Организм реактивтілігі 6 страница
Калликреин-кинин жүйесінің тым қатты әсерленуі әртүрлі сілеймелер, құздама (ревматизм), нефриттер, артриттер, ұзақ жаншылу синдромы, атеросклероз, артериалық гипертензия т.б. аурулар кездерінде байқалады. Протеолизді шектейтін дәрілерді қолданып калликреин-кинин жүйесінің белсенділігін азайтуға және сол арқылы дерттік үрдістің даму қарқынын кемітуге болады.
Комплемент жүйесінің маңызы. Комплемент – әсерленістері кездерінде организмнің қорғаныстық серпілістері дамуына қатысатын биологиялық белсенді заттар құрылуына әкелетін және атқаратын қызметтері бойынша өзара байланысты қан сұйығында болатын нәруыздар жүйесі. Комплемент «С» әрпімен, ал оның құрамбөлшектері араб цифрымен (мәселен, С1, С2 С3 т.с.с.) белгіленеді. Комплементтің әсерленуі классикалық және балама жолдармен болады.
Классикалық жолы «антиген-антидене» кешені әсер етуінен дамиды. Бұл кезде комплементтің көптеген құрамбөлшектері ыдырауынан белсенді өнімдері құрылады. Олардың біразы әсерлену тізбегінен аластанады, басқалары бірігеді. Әсерленудің соңында нысана-жасушаларға (тін жасушаларына, антиденелермен байланысқан микробтарға) уытты әсер ететін С5-С9 құрамбөлшектері құрылады. Комплементтің барлық құрамбөлшектері қабыну дамуына қатысады. Оның әсерленуі иммундық серпілістерге бейспецификалық қорғану тетіктерін (фагоцитоз, қабыну) қосуға бағытталады. Компелементтің С3а құрамбөлшегі мес жасушаларының түйіршіктерінен биологиялық белсенді заттар босап шығуына және тегіс салалы ет талшықтарының жиырылуына әкеледі. С5а құрамбөлшегі гранулоциттердің белсенділігін арттырады, қылтамырлардың эндотелий жасушаларына жабысуын және тамыр сыртына шығуын күшейтеді. С3а-С9а құрамбөлшектері тромбоциттердің агрегациясынтуындатады. Бұл әсерлер тромбоциттердің мембранасына тромбин бекуінен одан сайын күшейеді. Компелементтің белсенді құрамбөлшектерінің макрофагтармен өзара әрекетесулерінен простагландиндер мен лейкотриендер түзілуі күшейеді.
Комплемент әсерленуінің балама жолы бактериялардың полиқанттарының әсерлерінен болады және жұқпаларға қарсы маңызды тетік болып есептеледі. Ол тез арада иммундық тетіктердің қатысуынсыз қосылады. Бұл жолы көптеген қосымша ықпалдардың қатысуымен С3 құрамбөлшегінің ыдыратылуынан басталады. Комплементтің әсерленуі осы жүйе тізбектерінің әртүрлі бәсеңсіткіштерімен қадағаланады. Солардың ішінде С1 және С3 құрамбөлшектерінің бәсеңсіткіштері жақсы зерттелген. С1-бәсеңсіткіші, эстераза ферменттері болып, С1 құрамбөлшегінің өз бетінше әсерленіп кетуінен сақтандырады. Сонымен қатар ол калликреин-кинин және фибринолиз жүйелерін тежейді.
Комплемент жүйесінің бақылаудан шығып кетуі әртүрлі дерттік үрдістер туындатыды. Оның кейбір бәсеңсіткіштерінің тапшылығы аутосомдық-бәсеңкі жолмен ұрпаққа берілетін тектік ақаулардан болуы мүмкін. Мәселен, С1-бәсеңсіткішінің тапшылығы кезінде әртүрлі, тіпті шамалы бүліністердің өздері комплементтің классикалық жолмен әсерленуінің бастапқы тізбектерін С3-құрамбөлшегіне дейін жүзеге асырады. Ары қарай ол С3-бәсеңсіткішімен тежеледі. Осыдан туа біткен ангионевроздық ісіну пайда болады. Өйткені бұл кезде пайда болған С2b-құрамбөлшегі кининдерге ұқсас әсер етеді. С3-бәсеңсіткішінің тапшылығы кезінде С3-қрамбөлшегінің әсері күшейіп кетеді және комплементтің балама жолымен әсерленуі бұзылады, жұқпаларға организмнің төзімділігі төмендеп, ауыр жұқпалар (пневмония, отит, гайморит, менингит т.б.) дамиды.
Кезкелген комплемент құрамбөлшектерінің артық әсерленуі көптеген дерттік үрдістердің дамуында маңызды орын алады. Осыдан олар дәрі-дәрмектерге жалған аллергиялық серпілістер, кейбір сілейме (әсіресе сепсистік сілейме) дамуына қатысады. Сепсистік сілейме дамуы эндотоксиндердің комплементті әсерлендіретін қасиетімен байланысты болады. Эндотоксин қан сұйығында протеолиздік жүйенің әсерлендіргіші болып есептеледі.
Организмде өндірілетін кейбір ферменттер де комплементті әсерлендіреді. Мәселен, трипсин, плазмин, калликреин оның әсерленуінің балама жолын іске қосады. Әртүрлі бүліндіргіш ықпалдар бұл ферменттердің белсенділігін көтереді.
Қызба
Қызба - организмде және жасушалардың цитоплазмасында темпера-тураны көтеру арқылы жұқпалар, қатерлі өспе өсуі және организмнің меншік тіндерінде некробиоздық өзгерістер дамуы кездерінде байқалатын экзогендік және эндогендік антигендік ықпалдарға жауап ретінде иммундық жүйенің серпілістерін күшейтетін организмнің қорғаныстық серпілісі. Сонымен қатар, оның нәтижесінде тін жасушаларының айналасында температура көтерілуінен зат алмасуларының қарқыны артуының да қорғаныстық маңызы бар. Иммундық жүйенің әсерленуінен пайда болатын эндогендік пирогендер дене ішінде температураны көтеріп, бұл жүйенің ары қарай өзін-өзі әсерлендіруін сергітеді. Жіті қабыну және жүйелік қабынулық серпілістер кезіндеріндегі қызбаның нәтижесінде байқалатын нәруыздардың ыдырауы артуынан организмнің адаптациясына қатысатын жүйелерде (солардың ішінде иммундық жүйеде) нәруыз түзілуіне қажетті өнімдер пайда болады.
Қызба дамуына иммундық жүйенің қатысуы мына жағдайларда болуы ықтимал:
● бактериялық, вирустық т.б. жұқпалар кездерінде бактериялардың эндо-токсиндерінің әсерінен;
● өз беттерінше антиген немесе гаптен болатын дәрі-дәрмектердің әсерінен;
● жарақат, күйік, жаралану, ұзақ жаншылу синдромы т.б. кездерінде организмнің меншік тіндерінің некробиоздық және некроздық бүліністері нәтижесінде жіті қабыну және жіті кезеңдік жауап дамуынан;
● организмде қатерлі өспе өсуі кезінде өспе жасушаларының сыртқы беттерінде өспелік антигендердің пайда болуынан;
● аллергиялық серпілістер кездерінде иммундық жүйе жасушаларының әсерленуінен эндогендік пирогендер босап шығуы нәтижесінде.
Прогестерон өндірілуі бұзылыстары кезіндегі гормондардың арақаты-настары өзгерістерінен де қызба дамуы мүмкін деген де жорамал бар.
Қалыптасқан пікір бойынша бұл факторлардың әсерінен қызба дамуы экзогендік пирогендердің ықпалынан болады деп есептеледі. Шын мәнінде олардың біразы ғана иммундық жүйеге экзогендік болады, ал тұтас организмге сырттан әсер ететін ықпал бола алмайды. Мәселен, жарақат кезінде көптеген жасушалардың бүліністерінен қызба дамуына әкелетін, бірақ иммундық жүйе танымайтын, антигендер босап шығады.
Экзогендік пирогендер эндогендік пирогендер өндірілуін арттырып әсер етеді. Эндогендік пирогеннің бір өкілі болып, әсерленген қан моноциттері мен тіндік макрофагтарда өндірілетін интерлейкин-1 (IL-1) есептеледі. Интерлейкин деген сөз лейкоциттерді әсерлендіретін фактор деген мағынаны білдіреді. IL-1, молекулалық массасы 11 килодалтон, полипептидтік цитокин. Ол жоғарыда көрсетілген әсерленген макрофаг-тардан басқа В-лимфоциттерінде, табиғи киллер лимфоциттерінде, микроглиялық және мезангиалық жасушаларда, қатерлі өспеге айналған миелоидтық т.б. жасушаларда өндіріледі.
Интерлейкин-1 қабыну кезінде, пироген ретінде ОЖЖ-не әсер етіп қызба ғана туындатып қоймай, жіті кезеңнің жүйелік серпілістер дамуын сергітеді. IL-1 көп пішінді ядролы лейкоциттердің сүйек кемігінен шығуын арттырып, нейтрофилдік лейкоцитоз дамуын күшейтеді. Бұл лейкоциттерден, тамыр қабырғалары арқылы қабыну ошағына олардың шығуына қажетті, коллагеназа ферменті босап шығуын арттырады. IL-1 нейтрофилдерде оксидазалық және гексозомоноффосфаттық тотығуды күшейтіп, олардан оттегінің бос радикалдары босап шығуын көбейтеді. Осыдан нейтрофилдердің бактерицидтік қасиеті артуымен қатар, тіндердің салдарлық бүліністері де пайда болуы мүмкін. Бұл цитокин фибробластар мен сілемейлі қабық жасушаларына өсу факторы ретінде әсер етіп, оларда коллаген және плазминогеннің әсерлендіргіштері өндірілуін күшейтеді. Коллаген өндірілуінің артуы нәтижесінде қабыну кезінде пайда болған бүлінген тіннің орны толықтырылады.
Гипоталамусқа әсер етіп, IL-1 аденогипофизде кортикотропин мен соматотропин өндірілуін арттырады. Осыдан зат алмасуларына, инсулинге қарсы әсер ететін, катаболизмдік гормондардың мөлшері көбейеді. Бұл кезде тотығатын заттардың артық ыдырауынан организмнің қорғаныстық серпілістері барысында пайдаланылатын энергиялық өнімдер пайда болады.
Осы келтірілгендердің өзінен-ақ IL-1-дің организмнің қорғаныстық жүйелерінің қызмет атқаруында өте маңызды екенін көруге болады. Бұл қорғаныстық серпілістер ОЖЖ мен иммундық жүйенің бірігіп жұмылдырылуы нәтижесінде дамиды. Қабыну кезінде IL-1-дің әсерінен дене қызымының көтерілуі жіті кезеңдік жауаптың тек бір ғана көрінісі болады.
Гипофизге IL-1-дің әсерінен кортикотропин артық өндірілуінен бүйрек үсті бездерінің сыртқы қабатында глюкокортикоидтық гормондардың түзілуі күшейеді. Содан кортизол өндірілуі жасушалардан IL-1-дің босап шығуын тежейді. Осылай жүйелік қабынулық серпіліс пен қабыну кезіндегі жіті кезеңдік жауап өзін-өзі шектейді.
IL-1 Тх-лимфоциттеріне әсер етіп, олардан IL-2 босап шығуын арттырады. Ол Т-лимфоциттерінің білгілі өскіндері өсіп-өнуіне әкелетін митогендік ықпал етеді. Бұлардың бөлініп көбеюі оларды қоршаған ортада температура 39,5ْ С болғанда ең үлкен деңгейге жетеді. Дене қызымының осылай көтерілуі Т-жасушаларына IL-2-нің митогендік әсерін 400 есе күшейтеді.
Қан сұйығында IL-1 темір мен мырыштың деңгейін төмендетеді. Темір көптеген микробтардың өсіп-өнуіне қажетті зат болғандықтан, оның азаюы дерт туындататын бактериялардың өсуін тежейтін ықпал етеді. IL-1 бауырда жіті кезеңдік нәруыздардың түзілуін арттырады.
Өспе өсуі кезінде қатерлі өспе жасушасына айналған жасушалардың қарқынды өсіп-өніп кетуі организмнің туа біткен немесе жүре пайда болған организмнің иммундық тапшылығынан болатыны белгілі. Сондықтан қатерлі өспесі бар науқастарды радио- және химиотерапиямен қосып, дене қызымын жасанды жолмен көтеру арқылы (пиротерапия) емдеу өспенің өсуі мен метастаза таратуын шейктейтін әсер етеді. Бұл кезде бір ядролы макрофагтар мен иммундық қабілетті жасушаларда өндірілетін цитокиндер (IL-1, өспені жоятын фактор) көбейеді. Бұл цитокиндердің әсерінен табиғи Т-киллер жасушалары қатерлі өспе жасушаларын шабуылдайды. Бұл кезде есте сақтайтын бір жайт, ол пиротерапияны қолданғанда дене қызымы 40ْ С-дан төмен болмауы қажет.
Дегенмен, Т-киллер жасушалары сыртқы беттерінде тіндік үйлесімділіктің үлкен кешенінің антигендері жоқ қатерлі жасушалаларды жоя алмайды. Сондықтан барлық жағдайларда қатерлі өспелерді пиротерапиямен емдеу нәтижелі бола бермейді.
Өспені жоятын фактор мен IL-1 басқа макрофагтық қабынулық альфа-1 нәруызда эндогендік пироген болады. Бұл пироген гепаринмен байланыса алады және оның қызба туындатуы циклооксигеназа ферментінің белсенділігімен байланысты болмайды. Сондықтан оның әсерінен пайда болған қызба, циклооксигеназа ферментін тежейті, бейстероидтық қабынуға қарсы дәрілермен емдеуге көнбейді. Бұндай қызба септицемия кезінде қан айналымындағы моноциттер мен бактериялық эндотоксиндер әрекеттесуінен макрофагтық қабынулық протеин бөлініп шығуы нәтижесінде дамиды.
Бұлшықет жасушаларында IL-1 циклооксигеназа ферментін және простагландин Е1 түзілуін артырып, нәруыздар ыдырауын күшейтеді. Содан пайда болған аминқышқылдары қанмен айналып жүріп организмнің қорғаныстық жүйелерінде нәруыз түзілуіне пайданылады. Бұлшықеттердің нәруыздары ыдыратылуынан қызба кезінде науқас адам 1 кг-дай ет массасын жоғалтады. Бұлшықеттерде нәруыздардың ыдырауын науқас адамды ұйқы басуынан болатын гиподинамия да күшейтеді. Науқасты ұйқы басу мыйдың баяу ұйқыға жауапты нейрондарына IL-1 әсер етуінен болады.
Гипоталамустың термореттеу орталығына IL-1 әсер етуінен шеткері тері қан тамырларының жиырылуынан жылудың сыртқа шығарылуы азайып, бұлшықеттердің қалтырауынан және бауырда жылу өндірілуі артады. Осыдан дене қызымы көтеріледі. Ол белгілі бір деңгейге жеткенде жылу шығару мен оның өндірілуінің арасында жоғары деңгейде тепе-теңдік пайда болады. Бұл кезде гипоталамус арқылы өтетін қанның температурасы жаңа орныққан деңгейге жетеді.
Жорамал бойынша, гипоталамуста IL-1 жасуша мембранасындағы арахидон қышқылынан Е тектес простагландин түзілуін күшейтеді. Простагландин Е1 аденилатциклаза ферментін әсерлендіріп, жасушаларда циклдік АМФ түзілуін арттырып, жылу өндірілу және шығарылу тетіктерін әсерлендіреді. Ацетилсалицил қышқылы және басқа бейстероидтық қабынуға қарсы дәрілердің дене қызымын төмендететін әсері олардың циклооксигеназа ферментін тежеп, простагландиндер Е1 және Е2 түзілунен сақтандыру нәтижесінде жүзеге асады.
Глюкокортикоидтар фосфолипаза А ферментін тежеп, ОЖЖ жасуша мембраналарынан арахидон қышқылы және иммундық жүйе жасушаларынан IL-1 босап шығуын азайтады. Сол тетіктер арқылы көтерілген дене қызымын төмендетеді.
Мыйға қан құйылудан астроциттердің цитолизі болып, олардан IL-1 босап шығады. Осыдан бұндай науқастарда дене қызымы көтеріледі және ұйқы басу байқалады.
Қызбаның теріс жақтары. Қызба тым қатты және ұзақ болғанда организмнің иммундық серпілістері тым қарқынды болуынан артынан иммундық тапшылықтық дамытады. Содан организмнің жұқпаларға төзімділігі кемиді. Қызба кезінде бұлшықеттерде дистрофия дамуы науқастың сауығуын баяулатады. Дене қызымының көтерілуі организмде оттегінің пайдаланылуын арттырады. Сол себепті әйгіленбеген тыныс алу және жүрек қызметінің жеткіліксіздігі бар науқастарда артериалық гипоксемия, тыныстық ацидоз дамуына әкеледі және жүректің әлсіздігін ушықтырып жібереді. Дене қызымы күрт түсінен коллапс дамуы мүмкін.
Дене қызымының 41ْ С-дан астам жоғары көтерілуі өз бетінше науқастың есінен тануына (комаға) және өліміне әкелуі ықтимал.
Қызбаның клиникалық жіктелу түрлері
Дене қызымы көтерілу деңгейіне қарай қызбаның келесі түрлерін ажыратады:
● шамалы (субфебрильдік) қызба — дене қызымының 38°С-ға дейін көтерілуі;
● орташа қызба — 38-39°С;
● қатты қызба — 39-40°С;
● асқын (гиперпиреттік) қызба — 41°С-тен астам көтерілуі.
Ет ысуы кезінде дене қызымы жоғары дәрежеде тұрақталып, оның тәуліктік ауытқулары болып тұрады. Таңертеңгі және кешкі температуралардың айырмашылығы бойынша қызбаның бірнеше түрлерін ажыратады:
● тұрақты қызба (febris соntinua). Дене қызуы жоғары деңгейге (39-40°С) көтерілген, таңертенгі және кешкі температуралардың айырмашылығы 1°-тан аспайды.
● босаңситын қызба (febris remittens). Жоғары деңгейдегі дене температурасы таңертең және кешке 1,5-2°С-ға өзгеріп тұрады, бірақ қалыпты деңгейге дейін төмендемейді.
● ұстамалы қызба (febris intermittens) — дене қызымы тез бірнеше сағаттың ішінде кешкісін 39-40°С-ға дейін және одан да жоғары көтеріледі, таңертең қалыпты деңгейге төмендейді.
● қалжырататын қызба (febris hectica). Таңертеңгі температура мен кешкі температураның айырмашылығы 3-5°С болуы мүмкін.
● келбетсіз қызба (febris athypica). Температураның тәуліктік өзгеруі бей-берекет, ретсіз болады. Сепсистік жағдайларда, ұзаққа созылған жүйелік қабынулық серпілістер кездерінде дене қызымы таңертең көтеріліп, кешкісін ол қалыпты деңгейге түсуі мүмкін. Бұндай қызбаның болуы ауру өтуінің теріс болжамдық көрінісі болады.
Түсініксіз себептен пайда болған қызбаны бөлек ажыратады. Бұндай қызба екі аптадан астам тәулігіне ең кемінде бір рет дене қызымының 37 С-дан жоғары көтерілуімен сипатталады. Жан-жақты клиникалық зерттеулердің өзінде бұл қызбаның себебін анықтау басында қиындықтарға ұшырайды. Артынан бұндай науқастардың 30-40%-да әртүрлі жұқпалар, 15-20%-да васкулиттер дамуына әкелген дәнекер тіндердің аурулары, 20-30%-да қатерлі өспелер (ересек адамдарда) анықталады.
Жалпы адаптациялық синдром (стресс)
Организмге көптеген қолайсыз ықпалдар (стрессорлар) әсер етуінен дамитын оның қорғану-бейімделу жолдарын Канада ғалымы Г. Селье жалпы адаптациялық синдром немесе стресс деп атады. «Стресс» (ағылш. stress — ауыртпалық, күш түсу) - деп қоршаған ортаның кез келген қолайсыз әсерлеріне организмнің бейспецификалық бірбеткей серпілістермен жауап қайтаруымен көрінетін, оның қорғану-бейімделу мүмкіншіліктерінің жаңа деңгейде қалыптасуын айтады.
XX ғ. 60-шы жылдарында Ганс Сельенің байқауы бойынша: әсер еткен қолайсыз ықпалдардың түріне қарамай организм оларға әрқашан бірбеткей жауап қайтаратыны белгілі болды. Бұл кезде:
♣ айырша без бен лимфалық түйіндердің кері дамуы;
♣ бүйрек үсті бездерінін гипертрофиясы;
♣ асқазан мен ұлтабарда ойық жаралар дамуы;
♣ қанда нейтрофильдер көбейіп, эозинофильдер мен лимфоциттердің азаюы;
♣ тіндерде зат алмасуларының өзгерістері (жасуша қабықтарындағы липидтердің асқын тотығуы) - байқалады.
Көрсетілген өзгерістер әсер еткен қолайсыз ықпалдың түріне қарамай әрдайым бір түрде болатындықтан, оларды организмнің бейспецификалық (арнайыланбаған) серпілістеріне жатқызады.
Стрестің организм тіршілігінде маңызы өте зор. Оның әсерінен организмнің тіршілігіне қажетті барлық мүмкіншіліктерінің жұмылдырылуы болады. Осыдан ұдайы өзгеріп тұратын қоршаған ортаның жағдайларына организмнің қорғанып-бейімделу мүмкіншіліктері артады.
Г. Сельенің пікірі бойынша кез келген ауыртпалық алдыңғы гипофизге өсер етіп, онда кортикотропин түзіліп шығуын күшейтеді. Ол өз алдына бүйрек үсті бездерінің сыртқы қабатына әсер етіп, глюкокортикоидтық гормондардың өндірілуін арттырады. Осыдан қолайсыз ықпалдардың әсерлеріне организмнің төзімділігі көтеріледі. Сол себептен кортикотропин мен глюкокортикоидтық гормондарды адаптациялық гормондар деп атайды.
Г. Селье жалпы адаптациялық синдромның үш сатысын ажыратты: 1- үрейлік серпілістер сатысы, 2- төзімділік сатысы, 3-қалжырау сатысы.
● ү рейлік серпілістер сатысында (қазіргі түсінік бойынша жіті стресс, қоласыз ықпал әсер ете бастағынан бастап 48 сағат ішінде дамиды) бүйрек үсті бездерінің сыртқы қабатында глюкокортикоидтық гормондар артық өндірілуі нәтижесінде айырша бездің, көкбауырдың, лимфалық түйіндердің көлемі кішірейеді, май тінінің жоғалуы, бұлшықеттердің әлсіздігі, артериялық қысымнын төмендеуі, гипотермия, гипогликемия, эозинопения, қылтамырлардың қабырғаларының өткізгіштігі көтерілуі, асқазанның ойық жарасы т.б. құбылыстар байқалады. Әсер еткен ықпал тым күшті болса, бұл сатысында адам көз жұмады. Егер адам бұл сатыдан аман өтсе артынан көрсетілген бұзылыстар кері бағытта өзгереді. Артериалық қысым және бұлшықеттердің күш-қуаты көтеріледі, қанда глюкоза көбейеді.
● төзімділік сатысында гипофиз бен бүйрек үсті бездерінде кортикотропин мен глюкокортикоидтық гормондардың өндірілуі тұрақты түрде жоғарылайды, бүйрек үсті бездерінің гипертрофиясы байқалады. Бұл гормондардың әсерінен артериалық қысым көтеріледі, глюконеогенез күшейеді, жасуша мембраналарының тұрақтығы артады, биологиялық белсенді заттар (гистамин т.б.) белсенділігін жояды. Бұл кезде сыртқы ортаның өзгерген жағдайларына организмнің бейімделу мүмкіншіліктері ең жоғары деңгейге көтеріледі.
Егер қолайсыз ықпал қысқа мерзімде әсер етсе немесе оның әсері әлсіз болса, онда организмнің жағдайы оңалып, бұл синдром осымен аяталады. Егер организмге әсер еткен қолайсыз ықпалдың қарқыны тым күшті немесе оның әсері ұзақ болса, онда жалпы адаптациялық синдромның үшінші қалжырау сатысы дамиды.
● қ алжырау сатысында организмнің тіршілік мүмкіншіліктері таусылады, бүйрек үсті бездерінің сыртқы қабаты семіп қалады, кортикостероидтық гормондар түзілуі қатты азаяды, артериялық қысым төмендейді, нәруыздардың ыдырауы артады, дене қызымы төмендейді, гипогликемия байқалады.
Сонымен қорыта келгенде стрестің нәтижесінде организмнің қолайсыз ықпалдарға бейімделуі болады. Г. Сельенің пікірі бойынша кейде ауыртпалық туындататын ықпалға организмнің жауап қайтаруы сол ықпалға сәйкес болмауы мүмкін. Ол әсер еткен ықпалға тым артық, әлсіз немесе бұрмаланған түрлерде болуы ықтимал. Осылай жауап қайтарудың нәтижесінде артынан организмде дерттік өзгерістер пайда болуына себепкер болады. Осындай дерттерді Г. Селье адаптациялық аурулар немесе дистресс – деп атады.
Сайып келгенде, стресс дамуы бір жағынан сыртқы орта ықпалдарына организмнің бейімделу қабілетін көтеріп, адаптация дамуына әкелсе, екінші жағынан көптеген дерттердің пайда болуына әкеледі.
Ф.З. Меерсонның зерттеулері бойынша: организмнің ішкі тұрақтылығы стресті дамытатын және оны шектейтін жүйелердің өзара тепе-теңдігімен қамтамасыз етіледі. Стресті-дамытатын жүйеге:
● симпатикалық-адренергиялық жүйе;
● гипоталамус;
● алдыңғы гипофиз;
● бүйрек үсті бездерінің сыртқы қабаты т.б. жатады.
Гипоталамустың кортиколиберин, вазопрессин және норадреналин өндіретін үш топ нейрондары маңызды орын алады.
«Гипоталамус-гипофиз-бүйрек үсті бездерінің сыртқы қабаты» жүйесінде кортиколибериннің және вазопрессиннің әсерінен кортикотропин өндірілуі, ол өз алдына глюкокортикоидтық гормондар өндірілуін арттыруы, вазопрессиннің әсерінен симпато-адреналдық жүйеде катехоламиндер өндірілуі стресс дамытатын жүйені қалыптастырады. Бұл кезде парасимпатикалық жүйенің маңызы әлі толық зерттелмеген. Дегенмен, стресс кезінде байқалатын гиперинсулинемия кезбе жүйке арқылы ұйқыбезге серпіндер тарауынан болатыны белгілі. Қолайсыз әсерлерден осы жүйенің белсенділігі көтеріледі. Содан глюкокортикоидтық гормондар мен катехоламиндердің өндірілуі көбейеді. Олар адаптацияға жауапты ағзалар мен тіндердің қызметтерін жұмылдырады және олардың энергиямен қамтамасыз етілуін үлкейтеді.
Дата добавления: 2015-09-27 | Просмотры: 1063 | Нарушение авторских прав
|