АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология
|
Жеделдетiлген нормалау . 13 страница
Ауа массаларының барлық тұйық айналымдары ауа райы мен климаттың түзілуінде маңызды факторлардың бірі болып табылатын жалпы планетарлық айналымға қосылады Белгілі бір аймаққа келетін ауа массалары әр түрлі географиялық аумақтарда түзілуі мүмкін, осыған байланысты оларды арктикалық, орта ендіктік, субтропикалық және экваторлық деп бөледі. Ауа массаларын, белгілі бір жерге келгенге дейін қандай беттің үстінде болғанына байланысты, континенттік және теңіздік деп бөледі. Әр түрлі жерде пайда болатын ауа массаларының бір-бірінен температурасы мен ылғалдылығы бойынша айырмашылықтары болады. Солтүстік ауа массалары әдетте суық және құрғақ, ал тропикалық - жылы және ылғалды болады.
Теңіз ауасы үнемі жоғары ылғалдылығымен, сонымен қатар, қыста континенттікке қарағанда, жоғары температурасымен, ал жазда - төмен температурасымен ерекшеленеді. Ауа массалары бүтіндей ығысып, берілген аумақта бұрын болған массалардың орнына келіп, ауа райын өзгертеді. Ауа райының ерекше айқын өзгеруі, ауаның әр түрлі массаларының арасындағы, фронт деп аталатын, шекаралық қабаты өтуі кезінде байқалады.
Фронттарды жылы, суық және окклюзиялық деп бөледі. Жылы фронт деп, жылы массалар суық массаларды ығыстыруы кезіндегі, ал суық фронт деп - суық массалар жылы ауаны ығыстыруы кезіндегі фронтты айтады. Егер де суық және жылы фронттар біріксе, онда окклюзия фронты пайда болады, бұл кезде ауа райы айқын өзгермейді. Жердің әр түрлі аймақтарының аралығында бір ауа массаларының басқаға ауысуы, циклондық әрекеттің түрі ретінде іске асырылып, циклондар мен антициклондардың түзілуіне әкеледі. Циклондардиаметрі 2,5-3 мын км, қысымы төмен аймақ болып табылады. Ең төмен қысым циклонның ортасында байқалады. Оның өте кең шеттерінен - жоғары қысым аймағынан - циклонның ортасына қарай бір жерде емес, әр түрлі географиялық аумақтарда түзілген ауа массалары жиналып, жоғары көтеріледі. Осыған байланысты, циклонда жылы ауа массаларымен қатар, суық ауа массалары және фронттар болуы мүмкін.
Циклондар әдетте қысымы мен температурасының аутқулары үлкен, жауын шашынды, ауаның электр өткізгіштігінің жоғарылауымен және жердің электрлік өрісінің потенциалы градиентінің төмендеуімен жүретін тұрақсыз ауа райын әкеледі. Қалыпты жағдайда күнсайынғы атмосфералық қысымның әдетте өзгеруі 5 гПа аспайтын болса, циклондық әрекетіне байланысты ол 30-40 гПа өзгеруі мүмкін. Циклондардың өте қауіпті түрлері тропиктерде, мұхит үстінде байқалады. Олардың диаметрі үлкен емес, 80-100 км құрайды, бірақ қиратқыш күші қарқынды болып табылады. Тропикалық циклондардың (тайфун, дауылдар) жылдамдығы өте жоғары болады, олар теңіз үстіндегі дауылдар, су тасқыны, елеулі бұзылулардың пайда болуына әкеледі.
Антициклондар атмосфералық қысымы жоғары учаскелерде пайда болады. Олардың диаметрі 5-7 мың км дейін қамтиды. Ең жоғары қысым антициклонның ортасында байқалады, осыған байланысты, циклондарға қарағанда, ауа ағындары антициклон ортасыннан шетіне қарай ығысады. Антициклондар арқылы фронттар өтпейді. Антициклондар көбінесе бұлыты аз, тұрақты, жазғы уақытта ыстық және қысқы уақытта суық ауа райын әкеледі. Бірақ та, ауа райы барлық уақытта ашық бола бермейді, жазда қысқа уақытты нөсерлі, ал қыста – бұлытты қар жауатын ауа райының болуы да сирек емес.
Ауа райы мен климаттың қалыптасуы үшін жылу, ылғал, қозғалу мөлшерінің алмасуымен сипатталатын атмосфера мен мұхит арасындағы өзара әсерлесуінің маңызы айрықша болып табылады. Әлемдік мұхит Жердің 71% алып жатыр, ол күн энергиясы мен ылғалдың негізгі аккумуляторы болып табылады. Жер бетіне түсетін барлық күн сәулесінің 90% мұхит сіңіреді, оның аз ғана бөлігі (пайыз үлесі) су бетіндегі ауаның жылынуына кетеді. Бұл құрлықпен салыстырғанда, судың шағылыстыратын қабілеті төмен болуымен, сондай-ақ, судың жылу сыйымдылығының үлкендігіне байланысты барлық сіңірілген сәуле энергиясы су массасының жылытуға жұмсалатындығымен түсіндіріледі.
Судағы температураның тәуліктік ауытқуы ондаған метр тереңдігіне дейін, ал жылдық аутқуы жүздеген метрге дейін таралады. Су баяу қызып және баяу салқындайды. Сондықтан, жазда мұхит беті, қысқы уақытқа қарағанда, суығырақ болады және осыған сәйкес мұхит үстіндегі атмосфералық қысым жазда жоғары, ал қыста төмен болады. Су беті, құрлыққа қарағанда, аз бұдырлы болады, соның салдарынан су кеңістігінің үстінде желдің үлкен жыладамдығы да байқалады. Атмосфераның айналымы, ендік арасында жылуды тасымалдауда маңызды рөл атқаратын, мұхит айналымы деп аталатын - мұхит ағыстарының пайда болуына әкеп соғады. Төмен ендіктерден жоғары ендіктерге және жоғары ендіктерден төмен ендіктерге жылудың жалпы алмасуының жартысына жуығы мұхит ағыстары арқылы өтеді, ал, қалған жартысы – атмосфералық айналым арқылы жүреді.
Жоғары ендіктерден келетін суық ағыстар тропиктердің салқындауына ықпал етеді, ал тропикалық аудандардан келетін жылы ағыстар жоғары ендіктерді жылытады. Мұндай ағындарға Гольфстрим жатады, ол жылудың көп мөлшерін Батыс Европа жағалауына әкеледі және Баренцово теңізіне енеді. Солтүстіктен оңтүстікке қарай үлкен суық Лабрадор ағысы бағытталады.
Ірі мұхиттық айналымдар Әлемдік мұхиттардың басқа да аудандарында бар. Мұхиттық айналымдар күшті климат түзуші фактор болып табылады, олар жеке аумақтардың жылылық және радиациялық баланстарын өзгерту жолымен атмосфералық айналымға әсер етеді. Атмосфералық айналымға мұхит ағыстарының жаһандық әсер етуінің көрнекі мысалы ретінде Эль-Ниньо құбылысын айтуға болады. Тынық мұхитының беткі суларының температурасының аномальды түрде көтерілуімен сипатталатын бұл құбылыс, соңғы он жылдықтарда Оңтүстік Американың батыс жағалауында байқала бастады. Эль-Ниньо күшейуген жылдарда ауа райының аномальды құбылыстары, апаттық нөсерлер, бір аудандарда су тасқындары, басқа аудандарда құрғақшылық, торнадо, қара құйындар пайда болады.
Ауа райы мен климат жағдайлары ауа температурасының, ылғалдылығының, қозғалуының бағыты мен жылдамдығының өзгеруі, жауын шашындар, бұлтты күндердің болуымен ғана емес, сонымен қатар, атмосфералық қысымның, гелиофизикалық және геофизикалық факторлардың және атмосфераның электрлік жағдайының да ауытқып отыруымен сипатталынады.
Қазіргі уақытта адам ағзасына ауа райы мен климаттың қолайсыз әсерінен пайда болған көптеген салдарлары нақ соңғы аталған факторлардың әсерімен түсіндіріледі. Негізгі рөл гелиофизикалық факторларға беріледі. Егер, күн сәулесінің электромагниттік бөлігінің әсерінен, ауа райы және климат жағдайларын анықтайтын ауа массаларының планетарлық айналым үрдістері мен басқа да үрдістер дамитын болса, онда, күн сәулесінің корпускулярлық бөлігі, атмосфераның электрлік жағдайы мен геомагниттік белсенділігіне әсер ету арқылы өз үлесін қосады.
Күн сәулесінің қарқындылығы мен оның жылдамдығы күннің белсенділігіне байланысты. Күннің тыныш және күннің белсенділік кезеңдерін ажыратады. Күннің белсенділігі күн дақтарының, өршулердің және күн тәжісінде ауытқулардың пайда болуымен (4 тарауды қараңыз), сонымен бірге, энергиясы өте жоғары бөлшектер ағыны мен қысқа толқынды электромагниттік сәулеленулер шығарылуымен сипатталады. Жоғарыда аталғандай, геомагниттік өріс корпускулярлық күн радиациясының Жер атмосферасының төменгі қабатына енуінен қорғайды. Бірақ та, Жердің магнитосферасында осал аймақтары да бар, бұдан күн желі плазмасының бір бөлігі оның ішіне еніп, жоғары ендіктегі атмосфераның жоғарғы қабаттарына өтеді. Бұл аумақтарға магнитосфераның құйрығы, сонымен қатар, солтүстік және оңтүстік геомагниттік полюстердің айналасындағы, ені небәрі бірнеше жүздеген километрге жететін аумақтар жатады. Бұл жерде, 100 км биіктікте шамасы жүздеген мың амперді құрайтын электр токтары ағатын, солтүстіктік және оңтүстіктік жарқыраулар жиі көрінетін, ғарыштық ауа райының «ас үйі» орналасқан. Күн плазмасы магнитосфераның радиациялық белдеулерінде ұсталынып қалады, бірақ, күн толқулары болған кезде оның белгілі бір бөлігі жоғары ендіктегі жердің атмосферасына тасталады. Плазманың әсерінен түзілген күшті электрлік тоқтар жердің магниттік өрісімен өзара әсерлесіп, геомагниттік ауытқулардың дамуына әкеп соғады. Олардың бастамасы кенеттен, не біртіндеп болуы мүмкін, жергілікті немесе жер шарының бүкіл бетін алатын магниттік толқулар түрінде де байқалуы мүмкін.
Геомагниттік ауытқулар үнемі жүріп отырады, бірақ олардың ең айқындылығы күн белсенділігінің максимумы кезеңінде білінеді. Күн белсенділігіне белгілі циклділік тән. Күннің өз осьі маңында айналу кезеңіне тең, 27 күндік цикл, сондай-ақ, 11 жылдық, 22-,80-,99 - жылдық циклдер белгілі. Көптеген зерттеулермен күн мен жердің арасындағы байланыстың болуы және оның барлық тірі ағзаларға, соның ішінде адам ағзасына, әсері дәлелденген. Тірі ағзалар электромагниттік жүйе болып табылады, сондықтан магниттік өрістер, электр тоқтары және әр түрлі тербелістегі геомагниттік өрістер оларға әсер етпеуі мүмкін емес.
Гелиобиологияның негізін салушы А.Л. Чижевскийдің «Күн толқуларынының жер жаңғырығы» деп аталатын фундаментальды жұмысында максималды күн белсенділігінің кезеңінде әр түрлі инфекция қоздырғыштарының белсенділігі жоғарылайтынын және осыған байланысты тырысқақ, тұмау, оба, менингит, скарлатинаның эпидемиялары мен пандемияларының саны өсетіні көрсетілді.
1930 жылдың өзінде, оның күннің белсенділігі жөнінде алынған мәліметтер бойынша тырысқақ және тұмау эпидемиялары болуына жасалған болжамы айтылған жылдарда болды. Күн белсенділігі жүрек қантамырының аурулары бар науқастардың жалпы жағдайын нашарлатады, миокард инфарктісінің, инсульт, гипертониялық криз, глаукома, эклампсия, эпилепсия, ерте босану жиілігінің өсуіне, созылмалы аурулардың қозуына әкеп соғады. Психикалық аурулары бар науқастардың және алкогольге үйір адамдардың жалпы жағдайы күрт төмендейді. Магниттік толқулар кезінде сау адамдардың өзінде де тромб түзілу қаупі жоғарылайды. Қазіргі көзқарастар бойынша, геомагниттік өріс факторлары биологиялық магниттік және электромагниттік өрістермен өзара әсерлесе отырып, жасушаларда өтіп жатқан физикалық-химиялық үрдістерге, ал осылар арқылы бүкіл биохимиялық үрдістерге әсер етеді.
Жасуша мембранларының өткізгіштігі жоғарылайды, бос радикалды реакциялардың ағымы өзгереді, сонымен қатар, ферменттер мен басқа да биологиялық белсенді заттардың қасиеттері өзгереді, биожүйелерде қосымша электр тоқтары түзіледі, жүйке импульстарының берілу механизмдері бұзылады және т.б. болады Бұл эффектілердің пайда болуында, магниттік және электрлік өрістерге сезімталдылығы жоғары болғандықтан, суға маңызды рөл беріледі. Көптеген жағдайларда геомагниттік өріс, жасанды магниттік өріске қарағанда, адам ағзасына айқын әсер етеді. Бұл геомагниттік өрістің шексіз көлемімен (оны Жер мен Күн – екі қуатты көздері унемі қамтамасыз етіп отырады), әсерінің ұзақтығы және үздіксіздігімен, бүкіл ағзаға әсер етуімен, кернеуілілігі мен жиілігі әр түрлі, құрамдас бөліктерінің саны едәуір болуымен түсіндіріледі. Күн белсенділгінің және геомагниттік белсенділіктің өзгеруі атмосфералық электрліктің кезең-кезеңмен өзгеріп отыруына да әкеледі. Бұлар да жоғарыда аталған қолайсыз эффектілердің дамуына қатысады. Күн мен жердің байланыстары адамның биологиялық ырғағына әсер етуімен де білінеді. Биоырғақтар тірі ағзалар мен адамдардың эволюция үрдісінде қоршаған орта факторларының циклді динамикасына (тәуліктің, күн мен түннің, жыл мезгілінің ауысуы) бейімделу реакциясы ретінде пайда болған.
Адам ырғақтарының негізгі синхронизаторы жарық болып табылады, осыған байланысты адамда физиологиялық қызметтердің циркадианды (тәулікке жуық) ырғақтары айқын көрінеді. Оларға тәулік ішіндегі дене температурасының, белсенділігі мен тыныштық жағдайларының, ұйқы мен сергектіктің өзгерістері, зат алмасу үрдістерінің динамикасындағы өзгерістер, ОЖЖ функционалдық құбылмалылығы және т.б. жатады.
Сонымен қатар, Күннің өз осьін айналу және Жердің Күнді айналу ырғағымен байланысты айлық немесе циркасептандық ырғақтар да болады, мысалы, айлық овариальды цикл. Физиологиялық функциялар мезгілге байланысты да өзгеріп отырады, яғни, мезгілдік, жылдық - циркандық биоырғақтар байқалады. Гормональды белсенділік, асқазан сөлінің секрециясы, алмасу үрдістерінің өзгерістері осы циркандық биоырғақтарға бағынады.
Адам бейберекет, жүйелі емес сипатта әрекет еткен кезде немесе адам үшін уақыттың табиғи датчиктері болып табылатын күн мен түннің кезектесуі жойылғанда, өмірлік маңызды болып табылатын ағза функцияларының ырғақ фазаларында үйлеспеушілік болады. Жұмысқа қабілеттілік төмендейді, невроз түріндегі бұзылыстар дамиды, бұны десинхроноз деп атайды.
Мұндай реакция, мысалы, ендік бағытқа 4-8 белдеулерді ауыстырып, үлкен қашықтықтарға ұшқан кезде, жұмыс кестесі жиі ауысатын ауысымдық жұмыс кезінде, адам үшін жаңа климаттық-географиялық зоналардағы акклиматизацияның бірінші кезеңдерінде, орбиталық ғарыш станцияларында, су асты сүңгуір қайықтарында және т.б. пайда болатын хроноизоляция (уақыттың табиғи датчиктерінен оңаша қалғанда) жағдайларында байқалуы мүмкін.
Биоырғақтардың бұзылуына ауа райы жағдайының кезеңдік емес өзгерістері де әкеледі, бұған, фронттар, циклондар және антициклондардың өтуімен, магниттік толқулармен, күн белсенділігінің жоғарылауымен, атмосфераның электрлік жағдайының өзгеруімен байланысты ауа райының күрт өзгеруін жатқызады.
Кезеңдік емес өзгерістерге қарағанда, климат пен ауа райының қарқындылығы мен сипатының кезеңді ырғақты өзгеруі, ағзаға бірден әсер етпейді, себебі, олар біртіндеп күн немесе жыл бойына жүреді және оған адам ағзасы толығымен бейімделеді.
Ауа райының кезеңдік емес өзгерістері науқас адамдармен дені сау адамдарда да метеотроптық деп аталатын реакциялар дамуының негізгі себептерінің бірі болып табылады. Дегенмен, бейімделу механизімі жақсы дамыған дені сау адамдардың көбінде әдетте, қолайсыз ауа райы кезінде көңіл-күйі мен денсаулық жағдайында ешқандай өзгерістер байқалмайды. Метеотроптық реакциялар кез келген, типті өте қолайлы климаттық зоналарда да байқалуы мүмкін, ол адамның метеоөзгерістерге тұрақсыздығына – ауа райы факторларының әсеріне сезімталдылығына байланысты. Физиологиялық бейімделу механизмінің даму ерекшеліктеріне байланысты дені сау адамдар да, көбінесе қарт адамдар, балалар, жүктілік кезеңіндегі және босанған әйелдер метеотұрақсыз болуы мүмкін. Бірақ, науқас адамдар ең сезімтал болып табылады, себебі, олардың науқасы бейімделу қабілетін төмендетеді. Метеотроптық реакциялар көбінесе жүрек-қантамырларының, тыныс мүшелерінің, эндокриндік жүйенің, ас қорыту мүшелерінің, тірек-қимыл аппаратының, тері, көз, жүйке-психикалық аурулары бар науқастарда жиі кездеседі.
Патологиялық реакциялардың пайда болуына, бұрын саналғандай, тек атмосфералық қысымның күрт ауытқуы ғана емес, сонымен бірге, күн және геомагниттік толқулардың, атмосфералық электрліктің өзгеруі, температура және ылғалдылықтың кезеңдік емес өзгеруі, күшті жел, жауын-шашындар, фронттар, циклондар мен антициклондардың өтуі әсер етеді.
Метеотроптық реакциялардың жиілігі мен айқындылығы ауа райының түріне байланысты. Ауа райын медициналық болжау және метеотропты реакциялардың алдын алу (Григорьев И.И. авт бірге 1974 ж) үшін қолданылатын ауа райының морфологиялық-динамикалық жіктелуінде барикоциркуляциялық, электрометеорологиялық және гелиофизикалық көрсеткіштердің жиынтығы бойынша барлық ауа райы жағдайларын 4 түрге: I- ең қолайлы, II - қолайлы, III -қолайсыз, IV-ерекше қолайсыз деп бөледі.
I және II-ші түрі атмосфера айналымның антициклонды түрінің фонында қалыптасады, Әдетте метеоэлементтердің тәулік ішінде қалыпты жүруі күрт бұзылмайтын және негізгі биоклиматтық көрсеткіштердің өзгеруі айқын емес, тұрақты, бұлтсыз ауа райы байқалады. Атмосфералық фронттар жоқ, қысқа уақыттық жауын шашындар болуы мүмкін. Ауа райының III және IV түрі атмосфералық айналымның циклондық түрі кезінде басым қалыптасады. III түріндегі ауа райы болған күндері жеткілікті дәрежеде айқын фронттардың өтуі, негізгі метеоэлементтердің тәуліктік жүруінің бұзылуы мен едәуір құбылулары байқалады. Ұзақ уақытқа созылмайтын найзағайлар, дауылдар, нөсерлер, қарлы борандар байқалуы мүмкін. Ауа райның бұл түріне температураның күрт жоғарылауы және жел күшейген уақытта ылғалдылықтың төмендеуі, температуралық инверсиялар, ауаның температурасы мен салыстырмалы ылғалдылығы (85% және одан жоғары) жоғары, «қапырық» ауа райы жатады. Ауа райының IV түрі өте айқын суық фронттарының өтуімен, метерологиялық және геофизикалық шамалардың тәуліктік жүруінің бұзылуымен және күрт ауытқуларымен сипатталады. Қауіпті көріністеріне күшті найзағайлар, дауылдар, нөсерлер, шаңды дауылдар, қарлы борандар, күшті магниттік толқулар, геомагниттік өрістің белсенділігінің өзгеруі жатады.
Күн белсенділігі жоғары кезеңінде ауа райының қолайсыз түрлерінің жиілігі артады, ал, Күннің тыныш жылдарында – азаяды. Ағзаның бейімделу мүмкіншілігі төмендеген, ал ауа райы жағдайлары тұрақсыз келетін қыс пен көктемнің соңғы айларында күн белсенділігінің әсері өте айқын білінеді. Дені сау, бірақ метеотұрақсыз адамдарда өзін нашар сезінуі, үрейлену байқалады, ұйқысы бұзылады, бас аурыуы, басы айналуы, жүрек тұсында ауыратын сезім, қажу, жұмысқа қабілеттіліктің төмендеуі байқалады. Қолайсыз ауа райы түрлері кезінде жүрек-қан тамырларының ауруларымен ауыратын науқастарда метеотропты реакциялардың жиілігі 90% өседі. Атмосфералық қысымның жоғарылауы және төмен температура мен жоғары ылғалдылық қатар жүрген кезде спастикалық түрдегі реакциялардың пайда болуына және гипертониялық криздердің жиіленуіне әкеп соғады.
Ал ауаның температурасы мен ылғалдығы жоғары жағдайда, атмосфералық қысымның төмендеуі ауадағы оттегінің мөлшерін азайтып, гипоксиялық реакциялардың дамуына әкеледі, сол себептен, жүректің ишемиялық ауруымен және гипотониямен ауратын науқастар үшін ең қолайсыз болып табылады.
Тыныс мүшелерінің аурулары бар науқастар үшін температурасы күрт ауысқан, желі күшейген және жауын-шашынды күндер өте қауіпті болып табылады. Буындардың қабыну ауруларының қозуы атмосфералық қысым мен ауа температурасы төмендеген кезде ең жиі байқалады. Ең айқын реакциялар және аурулардың қозуы фронттар өткен кезде пайда болады. Фронт өтетіннен 1-2 күн бұрын атмосфераның электрлік жағдайы мен геомагниттік белсенділіктің күрт өзгеруі байқалады, фронттың өтуі кезеңінде (1-6 сағат) барлық метеорологиялық факторлар секірмелі түрде өзгереді, ал, 3 кезеңіңде (1 тәулікке жуық) барлық факторлардың деңгейі бұрынғы қалыпына дейін келеді. Метеотроптық реакциялар барлық үш кезеңінде байқалады, бірақ ең жоғары пайызы 1 -ші кезеңде орын алады. Фронттар өтетін ауа райы кезінде ең жиі миға қан құйылу, тромбоздар, эмболиялар кездеседі. Метеотропты реакциялардың патогенезі әлі жеткілікті зерттелмеген, дегенмен олардың дамуында негізгі рөл, әдеттегі метеорологиялық факторлардың әсері қосылған, электромагниттік импульстардың әсеріне тиесілі екендігі көрсетілген. Ауа райы мен климат жағдайларының әсеріне, сондай-ақ, мезгілдік аурулар деп аталатын аурулардың және созылмалы аурулардың мезгілдік қозуларының дамуы тән. Мысалы, суық тигеннен пайда болатын аурулардың максималды саны күз, қыс және ерте көктемгі уақыттарға келеді. Инфекциялық үрдістің дамуына салқындау, мұрын-жұтқыншақ трофикасының бұзылуы ықпал етеді.
Жылдың суық мезгілінде туберкулезден, жүрек-қан тамырларының ауруынан өлім-жітім жоғарылайды, ауыспалы мезгіл уақыттарында (көктем және күзде) асқазанның ойық жара ауруларының, гипертониялық және ишемиялық аурулардың қозуы ең жиі байқалады. Жазғы уақытта асқазан- ішек жолдары ауруларының саны өседі, сонымен қатар, белсенділігі белгілі бір мезгілге сәйкес келетін, қоздырғыштармен берілетін ауралардың – амебалық дизентерия, безгек және т.б. аурулардың өршулері байқалады.
Метеофакторлар адамның қоршаған ортамен жылу алмасуына тікелей әсер етеді. Ылғалдылығы жоғары, ыстық, желсіз ауа райы ағзаның қызынуына және өте ауыр жағдайларда - ыстық өтуіне әкеледі. Қатты аяздар желмен бірге немесе ауа температурасы өте төмен емес, бірақ та, оның ылғалдылығы жоғары кезде, ағзаның қатты тонуы пайда болады, бұл өз кезегінде жоғарғы тыныс жолдарының қабыну ауруларына, баспа, пневмония, ішкі мүшелердің жедел қабыну аурулары, созылмалы аурулардың қзуына әкеп соғады. Метеотроптық реакциялардың алдын алу немесе оларды төмендету үшін, ағзаны шынықтыру, рационды жеткілікті түрде табиғи дәрумендермен байыту және мезгілдік дәрумендермен емдеу жүргізу, ұтымды еңбек, тұрмыс және демалу режимін қамтамасыз ету, киімді дұрыс таңдау, бөлмелерде қолайлы микроклиматтық жағдайларды жасау сияқты шараларды жүргізу қажет. Көгалдандыру, фонтандар салу, ұтымды жоспарлау және т.б. шараларды жүргізу арқылы елді мекендерде қолайлы микроклиматты туғызудың да маңызы аз емес.
Дата добавления: 2015-12-16 | Просмотры: 599 | Нарушение авторских прав
|