КА мен БЖК екшеу-іріктеу диагнозы
Белгілер
| БЖК
| КА
| Клиникалық белгілер
| Қанды диарея
Іш қуысындағы ісік тәрізді түзіліс
Перианальді локализация
| 90-100%
Өте сирек
Болмайды
| 50%
Жиі
30-50%
| Сигмоскопия
| Проктиттің болмауы
| Ешуақытта
| 50%
| Гистологиялық белгілер
| Таралуы
Клеткалық инфильтраттар
Бездер
Бокал тәрізді клеткалардың азаюы
Гранулемалар
| Кілегей қабық
Полиморфядролы
Бұзылған
Жиі процесс активтілігінде
Болмайды
| Трансмуральді
Лимфоцитарлық
Қалыпты күйде
Болмайды
Диагноздық маңызы болады
| Рентгенологиялық белгілер
| Тарауы
Симметрия
Стриктура
Жыланкөздер
| Айқын
Бар
Өте сирек
Еш уақытта
| Жергілікті
Болмайды
Жиі
Жиі
| Клиникалық диагнозды тұжырымдауда ескеру керек:
1) аурудың клиникалық түрін (асқазан – ішек жолының қай бөлігінің басым зақымданғаны);
2) ішектің зақымдану ауырлығының дәрежесін (эндоскопия мәліметтері ескеріледі);
3) аурудың фазасын: ремиссия, қайталау;
4) ішектен тыс зақымдануларды;
5) асқынуларды.
Диагноз тұжырымдау мысалдары:
1. Крон ауруы, илеоцекальді аймақ басым зақымданған, созылмалы даму барысы, қайталау фазасы. Илеоцекальді аймақ стриктурасы
2. Крон ауруы, тоқ ішек басым зақымданған, созылмалы даму барысы, қайталау фазасы. Полиартрит. Перианальді жыланкөз.
Емі. Аурудың орташа дәрежелі активтігінде емді 5-аминосалицил қышқылы препараттарынан бастау керек. Сульфасалазинді (салазодиметоксин, салазопиридазин) 2-4 м/тәул. дозасында ішке 6-8 апта бойы қабылдайды, кейін біртіндеп, емдік дозаның жартысына тең болатын сүйемел дозаға көшеді. Сүйемел дозаны кем дегенде 1 жыл қабылдау керек. Процесс жіңішке ішекте орналасса, мезалазин беріледі: 0,4-0,8 күнге 3 рет, тамақтан кейін, 8-12 апта бойына.
5-аминсалицил қышқылы препараттарынан нәтиже болмағанда және Крон ауруының ауыр даму барысында стероидтық гормондар тағайындалады. Преднизолонның 40-80 мг/тәул., 4-8 апта бойына ішке қабылдайды (аурудың ауыр күйінде венаға егеді). Кейін 1-4 апта сайын преднизолонның дозасын аптасына 5 мг азайта отырып, сүйемел дозаға (5-15 мг/тәул.) жеткізеді. Сүйемел ем 6 ай және одан да ұзаққа созылады.
Гормонмен емдеуге резистенттілік болған жағдайда цитостатиктер тағайындайды. Азатиопринді 2,0-2,5 мг/кг есебінде глюкокортикоидтармен қосып береді. Ем курсі кем дегенде 1 ай. Метотрексаттың 25 мг етке аптасына 2 рет, 6-8 апта бойы егіледі және одан да ұзақ егуге болады; циклоспорин (сандиммун) 20-40 мг күн аратпа беріледі. Цитостатиктерді іріңді асқынулар жоқ кезде тағайындайды.
Регионарлық энтеритте метронидазол ең тиімді болып келеді – 0,75 мг/тәул. 3-4 апта бойы. Аура шапта жыланкөздер пайда болып асқынғанда метронидазол 1-2 г/тәул. дозасында 1-6 ай бойы беріледі.
Жоғарыда келтірілген емдермен қатар дезинтоксикациялық ем, мальабсорбция синдромын түзеу емі, антидиареялық ем (реасек 1 табл. тәулігіне 2-3 рет тамақ алдында 30 мин. бұрын; имодиум 1 капсуладан 3-4 рет; «өттік» диареяда – аллюминийдің гидрототығының 2 ас қасығын ашқарынға және түнге қарай қабылдау; холестирамин 5-10 г. тамақтан 30 мин. бұрын күнге 3 рет).
Крон ауруын емдеуде әр түрлі тұрындылар қолданылады:
- қанды ағаш бүрі: 4:200; 1/3 стаканды тамақ алдында күнге 3 рет қабылдайды;
- шалфей жапырақтары: 10:200; 2 ас қасық тамақ алдында күнге 3 рет;
- шайқұрай – 10:200; 1/2 стакан тамақ алдында 3 рет;
- жабайы шетен – 15:200; 1 ас қасығын тамақ алдында күнге 3 рет;
Төмендегідей қайнатпалар қолданылады:
- жол желкен – 10:200, 1 ас қасығы 3 рет, тамақ алдында;
- емен қабығы – 10:200, 1 ас қасығын 3 рет тамақ алдында;
- мойыл, қара жидек, қара қарақат, спорыш жемісінен істелген қайнатпалар; 1/2 стаканын тамақ алдында күнге 3 рет қабылдайды.
Стриктураға байланысты туындаған ішек обструкциясында (ауырлығына байланысты емес), дәрілік ем нәтиже бермеген жағдайда және аурудың асқынуларында (жыланкөздер, абсцестер, перфорация, абдоминальдық инфильтрация) операция жасалады.
Прогнозы аурудың даму барысына және дұрыс таңдалған ем тәсіліне тәуелді болып келеді.
Профилактикасы. Алдын алудың арнайы әдістері жоқ. Науқас адамдарды диспансерлік есепке алады, жылына 2 рет тексеріп, қажетіне қарай ем қолданылады (аурудың қайталауының алдын алу үшін).
Тітіркенген (қозған) ішек синдромы
Тітіркенген ішек синдромы – органикалық аурулармен байланысы жоқ, кем дегенде 3 айға созылған ішектің, негізінен тоқ ішектің моторлық және секрециялық қызметінің бұзылуы.
Тітіркенген ішек синдромы ересек адамдардың 14-18% кездеседі. Ауру ең жиі 20-50 жастағыларда кездеседі, әйелдер еркектерге қарағанда 2 есе жиі ауырады.
Этиологиясы және патогенезі. Тітіркенген ішек синдромының себептері толық анықталған жоқ. Көптеген авторлар кейбір факторлардың бұл аурудың дамуында белгілі бір маңызы болатынын көрсетеді.
Синдромның дамуында тұлға ерекшелігінің маңызы зор. Тітіркенген ішек синдромымен ауыратын адамдарға истериялық, агрессивті реакциялар, депрессия, жабысқақтық, канцерофобия және иппохондриялық белгілер тән.
Режим мен қоректену ерекшеліктерінің де маңызы бар. Өте таза, қалдық бермейтін тағамды қолдану, тамақты жүйесіз қабылдау ішектің моторлы – эвакуациялық функциясы мен микрофлорасын өзгертеді.
Кейбір тамақты көтере алмаудың да маңызы болады (иммунологиялық және генетикалық сипаты болуы мүмкін).
Тітіркенген ішек синдромының дамуында бұрын ішектің инфекция ауруымен ауырып, кейін дисбактериоздың қалыптасуы да маңызды.
Тітіркенген ішек синдромының даму негізін ішектің қозғалыс және секрециялық функцияларының реттелуінің бұзылуы құрайды.
Тітіркенген ішек синдромында жиі ішектің моторлық функциясының күшейгені (гипермоторлық дискинезия), сирек – оның әлсірегені (гипомоторлы дискинезия) байқалады. Перистальтиканың күшеюіне байланысты көмірсудың кейбір бөлігі жіңішке ішекте ыдырамайды, сіңбейді және тоқ ішекте микробтық ашыту процесіне тап болады. Ашытудың күшеюі тоқ ішекте органикалық қышқылдар мен басқа осмотикалық органикалық заттардың концентрациясын көбейтеді. Мұның өзі ішек қуысында транссудация тудырады, қабыну дамыған жағдайда (дисбактериоз нәтижесінде) – экссудация да тудырады. Шамадан тыс газ түзілуі, ішек құрылымының көбеюі, сирек жағдайда қабыну экссудациясының болуы тоқ ішектің керілуін және оның перистальтикасын күшейтеді. Диарея пайда болады, кейбір ауру адамда ол іш қатумен алмасып отырады.
Патоморфологиясы. Ауру адамның көбінде ішектің кілегей қабығының органикалық өзгерісі болмайды, бірақ кейде аурудың өршіген кезінде оның гиперемиясы мен ісінуі байқалады, бұл өзгерістер ремиссия кезінде жойылып кетеді.
Классификациясы. Тітіркенген ішек синдромының жалпы қабылданған классификациясы жоқ, жетекші клиникалық синдромға қарай оның мынандай түрлерін бөледі:
1) Диарея басым тітіркенген ішек синдромы;
2) Іш қату басым тітіркенген ішек синдромы;
3) Іш ауыруы мен метеоризм басым тітіркенген ішек синдромы.
Клиникасы. Науқас адамның басты шағымдары: іштің ауыруы, дәретке отырудың бұзылуы және іштің кебуі.
Іштің ауыруы спастикалық және дистензиялық текті болып келеді және оның сипаты әр түрлі болады. Іштің төменгі жағы, бүйірлері, оң немесе сол жақ қабырға асты ауырады, ауырғандық кеуденің тиісті жартысына қарай тарайды. Ауырғандықтың сипаты – тұйық, жаншып, керіп, бүріп ауыру. Ауырғандық тамақ қабылдаумен, стресспен, денеге күш түсумен байланысты болады. Ауырғандық ертеңгілік және күндіз болады да, ұйықтаған кезде азаяды немесе жойылып кетеді.
Дәреттің бұзылуы іш өту, іш қату немесе олардың кезектесуі түрінде болады. Бөлшектенген «қой құмалағы» тәрізді нәжістің болуы, ішектің дәреттен кейін толық босамау сезімі – ауруға тән белгілер. Диареяда үлкен дәретке отыру жиілігі күнде 3-5 ретке жетеді, бөлінетін нәжістің көлемі аз болып келеді. Диареяның пайда болуы тамақ қабылдаумен (гастроколиттік рефлюкс) немесе стресспен («аю ауруы») байланысты болады.
Метеоризм дисбактериозбен және ішектегі іріңді және ашыту процестерімен байланысты болады.
Науқас адамның шағымдары өзгермелі, өте айқын, стресс кезінде күшейетін, түнгі кезде жойылып кететін болып келеді. Аурудың дамуы үдемелі болмайды.
Ауру адамның жеке бас ерекшеліктері: тұйықтық, күмәланғыштық, сенбеушілік, өзін ем қонбайтын ауру адам деп есептеу, жиі канцерофобияның болуы.
Науқас адамды тексергенде тоқ ішек бөліктерінің ауыратыны, түйілген тығыз сигма тәрізді ішек пен кебініп, шұрқыраған соқыр ішек анықталады.
Қосымша тексерулер. Қанның жалпы және биохимиялық анализдері қалыпты күйде болады.
Нәжісте дисбактериоз белгілері болуы мүмкін.
Ішекті рентгенологиялық тексергенде (ирригоскопия) дискинезияға тән белгілер табылады: ішектің біркелкі емес толуы мен босауы, ішектің тарылған жерлері мен кеңіген жерлерінің кезектесуі, ішек қуысына сұйықтықтың шамадан тыс секрециясы.
Эндоскопияда (колоноскопия және сигмоидоскопия) кілегей қабықта патологиялық өзгерістер болмайды, кейде процесс өршіген кезде орташа дәрежелі беткей қабыну өзгерістері анықталады.
Диагнозын қою және екшеу-іріктеу диагнозы. 1988 ж. Римде халықаралық сарапшылар ұсынған «Тітіркенген ішек синдромының» критерийлері: тұрақты күйде сақталатын және кем дегенде үш ай ішінде қайталап отыратын симптомдар:
Іштің ауыруы немесе іште болатын жағымсыз сезім:
- дефекациядан кейін жеңілдейді;
- дәретке отыру жиілігіне тәуелді;
- дәреттің консистенциясының өзгеруіне тәуелді.
Төмендегі шағымдардың пайда болу мерзімінің кем дегенде 1/4 уақытын екі және одан да көп симптомдар алады:
- дәреттің жиілігінің өзгеруі (тәулігіне 3 реттен көп немесе аптасына 3 реттен аз);
- нәжіс консистенциясының өзгеруі («қой құмалағы», тығыз, қалыптаспаған немесе сұйық);
- дефекация актісінің өзгеруі (қиналып болатын, еріксіз дәретке отыру сезімі, ішектің толық босамау сезімі);
- кілегейдің бөлінуі;
- іштің кебуі, іштің толып кету сезімі.
Тітіркенген ішек синдромын тоқ ішектің рагінен, Крон ауруынан, бейспецификалық жаралы колиттен, тоқ ішектің дивертикулезінен айыра білу керек.
Тоқ ішек рагінің тітіркенген ішек синдромынан өзгешелігі онда қан кету, анемия және дефекация актісінде қиналудың болатындығында. Шешуші диагнозды ректальдық және эндоскопиялық тексерулердің нәтижесіне қарап қояды.
Крон ауруы мен БЖК оларға тән симптомдардың (түнде қан аралас іш өту, қызба, анемия, дене массасының азаюы) болмайтынына қарап жоққа шығарылады. Тітіркенген ішек синдромында бұл ауруларға тән рентгенологиялық және эндоскопиялық симптомдар болмайды.
Тоқ ішектің дивертикулезі дивертикулит қосылғанда ғана белгі бере бастайды және ол іштің, әсіресе оның сол жағының күшті ауыруымен, ауырғандықтың күш түскенде күшейе түсуімен, дене қызуының көтерілуімен сипатталады. Диагнозды колоноскопия мен ирригография мәліметтеріне қарап дәлдейді.
Клиникалық диагнозды тұжырымдау. Диагнозда аурудың түрі, қосалқы синдромдар көрсетіледі.
Диагнозды тұжырымдау мысалдары:
1. Диарея басым тітіркенген ішек синдромы.
2. Іш қату басым тітіркенген ішек синдромы. Астеноневроздық синдром.
3. Іш ауыруы мен метеоризм басым тітіркенген ішек синдромы. Канцерофобия.
Емі. Ем нәтижесінде ауырғандықты тоқтату, үлкен дәретті қалпына келтіру және өмір сапасын жақсарту керек.
Диетада ауру симптомын күшейтетін тағамдарды жою керек немесе жетекші симптомды жоюға көмектесетін тағамдарды тағайындау керек. Іш қатқанда өте тазартылған тағамдар берілмейді, олардың орнына ішек құрамының көлемін және ішек іші қысымды қалпына келтіретін, тағамның тоқ ішек бойымен қозғалысын күшейтетін тағамдар (көкөніс, жеміс, теңіз капустасы, ішінде кебек бар нан) беріледі.
Тәулік бойында қабылдайтын сұйықтық көлемі 1,5-2 л аз болмауы керек.
Дәрімен емдеуді ішектің функциональдық күйіне қарап іске асырады.
Тоқ ішектің гипертонусы бар науқастарға М-холиноблокаторлар (метацин, пиренцепин), миотропты спазмолитиктер (но-шпа, папаверин т.б.) тағайындалады.
Ішектің тонусы төмендеген жағдайда прокинетиктер (домперидон, метоклопрамид, цизаприд) беріледі.
Іш өткенде лоперамид, қандыағаш бүршігінің тұрындысын (4,0:200, 1/3 стакан тұрындысын тәулігіне 3 рет) және басқа да антидиареялық препараттар тағайындалады.
Бактерия шамадан тыс өскенде эубиотиктер және басқа дәрілер қолданылады.
Ұйқы безінің секреторлық жетіспеушілігінде ферменттік препараттар беріледі.
Психотерапия жүргізу керек.
Уақытша еңбекке жарамсыздық сараптамасы
Іш күшті ауырып, ауру өршіген кезде, іш өткенде науқас адам 7-14 күн бойы еңбекке жарамсыз болып есептеледі.
Прогнозы. Диагнозын мезгілінде қойып, дұрыс емдеген жағдайда, болжамы жағымды болып келеді.
Ұйқы безінің аурулары
Дата добавления: 2015-11-26 | Просмотры: 1136 | Нарушение авторских прав
|