Тіс жегісі (кариесі).
Тіс жегісі — тістің қатты тіндерінде (кіреуке мен дентин) қуыс ақау пайда болып, үдемелі бұзылыстармен сипатталатын дерттік үрдіс. Жер шарының кейбір аймақтары тұрғындарының арасында бұл дерттің тарауы 100%-ға дейін жетеді.
Этиологиясы мен патогенезі. Тіс жегісінің негізгі себебі болып оның қатты тіндерін бүліндіретін тістердегі таңдақтардың микроорганизмдері есептеледі. Олардың іштерінде стрептококтардың А тобына ерекше маңыз беріледі.
Қазіргі адамдардың қоректену ерекшеліктері жануарлардың даму сатысында қалыптасқан тістер мен жақ жүйесінің құрылымдық және қызметтік талаптарына сәйкес келмейді. Тағамның алдын-ала ұнтақталудан өтуі тістерге түсетін жүктемелерді азайтса, температуралық өңделуі, оның көптеген бөлшектерінен (минералдық заттардан, фтор, кальций, амин қышқылдарынан, витаминдерден) айырылуына әкеледі. Сонымен қатар, тағамда жабысқақ көмірсуларының артық болуы тістерде таңдақтардың пайда болуына және оларда микроорганизмдердің жиналып, өсіп-өнуіне қолайлы жағдай туындатады. Осы көрсетілгендермен бірге тіс жегісі дамуында қазіргі адамдардың жалпы гиподинамиясы мен шайнау бұлшықеттерінің аз күш-қуат жұмсауының маңызы үлкен. Осыдан тіс жегісі дамуы жиілейді. Бұл айтылғандар ғылыми тәжірибелерде дәлелденген. Мәселен, көмірсулары көп заттармен қоректендіру арқылы егеуқүйрықтарда және атжалмандарда тіс жегісінің дамуы жиілейтіндігі байқалды.
Кариестің патогенезінде кіреукенің тамақпен жанасатын және сілекеймен шайылатын сырттарында пайда болатын үрдістерге маңызды орын беріледі. Сілекей тістің кіреукесін тазалайды, қышқылдық-сілтілік үйлесімділікті теңгеретін (буферлік) және микробтарға қарсы әсер етеді, тістерге тұздардың жиналуына (реминерализациясына) қолайлы жағдай жасайды. Ауыз қуысында сілекейдің азаюы тіс кіреукесінің сыртында таңдақтардың пайда болуына әкеледі. Оның құрамында глюкозадан өндірілген жабысқақ полигликандар болады. Ал, олар микробтардың қоректенуіне және өсіп-өнуіне таптырмайтын қолайлы жағдай болып келеді.
Бұл микрорганизмдер тағам қалдықтарын ыдыратып, кіреукедегі минералдық тұздарды ерітетін органикалық қышқылдарды құрады, ауыз қуысында ацидоз дамытады. Сондықтан жануарларда сілекей бездерін сылып тастағанда, ауыз қуысы құрғақтанып, тіс жегісі жиі дамиды. Микрорганизмдердің әсерлерінен нәруыздардың ыдырауынан кальцийді байланыстыратын затгар пайда болады. Олар кіреуке мен дентин құрамындағы гидроксиапатит кристалдарынан кальцийді шығарып, байланыстырады. Содан тістердің деминерализациясы болады.
Тіс жегісінің патогенезінде жүйкелік-нәрленістік әсерлердің маңызы бар. Әдетте тіс ұлпасының сыртқы қабатының жасушалары (одонтобластар) тістің қатты тіндерінің қоректенуін қамтамасыз етеді. Ал, осы одонтобластардың дистрофиясы нәтижесінде тістің қатты тіндерінің (кіреуке, дентин) қоректенуі бұзылады.
Кеміргіш жануарларда ұдайы өсетін күрек тістерінің қайта-қайта мұжылуы рефлекстік түрде сілекей бездерінің гипертрофиясын туындатады. Осыдан оларда сілекейдің көп шығарылуы тіс жегісі дамуынан сақтандырып, тістердің өсуін тездететіні белгілі болды.
Осыған байланысты қазіргі адамдардың шайнау бұлшықеттеріне күш түсуінің төмендуі және тістердің мұжылуы азаюы кариес дамуының қарқынын күшейтеді деуге болады. Сонымен қатар, тіс жегісі дамуына қарсы тұрақтылыққа тұқым қуатын бейімділіктің маңызы болуы ықтимал.
Дата добавления: 2015-09-27 | Просмотры: 1575 | Нарушение авторских прав
|