Мейірбикелік кірісу жоспарын енгізу
Жоспардың жұмыс істеуіне мынадай қызметтердің жүйелі орындалуын талап етеді:
1. Көзделген іс- әрекеттерді орындау, және оларды тіркеу, үйлестіру.
2. Жоспарланған, бірақ күтім жасалынбағаны туралы тіркеу.
3. Пациентті және оның отбасы мүшелерін көмек көрсету процессіне қатыстыру
4. Емдеу процессіне мейірбикелік күтім жоспарын іске асыру, үйлестіру және интеграциялау. Бұл жұмыстарды жоғары деңгелі білімі бар немесе жоғарғы білімді мейірбикелер орындайды.
Жоспарды енгізуге қойылатын талаптар:
1. Жоспарды үнемі орындау
2. Көзделген іс- әрекеттерді үйлесімді орындау
3. Пациентті және оның жанұя мүшелерін көмек көрсету процессіне қатыстыру
4. Көрсетілген күтімдіерді тіркеу
5. Егер жағдайы өзгерсе, онда жоспарланған күтім орындалмауы мүмкін
6. Алғашқы көмек пациенттік жекелік қасиеттеріне қарай мейірбикелік стандарттар бойынша көрсетіледі.
7. Мейірбикелік манипуляциялар кәсіби қызымет алгоритмдері (стандарттары) бойынша жүзеге асырылады.
8. Мейірбике кірісулері үш түрде өтеді.
Мейірбикелік үрдістің бесінші кезеңі –
мейірбикелік күтімге баға беру
Қорытынды баға қоюдың мақсаты мейірбикелік көмектің нәтижесін анықтау.
Мейірбике мағұлматтарды үнемі алып, оны сынап талдайды және сонымен қатар пациенттің көрсетілген күтімдерге деген көз қарасын ескеріп, жаңадан туындайтын мәселелерге назар аударып отырады.
Сондықтан бағалаудың негізгі аспектілерін белгілеуге болады:
- Мақсатқа жету, күтім сапасын анықтау
- Пациенттің мейірбикелік кірісуіне деген әсері
- Пациенттің күтім бойынша қажеттілігін ашудағы жаңа мәселелерді белсенді іздестіру және оларды бағалау
Егер қойылған мақсаттар орындалып мәселелер шешілсе, онда мейірбике өзінің жоспарында берілген мәселе бойынша мақсатқа жеткендігі туралы белгілейді (күні, сағаты, минуты және қолы қойылады).
Егер қойылған мақсаттары орындалмаса, онда себебін анықтап, әрі қарай қайта бағалау жүргізіледі, жаңа жұмыс жоспары құрылады.
Бақылау сұрақтыры
1. Мейірбике үрдісінің кезеңдерін атап, оларға сипаттама беріңіз.
2. Пациенттің физиологиялық қажеттіліктерін атап шығыңыз.
3. Мейірбикелік кірісулерге сипаттама беріңіз.
ІІ – ТАРАУ
АУРУ ТУРАЛЫ ТҮСІНІК
Ауру дегеніміз – ол ағзаның зақымдануға қарсы беретін қатысты серпілісі. Ауру тек бір жеке мүшені ғана зақымдамайды, ол тұтас адамға әсер етеді. Аурулардың пайда болуына әкеліп соғатын мәнбірлерді аурудың этиологиясы деп атайды. Олар экзогенді және эндогенді деп екі топқа бөлінеді. Экзогенді түрлері: механикалық, физикалық және жұқпалы мәнбірлер. Механикалық зақымдануға тамырлардың жарақаттанып қансырауға әкеліп соғуы, кеуде қуысының жарақаттанып дем алу дәрісінің бұзылуы, ауырсынуда дамитын шок т.б. жатады. Физикалық мәнбірлер: жоғары немесе төменгі температура, электр тоғы, күн сәулесінің әсері, рентген сәулесі. Химиялық мәнбірлер: тұрмыста немесе кәсіби жұмыс барысында қолданатын әртүрлі химиялық заттардың теріге, ағзаға патологиялық әсер етуі. Жұқпалық мәнбірлер: организмге сырттан келіп түскен бактериялар, вирустар, саңырауқұлақтар бір талай ішкі аурулардың себебі болып табылады. Дұрыс тамақтанбауда ауруларға әкеліп соғуы мүмкін. Бұл жағдайда зат алмасу дәрісі бұзылып семіздік немесе ашығу дамиды. Эндогенді – ішкі этиологиялық мәнбірлер. Кейбір ішкі ағзалардың бұзылуы нәтижесінде болатын улану жағдайларды этиологиялық агенттер ретінде қарауға болады. Витаминдердің жетіспеушілігі де бір қатар ауруларға әкеліп соғуы мүмкін. Ішкі сөлденіс бездер қызметінің бұзылуы аурулардың дамуына себепті болуы ықтимал. Мысалы, ұйқы безі қызметінің бұзылуы қант сусамырының дамуына әсер етеді. Орталық және шеткі жүйке жүйесінің функционалдық және органикалық бұзылуы этиологиялық мәнбірлер рөлін атқаруы мүмкін. Тамырлардың қызметінің және органикалық өзгеруі нәтижесінде қан айналымының бұзылуы көптеген ішкі ағзалар ауруларының себебі болуы мүмкін. Мысалы, жүрек тамырларының өзгеруінен жүрек бұлшық етіндегі зат алмасу дәрісі бұзылып жүрек ауруларының дамуына бейімділік туғызады. Бір қатар ішкі ауруларында нейро-гуморальдық механизмдер арқылы жүзеге асады. Ағзадағы аллергиялық аурулардың дамуына себепші көптеген аллергендер болып келеді. Аллергиялық серпілістердің жылдам және баяу қарқынды дамитын түрлері болады. Жылдам аллергиялық серпіліс аллерген әсер еткеннен соң 15-20 минуттан кейін дамиды. Ал баяу аллергиялық серпілістер аллергеннің әсерінен бірнеше сағат, тәулік өткен соң дами бастайды. Әр аурудың биологиялық даму механизмін патогенез деп атайды. Мысалы, өкпе қабынуында патогенді жұқпаның әсерінен өкпе ұлпасы зақымданып, өкпе альвеоларына сары судың жиналуы. Сөйтіп дем алу дәрісі бұзылады. Ауру ағымын төрт кезеңге бөлуге болады: жасырынды немесе латентті кезең (аурудың белгілері болмайды); бастапқы кезең; аурудың негізгі айқындалу кезеңі; аурудың соңғы кезеңі.
Жалпы адам ағзасындағы сырқат ағымдары жедел (жіті) және созылмалы түрде болып өтеді. Аурудың ағымында ремиссия (науқас жағдайының уақытша оңалуы) және рецидив (аурудың қайталануы) білінеді. Кейбір ауруларда асқынулар дамиды. Әр ауру симптомдарменсипатталады. Симптом – аурудың негізгі клиникалық белгісі, ауру әйгіленісі. Мысалы, лоқсу, құсу асқазан ауруларында, жөтел – тыныс алу мүшелерінің ауруларында кездеседі. Симптомдар субъективтік және объективтік түрге бөлінеді. Субъективтік деп науқастың өзінің сезген сезім шағымдарын айтады, ал объективтік деп дәрігердің науқасты қарағанда анықтаған белгілерін айтады (мысалы, жүрек, бауыр көлемінің үлкеюі, қан қысымының, дене қызуының көтерілуі т.б.) Синдром деп әр патологиялық жағдайға сәйкес келетін бірнеше симптомның жиынын айтады. Мысалы, уыттану синдромына әлсіздену, дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, бас айналуы, тамаққа тәбетінің тартпауы жатады. Аурудың нәтижесі жазылу, созылмалы түріне ауысу, мүгедектікке ұшырау немесе өлімге ұшырау. Ағзаның функционалдық жағдайына байланысты мүгедектік 3 топқа бөлінеді. І топ – науқас функционалдық қабілетінен толығымен айырылады. Науқас өзін-өзі күте алмайды. ІІ топ – науқас функционалдық қабілетінен жартылай айырылады, бірақ өзін-өзі күте алып, өздеріне сәйкес тұрмыс істей алады. ІІІ топ - науқас жұмыс жағдайын толығымен істей алмайды, жеңіл жұмыс жасауға рұқсат беріледі. Дерт анықтамасын сырқатқа диагноз қою үшін қолданады (қандай ауру екенін анықтау үшін). Диагноз – аурудың анықтамасы, оны медицина терминологиясымен жазу. Диагноз болжамды, нақтылы (дифференциалды), қорытынды болады. Болжамды диагнозды науқастың шағымдарына, субъективтік, объективтік тексеру мәліметтеріне сүйеніп қояды. Дифференциалды – көп аурулардың белгілері бір біріне ұқсас келеді, сондықтан қосымша тексерістерді жүргізіп, клиникалық белгілерін салыстырып, қай ауруға тән екендігін анықтап сырқат түрін бір - бірінен ажыратады. Қорытынды диагнозды субъективтік, объективтік және қосымша тексеру нәтижелер көрсеткіші бойынша қояды. Егер науқаста бір неше ауру болса, онда ең басты және қосалқы диагноз қойылады. Диагноз қойылған соң науқасқа емханада немесе ауруханада арнаулы ем жүргізіледі. Консервативтік ем: дәрі – дәрмектермен емдеу; симптомдық ем – белгілі симптомға ғана жүргізілетін ем; алдын –алу емі. Сырқатты емдеудегі алдын алу шараларының үш түрі болады. Алғашқы (бірінші) алдын алу – ауруды болғызбау үшін көрсетілетін шаралар. Екінші алдын алу – қауіпті мәнбірлерді болдырмау, қайталанып келіп отыратын аурудың алдын алу шаралары. Мысалы, созылмалы ауруларда көктем мен күзде науқастар ауру қозбас үшін алдын алу ретінде ем алып отырады. Үшінші алдын алу (синонимі - реабилитация) – ағзаның қызметін қалпына келтіру, физиологиялық жағдайын жақсарту.
НЕГІЗГІ КЛИНИКАЛЫҚ ТЕКСЕРУ ӘДІСТЕРІ
Анық диагноз қою үшін дұрыс мәлімет жинай алу керек. Бұл мәліметтерді науқастан сұрау нәтижесінде, тікелей физикалық тексеру тәсілдерін қолдана отырып және қосымша зертханалық, құрал –жабдық аппарат арқылы зерттеу әдістерін қолдана отырып анықтауға болады.
Субъективтік тексеру әдісі
Сырқаттанушыдан ауруды сұрастыру диагнозды дұрыс қою үшін, аурудың не себептен болғанын, аурудың мінездемесін, ағымын білуге көп көмек береді. Сұрастыруды арнайы бейнелемемен жүргізеді, демек дәрігер науқасқа сұрақты белгілі тәртіп бойынша қояды. Сұрастыру бейнелемесі келесі бөлімдерден тұрады: науқас туралы жалпы мәліметт; науқас шағымдары; нағыз осы ауру тарихы (anamnesіs morbі); науқастың өмір баяны (anamnesіs vіtae);
Ауру тарихының бірінші бөлімі паспорттық бөлім болып табылады. Онда науқас адамның аты-жөні, толық жасы, жұмыс орны, мамандығы, тұрмыс жағдайы (әлеуметтік, материалдық) анықталады. Науқас жолдамамен келіп түскені немесе жедел жәрдем көлігімен жеткізілгені көрсетіліп жазылады. Қандай диагнозбен түсіп отырғаны тіркеледі.
Науқастың шағымдары. Шағым деп науқас адамның өзі сезетін аурулық түсінігін айтады. Шағымның екі түрі бар: негізгі және қосымша. Негізгі шағым деп әр мүшенің не әр жүйенің ауруына тән белгіні айтады. Мысалы, тыныс алу мүшелерінің ауруларына қатысты шағымдар: жөтел, тұншығу, ентігу, қақырық тастау. Қосымша шағымдар әр түрлі ауруларда кездесе береді. Мысалы, әлсіздену, дене қызуының көтерілуі, ұйқының бұзылуы, бастың айналуы т.б. Науқас шағымын айтқанда кейде бәрін бірдей айтпауы мүмкін. Сондықтан да науқастан сырқатын сұраған кезде оның әр бір күдікті шағымдарына көңіл бөлуі тиіс. Бұл дерт анықтамасындағы басты шешім болып саналады. Егерде науқастан шағымдарын көңіл бөліп дұрыс сұрастырған жағдайда, бастапқы кезеңінде сырқаттың білінуін ерте анықтауға мүмкіндік береді.
Науқастану сыр тартқы. Осы аурудың дамуын сұрастыру керек. Алдымен ауру қалай басталғанын білген жөн. Кейде ауру жедел, кейде біртіндеп басталады.
Мысалы, крупті өкпе қабынуы жедел басталады, ауырған адам күнін және уақытын да біледі. Кейбір сырқаттар, мысалы, қант сусамыры, туберкулез, жәй, біртіндеп басталады. Сұрағанда аурудың қандай жағдайда басталғанын, себебіне, алғашқы белгілеріне көңіл бөлу керек. Содан соң аурудың өсінкілік мәлімін білу қажет. Ауру басталған кезеңнен өзінің сезім қабілетінің қалай өзгергенін байқай алды ма. Ауырсыну күшейді ме, тыйылды ма немесе науқастың уақытша оңалуы білінді ме. Ауырғалы бері қандай тексерістер өткізілді, олардың берген қорытынды нәтижелерін қайтадан қарастырып, ескереді. Нақты түрде қолданылған емін сұрастыру керек.
Өмір-баяндық сыр тартқы. Бұл бөлімнің ерекшелігі аурудың дамуын анықтауға ықпал етеді. Науқастың қай елді мекенде туып өскеніне көңіл бөлу керек. Кейбір аудандарда йод тапшылығынан қалқанша без ауруларының, бруцеллез, безгек сырқаттарынының да дамуы жиі байқалады. Сол аймақтағы тұрғындардың әлеуметтік және материалдық жағдайлары ескеріледі.
Әйел адамның етеккір циклінің өтуін, қанша құрсақ көтергендігін, жүктіліктің өту кезенің барысын, босануын сұрастыру әдісін қолдана отырып жүзеге асырады. Сырқаттың жалпы денсаулық жағдайын анықтау үшін оның мамандығын, қызметтегі талаптарды орындауын, тамақтану тәртібін сұрастырып қолданады. Бұдан басқа қандай сырқаттар түрімен ауырғандығын, жан ұясында тұқым қуалаушылық ауруларын анықтайды. Науқастың дәрі-дәрмектерге, әр түрлі тағамдар және тағы басқа заттарға аллергия серпілісін анықтайды. Жағымсыз қылықтар туралы сұрап білу басты көрсеткіш болып табылады.
Объективтік тексеру әдістері
Науқасты қарап тексеру объективті деп саналады, өйткені қараған кездегі анықталынған белгілердің негізгісінде нағыз патологиялық дәрістер жатады.Тікелей тексеруді науқасты қараудан бастайды, жалпы науқастың жағдайын бағалайды, содан кейін пальпация, перкуссия, аускультация тексеру түрлеріне көшеді.
Науқасты қарау
Науқасты қарау жалпы зерттеудің бірінші кезеңі болып табылады. Ол бірінші кездесуден, дәрігер немесе мейіркеш бөлмеге кірген кезде немесе науқас амбулаторлық қабылдау кабинетіне кірген кезден басталады.
Науқасты қарау көптеген бағалау белгілерін тауып, диагноз қоюға көмектеседі: мысалы, тері қабатын көріп сары ауруды, бауыр және өт өзектерінің ауруларын анықтауғы болады, жүрек функциясының жеткіліксіздігінде аяқ ісініп, тері қабаты көкшіл түске боялып, дем алу дәрісі жиілейді.
Қарау белгілі жоспар мен ережелерге сай жүргізіледі. Егер науқасты жасанды жарықта қарауға тура келсе, онда бөлме іші өте жарық болуы қажет.
Қарау кезінде науқастың жағдайы анықталады. Науқастың жағдайы белсенді, енжар және мәжбүрлік болып келеді. Белсенді жағдайда науқас өзі төсегінде өз бетімен барлық қимыл қозғалыстарды жасай алады. Енжар жағдайда науқас қимылдай алмайды, өз бетімен керекті қалып жағдайын өзгерте алмайды. Бұл жағдай көбінесе есін білмейтін науқастарда байқалады. Мәжбүрлік жағдайдағы науқас қолайсыз жағдайлардан айрылу мақсатында өзіне ыңғайлы жағдай іздейді, сол себептен өзіне керекті ыңғайлы жағдайды жасап, туғызады. Мысалы, ентіккенде, тұншыққанда кезде кеудесін көтеріп отырады.
Беттексерісі. Бірқатар аурулар кезінде бетті тексергенде көптеген дерт анықтамалық мәліметтік ақпараттарды алуға мүмкіндік береді. Дене қызуы жоғары болған кезде, қан қысымы көтерілгенде көздің жылтырағаны және беттің қызарулары байқалады. Қан айналысы бұзылғанда беттің ісінуі, терінің (әсіресе ерін, құлақ, мұрын ұштары) көкшіл түске боялынып, білінеді. Құрсақ қуысының мүшелерінің әр түрлі хирургиялық аурулары кезінде және құрсақтың ісінуінің дамуында, бет пішіні үшкірленеді, терісі сұрғылт тартып, еріні көгереді.
Кейбір бүйрек аурулары кезінде беттің ісінуі байқалады. Әсіресе бұл ісіктер таңертең және көз астында жақсы байқалынады. Қалқанша безінің қызметі төмендеген науқастарда беті перде тәрізді, сұрғылт түсті, ісініп, қимылдату қызметі бұзылады. Көзді тексергенде де диагноз қоюға пайдалы ақпараттарды анықтауға болады. Осылай, қалқанша безінің қызметі жоғарылаған кезінде көздің алмасының, шарасының үлкеюі, қабақтың түсінің өзгеруі байқалады. Бауыр мен өт жолдарының ауруларына терінің сарғыш түске боялуы тән. Тері жамылғысының және көзге көрінетін шырышты қабықшаның тексерісі.
Терінің және көзге көрінетін шырышты қабықшаның түсінің өзгеруі бірқатар мәнбірлерге байланысты: қан тамырларының орналасу тереңдігіне, гемоглобин мен эритроциттердің қандағы мөлшерінің көбеюіне немесе азаюына. Тері асты тамырларының тарылуы да өз әсерін тигізеді. Терінің сұрлануы тамырлардың қысылуына, қандағы гемоглобин мен эритроциттердің төмен болуына негізделеді, бұндай жағдайда көзге көрінетін шырышты қабықша да сұрланады. Егер терінің сұр болуы тамырлардың теріде терең орналасуымен түсіндірілсе, онда көзге көрінетін шырышты қабықша қалыпты ашық қызғылт түсті болады. Тері жамылғысының қызаруын тамырлардың кеңеюі тудырады. Ондай жағдайлар ыстық ваннадан шыққаннан кейін, дене қызуы көтерілгенде, қатты қысылған кезде байқалады. Кейбір ұсақ қан тамырларының кенеттен кеңеюін тудыратын дәрілік дәрмектерден пайда болған терінің қызаруы да өтпелі гиперемияны түсіндіреді.Тұрақты гиперемия эритроцит мөлшерінің шектен тыс көбеюінен болуы мүмкін (эритремия және симптомдық эритроцитоз кезінде). Тері жамылғысының көгеруі (цианоз) жалпы және жергілікті болып келеді. Өкпе капиллярларында қандағы оттегінің жетіспеушілігінен жалпы цианоз тууы мүмкін. Созылмалы өкпе ауруларында газ алмасудың бұзылуынан капиллярдағы қаннаң оттегімен қанығуы нашарлайды және тері жамылғысының көгеруінің де себебін түсіндіреді. Жергілікті немесе шеткі цианоз, басқа атауы (акроцианоз) саусақтың ұшында, мұрында, бетте, ерінде жүрек ауруларында байқалады.
Сарғаю – терінің және шырышты қабықшаның сары түске боялуы – яғни, өт пигментінің қанға және теріге жиналып сары түстің беруі. Бұл жағдай өт өзектері қабынып, өт қалтасында тас жиналып немесе ұйқы безінің басы ісіп, өт жүрмей, қанға сіңіп қандағы билирубин мөлшері көбейгенде байқалады. Мұның басқа бір себебі - эритроциттердің ыдырауы (гемолиз). Бұл жағдайда да қанда билирубиннің мөлшері көбейіп, тері сары түске боялады. Мұның соңы қандағы билирубиннің көбеюіне әкеліп, бауыр торшаларының зақымдануы байқалады.
Терінің бояутектігі қалыпты жағдайда және ауырған кезде де кездесуі мүмкін. Сау адамдарда терінің бояутектігі күнге күйгеннен пайда болады. Бүйрек үсті безінің қызметі төмендегенде, әсіресе бөкседе, мойында терінің бояутектігі анық білінеді. Сонымен қатар теріде бояутектіктің жойылуы да мүмкін. Оны «ақ тері», «витилиго» деп атайды.
Тексеру кезінде теріден белгілі бір жердегі бояутектігін көруге болады: секпіл, дақтар және т.б. Міндетті түрде жаралардан кейін қалған орындарға, яғни олардың іздеріне көп көңіл бөлу керек. Тағы да бір көңіл бөлетін жай терінің шаш өскен жерлеріне (көптеген жердің тықырлануына, көп шаштардың өсуі әйелдерде, еркектердегі сияқты әйелдерде қасаға шаш өсуі, бұл өзгерістер ішкі секреция бездерінің қызметі бұзылумен байланысты).
Дене бітімі. Тұқым қуалаушылықпен өмір сүру ортасының әсерінен туған ағзаның қызметтік және морфологиялық белгілерінің жиынын конституция деп атайды. Дене бітімі дұрыс, келісімді және келісімсіз болып екіге бөлінеді. Адамдардың арнаулы ауруға бейімділігі негізінен өзінің ерекшілік конституциясына байланысты.
Конституциясының бірнеше түрлері бар: астеникалық түр –қаңқасы ұзын және жұқа бітімді, аяқ-қолы жіңішке, саусақтары ұзын болып келеді. Мойыны ұзың, көкірек клеткасы жіңішке, қабырға аралық қашықтығы жалпақ. Бұлшық еттері нәзік, терісі жұқа. Тері асты май қабаты нашар дамыған.Гиперстеникалық түрі - денесінің ұзындық мөлшері көлденең мөлшерінен басым болады. Аяқ-қолы, мойыны қысқа және толық. Көкірек клеткасы қысқа және жалпақ. Сүйектері жалпақ, бұлшық еттері жақсы жетілген. Қалыптылық (нормостеникалық) түр – астеникалық пенгиперстеникалық түрлерге қарағанда орташа болып келеді. Айтылғантүрлерден басқа өмірде кездесетін әр түрлі ауытқылар бар, көбінесе адамдарда екі түрінің де белгілері аралас кездеседі. Түсінікті, қандайда бір конституциялық түр өз-өзінен әр түрлі ауруларға бейім. Белгіленген, белгілі бір конституциялдық түр белгілі бір келісімді аурумен, ал конституцияның екінші түрі басқа сырқаттар түрлерімен байланысты болып келеді.
Аяқ - қолды тексерген кезде бұлшық еттің даму жүйесіне көңіл бөледі. Кейбір буын ауруларында бұлшық ет салмағы азаяды, көбінесе қозғалысқа қатысатын буындардағы бұлшық еттер (мысалы, тізе буынының ауруынан сан бұлшық етінің атрофиясы дамиды). Сонымен қатар көк тамырларға көңіл бөлу керек, өйткені олардың кеңеюі мүмкін. Науқастың буындарын қарағанда олардың пішініне, тері жабылғышының жағдайына, буын қозғалысының көлеміне көңіл бөлу керек. Науқастың көкірек клеткасын немесе ішін тексергенде тыныс алудың минуттық санын анықтап білуге болады. Тыныс алу жиілігін санағанда науқасқа білдіртпеу керек, өйткені ол тыныс алуын еркінсіз өзгертуі мүмкін. Тамыр соғуын санағандай қолды шынтақ артериясынан алмай демін анықтаған жөн. Бұл жағдайда науқас тамыр соғуын санап жатыр екен деп ойлайды.Егер тыныс алу беткей болып көкірек клеткасының қозғалысынан және іштен табу қиын болса, мейіркеш білдіртпей тамыр соғуын санап жатқандай болып, өзінің қолын науқастың қолымен бірге оның көкірегіне немесе ішіне қойып, тыныс алуды байқайды. Тыныс алу орталағының атқару қызметі бұзылғандықтан дем алу дәрісінің тереңдігі, жиілігі, ырғақтылығы бұзылады. Дем алу ырғақтылығының бұзылуына Чейн-Стокс дем алысы, Куссмауль демі және т.б. ауытқу түрлері жатады.
Пальпация
Пальпация (сипалау) әдісін әдетте қараумен қатар жүргізеді. Пальпацияның негізі сипап сезу, онда дәрігер сипап сезу арқылы адам денесінің ішкі ағзаларын тексереді. Пальпация әдісін қолданғанда мына ережелерді сақтау қажет: дәрігер мен науқастың отырысы тексеруге ыңғайлы болу керек (дәрігер науқастың оң жағында отыруы керек).
Пальпация әдісін жұмсақ жүргізу керек және сипалауды өткізгенде қарқынды жасамауы тиіс, қарқынды жасалған жағдайда дене бұлшық еттері тырысып пальпация әдісімен ішкі ағзалардың ақауын білуге мүмкін емес. Теріге сипалауды өткізген кезде оның барлық қасиеттерін анықтауға мүмкіндік туғызады. Терінің ылғалды болып келуі, ол тердің көп бөлінуі нәтижесінен байқалынады. Дене қызуы жоғарылағанда сырқат адам көп терлейді. Дене қызуы күрт төмендегенде денеден мұздай тер шығып, терінің түсі бозарады. Терінің өте құрғақ күйде байқалуы, адам ағзасы көп мөлшерде сұйықтықтың жоғалтқанын түсіндіреді (мысалы, қант сусамырында, ұзақ іш өтуінде). Терінің құрғақ болуы ішкі ағзалар ауруларының кейбіреулерінде қарқынды түрде байқалынады (мысалы, гипотиреозда).
Дені сау адамның терісі серпімді болады. Қалыпты жағдайда жиырылған тері тез орнына келеді. Пальпация әдісі тері асты майының өсіп дамуын білуге көмектеседі. Тері асты майының нашар өсіп дамуында тері тез жиырылғыш болады. Пальпация арқылы бұлшық еттердің жағдайын анықтауға мүмкіндік туғызады. Ұзақ қайтымсыз ауруларда бұлшық еттердің жиырылғыштығы нашарлап, бейімсіз болып келеді. Бұл жағдайлар буын ауруларында және қарт адамдарда жиі байқалады. Пальпация арқылы лимфалық түйіндердің де жағдайын білуге болады. Қалыпты түрде олардың консистенциясы серпімді, жылжымалы, ауырмайды. Кейбір қабыну ауруларында лимфатикалық түйіндердің саны өседі, көлемі үлкейеді, ауырсыну сезіледі. Іш қуысына пальпацияны Образцов – Стражеско тәсілі бойынша жүргізеді. Бұл тәсіл арқылы іш қуысындағы мүшелердің орналасуын, көлемін, сезімталдығын анықтауға болады.
Перкуссия
Перкуссия (қағу) - бұл ішкі мүшелердің орналасуын тықылдату арқылы анықтайтын әдіс. Бұл әдіс арқылы зерттеп отырған мүшенің шығарған дыбысын біледі. Перкуссияның екі түрі болады: тікелей және тікелей емес. Тікелей перкуссияда дененің үстіне саусақпен соққы береді, ал тікелей емес түрінде дененің үстіне бір саусақты қойып, басқа саусақпен оның үстінен соққы береді. Перкуссия әдісін қолданғанда мынадай ережелерді сақтау керек: қолы жылы және тырнағы болмауы тиіс. Соққыны жұмсақтау етіп өткізген жөн. Перкуссия жасағанда соғылатын соққы бір қалыпты деңгейде өткізілуі керек. Перкуссияның мән мағынасы қолмен соққы соққандағы толқынның пайда болуы. Олар денеге дыбыс жиілігі секілді таралады және біздің есту аппаратымызға бір дыбыс болып келеді. Бір қалыпты күшпен соққанда пайда болған дыбыстың амплитудасы, жиілігі, ұзақтылығы мүшелердің орналасуымен, ұлпалардың жағдайымен байланысты. Перкуссия кезінде пайда болған толқын 6-8 см тереңдікке таралады. Дәл осындай тереңдікте мүшелердің топографиясы анықталынады.
Перкуторлық дыбыстың негізгі 3 түрі бар:
1. ашық - жақсы анықталатын дыбыс, жеткілікті ауасы бар ұлпалардың
үстінен естіледі (мысалы, өкпе үстінен, сондықтан оны өкпе дыбысы деп те атайды); 2. тимпаникалық - қатты, ұзақ дыбыс құрамында ауа және газ бар мүшелердің үстінен естіледі. Тимпаникалық дыбысты қорапша деп те атауға болады. Өйткені онда ауа өте көп (мысалы, өкпе эмфиземасында);
3. топас - әлсіз дыбыс. Ауасыз ұлпаларды соққанда дыбыс әлсіз білінеді. Мысалы, бұлшық етті соққанда. Перкуссияның тағы екі түрі бар: салыстырмалы және топографиялық. Салыстырмалы перкуссияны жасағанда көкірек клеткасының симметриялық жерлеріне жасайды, сөйтіп шыққан дыбысты салыстырады. Ал топографиялық перкуссияның міндеті - мүшенің шекаралық көлемін анықтау болып табылады.
Аускультация
Аускультация (тыңдау) - бұл тексеру әдісі, яғни мүшелер мен жүйелердегі болатын физиологиялық және патологиялық дәрістердің дыбысын анықтайтын түрі. Аускультация тікелей және тікелей емес болып бөлінеді. Тікелей аускультацияда дәрігер құлағын науқастың белгілі бір орнына жақындатып барып тыңдайды. Қазіргі кезде бұл әдісті қолданбайды. Тікелей емес аускультация фонендоскоп арқылы жүреді. Дені сау адамда естілетін қалыпты тыныс алу дыбысы везикулярлы дем деп аталады. Егер өкпе ұлпасы тығыздана бастаса онда бронхиалды дем байқалады: дем шығаруы дем жұтуға қарағанда жақсы естіледі (қалыпты жағдайда ара қатынасы керісінше). Бұл өкпе ұлпасының біршама тығызданған жерінің дыбысты жақсы өткізуімен түсіндіріледі. Бронхиалды дем өкпенің кеңейген аймақтарында тыңдалады (абцесс, каверна). Бронхтарда сұйықтардың жиналуынан сырыл пайда болады. Сырылдың пайда болу жеріне байланысты екі түрі бар: ірі көпіршікті (ірі бронхтарда) және ұсақ көпіршікті (кіші бронхтарда). Егер қақырық сұйық болса, сырыл ылғалды деп аталады. Егер қою болса, сырыл құрғақ деп аталады. Ірі бронхтарда - ызыңдауық, ал ұсақтарында ысқырық сырылдар естіледі. Өкпе қабының қабынуында оның бетінде фибрин жіптері пайда болып беті бүдірленеді. Өкпе қабы бір-біріне үйкелгенде үйкелу дыбысы анықталынады.
1 сурет Жүрек
қақпаларының проекциялары
(тыңдау нүктелері)
1–қолқа қақпасының проекциясы;
2- өкпе артериясы қақпасының проекциясы;
3 - сол жақ митрал қақпасының проекциясы,
4 -оң жақ митрал қақпасының проекциясы.
Жүректі тыңдағанда қалыпты жағдайда екі анық дыбыс естіледі. Бұл жүрек қақпақшаларының және жүрекшелер мен қарыншалардың қозғалысымен түсіндіріледі. Жүректің дыбысы - бұл қысқа дыбыс, қалыпты жағдайда таза және қатты. Жүрек дыбысының нашар естілуі семіздікте, өкпе эмфиземасында кездеседі. Жүрек дыбысының кенеттен нашарлауы миокардтың ауруларында, жүрек қақпақшаларының бұзылуынан болады. Жүрек бұлшық еттерінің ауруы кезінде немесе қақпақшаларының өзгеруі кезінде қосымша дыбыс естілуі мүмкін. Жүрек дыбысының қатты естілуі қақпақшалардың жабылу жылдамдығына да байланысты. Жүрек қақпақшаларының тұлықтығы бұзылғанда, қосымша дыбыс, яғни шу естілуі мүмкін. Қақпақшаның бұзылуына байланысты, сонымен қатар зақымдану аймағына байланысты қосымша дыбыс систола немесе диастола кезінде естіледі. Кей жағдайларда құрсақ қуысына да аускультация жасайды. Бұл кездерде белгісіз дыбыстар анықталады. Бұл дыбыстар ішектің қозғалысынан пайда болады. Құрсақ қуысының ауыр зақымдануында ішектің қозғалысы күрт төмендейді немесе мүлдем естілмейді. Әдетте бұл ішектің өтпеуінде байқалады. Кейде ішперде қабынып, бір-біріне қажалғанда үйкеліс дыбыстарды естуге болады.
Құрал – жабдық аппарат арқылы тексеру әдістері
Артериялық қысымды өлшеу
Артериялық қан қысымды өлшеудің медициналық маңызы өте зор. Сол жақ қарыншаның систоласына сәйкес келетін максималды (систолалық) және минималды (диастолалық) қысымды ажыратады. Қалыпты жағдайда ересек адамның систолдық қан қысымы орта есеппен алғанда 120-139с.б.б., диастолдық 80-89 с.б.б. Систолдық және диастолдық қысымның арасындағы айырмашылық тамыр соғу қысымы пульстік деп аталады. Оның көрсеткіші 40-50 с.б.б. Қан қысымын иық артериясынан Коротков тәсілі бойынша анықтайды.
2 сурет Тонометр және фонендоскоп
Қан қысымын өлшеу ережелері:
1. тынық кезде;
2. өлшемді бір қолдан өлшеген дұрыс;
3. науқасты жатқызып немесе отырғызып, колды жүректің деңгейінде ұстау. Егер қолы жүрек денгейінен төмен болса, қан қысым көрсеткіші жоғарылайды, ал егер жоғары болса – қан қысым көрсеткіші төмен болады;
4. жалаңаштанған иыққа манжетті бір саусақ сиятындай етіп қысып салу;
5. манжеттің төменгі шегі шынтақ ойығынан 2,5 см жоғары болуы керек;
6. манжетке резеңке баллон көмегімен ауа жібереді. Манжеттің ішіне кірген ауа иық артериясын қысып, ондағы қан ағысын тоқтатады (манжетте тамыр соғысы жоғалады);
7. фонендоскопты шынтақ буындағы шынтақ артериясына қояды. Ары қарай ауаны манжеткадан секундына 2 атмосферамен шығарып, шыбық артериясымен қан өткенде пайда болатын дыбысты тыңдайды. Бірінші естілген дыбыс (І тон) - систолды қысымға сәйкес. Ауаны шығарғанда аппараттың шкаласына мұқият қарап отырады. Артериядағы қан ағысы толық қалпына келгенде дыбыс жоғалады, бұл кез диастолдық қысымға сәйкес (ІІ тон). Ал екі көрсеткіштің айырмашылығы пульстік қан қысым болып табылады;
8. 2-3 минут аралығықпен 3 қайтара өлшеген дұрыс;
9. үш көрсеткіштің ең аз көрсеткіші нақты көрсеткіш болып табылады.
Рентгенологиялық тексеру әдістері
Әр түрлі ағзаларда рентгенологиялық зерттеулер рентгендік сәулелердің әр түрлі аймақтарындағы ұлпалардың сіңіру ерекшеліктеріне негізделген. Рентгендік аппарат рентгендік түтіктен және экраннан тұрады. Рентгендік түтіктен тоқ жібергенде рентгендік қысқа толқынды электромагниттік сәулелену өтеді. Рентгендік сәуле сурет қағазына түскенде, күміс бромидтің ыдырап суреттік көріністі тудырады. Адам рентгендік түтікпен экранның арасында орналасады. Рентгендік сәуле ағзаның мүшесінен және ұлпасынан өткенде біршамасы оларда сіңіріледі.
Сіңірілу деңгейі мүшелердің қалыңдығына, тығыздығына және физикалық-химиялық құрамына байланысты. Осының салдарынан экранда ұлпалар мен мүшелердің орналасуына байланысты қалың жерлерде қарайған көлеңке, ал ауасы бар мүшеде ашық түс көрінеді. Рентгендік экранда патологиялық өзгеріс кезінде мүшелердің пішіні мен көлемі өзгереді, осыған байланысты дерт анықтамасының нақтылау ажыратулар жүргізіледі. Рентгеноскопия, рентгенография, рентгенотомография, контрасты ангиография, холецистография, урография, компьютерлік томография т.б. рентгенологиялық әдістерге жатқызылады.
3 сурет Сау адамның кеуде торшасының рентгенограммасы
Рентгеноскопия - әр түрлі мүшелердің бейнесін экранда қарауға мүмкіндік беретін әдіс.
Рентгенография - зерттелетін мүшені рентгендік сәулелендіру көмегімен суретке түсіріп алу әдісі. Мүшенің жалпы бейнесі, көлемі, пішіні, орналасуы анықталынады.
Томография – арнайы берілген тереңдікте мүшенің рентгендік бейнесін алу әдісі. Мүшенің басқа бөлігінің бейнесі анық болмайды. Негізінде өкпе туберкулезінде қолданылатын дерт анықтамалық әдіс.
Холецистография – ағзаға бояу зат еңгізгенде өт қалтасы боялып, рентгендік көрінісі анықталынады. Өт қалтасындағы тастар, ісіктер, жабысқақтарды анықтауға мүмкіншілік тудырады.
Урография әдісінде көк тамырға бояу зат (урографин ерітіндісі) еңгізіліп, оның зәрмен шығу уақыты анықталынады. Сөйтіп, бүйректің сүзбе жұмысын тексереді.
Дата добавления: 2015-11-25 | Просмотры: 3527 | Нарушение авторских прав
|