АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология

Дерматиттер

Дерматит – деп қоршаған ортадан физикалық және химиялық ықпалдардың тікелей әсер еткен жерлерінде ғана дамитын тері қабынуын айтады. Бұл ықпалдардың жалпы организмге әсер етулерінен пайда болатын терінің салдарлық бүліністерін дерматоздар дейді.

Дерматиттердің этиологиясы мен патогенезі. Дерматит механикалық және физикалық (қажалу, қасыну, баздану, ыстық немесе суық температуралар, электр қуаты, ультракүлгін сәулелер, иондағыш радиация), үй тұрмысында және өндірістік жағдайларда кең тараған химиялық (қышқылдар, сілтілер, никель, скипидар т.с.с.) ықпалдардан дамиды. Дерматит қарапайым және аллергиялық болып ажыратылады. Қабыну туындататын ықпалдың әсерінен барлық адамдарда бірдей дамитын дерматитті қарапайым дерматит дейді. Ал, қабыну туындататын ықпалға иммундық сезімталдығы көтеріңкі адамдарда аллергиялық дерматит пайда болады.

Қарапайым дерматит эпидермис жасушаларын уытты заттардың тікелей бүліндіруінен бірден дамиды. Бұл кезде оларда некробиоздық өзгерістер пайда болады. Аллергиялық дерматит сенсибилизация дамуына әкелген қоздырғыш қайталап әсер еткеннен кейін 5-6 күннен кейін немесе бірнеше апта ішінде байқалады. Бұл жағдайларда дерматиттің дамуы сезімталдығы көтерілген Т-лимфоциттердің және макрофагтардың қатысуымен дамитын аллергиялық серпілістердің IV-түрінің патогенездік жолымен болады.

Аллергиялық дерматит дамуына әкелетін көптеген химиялық заттар, тері нәруыздарымен байланысқаннан кейін ғана толық антигенге айналатын, гаптендерге жатады. Бұл кезде лейкоциттердің функциялық белсенділігі көтеріледі. Дерматиттің даму қарқыны организмнің иммундық реактивтілігінің бұзылыстарына байланысты болады. Аллергиялық дерматиттің ошағында және оның айналасында ауыру сезімі және жылуды сезетін сезімталдық азаяды, тұрақты электр қуатына терінің кедергілік қасиеті және қылтамырлардың төзімділігі төмендейді, мүйізгек қабаттың өткізгіштігі артады. Кейде дерматит даму алдында организмнің қорғаныстық серпілістерін азайтатын әртүрлі дерттер (тұмау, тонзиллит т.б.) болған жағдайларда ол тез арада және өте қарқынды түрде өтеді. Организмде сенсибилизация дамуына:

● аллергиялық серпілістерге тұқым қуалайтын бейімділік;

● эпителийдің мүйізгек қабатының тұтастығы бұзылуы;

● терінің тосқауылдық қызметін бұзатын, аллергендерге өткізгіштігін арттыратын тері бетінің сілтілік қасиет қабылдауы;

● атмосфералық ауаның температурасы мен ылғалдылығы көтерілуі - қолайлы ықпал етеді.

Қабыну туындататын зат, терінің белгілі жеріне ғана әсер еткеніне қарамай, тұтас терінің сезімталдығын көтереді. Жорамалданған химиялық аллергенге терінің көтеріңкі сезімталдығын анықтау үшін сол аллергенмен сынамалар жасалынады.

Дерматиттер өту қарқыны бойынша жіті, жітілеу және сүлде болып ажыратылады.

Қарапайым дерматит тітіркендіргіш әсер еткен жерде ғана шектеліп, айналасына тарамайды. Тітіркендіргіштің әсері тоқталғаннан кейін қабыну біртіндеп жоғалады. Аллергиялық дерматит аллергенмен жанасу тоқтамаған жағдайда біртіндеп экземаға айналады, айналасына және терінің басқа бөліктеріне жайылады. Терінің бастапқы ошақтан алыс жерлерінде екіншілік аллергиялық бөртпелер пайда болады, қабыну ұзаққа созылатын және қайталанатын сүлде түрге ауысады. Экземалық үрдістердің қайталануы дерт туындатқан аллергеннің әсері тоқталғаннан кейін де пайда болуы мүмкін.

Дерматиттердің жіктелуі. Пайда болу себептеріне қарай:

● физикалық ықпалдардан дамитын дерматиттер; ол өз алдына:

√ механикалық немесе жарақаттық;

√ сәулелік;

√ электр қуатынан дамитын;

√ ыстық немесе суық температурадан дамитын - болады;

● химиялық ықпалдардан дамитын;

● өсімдіктердің әсерінен дамитын – болып ажыратылады.

Механикалық ықпалдардан дамыған дерматитті жарақаттық дерматит деп атайды. Ол терінің қажалуынан, мүйізгектенуінен, базданудың кейбір түрлерінен, сонымен қатар бала емізетін әйелдерде емшек ұшының жарылуынан байқалады. Терінің шектелген бөліктерінің қажалуы тар аяқ киіммен, белдікпен, протезбен т.с.с. ұзақ қысылуынан немесе үйкелуінен дамиды. Жіті қажалудың нәтижесінде терінің шектелген қызаруы мен ісінуі, қажалған жердің қызуы және ауырусынуы болады. Егер әсер еткен ықпал созыла берсе, онда қызарған жерде дөңгелек немесе әртүрлі пішінді, ішінде таза сірнелі немесе қан араласқан сірнелі жалқығы бар, күлдіреуік пайда болады.

Жер қазатын адамдарда, киім тігетін шеберлерде, етікшілерде, шаштараздарда алақанның терісі жұмыс істейтін құралдармен немесе аяқ терісі тар аяқ киіммен ұзақ үйкелуінен мүйізгектену (гиперкератоз) дамиды. Мүйізгектену адамның кәсібіне қарай әртүрлі жерлерде орналасады. Мәселен, ағаш шеберлерінде алақан мен саусақтардың терісінде, етікшілерде тізе терісінде, скрипка тартатындарда сол қолдың саусақ ұштарында және иекте т.с.с. Бұл кезде тері мен оның мүйізгек қабаты қалыңдап, гиперкератоз дамуынан қалыпты терінің бетінен жоғары шығып тұрады.

Тері және тұтас организм бөліп шығараратын сұйықтардың көптігінен терінің өзара үйкелетін беттерінде және оның қатпарларында дамитын суланып қабынуды баздану дейді. Баздануға теріден көптеп тер және майлардың бөлінуі, несепті ұстай алмау, әйелдерде ақкір көптеп шығарылуы әкеледі. Башпайлардың арасы, шаптың қатпарлары, қолтық асты, емшек асты, толық адамдарда іш терісі мен мойын қатпарлары терлеуден қызарып, базданады және жарылып сызаттанады. Ауыр жағдайларда эпидермистің мүйізгек қабаты сыдырылып, суланып тұратын үлкен жалақ жаралар пайда болады. Жаңа туған нәрестелерде зәрі мен нәжісі жаялықпен үйкеленуінен алғашқы күндері сандарының ішкі жақ және бөксесінің, шабының терісі базданады. Осыдан дамитын дерматитті жаялықтан дамыған дерматит дейді. Оған артынан екіншілік жұқпалар қосылады. Эксудаттық диатезбен, аллергиялық дерматозбен, диспепсиямен ауыратын жас балаларда баздану жиі байқалады.

Баздану артынан жұқпалармен (жиі стрептококктармен, кейде кандида түрлес майда саңырауқұлақтармен) ушығады. Кейін жұқпаланған баздану микробтық экземаға ауысуы мүмкін.

Емшек ұшының жарылуы әйел босанғаннан кейін алғашқы күндері және айлар ішінде байқалады. Ол әртүрлі себептерден дамиды. Солардың ішінде емшек ұшы терісінің нәзіктігі, бала емізу кезінде емшек ұшын дұрыс күтпеу т.б. жағдайлар маңызды. Емшек ұшының жарылуы жұқпалармен ушығуынан оның ісінуі, қызаруы, жаралардың пайда болуы байқалады. Жарылу терең қабаттарға жетуінен емшек ұшының қанауы болады. Жарылуға жұқпалар қосылуы артынан мастит дамуына әкеледі.

Сәулелік дерматиттер ультракүлгін, иондағыш сәулелердің әсерлерінен дамиды. Олардың пайда болуы бұл сәулелердің әсер ету ұзақтығынан, оларға терінің даралық сезімталдығынан байланысты болады. Күн сәулесіне күюден 2-4 сағаттан соң тері жайылып қызарады және ісінеді, адам күйген терінің қызуы мен тырысуын сезінеді. Ауыр жағдайларда қабынған теріде, ішінде сірнелі немесе қан араласқан сірнелі жалқыққа толған, күлдіреуіктер пайда болады. Артынан олар жарылып, ауыратын жалақ жараларға айналады. Осындай жағдай ультракүлгін сәулелер шашырататын өндірістік жағдайларда да болады.

Рентген, альфа-, бета-, гамма- және нейтрон сәулелерінен радиациялық дерматит дамиды. Балалардың терісі ересек адамдарға қарағанда, әйелдердің терісі еркектерге қарағанда сезімтал келеді. Бұл сәулелердің әсерінен мойынның, қолтықтың және шаптың терісі, кеуде мен беттің терісіне қарағанда, тезірек бүлінеді. Иондағыш сәуленің қарқыны тым артық болғанда дерматит тез пайда болады және ұзаққа созылады. Бұл сәулелердің әсерінен шаш түседі, тырнақтың бүліністері байқалады. Терінің бүліністері қызарумен (эритемамен), үлкен терең күлдіреуіктердің пайда болуымен, жұқпалардың қосылуынан іріңдеуімен және некроз дамуымен көрінеді (-сурет).

Электр қуатынан дамитын дерматит екі жағдайда пайда болуы мүмкін. Біріншісі дененің электр өткізгішімен тікелей түйісуінен, екіншісі электр доғасының жалыны әсер етуден. Соңғы жағдайда өте ыстық температураның әсерінен ауыр күйік дамиды.

Бірінші жағдайда түйісетін электр жарақатынан электр дәрмені денеге кіріп шығатын жерлерінде теріде электр таңбалары пайда болады. Олар ақсұр немесе ақсары түсті тығыз қабыршақтар түрлерінде көрінеді.

 

-сурет. Иондағыш сәулелердің әсерінен дамыған дерматит, ойық жаралық-некроздық сатысы.

 

Электр таңбасының сыртқы пішіні электр өткізгішінің пішініне сәйкес келеді. Бұл таңбаларда ауыру сезімі және олардың айналасында қызару байқалмайды. Қабыршықтардың айналасында кейде эпидермистің теріден ажырауы болады. Электр ұшқындарының әсерінен шектелген күйік ошақтары пайда болады.

Найзағай түсуінен денеде, тері тамырларының салдануынан, ағаш бұтақтарына ұқсаған қызыл жолақтар пайда болады. Электр қуатының кернеуі 1000 вольттан асқанда III-IV дәрежедегі ауыр күйіктер дамиды. Электр жарақатына тән құбылыс болып, теріге ыстық температураның әсерінен газдық күйге ауысқан металдардың теріге еніп кетуі есептеледі. Электр қуатынан дамыған дерматит кезінде қан тамырларының кеңеюі болмайды, терінің сыртқы қабаттарында олар қан қатпаларымен бітеледі. Бұл кезде электр ағымы өте сала терінің жүйкелері ауыр өзгерістерге ұшырайды. Жүйке талшықтары біртекті затқа айналып, ыдырайды және толығынан жоғалып кетеді.

Ыстық немесе суық температуралардан дамитын дерматиттер күйік және үсік кездерінде байқалады. Бұл ықпалдардың әсерінен қабыну дамуынан оның медиаторлары (гистамин, серотонин, брадикинин, простагландиндер т.б.) қан тамырларын кеңітеді, олардың қабырғаларының өткізгіштігі көтеріледі. Содан күйік және үсік терінің қызаруымен, күлдіреуіктердің пайда болуымен және некроз дамуымен сипатталады.

Химиялық дерматиттер әртүрлі химиялық заттардың теріге тікелей әсерлерінен дамиды. Бұндай химиялық заттар киім тігуге арналған жасампаздық жолмен алынған талшықтарда, әсемдік бұйымдарда, кір жуатын ұнтақтарда, бояуларда, дәрілерде және өндірістік жағдайларда кездеседі. Соғыс кездерінде қолдануға қауіп төнетін теріні талаурататын улы заттар (иприт, люизит т.б.) теріде жайылған эритема, майда күлдіреуіктер және ойық жаралық-некроздар пайда болуымен көрінетін қабынулар дамытады.

Кәсіби дерматиттер қарапайым және аллергиялық түрлерде болады. Қарапайым дерматиттер бейорганикалық және органикалық қышқылдардың, сілтілердің, органикалық еріткіштердің (ацетон, бензин,, керосин, хлороформ, толуол, ксилол т.б.) тікелей теріге әсер етулерінен дамиды. Қышқылдар мен сілтілердің әсерлерінен қабыршықтанумен көрінетін коагуляциялық некроз байқалады. Бұл қабыршықтар сыдырылғанда орнында ойық жара пайда болады. Артынан ол тыртықтанып бітеді. Еріткіштердің ұзақ әсер етуінен тері құрғайды, түлейді және жарылады. Кейде бұлар организмнің сенсибилизациясын туындатады. Күшті аллерген болып скипидар есептеледі. Аллергиялық дерматит құрамында VI-валентті хром бар цементпен жұмыс жасағанда пайда болады. Ол тез арада экземаға ауысады. Никельдің қоспалары терінің сезімталдығын көтереді. Содан аллергиялық жанасулық дерматит дамиды.

Дәрі-дәрмектерді теріге жағудан науқас адамдарда, медицина қызметкерлерінде, дәрі-дәрмек өндірістерінде істейтін жұмысшыларда жанасулық дерматиттер байқалады. Олар аллергиялық серпілістердің сезімтал Т-лимфоциттер мен макрофагтардың қатысуымен өтетін IV-түрінің патогенездік жолымен дамиды.

- сурет. Стрептомициннің әсерінен дамыған аллергиялық дерматит.

 

Кейде антибиотиктерден дамыған аллергиялық дерматит ауыр түрде, қатты қышынумен, есекжем, анафилаксиялық сілейме дамуымен қабат-тасады. Новокаин, сынап қосындылары, хинин, сульфаниламидтер, антибиотиктер т.с.с. дәрілердің әсерінен дерматиттер жиі дамиды. Теріге бірнеше мәрте йод тұндырмасын жағудан күйік пайда болып, қарапайым дерматит дамуы байқалады.

Әсемдік бұйымдарды (шаш, кірпік, тырнақ бояулары, ерінге жағатын помада, иіс судың кейбір түрлері т.б.), кір жуатын ұнтақтарды пайдаланғанда, өсімдіктерді жәндіктердені және зиянды майда саңырауқұлақтардан қорғайтын хлорорганикалық заттарды (дихлорди-фенилтрихлорэтан, гексахлоран, симазин т.б.) қолданғанда терінің аллергиялық қабынулары пайда болуы мүмкін. Бұл кездерде де теріде эритема, ісіну, эксудация дамуы байқалады. Хлорорганикалық заттарды бірнеше қайталап қолданудан дерматит экземаға ауысады.

Өсімдіктерден дерматит дамуы теріге өсімдіктің химиялық ықпалы физикалық (күн сәулесі, үйкеліс сияқты) ықпалдармен қосарласып әсер етуінен болады. Қалақай т.б. өсімдіктердің химиялық заттары теріні тікелей күйдіреді. Басқа өсімдіктердің химиялық заттары сезімталдығы жоғары теріде қабыну туындатады. Кейбір өсімдіктер терінің күн сәулесіне сезімталдығын көтеріп (фотосенсибилизаторлар болып), фотофитодер-матиттер дамытады.

Бұл дерматиттердің көріністері біріне-бірі ұқсас болып келеді. Тері қызарып, қатты қышыйтын және қыздыратын қышыма бөртпелер пайда болады. Қайта-қайта қасудың нәтижесінде оларға екіншілік жұқпалар қосылады.

 


Дата добавления: 2015-09-27 | Просмотры: 2538 | Нарушение авторских прав







При использовании материала ссылка на сайт medlec.org обязательна! (0.006 сек.)