АЛЛЕРГИЯ 7 страница
● организмнің дербес (вегетативтік) жүйке жүйесінің өзара қатынасы бұзылуы; осыдан парасимпатыкалық жүйке жүйесінің межеқуаты көтеріліп, β2-адренергиялық жауап қайтарудың төмендеп кетуі;
● лаброциттер мен базофилдердің өз беттерінше ешбір себепсіз немесе әртүрлі иммундық емес түрткілерге (уыттарға, протеазаларға, дәрі-дәрмектерге, тағам өнімдеріне) жауап ретінде көптеп биологиялық белсенді заттар (гистамин, серотонин, простагландиндер т.б.) босатып шығару қабілетінің артып кетуі;
● қанда эозинофилдер көбейіп, олардың шырышты қабықтарда шоғырлануы – маңызды орын алады.
Жіті есекжем немесе сүлде есекжемнің ушығуы кездерінде қанда кининаза ферментінің белсенділігі төмендейді. Қатты шаршаудан, жан-дүниелік күйзелістерден, физикалық ықпалдардан дамыған есекжем даму жолдарында ацетилхолин қатысады.
Есекжем теріге сыртқы ықпалдардың тікелей әсер етуінен дамығанда қан тамырларының өзгерістері бұл ықпалдардың (мәселен, жәндіктер шағуы кездеріндегі уыттардың) алдымен эпителий қабатына және оның жүйкелік рецепторларына, артынан қан тамырларының қабырғаларына тікелей әсерлерінен болады.
Бұл дерт кезінде қан және лимфалық қылтамырлар кеңиді, терінің бүртікті қабатында шектелген ісіну және эпидермисте жасуша аралық ісіну пайда болады. Ісік үлкен көлемге жетіп шелмайға тарауынан квинке ісінуі дамиды. Есекжем кезінде тыныс жолдарының шырышты қабығы бүлінуінен тыныс алу ауырлайды, ұстамалы жөтел пайда болады, асфиксия дамуына қауіп төнеді.
Квинке ісінуі. (H. I. Quincke неміс дәрігері 1842-1922) – тері астындағы шелмай мен шырышты қабықтардың белгілі жерге орнығып немесе жайылып аяқ астынан ісінуі. Оны есекжемнің бір түрі ретінде қарайды. Сондықтан Квинке ісінуін алып есекжем деп те атайды. Бұл дертпен ересек адамдар, жиі әйелдер, мен балалар ауырады.
Этиологиясы. Пайда болу себептеріне қарай аллергиялық және аллергиялық емес Квинке ісінулерін ажыратады. Аллергиялық түрінің себептері болып тағамдық және дәрілік заттар есептеледі. Тағамдық аллергендерге жұмыртқа, сыйыр сүті, шоколад, жаңғақ, қызанақ, апельсин, мандарин, лимон, жидектер т.с.с. жатады. Жұмыртқаға аллергия болған кезде организмнің жоғары сезімталдығы жұмыртқаның ағына, сарысына немесе екеуіне бірдей болуы мүмкін. Оған сезімталдығы көтерілген адамдарда ауыр аллергиялық серпілістер (көмейдің қатты ісінуі) тіпті аз жұмыртқа қосылып даярланған тағам жеуден де дамиды. Бұндай адамдарда жоғары сезімталдық тауықтың етіне немесе қауырсынына да байқалады. Балаларда аллергияның көріністері эксудаттық диатез, пилороспазм, ішек түйілуі, құсу түрлерінде, артынан сыйыр сүтін қабылдай бастағаннан соң бірінші аптасында Квинке ісінуі дамуымен байқалады. Бір науқастың өзінде бірнеше аллергендерге сезімталдық көтерілуі мүмкін. Олардың біреуі (мәселен, тағамдық аллерген) Квинке ісінуін туындатса, екіншісі (мәселен, өсімдік тозаңы) бронхиалық демікпенің ұстамасы дамуына әкеледі.
Квинке ісінуі ішек-қарын жолдарының, бауыр мен ұйқыбез ауруларымен ауыратын адамдарда жиі кездеседі. Бұндай жағдайларда ас қорыту ферменттерінің жеткіліксіздігінен тағамдық заттардың ыдыратылуы бұзылудан дерт дамуына әкелетін екіншілі аллергендер пайда болады. Квинке ісінуі пайда болуында организмде сүлде (адамды мазасыздандырмайтын, жасырын) жұқпалардың болуы маңызды орын алады. Бұл жұқпалар организмнің бактерияларға сезімталдығын көтереді.
Дәрі-дәрмектердің ішінде антибиотиктер, ацетисалицил қышқылы, барбитураттар, новокаин, бромидтер, инсулин, емдік сарысулар, екпелер квинке ісінуі дамуына жиі әкеледі. Олардың соңғы екеуінен басқасы, тін нәруыздарымен байланысып, толық антиген пайда болуына әкелетін гаптендерге жатады. Солармен қатар, микробтарды жоятын, кір жуатын ұнтақ заттар, әсемдік бұйымдар, жәндіктерді жоятын заттар, бояулар квинке ісінуін дамытады. Мәселен, урсолмен кірпіктерді бояудан ауыр квинке ісінуі пайда болады. Кейде квинке ісінуі қол жұмысын атқарғаннан кейін дамуы мүмкін. Өйткені физикалық жүктемеден бұлшықеттерде аллергия дамытатын зат алмасу өнімдері түзіледі. Квинке ісінуі деммен түсетін аллергендерге де дамиды. Поллинозбен ауыратын науқастарда өсімдік тозаңдарына бұл дертпен бірге квинке ісінуі де байқалады. Тағамның, әтірдің, иіс судың, бояулардың әртүрлі иістеріне, теріге суық температура әсер етуіне, ара, маса, қандала т.б. жәндіктер шағуына квинке ісінуі пайда болады. Құрттар мен қарапайым жәндіктер организмде болуынан квинке ісінуі дамуы ықтимал.
Аллергиялық емес квинке ісінуі тұқым қуалайтын ауру. Ол ұрпақтан ұрпаққа үстем жолмен тарайды. Бұл кезде науқаста С1-эстераза ферментінің бәсеңсіткіші түзілуін қадағалайтын геннің ақауы болады. Сонымен бірге бұл дерт организмге гистамин және басқа аллергия медиаторлары босап шығуын арттыратын ықпалдарға пайда болады. Өт қышқылының тұздары, кейбір дәрі-дәрмектер және тағамдық заттар осындай ықпал етеді. Ұйқыбезде және ішектердің шырышты қабығында болатын калликреиноген әртүрлі әсерлерден калликреинге айналады. Калликреин қылтамырлардың қабырғаларының өткізгіштігін көтеріп квинке ісінуін дамытады.
Патогенезі. Аллергиялық және аллергиялық емес квинке ісінулерінің даму жолдары әртүрлі. Аллергиялық түрі аллергиялық серпілістердің 1-ші атопиялық түрімен өтеді. Бұл кезде аллергенге жауап ретінде өндірілген антидене IgE мес жасушаларының сыртқы бетіне Fc-бөлшегімен барып жабысады. Артынан аллерген қайталап организмге түскенде ол мес жасушаларының сыртқы бетіндегі IgE-нің Fab-бөлшегімен байланысуынан бұл жасушалардың түйіршіктері сыртына шығарылады. Осыдан қылтамырлар мен майда көктамырлардың жергілікті кеңеюіне және олардың қабырғаларының өткізгіштігі көтерілуіне, қоршаған тіннің ісінуіне әкелетін аллергиялық дәнекерлер (гистамин, кининдер, простагландиндер) босап шығады.
Аллергиялық емес квинке ісінуі дамуында иммундық серпілістер қатыспайды. Бұндай науқастардың қан сарысуында гендік ақаудың нәтижесінде С1-эстераза мен калликреиннің бәсеңсіткіштері азайған болады. Олар α2-нейрамино-гликопротеидтерге жататын нәруыздар. Сондықтан тұрмыстық немесе хирургиялық жарақат т.с.с. ықпалдар комплемент немесе калликреин-кинин жүйелерін жеңіл әсерлендіріп жібереді. Комплемент жүйесі тізбектеліп әсерленуінен С1-эстераза құрылады. Оның бәсеңсіткіші болмаған жағдайда әсерленген С1-эстераза комплементтің С2 және С4-құрамбөлшектерін ыдыратып, кинин тәрізді пептидтер түзілуіне әкеледі. Бұл пептидтер квинке ісінуі дамуында маңызды орын алады. Бұндай науқастардың терісіне калликреин енгізгенде тері қызарып, қатты ісінеді. Сонымен бірге аллергиялық емес квинке ісінуі даму жолдарында протеазалардың басқа бәсеңсіткіштерінің де (α1-антитрипсин, α2-макро-глобулин т.б.) тапшылығы орын алуы мүмкін.
Квинке ісінуі:
● тері астында шелмайдың және шырышты қабықтардың ісінуімен;
● көмейдің ісінуімен;
● ішек-қарын жолдарының ісінуімен;
● жүйке жүйесінің бұзылыстарымен – көрінеді.
√ Еріндердің, қастың, ұрттың, аяқ басының үстіңгі жағының, уманың күтпеген жерден бірнеше сағаттан бірнеше тәулік бойы ісінуі жиірек кездеседі. Бұл кезде теріде қышу сезімі болмайды. Өйткені ісіну тері астындағы тіндерге жайылады да, терідегі сезімтал жүйке аяқшалары қоздырылмайды. Ісіну ауыз қуысының шырышты қабықтарында, жиі тілде, жұмсақ таңдайда, жұтқыншақта, бөбешікте, бадамша бездерде болуы ықтимал. Бұл ісіну қалай тез арада пайда болса, солай тез жоғалып кетеді, бірақ ол қайталануы мүмкін. Кейде ісіну тек бадамша бездердің аумағында ғана болуы ықтимал. Бұл кезде оны шырышты баспа дертімен шатастырады.
√ Барлық жіті квинке ісінуінің 20-25%-ы көмекейдің ісінуімен көрінеді. Ол өте тез байқалады, науқастың тыныс алуы қиындайды, дауысы жоғалып, беті көгілдірленіп кетеді. Бұндай ұстама бірнеше минуттан жарты сағатқа дейін созылады. Артынан ол тоқталады, бірақ тыныс алудың қиындауы және дауыстың қарлығуы әлі біраз уақыт сақталады. Ұстама тоқталғаннан кейін бүлінген тіндер қалпына оралады. Ауыр жағдайларда көмейдің ісінуі үдей түсіп науқастың тұншығудан жан тапсыруына әкелуі мүмкін.
√ Ісіну өңеште, асқазанда және ішектерде болады. Бұл кезде шелмай ісінбеуі мүмкін. Содан квинке ісінуін аңғару қиындайды. Аяқ астынан іштің қатты ауыруы, толастамайтын құсу пайда болады. Құсық құрамында басында тағамдық заттар болса, артынан запыран араласады. Ішектердің ісінген жерлерінен жоғары бөліктері қатты толқи жиырылады және іштің кебуі байқалады. Кейде қатты ісінуден ішек бітелісі болады, ішек қабырғаларының қоректік заттармен қамтамасыз етілуі бұзылады. Ұстама кейде, ішек қабырғаларына қан құйылудан, үлкен дәретке қан араласқан қатты іш өтуімен аяқталады. Ауыр жағдайларда хирургиялық операция жасауға мәжбүрлік пайда болады.
√ Мыйдың, мый қабықтарының, ішкі құлақтың ісінулерінен жүйкенің бұзылыстары, шелмай мен шырышты қабықтардың ісінуіне қарағанда, сирегірек кездеседі. Беттің ісінуі кейде қояншық ауруына ұқсас ұстамалармен қабаттасады. Ол мыйдың сәйкес бөліктерінің ісінуінен дамиды. Сонымен қатар, ісінген мый тінімен көру жүйкесі қысылып қалудан көз көруінің бұзылыстары, бас айналуы, кекештену, гемиплегия байқалуы мүмкін.
Спонгиоз. Эпидермисте қабыну дамуынан тінаралық немесе жасуша аралық кеңістіктерге сұйық жиналып ісінуін спонгиоз дейді. Бұл кезде эпидермистің бүртікті қабаты жасушаларының арасына көптеп сірнелі сұйық жиналады. Содан жасуша аралық кеңістіктер кеңейіп, олардың өзара байланыстары үзіліп кетуінен қуыстар пайда болуы мүмкін. Осы жағдайды везикуляция дейді. Ісінген эпидермис сорғыш зат сияқты болып өзгереді. Эпидермисте жасушалар аралық ісінудің - спонгиоз (грек. spongia-сорғыш зат) аталуы осыдан. Спонгиоз дамуы осмостық қысымның терінің өзіне қарағанда эпидермисте артып кетуінен болады. Өйткені бүлінген эпидермис жасушаларының қабықтары арқылы натрий иондары жасуша аралық кеңістіктерге шығарылады. Эпидермисте бұлыңғыр домбығудан және жасушалардың шамалы көбіктенуінен (везикуляциядан) бастап некроз дамуына дейінгі бүліністік өзгерістер байқалады. Жасуша аралық байланыстар бұзылғанда бір камералы везикула пайда болады. Баяу дамитын ацидоз кезінде жасушалар аралық ісінуден пайда болған везикулалар бірігіп үлкен көп камералы күлдіреуікке (торсылдаққа) айналуы мүмкін. Жасушалардың некрозы нәтижесінде тыртықтанбай бітетін жалақ жара немесе дәнекер тіндерге тарайтын және артынан тыртық қалдыратын ойық жара пайда болады.
Тері семуі (атрофиясы) оның барлық қабаттарының жұқаруымен, онда серпімді талшықтардың, май және тер бездерінің жоғалуымен көрінетін дерт (-сурет). Ол туа біткен және жүре пайда болған себептерден дамиды. Туа біткен тері атрофиясы (анетодермия, грек. anetos-болбыр, солғын және derma-тері) әйелдерде жиірек байқалады және оның этиологиясы мен патогенезі әлі анықталмаған. Жүре пайда болған терінің семуі тұтас организмнің және терінің өзінің кейбір аурулары кездерінде оның бүліністері (мәселен, күйіктен кейінгі тыртық, қабыну, атмосфералық жағымсыз ықпалдар ұзақ әсер етуі т.б.) нәтижелерінде дамиды. Семген тері құрғап жұқарады, қызыл-күлгін немесе ақшыл түс қабылдайды, екі саусақпен қысқанда жеңіл қатпарланады, болымсыз ықпалдан тез жарақаттанады және жарақаттан кейін қалпына келуі нашарлайды. Тері умаждалып жайылған папирос қағазына ұқсайды (Поспелов әйгіленімі), кейде телеангиэктазия байқалады, тер бөлінуі болмайды.
- сурет. Тері атрофиясы
Физиологиялық жағдайда терінің қарттық семуі болады. Ол 50 жастан кейін дененің ашық жерлерінде байқалады.
Аяқ-қолдың, әсіресе қол ұштарының терісі семуінің тұқым қуала-йтын отбасылық түрі белгілі. Оны Готтронның отбасылық акрогериясы дейді. Бұл кезде тері ақшыл-сары түс қабылдап қатпарланады, онда қан тамырлары айқын көрініп тұрады. Қол ұштары толық дамымайды, саусақтары қысқа болады.
Ауыр жұқпалардан кейін немесе жүктілік кезінде әйелдерде, Иценко-Кушинг ауруы немесе синдромы кезінде құрсақ, емшек, санның ішкі жақ т.б. терісінде атрофиялық жолақтар (striae distensae, striae gravidarum) пайда болады. Бұлардың шекарасы айқын көрінеді және ауырмайды, басында олардың түсі қызыл-күлгін болса, артынан ақшыл түс қабылдайды.
Тері гипертрофиясы – оның барлық бөліктерінің көлемі ұлғаюы (-сурет).
- сурет. Терінің ошақты гипертрофиясы
Ол мына жағдайларда болуы ықтимал:
● шораяқтық ауруы кезінде;
● келоид дамуында;
● гиперкератоз дамығанда т.б.кездерде;
Шораяқтық (елефантиаз, орыс. слоновость) лимфа ағып кетуі бұзылыстарынан, басында ұзаққа созылған ісінумен көрінетін, артынан терінің, шелмайдың және шандырларының беріштенген өзгерістері байқалуынан дене мүшелерінің көлемі жайылмалы түрде ұлғаюы (-сурет). Ол негізінен науқастың аяқтарында болатындықтан шартты түрде шораяқтық деуге болады, ал кейде ол жыныс мүшелерінде, қолда, бетте т.б. мүшелерде кездеседі. Пайда болу себептеріне қарай бұл аурудың идиопатиялық (біріншілік) және салдарлық түрлерін ажыратады. Идиопатиялық елефантиаз лимфа тамырларының туа біткен даму ақауларынан жас адамдарда байқалады. Сонымен қатар, тұқым қуалайтын идиопатиялық елефантиаз ауруы болатыны белгілі. Оны алғаш (1892 ж) W. F. Milroy жариялағандықтан Милрой ауруы дейді.
- сурет. Шораяқтық
Әдетте елефантиаз салдарлық ауру ретінде көптеген қабынулық және қабынулық емес аурулардың асқынуынан дамиды. Ол жиі терінің тілме (рожа) дертімен сырқаттанып тұрған адамдарда, кейде терінің, сүйектің, буындардың, лимфалық түйіндердің туберкулезі, лимфаденит, лимфангиит, фурункулез, іншек пен жел ішектің сүлде қабынулары т.с.с. дерттердің салдары ретінде дамуы мүмкін.
Елефантиаз ауруы пайда болуында және дамуында тілме дерті ерекше орында тұрады. Бұл дерт лимфа айналымы бұзылуымен қабаттасып пайда болады және оның әрбір қайталануы лимфа айналымын одан сайын ушықтырады. Кейбір ғалымдардың пікірі бойынша тілме ауруы кезінде және басқа қабынулық аурулар кездерінде шораяқтық пайда болуында лимфалық тамырлардың туа біткен әйгіленбеген бүліністері маңызды орын алады. Тропикалық және субтропикалық мемлекеттердің тұрғындарының арасында шораяқтық дамуы филярий деп аталатын құрттардың әсерінен болады. Бұл құрттар ұзаққа созылатын қабыну дамытады және терінің лимфалық тамырларына өтіп кетіп, қылтамырларын бітеп қалады.
Кейде салдарлық елефантиаз ауруы іштегі ұрықта қағанақ даму ақаулары нәтижесінде пайда болуы мүмкін. Бұл кезде қағанақ дамуының ауытқуынан пайда болған аралық жіпшіктері бала аяқтарының жұмсақ тіндерін орап қысып қалады да лимфа ағып кетуін бұзады. Кейде осыдан ұрықтың аяғы оталып қалуы да ықтимал.
Жоғарыда келтірілген себептерден лимфалық тамырлардың бітелуінен лимфа тінаралық кеңістіктерде ақпай тұрып қалады, мүшенің тұрақты ісінуі болады, тіндерде заттардың алмасуы бұзылады. Бұлар тері астындағы шелмайда басталып біртіндеп үдей түсуінен тері мен шандырларға ауысады. Тін аралық кеңістіктерге кесек молекулалы нәруыздар мен олардың алмасу өнімдері жиналады. Осыдан терінің беріштенуі, қан және лимфалық қылтамырлардың жеткіліксіздігі үдеуі, ісінудің өршуіне әкеледі. Шораяқтық жиі қабынумен ушығады. Оның нәтижесінде терінің, шелмай мен шандырлардың қайтымсыз фиброздық өзгерістері дамиды.
Келоид (грек. kele - өспе, eidos - тәрізді) – теріде дәнекер тіннің (коллаген талшықтарының) өспе сияқты тығыздалып өзіндік өсіп-өніп кетуі. Ол әйелдерде жиірек кездеседі. Бұл дерттің пайда болу себептері мен патогенезі әлі белгісіз. Оның өз бетінше дамитын шынайы және (жарақаттың, күйіктің нәтижесінде тыртық дамуынан болатын) жалған түрлерін ажыратады. Кейбір науқастарда келоид дамуын бүйрек үсті бездерінің сыртқы қабатында глюкокортикоидтардың аз өндірілуінен зат алмасуының бұзылыстарымен байланыстырады. Кейбір ғалымдардың пікірі бойынша оның дамуында сүлде жұқпалардың (мәселен, туберкулездің) маңызы зор, басқа зерттеушілер терінің дәнекер тінінің жүйелік бүліністеріне ерекше мән береді. Жаңадан пайда болған келоидта жас фибробластары және мес жасушалары көп жаңа дәнекер тін өседі. Онда гиалурон қышқылының мөлшері көп болады. Артынан жасушалар саны азаяды, бірақ плазмалық жасушалар пайда болады. Олар бейберекет орналасады және олардың арасы жіпшіктермен өзара тартылып араласып кетеді. Келоидтарға тән құбылыс болып қан тамырларының аздығы, серпімді талшықтардың мардымсыздығы есептеледі. Бірақ жүйке аяқшалары сақталып қалады.
Көпшілік жағдайларда шынайы келоид қызғылтым түсті, терінің сыртқы бетінен 0,5 см-ге шығып тұратын, өспе тәрізді, ұстағанда тығыз, оқшауланған құрылым. Ол кеуде терісінде жиірек кездеседі және оның бетінде телеангиэктазия байқалады. Жалған келоид терінің кезкелген жерінде орналасады және ол бұрын тыртық, безеу, шиқан, күйік болған жерлерде пайда болады. Басында кәдімгі тыртық түрінде қалыптасып, артынан біртіндеп өсіп-өнеді, теріден 0,5-1 см шығып тұрады. Бұл келоид бүлінбеген теріде өте сирек пайда болады. Оның түсі басында қызыл немесе көгілдір болып, кейін ақ немесе қалыпты терінің түсін қабылдайды. Тыртықтық келоид жиі қатты қышыну сезімімен қабаттасады.
Кератоз (грек. keras, keratos-мүйіз, мүйігек зат) (кератодермия деп те аталады) эпидермис қабатының қалыңдауы. Кератоз кезінде мүйізгек қабатының қалыңдап кетуін гиперкератоз, түйіршікті және бүртікті қабатының қалыңдауын акантоз (грек. akantha-бүртік, тікен + -osis-бүліну, дерт) дейді. Бұл кездерде эпидермис жасушалары ошақталған түрде қатты өсіп кетуінен үстіңгі беттерінде сызаттары бар, сүйелге ұқсаған түйіндер пайда болады. Олар жиі алақан мен табанның терісінде, кейде басқа жерлерде (бет пен мойын терісінде) кездеседі. Акантоз кезінде терінің бүртікті қабатында қан тамырларының айналасында қабынулық сіңбелер пайда болуы мүмкін. Гиперкератоз кератиннің артық өндірілуінен немесе эпидермистің түлеп түсуі бәсеңсуінен дамиды. Кератоздар пайда болу себептеріне қарай: тұқым қуатын, пайда болу себебі белгісіз - идиопатиялық немесе эссенциалық және белгілі бір аурудың әйгіленімі түрінде немесе экзогендік ықпалдардың әсерінен дамитын - әйгіленімдік болып ажыратылады. Соңғысының дамуына мына себепкер ықпалдар:
● физикалық (рентген сәулелері), механикалық (ұзақ үйкелу, қысу) және химиялық (тас көмірдің қара майы, мышьяк, талий, дәрі - эпилин т.б.) ықпалдар;
● А витаминінің тапшылығы;
● аяқ-қолда қан және лимфа айналымдарының бұзылыстары (акроцианоз, көк тамырлардың керіліп кеңеюі);
● полиэндокринопатиялар (әйелдерде климакс кезіде қалқанша және жыныстық бездердің қызметтерінің бұзылыстары);
● жүйкелік-нәрленістің бұзылыстар (жұлынның, жүйкелердің бүліністері т.б.);
● қарттарда терінің дистрофиясы дамуы;
● жалпы организмнің дистрофиясы (сүлде инфекциялық аурулар, ауыр дертпен сырқаттанудан кейін және қатты азып арықтау кездерінде) т.б. әкеледі.
Тері қабынулары
Терінің қабынуы өте жиі кездеседі. Қабыну терінің қосалқыларымен бірге тұтас теріге, оның жекелеген қабаттарына немесе тек шаш түйіндеріне, тер және май бездеріне ғана тарауы мүмкін. Тұтас терінің қабынуын дерматит, шаш түбірі қапшығының қабынуын фолликулит, тер бездерінің қабынуын гидраденит, май бездерінің қабынуын безеу дейді. Бұлардың пайда болу себептері де әртүрлі болады. Терінің қабынуы бүліністік және эксудациялық үрдістердің басымдылығымен көрінетін - жіті қабыну немесе лейкоциттердің сіңбеленуі мен пролиферация үрдістерінің айқындығымен көрінетін – сүлде қабыну түрлерінде өтеді.
Терінің қабынуы белгілі бір антигенге қатаң талғамды түрде сезімталдық көтерілуінен (аллергиядан) немесе кезкелген күшті тітіркендіргіштің әсерінен дамуы ықтимал. Теріде дистрофиялық үрдістер де дамиды. Дистрофияның коагуляциялық, түйіршікті, гиалиндік, амилоидтық, мүйізгек, шырышты т.б. түрлерін ажыратады.
Дата добавления: 2015-09-27 | Просмотры: 1053 | Нарушение авторских прав
|