Психопрофилактика
Психопрофилактика туралы түсінік және оның түрлері
Психопрофилактика – бұл психикалық аурулардың және олардың нәтижесінде болатын асқынулардан сақтандырумен (ескертумен) айналысатын психиатрияның бір бөлігі.
Аурулардан сақтандыруға бағытталған жалпы профилактиканың бір бөлігі ретінде психопрофилактика нақты психикалық бұзылыстарға негізделген. Жалпы профилактикалық көптеген мәселелерді шешу Психопрофилактикаға қосқан үлес болып табылады. Мысалы: сифилистің бастапқы формаларын толық тауып, оған ерте ем қолданғану біздің елде прогрессивті паралич және ми сифилисі сияқты психикалық аурулардың жойылуына себеп болды; көптеген инфекциялық аурулардың алдын алуға байланысты сәйкес инфекциялық психоздар да жойылды. Психопрофилактикалық жұмыс организм үшін қиын жағдайларда мысалы, соматикалық және инфекциялық аурулардың дамыған сатысында солардың әсерінен болатын психикалық бұзылыстардан сақтандыруға көзделген.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімі бойынша психопрофилактика біріншілік, екіншілік және үшіншілік болып бөлінеді. Біріншілік психопрофилактикада психикасы дұрыс адамдарды психикалық аурулардан сақтандыру жұмысы жүргізіледі. Екіншілік психопрофилактика басталған психикалық ауруды ерте анықтап, оның асқынған түрлерін болдырмау үшін және оның созылмалы және қайталамалы түріне ауыспауына қарсы жұмыс, ауруды бастапқы сатысында тоқтату жұмысын жүргізеді. Үшіншілік психопрофилактика психикалық науқастың мүгедектігіне жол бермеуге бағытталған жұмыстар болып табылады.
Біріншілік психопрофилактика өте жоғары сапада қызмет жүргізілуін қамтамасыз етеді және тек медицина қызметкерлері ғана емес, сонымен қатар басқа да мемлекеттік және жалпы ұйымдық мамандардың қатысуымен жүргізіледі. Екіншілік және үшіншілік психопрофилактика қызметі ауру басталып, зақым келгеннен кейін жүргізілетін болғандықтан оның жұмысының нәтижесі біріншілік психопрофилактикамен салыстырғанда толымсыз болады. Сәйкес жағдайларда психопрофилактика мазмұны диагностикалық, емдік, консультативтік, педагогикалық және басқада арнайы мамандардың – психиатрлардың, психологтардың, дефектологтардың, социологтардың жұмысы болып табылады. Тиімділігі аурудың түріне, көріністеріне, ұзақтығына, өткірлігіне, даму қарқынына, қалдырған ақаудың ауырлығына, организмнің компенсаторлық мүмкіндіктеріне, науқасты жүргізу ерекшелігіне, оған жүргізілген емге және де басқа аурумен қатар жүретін жағдайларға байланысты болады. Күнделікті практикада қай уақытта дертті жағдайды емдеу, қай жерде мүгедектікке алып келетін салдардың алдын алу жүргізілуі арасына шекара қою қиынға соғады. Жедел ағымындағы емнің сапасы әдетте, болашақта болуы мүмкін асқынулардың жиілігі мен сипатын анықтайды.
Психикалық бұзылыстарға ұшырау қаупі жоғары тұрғындар тобы
Біріншілік психопрофилактика шараларын жоспарлау және жүргізу кезінде сау тұрғындардың арасынан психикалық бұзылыстарға байланысты жоғары қаупі бар контингенттерді бөліп алу керек. Бұл жұмысты жүргізу үшін психикалық бұзылыстардың пайда болу себебін, аурудың даму механизмін түсініп, психопатологиялық сиптомдардың қалыптасуын білу керек. Отандық психиатрия психикалық бұзылыстардың шығу тегінде шешуші мәнді адам өмір сүретін және қызмет ететін, адамның жеке басына, оның организміне оң немесе теріс әсер ететін қоршаған орта әсеріне береді. Сондықтан психопрофилактикалық қызмет психикалық сфераға және ОЖЖ – не әсер ететін зияндылықтармен күресу болып табылады.
Негізгі назарда өндірістік жағдайда болатын зияндылықтар тұр. Физикалық, химиялық, биологиялық және психологиялық сипаттағы шектен тыс жүктемемен жұмыс істейтін адамның, осындай кәсіби жұмысқа қатысы жоқ адамға қарағанда дертке шалдығу қаупі өте жоғары болады. Осы жағдайда психикалық бұзылыстардың пайда болу қаупі жоғары контингентке жайсыз жағдайларда адамның психикалық сферасына зиянын тигізетін өндірісте қызмет ететін адамдарды жатқызуға болады.
Соматикалық қолайсыз жағдайлар ми қызметіне теріс әсер көрсетеді, оны әлсіретіп, бүкіл организм фукцияларын біріктіріп және координациялайтын қызметін бұзады. Церебральды жетіспеушіліктің белгілері болып, жалпы соматикалық немесе инфекциялық аурулардың симптомы болатын психикалық феномендер болып табылады. Сонымен қатар, соматикалық ауырлық жағдайларында психикалық аурулардың – эндогенді, психогенді және басқа аурулардың дамуы жеңілдейді. Ауыр түрдегі соматикалық дертке шалдыққандар психикалық бұзылыстар пайда болу қаупі жоғары топқа жатады.
Психика дамуы кезеңінде жетілмеген және нәзік болып психикалық процестер саналады. Психикалық қызметке қажет материалдық субстраттың дамуы ми дамуы және оның әрі қарай ұрықта дифференцацияланумен байланысты ана құрсағында жатқанда басталады. Ана организмінің ішкі ортасының кез-келген бұзылысы ұрыққа қауіпті болып саналады, ол аномалияның пайда болуына немесе оның есейгенде пайда болуына соқтыруы мүмкін. Босану механизмнінің өзі нәресте өміріне қауіпті, босану кезінде нәресте миы асфиксияға ұшырауы және жарақат алуы мүмкін, ал бұл нәрестенің алдағы психикалық дамуына әсер етеді. Психопрофилактиканың ең маңызды құрамы жасөспірімдер мен балалардың физиологиялық және психикалық дамуын жүйелі түрде бақылау, бала мен ананың қажеттіліктерін максималді қамтамасыз ету болып табылады.
Психикалық бұзылыстар пайда болу қауіпі жоғарғы контингенке үлкен жастағы адамдарды да қосуға болады. Психопрофилактика жүйесін құрастырған кезде көрініс берген айқын психикалық патологияны қарттыққа тән деп айтуға болмайды.
Алкоголизация тұрғындар арасында жүйкелік – психикалық аурулар кездесуін жоғарылатады. Алкоголизм спецификалық алкогольді психоздарға әкеліп соқтырады, басқа аурулардың психопатологиялық симптоматикасын туындатады және ауырлатады, тұлға деградациясына ұшыратады, социальды адаптацияны бұзады. Ата-ана алкоголизациясы физикалық және психикалық толымсыз балалардың дүниеге келуіне әкеліп соғады. Осылайша маскүнемдік жүйкелік-психикалық аурулардың қаупін жоғарылатады, сондықтан психопрофилактиканың бірден-бір міндеті болып маскүнемдікпен және зиянды әдеттермен күрес болып табылады.
Психикалық дертке шалдығу қаупінің мүмкіндігі шизофрения, маниакальды-депрессивті психоз және басқа да тұқым қуалайтын аурулармен тұқым қуалау ауырлығы бар адамдарда жоғары. Тұрмыс пен еңбекті сауықтырумен қатар, эндогенді ауруларға алып келетін экзогенді факторларды жою, медико-генетикалық консультацияларды кеңейту, адамдардың тұрмыс құру және нәрестелі болу мәселелеріне дұрыс көзқарасты бекіту қажет.
Жоғарыда айтылған психикалық бұзылыстар пайда болу қаупі жоғары топтарды біле отырып, бізге психопрофилактиканың бірінші кезектегі міндеттерін қарастыру керек.
Өндіріс жағдайларындағы қауіп факторлары және психопрофилактика
Өндірісте психипрофилактика міндеті психикалық патология, оның ішінде кәсіби патологияны болдырмауға бағытталған жұмыстар жүргізу болып табылады. Кәсіби аурулар өндірістің зиянды әсерінен дамиды. Зиянды өндірістік факторлар туралы айтқан кезде өндірістік ортаның немесе еңбек процестерінің адам организміне зиянды әсер тигізуі туралы айтылады.
Кәсіби аурулар спецификалық және спецификалық емес болып бөлінеді. Абсолютті спецификалық аурулар тұрмыста кездеспейтін, тек өндірістік жағдайда дамитын аурулар болып табылады. Айқын психопатологиялық симптомдармен сипатталатын абсолютті спецификалық кәсіби аурулардың арасында вибрациялық ауру мен мырышпен созылмалы улануды атап өтуге болады. Салыстырмалы спецификалық аурулар деп жиі өндірісте кездесетін, бірақ кей жағдайда тұрмыстық жағдайда диагностикаланатын ауруларды айтамыз. Психикалық бұзылыстармен сипатталатын салыстырмалы спецификалық кәсіби ауруларға сәуле ауруын, қорғасынмен, сынаппен, мышьякпен, пестицидтермен және басқада заттармен улануды жатқызуға болады.
Спецификалық емес ауруларға, мысалы, невроздар, жүйкелік-психикалық бұзылыстармен сипатталатын гипертониялық ауру және басқа да, мысалы, конвейрде жұмыс істейтін, қалалық транспортта қызмет істейтін, жолаушылар тасымалдайтын электропоездарда машинист болып істейтін, яғни эмоциялық жүктеме көп түсетін орындарда жұмыс істейтін адамдарда кездесетін ауруларды айтады. Мұндай нозологиялық формалар кәсіби факторлардан тыс жерлерде де кездеседі. Кәсіби ауру деп атау үшін, олар белгілі бір өндіріс жағдайында, нақты өндірістің зиянды әсерлерінен дамыған болуы керек.
Кәсіби аурулармен ауыратын азаматтарға заң жүзінде арнайы көңіл бөлініп, жеңілдіктер көрсетіледі.
Қолайсыз өндірістік жағдайлардың әсерінен асқынулар немесе алғашқы рет кәсіби емес ауралар пайда болуы мүмкін. Өндірістік зияндылықтан туатын биохимиялық, тамырлық, вегетативтік және басқа да патологиялық өзгерістер (вибрациялық ауру, улану және басқа да тізімде аталған кәсіби аурулар кезінде) атеросклероз, жүрек ишемиялық ауруы, миакард инфарктысының ерте дамуына ықпал етеді, бұл жағдайда олар кәсіби ауруларға теңестіріледі. Шығу тегі кәсіби қызметке байланыссыз айқын немесе жасырын патология организмнің кәсіби зияндылықтарға сезімталдығын жоғарылатып, оны жайсыз өндірістік ортаға төзімсіз етеді. Осылайша, кәсіби патологияны ауырлататын, оның ағымын және нәтижесін нашарлататын, психоорганикалық синдром және ақыл кемістігі сияқты психикалық бұзылыстардың пайда болуын жеңілдететін аурудың бірі –алкоголизм. Сонымен қатар, бұрын ми шайқалуы сияқты жарақат алған дені сау адамдарда, жүргізуші мамандығын ерте алған жағдайда бірнеше айдан кейін (2-3 айдан кейін) оптика-вестибулярлы бұзылыстар пайда болады, бұл бұзылыстар осы қызметті тастағаннан кейін жойылып кетеді. Осындай өзгерістер эндокриндік бұзылыстармен, эмоциональды қозғыш адамдарда да кездеседі. Осы тәріздес мәліметтер жүргізуші мамандығын алуға қарсы көрсеткіштер қатарына анамнезінде бас-ми жарақатының немесе эмоциялық тұрақсыз эндокрино-вегетативтік патологияның болуы болып табылады.
Кәсіби зияндылықтар физикалық, химиялық және биологиялық болуы мүмкін. Қазіргі замандағы күрделі өндірісте жағымсыз өндірістік факторлардың біріктірілген әсерлері кездеседі. Айтар болсақ, химиялық заттармен жоғарғы температура жағдайында жұмыс істеу тек организм қызуының көтерілуімен ғана қаупі емес, сонымен қатар кейбір қосылыстар улылығының жоғарлауы да қауіпті болып келеді. Осылайша, организм қызуы көтерілген кездегі гипервентиляция удың организге көп енуіне себеп болады. Интоксикация ауыр физикалық жұмыс жасау үстінде (гипервентиляция, қан айналымың жылдамдауы) күшейеді, мысалы, биік таудағы жұмыс. Осындай жағдайда ауадағы улағыш газдың кішкене мөлшері болсын (мысалы машинадан шыққан газ) сана шатасуымен, психимоторлы қозу немесе кома сияқты улану жағдайын шақыруы мүмкін, кейде өліммен аяқталып, немесе деменцияға әкеліп соқтырады.
Осылайша психопрофилактикалық жұмыстарды жоспарлау үшін, оларды ұйымдастыру және іс жүзіне асыру үшін патология туралы, оның себептерін және оларды болдырмас үшін жасалатын шаралар жөнінде жетік білім керек. Өндірісте психопрофилактика, кәсіби аурулардың жалпы профилактикасы негізінде дамиды, ол үш бағытта болады
1. Заңды шаралар
2. Санитарлық – техникалық жұмыстар
3. Кәсіби зияндылықтарға организмнің тұрақтылығын жоғарылату үшін жүргізілетін жұмыстар.
Заңды іс- шаралармен әр түрлі кәсіби зияндылықтарда қызмет етушілерге арналған жұмыс күнінің, жұмыс аптасының ұзақтығының нормалары регламенттеледі, жеңілдіктерге, жұмыс қабілеті жартылай немесе толық жойылған жағдайда компенсацияға кепілдік беріледі, зейнетақы тағайындау тәртібі анықталады, жасөспірімдер мен әйелдер үшін жұмыс нормасы мен жағдайларын анықталады.
Заңның орындалуы мен нормаларын бақылау санитарлық қадағалаумен іске асырылады, ол дұрыс ұйымдастырылса алдын-алу шаралары сипатына ие болады.
Оның мәні келесі санитарлық - техникалық шаралардан тұрады: пайдалануға тапсырылатын өндірістік обьектілерді, машиналарды, механизмдерді жаңа жабдықтардың санитарлық жағдайын бақылау; технологиялық процестерді және химиялық заттарды қауіпсіз түрлеріне алмастыру; шығарылған өніммен контактта болмау және дистанциондық басқаруды ұйымдастыру, шаңсыздандыруға бағытталған жұмыстар жүргізу; жабдықтарды герметизациялау; жоғары эффективті вентиляция жасау; жұмысшылардың индивидуальді қорғаныш заттарын дұрыс, жүйелі түрде пайдалану, оның тәртібін сақтауды бақылау; оларды инструктаждау және гигиенаны үйрету; токсикалық заттардың ауадағы МДК-сының жоғарлауын болдырмайтын жағдайларды бақылау және т.б.
Жалпы профилактикалық жұмыстардың үшінші бағыты сауықтыру болып табылады, ол міндетті түрде алдын-алу және кезеңдік медициналық тексерулерден, емдік-профилактикалық қоректендіру, витаминизация, өндірістік гимнастика, шаң мен газды орындарда жұмыс істейтін адамдарға ингаляция, массаж, физио және сумен емдеуден тұрады. Өндіріс жағдайындағы барлық жедел уланулар ерекше тіркеуге алынып, СЭС тексеруінен 24 сағат ішінде өтуі керек, созылмалы уланулар СЭС тексеруінен хабар алынған күннен бастап 7 күн ішінде өтуі керек.
Тексеру нәтижелері арқылы алдағы санитарлық – техникалық және емдік шаралардың мазмұны анықталады.
Арнайы жұмыстар біріншілік, екіншілік, үшіншілік психопрофилактикамен байланысты болуы мүмкін. Сау адамдардағы жүйкелік - психикалық бұзылыстарды ескертуге бағытталған жұмыстар комплесін мысалға келтіреміз (біріншілік психопрофилактика):
1. Цехтарда және белгілі бір өндірісте, оның бөлімдеріндегі жұмыс сипатын және жұмыс жағдайын оқу.
2. Өндірісте жұмыс істейтіндер арасындағы жалпы аурушаңдық ішінен жүйкелік-психикалық ауруларды зерттеу.
3. Медико-санитарлық бөлімдегі психоневролог консультациясы, жұмысшыларды кезеңмен тексеру және диспансеризация жүргізу, осы мәліметтерді талдау.
4. Жүйкелік-психикалық бұзылыстарға байланысты жоғарғы қауіптегі контингентті динамикалық бақылау, тіркеу, айқындау: егде жастағы адамдарды, жасөспірімдерді, жоғарғы және орта білім беру оқу орнында оқып жүріп жұмыс жасайтындарды, жиі және ұзақ ауыратындарды, созылмалы кәсіби аурулармен ауыратындарды және т.б.
5. 1-4 іс-шаралардың мәліметтерін анализдеу негізінде психопрофилактикалық жұмыстың жоспарын құру және оны медико-санитарлық бөлімнің жалпы комплексті жоспарына енгізу.
6. Жұмысқа тұратындарды алдын-ала тексеру және психикалық денсаулығына байланысты кәсіби түрде таңдап алу.
7. Заңды нормативтерді және техникалық қауіпсіздік және индивидуальды қорғаныш ережелерін сақтауды қатаң бақылау.
8. Профилактикалық ем жүргізу – спецификалық, нақты кәсіптік зияндылықтарға бағытталған және қоршаған ортаның зиянды әсеріне ОЖЖ-нің және организмнің қарсылық әсерінің жоғарлауын қамтамасыз ететін спецификалық емес ем.
9. Зиянды әдеттермен және алкоголизммен күресу.
10. Арнайы топтарды керекті дағдыларға үйрететін психогигиена бойынша жұмыс жүргізу (қажу мен невроздың және т.б. профилактикасы); арнайы дайындалған бағдарлама бойынша жұмыстар, өндірістік-техникалық оқыту жүйесіне енгізілуі мүмкін.
11. Кең психогигиеналық үгіттеу, ағарту жұмыстарын жүргізу.
Осы мақсатта жергілікті және радиотрансляциялық тораб бойынша үзіліс кезінде мәліметтер беру, стационарлық және көшпелі қабырға газеттерін әдемі көркемдеу, санитарлық бюллетень шығару, жұмыс жасайтындар мен оқитындарға психогигиеналық актуальды тақырыптарға нұсқаулар беру, денсаулыққа арналған тақырыптық кештер өткізіледі.
Екіншілік психопрофилактика мақсаты басталған жүйкелік-психикалық бұзылыстардың ауырлауы мен рецидивтерін болдырмау үшін, сонымен қатар оның асқынуларын ескерту болғандықтан, оның негізі ерте этиологиялық диагностика жүргізу болып табылады. Бұл ең алдымен дерттің кәсіби факторлармен байланысты немесе байланыссыз екенін анықтайды. Бұл үшін диагностика кезінде анамнез мәліметтері талқыланып, жиналады, лабораториялық көрсеткіштермен бірге клиникалық зерттеудің нәтижелері салыстырылады (соматикалық, неврологиялық, психологиялық).
Анамнезінде аурудың жұмысқа тұрмастан бұрынғы аралықтағы денсаулық жағдайына көңіл бөлінеді, алғашқы медициналық зерттеу нәтижелері ескеріледі. Қазіргі кездегі патологияның сол кезде байқалмауы кәсіби ауру диагностикасының критерияларының бірі болып табылады. Аурудың кәсіби зияндылықтармен байланысы анықталады, оның сандық бағасы беріледі (ұзақтығы, үздіксіздігі, әсер интенсивтілігі) зиянды факторлардың сапалық сипаты анықталады, осы мәліметтердің патологиялық өзгерістердің динамикасымен, айқындығымен және динамикасымен арасындағы байланыс салыстырылады. Арасында байланыстың болуы кәсіби аурулардың пайда болу жиілігін жоғарылатады. Осылайша, сынап, марганец фосфорорганикалық қосылыстармен уланғанда және басқа да кәсіби патология түрлері кезінде астенизациямен, интелектуальды-мнестикалық төмендеу, ой жұмысы кезіндегі жоғары шаршағыштық, тұлға құлдырауымен көрініс беретін энцефалопатия дамуы мүмкін. Сол бөлімде жұмыс жасайтын адамдардағы патологияның ұқсастығын және өндіріспен байланысы жоқ ауру белгілерінің пайда болуын анықтау маңызды болып табылады.
Жағдайды анализдеу кезінде психопатологиялық жауаптың сипаты (экзогенді және эндогенді түрдегі реакция), оның соматикалық, неврологиялық өзгерістерге және лабораториялық зерттеу көрсеткіштеріне байланыстылығы ескеріледі. Психопатологиялық жауап берудің экзогенді түрінде және сәйкес анамнестикалық мәліметтер болғанда, организмде улы заттардың немесе зат алмасу, эндокринді және басқа да бұзылыстар зияндылықтары әсерінен дамыған соматопсихикалық параллельдің болуы - жүйке - психикалық өзгерістермен кәсіби ауру диагнозын айқындай түседі.
Осылай тітіркенген әлсіздік көріністерімен және ұйқының бұзылуымен астениялық симптоматиканың пайда болуы, қорғасынмен жұмыс істейтін адамда апатияның, жоғары шаршағыштықтың, ұмытшақтықтың үдеуі созылмалы уланудың болу мүмкіндігін білдіреді.
Қызыл иек қырындағы қорғасындық жиек, гипохромды анемия, қанда базофильді-дәнді эритроциттердің көп болуы, ретикулоцитоз, порфиринурия, зәрмен қорғасынның бөлінуі, бауырдың функциональды жеткіліксіздігі, полиневрит сияқты белгілердің болуы тұжырымның дұрыс екендігін дәлелдейді.
Ауруды анықтау терапияны бастауға мүмкіндік береді, оның шарты кәсіби зияндылықтармен жұмысты тоқтату болып саналады. Организмнен улы заттардың шығарылуына, жойылуына, ыдырауына шаралар қолданылады, патогенетикалық, синдромальды терапия жұмыстары жүргізіледі, жалпы әлдендіретін шаралар қолданады. Жағдайдың синдромологиялық құрылымына байланысты психофармокологиялық басушы және әлдендіретін терапия тағайындалады, витаминдер қолданылады, ноотроптар тағы басқа психоэнергетикалық заттар, жеке тұлғалық реакцияларда - психотерапия тағайындалады. Егер психиканың патологиялық өнімі психотропты дәрілермен толық және тез басылатын болса, кәсіби патология кезіндегі психопатологиялық дефицитарлы психопатологиялық симптоматика (психоорганикалық синдром, амнестикалық синдром, ақыл естің кемдігі) аса тұрақтылығымен ерекшеленеді. Емдік және реабилитациялық жұмыстардың эффективтілігін көтеру үшін белсенділік пен жігерлілік қажет. Көбіне курорттарда емделу жақсы нәтиже береді.
Кәсіби аурулар кезіндегі үшіншілік психопрофилактиканың өзіндік ерекшеліктері бар. Егер кәсіби емес ауруларда оның жоғарғы эффективтілігінің көрсеткіші болып, аурудың кәсіби деңгейі төмендемей ем қабылдағаннан кейін бұрынғы жұмыс жағдайына қайта оралуы болып табылады, айқын кәсіби патология кезінде мұндай мүмкіндік болмайды. Емдеу нәтижесіндегі жетістіктердің тұрақтылығына сенім тек адамның бұрын өндірісте ауру туғызған агентпен кездеспейтіндігіне кепілдік болғанда болады. Сондықтан үшіншілік психопрофилактиканың міндеті адамның кәсіби зиянды әсерлермен байланыста болмайтын өндіріске қайта квалификациядан өткеннен кейін өзінің бұрынғы кәсіби деңгейіне жетуі болып табылады. Квалификация өзгерту қиындықтары кезінде кәсіби емес аурулармен салыстырғанда науқастың 3-топ мүгедектікте болған кезеңі қолданылуы мүмкін. Жас организмнің жоғары адаптациялық мүмкіндіктеріне байланысты, үшіншілік психопрофилактика нәтижесі жастарда ересек адамдарға қарағанда тиімдірек болады.
Жалпы өндірістік орындарда кәсіби аурулармен ауырмайтын көптеген психикалық аурулар қазмет жасайды (3,5 %, егер алкоголизммен зардап шегетіндерді санамаса). Сөз - созылмалы аурулар жөнінде болып отыр, оның ¼ эндогенді психоздар (шизофрения, эпилепсия, маниакальды депрессивті психоз), психопатологиялық симптоматикамен бас – ми жарақатынан кейін болатын резидуальды көріністер - ¼ соматогенді, инвалюциялық және басқа психикалық аурулар - ¼ құрайды. Арнайы жүргізілген зерттеулер, осы аурулардың жоғарғы кәсіби деңгейде жұмыс істеп еңбекте алған шағымдары аз екенін дәлелдеген. Психикалық ауру пайда болған әрбір жағдайда олардың әрқайсысының клиникалық ерекшеліктерін ескере отырып, жүйелі активті диспансерлік бақылау жақсы ұйымдастырылса, ыңғайлы еңбек жағдайын қарастыратын болса, уақыт өте психикалық жағдайының өзгеруіне қарай психикалық науқастарды қарапайым өндіріс жағдайына икемдеуді кеңінен қолдануға болады.
Өндіріс орындарындағы психопрофилактиканы ұйымдастыру және психоневрологиялық көмек жергілікті жағдайларға және қажеттіліктерге байланысты құралады. Ыңғайлы вариант үлкен зауыттарда медико-санитарлық бөлімнің болуы, психоневрологиялық диспансерде ауданд кәсіпорындарында жұмыс істейтіндерге арнайы көмек көрсететін өнеркәсіптік психиатр кабинетінің қызмет етуі, үлкен масштабтағы кәсіпорынды немесе бірнеше зауыттар мен фабрикаларға қызмет көрсететін емханадағы психоневролог қызметін ұйымдастыру, ведомстволық бағынышты психогигиена, психопрофилактика орталықтарын құру болып табылады. Қарапайым нұсқа құрамына диспансерлік бақылау, элементарлы психоневрологиялық көмек көрсету, цех дәрігерлік бөлімшесінің арнайы дайындығынан өткен бөлімшелік терапевт, медико-санитарлық бөлімнің немесе емхана невропатологының тарапынан сауықтыру шаралары мен медициналық білімді уағыздау, әртүрлі мамандардың жұмысшыларды жоспарланған медициналық тексеруден өткізуі кезінде психоневрологтың кезеңдік тексеруі, психоневрологиялық диспансер дәрігерінің жүйелі түрде бақылауы кіреді.
Осы кезге дейін алкоголизмді анықтаумен және емдеумен тек арнайы емдік-профилактикалық орындар ғана айналысты. Қазіргі уақытта басты алкогольмен күресті өндірістік орындарда іске асыру көзделіп отыр, бұл міндет кәсіпорындарға қызмет көрсететін жалпы медициналық емханалар және ведомстволық емханалар, денсаулық сақтау орындары, медико-санитарлық бөлімдердің дәрігерлері және орта медициналық қызметкерлері күшін қолданып іске асырылады. Керек жағдайларда қалалық немесе аудандық денсаулық сақтау органдарының шешімі бойынша құрылыс және транспорт ұымдарын, кәсіпорындарға қызмет ететін емханаларда немесе медико-санитарлық бөлімдер жанынан наркологиялық кабинеттер ұйымдастырылады. Наркологиялық кабинеттердің міндеті алкоголизммен зардап шегетіндерді ерте анықтап оларды есепке алып, комплексті ем жүргізу және диспансеризация, алкогольге қарсы үгіт және профилактика шараларын жүргізу болып табылады. Кабинет жұмысы әкімшілікпен, кадр бөлімімен, зауыт комитетімен, маскүнемдікке күрес комиссиясымен тығыз байланыста жүргізіледі. Наркологиялық кабинетке есепке алу пациенттің тұрғылықты жеріндегі психоневрологиялық диспансерді (егер болса наркологиялық диспансерді) міндетті түрде хабарландыру арықылы жүргізіледі. Есептен шығару үшін алкогольды толық тиғаннан 3 жыл өткеннен кейін болады, ол объективті мәліметтермен дәлелденуі керек. Есепте тұрғандар жылына 2 рет наркологтан тексеруден өтіп тұрады, әрбір 6 айда бақылау нәтижелері туралы мәліметтер тұрғылықты жердегі диспансерге жеткізіліп тұрады. Науқастарға көрсетілетін емдік көмек көлемі психоневрологиялық диспансерлердегі наркологиялық кабинеттегідей болады. Активті емнен кейін қосымша қуаттандыратын терапия тағайындалады. Кейбір ірі өндіріс орындарында активті ем жүргізу үшін профилакторийлер, күндізгі немесе түнгі стационарлар жұмыс істейді. Қуаттандырғыш қосымша терапия мақсаты – алкогольге теріс көзқарасқа жеткізу және спирттік ішімдіктерді пайдалануды сенімді түрде тоқтату. Алкогольге қарсы жұмыстардың маңызды бөлімі болып науқастардың тұрақты психотерапиялық коллективін құру және емге қарсылық көрсетіп жатқан және алкогольдік дәстүрді таратушы адамдарды бөлек емдеу (изоляциялау) болып табылады. Бұндай ауруларға тіпті қоғамдық- социальдық шаралардан бастап, күштеп емдеу шаралары қолданылады. Наркологиялық кабинеттердің мақсаты алкогольге қарсы активті күрес, сауыққандарды еңбекке тарту, орналастыру, көпшілік жерлерде және өндірісте жетістікке жетулерін қамтамасыз ету, олардың жанұялық адаптациясына көмек беру болып табылады.
Соматикалық аурулар, психикалық бұзылыстар пайда болу қауіпі жоғарғы контингент ретінде
Ми нейрондарының жоғарғы реактивтілік қасиеті ОЖЖ басты қызметімен түсіндіріледі - реттеушілік қасиеті, организмдегі гомеостазды тұрақты ұстап, қалпына келтіруге бағытталады. Зерттеу мәліметтері бойынша оттегі жетіспеушілігіне қаңқалық бұлшықетпен салыстырғанда жүрек бұлшық еті 5 ретке сезімтал болып келеді, ал бас миының сезімталдығы 15 ретке жоғары. Жүрек ишемиялық ауруы, миокард инфаркты кезінде психикалық бұзылыстар тұрақты көрініс беретіні осыдан түсінікті; жиі аффективті бұзылыстар, ұйқының бұзылысы және т.б. бұзылыстар жағдай өршігендегі соматикалық көріністерден де ерте көрініс береді (жүрек аймағында ауру сезімі, ауа жетіспеу сезімі және т.б.). Бұл жағдайда психопатологиялық симптоматика соматикалық (инфекциялық) аурулардың туындысы және оның белгісі болып табылады. Осы жәнеаурудың тағы басқа белгілері дертке тән заңдылықтарды көрсетеді яғни, - өткірлігін, сатылығын, ағымы мен аяқталу тенденцияларын және үлкен диагностикалық және болжамдық маңызы бар. Негізгі ауруды активті түрде емдеу (соматикалық, инфекциялық) психикалық бұзылыстарға қатысты негізгі профилактикалық шара болып табылады.
Соматикалық стационарда сандырақпен, галлюцинациялармен, психомоторлы қозумен тіпті бір ғана науқастың пайда болуы тез арада бүкіл бөлімше өмірін өзгертеді. Психоз қоршаған ортаға ауыр әсер етеді; түнгі уақытта күшеюі, соматикалық аурулардың психикалық қозуы, соматикалық күйзеліске шалдыққан аурулардың демалуына кедергі жасайды. Психотикалық жағдайлардың дамуы науқастармен жұмыс жүргізуді қиындатады, диагностикалық және емдеу шараларын жүргізу мүмкін болмайды, соматикалық жағдайдың одан әрі нашарлауына ықпал етеді, өмірге қауіп төндіреді. Психикалық бұзылыспен бірге жүретін критикалық көзқарастың жетіспеушілігі дұрыс емес жүріс-тұрысқа және ожар қылықтарға әкеліп соғады, ал соматогенді депрессиялық жағдайлар суицидальды тенденцияларымен қауіпті. Күрделі, ауыр соматикалық ауру жағдайында психикалық бұзылыстар пайда болуына кедергі жасау және психопатологиялық синдромның алғашқы белгілерін уақтылы танып, аурудың асқынуын тоқтату үшін дәрігерге арнайы білім керек. Динамикада барлық психопатологиялық симптоматиканы дұрыс ескеру соматикалық ауруларды болжауға бағалы мәліметтер береді.
Психопатологиялық симптоматика этиологиясы ретінде соматикалық аурулардың рөлін тек соматогенді әсерлермен байланыстыруға болмайды. Соматикалық аурулардың маңызды көзі – психогения болып табылады. Теріс эмоция, қорқыныш, аурудың өз өмірі үшін үрейі, жағымсыз тексеруге реакциясы, емдеу процедураларының ауырлығы, ауруды ауруханаға жатқызу - осылардың барлығы психогения дамуына жағдай жасайды. Соматикалық зардап шегу науқасты әлсіретіп, реактивті жағдайлардың, невротикалық реакциялардың пайда болуын жеңілдетеді. Астенизация, психиканың әлсіздігі, психожарақаттық ситуациялар соматикалық аурулардың барысына қарай күшейеді. Реактивті жағдайлар аурудың жедел кезеңінде ғана емес, жедел кезең басылғанда және науқастың дертінің сипаты, асқынулары мен салдары жөнінде түсінігі жоғарылаған алыс кезеңдерде де бақыланады. Соматикалық науқас күйзелісінің басты тақырыбы ол, - зақымдалған мүшенің жағдайы, дерт, оның нәтижесі және оған байланысты әлеуметтік ситуация.
Соматикалық аурулар кезінде невротизация, тұлғаның ипохондриялық дамуы, депрессивті және үрейлі жағдайлардың дамуына дәрігердің өзі ықпал етуі мүмкін, оның науқаспен дұрыс емес жүріс-тұрысы және айтқан сөздері немесе науқастың дәрігер әрекеттерін дұрыс түсінбеуі аталған бұзылыстарға әкелуі мүмкін. Дәрігер қателігінің әсерінен болатын дертті жағдай – ятрогения деп аталады, бұл жағдай науқас үшін соматикалық патология жағдайынан да ауыр соғуы мүмкін. Ятрогенияның алдын-алу үшін жалпы дәрігерлік мәдениетті күшейту керек, медицина мекемелерінде деонтология принціпін сақтау керек, медициналық персоналдарды психотерапиялық әсер ету әдістерімен таныстыру керек. Соматикалық катастрофа кезіндегі психикалық өзгерістердің сипатын, динамикасы мен айқындылығының анықтайтын басты факторлар ішінде негізгі рөлді науқастың тұлғалық ерекшелігі, сонымен бірге дәрігердің психологиялық әсері және басқа факторлар: жанұя, қызметке оралу мерзімі және т.б. алады.
Қазіргі уақытта соматикалық катастрофа басынан өткерген, ауыр операциядан өткен ауруларға ғылыми негізделген жүйе сатылы психогигиеналық, психопрофилактикалық психотерапиялық шаралар қолданылады. Бұл әдістің міндеттері ауру нәтижесінде өзгеріске ұшыраған өмірлік жағдайларғатұлғалық көзқарастар жүйесін қайта құру процесін жеделдету болып табылады. Бұл міндеттерді шешу үшін мынадай әдістер қолданылады:
а) бөлімшенің жалпы психотерапиялық жағдайының әсері;
б) емдік іс-шаралар кешеніне рационалды психотерапия және аутогенді жаттығуларды қосу;
в) психотропты препараттарды қолдану;
г) емдік дене шынықтырудың психотерапиялық әсерін қолдану;
д) қатал төсек мерзімін және стационарда болу ұзақтығын қысқарту;
е) ятрогенияның алдын-алу, ауруханалық режимнің және күнделікті өмір активтілігінің тиімсіз шектелуімен күрес;
ж) аурудың туыстарымен психотерапиялық және консультативті жұмыстар жүргізу;
е) ауруды бұрынғы еңбек жағдайына оралуға ынталандыру және әлеуметтік активтілікке ынталандыру;
Балалық және жасөспірімдік шақ психиатриялық аспектілері және психопрофилактика мәселелері
Адамның психикалық саулығының негізі ерте балалық шақтан қалыптасады. Сондықтан бала өмірге келгеннен бастап оның тәрбиесі мен дамуын қадағалап отыру керек. Баланың психикалық жағдайына дұрыс көңіл бөлу керек, себебі 16 жасқа дейінгі кезеңде психикалық бұзылыстарға ұшырау қаупі жоғары болады. ОЖЖ дамуының жетіспеушілігімен, оның жауап беру жеткіліксіздігі балалардың қалыпты жағдайда және патология кезінде де жүйкелік – психикалық реакциялары өзіне тән ерекшеліктерімен сипатталады. Невроздар мен психоздардың ағымы және нәтижелері ересек адамдармен салыстырғанда өзгеше.
Ересектерге қарағанда балалар сыртқы ортаның әсеріне көбірек тәуелді болады. Бала организмі тек өмір сүріп қана қоймайды, сонымен қатар өседі, дамиды, психикалық процестері қайта құрылып отырады. Мұның өзі адаптациялық механизм күшін керек ететін үлкен жүк болып табылады. Типті психикалық дамуында ауытқулары бар, даму ерекшеліктері өзгерген балалар аса қиын жағдайға түседі.
Жалпы ауруларға байланысты (соматикалық, инфекциялық), микросоциальды ортаның жағымсыз әсерлеріне байланысты кейде өсу тежеледі, жеке психикалық функцияларға қатысты жалпы немесе жеке психикалық даму тежеледі. Жалпы психикалық жетіспеушілік кейде ақыл аздық немесе олигофрения – кемақылдық түрінде көрінеді немесе квалификацияланады. Басқа бір жағдайларда психикалық даму жетіспеушілігі әлсіз байқалады және ересектерде балалық, аңқаулық ретінде көрініс береді-психикалық инфантилизм түрінде бағаланады. Әдетте психикалық инфантилизмге физикалық инфантилизм сәйкес келеді. Бұндай адамдарда 25-30 жаста жасөспірімдік бейнесі сақталады, дене салмағының, бойының жетіспеушілігі байқалады, екіншілік жыныс белгілері нашар дамыған болады. Ой-пікірінің жетік дамымауы себебінен мұндай адамдар өзгелердің ықпалына түсіп кетеді, күшті және авторитетті кісілердің пікіріне бағынады, өзгенің еркін орындайтын пассивті орындаушы болады. Инфантилизммен қыз балалар мен жігіттер асоциальды ортаға түскенде олар осы ортаға сәйкес өмір стилін жеңіл қабылдайды. Олар спирттік ішімдіктерді қолдануға үйірленеді. Қылмыстық әрекеттер жасаулары мүмкін.
Жеке психикалық функциялар дамуының тежелуі психикалық дамудың жалпы теңсіздігіне - асинхронияға әкеліп соқтырады. Осындай жағдайда сақталған психикалық функциялар, осындай жетіспеушілік болған жағдайда соның орнын толтыру үшін қарқынды дами бастайды, кейде ол бір жақты дарындылық түрінде көрінеді, психикалық теңсіздіктің айқындылығын көрсетеді.
Даму біртексіздігі тежелусіз-ақ жүйелер мен мүшелердің әдеттегіден күшті жетілу нәтижесінде де болады.
Бұл құбылыс акселерация деп аталады. Акселерат жасөспірімдер мен жастардың бойлары ата-анасынан ұзын, сүйек-бұлшықет жүйесі жақсы жетілген; олар жыныстық қатынаста да және өздерінің физикалық белгілері бойынша ерте дамуларына, басқа жынысқа деген қызығушылықтарының ерте дамуына байланысты олар ерте үйленіп, балалы болуларына болар еді. Бірақ берік социальды жағдайдың болмауы, материалдық және моральды дербестіктің болмауы, ең бастысы психологиялық дайындықтың болмауы оларға өз жанұясын құруға мүмкіндік бермейді. Қазіргі өмір жағдайына байланысты, қарым-қатынас және ақпарат құралдарының қолжетімділігіне (газет, журнал, радио, телевизия, кино) байланысты көптеген балалар өткенмен салыстырғанда жылдам, интелектуальды түрде дамиды. Нәтижесінде тұлғалық ерекше маңыздылығын сезіну, өзінің құрдастары қатарында басымдылығы жөнінде иллюзия, қызығушылықтарының жасына сәйкес еместігі кейде-консерватизмге және ересектердің біржақтылығына қарсы (ата-ананың оқытушылардың) наразылық тудырады. Өмірлік тәжірибесі болмай тұра өзін танытуға ұмтылу, ситуацияларға ересек көзқарастың болмауы конфликтке әкеліп соқтырады – нәтижесінде, барлығынан түңілу, депрессивті реакциялар түрінде жасөспірімнің өзі зардап шегеді. Балаларда психикалық дерттің басталуы жастық криздік кезеңдермен ұштасады.
Жастық криздер немесе криздік кезеңдер деп адамның биологиялық және социальды функциясының өте интенсивті қайта құрылуы жүретін өмір кезеңдерін айтамыз, бұл кезде сыртқы орта әсерлеріне сезімталдық жоғарылайды – ауру туындау қаупі өседі. Криз индивидумның психикалық дамуының, жүріс-тұрыстың жаңа мотивтерімен және алға қойылатын жаңа әлеуметтік талаптарымен жаңа сапалық сатысының басталуын білдіреді.
Балалар психологиясы мен психиатриясында 3 негізгі криздік кезең бөлінеді: 3, 7, 12, 15 жас. Барлық криздік кезеңдердегі психикалық жауаптарға жалпы тән ерекшеліктер болады: балалар ашуланшақ болады, тітіркенгіш, тыңдамайтын, ересектермен қатынаста айқын негативизм танытады.
3 жастағы жастық криздің маңызы баланың барлық айтқандары ересектер тарапынан орындалатын, жүріс-тұрыстың реактивті формасынан «Мен деген-жүйенің» (өзіндік сана) пайда болуы, және бәрін өзім жасаймын («Мен өзім») деген ұғымдардың пайда болуымен жүретін активті формаға ауысуында болып табылады.
7 жастағы жастық криз негізі социальдық өзіндік сананың оянуы болып табылады: өзін іс-әрекет субъектісі ретінде бағалау сатысынан адамзаттық қарым-қатынас жүйесіндегі субъект ретінде бағалауға көшуі. Бала өмірін толтыратын ойын, шынайы әлеуметтік өмір қажеттіліктеріне сәйкестігін жоғалтады, бұл жағдайда жүйелі оқу бастамасы осы жас кезеңінің кризистік ситуациясын нивелирлеуге қабілетті болады.
Жасөспірім шақтағы кризис аса жедел және ұзақ мерзімді болып табылады, ол пубертатты криз деп аталады. Криз мазмұны өзін таныту мен өз пікірін ұстануға қажеттіліктің басымдылығынан тұрады, бұл қажеттіліктер кейбір жағдайларда жасөспірімнің социальды және психикалық дамуында синхрондылықтың болмауына байланысты жиі көрініс бермей қалады. Объективті түрде есею, таным шеңберінің кеңеюі, жаңа қызығушылықтар пайда болуы кезінде жасөспірім әлеуметтік сала тарапынан ересектерге тәуелді болып қала береді, сондықтан оның көп істері шындықпен араздыққа алып келеді. Жиі байқалатын қарқынды жыныстық даму, әсіресе ер балаларда эндокриндік, вегетативтік өзгерістермен және соматопсихикалық дисфункциялармен көрінеді. Психожарақаттаушы факторлардың әсерімен организмнің реттеуші функциясының бұзылуы кезінде невротикалық реакциялар, депрессивтік жағдайлар оңай дамиды, пубертатты криз кезінде жиі алғаш эндогенді психикалық аурулар, атап айтсақ шизофрения көрініс береді.
Бұл жаста психикалық патология диагностикасының ерекше қиындығы, аурудың бастапқы симптомдары пубертатты кризге және акселерацияға тән психикалық сфераның және жүріс-тұрыстың әрқилы диссоциациясын бейнелейді. Жыныстық жетілу кезеңіне ешқандай дертсіз-ақ эмоционалды тұрақсыздық, жоғары қозғыштық, импульсивтілік, қарқынды қиял ойыны, ересектердің пікірін қабылдамау және құрдастарының пікіріне сезімталдық тән. Суреттелген психикалық ерекшеліктер, психикалық және физикалық даму деңгейіндегі максимальды диспропорциялар жүріс-тұрыстың әртүрлі бағытталған мотивтері социальды адаптация қиындықтарын туғызады және жиі тәртіптің бұзылуының және жасөспірімдердің қоғамға қауіпті әсерлер көрсетуінің себебі болады. Жүріс-тұрыс бұзылысының профилактикасы үшін, олар жөнінде жалпы болса да түсінік болуы керек.
Балалар мен жасөспірімдерде байқалатын жүріс-тұрыс бұзылысы негізінде жатқан әртүрлі реакциялар 4 типке бөлінеді: бас тарту реакциясы, оппозициялық, имитация және компенсация.
Бас тарту реакциясы бірдемеден айырылған кездегі баланың немесе жасөспірімнің эмоциялық күйі бұзылған жағдайларда дамиды: интернатқа орналастыруға байланысты жанұясынан, ата-анасының ажырасуы себебінен олардың бірінен ажырау, жаңа тұрғылықты орынға көшуге байланысты достарынан ажырау. Тамақтан, қарым-қатынастардан, ойыннан және т.б. бас тартады.
Оппозициялық реакция жанұяда іні немесе қарындас пайда болуына байланысты шамадан тыс жүктемеден немесе жасөспірім өзіне бөлінетін көңілдің азаюынан пайда болады, анасының күйеуге шығуы және басқа да себептерге байланысты дамиды. Суицидальды әрекеттердің, үйден қашудың, бұзақылық істердің мотиві болып өзіне көңіл аударту, өзін басқа жауыз адамдардың ықпалымен болған ситуация құрбаны етіп көрсету болып табылады.
Имитация реакциясы өзге тұлғаға немес бейнеге - кино жұлдызына, тәрбиешіге, құрдасына еліктеумен көрініс береді. Имитация реакциясы егер еліктеу объектісі антисоциальды тұлға болса социальдық нормалардың бұзылуына себеп болады. Теріс имитация реакциясы өзін қандай-да бір бейнеге қарама-қарсы ұстауға талпыныспен көрініс береді: маскүнем баласының спиртті ішімдік ішпеуі; пайдақор жанұясында өскен жасөспірім немесе қыз-жігіттердің материальдық көмектен бас тартуы. Имитацияның теріс реакциясы шеңберінде эмансипация реакциясы пайда болуы мүмкін – жасөспірімнің өз құқығы мен еріктілігі үшін күресі.
Компенсация реакциясы – кейбір жетіспеушіліктерді толықтыруға бағытталған: физикалық әлсіз жасөспірім өз қатарына ой еңбегі арқылы теңесуге тырысады, үздік оқиды, өзінің энциклопедиялық білімімен таң қалдырады.
Гиперкомпенсация реакциясы жасөспірімнің әлсіздік танытқан саласында табанды дайындалып, аса жоғары нәтижелерге жетумен көрініс береді. Балалар мен жасөспірімдерге ортақ аталған реакциялардан өзге жасөспірім шақ үшін арнайы реакция түрлері бөлінеді: эмансипация реакциясы, құрдастарымен топталу реакциясы, әуестену реакциясы (хобби-реакция), сексуальды әуестікке байланысты реакциялар. Эмансипация реакциясы туралы жоғарыда айтылып кетті.
Құрдастарымен топ құру реакциясы белгілі бір деңгейде инстинкт түрінде детерминирленген; өз лидері бар жасөспірімдік топтардың құрылуымен, топ ішінде рөлдердің бөлінуімен, өздерінің нақты территорияларын бөлумен сипатталады. Көптеген қылмыстарды осындай топ жасөспірімдері жасайды. Әуестену реакциясы, балалардың ойыны тәрізді, жасөспірім шаққа тән қасиет. Әуестіктің әртүрі болады: құмар ойындары, байлық жинауға құмарлық, лидер болуға құмарлық және интеллектуальды-эстетикалық және т.с.с. Әуестік жасөспірімдердің бар ой-санасын билеп алған кезде жүріс-тұрыстық бұзылыстар дамиды, оқуға және еңбекке қарсы қояды, әлеуметтік нормалардың бұзылуымен байланысты.
Сексуальды әуестік реакциялары – тікелей жыныстық қозудың реализациясына бағытталған (онанизм, өтпелі гомосексуализм), немесе терең жасырын сексуальды күйді білдіреді (суицидальды әрекет, агрессия актілері). Жасөспірімдердің сексуальдылығы әртүрлі тітіркендіргіштер әсерінен пайда болады, тұрақсыз, аса сезімтал және патологиялық түрге оңай ауысады.
Барлық суреттелген реакциялар қалыпты жағдайлармен қатар патологиялық психикалық реакцияның да көрінісі болуы мүмкін. Патологиялық реакциялардың қалыптасуы бірнеше себептермен ерекшеленеді: олар сандық жағынан күшейген және оларды шақырған ситуация маңыздылығына сәйкес емес; генерализациялануға бейім, осы ситуацияның шегінен шығып, патологиялық реакция туындатқан микротоп шекарасынан асып, таралуға бейім; әр түрлі ситуацияларға жауаптың стереотипіне айналуға бейім; әлеуметтік дезадаптацияға соқтырады.
Суреттелген реакциялар нәтижесінде жүріс-тұрыс патологиясы туады. Оның негізгі варианты делинквентті жүріс-тұрыс болып табылады - заң бұзушылықтар, жұмысқа бармау, сабақтарды жіберу, ұсақ бұзақылық, ұсақ ұрлық, қоғам тәртібін бұзу.
Делинквенттіліктің қарапайым себебі тәрбие жетіспеуі, бақылаудың жеткіліксіздігі болып табылады. Бұл жағдайға толық емес немесе ажырасқан жанұядағы тәрбие және соғыс кезіндегі жетімдік алып келеді. Мінез аномалиясы бар адамдардың асоциальды орта зияндылығына ұшырау мүмкіндігі жоғары. Делинквенттілікке жақын жүріс-тұрыстың патологиялық варианттары үйден қашу және жасөспірімдердің қаңғыбастығы болып табылады. Осы сияқты әрекеттер мотивтерінің арасында сауық-сайранға талпыну, жазалау қорқынышы, үлкендердің қатаң талабына немесе көңіл аудармауына қарсы наразылық көрсету. Кей жағдайда үйден қашулар жиі құбылысқа айналады. 1972 жылы АҚШ-та 1 млн. үйден қашу тіркелген.
Қоғамда үрей тудыратын жүріс-тұрыс варианттарына жасөспірімдер алкоголизациясы және наркотик қолдануы жатады. Кеңес авторлары мәліметтері бойынша мектепте оқитын тәртібі нашар жасөспірімдердің 14 пайызы спирттік ішімдік қолданады, милицияда балалар бөлмесінде есепте тұрғандың 13 пайызында алкоголизм диагностикаланады. Алкоголизмге бейімдейтін осы факторлардан басқа, жанұялық жайсыз қатынастар және ата-ананың алкоголизмі, дұрыс емес тәрбие, сонымен қатар мінез-құлық патологиясын (психопатия) айтуға болады.
Көпшілік наркотик қолданатын шет елдерде, жасөспірімдердегі алкоголизм мәселесі екінші жоспарға қойылды. Осы ғасырдың 50-ші жылдарында Жапонияда басталып және басқа елдерге таралған – АҚШ, Англия, Канада, Швеция, Испания, Оңтүстік Америка елдерінде, Нидерланды, ФРГ, Австрия, Финляндияда наркотиктер эпидемия сипатын алды. Амфетамин, барбитураттар, марихуанна, героин, ЛСД, тұрмыстық химия заттары (желім, тіс пастасы, аяқ киім кремі, еріткіштер) тәрізді допингтер кең таралған. Біздің елде жасөспірімдер наркоманиясына өте тың көзбен қарайды. Наркомания жағдайлары тәртібі бұзылған психопатиямен жасөспірімдер арасында жиі диагностикаланады, басқаша айтқанда эмоциональды-еріктік сферадағы бұзылыс салдарынан мінез патологиясы және оның акцентуациясы наркоманияға әкеліп соқтырады.
Жасөспірімдердің наркотик қолдануы топтасу реакциясымен байланысты. Ересектер патологиясымен салыстырғанда жасөспірімдерге алғашынан-ақ полинаркомания тән: олар модаға және жалпы тенденцияға еліктеп, ойланбастан барлық заттарды қатарынан пайдаланады, емделуге ынтасы болмайды.
«Суицидальды тәртіп» деп өзіне-өзі қол жұмсауға талпыну, әрекет ету, өзін өлтіру жөніндегі ойлармен жүретін жағдайды айтамыз. Бұл әрекет формалары 14 жасқа дейінгілерге тән емес, 15-16 жаста суицидальды қауіп жылдам өседі және 16-19 жаста өзінің максимальды шегіне жетеді. Өзін-өзі өлтіру әдетте психожарақаттаушы ситуацияға реакция болып саналады және бұл жиі мінез-құлық құрылымы бұзылған жасөспірімдерде кездеседі.
Жүріс-тұрыс формалары және патологиялық реакциялар педагогтар мен психопатологтардың зейінін аударту керек, себебі олар жасөспірім дамып тәрбиеленетін жағдайлардың сәтсіз жақтарын, тәрбиесіндегі жіберіліп жатқан қателіктерді көрсетіп береді. Медико-педагогикалық коррекция мұндай жағдайларда тұлғаның типологиялық ерекшеліктерін ескере отырып психотерапия және еңбекке орналастырумен айналысады.
Егде жас кезеңінде психикалық бұзылыстар даму қаупінің жоғарылауы
Адам өмірінің бағдарламасы белгілі бір уақыт аралығында күрделенеді, және оның табиғи аяқталуы тіршілік функцияларының біртіндеп сөнуі, олардың толық тоқтауымен көрініс беруі керек. Өмірдің мұндай соңы қазір жиі кездеседі, себебі қазіргі медицина жетістіктері өмірді ерте қиятын көптеген қауіпті жағдайлармен сәтті күресуді қамтамасыз етіп отыр.
Дата добавления: 2015-10-20 | Просмотры: 5440 | Нарушение авторских прав
|