АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология
|
ПСИХОПАТИЯЛАР
Психопатиялар – интеллект өзгерісінсіз, тұлғааралық қатынас және қоршаған ортаға адаптациялану бұзылыстарына алып келетін туа және жүре пайда болған мінез-құлықтың тұрақты бұзылыстарының тобы.
Психопатия кезіндегі психикалық дисгормония психикалық қасиеттердің бірінің басымдығымен және өзгелерінің дұрыс жетілмеуімен байланысты. Мысалы, аффективті стимулдармен шақырылатын өз жүріс-тұрысы мен реакциясын бақылаудың бұзылысы кезіндегі жоғары эмоциональды қозу; қоршаған ортаны адекватты бағалау жетіспеушілігі және шынайылық сезімін жоғалту кезіндегі үрейшілдік, сенімсіздік және күдікшілдік; қабілеттілік, мүмкіндік және т.б. болмаған жағдайдағы эгоцентризм, өзінің мәнді орын алатындығына аса көңіл аударту. Аталған психикалық қасиеттер психикалық тұрғыдан қалыпты адамға да тән, бұл кезде олар тепе-тең көрініс береді. Психикалық қасиеттердің тепе-теңдігі тұлғаның тұрақты, гормониялық құрылымын түзейді. Тұлға гормониялылығы мен дисгормониялылығы - психикалық жағдайларды квалификациялауда қолданылатын түсініктен әлдеқайда кең. Тұлғаның гармониялылығы физикалық немесе психикалық қасиеттерінің оптимальді қосылысы ретінде кейбір талаптарға жоғары дәрежеде сәйкес жауап беріп, өзгелеріне сәйкестігі төмен болуы мүмкін. Бірақ психопатиямен тұлғаларда бұл қасиеттер әлеуметтік адаптацияны қиындататын қасиеттермен бірге жүреді.
Психопатиялық күйлерді көптеген психикалық жағдайлар ішінен анықтау кезінде тұлғаралық қатынастар мен тұлғаның әлеуметтік адаптациясының бұзылуына алып келетін түрлері айрықша көрініп тұрады.
Клиникалық көрінісі
Психопатиялардың клиникалық көріністері келесі ерекшеліктерімен сипатталады. Осы дертке шалдыққандар тұлғалық қордың дисгармониясымен ерекшеленеді, ол айқын болған жағдайда әлеуметтік адаптация бұзылысы орын алады. Психопатиялық көріністер тотальды, яғни адам қызметінің барлық сферасында көрініс беріп отырады, және тұрақты.
Психопатия кезінде өмірлік адаптация мүмкіндігі екі жағдайға байланысты: тұлға дисгормониясының айқындылық дәрежесіне және сыртқы факторларға.
Психопатиялық тұлға өзіне қолайлы жағдайда қанағаттанарлық дәрежеде адаптациялануы мүмкін (компенсация жағдайы) және өзіне тән психопатологиялық көріністер, соның ішінде невротикалық көріністер айқын болғанда, қолайсыз жағдайларда (декомпенсация) дезадаптацияланады.
Психопатия басқа аурулардан, соның ішінде психикалық аурулардан да ерекшеленеді. Психопатия тұлғалық ерекшеліктермен, оның ұстанымдарымен тығыз интеграцияланған, ал аурулар, психикалық ауруларды қосқанда науқас тұлғасы үшін бөтен болып табылады. Психопатия динамикасы ауру динамикасымен салыстырғанда ерекше. Психопатия кезінде ремиссия жоқ. Психопатияны емдеуде тұлға корекциясына және тұлғаның өзіне, қоршаған ортасына қатынасын қайта құруға маңызды орын беріледі. Психопатияның таралу дәрежесіне баға беру қиынға соғады. Психопатиямен науқастар дәрігер бақылауына декомпенсация жағдайында немесе қоғамдық заңды бұзу жағдайларында түседі.
Психопатияны оқып, зерттеу соттық психиатрия дамуына тығыз байланысты. Алғаш рет психопатияны басқа психикалық бұзылыстардан бөліп қарау отандық психиатрлар И.М. Балинский және О.М. Чечоттан басталды. Олар жүргізген соттық-психиатриялық сараптама негізінде қылмысты іс жасаған кезде кей адамдар жан ауруының белгілерін байқамағандығы анықталған. Олардың жағдайы психопатиялық деп анықталды (И.М. Балинский және О.М. Чечоттың 1884 жылы Семенованың ісі бойынша қорытынды сараптамасында осылай болған). Бірақ бұл термин қазіргі қолданыстағы терминнен мазмұны бойынша ажыратылады. И.М. Балинский жеке О.М. Чечотт жан бұзылысының белгілері жоқ, бірақ дені сау деп те санауға келмейтін, тұлғаның жалпы психикалық толымсыздығының көрсеткіші ретінде «психопатия» және «психопатиялық жағдай» терминдерін қолданды. И.М. Балинский мен О.М. Чечоттың соттық – психиатриялық қорытындысы бойынша көптеген келіспеушіліктер болды. Семенованың ісіне аса назар қойған сол кездегі газет пен журналдардың беттерінде ‛‛Психопатия’’және‛‛Психикалық жағдай’’терминдері орын алды. Осы статьялардың бірінде Семеноваға ‛‛психопатка’’ деген атау берілді.
1891-1893 жылдары психопатиялық жетіспеушілікпен тұлғалар неміс психиатры Кохпен сипатталды. Э.Крепелиннің аурулар жүйесінде психопатиялар оның түрлерінің көрсетілуімен арнайы топқа бөлінді. Сонымен қатар олардың ерекшеліктері мен басқа аурулардан принципиальды айырмашылықтары келтірілді. Одан әрі психопатияның негізі мен жүйесін бағалауда екі тенденция байқалды. Бір жағдайларда психопатия жеке психикалық аурулар мен психикалық саулық жағдайлары арасындағы аралық күйлер, ал басқа жағдайларда - тұлғалық қасиеттердің өткірленуі ретінде қарастырылады. Аралық жағдайларда ауруға тән үдемелілік белгілері байқалмайды, және осымен қатар науқас тұлғасын сипаттайтын айқын белгілері бар. Осыға сүйене отырып психопатияның келесі варианттары ажыратылады: шизоидты, эпилептоидты, циклоидты. Психопатия анықтамасында жеке психикалық қасиеттердің шеткі көріністеріне бағытталу таза психологиялық жіктеудің пайда болуына және келесі «қоғам жауы», «интриганттар», «мифомандар» (өтірікшілер) сияқты варианттардың бөлініп шығуына себеп болды. Психопатияны екі жақты позициямен қарау олардың пайда болуының себептерін сәтті зерттеуге септігін тигізбеді және олардың клиникасының бір жақты айқындалуына алып келді.
Психопатияның болмысы мен клиникалық көрнісін зерттеуде белгілі кеңес психиатры П.Б.Ганнушкин үлкен еңбек жасады. Ол психопатияның негізгі критерияларын қалыптастырды, конституция типтері мен психопатия варианттарының өзара қатынасын қарастырды, психопатиялардың нақты клиникалық сипаттамасы берілді. Клиникалық суреттеуде ең алғаш осы аурудың психопатологиялық көріністерінің динамикасына көңіл аударды. Динамиканың фазалары мен сатылары бөлінді. Психопатияның психопатологиялық көріністерінің көп түрлілігі, динамикасындағы, пайда болу жағдайларындағы айырмашылықтар психопатияларды, психопатиялық күйлерді қосымша бөлуге негіз болды. Осылайша ядролық және шеткі психопатия пайда болды (О.В.Кербиков). Алғашқысы ерте балалық шақта дамиды, жиі айтарлықтай себептерсіз пайда болады, психикалық бұзылыстардың айқын көрінуімен ерекшеленеді және науқастарды тұрақты дезадаптацияға әкеледі. Шеткі психопатиялар, немесе тұлғаның патологиялық дамуы қолайсыз факторлар (эмоциональды жарақаттаушы) әсеріне байланысты дамиды. Патогенді факторлар психопатияның психопатологиялық көріністерінің ерекшеліктеріне де, сонымен қатар айқындылық дәрежесіне де әсерін тигізеді. Соңғы кездері акцентуацияланған тұлғалар түсінігі ажыратылды (К.Леонгард). Бұл тұлғалар психикасы сау адамдар мен психопатиялы тұлғалар арасында аралық орын алады. Оларда тұлғаның психопатиялық ақауы болмайды, бірақ өзінің ерекшеліктері жағынан дені сау адамдардан ажыратылады. Бұл ерекшеліктер (акцент) ауру көрінісі ретінде қарастырылмайды, бірақ өзінің психикалық айрықша түрлілігі бар және қиын жағдайларда адаптация бұзылысының, тұлға аралық қатынастар бұзылысының себебі болуы мүмкін. Психопатияның жалпы психопатологиялық көріністері тұлғаның дисгармониялық ерекшеліктеріне байланысты. Соңғысы осы бұзылыстардың құрылымын анықтайды.
Психопатияның түрлі формадағы клиникалық көріністерінің әрқилылығына қарамастан ортақ ерекшеліктерін атауға болады. Ереже бойынша психопатия кезінде галлюцинация түріндегі қабылдау бұзылысы байқалмайды. Дегенмен аффективті кернеу жағдайында жеке иллюзиялық бұзылыстар болуы мүмкін. Және де сенестопатия формасында түйсік бұзылысы бақылануы мүмкін. Бұл кейбір соматикалық ауруларда кездесетін сенестопатияға ұқсас. Психопатия ОЖЖ-нің органикалық зақымдануымен байланысты өзге психикалық аурулар немесе шизофрения кезінде бақыланатын интеллектуальді патологиямен бірге жүрмейді. Психопатиямен науқастар өзіндік «Менді» бағалауда айрықша пікірмен ерекшеленеді. Ақпаратты біржақты таңдауға тенденция бар, яғни тұлға ұстанымдарына сәйкес және ол үшін ерекше эмоциональды мәнге ие ақпаратты қабылдау. Бұл критерияларға қарсы немесе сәйкес келмейтін ақпараттар еленбейді және қабылданбайды. Осыған байланысты тұлға аралық қатынастардың мәнін түсінуде және өзін бағалауда, әсіресе өз қызығушылықтарына тиіп кеткенде обьективтілік болмайды және қателіктер жіберіледі. Осы негізде психопатиямен науқастардың салыстырмалы интеллектуальді жеткіліксіздіктері жөнінде айтылды. Психопатиямен науқастар өз қатесінен қажетті сабақ толық ала алмайды. Олар өздері үшін эмонациональды маңызы бар құбылыстар мен жағдайларды бағалауда толымсыздық көрсете отырып, психикалық дені сау адамдар тәрізді қабілеттер мен мүмкіндіктерді игереді.
Психопатиялық тұлғалардағы айқын бұзылыстар эмоцианалды – еріктік сферада байқалады. Эмоциональды реакциялар кейбір науқастарда аса айқын, ашу-ыза ұстамасымен және агрессивті әрекеттермен көрінеді, ал кейбіреулерінде - өзінің толымсыздығы сезімін күйзелумен, үреймен қорқынышпен көрінеді. Бұл мінез-құлқындағы ерекшеліктерден айналадағылар немесе олардың өздері зардап шегетін адамдарды психопаттар деп атауға негіз болды. Бұл аффективті көрністер қарапайым эмоцияға жатады, олар науқастың аффективті өмірінде үстемдік көрсетеді. Бұл жағдай кейбір мамандарға психопатияның негізгі белгісі жоғарғы эмоцияның жетілмегендігі және оны олиготимия деп квалификациялауға жол берді. Психопатия кезіндегі ерік бұзылысы оның жеткіліксіздігімен көрінеді, ал кейде аффективті стимулдармен, тұлғаның жалпы реттеуші және адаптациялық механизмдерінің төмендеуімен анықталатын аффективті реакциялар мен жүріс-тұрысты басқарудың толық болмауымен көрінеді. Психопатияның көптеген симптоматикаларының ішінен психопатияның кейбір варианттарына тән психопатологиялық көріністерді, сонымен бірге неврозда кездесетін психикалық бұзылыстарды көруге болады: бас ауыруы, шаршағыштық, ұйқы бұзылыстары және т.б. Невротикалық симптом әдетте декомпенсация жағдайымен бірге жүреді және жағымсыз факторлардың әсерінен болады, және де динамика ерекшеліктеріне байланысты болуы мүмкін. Тұлғаның психопатиялық қасиеттері жиі науқасты конфликттерге әкеліп соқтырады, конфликт психогенді реакция шақырады, нәтижесінде психопатия ағымы ауырлайды («психопатиялық цикл», Кербиков О.В., 1963). Психопатиялық тұлғаны декомпенсациялайтын факторларға соматикалық және инфекциялық аурулар, уланулар, эмоциональды стресстерді де жатқызуға болады.
Психопатияны жеке клиникалық топқа бөлгеннен бастап олардың көріністерін жүйеге келтіруге талпыныс үнемі жасалып келеді. Психоптиялардың әр кезеңде болжамды жіктеулері басты психикалық бұзылыстарының жеке формаларын бөлу арқылы клиникалық принципке негізделіп құрылды. Осы негізгі бұзылыстардың сипатына қарай олардың формаларының атауы анықталды.
Сонымен қазіргі уақытта психопатияның келесі түрлері ажыратылады: қозғыш (возбудимая), параноидты, шизоидты, психастениялық, истерялық, аффективті және т. б.
Қозғыш психопатия
Психопатияның бұл формасы науқас мүдделеріне сәйкес келмейтін, және науқастың ойынша оның құқығы тапталған жағдайларда тітіркену, наризалық және ашу көріністерімен күшті аффект күйімен ерекшеленеді. Науқас үшін эмоциональды маңызы жоқ жағдайларда оның аффективті реакциялары толығымен адекватты болуы мүмкін. Жоғарыда аталған жағдайларда жүріс-тұрыстары мен әрекеттері жеткілікті логикалық бағалаудан өтпейді, мүмкін болатын жайсыз салдары ескерілмейді. Кейде олар импульсивті болуы мүмкін. Психопатияның осындай түрімен науқастар айналадағылармен қақтығысқа жиі түседі және жиі агрессивті қылықтар жасайды. Осыған байланысты коллективте қарым–қатынасы нашар болады. Осы аталғандардың барлығы психопатиялық тұлғаларда декомпенсация шақыратын стресске себепші болады. Өзінің бұрыс қылықтарын және реакцияларын олар адекватты бағалай алмайды. Үнемі осы қылықтарын ақтайтын себептер табуға тырысады.
Науқас Қ.,30 жаста. Әкесінің ағасы ақ қызбадан (алкогольді делирий) қайтыс болды. Әкесі созылмалы алкоголизммен зардап шеккен, бірнеше рет психиатриялық ауруханаға түскен. Әкесі науқастың 14-жасында үйінен кетіп қалған. Мінезі ашуланшақ, шатақ адам болған, мас күйінде перверзді тенденция байқалған. Қазіргі уақытта бұзақылығы үшін сотталған.
Анасы - медбике, мінезі жұмсақ, ақкөңіл, баласының ауруханаға түскенін қатты уайымдайды.
Бала мерзімінде 1-ші жүктіліктен туылған. Емізулі кезеңде анасының айтуы бойынша бала мазасыз, жылауық және ұйқысы нашар болған. Кейде «көгеріп» кеткенге дейін жылау ұстамалары болған. Бала бақша тәрбиелеушілері оны қиын бала қатарына қосқан. Өте қозғалғыш, төбелес құмар болған. Өз құрдастарымен керісіп қалған жағдайда қатты айқайлап тырнап, тістеп алуға дейін баратын болған. Ескерту берген жағдайда еденге құлап, басын жерге ұрып және т.б. қылықтар көрсеткен. Үйде де осындай жағдайлар болған. Мектепке 7-жасында барған. Бастауыш кластарында үлгерімі нашар болған. Мұғалімдер интеллектуальды қасиеттері жаман емес, бірақ бір орында отыра алмайтын, сезімтал, ренжігіш бала ретінде мінездеме берген. Басқа оқушылармен басы қосылмайды, төбелеске шатасқан, осы себептен анасы мектепке бірнеше рет шақырылған. Бос уақытында өзінен кіші балалармен ойнаған. Осы кезеңдерде әкесінің алкоголизміне байланысты семьядағы қарым-қатынас нашарлай түскен. Әкесі мас болып әйелін, баласын сабап және оларды бірнеше рет үйінен қуып жіберген жағдайлар да болған. Науқас шешесімен бірге өзін бірнеше жыл тәрбиелеген әжесінің қолына кетуге мәжбүр болды. Аурудың бұзақылығы жоғары кластарда күшейе берген. Мұғалімдерге қарсы сөйлеген, сабақ кезінде басқа іспен айналысып отыратын болған, ескерту берсе орнынан тұрып есіктен шығып жүре беретін болған. Тәртібі жөнінде көп ескерту берген биология пәнінің мұғалімін өте жек көрген. Осы оқытушының бір ескертуінде ол орнынан тұрып, бөлме терезесін сындырған және үйірменің асыранды теңіз шошқасын басқа оқушылар алдында тұншықтырған. Науқас мұғалімдердің нариза келбеттерін көргенде үлкен ләззат алғандығын айтады. Осыдан кейін мектептен шығарылған, білімін ПТУ - да жалғастырған. Осы кезеңде анасы әкесімен қайта қосылған, әкесі бірден 14-жасар ұлын ішкілікке әуестендірген. Өзінің бос уақытын ауладағы бұзақылар арасында өткізген. Осы кезеңде аса ұшқалақ, төбелес құмар, ашушаң болып кеткен. 15 жасында оқушы балалардан ақша бопсалағаны үшін милиция есебіне алынған. Үйіне жиі мас болып келіп анасына қол жұмсаған және әкесіне өлтіремін деп ұмтылған.
Сексуальды әуестігі аса айқын болған. 14 жасынан бастап кезеңмен анонизммен айналысқан. 15-жасынан бастап жыныстық қатынасқа түскен. 16- жасында өзіне ескерту жасаған қарт кісіні соққыға жығып 3-жылға бас бостандығынан айырылған.
Мерзімін өтеп шыққан соң автобазада шофер болып жұмыс істеген. Жұмысында әкімшілік мүшелерімен қақтығысып, басқа жұмысқа ауысуға мәжбүр болған. Соңғы бесжылдықта 4- жұмыс орнын ауыстырған. Қазіргі уақытта гаражда слесарь болып жұмыс істейді.
1975 жылы үйленген, жарына сүйіп қосылған, 3-жасар қызы бар. Соңғы кездері маскүнемдікке салынып, тітіркенгіштік, ашушаңдық күшейген. Жанұясында ұрыс - керіс жиілеген. Әйелі мен анасының өтінішімен науқас клиникаға келіп түскен.
Соматикалық жағдайы: орта бойлы, дене бітімі - атлетикалық, аздап дене салмағы басым. Ішкі мүшелерінде патология жоқ.
Неврологиялық статусында бас миының органикалық бұзылысының белгілері байқалмайды. Вегетативті лабильділік, возомоторлық реакциялардың жеңіл көрінуі, алақан, табан гипергидрозы, қызыл дермографизм байқалады. Бас сүйегі рентгенограммасында және көз түбін зерттегенде патологиялық өзгеріс жоқ.
Психикалық жағдайы: науқастың уақыт, орын, өзіндік тұлғасы бойынша бағдары дұрыс. Сөйлескенде құнықсыз жауап береді, өзін сақ ұстайды. Жауаптары біртекті. Кезеңмен жандана түседі, өзінің тітіркенгіштігі, ашушаңдығы, ұстамсыздығы жөнінде белсенді әңгімелейді, өзін электрлеп қойғандай, бір сөз айтылса болды төбелеске ұмтыламын дейді. Өзінің әйелі мен анасы жөнінде тітіркене еске алады, олар өзін түсінбейді, әдейі менің ашуымды шақырады деп есептейді. Өзінің маскүнемдігін «аз ғана бой сергіткім» келеді деп түсіндіреді. Жұмысындағы нашар қатынасты оның өткен шағындағы асоциальды жүріс-тұрысына байланысты қалыптасып қалған қатынас деп қарайды. Өзін өз ісіне жауап бере алатын адам деп санайды, бірақ біршама ұстамсыздық және шамадан тыс ашуға берілу өміріме кедергі келтіреді дейді.
Асоциальды қылықтарына байланысты сұрақтар қойылғанда, қызарып қозып, дөрекі түрде жауап беруден бас тартады. Бөлімшеде алкоголизммен зардап шегетін науқастармен араласады. Кейде аурухана тәртібін сақтамай, медицина қызметкерлерімен шатасып қалады. Бақылау бөлмесіне жіберілген кезде агрессия көрсетіп, санитарға қол жұмсаған. Клиникаға келгеннен бері продуктивті психопатологиялық симптомдар байқалмаған. Интеллектуальды бұзылыстар байқалмайды. Өз жағдайына сыни көзқарас төмен. Кезекті қақтығыстан кейін өзінің табанды сұранысы бойынша ауруханадан шығарылған.
Дата добавления: 2015-10-20 | Просмотры: 3498 | Нарушение авторских прав
|