АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология

Гипогидратация немесе сусыздану.

Прочитайте:
  1. Гипергидрия немесе сулану.

Гипогидратация (лат. һуро — аз, төмен, һуdог — су) су алмасуы бұзылыстарының, әсіресе жас балаларда, кең тараған түрі. Ол организмге түсетін судың көлемінен сыртқа шығарылатын судың көлемі артық болуынан денеде сұйықтықтың азаюы. Клиникалық жағдайларда гипогидрия:

● қантты және қантсыз диабет, полиуриямен көрінетін бүйрек аурулары, бүйрек үсті бездерінің жеткіліксіздігі және ұзақ мерзім зәрайдатқылар қабылдау кездерінде;

● қатты іш өту, толастамайтын құсу, ішек және өт жолдарының жыланкөздері кездерінде ішек-қарын сөлінің көп сыртқа шығарылуынан, балаларда гипервентиляция, гиперсаливация кездерінде;

● ауыр қол жұмысынан немесе ыстық температурадан адам қатты терлегенде;

● қансыраудан немесе көп қан жоғалтудан;

● күйіктік ауру т.б. кездерінде тері жаралары арқылы, хирургиялық жараға қойылған білте арқылы сұйық сыртқа көптеп шығарылуынан;

● кейбір дерттік жағдайларда сұйық сыртқа шығарылмай-ақ, «үшінші кеңістік» - деп аталатын дене қуыстарында шоғырланып жиналып қалуынан; осындай құбылысты судың секвестрациясы дейді. Мәселен, перитонит немесе ішектердің салданыстық бітелістері кездерінде ішек қуыстарына көп қабынулық сұйық жалқық, іш шемені кезінде құрсақ ішінде және жұқпалы аурулар мен жарақат кездерінде ісінулік сұйық шоғырланып, денедегі су мен электролиттердің алмасуына қатыспай оқшауланып, жиналып қалады;

● өз беттерінше сусын іше алмайтын ауыр жағдайдағы науқастарда, жас балаларда және әртүрлі себептерден сусыз толық ашыққан адамдарда - байқалады.

Гипогидрия кезінде ең алдымен жасуша сыртында орналасқан су мен электролиттер сыртқа шығарылады. Оның тым ауыр түрлерінде сусыздану жасуша ішіндегі су мен калий иондарының шығарылуымен қабаттасады. Содан калий қанға көптеп түсіп, гиперкалиемия дамуынан жүрек аритмиялары және оның кенеттен тоқтап қалу қаупі пайда болады (толығырақ гиперкалиемияны қараңыз).

Жасушалар сыртындағы сұйықтықтың азаюынан қан қоюланады, айналымдағы қанның көлемі азаяды, артериялық және веналық қан қысымдары төмендейді, қан ағуының жылдамдығы баяулайды, коллапс дамуы ықтимал. Науқастарды тұзсыз сұйықпен емдеуден қанда натрийдің деңгейі төмендеуі коллапс даму мүмкіншілігін арттырады. Артериалық қысым қатты төмендеуінен бүйрек шумақтарында несеп сүзілуі азаяды, олигурия, гиперазотемия және ацидоз дамиды.

Осылардың нәтижесінде көптеген ішкі ағзаларда микроциркуляция бұзылады, гипоксия дамып, тырыспа-селкілдек ұстамалары, елестеу, кома т.т. пайда болады.

Гипоксиядан, организмнің сұйықтарында осмостық тепе-теңдік бұзылыстарынан, метаболизмдік ацидоз және гиперазотемия дамуынан жоғары жүйке әрекеттерінің бұзылыстары байқалады.

Ас қорыту жолдарында сусызданудың нәтижесінде ферменттік үрдістер бұзылады, ішек-қарынның қимылдық әрекеттері тежеледі. Осыдан іш кебуі, астың дұрыс сіңірілмеуі байқалады.

Организм сусыздануының клиникалық көріністері болып дене массасының азаюы, қатты шөлдеу, тәбеттің жоғалуы, жүрек айну есептеледі. Ауыз және көз ағы құрғайды, дауыс қарлығады. Тері болбырап, серпімділігін жоғалтады, онда әжімдер пайда болады. Құрсақ терісінің қатпарлары ұзақ мерзім тегістеліп жазылмайды. Қан қысымы төмендейді, тамыр соғуы жиілеп әлсірейді. Көз ішінде қысым азаяды. Бас ауыруы, бас айналу, жүріс-тұрыстың бұзылыстары байқалады. Гипогидрияның ауыр түрлерінде дене массасы қатты азайып, көз шүңірейіп кетеді, бет әлпеті сомпыйып, көз көруі және құлақ естуі әлсірейді, жұтыну қиындайды. Бұл кезде қанайналым жеткіліксіздігі үдей түседі, несеп шығарылуы қатты азайып, мүлде тоқтауы мүмкін. Адамның психикасы бұзылады, шөлдеу сезімі жоғалады.

Балаларда сусыздану, ересек адамдарға қарағанда, біршама ауыр өтеді және ауыр сусызданудың белгілері ересек адамдарда бар судың 1/3 бөлігі жоғалтылудан дамыса, жас балаларда оның 1/5 бөлігі жоғалтылу-ынан байқалады.

Өйткені оларда ересек адамдарға қарағанда:

● жасуша сыртындағы сүйықтың мөлшері көбірек болады. Сусыздану кезінде ең алдымен жасуша сыртындағы, содан кейін оның ішіндегі су мен электролиттер шығарыла бастайды;

● бүйректің бастапқы несептен суды қанға кері сіңіруі қабілеті жетілмеген болады;

● тыныс алу жиі болуынан су деммен көптеп шығарылады;

● су мен электролиттер алмасуының нейро-гуморалдық реттелу жолдары жетілмеген. Осылардың нәтижесінде 2 жасқа дейінгі балаларда уытты диспепсиялардан, гипервентиляциядан т.б. жағдайлардан дененің сусыздануынан баланың шетінеуіне дейін әкелетін қауіпті асқынулар дамуы мүмкін.

Жас балаларда гипогидрияның үш дәрежесін ажыратады:

● бірінші жеңіл дәрежесінде дене массасы 4-5%-ға азаяды. Бұл кезде баланың терісі серпімділігін сақтаған, шырышты қабықтары ылғалды немесе шамалы құрғаған, тамыр соғуы қалыпты немесе аздап жиілеген, тыныс алуы, несеп шығаруы және дауысы қалыпты деңгейде сақталған болады;

● екінші орташа дәрежесі дене массасының 9%-на дейін азайғанында байқалады. Бұл кезде бала терісінің серпімділігі азаяды, шырышты қабықтары құрғайды және көгілдірленеді, тамыр соғуы әлсірейді, тыныс алуы аздап жиілейді, дауысы қарлығады, көңіл-күйі қобалжыған немесе тежелген болады, көзі шүңірейеді, көз жасы шықпайды, олигурия дамиды;

● үшінші ауыр дәрежесі (эксикоз делінеді) дене массасының 10%-дан астам кемігенінде байқалады. Бұл кезде бала терісінің серпімділігі қатты азаяды, шырышты қабықтары құрғап кетеді және қатты қызарады, цианоз анықталады, тахикардия айқындалып, тамыр соғуы өте әлсіз болады және жиі сезілмейді, тынысы тереңдеп жиілейді, дауысы шықпай қалады, несеп шығарылуы қатты азайып, анурия дамиды, көзі қатты шүңірейіп, көз жасы шықпайды, бала ұйқысырап, есінен танып қалады.

Әртүрлі дерттер кездерінде организмнен сыртқа шығарылатын сұйықтықтың осмостық қысымы әртүрлі болуына байланысты гипогидрияларды изотониялық, гипотониялық, гипертониялық – деп үш түрге ажыратады.

Изомостық немесе изотониялық гипогидрия организмде су мен түздардың бір шамадай азаюынан дамиды. Бұндай жағдай полиурия, диспепсия кездерінде, дене күйіктерінде және қан кетуден байқалады. Реаниматологияда ең жиі кездесетін себептері болып су мен электролиттердің ішек-қарын жолдары арқылы жоғалтылуы және ішектерде олардың шамадан тыс артық жиналып қалуы (секвестрациясы) есептеледі. Бұл кезде жасушалар іші мен сыртында осмостық қысым бір деңгейде болады. Сұйықтықтың жоғалтылуы жасуша сыртындағы сүйықтың есебінен болғандықтан қан сұйығының ¼ бөлігіне жуығы азаяды, гиповолемия байқалады. Содан шеткері қанайналымның бұзылыстары, гипотензия байқалады, коллапс дамуына қауіп төнеді. Адамның терісі мен шырышты қабықтары құрғайды, бұлшықеттердің әлсіздігі болады және терінің тығыздығы азаяды. Артериалық және орталық веналық қан қысымы төмендейді, тахикардия дамиды. Бүйректе несеп сүзілуі азаюдан олигурия байқалады. Қанда электролиттердің деңгейі қалыпты мөлшерде сақталады. Қанның сұйық бөлігі азаюдан гематокриттік көрсеткіш жоғарылайды, оның белгілі көлемінде эритроциттер мен гемоглобин және азоттық өнімдер көбейеді. Несептің меншікті тығыздығы артады (гиперстенурия).

Гипосмостық немесе гипотониялық гипогидрия сумен бірге түздардың судан басымырақ сыртқа шығарылуынан дамиды. Сондықтан оны тұз-тапшылықты гипогидрия деп те атайды.Бұндай жағдай мына:

● бүйрек аурулары, қантты диабет, бүйрек үсті бездерінің жеткіліксіздігі кездерінде несеппен электролиттердің көп шығарылуынан;

● іш өткенде, толастамайтын құсу кезінде, ішектерде және өт жолдарында жыланкөздер пайда болғанда, пилоростеноз кезінде асқазан мен ішектердің сөлдерімен электролиттер көптеп шығарылудан;

● осмостық зәрайдатқы ұзақ қабылдаудан; бұл дәрілер натрийдің несеппен шығарылуын арттырады;

● электролиттері бар тіршілікке қажетті сұйықты жоғалтқаннан кейін оның орнын таза су көп ішкізіп немесе гипотониялық ерітінді, глюкоза енгізу арқылы толықтыру емшараларында т.с.с. себептерден дамуы мүмкін.

Нефропатиялардың кейбір түрлерінде, бүйрек өзекшелерінде эпителий жасушаларының әлдостеронға сезімталдығы төмен болады. Улы химиялық заттардың әсерлерінен бүйрек өзекшелерінде некроз дамығанда несептен натрийдің қанға сіңірілуі болмайды. Бүйрек үсті бездерінің жеткіліксіздігінен дамитын Аддисон ауруы кезінде әлдостерон өндірілуі азаяды. Бұл жағдайларда натрийдің несептен кері қанға сіңірілуі бұзылады.

Гастроэнтериттер, пилоростеноз, жүкті әйелдердің уыттанулары т.б. кездерінде құсықпен немесе үлкен дәретпен ересек адам көптеп сумен бірге калий, натрий, хлор иондарын шығарады. Бұл кездерде организмнің қышқылдық-сілтілік үйлесімділігі бұзылады.

Толастамайтын құсу кезінде асқазан сөлімен калий, хлор және сутегі иондары сыртқа көп шығарылудан организмде газдық емес алкалоз дамиды. Өйткені асқазанда тұз қышқылы түзілуі кезінде ас тұзынан босаған натрий иондары қанға сіңіріліп, онда сілтілік натрий гидрокар-бонатының деңгейін арттырады. Осындай жағдайда жасушадан шығарылған үш калий ионының орнына екі натрий ионы және бір сутегі ионы жасуша ішіне енеді. Осыдан жасушалар сыртында газдық емес алкалоз жасуша ішілік ацидозбен қабаттасады. Жиі құсудың нәтижесінде тәулігіне организмнің дене салмағының әрбір килограмына 20 мл су жоғалтылады. Оның орнын толтыру үшін хлоридтер мен калий иондары бар ерітінділер енгізілуі қажет.

Сатқақ (дизентерия), тырысқақ, іш сүзегі, ішек жыланкөздері, ішек бітелістері және балаларда диспепсия кезіндегі іш өтулер мен құсулардан организм су мен электролиттерді көптеп жоғалтады. Бұл кездерде ұйқы безі мен ішектердің сөлдерімен натрий иондары көптеп үлкен дәретпен шығарылады. Осыдан келіп газдық емес ацидоз дамиды. Сонымен бірге ішектердің толқи жиырылу қабілеті төмендегенде су мен электролиттер ішек қуыстарында (үшінші кеңістіктерде) артық жиналып қалып, қалыпты алмасудан аластанады. Сондықтан бұл су организм үшін жоғалтылған су болып есептеледі. Оның орнын толтыру қажеттігі пайда болады. Артынан ішектердің толқи жиырылу қабілеті немесе ішек бітелуі қалпына келгенде ішектерде жиналған су тез арада қанға сіңіріліп, гипергидратация дамуына әкелуі мүмкін. Бұндай жағдайларда несеп шығарылуын қадағалап, қажеттігі болғанда оны сергіту керек.

Сонымен бірге электролиттер қатты терлегенде тері арқылы көптеп шығарылады. Термен тәулігіне 800 мл-ден 10 л-ге дейін су және 420 ммоль/л-ден астам натрий, 150 ммоль/л-ден астам хлор шығарылады. Сондықтан қатты терлеуден организмнің ауыр және тез сусыздануы байқалады.

Электролиттер осмостық қысым туындатып, суды организмде ұстап тұрады. Бұл жағынан әсіресе натрий, калий, хлор т.б. иондарының маңызы өте үлкен. Организмнен бұл тұздардың шығарылуы тек сумен ғана болады. Сондықтан олардың артық шығарылуы организмнің сусыздануына әкеледі. Жасуша сыртындағы электролиттердің артық шығып кетуінен онда осмостық қысым төмендейді. Электролиттер жасуша ішінде, қалыпты деңгейде сақталуына байланысты, онда осмостық қысым жасуша аралық сұйықтан жоғары болады. Осыдан жасушалар сыртындағы өзі азайған судың бір бөлігі жасушалардың ішіне енеді, жасуша сыртылық сұйықтықтың және қан сұйығының көлемі қатты азаяды. Айналымдағы қан көлемі азайып, қанайналым бұзылыстарына, гипотензия, коллапс дамуына әкеледі. Нефрон шумақтарында несеп сүзілуі төмендеп, бүйрек қызметінің жеткіліксіздігінен гиперазотемия, уремия, кома дамуы мүмкін.

Бұл кезде жасушалардың ісінуі дамуынан олардың көлемі ұлғаяды. Мый жасушаларының ісінуінен қатты бас ауыруы, тырыспа-селкілдек дамуы сияқты өте қауіпті әйгіленімдермен көрінеді. Өйткені бас сауыты ішінде қысым көтеріледі. Жасушалардың ішінде сұйық көбеюінен, организмде судың тапшылығына қарамай, шөлдеу сезімі байқалмайды. Бұл кезде тұзсыз су ішу адамның жүрегін айнытып, құстырады.

Тұздардың, әсіресе калийдің, көп жоғалтылуынан гипокалиемияға тән жүрек аритмиялары байқалады. Қанда натрийдің мөлшері азаяды, осмостық қысымы төмендейді. Бірақ қанның белгілі көлемінде салыстырмалы түрде эритроциттер мен гемоглобин, азоттық өнімдер және нәруыздар көбейеді. Несептің меншікті тығыздығы көтеріліп, гиперстенурия байқалады.

Гиперосмостық немесе гипертониялық гипогидрия судың организмге аз түсуінен немесе оның электролиттерден басымырақ сыртқа шығарылуынан дамиды. Сондықтан оны су-тапшылықты гипогидрия деп те атайды. Содан организмде тұздардың шынайы немесе салыстырмалы түрде артық болуы байқалады. Бұндай жағдай мына себептерден дамуы ықтимал:

● ауыр хирургиялық операциялардан кейін, жоғары жүйке жүйесі бұзылыстары кездерінде немесе кома жағдайында, қылтамақ т.б. себептерден өңеші бітелген науқастар сусын іше алмауынан, емшектегі жас балалар су немесе сүт ембеуінен;

● тыныс алудың жиілеуінен; мәселен, қалыпты жағдайда деммен дене массасының әрбір килограмына тәулігіне 10 мл-дей таза су шығарылады. Жұқпалы аурулар кездерінде организмнің уыттануынан, дене қызымы көтерілуден балаларда тыныс алудың жиілеуі нәтижесінде сыртқа шығарылатын судың мөлшері көбейіп кетеді;

● қантсыз диабет және гиперпаратиреоз кездерінде меншікті тығыздығы төмен көп несеп шығарылуынан; қантсыз диабет кезінде вазопрессин аз өндіріліп шығарылады. Паратгормон несеп сүзілуін арттырады және нефрон өзекшелерінің вазопрессинге сезімталдығын азайтады;

● қантты диабет кезінде несепте глюкоза, азоттық өнімдер және натрий көп болудан полиурия дамиды. Бірақ қанның осмостық қысымы, натрийдің аздығына қарамай, глюкозаның көп болуынан жоғары болады;

● жасуша сыртылық судың, су мен электролиттер алмасуына қатыспайтын «үшінші кеңістіктерде» жиналып қалуынан;

● балаларда сілекейдің көп шығарылуынан - дамуы мүмкін.

Бұндай жағдай емшектегі балаларда жиірек кездеседі. Өйткені оларда бүйректің несепті қоюландыру қабілеті әлі толық жетілмеген. Сондықтан меншікті тығыздығы төмен несеп шығарылады да, натрий денеде ұсталынып қалады. Хирургиялық ауыр науқастарда судың электролиттерден басым жоғалтылуы байқалады. Мәселен, перитонитпен сырқаттанған адамдарда ішек қуыстарында дерттік түрде су жиналып қалуымен қатар, дене қызуы көтерілуі нәтижесінде қатты терлеуден ол көптеп сыртқа шығарылады. Сондықтан бұл науқастарда жасушалар сыртында натрийдің көптігімен көрінетін судың тапшылығы байқалады.

Гипертониялық гипогидрия кезінде жасуша сыртындағы сұйықтың осмостық қысымы жоғарылайды, су жасушалардың ішінен сыртына шығады да, жасуша сыртылық сұйықтың және қан сұйығының көлемі біршама толықтырылады. Осыдан айналымдағы қан көлемінің азаюы шамалы болады, гематокриттік көрсеткіш аздап көбейеді немесе қалыпты мөлшерде сақталады. Сол себепті қанайналымының бұзылыстары бұл гипогидрияның соңғы сатыларында ғана байқалады. Өйткені артынан жасуша сыртындағы судың көлемі азаюы әлдостеронның бөлініп шығарылуын арттырады да, ол өз алдына организмнен натрийдің сыртқа шығарылуын одан сайын азайтып, тінаралық кеңістіктерде осмостық қысымның көтерілуін үдетуі ықтимал.

Бұл гипогидрияның көріністері негізінен жасушалардың сусыздануынан дамиды. Сол себепті қанбайтын қатты шөлдеу сезімі пайда болады, тіндік нәруыздардың ыдырауы күшейеді, дене қызымы көтеріледі. Ауыр гипогидрия мыйдың сусыздануына әкеледі. Содан, мый тамырлары жарылып кетіп, мыйға қан құйылуы мүмкін. Осындай жағдай организмге тез арада көп сұйық енгізуден де болуы ықтимал. Өйткені мыйдың сусыздануы ұзаққа созылған болса, онда бұндай жағдайға мый жасушалары осмостық заттарды артық өндіріп бейімделеді. Сондықтан тез арада көп сұйық енгізудің нәтижесінде мый ісініп кету мүмкіншілігі пайда болады. Мый жасушаларының бүліністерінен тыныс алу ырғағы бұзылады, сана-сезім жоғалады, әртүрлі елестер дамиды. Бұл көріністер ерте байқалады. Артынан қатты сусызданудан ғана қан қоюланып, гематокриттік көрсеткіш көбейеді, тіндерде микроциркуляция бұзылады, қанда натрийдің мөлшері артады, гиперазотемия байқалады. Қанның сұйық бөлігі азаюдан салыстырмалы түрде оның белгілі көлемінде гемоглобин мен эритроциттер және нәруыздар көбейеді.

Сайып келгенде, гипогидрия кезінде денедегі қанайналымды белгілі мөлшерде ұстап тұра алатын организмнің жағдайында оның теңгерілген сатысын, ал қанайналымның бұзылыстарында теңгерілмеген сатысын ажыратуға болады. Гипертониялық гипогидрия кезінде оның теңгерілмеген сатысының белгісі болып, жүйке жүйесінің бастапқы бұзылыстарымен көрінетін, уремия дамуына әкелетін, бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі есептеледі. Гипотониялық және изотониялық гипогидриялардың теңгерілмеген сатысы жүрек-қан тамырлар жүйесінің жеткіліксіздігімен (гипотензия, коллапс, тахикардия, жүрек аритмиясы т.б.) көрінеді. Гипотониялық және гипертониялық гипогидриялардың айырмашылықтарын –кестеден қараңыз.

 

-кесте

Гипотониялық және гипертониялық гипогидриялардың айырмашылықтары

көрсеткіштері: гипотониялық гипертониялық
қан сұйығында Na+ азайған немесе қалыпты көбейген
гематокрит көрсеткіші қатты көбейген шамалы көбейген немесе қалыпты
айналымдағы қан көлемі қатты азайған әдетте қалыпты
шөлдеу сезімі соңғы сатыларында ерте байқалады
тахикардия, гипотензия ерте байқалады соңғы сатыларында

 

 

Гипогидрияны емдеу жолдарының негіздері.

Организмдегі су мен тұздардың тапшылығын, олардың жоғалтылу мөлшерін есептей отырып, қан, плазма, әлбумин, плазманы ауыстыратын коллоидтық сұйықтарды, глюкоза, натрий хлориді т.с.с құрамында электролиттері бар ерітінділерді енгізу арқылы емдейді. Коллапс даму қаупі болғанда айналымдағы қанның көлемін тез арада қалпына келтіру шараларын қолдану қажет.

Қан алмастыратын коллоидтық сұйықтар мен ерітінділер (қан плазмасы, әлбуминдер, полиглюкин, реополиглюкин сияқты декстрандар, қан плазмасын алмастыратын гемодез, желатиноль т.б.) коллоидтық-осмостық қысымды көтеріп, суды тамыр ішінде ұстап тұрады. Содан қан көлемі артып, оның қысымы белгілі мөлшерде сақталады, қанның тамыр ішінде ағу қабілеті жақсарады, уытты заттарды байланыстырып, олардың уытты әсерін азайтады. Бұл жағынан әлбумин ерітіндісі, жаңа мұздатылған қан плазмасы өте нәтижелі емдік әсер етеді. 1 г. әльбумин 18-23 мл су байланыстырады. Қан плазмасында, уытсыздандыру қасиетінен басқа, иммундық глобулиндер және барлық қан ұю факторлары және микроэлементтер болады.

Коллоидтық-тұздық ерітінділердің молекулалық массасы неғұрлым үлкен болса, соғұрлым олар тамырдың, сыртына шығып кетпей оның, ішінде ұзақ сақталады. Бірақ кесек молекулалы декстрандардың біршама теріс әсерлері де болуы ықтимал. Олар лимфа қылтамырларын бітеп қалып, өкпеде ісіну, эндотелий жасушаларын бүліндіріп, тамыр ішінде шашыранды қан ұю синдромы, аллергиялық серпілістер дамуына жиі әкелуі мүмкін. Гемодездің молекулалық массасы төменірек болғандықтан ол тамыр сыртына жеңіл өтіп кетіп, тінаралық кеңістіктерде ісіну дамуына әкелетін мүмкіндігі бар. Сондықтан мый, өкпе ісінулері бар науқастарға және жарақаттық сілейменің II-III сатыларында оны қолдануға болмайды.

Гиперосмостық гипогидрия кезінде организмдегі судың тапшылығы мен тінаралық сұйықтың изотониялық жағдайы көктамыр ішіне глюкозаның 5%-дық (изотониялық) инсулин қосылған ерітіндісін енгізу және тұзы аз сусын ішкізу арқылы қалпына келтіріледі.

Гипотониялық және изотониялық гипогидриялар кездерінде Na+, K+, Ca2+, Mg2+, Cl-, HCO3- т.б. иондарынан тұратын кристаллоидты ерітінділер (натрий хлориді, Рингер және Рингер-Локк ерітіндісі) енгізіледі. Бұл ерітінділер айналымдағы қан көлемін ұлғайтады. Бірақ олар тым артық болып кетсе тінаралық кеңістіктерде ісіну дамытуы мүмкін.

Бүйрек үсті бездері сыртқы қабатының жеткіліксіздігі кездерінде олардың гормондары қолданылады.

Организмге ерітінділер енгізу кезінде оған жетіспейтін судың мөлшерін немесе судың тапшылығын анықтау қажет. Ересек адамдарда судың тапшылығы (СТ) мына өрнек бойынша анықталады:

СТ = 0,6 х дене массасы (кг) х (1 - 140: қан плазмасындағы Na+ мөлшері);

Мәселен: дене массасы 80 кг болса, қан плазмасында натрий 158мМ/л болса, СТ = 0,6x80 х (1 -140:158) = 48 x 0,114 = 5,47 л.

Сонда организмдегі судың тапшылығы 5,47 л.

Гипертониялық гипогидрия кезінде балаларда судың тапшылығын қан сұйығындағы натрийдің мөлшері бойынша анықтайды.

СТ (мл/кг)==500 х (1-140: қан сұйығындағы Na); мұнда 500 - бала денесінің әрбір кг-на келетін судың жалпы мөлшері, 140 – қанда болатын натрийдің орташа деңгейі.

Сонда, натрий қан сұйығында 155 ммоль/л болса, СТ=500 х (1-140: 155) = 48,5 мл/кг-ға теңеледі.

Изотониялық және гипотониялық гипогидриялар кездерінде судың тапшылығы мына өрнек бойынша анықталады.

СТ (литр) = (науқас бала Ht –қалыпты Ht): (100 - қалыпты Ht) х V;

Мұнда: Ht –гематокриттік көрсеткіш, V – жасуша сыртындағы сұйық көлемі, ол өз алдына дене салмағын К көрсеткішіне бөлу арқылы анықталады. К – көрсеткіші:

жаңа туған нәрестелерде - 2-ге,

1 жасқа дейінгі балаларда – 3-ке,

2 - 4 жасар балаларда – 4-ке,

5 жастан үлкен балаларда -5-ке теңеледі.

Мәселен, 10 жасар баланың дене салмағы 30 кг десек, оның гематокриттік көрсеткіші 50% болғанда, СТ= (50-40): (100 - 40) х (30: 5) = 10: 60 х 6 = 1 литрдей шамасында болады.

 


Дата добавления: 2015-09-27 | Просмотры: 3047 | Нарушение авторских прав







При использовании материала ссылка на сайт medlec.org обязательна! (0.016 сек.)