VII тарау. Тістесу патологиясын біріншілік алдын-алу
7.1. Әр түрлі жас топтарында жақ-бет аймағы қызметтері мен тістесудің қалыпты жағдайы. Тістесу жағдайының индексті бағалауы
Жақ-бет аймағы қызметтері мен тістесудің қалыптасу сатылары
Жақ-бет аймағы қызметтері мен тістесудің қалыптасуы құрсақішілік кезеңде басталады, бас, мойын мұшелері мен тіндерінің және барлық сүйекті-бұлшықетті жүйенің қалыптасуымен тығыз байланысты. Бұл үрдіс туғаннан кейін де жалғасады, негізінен 15-жасқа таман аяқталады. Қызметтер мен тістесудің қалыптасуының бес негізгі клиникалық кезеңдерін ажыратады:
І – жаңа туған нәрестелік кезең (туылғаннан 6 айға дейін);
ІІ – қалыптасушы уақытша тістесу кезеңі (6 айдан 3 жасқа дейін);
ІІІ – қалыптасқан уақытша тістесу кезеңі (3 жастан 6 жасқа дейін);
ІV – аралас тістесу кезеңі (6 жастан 12 жасқа дейін);
V - қалыптасушы тұрақты тістесу кезеңі (12 жастан 15 жасқа дейін).
Жаңа туған нәрестелік кезең баланың туылғаннан бірінші уақытiа тісінің жарып шығуына дейін жалғасады. Сагиттальды жазықтықта тіссіз жақтардың қатынасы «нәрестелік ретрогения» деп аталатын ерекшелікке ие: төменгі жақ жоғарғы жаққа қатысты артта орналасқан, қызылиек валиктерінің алдыңғы беткейлері арасында мөлшері 10 мм-ден 14 мм-ге дейін сагиттальды баспалдақ түзіледі. Жақтар жымдасқанда қызылиек валиктері барлық ұзындығында байланысады. Қызылиек валиктерінің ортаңғы сызығын белгілейтін жоғарғы және төменгі еріннің үзбелері бір вертикальды сызықта орналасады.
Қалыпты жағдайда бұл кезеңде мұрынмен тыныс алу, жұтыну – инфантильді (син. висцеральды), жұтынудың бірінші фазасында жіберуші түрткі кезінде тіл ерін немесе ұртқа тіреледі, сору, шайнау дамыған және сөйлеу қалыптаспаған.
Қалыптасушы уақытша тістесу кезеңі барлық уақытша тістер жарып шыққан уақытты алады. Бұл кезеңге тістесудің физиологиялық биіктеуінің бірінші сатысы сәйкес келеді, бұл бірінші уақытша молярлардың жарып шығуымен байланысты, сонымен қатар жақтардың белсенді өсуінің бірінші сатысы.
Сагиттальды баспалдақ өмірінің 10-12 айына таман жоғалады, сондықтан кезеңнің соңында тістесу ортогнатиялық тістесудің белгілерімен принципиальды ұқсас белгілерді иемденеді. Сагиттальды жазықтықта тістесудің келесі сипаттамалары бар:
· жоғарғы екінші уақытша молярдың медиальды-ұрттық төмпешігі аттас төменгі тістің бірінші көлденең фиссурасында орналасады;
· жоғарғы ит тістің ортаңғы сызығы төменгі ит тіс пен бірінші уақытша молярдың арасында проекцияланады, жоғарғы және төменгі жақтың күрек тістері сәйкес оральды және вестибулярлы беткейлерімен байланысады.
Вертикальды жазықтықта тістесуді бағалағанда қалыпты терең күрек тістік жабылу (төменгі күрек тістер жоғарғылармен сауыт биіктігінің ½-ден аса жабылады) және жоғарғы және төменгі жақ молярларының тығыз фиссурлы-төмпешікті қатынасы болып табылады.
Горизонтальды жазықтықта жақтар төменгі молярлардың вестибулярлы төмпешіктері жоғарғы молярлардың ұзына бойы фиссураларында орналасатындай болуы, жоғарғы және төменгі жақ күрек тістері арасында орталық сызық сәйкес келуі қажет.
Тіс қатарлары жартылай шеңбер түріне ие, көрші-тістердің тығыз проксимальдыаралық қатынастары болуы қажет, әрбір жақтың тістерінің кесу жиектері және шайнау беткейлері бір жазықтықта орналасуы қажет.
Уақытша күрек тістер жарып шыққаннан кейін жұтыну аралас болады (тіл жіберуші түрткі кезінде күрек тістерге тіреледі), тыныс алу мұрынмен болып қала береді, сору өмірінің 10-12 айына таман жоғалады, шайнау үш жасқа таман біртіндеп қалыптасады, сөйлеу даму сатысында болады.
Қалыптасқан уақытша тістесу кезеңі баланың үш жасынан басталады және бірінші тұрақты молярдың жарып шығу мерзіміне дейін жалғасады. Бұл кезеңде жақтардың қалыпты қатынасының келесі сипаттамалары бар: сагиттальды жазықтықта алдыңғы кезеңнің сипаттамалары сақталады, вертикальды жазықтықта – күрек тістік жабылу төмендейді және тіпті толық жойылады (күрек тістер тіке жымдасады), горизонтальды жазықтықта қалыпты жағдайдың белгілері өзгермейді.
Тіс қатарлары жартылай шеңбер түрін сақтайды, жақтардың өсуіне байланысты тістер арасында тремалар және диастемалар пайда болады. Төрт жастан бастап уақытша тістердің төмпешіктерінің қажалуы басталады.
Бұл кезеңде жақ-бет аймағының қызметтерінің келесі сипаттамалары бар: тыныс алу – мұрынмен, жұтыну – соматикалық, шайнау – белсенді, сөйлеу кезеңнің аяғында қалыптасқан болуы қажет.
Аралас тістесу кезеңі уақытша тістердің тұрақтымен ауысуы және бірінші және екінші молярлардың шарып шығуы уақытымен сәйкес келеді. Бірінші молярлардың жарып шығуына байланысты тістесудің физиологиялық биіктеуінің екінші сатысын, тұрақты ит тістер мен тұрақты екінші молярлардың жарып шығуына байланысты – үшінші сатысын белгілейді. Тістесудің физиологиялық биіктеуінің сатыларына жақтардың белсенді өсуінің екінші және үшінші сатылары сәйкес келеді.
Тұрақты бірінші моляр шарып шыққаннан кейін төменгі жақтың доғасы парабола, жоғарғы жақтың доғасы – жартылай эллипс түріне ие болады. Бұл кезеңнің соңында тремалар мен диастемалар жойылады, қалыпты тістесу тұрақты ортогнатиялық тістесуге тән сипаттамаларға ие болады.
Бұл кезеңде жақ-бет аймағының қызметтері біржолата қалыптасқан болуы қажет.
Қалыптасушы тұрақты тістесу кезеңін бұл уақытта тұрақты тістер түбірлерінің және оларды қоршап жатқан тіндердің қалыптасуы аяқталуына байланысты бөледі. Бұл кезеңде тістесудің клиникалық белгілері және жақ-бет аймағы қызметтерінің жағдайы ересек адамның қалыпты жағдайына сәйкес келуі керек.
Тістесу жағдайын бағалау және емдеуге қажеттіліктер
Жақ-бет аймағы қызметтері мен тістесу жағдайын клиникалық зерттеудің негіздері бұрын талқыланды, ортодонтиялық тәжірибеде жақ мүсіндірінің, рентген суреттемелерінің математикалық талдауымен толықтырылады. Тістесу патологиясының ауырлығын, таралуын және ортодонтиялық емдеуге қажеттіліктерін эпидемиологиялық зерттеу үшін ДДҰ дентальды эстетикалық DAI индексін (Dental Aesthetic Index, 1997 ) қолдануды ұсынады (табл. 7.1). Индекс тұрақты тістесуді бағалау үшін, көбінесе 12 жастан кейін қолданылады. Тістесу 10 позиция бойынша бағаланады, олар негізгі мүмкін болатын проблемаларды қамтиды: күлкі зонасында тістердің болмауы, күрек тістердің аномальды орналасуы (тығыз орналасуы, тремалар), фронтальды және бүйір бөлімдерде сияқты сагиттальды және вертикальды жазықтықтарда жоғарғы және төменгі жақ тістерінің дұрыс емес қатынасы.
Позициялар абсолютті сандарда, шартты баллдарда, миллиметрлерде бағаланады. Алынған сандық мәндерді қандай да бір позицияның клиникалық маңыздылығының дәрежесіне сәйкес өңдейді: жоқ тістер санын 6-ға, диастеманың мөлшерін – 3-ке, жоғарғы жақ жабылуының мөлшерін – 2-ге, төменгі жақ жабылуының мөлшерін – 4-ке, алдыңғы вертикальды саңылаудың мөлшерін – 4-ке, молярлардың алдыңғы-артқы қатынасының кодын – 3-ке көбейтеді; фронтальды сегменттерде тығыз орналасу мен ара қашықтықтардың кодтары, сонымен қатар екі жақтың алдыңғы бөлімдерінде ауытқудың мөлшерлері өзгертілмейді. Өңделген бағалардың жалпы мәні – индексі – мына түрде бағаланады:
· 25 баллдан төмен – проблемалардың минимальды деңгейі; емдеу қажет емес;
· 26-30 – проблемалар анық, орташа ауырлықта; емдеу таңдамалы жүргізіледі;
· 31-35 – ауыр патология; емдеу өте қажет;
· 36-дан жоғары - өте ауыр патология; емдеу міндетті түрде.
Таблица 7.1
Дата добавления: 2015-10-19 | Просмотры: 1077 | Нарушение авторских прав
|