Сары су ауруы
Бұл сырқат ауыр түрде өтетін аллергиялық серпілістердің бір түрі. Ағзаға еккен сары су бөгде зат болып қабылданады да оған қарсы антиденелер туады. Аллергиялық серпілістің нәтижесінде қан тамырының қабырғаларының өткізгіш қызметі бұзылып ісік пайда болады. Сары су ауруында дәнекер тінінің зақымдалуы да байқалады. Көбінесе сырқаттың бұл түрі сіреспеге қарсы сары су еккеннен кейін дамиды.
Клиникалық бейнесі. Сырқаттың жасырың кезеңі 7 – 20 күнге дейін созылады. Өткір кезеңі дене қызуының көтерілуімен басталып уыттану белгілерімен сипатталынады. Науқас мазасызданып, қышынудың мазалауымен қиналады, буындары сырқырап ауырсынады. Көбнесе ірі буындар зақымданады (шынтақ, тізе буындары). Содан кейін бөртпе пайда болады, басында жергілікті сары суды еккен жерде, содан соң бүкіл денеге таралған бөртпе пайда болады. Бөртпе әртүрлі қызарудан (эритематоздан) бастап, қанталауға (геморагиялыққа) дейін барады. Денедегі лимфа түйіндері үлкейеді, көк бауыры ісінеді, жүрек тұсы ауырсынады, ентігу, жүрек жиі қағуы байқалады. Қан қысымы төмендеуі мүмкін. Жедел түрінде сырқат 5 – 7 тәулікке, ал ауыр түрінде 2 – 3 аптаға созылуы мүмкін.
Емі. Гипоаллергендік емдәм тағайындылынады. Жеңіл түрінде сенсибилизацияға қарсы антигистамин препараттарын, ал ауыр түрінде гормон тобының препараттарын (преднизалон 30 – 60мг) қолданады. Симптомға қарсы ем жүргізіледі: дене қызуын басатын, қышынуды жоятын, ауырсынуды басатын дәрі-дәрмектер кең қолданылады.
Алдын алуы. Емдік сары суды өте қатаң тәртіп бойынша және көрсеткішпен қолданады. Егу алдында сары судың 1: 1000 ертіндісін алып, скарификатор мен сынама жүргізеді. Егер еккен жерде қышыну сезілсе, басы айналса, сары суды қолдануға болмайды.
Анафилаксиялық шок
Бұл бірнеше аллергиялық серпіліс түрлерінің жинағы. Өте ауыр түрде тез арада пайда болады. Аллерген ішке енгеннен бастап алғашқы минутынан ақ біліне бастайды. Егер дәрі – дәрмектерді егу түрінде жіберсе, шоктың дамуы жылдамдайды.
Себебі. Анафилаксиялық шоктың себептеріне келгенде, дәрі-дәрмектерді, фармакологиялық препараттарды ерекше атап өткен жөн. Көпшілігінде антибиотиктер, дәрумендер, құрамында ақуыз бар заттары қауіп төндіретіні анық. Анафилаксиялық серпілістің тағы бір себептеріне ара сияқты улы жәндіктердің шағуын да жатқызуға болады.
Әсер ететін мәнбірлер. Дәрілік заттарымен дұрыс емделмегенде, қолдану және қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан және аллергиялық сырқаттары бар науқастарда жиі дамиды.
Клиникалық бейнесі. Шоктың белгілерінің әртүрлі пайда болу дәрежесі бірнеше секундтан, бірнеше сағатқа дейін болады. Кейбір науқастар «халім жаман» деуге шамасы келмей есінен танады. Көбінесе науқастар кенеттен әлсізденгенің, кеудесінің қысылғаның, басының айналғаның, ауырғаның, денесінің ысығандығынын айтады. Бір мезгілде тұншығу ұстамасы пайда болады. Науқастың дем алысы қиындап, кеудесі тарылады. Терісі қатты қышиды, дене ысуы байқалады. Науқастың іші өтіп, жүрегі айниды, ауырсынады. Жалпы қозу, өлім қорқыныш сезімі білінеді. Кейде тез арада қан қысымы төмендеп білінбей кетеді. Аяқ – қолдары құрысып – тырысады. Бұндай құбылыстар қатары өлім алдындағы ауыр халге жатады. Қарағанда: науқаста суық тер, көз қарашығы үлкейеді, цианоз немесе терісі қызарып кетеді, кейде бозғылттанады. Тамыр соғуы жіп тәрізді жиі болып келеді. Қан қысымы анықталмайды. Өкпесінде сырыл естіледі, жүрек дыбысы әлсізденеді.
Анафилаксиялық шок бірнеше түрде өтуі мүмкін:
гемодинамикалық түрі – Жүрек-тамыр жүйесінің зақымдануымен сипатталынады: жүрек маңайы ауырсынып, жүрек ырғағы бұзылады. Қан қысымы төмендейді, тамыр соғуы білінбейді, ентікпе байқалады;
асфиксиялық (тұншығу) түрі – көмей ісініп, бронхтар тарылып, ауа өткізгіш қызметі күрт бұзылып, науқас ентігіп түншығады;
ми түрі – миға оттегі жетіспегендіктен орталық жүйке жүйесінің жұмысы бұзылады, науқас есінен танып комаға ұшырайды;
іш түрі – іш қуысының ағзаларының қан айналысы бұзылғандықтан іші түйіліп ауырсынады, жүрегі айниды, құсады, іші өтеді. Негізінде шоктың алғашқы белгілерінен 20-30 минут өткеннен кейін байқалады.
Анафилаксиялық шокта мейірбикенің тактикасы
Ø қандайда болмасын анафилаксиялық шоктың себепшісі болып табылатын дәрінің денеге егілуін тоқтату. Тез арада дәрігерді шақыру;
Ø анафилаксиялық шоктың дамуы аллергеннің енгізілген әдісіне және мөлшеріне байланысты емес (Б.К.М), мысалы, көзге дәрі тамызу, тыныс жолдары арқылы түсу, парентеральдық жолмен жіберу немесе ас қорыту мүшелері арқылы түсу. Антиген ағзаға түссе, иммун жүйесінің патологиялық серпілісі күрт дамып, антиген/антитело кешені тамыр қабырғаларын зақымдап, плазма сыртқы тіндерге жәйіліп, қан қысымы күрт төмендейді. Сол себептен жедел жәрдем қағидасы қан қысымды қалпына келтіріп, ағза мүшелерінің жұмыс қабілетін сақтау болып табылады. Сол мақсатпен шеттік қан айналымын азайтып, қанды орталыққа жинау үшін науқасты көлденең Тренделенбург жағдайымен жатқызу (басын төмендетіп, қол-аяғын жоғары көтеру). Тіл артқа кетіп қалмау үшін басын бұрып, тіл ұстағышпен бекіту;
Ø егер дәрі – дәрмекті көк тамыр арқылы жіберіліп жатқан жағдайда анафилаксиялық шок аяқ астынан дамыса, онда дәрінің енгізілуін тоқтатып, инені көк тамырда қалдырып, шприцті инеден босатып алуы керек. Көк тамырда қалған инеге инфузиялық құралды жалғастырады. 0,9% – 200 мл натрий хлор ерітіндісін, 5% – 200 мл глюкоза ерітіндісін және т.б. сұйықтықтарды тамшы арқылы енгізеді (көк тамырдың «жұмыс» қабілетінен айырылып қалмас үшін). 0,1% - 0,5 мл адреналин ерітіндісін және гормон препараттарын осы инфузиялық құрал арқылы жібереді;
Ø егер анафилаксиялық шок дәрі-дәрмек көз, тыныс жолдары, ас қорыту мүшелері арқылы түскенде дамыса, қан қысымы анықталмай, көк тамырға түсе алмаған жағдайларда тері астына әр 3-5 минут сайын 0,1% адреналин ертіндісінің 0,5 мл-ден қан қысымы анықталғанша егеді. Кейде адреналиннің 1 - 2 инъекциясын тілге немесе иек астына егуге болады. Есте болсын! Иньекция салатын жерді әрдаим ауыстырып отыру керек. Себебі адреналин ерітіндісін салған жердің тамырлары жергілікті түрде жиырылып, кейінгі салған мөлшерлері тез сінбейді (бұл жағдай адреналин «блоктарының» алдын алуы болып табылады). Жалпы жіберілетін адреналин ерітіндісінің мөлшері 10 - 12 мл аспағаны жөн, неге десек ол бүйрек, жүрек инфарктысына әкеліп соғуы мүмкін;
Ø егер қан қысымы анықталса 0,1% адреналин ертіндісінің 0,5 мл-ін физиологиялық ерітіндімен қосып көк тамырға жібереді. Анафилаксиялық шоктың ауырлығына байланысты көк тамырға 90–120 мг преднизалонды 20 мл - 0,9% натрий хлор ерітіндісіне қосып жібереді және бұлшық етке оның 30 мг егеді; немесе 8-16 мг дексаметазонды 20 мл - 0,9% натрий хлор ерітіндісіне қосып көк тамырға жібереді және бұлшық етке оның 4 мг егеді; немесе 125 - 250 мг гидрокортизонды 20 мл - 0,9% натрий хлор ерітіндісіне қосып көк тамырға жібереді және бұлшық етке оның 50 мг егеді;
Ø дәрігер келгенше мейірбике көк тамырдан инені шығармай жұмыс жағдайында сақтау керек (инфузиялық құрал арқылы сұйықтықтар жіберу үшін);
Ø әл үстінде жатқан адамның тілі мен жағы, көмейін тығындап, әп – сәтте тұншықтырып тастайды. Сондықтан төменгі жақ пен тілін ілгері қарай, басын шалқайтып ұстап, көмейіне жиналған сілекеймен қақырықты тазартады, оттегімен байытылған ауамен демалдырады;
Ø науқастың жүрек соғуы мен дем алысы әлсіз немесе тоқтаған болса, онда уақытты өткізбей белгілі жандандыру қағидалары бойынша қолдан жасанды дем алдырып, жүрекке жабық массаж жүргізеді. Ол үшін “ауыздан ауызға” үрлеп дем алдыру мен төстің тұсынан жүректі сығымдап, қан айналысын қалпына келтіру тәсілдерін қолданған жөн.
Бейнелеме
Анафилаксиялық шоктың клиникасы
және мейірбикенің тактикасы
Науқастың шағымдары
| 1. күрт әлсіздену,
2. дененің қызуы, терінің қышуы,
3. қалшылдау, бастың ауыруы
4. демнің қиындауы,
5. лоқсу, құсу, іштің ауыруы,
6. кеуденің қысылғанын сезіну,
|
Клиникалық белгілері
| 1. қозу, мазасыздану,
2. жабысқақ суық тердің шығуы,
3. көгеру, есінен тану, құрысып – тырысу,
4. қан қысымының төмендеуі,
5. тамыр соғуының әлсізденуі,
6. жүрек соғысының және дем алудың тоқтауы,
|
Мейірбикенің тактикасы
| 1. дәрігерді шақыру;
2. дәрі жіберуді тоқтату;
3. Тренделенбург жағдайын жасау (науқастың басын төмен, аяқ-қолын көтеріңкі ұстау);
4. қан қысымы анықталмаған жағдайда тері астына әр 2 –5минут сайын 0,1% - 0,3 мл адреналин ерітіндісін егу. Адреналиндік “блоктарды” алдын алу үшін инъекция салған орынды әр сайын ауыстырып отыру керек;
5. дәрігер келгенше көк тамырдан инені шығармай жұмыс жағдайында сақтау керек,
6. көк тамырға 60–120 – 150 мг преднизалон ерітіндісін жіберу;
7. жүрек соғуымен дем алуы тоқтаған жағдайда реанимация шараларын өткізу.
|
Аллергиялық дерматит
Дәрілік заттардың әсерінен терінің аллергиялық зақымдануынан сипатталатын сырқаттың бір түрі. Көбінесе дерматитті тудыратын дәрілерге антибиотик препараттары (пенициллин, стрептомицин), жансыздандыру дәрілері, витаминдер, бояулар жатады. Осы дәрілердің әсерінен терінің нағыз қабаты зақымданып әртүрлі өзгерістер білінеді. Аллергиялық дерматиттің жасырың кезеңі 7 – 10 күннен 1 айға дейін, кейде одан да көпке созылуы мүмкін. Нағыз терінің аллергендермен жанасқан жерінде бөртпелер пайда болады. Бөртпелер әр түрде кездеседі: эритема, папулалар тағыда басқа түрде болып сипатталады. Тері қызарып, ісініп, суланады. Субъективті белгілерге қышыма және күйдіру сезімі жатады. Сырттай қарағанда терідегі өтіп жатқан аллергиялық дәріс жедел экземаға ұқсас, бірақ тері зақымдануын туғызған аллергеннің әсерін тоқтатса, аллергиялық дерматит тез басылады. Сонымен қатар күн сәулесі де аллергия ретінде әсер етуі мүмкін. Бұл кезде тері қызарады, ісінеді, көпіршіктер пайда болады. Осымен қатар дене қызуы көтеріледі, басы ауырады, лоқсу, әлсіздік, ұйқысының бұзылуы байқалады. Бірнеше күннен кейін қабыршақтану және дақтар пайда болады.
Емі. Аллергиялық дерматитті емдегенде келесі ережелерді сақтау керек: аллергендің түрлерін анықтап, оларды жою. Осымен қатар емдәм тәртібін сақтау маңызды роль атқарады. Аллергиялық дерматиттің емі ұзақ және кешенді түрде өткізілуі тиіс. Уыттануға және сенсибилизацияға қарсы ем жүргізіледі. Осы мақсатпен уыттануға қарсы көп мөлшерде сұйықтық мөлшерлерін енгізуі керек. Сенсибилизацияға қарсы антигистамин тобының дәрілерін тағайындайды: супрастин, пипольфен, тавегил, диазолин және т.б. Осымен қатар жүйке жүйесін тыныштандыратын дәрі – дәрмектер беріледі: валериана, бром, седуксен және шөп тұңбаларыда қолданылады. Жергілікті түрде терінің қабынуына, қышуына, сулануына қарсы әртүрлі қоймалжыңдар, майлар қолданады. Ауыр жағдайда арнаулы кестелік тәртіп бойынша гормон препараттарын береді (преднизалон, гидрокартизон, дексаметазон т.б.).
Бақылау сұрақтары
1. Аллергоздарға жалпы түсініктеме беріңіз.
2. Аллергендердің жіктелу тәртібінің тізімін беріңіз.
3. Квинке ісігі сырқаты қалай сипатталынады?
4. Есек жем сырқатының ерекше клиникалық көрінісін айтып шығыңыз.
5. Аллергиялық дерматитке мінездеме беріңіз.
6. Аллергоздардың негізгі емдік қағидасы.
7. Анафилаксиялық шоктың себебін, клиникалық бейнесін толық түрде тоқталып, сипаттамасын беріңіз.
8. Анафилаксиялық шокта көрсетілетін шұғыл жәрдем қағидасын айтып шығыңыз.
9. Өзіңізге таныс деген антигистамин тобына жататын дәрілерді атаңыз.
Аллергоздардағы мейірбикелік үрдіс
1 кезең. Пациенттің мәселелерін табу.
Пациенттің нақты мәселелері:
· әлсіздену, қалшылдау;
· бастың ауруы, беттің қызаруы;
· терінің қышынуы;
· денеге бөртпенің шығуы;
· мазасыздану;
Пациентте болуы мүмкін мәселелер:
· жұмысқа деген қабілетінің төмендеуі;
· терінің қышынуынан ұйқысының бұзылуы;
· асқынулардың даму қауіпі;
2 кезең. Мейірбике диагнозын қою.
Науқастың әртүрлі мәселелері, мысалы: қалшылдау, дене қызуының көтерілуі, әлсіздену, ауыз қуысының құрғауы, терінің қышынуы, өзінің қорғансыздығына қобалжу.
3 кезең. Күтімді жоспарлау.
Қысқа уақытқа бағыттталған мүмкіншілік мақсаттар:
§ ауырсынуды жеңілдету;
§ терінің қышынуын басу;
§ гигиеналық шаралардың жүргізілуінде көмек көрсету;
§ ұйқыны қалпына келтіру;
Ұзақ уақытқа бағытталған мүмкіншілік мақсаттар:
§ бастың ауырғаны басылады;
§ тері қышуы басылады;
§ дене терісі зақымданбайды;
§ ұйқысы қалпына келеді;
§ пациент аллергоздарда қолданатын емдәм тәртібін біледі;
4 кезең. Жоспарланған жұмысты жүзеге асыру.
Мейірбикенің араласулары:
ü тәуелді – дәрігердің нұсқауын орындау, дерт анықтамалық тексерістерге қатысу;
ü тәуелсіз – күтім шараларын жүргізу, науқастың жағдайын қадағалау;
ü бір – біріне тәуелділік қатынас – науқастың жазылуына психологиялық күйде бағыттау, қолданған емнің әсерлілігін бағалау.
5 кезең. Мейірбике күтімінің нәтижесін бағалау.
Күтім ерекшеліктерін жоспарлап және алға қойған мақсаттарды салыстыру. Бақылау қағаздарын толтыру.
Аллергоздардағы мейірбикелік кірісудің үлгісі
Пациенттің
мәселесі
| Мәселені жою мақсатымен жоспар құру
| Жоспарды енгізу
Мейірбикелік кірісулер
| Тәуелсіз
| Тәуелді
| Терісі қышып,
науқастың мазалануы
| 1.Физикалық, психикалық тыныштандыру.
2. Ыңғайлы жағдай жасау.
3.Терінің қышуын төмендету.
4. Дәрігер нұсқауын орындау
5.Пациенттің функционалды жағдайын бақылау
| 1.Жағдайын түсіндіріп айту.
2.Қышыған жерді тұзды сумен сүрту.
3.Педагогикалық аспектіде жұмыс істеу, түсіндіру, сырқат туралы мәлімет беру.
4.Гипоаллергендік ем дәм тәртібін сақтау.
5.Міндетті түрде жалпы жағдайын бақылап отыру: демін санау, қан қысымын өлшеу, тамыр соғысын анықтау, дене қызуын өлшеу.
| 1.Аллергияға қарсы дәрігердің нұсқауы бойынша ем жүргізу, тері қышуын төмендететін дәрілер беру-антигистаминдер (супрастин, тавегил, димедрол, кальций хлор ерітіндісі т.б.)
2.Пациентті әр түрлі зертханалық, аспаптық тексерістерге дайындау, тексерістерге қатысу
|
Авторлық суреттер №1 қосымша
Подаградағы тізе буындардың зақымдануы
Ревматоидтық артриттегі ұсақ буындардың зақымдануы
Дата добавления: 2015-11-25 | Просмотры: 4092 | Нарушение авторских прав
|