Гипернатриемия. Гипернатриемия –қанда және жасуша сыртындағы сұйықта натрий мөлшерінің 145 ммоль/л-ден астам көбеюі
Гипернатриемия – қанда және жасуша сыртындағы сұйықта натрий мөлшерінің 145 ммоль/л-ден астам көбеюі. Су мен электролиттер алмасуы бұзылыстарына байланысты ол мына жағдайларда байқалуы мүмкін:
● су ішу мүмкіншіліктері болмаған жағдайларда, мәселен, ес-түссіз науқастарда, емшектегі жас балаларда, мыйдағы шөлдеу сезімінің орталығы тежелгенде, сусыз жерде адасып кеткенде т.с.с.;
● осмостық қысымы жоғары несеп көп шығарылғанда, мәселен, несепте кетондық денелер, глюкоза көп болғанда осы заттармен бірге су шығарылады да, натрий организмде ұсталынып қалады;
● ыстық температураның немесе осы жағдайда ауыр қол жұмысын атқарғанда тым қатты терлеуден, тұзы аз тер көп бөлінуінен;
● қантсыз диабет кезінде вазопрессин жеткіліксіздігінен немесе нефрон өзекшелерінің вазопрессинге туа біткен сезімталдығы болмауынан несеппен су басым шығарылып, натрий аз шығарылуынан;
● біріншілік және салдарлық гиперәлдостеронизм кездерінде, өйткені ол нефрон өзекшелерінде, ас қорыту жолдарында, сілекей және тер бездерінде натрийдің қанға кері сіңірілуін күшейтеді.
Қанда натрийдің көбеюіне организм өзінің теңгерілу жолдарын жұмылдырып біршама қарсы тұра алады. Ол үшін гипоталамустағы шөлдеу орталығының нейрондарындағы осморецепторлар қоздыры-луынан антидиурездік гормон артық өндіріледі. Содан бастапқы несептен судың кері қанға сіңірілуі күшейіп су организмде тұтылады. Сонымен қатар сол жақ жүрекшеде атриопептин және бүйректе простагландиндер түзіліп, натрийдің несеппен шығарылуын көбейтеді.
Гипернатриемияның көріністері. Гипернатриемияның нәтижесінде қанның және басқа биологиялық сұйықтардың осмостық қысымы 320-330 мосм/л ден астам көтеріледі. Бұл кезде айналымдағы қанның көлемі артып, гиперволемия дамиды. Осмостық қысым басқа себептерден (глюкозаның, зәрнәсілдің көбеюінен) көтерлгенде сұйықтықтың жасушалар іші мен сыртында бір шамада болуы гиперволемия дамуына әкелмейді. Гипернатриемия кезінде жүйкенің және бұлшықеттердің қозымдылығы артады, сол себептен, гиперкинезиялық бұзылыстардан бастап, тырыспа-селкілдек сияқты әйгіленімдер пайда болады. Өйткені жасушалардың сыртында натрий иондарының көбеюінен қозымды тіндердің қозу шегі төмендейді. Сонымен қатар, жасуша сыртындағы сұйықта осмостық қысым көтерілуден судың жасуша ішінен сыртқы кеңістіктерге және қанға өтуі болады. Содан нейрондардың сусыздануы орталық жүйке жүйесінің қызметтері бұзылыстарына әкеледі, адамда қорқыныш, үрей сезімі күшейеді, көңіл-күйдің жабырқауы пайда болады. Қанда натрийдің мөлшері 160 ммоль/л-ден асқанда мыйға және оның қабықтарының астына қан құйылу және кома даму мүмкіншіліктері артады.
Тін жасушаларының суын жоғалтып, ыдырауынан қатты шөлдеу сезімі, дене қызымының көтерілуі байқалады. Гипернатриемияның ерекше көрінісі болып артериялық қысымның көтерілуі есептеледі. Натрий тамыр қабырғаларының жиырылтқыш әсерлерге сезімталдығын көтереді және судың тамыр ішінде жиналуына әкеліп, айналымдағы қанның көлемін көбейтеді. Гипернатриемия алкалоз дамуымен қабаттаса жүруі мүмкін. Оған мысал ретінде натрий гидрокарбонатын артық қабылдаған кездегі алкалозды немесе минералокортикоидтар артық өндіріліп шығарылған кездегі бүйректік алкалозды келтіруге болады.
Гипернатриемияны емдеу жолдары. Егер гипернатриемия гиповолемиямен қабаттасса, онда оны көктамырға 5% глюкоза және 0,45% натрий хлориді ерітінділерін енгізу арқылы емдеуге болады. Бұл кезде жасуша сыртындағы сұйықтың көлемі артады және оның осмостық қысымы төмендейді. Гипернатриемия кезінде айналымдағы қан көлемі азаймаған жағдайда көктамыр ішіне 5% глюкоза ерітіндісін енгізу нәтижелі болады. Бұл кезде глюкоза алмасуға тез ұшырайды, ал су қанды сұйылтады. Ауыр жағдайларда гемодиализ немесе бүйректен тыс қанды тазарту тәсілдері қолданылады.
Дата добавления: 2015-09-27 | Просмотры: 881 | Нарушение авторских прав
|