ұсынысы бойынша 1930-1933 ж. психикалық ауруларға көмектің жаңа түрі – күндізгі стационарлар құрылды. Күндізгі стационарлар күндізгі психоневрологиялық диспансерлер мен психикалық ауруханаларда болды. Онда аурулар күндіз болып, түнде үйлеріне қайтады. Күндізгі стационарлар көптеген психикалық ауруларды ауруханаларға жолдамастан емдеуге мүкіндік туғызды.
Ұлы Отан соғысы кезінде психикалық қызметке көптеген зиян келді. Фашистер басып алған жерлерінде көптеген ауруханалардағы психикалық ауруларды жойып жіберді. Психикалық көмекті ұйымдастыру үшін және күрделі жөндеу тәжірибелерін қалпына келтірді.
Медициналық институттар санының өсуі психиатрларды дайындауға мүмкіндік берді. Арнаулы психиатриялық көмек, аурухана ішілік және ауруханадан тыс көмек көрсетуден тұрады.
ПСИХИАТРИЯЛЫҚ КӨМЕК
Стационарлық көмек психикалық ауруларды емдеуде маңызды роль атқарды. Әр елде 1000 тұрғынға есептегенде психикалық орын 0,2 ден 6-ға дейін болады. Дамушы елдерде оның саны аз. Қазіргі уақытта психикалық ауруларды, олардың жанұяларынан және қоғамнан бөлмей емдеуге қатысты жалпы тенденцияға байланысты психиатриялық койкалар саны қысқарды. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымы (ДДҰ) эксперттерінің айтуы бойынша 1000 тұрғыны бар елге 1-1,5 орын болуы тиіс. Біздің елімізде 1975 ж. 312,6 мың адамға 1,2 орын болды. Сонымен қатар қалаларда 2-ден жоғары, ауылдық жерде 1 және одан кем болды. Біздің елде психиатриялық койкалар саны салыстырмалы түрде көп емес.
Соңғы кезде созылмалы алкоголизммен ауыратын науқастарды емдейтін ауруханалар ашылып жатыр. Осындай профилизацияланған ауруханаларда науқастарға емдік және реабилитациялық жұмыс жүргізу тиімдірек.
Жаңа психиатриялық ауруханалар құрылысында оның архитектуралық көркемделуіне, бөлімше және бөлмелерді жоспарлауға көп мән берілді. Палаталар ең аз науқас санына есептелген. Сонымен қатар қосымша бөлмелер, науқастарға арналған тынығатын бөлмелер, спорт залдары, мәдени-терапиялық бөлмелер және тағысын-тағы бар. Медперсоналдар бөлмелері науқастарды әр уақытта тіркеп тұруға ыңғайлы.
Отандық психиатрияның негізін қалаушылар тұрғындарға психиатриялық көмектің қолжетімді болу керектігін үнемі көрсеткен. Ауруханадан тыс психиатриялық көмектің бір формасы - жанұялық психиатриялық патронаж.
Ресейде ең алғаш рет осы форма туралы 1887 ж.орыс психиатрларының бірінші съездінде айтылған. Бұл көмек формасы – кеңес үкіметі кезіндегі психиатрияның ең маңызды жетістігі болып табылады.
Жанұялық патронаж кезінде науқасты жанұясында қалдырады немесе медициналық көрсеткіштерге сүйеніп, оларға медициналық көмек немесе ақшалай көмек көрсеткен. Патронаж көбінесе ремиссия күйіндегі және күтімді қажет ететін созылмалы науқастарға тағайындалған. Патронаж психиатриялық көмекті тұрғындарға жақындатты және жазылып келе жатқан науқастардың дәрігер бақылауында болып, өз жұмысымен айналысуына немес өзге жұмыс іздестіруіне мүмкіндік берді.
Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында психиатриялық патронаж ауылдық жағдайда ауруханадан тыс жүйе ретінде маңызды роль атқарды. Соңғы кезде ауруханадн тыс көмек түрінің дамуына байланысты психиатриялық патронаж өз маңызын жоғалтты.
Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында психиатриялық көмекті децентрализациялау және оны тұрғындарға жақындату психоневрологиялық диспансер ұйымы ретінде жүзеге асты. Бұрынғы Кеңес Одағындағы диспансерлік психиатриялық көмек психиатриялық көмек жүйесі бойынша алдыңғы қатарда болып отыр. Диспансерлік психиатриялық көмек арқасында психиатриялық ауруханаларда стационарлы науқастар саны азайды.
Диспансерлер науқастарға емдік және социальды көмек көрсетеді. Ауылдық жерлерде ауруханаларда психиатриялық кабинеттер жүйесі және орталық аудандық ауруханаларда психоневрологиялық бөлімшелер бар. Осындай кабинеттерде немесе бөлімшелерде жалпы учаскелік дәрігер және орта медперсонал психиатр кеңесі арқылы бекітілген учаскелеріндегі аурулармен күнделікті емдік және профилактикалық жұмыс жүргізеді.
Орталық аудандық аурухананың диспансерлік бөлімінің құрамында психиатриялық, неврологиялық, балалар, психоневрологиялық, наркологиялық кабинеттер бар. Психоневрологиялық диспансер бөлімшесінің қызметкерлері осы контингент науқастарын, әсіресе алғаш дерттің белгісі бақыланған науқастарды анықтауға байланысты қомақты жұмыс өткізді. Бұл қызметте негізгі көмекті ауылдық учаскелік дәрігерлер, фельдшерлер, акушерлер, ауыл тұрғындарын жақсы білетін адамдар көрсетеді.
Соңғы 10 жылда науқасты қоғамдық ортадан аластатпай емдеу түрі дамып, етек алып келеді.
Ауруханадан тыс психиатриялық көмек жалпы емханамен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Психоневрологиялық диспансер мен жалпы емхана арасындағы интеграция бұрыннан қалыптасқан, яғни, осы диспансерлерде қызмет ететін дәрігерлер мен жалпы емхана қызметкерлері бір аймақта және бір әкімшіліктік ауданда тұратын науқастарды еммен қамтамасыз етеді. Бұл диспансерлік және емханалық жұмыстарды жеңілдетеді, яғни олармен уақтылы кеңес беру, тұрақты бақылау жасау, барлық ауруларға уақытында психиатриялық көмек көрсету, аурулардың уақтылы дәрігерге көрінуі тәрізді жағдайлар жасалуда. Осы қиындықтарды жеңу үшін емханаларда психотерапия бөлмелерін ашу туралы шешім қабылданды.
Психотерапевт бөлмесін жалпы емхана құрамына қосу үшін ауруларға психиатриялық және жалпы дәрігерлік көмекті бірдей көрсету қажет.
1975 ж. жалпы психиатриялық көмек жүйесінен бөлек қызмет болып наркологиялық көмек шықты. Наркологиялық көмек арнайы жабдықталған аурухана және алкоголизммен науқастарды емдеуге арналған наркологиялық диспансер түрінде болады. Наркологиялық диспансерлер алкоголизммен, наркоманиямен, токсикоманиямен зардап шегетін науқастарды ерте анықтау және осы аурулардың алдын алу, емдеу, есепке тіркеу, осы ауруларға қажет әлеуметтік көмек көрсетуді іске асырады. Кейбір мекемелерде наркологиялық кабинеттер және фельдшерлік наркологиялық пункттер бар.
ІІ тармақ
ПСИХОГИГИЕНА ЖӘНЕ ПСИХОПРОФИЛАКТИКА
4 тарау Психогигиена, мазмұны мен міндеті
Психогигиена – халықтың психикалық денсаулығын сақтау және нығайту шараларын іске асыратын, сонымен бірге адамның оптимальды психикалық қызмет ету жағдайларын зерттейтін медицинаның бір саласы.
Психогигиена адамның психикалық саулығына сыртқы ортаның әсер етуін зерттеумен айналысады. Табиғаттағы, қоғамдағы, сонымен бірге өндірістегі, тұрмыстағы психикалық сфераға қолайсыз, зиянды факторларды анықтайды және оларды аластату жолдарын ұйымдастырады. Өңдірісте ғылыми негізде жасалған гигиеналық және психогигиеналық нормативтердің сақталу қажеттілігін занды түрде қамтамасыз етеді, жаңа өзгерістерді жетілдіруге,адамзат сәттілігі үшін ғылыми-техникалық революцияның жетістіктерін толық қолдануға бағыттайды. Психикалық бұзылыстар, психикалық дискомфорт, адам денінің саулығы түсінігіне қарама-қайшы.
Психогигиена адамның психикалық саулығына сыртқы ортаның тигізетін әсерін зерттейді. Психогигиена өзінің методологиялық жағынан әлеуметтік гигиенаға жақын. Егер әлеуметтік гигиена әлеуметтік ортаның адам организміне тигізетін әсерін зерттеп, және организмге тигізетін зиянды факторлардың алдын алумен айналысса, психогигиена тек адамның психикасына байланысты бөлігімен айналысады. Сонымен психогигиенаның негізгі мақсаты психикалық патологияның пайда болуында тұқым қуалау, биологиялық факторлардың мәнін ескере отырып, әлеуметтік ортаның адамның психикалық саулығына әсерін зерттейді және психикалық аурулардың алдын алу шараларын қарастырады.
Психогигиена ғылым және іс-шаралар кешені ретінде жеткілікті білім жинағына және өзіндік зерттеу әдістеріне әлі де кедей. Психогигиена тарихи қалыптасуы бойынша психиатрияның бір бөлігі ретінде дамыды. Психогигиена арқылы психиатрия мен әлеуметтік гигиена арасында байланыс жүзеге аса бастады. Психогигиена тұрғысында әлеуметтік гигиена әдістерін меңгеру, психиатр клиницист-психиатрларға профилактиканы негізгі бағыт ретінде ұстанып, психопатологияның әлеуметтік және биологиялық аспектілерін толық және дұрыс бағалауға көмектеседі.
Психогигиенаның профилактикаға бағдары, шекаралық психикалық патологияға, әлеуметтік–психологиялық дезадаптирлеуші және психикалық сфераны компенсирлеуші факторларға жоғары назар аудару, психикалық сау тұрғындар арасында ғылыми және тәжірибелік жұмыстарды кеңейту, адамның оптимальды психикалық қызмет ету жағдайын зерттеу, соңғы кезде психогигиенаны медициналық психологияның бір бөлігі ретінде бағалауға мүмкіндік берді.
Психология - адамның қалыптағы психикалық қызметін зерттейтін ғылым. Медициналық психология - медицинаның психологиялық аспектін зерттейтін және патологиялық жағдайларда психикалық зерттеуді ұйымдастыратын ғылыми бағыт.
Жоғарыда көсетілген мақсатқа сәйкес денсаулық ұйымының алдында тұрған нақты міндеттерді ажыратуға болады, олар сау психика мен гормониялы тұлға үшін күрес. Бұл міндеттер психогигиена қызметінің бағытын анықтайды және осы кезеңге сәйкес теория мен тәжірибені қолданады, оның бөлімдері: еңбек психогигиенасы, жасқа байланысты психогигиена, тәрбие және білім беру психогигиенасы, жанұя мен жыныстық өмір психогигиенасы, науқас адам психогигиенасы, зиянды әдеттер және алкоголизммен күрес.
Спорт, әскери, инженерлік, космостық психогигиена аумағында және т.б. жұмыстар жүргізілуде:
Психогигиена жетістіктерін тәжирибеге асыру құралдары:
1) Мемлекеттік және қоғамдық мекемелерге адамның әртүрлі әлеуметтік қызметін қамтамасыз ететін ғылыми негізделген нормативтер мен кепілдемелер жасау;
2) Халықтың нақты контингентін үйрету, психогиеналық біліммен алмасу, дағдылар үйрету (медицина қызметкерлеріне, педагогтарға, ата – аналарға).
3) Кең көлемді тұрғындар арасында психогигиеналық санитарлық- ағарту жұмыстарын жүргізу.
4) Қоғамдық ұйымдарды қамти отырып, кең көлемде психогигиеналық білімді үгіттеу.
Психогигиена пәнінің мәселесі мен мазмұны арасындағы көзқараста бірлік жоқ. Батыс елдерінде оның шекарасын кеңейту тенденциясы бар, психогигиенаны жалпы мемлекеттік қызмет деңгейіне көтеру, бүкіл қоғамдық іс деп қарау, ал денсаулық сақтау саласында тек психопрофилакттиканы есепке алу. Екінші жағынан, психогигиена компетенциясы күрт тарылады және емдеу әдісімен, соның ішінде психотерапиямен теңеседі. Психотерапияның негізін салушылардың бірі З.Фрейд болып табылады. Психоанализді жақтаушылар науқас капиталистік қоғамды жеке және топтық психотерапияны кең қолдана отырып “емдеу” мүмкін деп санайды. Кей жағдайда психогигиена және медициналық психогигиена, психогигиена және әлеуметтік психогигиена түсініктері біріктіріледі.
Шетел медицинасында психогигиенаның шығу тегіне көзқарастардың әртүрлі болуы идеялық алауыздықты бейнелейді. Психиканы материалдық негізінен бөле отырып, психикалық үрдістерді идеяның, жан дүниенің өзіндік дамуының нәтижесі ретінде қарап, идеалисттер медицинадан, психиатриядағы нозологиялық принциптен бас тартты, олар психология мен психопатология арасында айқын айырмашылық жоқ деген ой айтты.
Олардың айтуы бойынша психикалық бұзылыстар стресс нәтижесінде дамиды, адамның конфликтке жауап беру формасы. Олардың пікірінше мемлекеттік құрылым мен капиталистік жүйелер ақаулары конфликтті жағдайлар туындатып, психикалық ауру дамытпайды, ал техникалық прогресс адам өміріне қауіп төндіреді. Осылайша шынайы себеп-салдарлық қатынастар бұлыңғырланады, патологияның көзі болып адамның өзі, оның туа біткен әлсіздіктері, цивилизациялық ортаға қарсы тұру мүмкінсіздігі болып табылады.
Шетел психогигиенасы назарында әлеуметтік зиянды факторларды анықтау және оларды зерттеу емес, адам тұлғасы, оның дұрыс түзілуі, оның коррекциясы және терапиясы болды. Бұл жағдайда тұлға идеалистік, яғни қоғамдық қатынастарды тасымалдаушы емес, тұлғаның әлеуметтік табиғатынан бөлек сипатта қарастырылады, олар жеке бастың әлеуметтік және биологиялық бірлігін теріске шығарады.
Жалпы психогигиенаның буржуазиялық идеологиясына мыналар тән:
- Жүйкелік-психикалық аурулар себептерінің топтық сипатын антиурбанизм, антииндустриализм, антитехницизм тәрізді ұсақ буржуазиялық концепциялармен бүркемелеуге тырысу;
- Тұлға проблемасына жоғары қызығушылық таныту, әлеуметтік ортамен арадағы конфликтке кінә арту;
- буржуазия және оның әкімшілігіне ыңғайлы нәтиже алуға бағытталған тұлғаны тәрбиелеу және қалыптастыру программасын құру;
- адам тұлғасына әсер ету формаларын жсауда дінге сүйену.
Бүкіл әлемде психогигиена мәселесіне оң қызығушылықты мойындамауға болмайды. Психогигена медицинаның, педагогиканың, өндіріске, әлеуметтік қызметке қажет болып табылатын ажырамас бөлігі болып танылды. Көптеген елдерде қоғамдық мекемелермен қатар денсаулық сақтау органдарында психогигиенаның мемлекеттік бөлімдер қызмет етеді.
1949 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында /ДДҰ/ психогигиена бөлімі құрылды, онда 38 елден 100 кеңесші – мамандар біріктірілді.
Жыл сайын өткізілетін 7 сәуір денсаулық сақтау күні 1959 жылы «Заманауи әлемдегі психикалық аурулар мен психикалық саулық» тақырыбында өткізілді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау күніне арналған материалдарда психикалық аурулар “денсаулық сақтау үшін ең үлкен мәселе” болып көрсетілген. 1960 жыл психикалық денсаулық жылы деп жарияланды және адамның саулығы үшін күрес ұранымен өтті. Соңғы жылдары психогигиена мәселелерін шешу үшін бүкіл әлемде көптеген конгресстер, съездер, симпозиумдар өткізілді. Психогигиеналық қызметтің халықаралық программасы жасалды. Қазіргі кезде психогигиенаның мынадай міндеттері бар: нәсілшілдік пен панасыздықты, дамушы елдердегі кедейліктің тамырын жою.
Біздің елімізде психогигиена дамуына қолайлы жағдай Ұлы Октябрь Социалистік Революциясын жеңумен байланысты болды. Мемлекеттік құрылым, әлеуметтік өңдірістік қатынас, адам қабілеті дамуының шектелмеуі үшін еңбекшілердің материалды сәттілігін, мәдениетті жоғарылатуға негіз салды.
1920 – 1930 жылдары психодиспансерлер ашылып, кең көлемде көмек көрсетілді. Өндіріс орындарында психогигиеналық кабинеттер пайда болды. Жалпы мәдениеттің өсуі, санитарлық-ағарту жұмыстарының дамуы, тұрғындардың медициналық білімді игеруі және психикалық аурулар жөніндегі тұрғындардың хабардарлығы психоневрологиялық диспансерлерге тек ауыр жағдайларда ғана емес, сонымен бірге шекаралық жүйкелік- психикалық бұзылыстармен көмекке келу жағдайларын жоғарылатты. Шекаралық психикалық патологияны кең зерттеу, балалар психотерапиясының дамуы, еңбек, сот психиатриясының, әскери сараптар және науқастардың реабилитациясы, әлеуметтік факторлар мен психоздардың биологиялық негізін зерттеу психикалық бұзылыстардың алдын алуға ықпал етті.
Психогигиена мен психопрофилактиканың дамуы үшін ғылыми платформа психиатрия, психоневрология, психопрофилактика және гигиена ғылыми-зерттеу институттарында, сонымен бірге жоғарғы оқу орындарында психиатрия кафедраларының және психология мәселелерін және еңбек эстетикасын зерттейтін арнайы лабораториялардың ғылыми жұмыстарымен қаланады. Бұл зерттеулер тұрғындарды емдеудің мемлекеттік программасының бөлігі және психикалық ауруларды қайтаруға бастама болып табылады. Олар диалектикалық материализм теориясымен негізделген ортақ методологиялық позициямен орындалады.
Біздің елімізде қол жеткізілген психогигиеналық білім дәрежесі жүйкелік- психикалық аурулармен тиімді күресуге мүмкіндік береді. Еліміздің психогигиенасының ғылыми негізі И.М. Сеченов, И.П.Павлов, Н.Е.Введенский, А.А.Ухтомский, П.К.Анохиннің физиологиялық ілімі, теориялық негізі - диалектикалық және тарихи материализм жағдайлары болып табылады.
ЕҢБЕК ПСИХОГИГИЕНАСЫ
Еңбек адамның жалпы және психикалық денсаулығын сақтап, нығайтудың негізгі факторы болып табылады. Адамның жұмысынан айырылуы, оның психикалық жағдайының нашарлауына және соматикалық сырқаттың жиілеуіне алып келетіндігі көптеген зерттеулермен анықталды. Бұл сұрақ 1970 жылы қолданбалы психология бойынша 17 халықаралық конгрессте жұмыссыздық мәселесін талқылауға байланысты көтерілді.
Еңбек арқылы психикалық денсаулықты нығайтып, сау адамның қабілетін көтеріп қана қоймай, сонымен қатар психикалық ауруларды емдеуге болады. Еңбек терапиясы психиатрия тәжірибесінде кең қолданылады. Басқа емдік әсерлер сияқты еңбек терапиясы қатаң түрде мөлшерленеді, оның мөлшері аурудың психикалық жағдайына тәуелді.
Еңбек жеке тұлғаның ерекшеліктерімен сәйкес келгенде ғана қуаныш әкеледі. Белгілі бір қабілеттің болмауы кейбір жұмыстарды орындауды қиындатады. Басқаша айтсақ, музыкалық қабілеті жоқ адам композитор бола алмайды. Еңбектің кейбір түрі үшін жеткілікті физикалық күш немесе тұлғаның күш-жігерлі болуы, психикалық жауаптың жылдамдығы және т.б. қажет болады. Мұндай сәйкестікті, тұрғындар контингентінің кәсіби бағдарын қарастыра келе кәсіби таңдау жүргізу, және де арнайы медициналық және психологиялық зерттеулер қамтамасыз ете алады. Егер адамның қабілеті кәсіби еңбекпен идеалды сәйкес келген жағдайда да шектен тыс ұзақ және қарқынды еңбек патологияның көзі болып табылуы мүмкін. Егер еңбек күші қалыптыдан жоғарыласа, өндірістік күштеме күннің, аптаның, айдың, кварталдың және жылдың ұзақтығына дұрыс бөлінбесе осы аталған жағдай дамиды. Мұндай еңбек жағдайы зорығу мен невротизацияға алып келеді. Шудың адам денсаулығына теріс әсер ететіні белгілі. Бұл жағдайда дыбыс күшімен қатар оның жиілігі де маңызды. 20 минут жиілігі 400 гц шу жағдайында бір күн бойы жұмыс жасайтын адамдар зейінін бір ойға шоғырландыра алмайды.
Еңбек үрдісінде адам организміне уақыт жеткіліксіздігі де жайсыз әсер етеді. Сынақта математикалық есепті жеткіліксіз уақыт аралығында шығару ұсынылды. Бұл кезде артериалдық қысымның ұзақ уақытқа көтерілуі міндетті реакция болды. Уақыт жетіспеушілік жағдайы болмаған кезде сынақтағылардың күрделі есептерді шешуі кезінде артериалды қан қысымының жоғароылауы қысқа мерзімді болды және айқын байқалмады. Адамның еңбекке қабілетін күшейтіп және қажуға кедергі болатын фактор жұмыстың орындалуына оң эмоциональды көзқарас, жұмыс нәтижесіне қанағаттану сезімі болып табылады. Бұл жағдай моральды және материальды сүйемелдеумен, жұмыс орны мен еңбек эстетикасын сақтау, коллективте жайлы психологиялық жағдай жасау арқылы жүзеге асырылады. Адамның нақты мамандыққа бейімділігінің маңызы үлкен. Эмоциональды ақау дамыған әлеуметтік дезадаптацияланған шизофрениямен науқастарды реабилитациялау мәселелері бойынша зерттеулер қатары ол науқастарды еңбекке баулу және коллективке қосу тек жұмысқа қызығушылық болғанда ғана дамитынын көрсетті. Сонымен бірге ұжыммен жұмыс жасағанда басқа адамдармен қарым қатынасы және жұмысқа қабілеті жақсарады.
Дата добавления: 2015-10-20 | Просмотры: 2702 | Нарушение авторских прав
|