АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология

ШИЗОФРЕНИЯ

Прочитайте:
  1. F20-F29 Шизофрения, шизотипические и бредовые расстройства.
  2. V1: ШИЗОФРЕНИЯ
  3. В) шизофрения
  4. Вяло протекающая шизофрения
  5. Глава 10. Аутизм и детская шизофрения.
  6. Детская шизофрения
  7. Детская шизофрения.
  8. Диагноз: Среднепроградиентная шизофрения. Синдром Кандинского-Клерамбо.
  9. Неврозоподобная малопрогредиентная шизофрения.
  10. Ответ : шизофрения

Шизофрения – этиологиясы анықталмаған, созылмалы ағымға бейiм, науқас тұлғасының типті өзгерiстерiмен және әлеуметтік адаптация және еңбекке қабiлеттіліктің тұрақты бұзылыстарына алып келетін әртүрлі айқындылық дәрежесіндегі өзге психикалық бұзылыстармен көрінетін психикалық ауру.

Бұл ауру кезінде науқастар тұйықталады, әлеуметтік қатынастарын жоғалтады, эмоциональды реакциялардың кедейленуі бақыланады. Сонымен қатар түйсік, қабылдау, ойлау, қозғалыстық-еріктік сфераның әртүрлi дәрежедегі бұзылыстары анықталады.

 

Жалпы клиникалық сипаттамасы

 

Шизофрения жеке ауру ретiнде алғаш немiс психиатры Э.Крепелинмен бөлiніп қарастырылды. Ол гебефрения (Е.Геккер), кататония (К.Кальбаум) және параноидтар (В.Маньян) диагнозы қойылған науқастар тобын алып, катамнездерін бақылағанда, оларда алыс кезеңде өзiне тән ақыл кемдігі дамығанын байқаған. Осыған байланысты Э.Крапелин осы үш топ ауруларды бiрiктiрiп, оларды ерте ақыл кемдігі деген атаумен атады (dementia praecox). Жеке ауру ретінде қарастыра отырып, бұл дерттің жазылу мүмкіндігін ол жоққа шығармады. Мұндай жiктеу принципiндегi танымал қайшылық өзiне назар аудартты және сын көзбен бағаланды.

Кейiнiрек швейцария психиатры Е.Блейлер (1911ж) бұл ауруға жаңа атау «шизофрения» (грекше шизо – ыдырау, френ - жан) терминiн ұсынды. Е.Блейлер бұл ауруға өзіне тән ақыл кемдігі жағдайымен аяқталу емес, тұлғаның психикалық үрдістерінің ерекше диссоциациясы, оның дертті үрдіс нәтижесіндегі арнайы өзгерісі тән деп есептеді. Ол бұл дерттің біріншілік және екіншілік белгілерін ажыратты. Бiрiншiлікке ол науқастың әлеуметтік контактын жоғалтуын (аутизм), эмоциональдылықтың кедейленуін, психиканың ыдырауын (ойлаудың ерекше бұзылыстары, әртүрлі психикалық көріністер арасындағы диссоциация және т.б.) жатқызды. Осы психикалық бұзылыстардың барлығы тұлғаның шизофрениялық тип бойынша өзгеруі ретінде қарастырылды. Бұл өзгерістерге шизофрения диагностикасында шешуші мән беріледі.

Е.Блейлермен екiншi реттiк деп танылған басқа психикалық бұзылыстар сенестопатиялармен, иллюзиялармен, галлюцинациялармен, сандырақтық идеялармен, кататониялық және т.б. бұзылыстармен көрінеді. Бұл бұзылыстарды ол шизофрения диагностикасында мiндеттi деп санаған жоқ, себебi олар басқа ауруларда да кездеседi, дегенмен олардың кейбiрi шизофренияға аса тән болып келеді.

Шизофренияның жеке формалары анықталып, суреттелді. Оның үш классикалық: гебефрениялық, кататониялық және параноидты формаларына төртiншi – қарапайым формасы қосылды. Кейiнiрек басқа да формалары суреттелді: ипохондриялық, кезеңдік және т.б. Формаларды жетекшi синдром негiзiнде бөлiндi. Бiрақ, клиникалық бақылаулардың көрсетуi бойынша шизофренияның әртүрлi формаларында тән психопатологиялық симптоматика өзiнiң тұрақтылығымен ерекшеленбедi. Бастапқы кезде қарапайым формада өткен ауру, кейін келе параноидты және басқа формалардың психопатологиялық белгiлерімен көрініс беруі мүмкін болды.

Шизофренияның психопатологиялық көрiністері көп түрлiлiгiмен ерекшеленедi. Өздерiнiң ерекшелiктерiне байланысты олар негативтi және продуктивтi болып бөлiнедi. Н е г а т и в т i функциялардың түсіп қалуы немесе бұрмалануын білдіреді, п р о д у к т и в т i – ерекше психопатологиялық симптоматиканың пайда болуымен: галлюцинация, сандырақ, аффективті күйзеліс және т.б. сипатталады. Науқастың психикалық жағдайында олардың арақатынасы және айқындылық дәрежесі аурудың үдемелілігі мен формасына тәуелдi.

Шизофренияға, атап кеткендей, науқас тұлғасының өзгерiсiмен сипатталатын ерекше бұзылыстар тән. Бұл өзгерістердiң айқын көрінуі ауру үрдісінің қатерлiлігін көрсетедi. Бұл өзгерістер науқас тұлғасының барлық психикалық қасиеттерiне қатысты. Дегенмен интеллектуальды және эмоциональды бұзылыстар аса тән болып келеді.

И н т е л л е к т у а л ь д ы бұзылыстар ойлау бұзылысының әртүрлi вариантымен көрiнедi: науқастар бағынбайтын ой ағынына, кідірісіне, параллелизміне және т.б. шағымдар айтады. Оларға кiтаптан оқыған тексттiң мазмұнын түсiну қиын және т.с.с. Жеке сөйлемдерден, сөздерден ерекше мағына түйсіну, жаңа сөздер ойлап табуға (неологизмдер) тенденция бақыланады. Ойлау жиі қалқымалы болып келеді, сөздерінде логикалық байланссыз бiр тақырыптан бiр тақырыпқа ауысу байқалады. Дертті өзгерістер тереңге кеткен науқастардың сөздеріндегі логикалық ретсіздік сөз үзілісі (шизофазия) сипатын алады.

Э м о ц и о н а л ь д ы б ұ з ы л ы с т а р моральды-этикалық қасиеттердi, үйірлік және жақындарына деген аяныш, түсіністік сезімін жоғалтудан басталады, ал кейде бұл жеккөру және ызалылық сезімімен бірге жүредi. Сүйiктi ісіне қызығушылық төмендеп, уақыт өте келе тiптi жоғалады. Науқастар ұқыпсыз, қарапайым жеке бас гигиенасын сақтамайды. Аурудың елеулi белгiсi олардың жүріс-тұрыстарының ерекшеліктері де болып табылады. Оның ерте белгiлерi науқастың тұйықталуы, туыстарынан алшақтау, қылықтарындағы оғаштықтар: бұрын науқас тұлғасына тән болмаған ерекше iс-әрекеттер, жүріс-тұрыс мәнері байқалады және осы әрекеттерін ешқандай жағдаймен байланыстыруға келмейді.

Сонымен қатар шизофренияға өзiндiк сенестопатиялық көрiністер тән: басында және дененің басқа да бөліктеріндегі жағымсыз сезiмдер. Сенестопатиялар түсініксіз, оғаш сипатта болады: науқастар миының жарты шарының кернеп тұрғанына, асқазанның кебуiне және т.с.с. шағымдар айтады. Сенестопатиялық көрiністердің орналасуы соматикалық ауруларда болатын ауру сезiмдеріне сәйкес келмейдi.

Қабылдау бұзылуы жиі есту галлюцинацияларымен және әртүрлi сезім мүшелерінің әрқилы жалған галлюцинацияларымен көрінеді: көру, есту, иiс сезу т.б. Сандырақтық күйзелістер ішінен сандырақтың әртүрлi формаларын бақылауға болады: паранойяльдi, параноидты, парафрендi, ерте сатыларында - жиі паранойяльды. Шизофренияға авторларының есімімен Кандинский-Клерамбо синдромы деп аталатын псевдогаллюцинациялармен бірге жүретін физикалық әсер ету сандырағы айтарлықтай тән болып келеді.

Қозғалыстық – ерiктік бұзылыстар өздерiнiң көрініс берулері жағынан көпқилы. Олар ерікті әрекеттер бұзылысы түрiнде де және күрделi еріктік актiлер патологиясы формасында да көрінеді. Ерікті әрекет бұзылысының көрнекі түрi кататониялық синдром болып табылады. Кататониялық синдром құрамына кататониялық ступор және қозу кiредi. Кататониялық ступордың жеке өзiнiң екi түрi болуы мүмкiн: люцидтi және онейроидты. Люцидтi ступор кезiнде науқастарда қоршаған ортада қарапайым бағдарлау және ондағы құбылыстарды бағалау сақталады, ал онейроидты жағдайда науқас санасы өзгерген. Люцидтi ступор жағдайынан шыққан науқастар сол кезеңде болған оқиғаларды есiне сақтайды және әңгімелеп бередi. Онейроидты жағдайдағы науқастар ступорозды күйде өздерін жаулап алған фантастикалық күйзелістер мен елестер жөнінде әңгімелейді. Ступорлық жағдай кататониялық қозу жағдайы сияқты күрделi психопатологиялық құрылым, оның құрамына әртүрлі симптомдар кiредi. Бұл синдромдар жөнінде нақтырақ 9-тарауда жазылған.

Күрделi ерiктiк актiлер, ерiктiк үрдістер дерт әсерiнен бірқатар бұзылыстарға ұшырайды. Апатия және сылбырлықпен аяқталатын еріктік белсенділіктің төмендеуі аса тән болып келеді, еріктік бұзылыстардың айқындылық дәрежесі дерттің үдемелілік дәрежесіне байланысты болып келеді. Кейбiр науқастарда қандай-да бір дертті идеяларға және сенімдерге байланысты белсендiлiк артуы мүмкiн. Мысалы, сандырақ идеяларымен науқастар аса ауыр қиындықтарды жеңе алады, инициатива мен табандылық танытып, үлкен жұмыстар атқарады. Науқастардың сандырақтық идеяларының мазмұны әртүрлі болады. Сонымен қатар ол заман рухын және әлеуметтік маңызды құбылыстарды бейнелейдi. Егер ежелгі заманда науқастар сиқырлы күштер, дiни мотивтер басым орын алған болса, ал қазiр ғылым мен техниканың жетiстiктерi жиі көрініс береді.

Шизофренияның тұрғындар арасында таралу дәрежесі ғылыми және тәжірибелік тұрғыдан маңызды мәселе болып отыр. Оған жауап табудың қиындығы тұрғындар арасында мұндай науқастарды толық анықтау мүмкінсіздігінде болып отыр. Бұл шизофрения болмысын түсіндіретін сенімді мәліметтердің және оны анықтайтын диагностикалық критерийлердiң жоқ болуымен байланысты. Қолымызда бар эпидемиологиялық зерттеулердің нәтижелерi мен статистикалық деректер оның таралуы барлық елдерде бірдейлігін және жалпы тұрғындарға шаққанда 1-2 % құрайтынын көрсетті. Шизофрения дамушы елдерде сирек кездеседі деген бастапқы мәлімдеме дәлелденген жоқ. Дамушы елдерде арнайы жүргiзiлген зерттеулер нәтижесiнде шизофрениямен науқастардың саны 1000 тұрғынға шаққанда Европа елдерiндегi шизофрениямен науқастар санына сәйкес келдi. Тек бұл дерттің клиникалық көріністерінің қандай-да бір түрлерінің кездесуінде айырмашылықтар болды. Дамушы елдерде тұратын науқастар арасында сана шатасуымен жедел жағдайлар, кататониялық көріністер жиi кездеседi.

Шизофрения кез-келген жас кезеңінде басталуы мүмкін. Дегенмен шизофрения дамуына аса тән жас кезеңі 20-25 жас. Шизофренияның бастапқы клиникалық көріністерінің кейбірінің өзiндiк оптимальды мезгiлі бар. Параноидты көріністермен шизофрения нефроз тәрізді симптоматикамен жиі 30 жастан кейiн, ойлау бұзылысы көрінісімен – жасөспірімдік шақта басталады. Ер адамдарда әйелдерге қарағанда ауру ерте басталады. Клиникалық көрінісінде де науқас жынысына қарай ерекшеліктер болады. Әйелдерде ауру жедел өтедi, әртүрлі аффективтi патология жиі және айқынырақ болады.

Ауру көпжылдық созылмалы, үзiлiссiз немесе ұстамалы ағыммен ерекшеленеді. Үзiлiссiз ағымында ауру қатерлi дамиды және 3-5 жыл ішінде ауыр, тұлғаның соңғы өзгерісі жағдайына алып келуі мүмкін. Соңғы күйдің типті формасы апатиялық ақыл кемдігі болып табылады: науқастар әрекетсiз, ешнәрсеге қатыссыз, сөздерi монотонды. Оларды қарапайым жұмыстарға баулу қиын. Соңғы жағдай көрінісi ортақ тән белгiлермен көрініс бере тұра әртүрлі болып келеді. Тұлғаның өзіне тән ауыр өзгерістерімен: апатия, аутизм, ойлау бұзылыстарымен қатар – басқа да психикалық бұзылыстар болуы мүмкін, олар бірігіп соңғы жағдайлардың кең спектрін құрады.

Қосымша психикалық бұзылыстарға фантастикалық жүйеленбеген сандырақтық идеялар, галлюцинациялар, ойлаудың шизофазиямен көрінетін ерекше бұзылыстарын және т.б. жатқызуға болады. Мұндай қолайсыз нәтиже шизофренияның қатерсіз ағымында да байқалуы мүмкiн, бiрақ аурудың ұзақ ағымынан кейiн дамиды. Шизофренияның үзiлiссiз ағымының өзінде де салыстырмалы түрде қолайлы нәтиже болуы мүмкiн. Ауру дамуының жеке сатыларында, және де кейінгі кезеңдерінде де дертті үрдіс психиканың терең емес зақымдану симптомдарымен (тұлғаның айқын өзгерістерінсіз невроз және психопатия тәрізді, редуцирленген галлюцинациялар және сандырақтық идеялармен) көрінуі мүмкін. Осындай жағдайларға және аурудың белгiлерiн толық жоюға ем нәтижесінде қол жеткізуге болады.

Ұстама тәрiздi ағымда ауру ұстамаларының ашық аралықтармен кезектесуі бақыланады. Ауру ұстамасы жедел психопатологиялық жағдайлармен сипатталады. Галлюцинаторлы, сандырақтық немесе басқа психопатологиялық көріністер эмоциональды кернеулiс күйімен - қорқыныш, депрессия, көңiл-күйдiң көтерiлуiмен, кейде сана бұзылысымен бiрге жүреді. Аурудың ұстама тәрiздi ағымында науқас тұлғасының өзгерістерi айқын болмайды. Тұлғаның бұл өзгерістері жөнінде ұстама аралық кезеңдерде ғана дөп басып айтуға болады, өйткені ұстама кезінде олар аурудың психопатологиялық көріністерімен бүркемеленеді. Ұстамалар санының көбею дәрежесіне байланысты науқастардың тұлғалық өзгерістері күшейе түседi. Сонымен бiрге ұстама аралық кезеңде байқалатын қалдық симптомдар да күшейедi. Науқастарда ұстама саны оның өмір кезеңінде әртүрлі, жиі 2-3 рет болады. Ауру ағымының көрсетілген нұсқалары бір науқаста қатаң сақталмайды. Үзiлiссiз ағымнан ұстама тәрiздi ағымға өтіп, немесе керiсiнше болуы мүмкiн. Дегенмен ауру ағымындағы ортақ тенденция анық көрініп тұр, науқас жағдайы мен дертті күйдің келесі динамикасы арасында тәуелділік бар, бұл байланыс дерттің жақын арадағы, және де алыс кезеңдегі салдарын болжауға мүмкіндік береді.

Шизофренияны жеке ауру ретінде қабылдағаннан бері клиникалық көріністерiнің әрқилылығына және дерттің әртүрлі аяқталуына байланысты жүйесін құруға көптеген әрекеттер жасалды. Шизофренияның клиникалық көріністерін ары қарай зерттеулер мәліметтері оның көпқырлылығын 4 формаға сыйғызу қиындығын көрсетті. Басқа да формалары ажыратылды: ипохондриялық, тон тәрiздi, кезеңдік және т.б. Шизофренияның неврозбен және психопатиямен науқастардағы көріністерге ұқсас клиникалық белгiлерi суреттелді. Бұл тек сыртқы ұқсасатық болып табылады. Оларды тексергенде тұлғалық өзгерістердiң күшейгендiгi байқалады. Ұзақ катамнездік бақылау арқылы арнайы клиникалық тексерулер шизофренияны жүйелендірудің маңызды критерийлерiн анықтауға мүмкіндік берді. Бұл критерий ауру ағымының принципi – шизофрениялық үрдістің үдемелілік ерекшелiгi болып табылды. А.А.Снежневскиймен мұнымен қатар аурудың психопатологиялық көріністерi мен оның дамуының динамикасы арасындағы тығыз байланыс көрсетілді. Осының негiзiнде шизофренияның үш негiзгi варианты көрсетiлдi: үзiлiссiз, кезеңдік (рекурренттi), ұстама тәрiздi – прогредиенттi (тонтәрiздi).

 

Үзiлiссiз ағымды шизофрения

Үзiлiссiз ағым шеңберінде үрдістің қатерлiлiк дәрежесiмен анықталатын аурудың жеке формалары анықталды: қатерлi (ядролық), орташаүдемелі (параноидты), баяу ағымды немесе азүдемелі (невроз тәрiздi және психопатия тәрiздi). Шизофренияның аталған формаларының әрқайсысына белгілі бір психопатологиялық көріністер тән.

Қатерлi (ядролы) шизофрения. Жеткiншек жаста пайда болады, қатерлi ағыммен сипатталады. Аурудың алғашқы белгiлерiнiң пайда болуынан оның түпкілікті дамуына дейiн 2-3 жыл өтедi. Бұл науқастарда бірінші кезекте негативтi бұзылыстар пайда болады, одан кейiн ғана позитивтi бұзылыстар қосылады. Позитивтi өзгерістер психопатологиялық синдромдардың полиморфизмiмен ерекшеленеді. Ядролы шизофренияның болжамын нашарлататын факторларға оның терапияға аса резистенттiлiгi де жатады.

Аурудың басталуы бұрмаланған пубертатты кризді еске түсіреді және екi варианттан тұрады: энергетикалық потенциалдың төмендеуі және эмоциональды дефициттің пайда болуы. Энергетикалық потенциалдың төмендеуі ең алдымен үлгерім нашарлауымен, сабақта өнімділіктің төмендеуімен, кейде үй тапсырмаларына жұмсалатын уақыттың ұзаруымен көрінеді. Мұндай науқастар кейін келе кластар қалдырады, оқи алмағандықтан мектепті тастап кетеді. Энергетикалық потенциал төмендеуі жиі метафизикалық интоксикация жағдайымен бірге жүреді: науқастар глобальдi философияны, ғылыми пробремаларды (тұрмыс мәні, тіршіліктің шығу тегі және т.б.) зерттеумен айналысады, бірақ бұл еңбектері олардың арнайы білімінің болмауына және науқастар өнімділігінің күрт төмендеуіне байланысты ешқашан нәтиже бермейді, науқастар бұл зерттеулерге көп уақыттарын жұмсайды.

Эмоциональды дефициттің дамуы ең алдымен ата-анасына деген қатынастың бұзылуымен, жиi тiтiркенгіштік пен агрессивтiлікке бейімділікпен эмоциональды салқындық пайда болуымен көрінеді. Кейіннен науқастарда өз тұлғасына немқұрайдылық пайда болады: олар күтінбейді, жуынбайды, ештеңе iстемейдi және т.б.

Осы суреттелген жағдайлар соңғы апатико-абулиялық - жағдайда өтуi мүмкін, бұл кезде басқа психотикалық бұзылыстар редукцияланған күйде болуы мүмкін. Клиникалық көрінісiнде интеллектуальды белсенділіктің құлдырауы, эмоциональды жетiспеушiлiк, энергетикалық потенциалдың төмендеуі және т.б., яғни негативті бұзылыстардың басым болуы ядролық шизофренияның қарапайым вариантына тән.

Науқас 20 жаста. Психикалық аурулармен тұқымқуалау ауырлығы жоқ. Анасының жүктiлiгi мен босануы асқынусыз өткен. Жүруi және сөйлеуi уақытымен дамыған. Мiнезi сабырлы, аз сөйлейтін, жалғыз ойнағанды ұнатқан. Мектепке дейiнгi жас кезеңіндегі аурулары: салқын тию, қызылша, қызамық, 2 жыл деңгейінде (5 жастан 7 жасқа дейiн) қараңғыдан қорқыныш байқалған. Қараңғыдан неге қорқатынын бiлмейдi. 1 классқа барғанда қараңғыдан қорқыныш жоғалған.

Мектепке 7 жастан барған. Орташа оқыған. Үйге берген тапсырманы жолдастарынан көшiрiп алатын болған. Мiнез-құлқы сабырлы күйінде қалған. Бiр күнi ата-анасына басының ішінен бiр дауыстар еститiндiгiн айтқан. Психиатриялық ауруханаға жатқызылған. Ауруханада стереотипті қозғалыстар, гримасалар, шайнау және мойын бұлшық еттерiнiң тонусының жоғарылағаны байқалған. Кейде бiрнеше сағат бойы бiр позада тұрып қалған, кейде күрт қозу жағдайына ауысқан, агрессивтi, өз киiмдерiн жыртып, науқастарға және персоналдарға шабуыл жасаған. Өзiн күтінбейді, жуынбайды. Тәбетi өте жоғары, басқа аурулардың тамағын тартып жейдi. 1981 жылы П.П.Кащенко атындағы ауруханаға ауыстырылды. Сол кезден бері жағдайы өзгеріссiз қалды: ешкiммен қатынасқа түспейді, көп уақытын төсекте өткізеді, ән айтады, ерiксiз күле бередi, былдырлайды. Кейде қабағын түйіп, бір нәрсені тыңдағандай болады, бірде қозғыш, дәлізде жүгіріп, бір жаққа талпынады, науқастарға агрессия танытады. Тәбеті жоғары, кез-келген нәрсені аузына салады: конфеттерді орамасымен жейді, бірнеше рет целлофанды пакетті жұтуға тырысқан. Ауруханада науқас нейролептиктердiң массивтi дозасын алды, бiрақ жағдайы жақсарған жоқ.

Ядролық шизофренияның қарапайым түрінен басқа гебефрениялық, параноидты, кататониялық варианттары бар.

Ядролық шизофренияның гебефрениялық вариантының дамуы энергетикалық потенциалдың төмендеуі немесе эмоциональды дефициттің пайда болуынан басталады. Ары қарай аталған өзгерістер фонында сандырақтық галлюцинаторлы күйзелістермен, жүріс-тұрыс бұзылыстарымен, полиморфизммен және симптоматиканың қарапайымдылығымен сипатталатын жедел психотикалық күй дамиды. Одан кейiн ол рудиментарлы кататониялық, сандырақтық және галлюцинаторлы құбылыстармен соңғы жағдайға ауысады. Кататониялық симптом жиі алаңғасар жүріс-тұрыспен көрініс береді.

Ядролық шизофренияның параноидты вариантының динамикасы күрделiрек. Ол жоғарыда аталып өткен негативтi құбылыстардан басталады, бірақ жедел психотикалық жағдайға дейiн ауруларда энергетикалық потенциалдың төмендеуі немесе эмоциональды жетiспеушiлiк фонында невроз тәрiздi, паранойяльді, психопатия тәрiздi симптомдар дамиды. Невроз тәрiздi симптоматика обсессия түрінде, паранойяльдi симптоматика төмен жүйеліліктегі интерпретативті сандырақпен көрінеді. Психопатия тәрiздi бұзылыстар қозу, дөрекiлік түрiнде, айналадағылармен сыйыса алмаумен, өтiрiкшілдікпен, алкоголизацияға, наркотикалық заттарды қолдануға бейімділікпен көрінеді.

Бұл топ науқастарында кейін келе тұрақсыз ктатониялық симптоматикамен параноидты синдром – Кандинский-Клерамбо синдромы пайда болады. Осылайша кататония элементтерімен жүретін сөйлеу үзілісімен (шизофазия) сипатталатын соңғы күй дамиды.

Кататониялық вариантының басталуы аталған варианттардағыдай болып келеді. Жедел психотикалық жағдай ступор және субступор деңгейiндегі люцидтi кататониямен көрінеді (жеке сандырақтық және галлюцинаторлы көріністер де орын алуы мүмкін). Соңғы жағдай субступор деңгейiндегі рудиментарлы кататониялық симптоматикамен сипатталады.

Параноидты шизофрения. Шизофренияның бұл формасының дамуында паранойяльдi, параноидты, парафрендi сандырақ сатылары және соңғы жағдай сатысы ажыратылады. Бұл аталған динамика схемалы, өйткені параноидты шизофрения дамуы осы сатылардың кез-келгенінде аяқталуы мүмкін. Шизофренияның бұл формасының екi вариантын ажыратамыз: сандырақтық және галлюцианаторлы.

Бұл варианттардың негiзгi айырмашылықтары параноидты сандырақ сатысында псевдогаллюцианаторлы синдромның айқындалық дәрежесiне тәуелдi. Параноидты шизофренияның сандырақтық варианты дамуының бастапқыкезеңінде өзіне тән ерекшеліктерімен паранояльды жағдай пайда болады. Ол, ереже бойынша, жоғары жүйелілік дәрежесімен ерекшеленеді.

Параноидты этапта - Кандинский-Клерамбо синдромының дамуы алдында қысқа уақыттық жедел пайда болатын үрейлі-сескенгіш күй бақыланады: науқастар қозу жағдайында, қорқыныш сезінеді, өздерiмен не болып жатқанын түсiне алмайды. Содан соң қозу жағдайы басылып, Кандинский-Клерамбо синдромы дамиды. Бірқатар жағдайларда параноидты сандырақ фабуласы паранойяльдi сандырақ фабуласының жалғасы болып табылады. Параноидты сандырақ сатысы құрамындағы Кандинский-Клерамбо синдромы өзгермелі. Кезеңмен синдромның тереңдеуiмен өршу жағдайлары байқалады. Экзоцербация (өршу) үрейлi-сескенгіштікпен қозу жағдайларымен сипатталады. Кейде өз динамикасында Кандинский-Клерамбо синдромы «оң әсер» сипатын алады: науқастардың айтуынша ол әсер жағымды, оларға қанағат, ләззат сезімін шақыру үшін жасалып жатыр дейді. Үрейлi-сескенгіштікпен қозу эпизоды жоғалады, көңiл-күйi жиi көтеріңкі болады. Уақыт өте инвертирленген психотикалық автоматизм деп аталатын жаңа жағдай пайда болуы мүмкін. Науқастар кенеттен өздерінің өзгелерге әсер ете алатын күштерінің бар екендігіне «көздері жетеді». Инвертирленген психикалық автоматизмнiң пайда болуы парафрендi жағдайға ауысу сатысының дамығанын көрсетеді. Парафрендi сатыда науқастарда экспансивтi, псевдогаллюцианаторлы және конфабуляторлы парафрения дамуы мүмкін, және парафренияның бір формасының екіншісіне ауысуы мүмкін.

Соңғы жағдай сөз үзілісімен, неологизмдермен сипатталады, аурулардың сөздерiнде бұрынғы парафрендi сандырақтан үзiндiлер жиi байқалады, кататониялық құбылыстар да байқалуы мүмкін.

Науқас 44 жаста. Психикалық аурулармен тұқым қуалау ауырлығы жоқ. Мерзімінде туылған. Ерте дамуы қалыпты. Көп салқын тиген. Қызылша, баспа, нейродермитпен ауырған. Мектепке 8 жастан барған, жақсы оқыған. Осы ауруына дейiн үрейленгiш, өкпелегiш, күмәншіл болған. Достары аз. Мектептен соң техникумға түскен, оны жақсы бiтiрiп, техник-конструктор болып, сосын инженер болып қызмет еткен. 25 жасында үйленген. Ұлы бар. Семьяда қарым-қатынасы жақсы. 30 жастан ауырады. Ешқандай себепсiз тiтiркенгіштік пайда болған, ұйқысы нашарлаған, көңiл-күйi үрейлi. Науқастың айтуынша жұмысындағы басшысы өзiне әдейі түртпектеп, оның өз жұмысын атқара алмайтындығын көрсеткісі келетіндей болған. Қызметтестерiнiң сөздерiнен, iс-әрекеттерiнен өзiне зиян келтіру үшін бағытталған мін, мағына табуға тырысқан. Одан да жақсы жұмыс атқаруға тырысты. Кейiнiрек бастығының қызметтестерімен бірігіп, бәсеке тудырмас үшін өзін ығыстыратындығын «түсiнген». Науқас бұрыннан ғылыми пробремалармен шұғылданатын, және осы сәтте оған өзінен «дарынды тұлға» ретінде олардың құтылғысы келетіндігі жөнінде ой келді. Кейiнiрек науқасқа ғылыми идеялары мен жоспарларын айналадағылар бiлiп жүр деген ой келді. Арнайы құрылғы көмегiмен өзiнiң ойын оқып отыр және шатастырып жатыр деп айтқан. Кезеңдермен қозу жағдайында болды, сөзшең, «ғылыми жобаларымен» әртүрлі мекемелерге баруға тырысқан.

Жағдайының нашарлауына байланысты психиатриялық ауруханаларға көп рет жатқызылды. 35 жасына ІІ топ мүгедегі, кейін І топ мүгедектiгіне өтті. Белсенді емдеу жүргізгенде кезеңдермен продуктивті психикалық бұзылыстардың әлсiрегенi байқалған. Соңғы жылдары дертті көріністер айқындылығы азайған. Науқас үшiн сандырақтық күйзелістер өз актуальдылығын жоғалтты.

Қарау кезіндегі психикалық жағдайы: уақыт және орын бойынша дұрыс бағдарланған; өз жағдайына сын көзқарас жоқ, өзiн көкіректеніп ұстайды. Сөзi монолог тәрізді, сөзiнде мағына жоқ. Науқастың айтуы бойынша ол көп жаңалықтар ашқан, жаңа академия құрып, оның басшылығымен ұзақ өмiр сүру және космос пробремалары шешіледі. Бөлiмшеде ештеңемен айналыспайды. Көп уақытын төсекте өткiзедi, немесе дәлiзде әрi-берi жүредi. Басқа аурулармен қатынаспайды.

Параноидты шизофренияның сандырақтық вариантымен салыстырғанда галлюцинаторлы вариантында паранойяльды сандырақтың жоғары дәрежелі жүйесi жоқ. Парафрендi жағдайға өту аздап өзгеше болады. Жалған галлюцинациялар сипаты параноидты сандырақ сатысында-ақ өзгередi және оның нәтижесi ретiнде жалған галлюцинаторлы парафрения дамиды. Экспонсивтi парафрения да тән емес. Жалған галлюцианаторлы парафрения көрінісінде бертін келе шизофазия құбылысы пайда болады және қорытынды ретінде соңғы жағдай дамиды. Параноидты шизофренияның галлюцианаторлы вариантының болжамы нашар және дәрiлiк терапияның тиімділігі төмен.

Баяу ағымды шизофрения. Бұл форма шизофренияға жалпы тән негiзгi белгiлермен сипатталады. Сонымен қатар айтарлықтай ерекшелiктерi де бар: тұлғаның типті өзгерістері баяу дамиды және онша айқын емес, продуктивті психопатологиялық симптоматика редукцияланған түрде көрiнедi. Баяу ағымды шизофренияға тән бұзылыстар шеңберiне жабысқақтықтар, истериялық, астениялық, астеносенестопатиялық бұзылыстар, кейде паранойяльды бұзылыстар жатады.

Баяу ағымды шизофрения диагноз қою кезінде обсессия анықталған жағдайда екi моменттi ескеру керек: обсессия пайда болуына бейім емес тұлғада дамуы, және обсессияның сыртқы себепсiз пайда болуы және олардың шеңберінің жылдам кеңеюi.

Диагноз қою үшiн кенеттен, сыртқы ықпалсыз бұрын науқас тұлғасына тән емес истериялық көріністердiң пайда болуы да маңызды болып табылады.

Психопатия тәрiздi шизофренияның көрiнісі психопатия кезiндегі психикалық бұзылыстарға ұқсас. Мұнымен қатар шизофренияның бұл формасымен науқастарда, патохарактерологиялық бұзылыстардан бөлек тұлғаның айқын емес дәрежедегі өзгерісі бақыланады: эмоциональды бұзылыстар (суықтық, кейде туыстарына деген дұшпандық қатынас, аффект парадоксальдылығы, көңіл-күйдің мотивсіз өзгерістері), интеллектуальды бұзылыстар (рефлексияға, өзіндік анализге бейімділік, оғаш, айрықша қызығушылықтар және т.б.). Аурудың даму үрдісінде симптоматика күрделенеді – ұзаққа созылатын аффективтi тербелiстер, аса бағалы және тұрақсыз паранойяльдi идеялар пайда болады. Баяу ағымды шизофрениямен жасөспiрiмдер мен жеткiншектер ассоциальдi орталарға жиі елігеді.

Кейбiр паранойяльды бұзылыстар баяу ағымды шизофрения шеңберінде аса бағалы идеялар түрінде ғана емес, сандырақтық бұзылыстар түрінде де бақылануы мүмкін. Жиі «баяу ағымды шизофрения» диагнозының сатылы мәні болады, яғни азүдемелі шизофренияға тән бұзылыстар фонында параноидты немесе ұстама тәрізді – үдемелі шизофренияға тән психопатологиялық жағдайлар дамиды. Бұл шизофренияның бiр формасынан екiншi формасына өтуiн көрсетпейді, шизофренияның әртүрлі формаларының бастапқы көріністерінің ұқсастығын меңзейді. Баяу ағымды шизофрения болжамы едәуір жайлы. Шизофренияның бұл формасымен көптеген науқастар ұзақ уақыт бойы өздерiнiң еңбекке қабiлеттiлiгiн сақтайды.

Науқас 21 жаста. Психикалық аурулармен тұқым қуалау ауырлығы жоқ. Жанұяда бiрiншi бала. Анасының жүктiлiгi мен босануы қалыпты өткен. Психикалық және физикалық дамуы қалыпты. Мiнез-құлқы белсендi, достары көп болған. Біртіндеп өсе келе күмәншіл, ұялшақ, тұйық мінез қалыптаса бастаған. Үш жасынан бастап балалар бақшасына барған. Тез үйренісіп кеткен. 7 жастан мектепке барған, жақсы оқыған, әсіресе нақты ғылымдарға аса қызығушылық танытқан.

15 жасынан берi ауырады, еш себепсiз үрей пайда болып, есінен адасып кету, ауыр дертке шалдығу қорқынышы пайда болған. Көңiл-күйi түскен, өзiн басқалардан кем санаған. Кезеңдермен өзіне көшедегi адамдар қарап, күлкі ететін тәрізді көрінген. Оған себеп ретінде өзінің сыртқы бейнесіндегі ақауларды есептеген («сүйкімсіз мұрын, қысық көздер, беті безеулермен жабылған»). өз күйзелістерімен ешкіммен бөліспеген, бұрынғы достарынан алшақтаған, ешкiмдi көргiсi келмеген, «өзіне түсіністікпен қарамайтыны және қажет емес іспен айналысуға мәжбүрлейтіндері үшін» ата-анасына өшiгу сезімі пайда болған. Өзі үшін Мәскеуге “нағыз медицинаға” жақын бару керек деп шештi. Ата-анасының жiбермеуiне байланысты үйде үнемі қақтығыс, ұрыс-керіс орын алды. Аса тітіркенгіш болып кетті, кезеңдермен мектепке барғысы келмедi («бәрібір өмірім біткен»). Сабақпен айналысу күрделене түсті: ойлары бір пәннен екіншісіне «секіріп» кетеді, зейінін жигақтау қиынға соқты, оқығанын қабылдай алмады. Бұл кезеңде дәрiгерге көрiнген жоқ. Біртіндеп күйзелістері өткірлігін жоғалтты, көмескіленді. Осы мерзімге дейін өзін дені сау сезінген кезең бақыланбаған: ойлау бұзылысы фонында кезеңдермен өзінің сыртқы бейнесі жөнінде күйзелістер, мұң, үрей, ұйқы бұзылысы күшейіп тұрған. Анасының айтуынша осы жылдар аралығында оның мiнезi өзгердi: тұйықталып, түнере түскен, эмоциональды суықтық пайда болған, бұрын науқаста байқалмаған ата-анасына деген өшiгу сезімі пайда болған.

Жағдайының соңғы нашарлауы 1983 жылы қыс айында бақыланған. Еш себепсiз көңiл-күйi түсiп, ауыр психикалық ауруға шалдыққанына көзі жеткен, «өмірім бітті» деп, өзiне-өзi қол жұмсағысы келген. өткінші адамдардың өзіне қарап, сыбырласып, күлкі ететіндігін қайта байқай бастаған. өзінің сыртқы бейнесі жөнінде күйзелістер қайта күшейген. Ата-анасының сұранысымен психиатрға алғаш рет қаралды, ауруханаға жатқызылды. С.С.Корсаков атындағы клиникаға түстi. Соматикалық және неврологиялық жағдайында патологиялық өзгерістер анықталған жоқ.

Психикалық жағдайы: түскен кезде санасы анық, бағдарлаудың барлық түрі дұрыс, көңiл-күйi төмендеген. Әңгiмелескен кезде басын төмен түсiрiп бүкірейіп отырады, мимикасы кедейленген, дауысы жай, біртекті. Денесiнiң әртүрлі бөлiктерiндегі жағымсыз сезімдерге спонтанды түрде көптеген шағымдар айтады, өте ауыр дертке шалдыққанмын («мүмкін қатерлі ісік ауруы») деп санайды, өзін жақсылап тексеруден өткізуді сұрайды. Сонымен қатар өзін ауруханада, дәрігерлердің жанында «дұрысырақ сезінетінін» айтады. Кезеңдермен науқасқа тұрмыстық жолмен мерез ауруын жұқтырып аламын деген ойлар келеді. Бұл қорқыныштарының негізсіздігін түсіне тұра, оларға қарсы тұра аламайды. Жұқтырмас үшін бөтен адаммен конакттан кейін қолын ұқыпты жуып, 3 рет сiлкiлейдi. Көп уақытын жалғыз өткiзедi. Өз күйіне сын көзқарас өте формальды сипатта. Көңiл-күйiнiң жақсарғанын сезінеді және кешкiсiн үрейлі күйдің азайғанын айтады. Суицидальды ойларды жоққа шығарады.

Емдеу нәтижесiнде науқастың жағдайы едәуір жақсарды: үрей азайды, жабырқаулы күй жойылды, ішкi мүшелер тарапынан жағымсыз сезiмдерге аз зейін аударады. Мерез жұқтырып алудан қорқыныш сақталып қалды, бірақ бұрынғы актуальдылығын жоғалтты. Айналадағылардың өзіне деген ерекше көзқарастарын сезінбейтін болды. Болашаққа жоспар құрады, аудандық психиатрдың бақылауына галоперидолмен сүйемелдеуші ем тағайындалып шығарылды.

 

Кезеңдiк (рекуррентті) шизофрения

Шизофренияның рекурренттi формасы әртүрлі ұзақтықтағы ұстамалар түрiнде өтедi (бiрнеше аптадан бiрнеше жылға дейiн). Науқастардағы бүкіл өміріндегі ұстамалар саны әртүрлі – 1-2 ұсатамадан 10 ұсатамаға дейiн және одан да жиі болуы мүмкін. Кейбiр науқастарда әрбiр ұстама экзогендi фактордың әсерінен дамиды. Рекуррентті шизофренияға тән ұстамалардың 3 түрi бар. Олар онейроидты-кататониялық, депрессивтi – параноидты, аффективтi ұстамалар. Науқастарда өмір ағымында психопатологиялық құрылымы бойынша әрқилы ұстамалар бақылануына байланысты рекурренттi шизофренияның қандай-да бір вариантын ұстама сипатына қарай ажырату қиын. Ұстамалар айқын аффективтілікпен сиптталады, сезімдік сандырақтың қандай болмасын түрі, кататониялық бұзылыстар жеңіл пайда болады. Ремиссиялары аса сапалы болып келеді. Алғашқы ұстамалардан кейін тұлғалық өзгерістердің болмауы интермиссия жөнінде айтуға мүмкіндік береді. Дегенмен біртіндеп, қайталамалы ұстамалардан кейін тұлғалық өзгерiстер пайда болады, ол мына көріністермен сипатталады: астениялық, гиперстениялық, шығармашылық тиімділіктің төмендеуi және эмоциональды көріністер кедейленуімен еңбекке қабiлеттiң күшеюi. Мұндай өзгерістер үшінші-төртінші ұстамалардан кейiн көрiнедi. Артынан үрдіс белсенділігі төмендейдi: ұстамалар сирейді, тұлға өзгерісi бiр деңгейде қалады. Мұндай науқастардың ерекшелiгi оларда әрқашан басынан өткен психотикалық күйге сын көзқарас бақыланады, және олар дертті жағдай мен саулық күйін нақты ажырата алады.

Мұндай науқастардың еңбекке қабiлетi әдетте төмендемейді (астениялық тұлғалық өзгерістермен науқастардан басқасында). Рекурренттi шизофрения кезiндегi болжам жайлы, бірақ бұл науқастарда айқын депрессия фонында суицидальды ойлар және әрекеттер болу мүмкіндігін ескеру қажет. Мүндай науқастар арнайы бақылауды қажет етеді. Суицидальды тенденция анықталған жағдайда шұғыл, мiндеттi түрде ауруханаға орналастыру қажет.

Науқас Х-ва В.Н., 21 жаста. Анамнезі: анасының жүктiлiгi мен босануы асқынусыз өткен. Ерте дамуы ерекшелiксiз. Сөйлеуi және жүруi уақытында басталған. Балалар инфекциялық ауруларынан қызамықпен ауырған, жиi суық тию байқалған. Мiнезi ашық, белсендi. Қыдырғанды жақсы көрген, басқа балалармен жақсы ойнаған. Мектепке 7 жастан барған. Оқу ұнаған, кластастарымен тез араласып кеттi. Ашық, белсендi қалпында қалған. 8-шi класты бiтiрген соң, 15 жасында пед. училищеге түстi. Сабақтарға ынтамен дайындалды. Жаңа коллективке еркiн үйренісіп кеткен. Бос уақытында достарымен бiрге киноға, театрға барып өткізген. Билегендi, көңiл көтеруді ұнататын. Екiншi курсты бiтiрген соң курстастарымен бiрге колхозға жұмысқа барды. Сонда жүрiп күтпеген жерден күш тасқынын сезінген, айналадағының бәрi қуаныш сыйлап, «бақыттан ән шырқағысы келдi». Осы жоғары көңiл-күйде үйiне келдi, өте белсендi болды, «қолынан барлығы келіп тұрды». Тәулiгiне 3-4 сағат ұйықтаса да өзiн тамаша демалғандай сезiндi. Бұрын назар аудармаған курстасына ғашық болып, жиi телефон соғып, кездесiп жүрдi. Осындай кездесулердiң бiрiне бара жатқанда кенеттен басының ішінен ер кiсiнiң нық «Барма» деген дауысын естiдi, іштей бiр қозу күйін сезiндi, қолын жан-жаққа сермеп, көшеде жүгiрiп жүрдi. Осы жағдайында психиатр қарап, психиатриялық ауруханаға жатқызылды. Госпитализация фактын және ондағы алғашқы күндерiн бұлыңғыр есіне түсіреді. Кезеңдермен өзін басқа планетада жүргендей сезiнген, бұл планетаны тек әйелдер мекендейді, ал ер адамдардың барлығы «планета аралық» соғысқа кеткен деп санайды. Кей кездерi мелшиiп тұрып қалады, осы кезде аяқ-қолының, мойын-шүйде және шайнау бұлшық еттерiнiң қарысып қалуы байқалады. Аминазин тағайындалған соң жағдайы тез жақсарды. Ауруханада болған 4-шi күнде уақыт пен орын бойынша бағдары дұрысталды. Кейiнгi күндерi көңiл-күйi бiртiндеп қалыптасты, дертті жағдайдағы өз тәртiбiн ұяла еске алады, өткен жағдайының дертті табиғатын түсiнедi, ауруының «көтерiңкi көңiл-күйден» басталғанын сенiмдi түрде айтады. Екi айдан кейiн ауруханадан шықты, шыққан соң өзін ауруханаға дейінгі жағдайындай сезiндi. Белсендi, ашық болып қалды, ынтамен оқуын жалғастырды, құрбыларымен еркiн араласып, киноға, театрға барып тұрды. Училищенi бiтiрген соң мамандығы бойынша жұмыс iстедi, бiрақ жұмысы бiрден ұнамады, балалар тыңдамады, үнемі бұзықтық жасады. Әлi де үйренiп кетемiн деп ойлады, бiрақ екi айдан соң балалармен жұмыс iстей алмайтындығын толық түсiндi. Ешқандай өкiнiшсiз жұмысынан шығып кеттi, бiр аптадан соң ғылыми-зерттеу институтына архивариус болып жұмысқа орналасты. Жаңа жұмыс ұнап, колликтивке тез үйренісіп кетті. Мiнезi бұрынғыша көңiлдi, ашық болып қалды. Келесі екi жылда өзiн жақсы сезiндi, жұмысын атқарды, көңiл-күйi бірқалыпты болды, мiнез-құлқы өзгермеді.

1982 жылдың күзінде (21 жасында) тағы да күш ағынын, «ішкі толқуды» сезінді, көп сөйлеп, белсенділігі артты. Өзін «ерекше мүмкіндігі» бар адам деп түсінді, басқалардың ойына әсер ете аламын деп санады, және ол жайында басқаларға ынтамен әңгімеледі. Анасы аудандық психиатрға көрсетіп, психиатриялық ауруханаға жатқызды. Алғашқы уақытта көп сөйлеп, қимылдық қозу байқалды, палатада тұрмады, айналадағының барлығы үш топқа бөлінеді, оның бірі өзінің жақтастары, ал екеуі қарсы деген ой айтты. Өзін ауруханада емес басқа планетадамын деп санады, кейде мелшиіп тұрып қалады немесе бір айтқанын қайталай береді. Осындай жағдай бір жетіге дейін сақталды, осы кезең бойында науқас аминазиннің үлкен дозасын қабылдады. Екінші аптадан бастап жағдайы жақсара бастады: уақыт пен орын бойынша бағдары дұрысталды, өзінің күйзелістері жөнінде толық айтып берді, «барлығы өткен жолғыдай» болғанына сенімді. Дәрігермен әңгімелескенде ашық, эмоциональды сақталған, болашаққа нақты жоспарлар құрады, ата – анасын сағынғандығын айтады. Бөлімшеде белсенді, қызметкерлерге көмектеседі, еңбек терапиясына ынтамен қатысады.

 

Ұстама тәрізді - үдемелі (тонтәрізді) шизофрения

 

Бұл форма үзіліссіз ағымдағы үрдіс фонында қайталамалы ұстамамен сипатталады, продуктивті және үдемелі негативті симптоматикамен көрінеді.

Шизофренияның бұл түрінде ұстамалар әртүрлі, олар аса полиморфизмімен және біркелкі емес ұзақтықпен (минуттарға созылатын «транзиторлы» түрінен көп жылдарға созылатын ұстамаларға дейін) ерекшеленеді. Бірақ рекуррентті шизофрения ұстамаларына қарағанда жедел емес, баяулау ағымда өтеді, оның құрылымында параноидты және галлюцинаторлы көріністер басым көрініс береді. Кейде ұстама тәрізді үдемелі шизофренияның продуктивті симптоматикасы ұстама кезінде ғана емес, ұстама аралық кезеңде де байқалады, тұлғаның үдемелі дефицитарлы өзгерістері, ұстаманың қалдық (резидуальды) симптоматикасы байқалады. Өздерінің әртектілігіне қарамастан ұстама тәрізді үдемелі шизофрения кезіндегі ұстамалардың ортақ ерекшеліктері болады. Оларға психоз көріністерінің массивтілігі арасындағы диссоциация және науқас жүріс-тұрысының азды-көпті дұрыстығы аса тән. Шизофренияның бұл түрінде ұстамалар полиморфтылығымен ерекшеленеді. Мысалы, маниакальды ұстама кезінде науқаста жиі өзін - өзі кінәлау идеяларымен және жасаурағыштықпен депрессия күйі көрініс беріп тұрады. Басынан өткізген жағдайға, тіпті ұстама айқын және массивті симптоматикамен өтсе де, сын көзқарас толық болмайды.

Ұстама тәрізді үдемелі шизофренияның басталатын жас кезеңі әртүрлі. Ол балалық шақта, жетілген және егде жас кезеңінде де басталуы мүмкін. Қандай жас кезеңінде басталуына байланысты клиникалық көрінісінде де жасқа байланысты ерекшеліктер айқын көрінеді. Мысалы, науқаста инфантилизм анықталса, дерттің балалық кезінде басталғаны жөнінде айтуға болады. Ұстама тәрізді үдемелі шизофрения кезіндегі болжам әртүрлі және ең алдымен аурудың басталған жас кезеңіне, үрдіс ағымының жеделдігіне және тұлға өзгерісінің дәрежесіне тәуелді.

Науқас П.А., 23 жаста. Психикалық аурулармен тұқымқуалау ауырлығы жоқ. Ерте дамуы қалыпты, мінезі ашушаң, тітіркенгіш. Құрбыларымен жиі қақтығыстарға түскен. Жақын достары болған емес. Орташа оқыды, 8 сыныпты бітірген соң кешкі мектепте оқығысы келді, бірақ оны тез тастап кетті. Троллейбус паркінде электрик болып қызмет етті. 20 жасында науқастың жағдайында өзгерістер байқалды. Тұйықтығы артып, іс-әрекетсіз болды, жұмысқа барудан бас тартты. Ата – анасының ескертулерін елеген жоқ. Кейінірек өзін «бөтен күш» басқаратындай сезім пайда болды. Өзін біреу аңдып жүргендей сезінді, үйінің қасынан «өтетін» ерекше машиналарды байқады. Сонымен қатар «төніп келе жатқан қасіретті» алдын – ала сезініп, үрей пайда болды. Осы жағдайда психиатриялық ауруханаға жатқызылды.

Ауруханада соматикалық және неврологиялық жағдайы жағынан қандай-да патология байқалмайды. Психикалық жағдайы: уақыт бойынша бағдарлануы дұрыс, қоршаған орта бойынша бағдары толық емес. Бөлімшедегі науқастардың ішінде өзін аңдуға арнайы жіберілген адамдар бар деп санайды. Өзіне «ерекше күштің» әсерін сезеді. Ол әсердің сипатын анықтап айта алмайды. Дертті жағдайына сын көзқарас жоқ. Әңгіменің басында сұрақтарға дұрыс жауап беріп отырды, ары қарай үрей артып, қорқыныш сезінетінін айтып, сөздерінің реті өзгеріп, үзілу элементтері пайда болды.

Нейролептиктермен емдеу нәтижесінде науқастың жағдайы жақсарды. Басынан өткізген дертті күйзеліске сын көзқарас пайда болды. Үйіне шығарылды. Үйінде тәртібі дұрыс болды, бірақ тұйықтық, белсенділік пен қызығушылықтарының төмендеуі бақыланды. Жұмысты қиындықпен орындады. Кейде үрейшіл, мазасыз, күдікшіл жағдайларға түсті. Жарты жылдай сүйемелдеуші терапия қабылдады, ал кейін дәріден бас тартты. Ауруханадан шыққанына бір жыл өткен соң жағдайы айтарлықтай нашарлады: ата – анасына дұшпандық қатынас қалыптасып, оларды пәтерден қуды, әсер ету және соңына түсу сандырақ идеяларын айта бастады. Психиатриялық ауруханаға қайта жатқызылды. Ауруханаға түскенде науқастың соматикалық және неврологиялық жағдайы жағынан патология байқалған жоқ. Психикалық жағдайы: уақыт және орын бойынша бағдары дұрыс, өзін аурумын деп санамайд,. үйге жіберуін сұранды. Бұрын ауырғандығымен келіседі, ал қазір ауру емеспін деп мәлімдейді. Көп сөйлейді, ата – анасы жөнінде жақтырмай сөйлейді. Дәрігерге өзінің қазіргі уақытта маңызды мәселелермен шұғылданатынын, сонымен байланысты өзін тұрақты тексеретіндігі жөнінде әңгімелейді. Өзін тексерумен шұғылданатындар ішінде өзінің әкесі де бар деп есептейді. Бөлімшеде өзін айрықша ұстайды.

 

Этиологиясы және патогенезі

Шизофренияның этиологиясы мен патогенезі ауру бөлек нозологиялық бірлік болып бөлінгеннен бастап арнайы зерттеу пәні болды. Э. Крепелин шизофрения токсикоздың, соның ішінде жыныс бездерінің қызметі бұзылысы нәтижесінде пайда болады деді. Шизофренияның токсикалық табиғаты жөніндегі идея басқа да келесі зерттеулерде өзінің дамуын тапты. Осылайша, шизофрения дамуы белок алмасуының бұзылуымен және науқастар ағзасында ыдыраудың азотты өнімдерінің жиналуымен байланыстырылды. Салыстырмалы түрде жақын уақыт аралығында шизофренияның токсикалық табиғаты жөніндегі идеяны науқастар қанының сары суынан арнайы - тораксеин затын табу арқылы дәлелдеуге талпыныстар жасалды. Бірақ шизофрениямен науқастардан қандай-да бір арнайы зат табу әрі қарай тұжырымын тапқан жоқ.

Шизофрениямен науқастар қанының сары суында токсикалық өнімдер болады, бірақ олар арнайылығымен ерекшеленбейді, тек шизофрения ауруына тән болып табылмайды. Олар басқа психикалық ауруларда, кей жағдайда сау адамдарда да кездеседі. Сонымен қатар олардың айқындылық дәрежесі шизофрениялық үрдістің қатерлілік дәрежесіне тәуелді. Бұл токсикалық заттардың бірқатар қасиеттері бар. Олар жасушалардың мембраналарын зақымдайтын мембранотропты әсерге ие. Экспериментте шизофрениямен науқастар қанының сарысуы эмбрионның жүйке тінінің даму үрдісін тежейтін әсері бақыланды. ОЖЖ дамуының бұзылысы шизофрениямен зардап шеккен жүкті әйелдердің жүктілігін қолдан тоқтатқанда да байқалды. Шизофрения кезінде белсенді фактордың жүйке жүйесін зақымдау әсері милық аутогендер мен аутоантиденелердің пайда болуына әкеледі. Олардың мөлшері де дерт үрдісінің қатерлілігімен байланысты. Бұл мәліметтер шизофрениямен науқастар ағзасының қызметі нәтижесінде пайда болатын белгілі бір биологиялық бұзылыстарды көрсетеді. Бірақ бұл бұзылыстарды түзетін механизмдер мен олардың пайда болуына ықпал ететін жағдайларды түсіндіретін жеткілікті айқындылық жоқ.

Соңғы жылдары шизофренияны биохимиялық зерттеулерде белгілі бір табыстарға қол жеткізілді, ол оның дамуының биохимиялық болжамын құруға мүмкіндік берді.

Әсіресе катехоламиндік және индолды гипотезалар салмақты болды. Шизофрениямен науқастардың миындағы нейробиологиялық үрдістер бұзылысының механизмдерінде дофамин мен норадреналин дисфункциясының рөліне сүйеніп катехоламиндік гипотеза негізделді. Индолдық гипотезаны жақтаушылар серотонин және оның метаболизмі, және басқа да индол туындылары психикалық қызмет механизмінде маңызды роль атқаратындықтан, олардың дисфункциясы және алмасу компоненттері шизофренияның пайда болуына әкеп соғады деп санады. Биогенді аминдер алмасуына қатысатын ферменттер бұзылысымен шизофрениялық үрдістің байланысы жөніндегі идея мәні осы аталған концепцияларға жақын.

Шизофренияның пайда болуында тұқымқуалаушылық патологияның рөлі анықталған. Шизофрениямен науқастарда осы аурумен тұқымқуалаушылық ауырлығы қарапайым тұрғындармен салыстырғанда бірнеше есе жоғары және тұқымқуалау ауырлығы сипатында белгілі бір заңдылық бар. Ата – анасында шизофрения болған жағдайда пробандтың ауруға шалдығу мүмкіндігі, бұл ауру алыс туыстарында болған жағдайдағыдан әлдеқайда жоғары болады; шизофрения дамуының биологиялық ата-анамен байланыстылығы дәлелденген. Пробанд пен оның туыстарындағы шизофрения көріністерінің типі арасындағы байланыс анықталды. Сонымен қатар, соңғы зерттеулермен шизофрениямен науқастардың, олардың туыстары, әсіресе ата – анасында зат алмасу үрдістері мен интеллектуальды ерекшеліктерінде кейбір ортақ сипаттар анықталды.

Бірақ шизофрения кезінде типті психопатологиялық көріністермен бірге биологиялық бұзылыстардың пайда болуы мен түзілуін анықтайтын нақты сипаттаманың болмауы, шизофрения табиғаты жөнінде әртүрлі концепциялар құруға мүмкіндік береді. Прагматикалық немесе идеалистік философиялық көзқарастарға сүйенген көптеген шетелдік психиатрлар арасында шизофрения мәнін түсіндіруде фрейдистік методологиялық ереже қолданылады. Олар шизофренияны тұлғаның өмірге сәтсіз қалыптасуының бір


Дата добавления: 2015-10-20 | Просмотры: 3620 | Нарушение авторских прав







При использовании материала ссылка на сайт medlec.org обязательна! (0.022 сек.)