Созылмалы гастрит. Әртүрлі мәнбірлердің әсерінен асқазанның ішкі кілегейлі қабатының қайталанған түрде
Әртүрлі мәнбірлердің әсерінен асқазанның ішкі кілегейлі қабатының қайталанған түрде қабынуын созылмалы гастрит деп атайды. Сырқаттың нәтижесінде эпителий торшаларының жаңадан түзілу, жаңару процессі бұзылады, қалыпты физиологиялық регенерациясы төмендейді. Созылмалы гастриттің эндогенді және экзогенді түрі бар.
Этиологиясы. 95%-те сырқаттың себебі хеликобактер жұқпасы болып табылады. Ауруға әкеп соғатын негізгі себептердің бірі жиі кездесетін жедел гастрит. Осымен бірге асқазан ішкі кілегейлі қабатына жағымсыз әсер ететін мәнбірлер маңызды роль атқарады. Маскүнедік, шылым шегу, әртүрлі ретсіз, көп мөлшерде дәрі - дәрмектерді қабылдау, дұрыс тамақтанбау.
Патогенезі. Асқазанда мочевинаның барлығы мәлім. Хеликобактер түзейтін уреза ферменті мочевинаны ыдыратып, ол HCI қышқылын жойып, хеликобактер айналысында сілтілік орта жасап, оның кедергісіз өсіп-өнуіне жағдай туғызады. Процесстің нәтижесінде хеликобактер асқазанның сілекей қабатында үдей өсіп, бүкіл қабаттарына жайылады, соңында дистрофиялық өзгерістерге әкеліп соғады.
Жіктемесі. Созылмалы гастриттің 3 түрін айырады (1994 ж, Хьюстен)
Атрофиясыз түрін, атрофиялық түрін және ерекше түрін.Созылмалы гастриттің этиопатогенезіне, белсендік дәрежесіне байланысты бірнеше түрі бар.
І.Аутоиммундық А типі.
2.Бактериалдық (хеликобактерлік) В типі.
3.Аралас А,В типтері
4.Химико-токсикалық С типі.
5.Ерекше түрлері: аллергиялық, эозинофильдік т.б. түрлері
Клиникалық бейнесі. Екі синдромнан құралады: ауырсыну және диспепсиялық. Асқазан диспепсиялық синдромы асқазан сөлінің құрамына байланысты. Созылмалы гастриттің сөліне байланысты үш түрі бар:
1. сөлі жоғары;
2. сөлі өзгермеген;
3. сөлі төмен.
Аурудың белгілері сөлінің құрамына және мөлшеріне байланысты. Жалпы түрде науқастың жағдайы қатты нашарламайды. Жұмысын істеп жүре береді. Шағымдары: эпигастрий тұсында ауырсыну сезіледі, тамаққа тәбеті төмен, кекіру, қыжылдау, лоқсу, құсу байқалады. Ісінген асқазанның ішкі кілегейлі қабаты әртүрлі тітіркенгіштердің әсерінен ауырсыну тудырады. Осымен бірге жоғары сөлдің қышқылдығы әсер етеді. Науқас тамақ ішкенде асқазаннан қышқыл сөл бөлініп, ауырсыну тудырады. Құсықтан кейін асқазан босап, ауырсыну басылады. Айтып кеткендей созылмалы гастриттің клиникалық бейнесі сөліне байланысты. Егер асқазан сөлі жоғары болса науқаста қыжылдау білінеді, үлкен дәреті кідіріп қалады. Ауырсыну аш қарында білініп, тамақтан кейін басылады. Ал егер асқазан сөлі төмен болса ішкен тамақ уақытында қорытылмай, науқаста жағымсыз иісті кекіру, іштің өтуі байқалады, тамаққа тәбеті төмендейді, тілі уылады. Осы аурумен ауыратын науқастарда қан қысымы сәл төмендейді, адинамия дамиды. Негізінде ауырсыну белгісі тамақ ішкеннен кейін білінген соң, науқастар тамақ ішуден бас тартады, жүдейді. Сөлі жоғары созылмалы гастритте асқазаннан қан кету жиі кездеседі. Ал сөлі төмен созылмалы гастриттерде сирек кездеседі. Бұл мерсімсіз ауру. Аурудың ағымында науқастың жағдайы уақытша оңалып, патологиялық мәнбірлердің әсерінен қайталанып отырады. Қарағанда: тілі уылған, науқас жүдеу болуы мүмкін. Бетті және терең түрдегі сипалау жүргізгенде эпигастрий маңайында ауырсыну білінеді.
Созылмалы аутоиммундық гастриттің клиникалық ерекшеліктері: асқазан маңайы түйіліп ауырсынады. Сасық, ащы кекірік байқалады. Жүрек қыжылдайды, ауызда темір дәм білінеді. Тамаққа тәбеті төмендейді, ішек қозғалысы күшейеді, гиповитаминоз белгілері байқалады – көз көруі нашарлайды, қансырау белгілері дамиды, дерматит, іш құрылдайды,өтеді.
Дерт анықтамасы. Сырқатты анықтау үшін науқастың шағымдарын талдап, қосымша әдістерін жүргізеді. Жалпы қан анализінде: ЭТЖ артады, лейкоцитоз білінеді. Анемия болуы мүмкін, себебі асқазанның кілегейлі қабаты қалыпты түрде В12 витаминін шығарады. Гастритте бұл витамин шықпайды, жетіспейді, сондықтан қан жарату дәрісі бұзылады да қан аздық білінеді.
Асқазан сөлін тексеру маңызды роль атқарады, яғни асқазан сөлінің құрамына байланысты арнаулы ем жүргізіледі. Нәжісті жасырынды қанға тексеріп, қансырау белгілерін анықтайды. Құрал - жабдық аппарат арқылы тексерістермен қолданып нақты диагноз қояды. Бұларға рентгенге түсірілген сурет, рентгенмен көріп тексеру және гастроскоп аппараты арқылы (фиброгастроскопия) асқазан ішкі кілегейлі қабатын көзбен көру жатады.
Емі. Созылмалы гастриттің емі құрамды және нақтыланған болу керек. Бірінші орында дұрыс тамақтану тұрады. № 1 емдәм қолданылады. Науқас тамақты аз мөлшерде және жиі ішеді. Жағымсыз әсер ететін мәнбірлердің бәрі жойылу керек. Гастриттің емі асқазанның сөліне байланысты. Егер қышқылы жоғары болса оны азайтатын дәрі-дәрмектермен қолданады. Бұл топты антацид дәрілері деп атайды. Бұл топқа жататын дәрілер: алмагель, викалин, гастрофарм, гастросидин. Ал егер сөлі төмен болса, қалпына келтіру үшін табиғи асқазан сөлін тамақ алдында 30 минут бұрын береді. Ауырсынуды басу үшін спазмолитик тобының дәрілерін береді: папаверин, платифилин, но - шпа ертінділері. Ас қорыту дәрісін жақсарту үшін ферментті дәрілер береді: фестал, панзинорм, дигестал. Кейбір жағдайларда нәжісті жасырынды қанға тексергеннен соң физио емін қолданады: парафин, тоқтар, балшықпен емдеу.
Бактериалдық В типті гастриттің ем кестелері:
1 кесте:
Омепразол –20мг
Кларитромицин – 500мг
Трихопол 500мг
Барлық дәрілер тәулігіне 2 рет – 7 күн
|
Кесте
Омепразол –20мг +2 рет
Фуразолидон –100мг + 4 рет
Трихопол 500мг + 2 рет
Барлық дәрілер – 7 күн
|
Кесте
Омепразол –20мг
Кларитромицин – 500мг
Амоксициллин - 1000мг
Барлық дәрілер тәулігіне 2 рет – 7 күн
| Алдын алуы. Сырқаттың алдын алуының екі түрі бар: алғашқы және екіншілік. Жедел гастритті уақытында емдеп шығу алғашқы алдын алу түріне жатады, ал созылмалы гастриттің қайталанып келуіне қарсы қолданатын шаралар екіншілік түріне жатады. Созылмалы гастритпен сырқаттанатын науқастар диспансерлік тізімге алынады.Жалпы тәжірибедегі дәрігермен жылына 1 рет қаралып тұрады. Тағам нәрлі және құнарлы болу керек. Нәтижелі зертханалық тексерістерге клиникалық қан анализдері, нәжісті жасырынды қанға тексеру жатады. Жылына 1 рет асқазанды эндоскопиялық әдіспен тексереді (ФГДС), және осы мерзімде тіннен биоптат алады. Негізгі емдік-сауаттану шаралары темекіден және ішімдіктен бас тарту, дұрыс тамақтану болып табылады.
Бақылау сұрақтары
1. Гастрит сырқатына анықтама беріңіз.
2. Қандай мәнбірлер жедел гастритке әкеліп соқтырады?
3. Асқазан сөліне байланысты созылмалы гастриттің қандай клиникалық түрлері бар?
4. Созылмалы гастриттің емдік қағидасының негізі.
5. Сізге таныс антацид тобына жататын дәрі – дәрмек түрлерін атап шығыңыз.
6. Асқазан ауруларының алдын алу шараларына түсінік беріңіз
Асқазан және ұлтабар жара ауруы
Асқазан жара ауруы дегеніміз - асқазанның ішкі қабатында өлі еттің пайда болуы. Негізінде жастар 20 жастан - 40 жасқа дейін сырқаттанады.. Көбінесе ер адамдарда байқалады. Асқазан ауруларының ішінде бірінші орында гастрит, ал екінші орында асқазан ойық жара ауруы болады.
Этиологиясы. Асқазан жара ауруының дамуына 70-90% хеликобактер микробы әсер етеді. Ол қарында тіршілік етіп, асқазанның сөл бөлу қабілетін күшейтіп, ондағы тұз қышқылы деңгейін мөлшерден тыс арттырып жіберетіні белгілі. Микроб асқазан кілегей қабығын біртіндеп зақымдап, ойық жараның түзілуіне әкеліп соғады. Асқазан жара ауруының пайда болуына нейрогуморалдық бұзылыс маңызды орын алады. Күйзеліс, ренжіс орталық жүйке жүйесінің қозуын шақырады. Ал бұл вегетативтік жүйке жүйесін қоздырып, қан тамырларын жиырады. Осының әсерінен асқазанның қөректену дәрісі бұзылып жергілікті жерде ишемия пайда болып жараға әкеліп соқтырады. Сонымен қатар аурудың дамуына әсер ететін мәмбірлерге жатады: дұрыс тамақтанбау, химиялық және механикалық тітіркендіретін тағамдар, шылым шегу, ішімдік, созылмалы гастрит, әсіресе сөлі жоғары түрі, тұқым қуалаушылық. Дәрі - дәрмектерді дұрыс қолданбауда әсер етуі мүмкін. Жара асқазанның әр жерінде пайда болуы мүмкін, бірақта кіші дөңесінде жиірек кездеседі.
19 сурет. Асқазан (2, 3) және ұлтабар (1)
жарасы ауруларындағы ауырсыну
аймақтары.
Патоморфологиялық анатомиясы. Жергілікті өзгерістеріне байланысты келесі түрлері болады:
1. жай жара түрі – бұл жара қоршауындағы қабыну дәрісінің байқалмауы;
2. каллезденген түрі – бұл жараның қоршауындағы қабыну дәрісінің өрістеніп байқалуы;
3. асқазандағы ойық жара тесіліп, көрші жатқан ағзалармен бітелуі;
4. асқазандағы ойық жараның тесілуі.
Жіктемесі. (П.Я.Григорьев, 1986ж) Жараның орналасуына байланысты асқазан және ұлтабар ойық жарасы болады. Жекеше (бір жара) немесе көпше (бірнеше жара) түрлері бар. Жараның көлеміне байланысты ұсақ және ірі болады. Асқазанда орналасуына байланысты кіші және үлкен дөңесте орналасқан; асқазанның шыға берісінде, жоғары бөлігінде, асқазанның күмбез бөлігіндегі орналасқан түрлері болады. Ағымына байланысты: жеңіл түрі – 1-3 жылда қозып отырады, 10-14 күннің ішінде жазылады, науқас белсенділігінен айырылмайды. Орташа түрі – жылына кемінде 2 рет қозып отырады, ауырсыну синдромы айқын білінеді, науқас арықтайды, асқынулар жиі байқалады. Ауыр түрі – сырқат жиі қозып отырады, ауырсыну синдромы қатты мазалайды, аурудың асқынулары жиі дамиды.
К линикалық бейнесі. Ұзақ жыл жүреді. Көктемде күзде өршиді.Негізгі белгісі іштің ауырсынуы болып табылады. Асқазан жара ауруында эпигастрий маңайы ауырады, ал ұлтабар жара ауруында ауырсыну көбінесе кіндік түбінде білініп, сырқаттың жауырынының астына әсер етеді. Жара ауруының ерекшеліктері:
1. ауырсыну жергілікті түрде білінеді;
2. ауырған жерін науқас саусағымен шұқып көрсетеді;
3. іштің ауырғаны тікелей тамақтану тәртібімен байланысты;
4. бұл мерзімді, көктемде және күзде қозып отыратын ауру.
Ауырсыну жараның орналасуына байланысты. Егер ол асқазанның шыға берістегі антральды бөлігінде немесе ұлтабар сағасында болса, аш қарын кезінде және тамақтанғаннан кейін 1,5 –2 сағат өткен соң асқазан тұсы күйіп ауырып мазаны алады. Аурудың түнде қатты ұстап, ұйқыдан мезгілсіз оятатын кездері де бар. Жара асқазанның жоғары бөлігінде, яғни кіре берісінде болса науқас ас іше бастағаннан-ақ ауыра бастайды. Ол әсіресе ащы және ыстық тамақтар ішкен кезде күшейе түседі. Ауырсыну сезімі өңеш бойына, жүрек тұсына таралады, төс ұшының асты сыздайды. Асқазанның күмбез бөлігіндегі жара асқазанды сыздатып, түйілтіп ауыртады. Ол көбінесе ас қабылдағаннан кейін 20-30 минут өтісімен білінеді.Тамақтанғаннан соң үнемі кекіру, лоқсу, ауыздың су татып тұруы да осы кеселге тән көріністер. Асқазан жара ауруында іштің ауырғаны тамақтан кейін аз уақыт өткен соң байқалады (ерте ауырсыну), ал ұлтабар жара ауруында тамақтан кейін 3 - 4 сағат өткен соң ауырады (кеш ауырсыну). Негізінде асқазан жара ауруында ауырсыну ашқарынға немесе түнгі уақытта білінеді. Тамақтанғаннан кейін ауырсыну басылады. Қыжылдау және құсу белгілеріде жиі кездеседі, кейде құсық қан аралас болып білінеді. Құсықтан кейін науқастың жағдайы жақсарады, өйткені асқазан қышқыл сөлінің жараға деген әсері азаяды. Асқазан және ұлтабар ойық жара ауруларында аурудың белгілері қатты білінеді. Пациент жұмысқа деген қабілетінен айырылады. Асқазан жара ауруында сырқат ашуланшақ, ұйқысы бұзылады, тілі уылған, эпигастрий маңайында немесе кіндік түбінде ауырсыну білінеді. Үлкен дәреті көбінесе кідіріп қалады. Қарт адамда клиникалық бейнесі білінбей өтуі мүмкін. Сырқаттың жалпы түрі өзгермейді.
Дерт анықтамасы. Жалпы қан анализінде қан аздық білінеді, лейкоцитоз байқалады, ЭТЖ артады. Асқазан сөлінің жалпы қышқылдығы қалыпты түрде 40 - 60 бірлік, бос қышқылы 20-40 бірлік, ал байланысқан қышқылы 20-30 бірлік. Асқазан жара ауруында осы көрсеткіштердің бәрі артады. Нәжісті жасырынды қанға тексергенде Грегерсен сынамасы
оң болып білінеді (нәжісте қан табылады).
Рентген көрінісінде жара болған жерге барий құйылып, ”ойыс” белгісі байқалады. Фиброгастроскопияда жараны көзбен көріп, көлемін, орналасуын, жараның түрін анықтайды. Биопсия арқылы асқазан ойық жара ауруын асқазан қатерлі ісігінен айырады.
Асқынулары. Асқазаннан қан кету, теспелеу, пенетрацияға ұшырауы, қақпаның қатаюы, аурудың қатерлі ісікке ұшырауы.
Асқазаннан қан кету
Тез арада дамиды. Қан тамырлары зақымданып қан ағады. Пациенттің жағдайы күрт нашарлап, терісі бозарып, жабысқақ суық тер шығады. Қан аралас құсық білінеді (“кофе” тәрізді). Үлкен дәреті қараяды (мелена). Қан қысымы төмендеп, тамыр соғысы әлсізденеді, жіп тәрізді болады. Науқастың аяқ - қолы суиды.
Алғашқы көмек. Пациентті жатқызып, басын бұру керек. Ауз қуысын қаннан, құсықтан тазартып отыру, эпигастрий маңайына мұзды мұйық қою. Қан тоқтататын дәрі - дәрмектерді әзірлеу: дицинон, кальций хлор ерітінділерін. Дәрігер келгенше пациенттің жағдайын қадағалау қажет.
20 сурет. Асқазан жарасының
рентгенограммасы.
Теспелеу (перфорация)
Күрт дамиды. Асқазан теспелеген жағдайда перитониттің клиникасы байқалады, неге десе асқазан сөлі құрсақ қуысына құйылып іш пердесін зақымдайды. Сырқат күрт әлсізденеді. Іші пышақ сұққандай болып ауырады. Біраз уақыттан соң іштің ауырғаны басылып науқаста шок дамиды. Сана- сезімі кері тартады, көзі үңірейеді. Іші қатайып тақтай тәрізді болады. Дене қызуы көтеріледі, қан қысымы төмендейді, тамыр соғуы жиілейді. Жалпы қан анализінде лейкоцитоз білінеді, ЭТЖ артады.
Емі. 6 сағаттың ішінде ота жасау керек.
Көрші жатқан ағзаға жабысып тесілу (пенетрация)
Асқазан жарасы теспелеп, тесілген жер көрші ағзамен бітеліп, перитонит белгілері кешірек білінуімен сипатталатын жағдай. Асқазан ойық жарасының клиникалық өзгереді: ауырсыну үнемі қатты болып мазалайды. Емі - тесілген жерді ота арқылы тігу.
Қақпаның қатаюы (стеноз)
Егер асқазан жарасы қақпаның маңайында орналасса, соңында сол жерде дәнекер тіні дамиды, яғни тіннің эластикалық қасиеті бұзылады. Қақпаның тесігі кішірейіп тамақ уақытында асқазаннан ұлтабарға өтпейді. Тамақ асқазанда қалып қояды. Осының себебінен бара-бара асқазан созылады. Науқастар тамақты қабылдағаннан кейін асқазан аймағында ауырлық сезеді және оның толып кеткеніне шағым етеді. Қалып қойып отырған тағамдар шіриді, пациенттің аузынан жағымсыз иіс шығады. Кідіріп қалған тамақты құсық ретінде сыртқа шығарып отырады. Пациент арықтайды, әлсізденеді. Басында кішірейген қақпадан қою тағамдар өтпейді, бара - бара сұйық тамақ та өтпей қалады.
Емі. Ота арқылы емдейді, асқазанға резекция жасалынады. Жүдеген және әлсіреген, асқазан сөлінің қышқылы кеміген науқастарға асқазан мен ащ ішектің арасына анастомоз жасалады.
Қатерлі ісікке ауысу
Білінбей басталады. Бара – бара науқастың іші мерзімсіз ауырады. Күн сайын ауырсынуы күшейе түседі. Сырқат арықтайды, ет тағамдарын жақтырмайды, қан аралас құсық білінеді. Рентген сүретінде асқазан ішінде ісіктің көлеңкесі білінеді (“ - ” белгісі). ФГДС, биопсия әдістері диагнозды анықтайды.
Асқазан және ұлтабар жара ауруының емі. Негізгі ем қағидалары: қабыну дәрісі мен диспепсиялық белгілерді жою, ауырсынуды басу, асқазанның сөлденіс және қозғалу қызметін жақсарту. Емдәм тертібін сақтау маңызды роль атқарады. Асты бөліп-бөліп ішу керек. Асқазанның сөл бөлу дәрісін қоздыратын қышқыл, тұзды, майлы тағамдарды ауыру сезімі басылып, ойық жара жазыла бастағанша қоя тұрған жөн. Науқас күнделікті ас ішу тәртібін сақтауға тиіс. Қоздырғышқа қарсы антимикробты ем: трихопол, фуразалидон, оксациллин, ампиокс, тетрациклин тағайындайды. 2 немесе 3 антибиотикті қолданған дұрыс. Асқазанның кілегей қабатының сыртқы бетіне әсер етіп қабынуды бәсеңдетуге үлес қосатын метилурацил мен әртүрлі емдік майларды қолдануға болады.
Ауырсынуды басу үшін тұз қышқылын, пепсинді төмендететін дәрі-дәрмектерді қолданады. М - холинолитиктер селективті дәрі - дәрмектер: гастроцепин, пирецепин. Селективті емес дәрілер: пробантин, кватерон. Түйілуді басатын спазмолитик тобының дәрілерін тағайындайды: но - шпа, галидор, папаверин. Асқазан сөлі төмен жағдайда тұз қышқылын шығаратын протон промпасының ингибиторларын қабылдау қажет: омез, цитопротекторлар: сукральфат, вентер.
Асқазан сөлінің қышқылдығы көп жағдайда антацид препараттарын тағайындау жөн: аллюминий, магний тұздары. Бұған жатады: алмагель, викалин, маалокс, викаир, протаб, алцид В және т.б.
Осымен қатар асқазан және он екі елі ішектің қозғалу қызметін жақсарту үшін церукал, реглан, эглонил дәрілері қолданылады.
Жараны сорып бітейтін репарант дәрілер ретінде алоэ, облепиха майы, гефарнил, метацил, анаболик гормондары, В1,В6, В12, U витаминдерін қабылдайды. Аурудың емінде тыныштандыру дәрілерінің әсерінің маңызы зор: бром қоспалары, элениум, назепам. Нәжісті жасырынды қанға тексеріп, оның нәтижесі теріс болған жағдайда физио емін жүргізеді: электрофорез, парафин, балшық емі, ультра дыбыс, лазер емі. Бұнымен қоса минералды сулардың да мәні үлкен: боржоми, ессентуки және т.б.
Болжамы. Уақытында емделмеген жағдайларда асқынуларға әкеліп соқтыруы мүмкін.Сонымен қатар асқазанның ішкі кілегей қабатының атрофиялық өзгерістері қатерлі ісіктің дамуына әсер етеді.
Алдын алуы. Сырқаттың алдын алуының екі түрі бар: алғашқы және екіншілік. Алғашқы алдын алу шараларына жұмыс және демалу тәртібін дұрыс құрастыру, дұрыс мезгілімен тамақтану, ошақты жұқпалардан сақ болу жатады, ал аурудың қайталанып келуіне қарсы қолданатын, асқынуларын алдын алу шаралары екіншілік түріне жатады. Сырқаттанған науқастар диспансерлік тізімге алынады.Жалпы тәжірибедегі дәрігермен жылына 1 рет қаралып тұрады. Нәтижелі зертханалық тексерістерге клиникалық қан анализдері, нәжісті жасырынды қанға тексеру жатады. Жылына 1 рет асқазанды эндоскопиялық әдіспен тексереді (ФГДС). Негізгі емдік-сауаттану шаралары темекіден және ішімдіктен бас тарту, дұрыс тамақтану болып табылады. Санаторлық-курортық ем қолданылады: Жосалы, Сарыағаш т.б.
Бақылау сұрақтары
1. Асқазанның ойық жара ауруына анықтама беріңіз.
2. Аурудың себептерін атаңыз.
3. Сырқаттың негізгі клиникалық бейнесіндегі белгілерін айтып шығыңыз.
4. Асқазан ойық жара ауруындағы кездесетін қандай асқыну түрлерін білесіз?
5. Асқазанның және ұлтабардың ойық жара ауруларының дерт анықтамасын жүргізу үшін қандай зертханалық және құрал – жабдық аппарат арқылы тексеріс түрлерін қолданады?
6. Сырқаттың емдік қағидасының негізі не болып табылады?
7. Сырқаттың алдын алуы үшін қандай шараларды өткізеді?
Асқазан обыры
Асқазан қатерлі ісігі (обыры) аса қауыпті аурудың бірі. Аурудың пайда болуы және асқыну себептері түпкілікті анықталмаған. Себебі белгісіз. Көбінесе ер адамдар ауырады.
Әсер ететін мәнбірлер: шылым шегу, дұрыс тамақтанбау, созылмалы ас қорыту ағзаларының аурулары, әсіресе оның ішінде асқазан қатпарларының семуі, сонымен бірге асқазан ойық жара ауруы малигнизацияға ұшырауы мүмкін және тұқым қуалайтын мәнбірлер. Сөйтіп, обыр алдында болатын ағзадағы өзгерістерге тоқталып өтсек олар – асқазанның кілегей қабатының созылмалы қабынуы; асқазан қышқылының өте төмендігі; асқазанның түйіншектері және жазылмайтын ойық жаралары.
Аурудың дамуы. Асқазан кілегейлі қабатының торшалары ретсіз бөлініп, жетілмеген торшалардан құралған ісік пайда болады. Ісік өсіп, көлемі үлкейіп, функционалды және органикалық өзгерістерге әкеледі. Асқазанның ішін бітеп немесе сыртқа өсіп ісік көрші ағзаларды зақымдайды.
Жіктемесі. Бірінші кезең: ісіктің көлемі 2 см – ден көп емес. Асқазанның кілегейлі қабатын ғана зақымдайды. Екінші кезең: ісіктің көлемі 4-5 см. Қасындағы бездер шошынады. Үшінші кезең: ісік кілегей, бұлшық ет, сірнелі қабаттардан өтіп, көрші ағзаларға аймақты лимфа бездеріне күшіктейді. Төртінші кезең: ісіктің көлемі әртүрлі. Ісік дененің бәріне жайылып, дененің лимфа бездері шошынып, метастаздар білінеді. Дамуына байланысты үш кезеңі бар: бастапқы кезеңі, нақты клиникасы байқалатын кезең, аурудың ақырғы кезеңі.
К линикалық бейнесі. Бастапқы кезеңі білінбей біртіндеп басталады. Әлсізденеді және жүдей бастайды, тәбеті төмендейді, кейбір науқастар ет тағамдарын жақтырмайды, кейбір тағамдардың иісін көтере алмайды. Лоқсу, құсу, іші өту белгілері байқалады. Анық клиникасы білінетін кезеңде науқастың іші үздіксіз ауыра береді. Іші шыдатпай ауырады, дәрі – дәрмектер аз көмектеседі. Іштің ауырғаны тамақпен байланыссыз. Егер қою тағамдардың өтуі нашарлап, ауқаттану кезінде тырнағандай, күйгендей сезім пайда болса, бұл ісіктің асқазанның жоғарғы бөлігіне орналасқанының белгісі. Ал қатерлі ісік асқазанның орта шеніне орын тепкен жағдайда ауру біршама уақыт белгісіз түрде өтуі мүмкін. Тек астан соң немесе ашқарынға асқазан тұсы сыздап ауырады. Бұл асқазан қышқылының сақталуына байланысты. Қатерлі ісік асқазанның төменгі жағына орналасқан жағдайда, асқазан іші тарылып, ас қорыту нашарлайды. Аз ғана асқа тояттап және кекірік пайда болып науқас адам ішкен асын қайта құсып тастайды. Ауру адам әлсіреп, салмағы 10-20 кг-ға дейін азаяды. Қатерлі ісік ыдырай бастаған кезде науқас жиі құсып, құсығында қан байқалады (“кофе” тәрізді). Кейіннен науқастың дене қызуы көтеріліп, уыттану белгілері білінеді. Әлсіздік ұлғаяды. Науқас қатты жүдейді. Оны қатерлі ісік кахексиясы деп атайды. Қарағанда науқас жүдеу, терісі боз, тілі уылған, ішін сипалағанда эпигастрий маңайында бұлшық еттердің ширығуы, кейбір жағдайда қатайған, көрші ұлпамен жабысқан өспе байқалады. Соңғы кезеңінде ауырсыну бүкіл денеге сезіледі, метастаздардың бүкіл ағзаларға жайылуынан науқас қатты әлсізденеді. Тамақ ішкен сайын құсады, терісі құрғақ, боз, кахексия ұлғаяды.
Дерт анықтамасы. Сырқаттың бастапқы кезеңінде диагноз қою үшін үлкен мағынаға ие болған “кіші белгілер синдромына” көңіл бөлу қажет. Едәуір кешірек кезеңдерінде төс шеміршек асты аймағында ауысыну пайда болады және осы аймақта томпақтық қолға сезіледі.
Жалпы қан анализінде ЭТЖ артады, лейкоцитоз, анемия білінеді. Нәжісті жасырынды қанға тексергенде нәтижесі оң болып табылады. Асқазан сөлінің құрамында көбінесе қышқылы төмен болады. Аурудың дерт анықтамасында рентген сәулесі, гастроскопия, биопсия әдістері маңызды роль атқарады. Асқазанға контраст затты енгізіп, рентген сәулесімен тексергенде суретте толу кемістік белгісі (“ – “) байқалады. Гастраскоп арқылы ісіктің орналасуын көлемін, түрін байқауға болады. Осы жағдайда биопсия алынып ісіктің түрін айырады.
Емі. Бірнеше түрде ем жүргізу әдістерін қолданады. Симптомдық ем дәрі – дәрмектерді қолдану арқылы жүргізіледі: науқастың жағдайын жақсарту үшін және ауырсынуды басу үшін жансыздандыру дәрілерін қолданады (анальгин, баралгин, омнапон, морфин). Дене қызуы көтерілгенде аспирин, парацитамол қолданады. Уыттануға қарсы арнаулы ем жүргізіледі. Ол үшін көк тамырға 5% глюкоза, изотоникалық ертінділерді енгізеді. Тіндердің ретсіз өсуін тоқтату үшін цитостатик дәрілерін қолданады (фторурацил, фторафур). Сонымен қатар сәуле емін қолданады. Сырқаттың ерте кезінде науқасқа хирургиялық ем жүргізіледі. Ота арқылы асқазанды жартылай немесе түгел алып тастайды (аурудың кезеңіне байланысты).
Алдын алу шаралары. Нақты түрде асқазанының сөлі аз созылмалы гастритпен ауыратын науқастарды диспансерлік тіркеуге алып, жылына бір рет дәрігер қарап отыру керек (жалпы жағдайын, дене салмағын, жалпы қан анализін, асқазан және он екі елі ішектің сөлін, нәжісті жасырынды қанға тексеріп, рентген сәулесіне түсіру). Сонымен қатар науқасқа алдын алу ретінде күнделікті дұрыс құнарлы тамақтануы, жағымсыз қылықтардан аулақ болуы, дұрыс тынығуы осы аурудың алдын алуындағы маңызды роль атқарады.
21 сурет Асқазан қатерлі ісігінің
рентгенограммасы.
Дата добавления: 2015-11-25 | Просмотры: 2948 | Нарушение авторских прав
|