АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология
|
Жеделдетiлген нормалау . 2 страница
Гигиеналық эксперимент әдісі. Гигиеналық экспериментті табиғи немесе зертхана жағдайында жүргізеді. Табиғи эксперимент деп, сыртқы орта факторларының адамдардың денсаулығына тигізетін әсерін зерттеуді немесе шынайы еңбек жағдайында немесе тұрмыстық іс-әрекет жағдайы мен өмір сүру жағдайындағы сыртқы орта факторларын зерттеуді айтады. Табиғи эксперимент жағдайында алынған мәліметтерді, әдістемелік ұсыныстарды, нұсқауларды, санитарлық ережелерді дайындау үшін, өндіріс өнеркәсіптеріне жаңа технологиялық үрдістерді енгізу үшін, санитарлық қорғаныс аймақтарының өлшемін анықтау және басқалар үшін қолданады. Сонымен бірге, табиғи экспериментте адамға және қоршаған ортаға көп факторлар әсер етуі кезінде, олардың ішінен денсаулықтың бұзылыстары дамуында қандай да бір жеке фактордың маңыздылығын бөліп көрсету, оның әсер ету сипаты мен қауіпсіз деңгейін анықтау, фактордың сыртқы ортада қандай өзгерістерге түсетінін, т.б. бағалау қиынға соғады.
Сондықтан, бұл сұрақтарды шешу кезінде зертханалық гигиеналық эксперимент жоғары бағаланады. Зертханалық экспериментте үрдістер модельденеді, олар келесі мәселелерді зерттеуге мүмкіндік береді:
· факторлардың халықтың денсаулығына әсері тікелей ме, әлде басқа орта арқылы ма;
· сыртқы орта факторларының өздерін және олардың қоршаған ортаның сандық және сапалық параметрлеріне тигізетін әсерін зерттеуге мүмкіндік береді.
Гигиеналық зертханалық эксперименттің мақсаты- факторлардың қауіпсіз мөлшері мен деңгейлерін, яғни гигиеналық нормативтерді орнату үшін, олардың әсер ету сипаты мен қауіптілігін анықтау болып табылады. Фактордың адамның денсаулығына әсерін зерттеуүшін, әдетте, екі түрлі эксперимент қойылады: өз еркімен келіскен адамдарға және жануарларға. Жануарларға жүргізілген эксперименттен алынған мәліметтерді әрі қарай адамдарға экстраполяциялайды. Адамдарға зерттеулер жүргізуге, тек толық қауіпсіздік кепілдігі болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Мұндай зерттеу түрлеріне, мысалы, атмосфера ластануының иіс табалдырығын (иіс сезуін) анықтау, жарықтың, шудың немесе дірілдің және т.б. әсеріне көру және есту реакцияларын зерттеу жатады.
Жануарларға эксперимент, химиялық факторларды гигиеналық нормалау мақсатында жиі жүргізіледі. Әдетте, бұл факторлардың жедел, жеделдеу және созылмалы әсерлері зерттеледі, жедел және созылмалы әсерлерінің табалдырығы минималды әсер ететін мөлшері анықталады, ағзада жиналатын қабілеті, спецификалық және әсерінен біраз уақыт өткеннен кейінгі салдары – мутагендік, эмбриотоксиндік, канцерогенді әсерлері зерттеледі, содан соң алынған мәліметтердің негізінде, әсерінің қауіпсіз деңгейін – ШРЕК есептеп табады.
Ортаның факторларының өзін зерттеу және олардың қоршаған орта нысандарына әсерін зерттеу жөніндегі зертханалық эксперимент, зертханалық модельдік құрылғыларда немесе жартылай өндірістік құрылғыларда жүргізіледі. Мысалы, экзогенді химиялық заттардың топырақтан өсімдіктерге өтуін зерттеу үшін, арнайы фитоклиматтық камера жасайды, ол жерде топыраққа зерттелетін химиялық затты қосады да, содан соң, осы топырақта өсірілген өсімдікте сол химиялық заттың мөлшерін анықтайды.
Санитарлық сараптау әдісі. Санитарлық сараптау – бұл санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келуі туралы зерттеулер жүргізу және қорытынды беру. Санитарлық сараптау әдісі, негізінен алдын алу (сақтық) мақсатындағы бақылауды жүргізу кезінде қолданылады, яғни нысанды пайдалануға беруге дейін немесе әр түрлі өнім түрлері, материалдарды, өнімдерді тұтынушыларға өткізгенге дейін бақылау жүргізу кезінде қолданылады. Санитарлық сараптауға жататындар:
· елді мекендердің жоспары мен құрылысының жобалары;
· коммуналдық, тұрғын үй және өнеркәсіп құрылыстарының жобалары;
· құрылысқа жер телімін таңдау және бөлу;
· нысандардың құрылысы, қайта құру және пайдалануға беру кезеңдері;
· ауыз суы, сусындар, тағамдық азықтар;
· ыдыстың, жабдықтардың және буып-түйетін заттардың жаңа түрлері, құрылыс материалдары;
· жаңа технологиялық үрдістер;
· балалардың ойыншықтары, кітаптары және киімдері және басқалар.
Санитарлық сараптау, әдетте бірнеше кезеңдерді қамтиды. Тағамдық азықтарды санитарлық сараптауда, алдымен жолдама құжаттарынан азық-түлік туралы мәліметтер зерттеледі, содан соң өз орнында азықтардың партиясын қарау және зертханалық зерттеулер үшін сынама алу жүргізіледі. Зертханалық зерттеу кезінде алдына қойған міндетіне байланысты, әр түрлі әдістер – физико-химиялық, бактериологиялық, гельминтологиялық және басқа да әдістер қолданылады. Зертханалық зерттеу мәліметерін алғаннан кейін, санитарлық сараптау актісі, жазылады, онда азықтың сапасы бағаланады және оның тамақтануға жарамдылығы және өткізу жолдары туралы қорытынды жасалады.
Сонымен, санитарлық сараптау, халықтың денсаулық жағдайы өзгеруінің (бұзылуының) алдын алуға мүмкіндік беретін тиімді әдістердің бірі болып табылады, себебі, оның көп бөлігі зиянды факторлардың алдын алуға мүмкіндік беретін кезеңдерінде жүргізіледі.
3. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет және оның халықтың денсаулығын сақтау мен нығайтудағы рөлі.
Гигиена санитарлық - гигиеналық және эпидемияға қарсы шараларды ғылыми тұрғыдан негіздеумен айналысады. Гигиеналық іс-әрекеттердің практикалық жағы - санитария деп аталады (латын сөзінен «sanitas» -«денсаулық»). Жалпы алғанда, санитария – бұл, гигиеналық нормативтердің, талаптардың, ережелердің сақталуын бақылайтын жүйе, оны санитарлық –эпидемиологиялық қызмет іске асырады. Қазақстан Республикасындағы санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің органдары мен мекемелер жүйесіне кіретіндері: ҚР денсаулық сақтау Министрлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау Комитетінің қарамағына кіретін Қазақ Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық станциясы, қалалық департаменттер мен басқармалар, аудандық сан-эпид бақылау басқармасы. Әрбір басқарма өздеріне тиісті сан-эпид сараптау Орталықтарымен қатар жұмыс істейді.
Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің негізгі міндеті санитарлық заңнамалардың сақталуын және
· қоршаған табиғи ортаның – атмосфералық ауаның, су көздерінің және топырақтың ластануының алдын алуға және оны жоюға;
· елді мекендердің, өнеркәсіп кәсіпорындарының, тұрғын үйлердің, мәдени-тұрмыстық және емдеу-алдын алу мекемелерінің құрылысын салу және абаттандыру кезінде санитарлық нормалар мен ережелердің сақталуын қамтамасыз етуге;
· жалпы және кәсіби аурушаңдықтың алдын алу және оны азайту мақсатында халық шаруашылығының әр түрлі салаларында жұмыс істейтіндердің жұмыс жағдайын сауықтыруға;
· балалар мен жасөспірімдердің дамуы, оларды оқыту және тәрбиелеу үшін қолайлы жағдай жасауға;
· халықтың тұрмысын санитарлық қорғауға және халықты санитарлық ағартуға;
· халықтың әр түрлі топтары үшін ұтымды тамақтануды ұйымдастыруға, тамақтану жағдайын сауықтыруға, алиментарлық аурулардың, оның ішінде, тамақтан уланулардың да алдын алуға;
· санитарлық-эпидемиологиялық аман-саулықты, яғни жұқпалы және паразиттік аурулардың алдын алу мен жоюды, карантиндік инфекциялардың елге кіруінің алдын алуды қамтамасыз етуге;
· мемлекеттің шекараларын санитарлық қорғауға бағытталған санитарлық-гигиеналық және санитарлық-эпидемияға қарсы шаралардың жүргізілуі мемлекеттік санитарлық қадағалау болып табылады.
Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарының жұмысы мемлекеттік сипатта болады. Елдің аумағында іске асырылатын шаралардың бәрі де, тек санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мамандары міндетті түрде гигиеналық тұрғыдан бағалағаннан кейін ғана жүргізіледі. Санитарлық-эпидемиологиялық мекемелер тек гигиеналық нормалар мен ережелердің сақталуына ғана бақылау жүргізіп қоймайды, сонымен қатар аймақтың санитарлық жағдайын және қызмет көрсететін халықтың денсаулығын зерттеп, тиісті шаралар дайындайды, оларды жүргізеді, сондай-ақ олардың тиімділігін бағалайды.
Санитарлық бақылауды алдын алу (сақтық) мақсатындағы және ағымдағы (күнделікті) бақылау деп екі түрге бөледі. Алдын алу мақсатындағы санитарлық бақылау, жоғарыда айтылғандай, нысандарды пайдаланудың алдындағы немесе өнімді тұтынушылар қолдануының алдындағы кезеңдерінде іске асырылады. Ағымдағы санитарлық бақылау пайдаланып отырған нысандарға жүргізіледі және олардың әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктеріне сәйкес кезеңмен жүргізіледі. Ағымдағы санитарлық бақылауды жүргізуге емдеу-алдын алу мекемелерінің дәрігерлері мен ортаңғы медицина қызметкерлері кеңінен қатыстырылады. Мысалы, дәрігерлер халықтың жеке топтарына диспансерлік бақылау жүргізеді, аурудың себептерін анықтау және олардың дамуының алдын алатын шаралар қолдану мақсатында, денсаулық жағдайына тереңдетілген медициналық зерттеулер жүргізеді.
Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет іске асыратын барлық шаралар, адамның денсаулық жағдайы бұзылуының алдын алуға бағытталған. Мазмұны мен міндеттері бойынша, аурулардың алдын алуды біріншілік, екіншілік, үшіншілік деп бөледі. Біріншілік алдын алу - аурудың себебі немесе қауіп-қатер факторы болып саналатын факторларды жоюға немесе қауіпсіз деңгейге дейін төмендетуге бағытталған. Бұл қоршаған ортаны сауықтыруды, халықтың салауатты өмір салтын ұтымды жұмыс режимі мен демалу режимін ұйымдастыру жөнінде шаралар жүргізуді және т.б. қарастырады. Екіншілік алдын алу - сырт көрінісі бойынша, дені сау адамдарда патологияның алдындағы жағдайды ерте анықтаудан және бұл жағдайлардың ауруға өтуінің алдын алу жөнінде шаралар жүргізуден тұрады. Мұндай шараларға жататындар, мысалы, жеке басты қорғайтын заттарды қолдану, жұмыс істеушілер мен халыққа қауіпсіз жұмыс тәсілдерін үйрету, антидоттық тамақтану және басқалар. Үшіншілік алдын алу (қалпына келтіру)- ауырған адамдарға жүргізіледі. Оның мақсаты - ауруды ерте анықтау және емдеу, аурудың әрі қарай үдеуінің және оның салдарының – асқынуының, қайталануының, созылмалы түріне өтуінің және басқалардың алдын алу. Ең тиімдісі, дені сау адамда ауру пайда болуының алдын алатын біріншілік аурудың алдын алу, ал ең тиімділігі азы – үшіншілік алдын алу, себебі, ол ауру дамыған кезде жүргізіледі. Сонымен, қоршаған ортаны және өмір сүру салтын сауықтыру, ауршаңдық пен өлім-жітімді 20-50% төмендететіні белгілі, ал емдеу үрдісі болса – тек 10 % азайтады.
Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өзінің күнделікті жұмысында, адамдардың тіршілігінің барлық тұстарын қамтитын мемлекеттің заңдарының, үкімдерінің, жарлықтарының, нормативтік және нұсқаулық құжаттардың және басқалардың жинағы түріндегі санитарлық заңнамаларға сүйенеді. Атап айтқанда, санитарлық заңнамаларға кіретіндер:
· «ҚР азаматтардың денсаулығын қорғау туралы», «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық аман-саулығы туралы», «ҚР Экологиялық кодексі» және басқа да ҚР заңдары;
· ҚР Президентінің Жарлықтары және ҚР үкіметінің Қаулылары;
· Гигиеналық нормативтер: ШРЕК. ШРЕД, ӘШАҚД, ДШ (доза шектері – иондағыш сәулеленулер үшін) және басқалар;
· Әр түрлі нысандарды орналастыруға, жоспарлауға, салуға, керек-жарақпен жабдықтауға және пайдалануға қойылатын гигиеналық талаптар жазылған санитарлық ережелер мен нормалар (СанЕменН), құрылыс нормалары мен ережелері (ҚНменЕ) әдістемелік нұсқаулар мен ұсыныстар, ереже жиынтықтары, нұсқаулар;
· Тағамдық азықтардың, су құбырлары суларының және басқалардың сапасына арналған мемлекеттік стандарттар (ГОСТ-тар), салалық стандарттар (ССТ-тар), шикізаттарға, өнімдерге, жабдықтарға арналған техникалық шарттар.
Заңнамалық құжаттарға кіретін құжаттарды гигиеналық ғылыми зерттеу мекемелері немесе гигиена мамандарының қатысуымен, басқа ведомстволар дайындайды және бұл құжаттардың барлық кәсіпорындар, мекемелер және ұйымдар үшін заңдық күші бар.
I - ТАРАУ. ГИГИЕНАНЫҢ ДАМУ ТАРИХЫ
1. Алғашқы қауымдық және құл иеленушілік қоғамдардағы гигиенаның дамуы. Гигиенаның пайда болуы мен дамуының көп ғасырлық тарихы бар. Алғашқы қауымдық құрылыста, оның негізгі бастауы көптеген ұрпақтардың бүкіл өмірі бойында байқау арқылы алынған эмпирикалық (тәжірибелі) білім болды. Осы білімдердің негізінде дағдылар, дәстүрлер, денсаулықты сақтау мен аурудың алдын алуға септігін тигізген діни өкімдер пайда болды. Ерте уақыттардың өзінде-ақ, алдын алу шараларының маңызды ролін жете түсінді. Үйлерді, денені таза ұстау, топырақты ластамау, тамаққа қауіпсіз өсімдік және жануар текті азықтарды пайдалану, ауыз суды алу үшін, батпақталмаған өзендер мен көлдерді таңдау, жұпалы аурулары бар науқастарды оқшаулау және т.б. ұсынылды.
Құлиеленушіліккезеңдегі эмпирикалық гигиенаның дамуы туралы Ертедегі Шығыс (Ертедегі Үндістан, Ертедегі Қытай, Ертедегі Мысыр), Ертедегі Греция және Ертедегі Рим елдерінде кеңінен таралған алдын алу шаралары жөніндегі ойлар айқын куә бола алады.
Біздің эраға дейінгі (б.э.д.) 4-3 мың жылдары Ертедегі Үндістанда қолданылған гигиеналық ережелер кейінірек (б.э.д. 1000-500 жылдары) Ману мен Аюрведу заңдары жинағына және басқа да тарихи заңнама көздердің құрамына кірді. Ол заңдарда үйлерді таза ұстау, тұрмыстық қалдықтарды тұрғын үйлерден қашық жерге төгу, тамақты артық ішпеу ұсынылған. Сонымен қатар, денені, ас ішетін ыдыстарды қалай таза ұстау керектігі жөнінде нақты дайындалған ережелер келтірілген. Сүт, бал, балауса өсімдікті тағамды пайдалану, пайдалы деп есептелген, адам денсаулығына жыл мезгілінің, ауа райы мен климаттың әсер ететіндігі көрсетілген. Қоғамдық гигиенаға да көп көңіл бөлінген. Б.э.д. 4-3 мың жылдар бұрын Үндістанның Солтүстік Батысындағы Мохенджо-Даро қаласында қалалық канализация, құдықтар, шомылатын хауыздар, сонымен қатар, ыстық ауамен қыздырылған моншалар да болған.
Балшық құбырлардан жасалған су құбырлар мен канализация құбырларының, қатты зат төселген жолдардың қалдықтары Вавилон және Мессопатамиядағы Ниневияда қазу жұмыстары кезінде табылған. Ал, Ассиро-Вавилон мемлекетінің құжаттарында б.э.д. 3-4 мың жылдары эпидемия кезінде жұқпалы ауруы бар науқастарды оқшаулау туралы заңдары болған.
Ертедегі Мысырда б.э.д. 4-5 мың жылдар бұрын аурудың алдын алу мақсатында уқалау, дәрет алуды кеңінен қолданған, іш айдайтын, зәр айдайтын және тер шығаратын заттарды қолданған. Сол уақыттың өзінде-ақ жеке бас гигиенасы, жыныс гигиенасы, науқастарды оқшаулау, өлген адамдарды жерлеу сұрақтарына қатысты ұсыныстар болған. Көшелерді құру және күтіп ұстау, топырақты құрғату жөнінде арнайы ережелер болған. Ақсүйектер тұратын сарайлар мен аумақтарда су құбырлары және санитарлық тұрғыдан абаттандырудың басқа да элементтері жасалған. Б.э.д. 5 ғасырда өмір сүрген, Мысырда саяхат жасаған грек тарихшысы Геродот мысырлықтарды «ең дені сау адамдар» деп тұжырымдаған.
Ертедегі Қытайда «денсаулық үшін пайдалы және зиянды көптеген жағдайлар туралы» және «адам денесінде әлі де жоқ» аурулардың алдын алу қажеттілігі туралы анық және саналы түсініктер қалыптасты. Денсаулықты нығайту мақсатында су процедуралары, ашық күн көзінде болу, уқалау, жаттығулар, әр істе саналы түрде шектен шықпау, дұрыс күн тәртібі, рационалды ем-дәмдер ұсынылды. Қоғамдық абаттандыру элементтеріне де аз көңіл бөлінген жоқ. Елді мекендерді, үйлерді рационалды орналастыру, ауыз сумен қамтамасыз ету, тұрмыстық қалдықтарды жою ережелері болды.
Ертедегі Грецияда гигиеналық білім кеңінен дамыды. Ертедегі гректер жеке бас гигиенасын сақтаумен қатар, қоғамдық гигиенаны сақтауда да табысқа жетті. Жекелеген аумақтарда (қалалар-мемлекеттерде) б.э.д. VII ғасырдың өзінде- ақ су алатын орындары бар су құбырлары болған. Б.э.д. VI ғасырда қалалардың жаңа жоспарлары пайда болды, мұнда тұрғын аумақтар кең, тік көшелермен қиылысты. Мұндай жоспар тұрғылықты аумақтардың жақсы желдетілуіне және жарық түсуіне септігін тигізді. Афиныда канализация салынды. Тағамдық азықтар мен сусындардың сатылуына, ғимараттардың орналасуы мен құрылысына санитарлық бақылаулар жүргізіліп отырды.
Ертедегі гректер «дене күштерінің жоғарғы деңгейде дамуына, ағзаның бүтіндігі мен сұлулығына, әсіресе, жастарда ұмтылыс болғандығымен» ерекшеленді. (Ф.Ф.Эрисман). Оған дене жаттығуларына, гимнастикаға, шынығуға негізделген спартандық тәрбие арқылы, жарыстарға қатысу, «гигиастиктер» деп аталатын, дені сау адамдарға арналған «диететиктерді» сақтау арқылы қол жеткізген.
Б.э.д. V-IV ғасырларда Ертедегі Грецияда жиналған гигиеналық білімдерді қорытатын, жүйеге келтіретін бірінші еңбектер пайда болды. Ол еңбектердің авторы, ертедегі атақты дәрігер Гиппократ (б.э.д. 460-377 жж.) болды. Өзінің атақты «Ауа, су және жергілікті жерлер жөніндегі», «Салауатты өмір сүру салты» трактаттарында Гиппократ адамның тіршілігі үшін ауа, су және топырақтың маңызын қарастырды және дәрігерлерге климатты, жергілікті жердің жағдайларын, өмір сүру салтын, халықты тамақтандыру және т.б. зерттеуді ұсынды. Ол дені сау адамдардың ауырмауы үшін жағдай жасаулары жөнінде кеңес берді.
Ертедегі Римде қоғамдық гигиенаның дамуы бұрынғыдан да өркендеді. 30-ға жуық акведуктар, яғни су құбырлары тартылды. Олардың біріншісі б.э.д. 614 жылы арканың үстінде орнатылды, олардың биіктігі 30 м-ге дейін жетті. Қалаға тәулігіне, адам басына 1000 л дейін тау суы беріліп отырды. Сұйық лас заттар және жауын-шашын сулары тармақтанған жасырын құбырлар арқылы алысқа ағызылып, ені 4 метр, биіктігі 5 метрді алатын үлкен құбырлық коллекторға жиналып, Тибр өзеніне ағызылып жіберіліп отырды. Акведуктар және канализациялық құрылыстар Римде қазіргі уақытқа дейін сақталған. Олар көне замандағы санитарлық-техникалық құрылыстардың көрнекті ескерткіштері болып табылады.
Тамаша сауықтыратын кешендер - термалар (моншалар) болды. Бұндай моншаларға, бір уақытта 1800 және 3200 адам суға түсуге болатын. Термаларда суық және ыстық моншалар, хауыз, уқалауға арналған арнайы бөлмелері, серуендеуге арналған жолдар, гимнастика залы, стадиондары болды.
Ертедегі Римде құрылысқа, тағамдық өнімдерді сатуға, әскерлердің тамақтануына, Тибр өзенінің суын пайдалануға, өлген адамдарды жерлеуге қойылатын талаптарды анықтайтын заңдар болды. Бұл талаптардың орындалуын бақылауды арнайы бөлінген қалалық чиновниктер жүргізді. Күмәнсіз жетістіктеріне қарамастан, Ерте дүниедегі мемлекеттерде гигиеналық білімдердің деңгейі әлі де төмен болды. Ал, енгізілген қоғамдық және жеке бас санитарияларының элементтері, тек бай адамдар үшін ғана болды. Сондықтан, қырғын эпидемиялық жағдайлар болып тұрды, ал адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы 25-30 жасты ғана құрды.
2. Гигиеналық білімдердің орта ғасырлардағы (б.э.д. VIXIVжж.) және феодализм мен өндірістік капитализмге өту кезеңіндегі (б.э.д. XV-XVIII жж.)дамуы.
Феодализм дәуірінде Батыс Еуропада өмір сүрудің барлық салаларында, оның ішінде гигиенаның дамуында да, қараңғы дағдарыс және құлдырау кезеңі басталды. Құдіретті шіркеу ауруларды емдеуге тыйым салды, себебі, бұл «құдайдың ісіне араласу» деп есептеді, ал емдеген адамдарды қатаң қуғынға ұшыратты, аскетизмді уағыздап, барлық гигиеналық шаралардан бас тартуға шақырды. Осының нәтижесінде, ертедегі гигиенаның барлық ережелері ұмытыла және жойыла бастады, ал орта ғасырлық қалалар жұқпалы аурулардың нағыз ордасына айналды. Тұрғын үйлер тар, қисық, лас көшелерде сығылыса орналасты. Қалдықтар мен жуындылар терезелерден тасталды. Жарықтандыру үшін май шамдары мен шырақтар қолданылды, нәтижесінде мүңкіген сасық түтін тұрды, ал айналаның бәрін қара күйе басты. Сирек, су құятын ағаш ыдыста жуынды, қоғамдық моншалар болмады.
Санитарияның мүлдем болмауы, орта ғасырды тітіренткен обаның, сүзектің, тырысқақтың, шешектің, дизентерияның қырғын эпидемияларының басты себептерінің бірі болды. 14-ші ғасырда оба ауруынан Еуропадағы 100 миллион халықтың төрттен бір бөлігі өлді.
Еуропада осы кезеңде тек қана Салернода, Неапольге жақын жерде, бір медицина мектебі болды. (XII ғ.). Ол мектептің ғалымдары жүздеген жылдар бойына, құрамына гигиеналық сипаттағы мыңдаған өлеңдер кіретін, «Салерндік денсаулық кодексін» жинақтады. «Кодекс» еуропалық тілдерге аударылып, жүздеген рет қайта басылып шығарылды.
Дата добавления: 2015-12-16 | Просмотры: 902 | Нарушение авторских прав
|