Алкоголизм этиологиясы мен патогенезі
Соңғы жылдар зерттеулері алкоголизм этиологиясын әлеуметтік, психологиялық және физиологиялық факторлардың жиынтықты әсерімен байланыстырады. Алкоголизм этиологиясында сонымен қатар, алкогольге көзқарас мотивациясын анықтап қана қоймай, аурудың дамуына да әсер ететін преморбидтік мінез-құлық сипаты да маңызды рөл ойнайды.
Алкоголизмнің дамуында микросоциальдық ортаның, онда белгілі бір «алкогольды климаттың» болуы аса маңызды. Микросоциальды ортаның салттары мен әсері тек алкоголь қабылдауға көзқарас түзілуіне ғана емес, тұлға түзілуіне де әсерін тигізеді. белгілі бір тұлғалық ерекшеліктер өз кезегінде индивидумды алкоголизм даму қауіпіне азды – көпті дәрежеде бейім етеді. Алкоголизмнен зардап шегетін адам тұлғасы жетілмеген, әлеуметтік бейімделуі жеткіліксіз және тұлға аралық қатынастар түзуге қабілеті төмен болып табылады. Мұндай тұлғалық ерекшеліктерді қазіргі уақытта тұқым қуалаушылықпен немесе тәрбиедегі ақаулар нәтижесімен түсіндіреді. Компенсация мақсатында мұндай тұлғалар өз жағдайларын өзгерту үшін жиі психоактивті заттарды қолдануға ұмтылады.
Алкогольді шектен тыс қолданатындар әрекеттерінің екі мотивациясын ажыратады: бірінде алкоголь релаксация шақырады, ал екіншілерінде – эйфория, қанағаттану сезімін шақырады.
Алкоголь адам организміне әсер еткенде филогенез және онтогонез үрдісінде қалыптасқан реакциялар кешені көрініс береді, ол ең бірінші кезекте қорғаныстық, сонан соң бейімдеушілік реакциялары болып табылады. Осыған байланысты алкогольді шектен тыс қолданбайтын адамдардағы мастанудың клиникалық көрінісі сияқты ағзаның мастануға алғашқы реакциясы адамның қорғаныс реакциясын көрсетеді және алғашқы сағаттарда улану синдромы түрінде көрініс береді: ұйқышылдық, ал кейде керісінше психикалық қызметтің қозуы, айқын жүрек-қантамырлық бұзылыстар және асқазан-ішектік патология симптомдары (құсу, диарея). Алкогольдың үлкен мөлшерін қабылдағанда есеңгіреу, сопор, тіпті кома бақылануы мүмкін. Алкогольді шектен тыс қолдануды одан әрі жалғастырғанда ағзаның уақытша оған бейімделуі байқалады, ол артынан көптеген жүйелер мен мүшелер қызметінің декомпенсациясына алмасады. Әртүрлі клиникалық көрініспен жүретін алкоголизмнің негізгі себебі алкогольді салынып ішу болып табылады. Алкогольді қабылдау жүйкелік импульстардың берілуін қамтамасыз ететін биогенді аминдер алмасуына әсер етеді және липидтердің асқын тотығуын күшейте отырып мидағы метаболикалық үрдістердің ағымын бұзады. Алкогольге дертті тәуелділіктің, соның ішінде, психикалық және физикалық тәуелділіктің қалыптасуында мидың опиатты рецепторлары мен эндогенді пептидтердің маңызды рөлі анықталды. Алкогольдің метоболизмі ерекшеліктері мен толеранттылық деңгейін анықтайтын алкогольге генетикалық бейімділіктің рөлі анықталды. Бұл жерде биологиялық факторлардың, және де адам өміріндегі қосымша патогенді әсерлердің де маңызы зор деп есептеледі.
Алкоголизм кезіндегі патоморфологиялық өзгерістер
Ұзақ жылдарға созылған алкогольді интоксикация адам ағзасының әртүрлі жүйелері мен мүшелерінде әртүрлі патоморфологиялық өзгерістер шақырады. Бұл кезде әсіресе жүйке жүйесі және ерекше бас миы зардап шегеді.
Бұл патология бүкіл жүйке жүйесіне таралған диффузды, сонымен қатар ошақты да болуы мүмкін (эпендима астына, ІІІ қарынша түбіне, мидың су түтігіне қан құйылулар).
Жүйке жасушаларының некрозы және жоғалулары нәтижесінде үлкен ми қыртысының цитоархитектоникасы бұзылады, ол басым 3-4-5 қабатта аралшалар түріндегі жасушаларда болады, олар патологиялық өзгерген қантамырлармен байланысқан және маңдай бөлігінде аса айқын.
Жүйке жасушалары дистрофияланып өзгеріп, гипоксия құбылысы айқын болады. Кейбір нейрондарда ядро атрофиясы, лизисі байқалып, нейрондардың күйреуі байқалады. Глиялардың пролиферативті реакциялары анықталады.
Мишықта, сопақша мида, қыртыс асты түйіндерде, көру төмпешігінде, құйрықты денеде және бұршақ тірізді ядрода дистрофиялық және атрофиялық өзгерістер болады. Ми бағанасында және жұлында жүйке талшықтары ыдырайды, нерв талшықтары, ең алдымен қозғалыс нерв талшықтары патологиялық өзгеріске ұшырайды.
Микроскопиялық зерттеулер мәліметі бойынша, қантамырлар зақымдануы байқалады: қантамыр қабырғаларының склерозы, гиалинозы және қалыңдануы, нейрондар дистрофиясы түрінде.
Морфологиялық өзгерістер ішкі мүшелерде де байқалады және миокардтың майлы инфильтрациясы, бауырдың майлы қайта түзілуі түрінде көрінеді.
Морфологиялық зерттеу кезінде жүректе ошақты «зақымдану» түрінде көрінетін миокард қантамырлары мен бұлшықет талшықтарының өзгерістері байқалады, ол алкогольдік миокардиодистрофияның негізін қалайды және алкоголизм кезінде жүрек жеткіліксіздігі дамуына морфологиялық субстрат болып табылады.
Емі
Алкоголизммен науқастардың емі олардың реадаптациясымен және реабилитациясымен тығыз байланысты.
Алкоголизм – науқастың өзі, оның туыстары, жақындары және қоғам зардап шегетін ауру. Алкоголизммен зардап шегетіндерді емдеу психиканың алкогольдік өзгерістерін, деградацияны ескере отырып (сын көзқарастың төмендеуі және т.б.) науқаста емделуге талпыныс болмаған жағдайда да жүргізілуі керек. Дәрігер науқасқа өз еркімен емделудің қажеттігін науқас санасына жеткізу үшін көп күш жұмсап, психотерапиялық әсер көрсетуі қажет және емделгеннен кейін алкогольді қолданудан абсолютті түрде бас тартуына ықпал етуі керек. Қажет жағдайда дәрігер науқастың туыстары, достары және қызыметтестерінің көмегін іздеуі керек. Емді мүмкіндігінше ерте бастау қажет.
Кейде науқасқа күштеу, мәжбүрлеу қолданған дұрыс, ем барысын қатаң сақтау қажеттігін айту керек және ем қабылдаудан бас тартқан жағдайда қоғамдық жаза қолдану мүмкіндігімен қорқыту да қажет. Барлық шараларды микросоциальды ортаны сауықтырумен қатар жүргізу керек.
Науқастың өз жағдайына сын көзқарасы төмендегенде немесе болмағанда, ал алкоголизация және асоциальды жүріс-тұрыс аса айқын болса күштеп емдеу қолдануға қажеттілік туады.
Созылмалы алкоголизммен науқастар тұрғылықты жері бойынша денсаулық сақтау жүйесінің емдік- профилактикалық мекемелерінде арнайы емнің толық курсын өтулері керек. Емдеуден бас тартатындарға, қоғамдық тәртіпті бұзғандарға ішкі істер Министрлігі жүйесіндегі емдік-еңбектік профилакторияларында күштеп емдеу және еңбектік тәрбие жүргізіледі.
Алкоголизммен науқастарды емдеу кешенді (қолданылатын емдеу әдістерін ескере отырып), индивидуальды (тұлғалық ерекшеліктерді, алкоголизм сатысын және соматоневтрологиялық статусын есепке ала отырып ), ұзақ және үздіксіз (аурудың патогенетикалық механизмдерін есепке ала отырып) болуы керек.
Алкоголизммен науқастар емінің схемасы
І. Психотерапиялық әдістер және микросоциальды ортаны өзгертуге бағытталған әдістер.
ІІ. Медикаментозды терапия:
1. Дезинтоксикациялық терапия.
2. Седативті терапия.
3. Ішкі ағзалардың қызыметін қалыпқа келтіретін терапия.
4. Сенсибилизациялаушы терапия.
5. Шарттырефлекторлы терапия.
Алкоголизммен науқас емі науқастың өз дертін саналы түсінуіне, оның бұрынғы қоршаған ортасына қарым-қатынасын қайта құруға, ал кейде алкоголь қолдануды толықтай болдырмайтын тұлға өмірінің бүкіл мәнін өзгертуге бағытталуы керек. Бұл психотерапияның әртүрлі әдістерімен және микросоциальды ортаны өзгертумен іске асырылады.
Дәрілік терапия алкогольге әуестікті демеп тұратын патогенетикалық механизмдерді қайта құруға бағытталған. Оған кальций тұздарын, әсіресе кальций хлоридін, глицерофосфатты, магний сульфатын қолдану арқылы қол жеткізуге болады. Бұлар тек тұз алмасуын қалпына келтіріп қана қоймай, сонымен қатар эмоциональды кернелісті басып, седативті эффект көрсетеді. Инсулинің аз мөлшерін тағайындау алкогольдың толық жанбау өнімдерінің тотығуын жылдамдатуға ықпал етеді. Глутамин қышқылының препараттарының қолдану ГАМҚ метоболизмін белсендендіреді және аминқышқылдардың бұзылған алмасуын қалпына келтіреді.
Сонымен бірге психикалық үрдістерді реттеу қажет, ол үшін психотерапиямен қатар жеңіл транвилизаторларды тағайындау керек: кернеліс күйін, жабырқауды, үрейді жоятын седуксен, тазепам, грандаксин.
Ішкі мүшелердің бұзылған қызметін қалыпқа келтіруге және ағзадағы витаминдік құрамды, әсіресе В тобының витаминдерін қалпына келтіруге ықпал ететін ем тағайындалады.
Нақ алкогольге қарсы дәрілік терапия, оған жиіркеніш сезімін тудыруға, ағзаның оған сеңсибилизациялануына бағытталған. Алкогольге жиіркеніш сезімін шартты рефлекс туындату тәсілімен шақырады. Жиі апоморфинотерапия әдісімен алкогольге деген жүрек айну - құсу реакциясын туғызады. Науқастың тері астына құсу шақырғанға дейін 0,2 ден 1,5 мл-ге дейін 1 %-дық апоморфин ерітіндісін енгізеді (мөлшерін күн сайын 0,1 мл-ге көбейтіп отырады). Құсуға жақындағанда науқасқа 50 мл алкогольді ішімдік береді. Ем алкогольге шарттырефлекторлы құсу реакциясы берік қалыптасқанға дейін созылады.
Алкогольге ағзаның сенсибилизациялануына антабус (антэтил, тетурам және т.б.), кальций карбамиді цитраты, метронидазол, фуразолидон және басқа препараттарды қолдану арқылы қол жеткізіледі. Тетурам - алкогольге сенсибилизациялайтын аса кең тараған препарат. Оның әсері тетурамның (антабус) адам ағзасында алкоголь метаболизмінің қалыпты (тотығуын) үрдісін ацетальдегид сатысында үзуіне негізделген. Организмде жиналған ацетальдегидтің токсикалық әсері тетурамалкогольдік реакция пайда болуына алып келеді: тері жабындысының қызаруы, тыныс пен жүрек соғысының жиілеуі, артериалдық қан қысымының төмендеуі, үрей және қорқыныш сезімдерінің пайда болуы және т.б.
Антабуспен емдеуге төмендегідей қарсы көрсеткіштер бар: полиневриттер, ІІ-ІІІ сатыдағы гипертониялық ауру, ауыр қантамыр аурулары, бауыр циррозы, жаңа пайда болған және тіндердің ыдырауы сатысындағы туберкулез, процессуальды психикалық аурулар.
Эфект ұзаққа созылуы үшін антабуспен курсты ем жүргізіледі, ем күніне 0,25-0,5 г дозадан басталып, емнің 3-5 күндерінде антабусты-алкогольдік сынамалар (30-50мл арақ беріледі) жасалады. Емнің бір курсы 3-5 ретке дейін сынамадан тұрады. Кейін науқасты күніне 0,5-0,25 г антабус мөлгерімен сүйемелдеуші терапияға ауыстырады.
Алкогольге қарсы емнен кейінгі ремиссия ұзақтығы туралы авторлардың арасында ортақ пікір жоқ. Ол әртүрлі факторларға тәуелді. Дұрыс ұйымдастырылған ем және медико-әлеуметтік бақылау алкоголизм кезіндегі терапиялық ремиссиялардың мерзімін едәуір ұзартады.
Дата добавления: 2015-10-20 | Просмотры: 1729 | Нарушение авторских прав
|