Йод жетіспеушілігін алдын алу
Бүгінгі күнде йод жетіспеушілігін алдын алудың екі түрі бар:
· құрамында йоды бар азық-түлік көмегімен йод жетіспеушілігін жою;
· құрамында йоды бар дәрі-дәрмектерді тағайындау.
Әрине, ең жақсы алдын алу жолы- йодталған азық-түлік қолдану. Көбнесе кең таралған әдіс – йодталған ас тұзын қолдану болып табылады.Йодталған тұзды қолдану ыңғайлы және арзан. Неге десек:
- тұрғындардың барлығы тұзбен қолданады;
- арзан тағам және бәріне жеткілікті;
- тұз өндіруі оны бір ортада өндеуге жағдай береді;
- йодталған тұздың мөлшері әрқашан анықталған;
- технологиялық және экономикалық жолы оңай.
Тұзды йодтау үшін калий йодидін қолданады, және калий йодатын қолданады. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасында калий йодаты ғана қолданылады. Құрамында калий йодиті бар тұздың сақтау мерзімі - 4-6 ай, калий йодаты бар тұздың сақтау мерзімі - 1 жылға дейін. Адамның ағзасын йодпен қамтамасыз ету үшін тәулігіне 150 мкг йоды, жас өспірімдерге – 120 мкг, балаларға – 90 мкг керек. Йодталған тұз қосымша ешқандай түс, дәм, иіс бермейді.
2001 жылы Азия елдеріне біртұтас құжат қабылданды:
-йод жетіспеушілігінің ең маңызды алдын алуы – йодталған тұзды қолдану;
-бұл бағдарламаның нәтижесін көтеру мақсатымен жергілікті Үкіметтің структурасымен, Үкіметтік емес ұйымдармен, ғылыми қоғамдармен бірлестік қызметін атқару.
Йод жетіспеушілігін алдын алу бағдарламасының негіздері:
-тұзды нәтижелі йодтау;
-реттеудің әрекеттері;
-оқыту бағдарламасын дамыту;
-тұздың сапасын және оның адам ағзасына биологиялық әсерін бақылау.
Сөйтіп, тағаммен керекті заттар жеткілікті түспеген жағдайларда адам денсаулығын сақтау үшін құрамында микроэлементтер бар (йод) азық-түлікті қолдану физиологиялық және нәтижелік болып табылады. Йод теңіз балықтарының етінде, теңіз өсімдіктерінде және басқа теңізден алынатын тағамдарда көп мөлшерде болады. Йодталған барлық азық-түліктер өзінің қорабында фирмалық белгі-логотип пайдаланады.
Х – ТАРАУ
ТІРЕК – ҚИМЫЛ АППАРАТЫНЫҢ АУРУЛАРЫ
Буын аурулары туралы түсінік
Буын аурулары өте көп, бірақ осы көптеген ауруларды қарастыратын болсақ, бір өте маңызды жағдайды есте ұстаған жөн: аурулардың бір бөлігі өз бетіеше ауру болып табылса, басқа бір бөлігі қандай да бір аурудың белгісі болып табылады. Бірінші жағдайда буын аурулары бүкіл симптоматиканы білдіреді: буынның ағымы мен болжамы, буынның зақымдануларының мінездемесімен байқалуына байланысты, ал барлық емдік шаралар бірінші орында буындардағы патологиялық дәрісті басуға бағытталған. Екінші жағдайда буынның зақымданулары қандайда бір аурудың тек қана белгілері болып табылады. Бірақта аурудың ағымы, оның болжамы сияқты буын зақымдануымен емес негізні ауруы бойынша анықталады және барлық емдік шаралар осы ауруды емдеуге бағытталады. Осы тарауда жеке ауру болып табылатын буын аурулары қарастырылады. Барлық буын аурулары буындарда болатын патологиялық дәрістің сипаттамасы бойынша екі үлкен топқа бөлінеді: артриттер мен артроздарға. Артрит – бұл сырқат негізінен буынның синовиалды қабатында дамитын, буын шеміршегінде және буын айналасындағы тіндерде болатын қабыну дәрісі. Кейде буынның қуысында қабынудан пайда болған сұйықтықтар болады. Мұндай аурудың мысалы ретінде ревматоидты артритті айтуға болады. Артроз – бұл сырқаттың негізінде алмасу – дистрофиялық дәрістер және де шеміршектің семуі, сүйек тінінің сиреуі (остеопороз), сүйек тініндегі жаңадан пайда болған түзілістер, тінніңбуынның, буын қабыршағының айналасына кальций тұздарының жиналуы жатыр. Оның мысалы ретінде деформациялағыш остеоартрозды айтуға болады.
Негізгі клиникалық белгілері
Әрбір аурудың клиникалық көрінісі патологиялық дәрістің сипаттамасымен және қандай да бір буындарға оның таралуымен анықталады. Бірақта әртүрлі буын зақымдануларының жалпы бірнеше белгілері бар.
Буынның ауырсынуы – буын ауруларының негізінен басты белгісі деп айтуға болады. Ауырсыну буындардағы патологиялық дәріспен (шеміршек, синовалды қабат, буын қалтасы), сонымен қатар буын айналасындағы тіндердің, сіңірлердің, сіңір ылғалдаушылардың зақымданулары мен шақырылады. Ауырсынудың пайда болуына механикалық мәнбірлерде нақты әсер етуі мүмкін, яғни буындарға физикалық күштің түсуі, сіңір байламдарының созылуы, синовиалды қабаттың сүйектегі өсінділер - остеофидтер мен тітіркенуі және буынның өзінде немесе буын айналасындағы тіндерде қабыну дәрісінің дамуы. Ауырсыну уақытына және пайда болу жағдайына, ұзақтығы мен интенсивтігіне байланысты бөлінеді.
Тірек-қимыл аппаратының ауруларындағы
тексеру әдістері
Бейнелеме
Науқастың шағымдары
| 1.буындардың ауырсынуы
2.буын қозғалысының шектелуі
3.буындардың ісінуі, қызаруы
4.дене қызуының көтерілуі
5.буын аймақтарында түйіндердің білінуі
6.буындардың деформацияға ұшырауы
|
Ауыру сыртартқысы
| 1. Әсер ететін мәнбірлер, ауруға әкеліп соққан себептер
2. Аурудың басталуы, дамуы, ағым ерекшеліктері
3. Өткізілген тексерістердің көрсеткіш нәтижелері
4. Қолданған емнің түрі және ағзаға әсері
|
Өмір – баян сыртартқысы
| 1. Тұқым қуалаушылық
2. Анамнезіндегі басқа аурулар
3. Жағымсыз қылықтары
4. Мамандығының негізгі ерекшеліктері
5. Тамақтану сипаттамасы, тұрмыс жағдайы
|
Қарау
| Сипалау
| 1.буынның түсі, пішіні
2.буынның қозғалысы
3.бұлшық еттің дамуы
4.тері, тырнақ өзгерістері
| 1.ауырсынуды анықтау
2.буын сықырын анықтау
3.буынның жергілікті ысуы
4.лимфа бездерінің үлкеюі
|
Зертханалық тексеру
| Құрал – жабдық арқылы тексеру
| 1. Жалпы қан анализі
2. Биохимиялық қан анализі
3. Буыннан сары су алу (биоптат)
| 1.Рентгенография
2.Радибелсенді тексерістер
| Буынның ісінуі буын зақымданғанның екінші маңызды белгісі болып табылады. Ол буынды қоршап тұрған синовиалдық қабатпен жұмсақ тіндерде қабыну ісігі пайда болуымен түсіндіріледі, ал кейбір жағдайларда буынның қуысында сары судың пайда болуына байланысты. Буынның ісінуі және де синовиалды қабаттың гипертрофиясы мен буын маңындағы тіндердің фиброзды – қатаюы буын пішінінің өзгеруіне әкеп соғады. Буынның қисаюын, пішінінің өзгеруін сүйектердің өсулері, буын шетіндегі сүйектердің деструциясы, бұлшық ет байлам аппараттарының зақымданулары және шығып кетулермен түсіндіруге болады. Оған тән мысал ретінде ревматоидты артриттегі саусақтардың қисаюы және де қолдың дисталдық фаланга аралық буын маңайында сүйек өсінділерінің пайда болуын айтуға болады (Бушар түйіндері). Зақымданған буынның үстіндегі теріде қабыну дәрісі дамығанда дене қызуы көтеріледі. Тері түсінің өзгеруіне (қызаруына) де көңіл бөлу керек. Буындардағы қозғалыстың шектелуі – ондағы патологиялық өзгерістің дамуының ең маңызды белгісі. Буындардың ішінде фиброзды және сүйек өсінділерінің пайда болуы буындардағы қозғалыстың толық шектелуіне әкеледі (шорбуын). Буындардағы сіңір байлам аппаратының зақымдалуы, буын қапшықтарының, кілегей қалталардың бұлшық ет шандырларының зақымданулары да буын ауруларының белгілеріне жатады. Бұндай зақымданулар буынды сипағанда ісінумен, ауырсыну мен байқалады. Буындардың патологиялық өзгерістерінде бұлшық еттің семуі және әлсіздігі білінеді. Кейбір жағдайларда бұлшық еттердің семуі ауырған буындағы қозғалыстың шектелгенінде пайда болады (мысалы жамбас сан буынның зақымдануында санның бұлшық етінің семуі). Кейбір жағдайларда буында дамитын қабыну дәрісі буынның жанында жатқан бұлшық еттерді де зақымдайды, қабыну дәрісі ұзаққа созылғанда бұлшық еттердің сему дәрісінеұшыратады. Қабынуы бар буын ауруларында науқастардың дене қызуы көтеріледі, ал буындардағы алмасу – дистрофиялық өзгерістерде дене қызуы қалыпта. Буындардың қабыну сырқаттарының қозу кезеңінде қанда нейтрофильді лейкоцитоз байқалады, сонымен қатар фибриноген деңгейі жоғарылайды, ақуыз фракциясы өзгереді, ЭТЖ артады.
Бақылау сұрақтары
1. Тірек қимыл аппаратының ауруларына жалпы түсінік беріңіз.
2. Сырқаттардың клиникалық белгілерін айтып шығыңыз.
3. “Артрит” және “артроз” терминдеріне түсінік беріңіз.
4. Сырқаттарға дерт анықтама жүргізгенде қандай зертханалық және құрал – жабдық аппарат арқылы тексеру әдістерін қолданады?
Ревматоидтық артрит
Ревматоидтық артрит – негізінде шеттік ұсақ буындардың симметриялы деструкциялық зақымдануымен және буындардың деформациясымен мінезделінетін жүйелі ауру. Ревматоидтық артритінің бір ерекшелігі – оның зақымдамайтын буыны қалмайды. Ең ұсақ буындардан (саусақ буындары, жақ буыны, башпай буындарының) бастап, ірі буындардың (тізе, ұршық, омыртқа буындарының) қай – қайсысын болса да күрделі өзгерістерге ұшыратады да, олардың қызметінің бұзылуына әкеп соғады. Ұзақ уақыт ауырған буындардың сиқы кетіп, қисайып, жуандап, шорланып түрлері өзгереді. Қимыл аумағы азаяды, қуаты келмейді. Ревматоидтық артрит жиі мүгедектікке әкеп соғады. Көбінесе жастар ауырады, әсіресе әйелдердің көбірек ауыратыны байқалады. Ревматоидтық артритте бүкіл мүшелер және тіндер зақымданады яғни ол буындар жүрек, өкпе, бүйрек т.б.
Этиологиясы. Әлі күнге дейін белгісіз болып отыр. Дегенмен, ағзадағы созылмалы ошақты жұқпалардың ревматоид артритінің басталып кетуіне түрткі болатыны көптен белгілі. Олардың ішінде В-гемолитикалық стрептококк ерекше орын алады. Сонымен қатар аурудың дамуына аутоиммундық серпілістер әсер етеді. Ғылыми бақылаулардың нәтижесінде осы аутоиммундық серпілістердің және соған байланысты өзгерістердің бірімен бірі қатынасымен үдере меңдеп отыратын зақымданумен қабыну дәрістерінің негізгі желеушісі екені анықталып отыр. Бұл дәрістер тек буындарды ғана зақымдап қоймайды, дәнекер тіні бар мүшеледі түгелдей кеулеп зардаптайды. Сөйтіп ревматоид артритімен ауырған адамның бүкіл денесінде ауруға шалдықпайтын бірде бір мүше не жүйе қалмайды, тамыр атаулының бәрі түгелдей дерлік қабынып кетеді. Сонымен бірге аурудың дамуына тұқым қуалаушылықтың әсер ететіні дәлелденген.
Патогенезі. Буындағы патологиялық өзгерістер негізінен мыналарға саяды: әуелі қабынудың нәтижесінде іркілдек грануляция ағзалары көбейеді де, буын шеміршегін күйретіп жібереді, сүйектің эпифизі бұзыла бастайды. Буын шеміршегінің бұзылуына оны қоректендіріп тұратын синовий сұйықтығы айналысының немесе дифузиясының кемуі де себеп болады. Буын шеміршегінің құруы мен қабыну дәрісінің дамылсыз дамуы буын сүйектерінің жабысып, қозғалмай қатып қалуына (анкилоз) әкеп соғады. Кейбір буындар ұясынан шығып, кейбірі тарылып (контрактура) қалады. Бұл дәрістерге демеуші болатын мәнбірлер – буын қалтасы мен буын айналасындағы сіңірлер, бұлшық еттердің патологиялық өзгерістері.
Жіктемесі. Сырқаттың клиникалық белгілеріне қарай бірнеше түрлері байқалады. Көп кездесетін түрі – буын түрі (80 %). Мұнда аурудың басты белгісі – буынның қабынуы мен өзгеруі (деформация). Келесі түрі буын висцералды түрі. Висцералды дегеніміз – ішкі ағзалардың зақымдануы деген сөз. Сондықтан аурудың бұл түрімен ауырғанда буынмен қоса жүректің (перикардит), өкпенің (плеврит), немесе бүйректің (гломерулонефрит) және тағы да басқа ағзалардың ауыру дәрісіне жалғасуы мүмкін. Кейде ревматоид артриті басқа да жүйелі аурулармен (мысалы, ревматизммен, артроздармен) қосарласуы ықтимал. Бұл ревматоидтық артриттің үйлестірімделген түрі. Сонымен қоса аурудың ювенилді түрі де кездеседі. Бұл түрімен 16 жасқа дейінгі балалар ауырады.
Клиникалық бейнесі. Ревматоидтық артриттің ағымында келесі кезеңдер байқалады: жасырынды ағу кезеңі, баяу ағу кезеңі және тез ағу кезеңі.Сырқат уыттану белгілерімен басталады: әлсіздік, басының ауруы, шаршағыш, тамаққа тәбетінің тартпауы, дене қызуының көтерілуі, ұйқысының бұзылуы. Сырқаттың негізгі белгісі ұсақ саусақ пен башпай буындарының зақымдануы. Буындар зақымдануының өзіндік ерекшеліктері бар. Негізінде қос буындар ісініп, қызарып, ауырсынады. Сырқатқа тән белгі таңертең төсектен тұрғанда науқастың тұла бойы ауырлап, буын – буыны құрысып қалады. Буынның ауырсынуы түннің екінші жартысында және таңертең қатты мазалайды. Күндіз және кешке қарай ауру басылады. Таңертең буынның құрысуы неғұрлым ұзақ болса, соғұрлым аурудың меңдеуі басым деген сөз. Сырқаттың алғашқы кезеңінен бастап ақ буын қозғалысы азая бастайды. Буынның толық жазылып бүгілуі қиындап, азапқа айналады. Сырқаттың буынның айналасындағы бұлшық еттер семи бастайды. Өйткені ревматоид артриті тек буындарды ғана зақымдап қоймай, басқа ағзаларға да әсер етеді. Мысалы, бауыр мен көк бауырдың ұлғаюы, нағыз терінің қабынуы тағы басқа да жүйелік аурудың белгілері де пайда бола бастайды. Ревматоид артритіне тән белгілердің бірі – ревматоид шорлары деп аталатын белгі. Олар әсіресе шынтақ буынның үстінде пайда болады. Бұл байланған шорлар өкше сіңірінің үстімен желке шандырынан табылуы мүмкін. Оларды саусақпен басып қарағанда қаттылау, жылжымалы келеді. Көлемі онша үлкен емес, 0,2 – 2 см шамасында болады да ауырмайды. Ревматоид артриітінің клиникалық белгілері де аурудың асқынған кезеңінде айқын көріне бастайды. Буындардың түрі бұзылып, деформацияға ұшырайды. Саусақтар қисайып, қол буындары түгелде өзгеріске түседі. Екі қолдың басы екі жаққа қарай мыжырая қисайып, морждардың қалақшаларына ұқсап кетеді. Осылай деформацияға ұшыраған қол буындары өз қызметін атқарудан қалады. Онымен қоса буындардың көбі тартылып, кейбірі бітіп анкилозға ұшрайды. Саусақ сүйектері қысқарып, сыртындағы терісі жиырылып кетеді. Сонымен қатар үлкен буындарда патологиялық өзгерістерге ұшырайды. Сөйтіп, ревматоидтық артриттегі буын өзгерістеріне жатады: остеопороз, буын жықпылының тарылуы, буынның бір – біріне жабысып, қатайып, анкилоздың дамуы. Ревматоид артритінің шарықтау кезеңінде көптеген ішкі мүшелер мен тамырдың зақымдануы да қатар келіп отырады. Тамырлардың қабынуы ревматоид артритіне тән белгілердің бірі деп есептелінеді. Ревматоидтық артриттің 3 белсеңділік дәрежелерін белгілейді. І дәрежесі (минимальді) – буындардың ауырсынуы орташа, таңертеңгілік сіресу 30 минутқа дейін. ІІ дәрежесі - буындардың ауырсынуы қатты білінеді, сіресу түске дейін мазалайды. ІІІ дәрежесі – зардапты, үздіксіз. Сіресу күні бойы білінеді, науқастың қимылы шектеледі. Сырқаттың меңдеуіне байланысты буын қызыметінің шамасыздығының үш сатысын бөліп қарау керек. Оның бірінші сатысында (ҚЖ1) науқас адам белгілі қиындықтармен болса да мамандығына байланысты еңбекпен айналыса алады. Екінші сатысында (ҚЖ2) – науқас адам еңбекке жарамсыз болып қалады, бірақ өзіне қызмет көрсете алады. Үшінші сатысында (ҚЖ3) науқас өз бетімен қызмет етуден қалып, кісі қолына қарап қалады.
Дерт анықтамасы. Диагноз қоюға науқастың шағымдары маңызды роль атқарады: қос, ұсақ буындардың зақымдануы, ревматоид шорларының білінуі, таңертеңгі буындардың құрысып – тырысуы. Осымен қатар диагнозды қоюға зертханалық тексерітер көмектеседі: қанда фибриногеннің деңгейі көбейеді, С – реактивті ақуыз білінеді, синовиалды сұйықта ревматоидтық мәнбір табылады.
Құрал – жабдық аппарат арқылы тексеру әдістерінде, яғни буындардың рентген суретінде буын бетінде “өрнек” пайда болып, остеопороз, анкилоз белгілері анықталады. Буын шеміршегі бұзылады, сүйектің эпифизі өзгереді. Шеткі буындардың жағдайын бағалау үшін радиоизотопты әдіспен қолданады. Зақымданған буынға неғұрлым радиобелсенді зат көп жиналса, соғұрлым ревматоид артриттің белсенділігі жоғары болып табылады.
Асқынулары. Зақымданған буындарда жылауықтар пайда болады. Бұл буындар жиі ойнамалы түрде шығып кетеді. Мойын буындарының зақымдануы миға әсер етуі мүмкін. Сырқаттың ең нақты асқынуы буындардың шорлануы, өйткені олар жиі мүгедектікке әкеп соғады. Сырқаттың висцералды түрінде қан аздық, бүйректе амилоидоз дамиды. Ұзақ емделген науқастарда дәрілердің жағымсыз әсері білінеді.
Емі. Бұл сырқат дами беретін, қозып және қайталап отыратын ауру. Сол себептен ревматоид артритін емдеу оңай шаруа емес. Қазіргі уақытты ешқандай арнаулы ем жоқ. Сырқатты толық жазылдырып жібере алмайды. Сондықтан ем жинақты болу керек, аурудың түріне, кезеңіне және белсенді дәрежесіне байланысты болу керек. Пайдаланылатын дәрілердің өзі алуан түрлі. Негізінен дәрі – дәрмектердің мына топтарының емдік қасиеттері дәлелденген деп есептеуге болады: қабынуға қарсы қолданылатын дәрілер: стероидты емес қабынуға қарсы дәрілер (аспирин, пирозолон қатарындағылар – бутадион, реопирин, бруфен, индометацин және т.б.);
стероидты гормон препараттары (преднизолон, дексаметазон, гидрокортизон, кеналог, дексазон және т.б.); алтын препараттары (кризанол, санокризин). Иммун жүйесін тежеу үшін делагил, плаквенил дәрілерін қолданады (қандағы лейкоциттердің мөлшерін бақылаумен). Осы мақсатпен цитостатиктерді де қолданады. Дәрілерді әртүрлі жолмен пайдаланады: ішу, егу, буынның ішіне жіберу, фонофорез, ионофорез арқылы және түрлі комбинациялар қолдануға болады. Дәрі-дәрмектерді буын ішіне және буын сыртына қолдану кең жүргізіледі. Ревматоид артритін емдегенде дәрілермен қоса физиотерапиясында кеңінен қолданады. Емдік дене шынықтыру анкилоздардың пайда болуына кедергі жасайды. Сырқаттың ерте кезінен бастаған жөн. Кейінгі уақытта хирургиялық және радиоизотоптық әдістердің де емге қолданылып жүргенін айта кеткен абзал. Мысалы, хирургиялық тәсілмен буынның синовий қабығын сылып тастау (синовийэктомия) немесе алтынның радиоизотоптық препаратын буынның ішіне жіберу. Сырқаттың беті қайтқан кезінде (ремиссия) курорттармен санаторийлерге барып емді жалғастыру ләзім (Мойылды, Арасан – Капал, Жартас т.б.).
Алдын алуы. Бұл сырқатты алдын алу үшін жарақаттанудан сақтанып, уақытында ошақты жұқпаларды емдеп отыру керек. Дене шынықтырудың да маңызы өте зор. Ауру дамыған кезде оның қозуын алдын алу керек. Пациенттер емханада ревматологпен қаралып диспансерлік тізімге алынады. Көктемде, күзде қабынуға қарсы ем тағайындалынады, емдік гимнастика жүргізіледі, физикалық күш түсіруге ағзаны бейімдетеді.
Бақылау сұрақтары
1. Ревматоид артритінің негізіне жалпы түсінік беріңіз.
2. Сырқатқа әкеліп соқтыратын себептерді атаңыз.
3. Ревматоид артритіне тән клиникалық белгілерді атаңыз.
4. Буын қызметінің жетіспеушілігі (ҚЖ) неше дәрежемен өтеді?
5. Зертханалық тексерісте қандай өзгерістер байқалады?
6. Сырқаттың негізгі емдік қағидасын айтыңыз.
Дата добавления: 2015-11-25 | Просмотры: 2970 | Нарушение авторских прав
|