АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология
|
Анкилоздаушы спондилоартрит
(Бехтерев ауруы)
Бұл омыртқа буындарының қабынып созылмалы түрде өтетін ауруы.
Этиологиясы мен патогенезі әліге дейін анықталынбаған. Бұл ауруда науқастардың және олардың туыстарының қанында HLAB -27 антигені табылады. Осыған қарағанда Бехтерев ауруының өзгерген иммунитеттің тұқым қуалағыш ерекшеліктерімен байланысты болғаны анықталады. Сырқаттың патогенетикалық ерекшелігі – қабынған омыртқа буындары бір-бірімен жабысып, омыртқа бара-бара таяқ құсап қатып қалады. Сегізкөз сүйектері де осындай өзгерістерге ұшырайды.
Клиникалық бейнесі. Аурудың басты белгісі – омыртқа мен белдің маңайының ауырсынуы. Сырқаттың бастапқы кезеңінде ауырсыну жәй түрде байқалып, науқас тез шаршағыштыққа шағымданады. Бара-бара ауырсыну ұлғайып, бір денгейде көп тұрғанда омыртқа мен белдің ауруы шыдатпайтын болады. Кейде омыртқа мен бел кілт етіп, сұғып ауруы да мүмкін. Ағзаға физикалық күш түскенде ауырсыну меңдеп кетеді. Сонымен бірге ауа райының құбылуыда науқастың жағдайына әсер етеді. Науқастың ұйқысы бұзылады, көңіл-күйі төмендейді, жұмысқа деген қабілеті жойылады. Сырқаттың жүріс-тұрысы, дене бітімі бұзыла бастайды, арқасы тікірейіп, мойны артқа кетеді. Дене қозғалысының бұзылуынан арқа еттері бара-бара семи бастайды. Кеудені қолмен ұстағанда, әсіресе омыртқа бойы, ауырсыну сезіледі. Ауырсынудың әсерінен кеуде қуысының дем алу дәрісі шектеледі. Аурудың соңғы кезеңінде омыртқа діңгегі қозғалу қабылетінен айырылады. Арқаның еттері семиді. Бұл жағдайда иық және ұршық буындары да ілеспелі түрде зақымдануы мүмкін. Нәтижесінде ұршықбасы жамбасқа жабысып қалуы мүмкін. Бұл жағдайларда ауырған адам еңбек етуден қалады. Бехтерев ауруында буындар мен қоса басқа мүшелер де зақымдануы мүмкін. Олардың ішінде жүрек, жүйке жүйесі, бүйрек, көз зақымдануы жиі кездеседі.
Дерт анықтамасы. Клиникалық белгілеріне, рентгендік зерттеу нәтижелеріне, иммунологиялық зерттеудің көрінісіне (HLAB -27 антигенін анықталуы) сүйене отырып қойылады.
Емі. Сырқаттың емі ұзақ уақытқа созылып кешенді болып табылады. Емнің негізгі мақсаты – ауруды жеңілдету, қабынуды басу. Аурудың ағымына байланысты ем үш кешенде өтеді. І кешенде – пиразолон дәрі-дәрмектері (бутадион, реопирин), физиоемі жүргізіледі. ІІ кешенде- пирозолондар, миорелаксанттар, физиоемі. ІІІ кешенде – кортикостероидтық гормондар, пирозолондар, миорелаксанттар, физиоемі, емдеу гимнастикасы. Физиоемінде Бернар тоқтарын, диадинамикалық тоқтарын, ультрадыбысты кең қолданады.
Алдын алуы. Салауатты өмір салтын сақтау, ағзаға суық тигізбеу, ошақты жұқпа ауруларын уақытында толық емдеу, ағзаның физиологиялық жағдайын күшейту.
Тірек-қимыл аппаратының ауруларын алдын алу
Кальций тапшылығы адамның жалпы жағдайының төмендеуіне, сүйек ұлпасының жұмсаруына, сүйек буындарының сырқырауына, тіс ауруларына, остеопорозға әкеп соғуы мүмкін. Остеопороз – бұл қанқаның жүйелі ауруы, сүйек салмағының төмендеуі мен сүйек ұлпасының құрылысының бұзылуы. Остеопороз сүйектің морттығын күшейтеді, сыну мүмкіндігін өсіреді. Остеопороз дамуының үдеуіне келесі қатерлі мәнбірлер: тұқым қуалаушылыққа бейімділік, темекі шегу, маскүнемдік, тиімсіз тамақтану, аналық бездерінің қалыпты жұмысының әлсіреуі, дәрумендермен ақуыздардың шамадан аз болуы, жалпы зат алмасу бұзылыстары себеп болады.
Біріншілік алдын алуға ағзаның физиологиялық жағдайын күшейту, және физикалық күш түсуіне бейімдеу, дұрыс тамақтануда маңызды роль атқарады (көп мөлшерде ас тұзын қолдану буын ауруларының негізгі себебі болады). Сонымен бірге ағзаға суық тигізбеу, дымқыл жерде болмау, ошақты жұқпаны уақытында жою керек.
Екіншілік алдын алу аурудың қозуын болдырмау, қауіпті мәнбірлерді жою және де мерзімді ем қабылдап отыру. Көктемде және күзде пациенттерге қабынуға қарсы антибиотиктер және стероидтық емес гормондар тағайындалынады. Пациент темекіден және ішімдіктен бас тарту керек. Жыл сайын тұмауға қарсы иммунизация жүргізеді. Салмақты төмендетуге кепілдемелер беріледі.
Үшіншілік алдын алу буын функцияларын қалпына келтіру. Санаторлық-курортты ем кеңінен қолданылады: минералды су, климаттық ем, тәулік бойы таза ауада серуендеу, ауа және сәулелік ванналар. Дене шынықтыру, емдік жаттығулар әр пациентке буынның функциясына байланысты тағайындалады.
Дәнекер тіннің диффузды аурулары (ДТДА)
Дәнекер тіннің диффузды аурулары – бұл шығу тегі бір, морфологиялық өзгерістері жақын және клиникалық көріністері ұқсас аурулар тобы. Бұл аурулардың себептері әлі белгісіз. Тұқым қуалаушылық ерекше орын алады. Сырқаттың дамуына әртүрлі мәнбірлер әсер етеді: жұқпалы қоздырғыштар, күнге қыздырыну, екпелер және т.б. Жалпы сырқаттың даму механизіміне аутоиммунды дәріс жатады, яғни лимфоцидтердің өз антигендерін тануы. Нәтижесінде антиген – антидене субстраты құрылып, тіндерге жабысып оларды зақымдайды. Сөйтіп тамырларда, буындарда, бүйректе және басқа жүйелерде, мүшелерде қабыну дәрісі дамиды. Тамыр қабырғаларының зақымдану нәтижесінде қанның торшы элементтерінің агрегациясы артып, оның реологиялық қасиеттері төмендейді. Бұл құбылыстың соңы қан айналысының бұзылысына және қан ағысының азайып тіндердің гипоксиясына әкеп соғады. Қан айналу бұзылысының дамуы дәнекер тіннің диффузды ауруларының дамуына әкеп соғады. ДТДА клиникалық көрістерінің әртүрлілігімен сипатталады, онда ішкі мүшелер мен тамырлардың зақымдануы және қайталану ағымы ремиссия және қозу мен кезектеседі. Оның тобына жүйелі қызыл жегі, склеродермия (жүйелі терінің қатаюы), диффузды фасцеит, дерматомиозит, Шегрен синдромы, полихондрит т.б. жатады. Бұл аурулардың әр қайсысы өзіне тән ауру түрі мен ерекшелінеді және жалпы белгілерімен қоса арнайы клиникалық белгілерімен, асқынуымен, ағымының ерекшелігімен мінезделеді.
Жүйелі қызыл жегі
Сырқат ДТДА түрлеріне жатады және өзіне тән клиникасымен, иммуналогиялық және морфологиялық белгілерімен ерекшелінеді. Бұл өте күрделі сырқат. Оның латын тіліндегі аты “Lupus”, яғни “қасқын” деген мағына береді. Сонау кезден бұл термин адам денесіндегі жараларды атауға қолданылған.
Этиологиясы мен патогенезі. Осы уақытқа дейін жүйелі қызыл жегі қоршаған ортаның әртүрлі мәнбірлері әсерінен пайда болатын себептері көп ауру деп есептелінген. Дәрілік заттарға, ошақты жұқпалы қоздырғыштарға және тағы басқаларға ерекше көңіл бөлініп келген. Қазіргі кезде бұл мәнбірлерді аурудың себебі емес, тек қана осы кезге дейін жасырын өткен ауруды шығаруы немесе қоздыратыны белгілі болды. Жүйелі қызыл жегінің негізінде иммунитеттің үлкен сілкініске ұшырауы жатыр. Нәтижесінде тән иммунитеті өз ДНК – сына, яғни өз геніне қарсы күреседі. Бұның салдарынан барлық мүшелер және тіндер қабынуға ұшырайды. Сырқаттың дамуына тұқым қуалаушылық маңызды роль атқарады (жанұяда бірнеше адамның ауырғаны кездеседі).
Клиникалық бейнесі. Жүйелі қызыл жегі көптеген клиникалық синдромдармен сипатталады. Буын синдромы барлық науқастарда кездеседі. Буынның сырқырауы өткір және созылмалы көп буындардың қабынуы түрінде кездеседі. Буынның сырқырауы (артралгиялар) ассиметриялы және жиі бұлшық еттердің сырқырауы мен байланысады. Қарағанда ұсақ буындарда, әсіресе фаланга аралық буындарды бүккенде ауырсыну сіресімдер (контрактуралар) байқалады. Жедел көп буындардың қабынуында зақымданған буындарда ісікпен шектелген қызару байқалады. Көбінесе саусақ буындары, білезік, тізе, тобық буындары зақымдалады. Буындар қисаймайды. Көзбен қарағанда буын өзгерістері мен ауырсыну сезімінің айқындығы сәйкес келмейді. Созылмалы артрит созылмалы ағыммен өтіп, соңында орнына келмейтін өзгерістер дамиды.
Тері синдромы негізінде бет терісінің зақымдануы мен сипатталады. Науқастың мұрнында және бетінің ұшында қызарған ошақтар білінеді, шеттері жиектелген қанатқа ұқсас (“көбелек қанаты”).
36 сурет Жүйелі қызыл жегі сырқатына тән белгі:
шектелген, қызарған қанатқа ұқсас симптом
(“көбелек қанаты”)
Ауыз қуысының кілегей қабатында бөртпелер болады, еріндері ісіп, қызарады, қабыршақтанып кейіннен өзгеріске ұшырайды. Жиі шаштары түсіп, тырнақ сынғаштық, ойықтар болады. Қолдың саусақтары мен аяқтың бармақтарының басында аздап ісінген ұсақ қызарған дақтар байқалуы мүмкін (қылтамырлардың қабынуынан). Жүйелі қызыл жегіде буын және тері зақымдануымен қатар өкпе қапқа және перикардқа сары судың жиналуы байқалады. Өкпе қаптың қабынуында (люпус – плеврит) кеуде қуысында ауырсыну, құрғақ жөтел, ентігу білінеді. Тыңдағанда өкпе қабының үйкелген дыбысы естіледі. Жүректің сыртқы қабаты зақымдалғанда (люпус – кардит) кеуде тұсы ауырып, ентігу пайда болып, жүректің жиі соққаны естіледі. Тыңдағанда жүрек дыбысының топастанғаны және жүректің сыртқы қабатының тұрақты емес үйкелген шуы естіледі. Жүрек зақымдалғанда оның бүкіл қабаттарында өзгерістер болады. Миокардитте қабыну ошақты және диффузды түрде кездеседі. Науқастар жүректің қатты соққанына, жүрек тұсының ауыруына, жағымсыз сезімге, күш түскендегі ентігуге шағымданады. Қарағанда жүрек дыбысының әлсіздігін, жүрек көлемінің ұлғайғанын, жүректің ұшында немесе өкпе артериясының үстінде систолдық шуды байқайды. ЭКГ ның тістері төмендейді. Жүректің өткізгіштік қызметінің бұзылғаны байқалады. Жүйелі қызыл жегідегі эндокардит екі жақтаулы қақпақшаның ақауының дамуына әкеп соғады. Оны тыңдағанда естіп, рентгендік суретте көруге болады. Өкпе қабынуы (люпус – пневмонит) кеуде қуысының ауруы, құрғақ жөтел, күш түскенде немесе тыныш тұрғанда ентігу белгілерімен сипатталады. Тықылдатқанда төменгі бөлікте дыбыстың қысқарғаны анықталады, ал тыңдағанда ылғалды сырылдар естіледі. Рентгенде өкпе суретінің күшейгені, диафрагманың жоғары тұрғандығы байқалады. Пневмосклероз дамып өкпе – жүрек жеткіліксіздігіне әкеп соғуы мүмкін. Жүйелі қызыл жегі де ас қорыту мүшелерінің зақымдалуы диспепсиялық өзгерістермен білінеді, сирек түрде перитонит белгілері ұстама түрде байқалуы мүмкін. Бауыр жиі аздап ұлғаяды, сипағанда сезімталдығы жоғарылайды. Сол кезде көк бауыр да сипағанда білінеді. Аурудың созылмалы түрінде Шегрен синдромы байқалады: ол көздің кілегей қабаттарының құрғауы, құрғақ ауыздың уылуы мен жақ асты бездерінің ісінуімен сипатталады. Науқастардың көбісінде бүйрек зақымдалады және көптеген жағдайларда аурудың болжамын анықтайды. Бүйректің зақымдалуы (люпус – нефрит) гломерулонефритпен нефротикалық синдроммен білінеді. Диффузды гломерулонефрит зәрде ақуыз, қан пайда болуымен білінеді. Әрі қарай артериялды қан қысымы көтеріліп көз түбінің өзгерістері болады. Нефротикалық синдром зәрде көп мөлшерде ақуыздың болуымен, сонымен қатар қанда ақуыздың азаюымен, ісіктермен білінеді. Зәрдің тұнбасында балауызды цилиндрлер, бөлек жүрген май тамшылары байқалады. Нефритте бүйректің сүзу қызметі төмендейді. Қызыл жегідегі бүйрек зақымдалуы бүйрек жеткіліксіздігіне әкеледі. Орталық жүйке жүйесімен шетті жүйке жүйелерінің зақымданулары мидың әртүрлі бөліктерімен ми қабаттарындағы тамырлар зақымдану белгілерімен байқалады. Жиі эпилепсиялық құрысып – тырысулар, психикалық бұзылыстар кездеседі. Сырқаттың жалпы белгілерімен қоса арықтау, әлсіздік, тез шаршағыштық, дене қызуының көтерілуі науқастардың көбісінде байқалады. Қанда қан аздық, лейкопения, тромбоцитопения байқалады, ЭТЖ үнемі көтеріңкі. Ақуыз алмасу бұзылыстары қандағы протеин, фибриноген құрамының көбеюіне әкеледі. Қызыл жегіде қанда қызыл жегілік торшаларды (LE – торшалары) табудың дерт анықтамалық маңызы зор.
Дерт анықтамасы. Қызыл жегі клиникалық белгілеріне сүйене отырып қояды. Дерт анықтамалық белгілер екі топқа бөлінеді: үлкен және кіші. Үлкен дерт анықтамалық белгілеріне “көбелек қанаты”, артрит, өкпе қабынуы, нефрит, LE – торшалары, гемолитикалық қан аздық жатады. Кіші дерт анықтамалық белгілеріне дене қызуының көтерілуі, арықтау, саусақтағы қылтамырлардың қабынулары, терідегі өзгерістер, өкпеге сары судың жиналуы, лимфа бездерінің шошынуы, миокардит жатады.
Емі. Қызыл жегінің емі қозған ауруды басуға асқынулардың алдын алуға, ағзаның қорғаныс күшін көтеруге арналған комплексті шаралар. Антибиотиктермен сульфаниламидтер тағайындағанда әдетте көмектеспейді, ал глюкокортикоидтермен емдегенде жақсы нәтиже береді. Сондықтан преднизолон қолданады мөлшері аурудың ағымына байланысты. Қызыл жегі мен ауыратын науқастарға глюкокортикоидтерді өте көп мөлшерде қолдану әдісін тағайындайды. Бұл кезде преднизолонды тамшы түрде жібереді. Преднизолон көмектеспеген жағдайларда және де глюкокортикоид қолданудан болған асқынуда қызыл жегімен ауыратын науқастарға иммуннодепрессанттар немесе цитостатиктерді тағайындайды. Қызыл жегіде стероидты емес қабынуға қарсы дәрі – дәрмектермен қосымша қолданады: салицилаттар, пиразолон препараттары, индометацин. Сонымен қатар ем ретінде плазмаферез, қандағы улы заттарды сорып алу тәсілі (гемосорбция) қолданылады. Соңғы жылдары шет елдерде кеселді емдеу үшін сүйек кемігін ауыстыру әдісі қолданылып жүр.
Болжамы. Қызыл жегіде көптеген жағдайда, әсіресе өткір ағымында болжамы жағымсыз, бүйрек пен бауыр ауыр түрде зақымдалады. Қазыргі кездегі қызыл жегінің қозуының алдын алуымен бірге емдегенде созылмалы қызыл жегі мен ауыратындардың өмірін ұзартуға болады (10 жылға дейін және одан да көп), жағдайы орташа және жұмысқа деген қабілеті сақталған болады.
Алдын алуы. Бұл сырқатты алдын алу үшін жарақаттанудан сақтанып, уақытында ошақты жұқпаларды емдеп отыру керек. Сонымен бірге физиологиялық жағдайды күшейтіп, физикалық белсенділікті көтерген жөн.
Бақылау сұрақтары
1. Қызыл жегі ауруына жалпы түсінік беріңіз.
2. “Коллагеноз” терминін қалай түсінесіз?
3. Осы сырқатқа әкеліп соқтыратын мәмбірлерді атаңыз.
4. Сырқаттың клиникалық бейнесіне мінездеме беріңіз.
5. Сырқаттың ерекше белгілеріне не жатады?
6. Сырқаттың негізгі ем қағидасы.
7. Сырқаттың болжамы туралы айтыңыз.
8. Осы науқастармен жұмыс жүргізгенде мейірбикенің педагогикалық аспектідегі жұмысы не болып табылады?
Жүйелі склеродермия
Склеродермия (sclerodermia) – терінің фиброзымен, тамырдың, тірек қимыл аппаратымен, ішкі ағзалардың зақымдануымен сипатталатын ауру. ХVІІ ғасырдың басында алғашқы рет жазылған. Бұл сырқатта негізінде тері зақымдалады, осыған байланысты ұзақ уақыт тері ауруы деп есептеліп, дерматологтар емдеген. Қазіргі кезде аурудың жайылған тері түрін, висцералды түрін және ошақты тері түрін жеке бөлген.
Этиологиясы мен патогенезі. Сырқаттың себебі мен дамуы толық зерттелмеген. Тұқым қуалау мәнбірі, қосымша мәнбірлер әсер еткенде ерекше орында тұрады. Кейінгі уақытта вирустардың себепші ролі туралы мәлімет алынған, бірақ вирус теориясы жеткілікті дәлелденбеген. Вирустар көп уақыт бойы жасырын жағдайда болып, кейіннен әртүрлі әсер ету механизмі арқылы қозуы мүмкін. Қан айналу бұзылыстарының дамуына тамырдың ішкі қабатының иммун кешенімен зақымдалуы жатады, әрі қарай тамыр ішілік қан ұю дәрісі бұзылады. Сөйтіп, аурудың дамуына терідегі және ішкі ағзалардағы қан айналу дәрісінің бұзылуы әкеп соғады.
Клиникалық бейнесі. Жүйелі терінің қатаюы (склеродермия) жас және орта жастағы әйелдерде кездеседі. Сырқаттың пайда болуына жұқпалы қоздырғыш, тоңып қалу, жарақаттар, бала туу, климакс әсер етеді. Сырқаттың жиі және ерте пайда болатын белгісінің бірі Рейно синдромы түріндегі тамыр бұзылыстар. Бұл кезде науқастарда ине сұғып алғандай ауру және қолмен сирек түрде аяқтың жансыздануы байқалып, кейін олар бозарады немесе көгереді. Кейіннен қан айналымының бұзылыстарына байланысты саусақ ұштарындағы тіндер өзгереді де терең жара түріндегі зақымдалулар дамиды. Тіндік бұзылыстар құлақта, мұрын ұшында, жақтарда байқалуы мүмкін. Склеродермия мен ауыратын науқастардың барлығында теріде тығыз ісік және сему байқалады. Зақымдалған жерлердің терілері балауыз түсті болып, тартылып тұрады. Жылтыр, қаптарланып жиналмайды және жанындағы тіндерге қарай қозғалмайды. Теріні басқанда орнында із қалмайды, оның тығыздығы ағаш тәрізді дәрежеге дейін байқалады. Әрі қарай терінің семуінен тері жұқарып, сүйек қаңқасын жәй жауып жатады. Бет пен қолдың терілері көбінде өзгереді. Бет пішінқалып тәрізді болады, ешқандай қимыл жоқ, ауыз қуысы тар, айналасы терең әжімделген. Науқастар күле алмайды, аузын аша алмайды, тілін шығара алмайды, көзін толық жаба алмайды. Қолдың саусақтары қисайған тығыз жылтыр тері мен жабылған және қозғалыс туғызудың қиындығына байланысты. Буын – бұлшық ет синдромы ірі буындардың сырқырауымен немесе көп буынның қабынуымен сипатталады. Бұлшық ет зақымданғанда бұлшық еттерде әлсіздік пайда болады. Ішкі мүшелерден бірінші орында жүрек зақымдалады. Жиі миокард зақымдалады, ұсақ тамырлардың өзгерістері склерозға ұшыратады. Науқаста ентігу, жүректің жиі соғуы, жүрек маңайының ауруы білінеді. Қарағанда жүрек шекарасының сол жаққа қарай ұлғаюы, дыбысының әлсіздігі, жүрек ұшындағы систолдық шу байқалады. Миокардтағы өзгерістердің күшеюі жүрек жеткіліксіздігіне әкеліп соғады. Жүрек жеткіліксіздігінің ерекшелігі тері мен тері асты тіндердің тығыздалуынан ісіктер болмайды. Өкпенің зақымдалуы өкпенің төменгі бөлігімен плевра аралықта пневмосклероз дамуымен сипатталады. Клиникасында ентігу, кеуде қуысының ауруы, құрғақ жөтел, біртіндеп дем жетіспеушілігі дамуы мен сипатталады.Тыңдағанда қатты дем алу, төменгі бөлікте ылғалды ұсақ сырылдар байқалады, аурудың кеш кезеңінде өкпе – жүрек жеткіліксіздігі дамиды. Жүйелі терінің қатаюында ас қорыту мүшелері де зақымдалады. Көбіне өңеш пен ішектер. Өңештің зақымдануының клиникасы жұтынудың бұзылуымен, құсу, лоқсу түрінде болады. Өңештің жиырылу қасиетінен айырылуынан асқазаннан өңешке қышқыл зат келіп түседі, соның әсерінен кеуде тұсы немесе асқазан тұсында күйдіру сезімі пайда болады. Асқазанның ауруы ондағы ауырсыну сезімінің пайда болуы, тамақ ішкеннен кейін асқазан тұсының ауыруы, жеңілдік әкелетін көп мөлшердегі құсық, тәбетінің жойылуы мен сипатталады. Ащы ішектің зақымдалуы кіндік айналасының ауыруы, іштің кебуі мен, іштің өтуі мен байқалады. Ішекті рентген арқылы зерттегенде он екі елі ішектің көлденең бөлігінің кеңейіп, кілегей қабаттардың қатпарларының өзгерісі немесе жоқтығын байқауға болады. Бауыр аздап ұлғайған, кейде көк бауырдың ұлғайғаны анықталады. Склеродермияда бүйректің зақымдалуы созылмалы нефрит түрінде өтеді. Соңғысында зәрдегі ұлғайып бара жатқан өзгерістер қатерлі гипертония дамуымен болатын бүйрек жеткіліксіздігіне әкеледі. Созылмалы нефрит түрінде өтетін бүйрек зақымданулары аса қауыпті емес, әртүрлі дәрежедегі жасырын түрінен айқын түріне дейін клиникалық көріністері байқалады. Жүйке жүйесінің зақымдалуы көптеген жүйке түбірінің қабынуымен және мидың зақымдалуымен байқалады.
Склеродермия мен ауыратын науқастардың көбісінде жалпы белгілерде дене қызуының тұрақты емес көтерілуі, арықтау, әлсіздік, тез шаршағыштық байқалады. Кей кезде аурудың созылмалы ағымында Шегрен синдромы (құрғақ синдромы) байқалады.
Қанда аса сондай өзгеріс байқалмайды. Әртүрлі торшалардың азаюы (цитопения) білінеді. Қанда альбуминнің мөлшері азаяды, ал гаммаглобулиндердің мөлшері көбейеді.
Ағымы бойынша жедел, жеделдеу және созылмалы түрлері болады. Бір бірімен шеттік және іштік белгілердің пайда болуымен, аурудың белсеңділігімен, болжамы мен ажыратылады. Сырқаттың клиникалық, зертханалық белгілерінің айқындылығы склеродермияның белсенділігін сипаттайды. Сырқаттың белсенділігінің үш дәрежесі бар: І – жәй, ІІ – орташа, ІІІ – айқын.
Дерт анықтамасы. Сырқаттың шағымдарына және клиникалық белгілеріне сүйене отырып диагноз қойылады. Негізгі диагноз қоюға жататын белгілер: тығыз ісік, терінің семуі, Рейно синдромы, жұмсақ тіндердің кальцинозы, буын бұлшық еттердің зақымданып сіресуі, ішкі мүшелердің зақымданулары (ірі ошақты кардиосклероз, ас қорыту мүшелерінің әсіресе өңештің зақымдануы, бүйрек жеткілісіздігінің дамуы) жатады. Қосымша белгілеріне терінің түсінің өзгеруі, трофикалық өзгерістер, тері мен кілегей қабаттарының құрғақтығы, буынның сырқырауы, дене қызуының көтерілуі, арықтау, ЭТЖ ның көтеріңкілігі жатады. Негізгі белгілердің үшеуі болғанда немесе негізгі белгілердің біреуі мен үш немесе бірнеше қосымша белгілер болғанда нақты жүйелі терінің қатаюы (склеродермия) диагнозын қоюға болады. Белгілері аз болғанда сырқаттың диагнозы болжамды дейді.
Емі. Склеродермия мен ауыратын науқастардың емінің қағидалары: емдеуді неғұрлым ерте бастау; аурудың әртүрлі даму механизміне байланысты кешенді ем жүргізу; аурудың ағымына, белсенділігіне байланысты әдейленген ем қолдану. Ем ауруханада, емханада және санаторлы – курорттық түрде өтеді. Негізгі әдістермен қоса емдік шаралар құрамына кахексияда анаболикалық гормондармен емдеу, жергілікті емдер, атап айтқанда лидаза мен электрофорез, ультра дыбыс, балауыздық жапсырулар, уқалау, емдік дене шынықтыру шаралары кіреді. Сырқаттың созылмалы түрімен сырқаттанатын науқастар родон және күкірт сутекті ванналар қолданатын курорттарыда емделу керек.
Болжамы. Склеродермияның жедел және жеделдеу ағымында ауру тез дамитын болғандықтан болжамы аса жақсы емес. Созылмалы түрінде сырқатты ағымымен қалыптастыруға болады. Барлық науқастарды жұмысқа деген қабілеті ерте төмендейді немесе тірек қимыл аппаратының ауыр түрде зақымдалу себебінен біржола жоғалады.
Алдын алуы. Бұл сырқаттың алдын алу үшін жарақаттанудан сақтанып, уақытында ошақты жұқпаларды емдеп отыру керек. Ағзаның физиологиялық жағдайын күшейту.
Бақылау сұрақтары
1. Склеродермия ауруына жалпы түсінік беріңіз.
2. Сырқатқа әкеліп соқтыратын белгілі себептерді атаңыз.
3. Жүйелі терінің қатаю ауруының клиникалық белгілерін айтыңыз.
4. Сырқаттың ағымында неше дәреже байқалады?
5. Әр дәрежеге сәйкес симптомдарды атап шығыңыз.
6. Сырқаттың негізгі емдік қағидасы.
7. Болжамы туралы түсінік беріңіз.
Дата добавления: 2015-11-25 | Просмотры: 2830 | Нарушение авторских прав
|