АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология

Жеделдетiлген нормалау . 4 страница

Прочитайте:
  1. A. дисфагия 1 страница
  2. A. дисфагия 1 страница
  3. A. дисфагия 2 страница
  4. A. дисфагия 2 страница
  5. A. дисфагия 3 страница
  6. A. дисфагия 3 страница
  7. A. дисфагия 4 страница
  8. A. дисфагия 4 страница
  9. A. дисфагия 5 страница
  10. A. дисфагия 5 страница

Көрсетілгендермен бірге, күн сәулесіне ашығудың алдын алу үшін, адамдарды УК сәулеленудің селективті және интегралды жасанды көздерін қолданып, УК-сәулесіне түсіруі жүргізіледі. Селективті көздері (эритемды люминесцентті шамдар –ЭЛШ), максимумы УК спектрінің жеке аймағының жіңішке бір бөлігінде шоғырланған сәулеленуді береді. Интегралды көздерінің шығаратын сәулелену спектрінде (тікелей сынапты - кварцтық шамдар - ТСК) УК спектрінің және көрінетін спектрінің барлық диапазондарындағы сәулеленулері бар.

УК сәулесіне түсіру үшін, ұзақ уақыт және қысқа уақыт әсер ететін УК сәулесін шығаратын қондырғылар қолданылады. Ұзақ уақыт әсер ететін УК сәулесін шығаратын қондырғыларда шамдар бөлменің шырақтарына жарық беру үшін қолданылатын әдеттегі люминесценттік шамдармен бірге орнатылады. Бұл жағдайда, алдын алу мақсатындағы дозаны адам бөлме ішінде 3-6 сағат бойына болған уақытта алады. Арнайы бөлмелерде – фотарийлерде қысқа уақыт УК сәулесіне түсіру кезінде, алдын алу жөніндегі доза бірнеше минут ішінде алынады. Күн сәулесіне ашығудың орнын толтыру әсіресе балалар үшін өте маңызды, себебі олардың ағзасы УК жетіспеушілігіне аса сезімтал. УК сәулесіне түсіргенде, оны міндетті түрде мөлшерлеу және дозасын бақылап отыру қажет. Әуелде биологиялық (эритемдік) дозаны И.Ф. Горбачевтың биодозиметр аспабының көмегімен анықтайды. Ол, білек пен іштің күймеген терісін сәулеленуге түсергеннен кейін 8-14 сағаттан сон, терінің сәулеленуге ұшыраған жерінде, айқындығы минимальды, эритема тудыратын, сәулелену әсерінің минимальды уақытына тең.

УК сәулесіне алдын алу мақсатында түсіргенде, күнделікті тәуліктік доза биодозаның 1/8-3/4 мөлшерін құрайды. Әдетте, қысқа мерзімді әсер ететін қондырғыларда сәулеленуге түсіруді, адамның жағдайына байланысты биодозаның 1/4 немесе 1/8 мөлшерінен бастайды және күн сайын немесе күн ара осы мөлшерде қосып отырып, сәулеленуге түсіруді 1,5 биодозаға дейін жеткізеді, содан кейін 2-3 айға үзіліс жасайды.

Ұзақ уақыт әсер ететін УК сәулесін шығаратын қондырғыларды бала бақшаларда, балалар үйлерінде, мектептерде, ауруханаларда, шипажайларда, демалыс үйлерінде, жатақханаларда, табиғи жарығы жоқ өндірістік бөлмелерде, спорт залдарында орнатады. Бұл бөлмелерде алдын алу мақсатындағы тәуліктік доза күн бойына алынады.

Қысқа толқынды УК сәулелері айқын бактерицидтік әсер етеді, сондай-ақ, адам ағзасына да зиянды әсерін тигізеді. Ұзын және орта толқынды сәулелер де абиогенді әсер етуі мүмкін, егер, сәулелену әсерінің қарқындылығы жоғары (5 және одан да көбірек минимальды эритемды биодоза) болса. Ультракүлгін сәулесінің абиогенді әсеріне күйік, фотодерматиттер, эрозиялар, жаралар, кератоконьюктивиттер, кератиттер, катаракта, птеригий, күн сәулесінін әсерінен дамитын эластоз, фотосенсибилизация, ішкі мүшелердің созылмалы ауруларының асқынуы, канцерогендік және мутагендік әсерлер жатады. Канцерогендік әсері көбінесе толқын ұзындығы 280-340 нм сәулеленуге тән, бірақ, ол күн сәулесінің және жасанды көздерінен сәулеленудің өте үлкен дозасы (40 биодозадан жоғары) ұзақ уақыт әсер еткен кезде ғана пайда болады.

Сонымен қатар, озон тесіктерінің өлшемі үлкеюі мен санының көбеюі салдарынан, тері обырымен аурушаңдықтың көбеюі болжамдалып отыр. Абиогенді эффектілері тек күн сәулесімен ғана емес, сонымен қатар, ультракүлгін сәулесінің әр түрлі жасанды көздерімен де: бактерицидтік сәуле шығаратындармен, электрлік дәнекерлеуші аппараттармен, плазмалық оттықпен, фотоэлектрлік сканнермен, лазерлермен, флюоресценттік панельдермен және басқаларымен байланысты болуы мүмкін.

Күннің УК сәулесінің қолайсыз әсерінің алдын алу үшін, ашық ауада жұмыстар 10-14 сағат аралығында жүргізілмеуі керек немесе, күннің астында болу уақытын шектеп және күннен қорғайтын киімдер мен заттарды қолданып, жүргізілуі тиіс. УК-сәулесінің жасанды көздерімен жұмыс істегенде, УК-сәулеленуі міндетті түрде нормаланауы және қорғайтын заттар, тиісті дабыл қағушылар қолданылуы тиіс.

5. Ауаның табиғи химиялық құрамы және оның гигиеналық маңызы.

Атмосфералық ауаның табиғи химиялық құрамы 20,95% оттегінен, 78% - азоттан, 0,03-0,04% - көмірқышқыл газынан тұрады. Тек 1% ғана инертті газдардың, озонның, метанның, азот тотығының, йод және су буларының бірге алғандағы үлесіне келеді. Атмосфераның химиялық құрам бөлігінің әрбіреу ағзаның тіршілігінде өзінің рөлін атқарады. Оттегі адам мен жануарлардың тыныс алуы үшін, әр түрлі тотығу және жану үрдістері жүру үшін қажет. Атмосфералық ауадағы оның деңгейі іс жүзінде тұрақты болады, себебі оттегінің шығыны өсімдіктердің фотосинтезі үрдісінде түзілетін оттегімен үнемі толықтырылып тұрады. Тек биіктікке көтерілген кезде ғана, оттегінің парциалды қысымы төмендеп, гипоксияның дамуына әкеледі. Оттегі концентрациясының 11-13% дейін төмендеуі, өттегінің айқын жеткіліксіздігі дамуына, ал 7-8% концентрациясы - өлімге әкеп соғады.

Азот индифферентті газдарға жатады. Оны адам және жануарлар ағзалары тікелей сіңіре алмайды, бірақ, тірі ағзаларға ол тікелей емес, өсімдіктер арқылы, топырақ бактерияларының қатысуымен іске асырылатын ассимиляция мен айналымдар үрдісінде түзілетін және өсімдіктермен сіңірілетін, нитраттар түрінде түсіп отырады. Органикалық қосылыстардың ыдырауы, ағаштардың, көмір және мұнайдың жануы нәтижесінде қайтадан бос азот пайда болып, атмосфераға түседі.

Ауаның азоты әдетте оттегіні сұйылтатын рөл атқарады. Таза оттегімен тыныс алуы адам үшін қауіпті, өйткені оттегі күшті тотықтырғыш, адамға айқын улылық әсер береді, тыныс жолдарының шырышты қабықтарында күіктер, өкпеде сулы ісік тудырады, бұл өлімге әкеп соғады. Азоттың ағзаға жоғары қысыммен түсуі наркотикалық әсер береді. Ал оның ауадағы мөлшері 93% дейін жоғарылауы, оттегінің парциалды қысымының төмендеуінен дамитын гипоксияның салдарынан, өлімге әкеп соғады.

Көмірқышқыл газы қалыпты жағдайда ауаға адам мен жануарлардың тыныс алуы кезінде, шіру, ашу, жану үрдістерінің және теңіздер мен мұхиттардың беттерінен бөлінуі және т.б. нәтижесінде түседі. Көмірқышқыл газының салыстырмалы түрдегі тұрақты концентрациясы, оның түзілуімен қатар жүретін, өсімдіктердің өзіне сіңіру, жауын - шашындармен жуылу, теңіз және мұхит суларында еру, минералдық қосылыстар түрінде шөгу үрдестерімен қамтамасыз етіледі.

Көмірқышқыл газы адам ағзасында зат алмасу үрдістерінде түзілетін соңғы өнімдердің бірі болып табылады. Тіндерден қанға өткен көмірқышқыл газы тікелей де және қанның РН өзгертіп те, тыныс орталығына ынталандыратын әсер етеді. Қандағы көмірқышқыл газының парциалды қысымы жоғарылаған кезде, оттегінің гемоглобинге байланысу қабілеттілігі жоғарылайды. Бірақ, көмір қышқыл газының концентрациясы жоғары ауамен тыныс алғанда, оның ағзадан бөлініп шығуы бұзылады да, тіндік аноксия дамиды. Мысалы, көмірқышқыл газының ауадағы концентрациясы 4% дейін жоғарылағанда, бас ауыруы, жүректің соғуы, артериялық қан қысымының жоғарылауы, психикалық қозу пайда болады, ал концентрациясы 8-10% болғанда, өлімге әкеп соғады. Ауада көмірқышқыл газының мұндай концентрацияларда жиналуы жабық кеңістіктерде, құдықтарда, ағынды су ағатын жыраларда болуы мүмкін.

Адамдардың тұрғын және қоғамдық бөлмелерде болуы кезінде де олардың тыныс алу нәтижесінде көмірқышқыл газы жиналады, бірақ та, едуір аз концентрацияда. Сирек жағдайларда оның мөлшері 0,5-1% дейін жетеді.

Көмірқышқыл газы мен ауа ортасы сапасының басқа да көрсеткіштерінің концентрациялары синхронды түрде өсетіндіктен, ал көмірқышқыл газын анықтау оңай және қарапайым болғандықтан, қоғамдық және тұрғын үй бөлмелері ауасының тазалық дәрежесін бөлменің ауасындағы көмірқышқыл газының деңгейі бойынша анықтауды бұдан көп бұрын М.Петтенкофер мен К.Флюгге ұсынған болатын. Көмірқышқыл газының деңгейі тұрғын үй және қоғамдық мекемелер бөлмелерінің ауасында 0,1%, ал емдеу мекемелерінде - 0,07% аспауы қажет.

Атмосфералық ауада аз ғана мөлшерде озон болады. Ол, оттегінің үш атомды молекуласынан тұратын, күшті тотықтырғыш болып табылады. Озонның негізгі массасы жиналған стратосфераның озон қабаты адамдар мен тірі табиғатты күн радиациясының спектріне кіретін қысқатолқынды ультракүлгін және жұмсақ рентген сәулелерінен қорғайды. Тропосферада озон концентрациясы әдетте 30 мкг/м3 аспайды. Озон ультракүлгін радиациясының әсерінен, нажағай кезіндегі электр разрядтары, судың көп массаларының булануы нәтижесінде пайда болады. Сонымен қатар, тропосфераға ол ауа массасының қозғалуы салдарынан стратосферадан да түседі.

Озонның жоғары тотықтырғыш қасиетінің нәтижесінде, ол ауаға түсетін азғана мөлшердегі қоспалармен өзара әсерлесіп, ыдырайды. Сондықтан озон, едәуір шаңданған ауада және сонымен бірге жабық бөлмелердің ауасында мүлдем табылмайды. Оның есесіне, озонның мөлшері аз ластанған елді мекендерде, биік тауларда, суа қоймаларының жағалауында, ормандарда, әсіресе, қарағайлы ормандарда, жоғары болуымен ерекшеленеді. Осыған байланысты бұрын ауада озонның болуын ауа тазалығының көрсеткіші ретінде бағалаған.

Бірақ та, ауа өте қатты ластанған кезде де, фотохимиялық реакциялар нәтижесінде озон түзілетіндігі анықталды, сондықтан мұндай жағдайда оның жоғары концентрациясы ауа тазалығының көрсеткіші емес, оның ластануының көрсеткіші ретінде қарастырылады. Жоғары концентрациясында (0,005% мг/л және одан көп) озон тыныс жолдары мен көздің шырышты қабықтарын тітіркендіретін әсер береді, бронхөкпе тіндерінде қабыну үрдістерінің дамуына әкеледі және бронхтардың спастикалық реакциялардың дамуын өршітуі мүмкін.

Инертті газдар (аргон, неон, гелий, криптон, радон және т.б.) химиялық тұрғыдан индифферентті болады. Тек олардың парциалды қысымы едәуір жоғарылаған кезде, әдетте табиғи жағдайда болмайтын, наркотикалық әсері байқалуы мүмкін.

Инертті газдардың бір бөлігі - радон, актинон, торон - табиғи белсенді газдар болып табылады. Олар атмосфераның табиғи белсенділігін қамтамасыз етеді. Осы газдардың жоғары концентрациясы адам ағзасына әсер еткен кезде, әр түрлі радиациялық эффектілер дамуы мүмкін.

6. Атмосфералық ауа ластануының гигиеналық маңызы.

Атмосфералық ауаның ластануы қазіргі замандағы ең маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Халық санының өсуі мен адамның өндірістік және шаруашылық-тұрмыстық әрекеттерінің қарқынды жүруі ауаның қауіпті масштабта ластана бастауына және күтілмеген салдары дамуына әкеп соқты.

Табиғи (шаңды құйындар, вулкандардың атқылауы, өрттер, борандар, өсімдіктер мен жануарлардың қалдықтарының ыдырауы және т.б.) көздеріне қарағанда, жасанды ластаушы көздерінің айырықша қауіптілігі тек ластану көлемінің үдемелі өсуіне ғана емес, сонымен бірге, ластануының сипатына да байланысты. Қазіргі уақытта, адамға әсер ететін химиялық ластаушылардың жалпы саны 500000 дейін жетіп қалды. Бірақ, табиғи текті заттарға ұқсас ластаушылардан басқа, жасанды көздерден атмосфераға бұрын табиғатта болмаған, синтетикалық жолмен алынған, жаңа қосылыстар да түсіп жатады. Қазір бұндай қосылыстардың 65 мыңға жуығы бар, оның ішінде, 2000 асатын қосылыстар канцерогенді және мутагенді әсер береді. Атмосфералық ластаушылардың мемлекеттердің шекарасынан кедергісіз өтуі, олардың жаһандық таралуына жағдай жасайды және тіпті өндірістері жоқ аумақтардың да ауасының сапасын нашарлатады. Ауаға түскен химиялық заттар басқа заттармен әсерлеспей қалмайды, олар әр түрлі реакцияларға түсіп, адам денсаулығына да, қоршаған ортаға да зиян келітретін әсеріне өз үлесін қосатын өнімдер түзеді.

Атмосфераны негізгі ластаушы көздеріне өндіріс орындары, автокөлік, жылуэнергетика өндірісі, ауыл шаруашылығы жатады. Атмосфералық ауаны ластайтын заттардың 90% газ және бу түрінде болады, ал 10% жуығы қатты және сұйық агрегатты күйде болады. Ауаның ең кең таралған және қауіпті ластаушылардың санатына көміртегі, азот, күкірт тотықтары, қорғасын, кадмий, мышьяк, никель, сынап, галоген қосылыстары, бензол, көпциклді ароматты көмірсутектер (КАК), белсенді газдар және аэрозольдер, күл, күйе, шаңдар және т.б. жатады. Ірі қалаларда ауаны негізінен ластайтын көзі автокөлік болып табылады. Газтәрізді ластаушылардың жалпы көлемінің 60-90% дейінгі бөлігі осы автокөліктерден шығады. Ауаның ластануындағы негізгі жауапкершілік қазіргі кездегі әлемдік автокөлік паркінің 83-85 % құрайтын жеңіл автокөліктерге тиесілі. Автокөліктерден ауаға шығарылатын пайдаланылған жанармай газдарының құрамына 200-ден аса химиялық қосылыстар кіреді, соның ішінде: иіс газы (0,5-10%) және көмірқышқыл газы (1-12%), азот тотығы (0,8% дейін), реакцияға түспеген көмірсутектер (0,2-3,0 %), 3,4-бенз (а)-пирен (20 мкг/м3), альдегидтер, күйе (1,0 г/м3). Орташа алғанда, жылына атмосфераға бір жеңіл автокөлік есебінен 700 кг дейін СО, 40 кг азот тотығы, 230 кг көмірсутектер, 2-5 кг қатты бөлшектер түседі. Автокөліктің шығарынды газдарының құрамы көбінесе жанармайлардың сапасына байланысты. Дихлорэтан қосылған этилденген бензинмен жүретін автокөліктердің шығарынды газдарының құрамында қауіпті супер токсиканттар - тетрахлорбензо-диоксиндер (ПХДД) және полихлорланған дибензофурандар (ПХДФ) кездеседі. Құрамында детонацияға қарсы қоспалары бар бензиннің жануы, ауаға қорғасынның әр түрлі қосылыстарының шығарылуына, ал бензинге тек 3,0-3,8 % бензол қосқанда, ауада оның концентрациясының едәуір жоғарылауына әкеп соғады.

Автокөлік қозғалтқыштарының техникалық жағдайы мен жұмыс істеу режимінің де маңызы зор. Ауаға бөлінетін шығарындылардың мөлшері карбюраторлы қозғалтқыштардың жұмысы кезінде, әсіресе, олардың жұмысы реттелмеген жағдайда, көбейеді. Қазіргі кездегі «автокөлік кептелістеріне» тән үнемі тежеумен жүретін көліктің орташа жылдамдығы төмен кезде де ауаға бөлінетін газдардың мөлшері жоғарылайды.

Автокөлік тек ауаны ғана ластап қоймай, сонымен қатар, жанармайдың жану үрдісіне де оттегінің көп мөлшерін жұмсайды. Бір автокөлік жылына 4 т жуық оттегіні тұтынады.

Атмосфераның ластануына көліктердің басқа да түрлері өз үлесін қосады. Әсіресе, соның ішінде, ұшақтардың алатын орны ерекше, себебі, олар ұшуы кезінде де және көтерілуі мен қонуы кезінде де ауаны ластайды. Ластаушылардың ауаға түсуінің шыңы ұшақтардың көтерілуі және қонуы кезінде әуежайда байқалады. Мысалы, бір «Боинг» ұшағы көтерілген кезде бөлінетін заттардың мөлшері, 6850 «Фольксваген» жеңіл автокөлігінен бір уақытта шығатын шығарындылардың мөлшеріне тең. Реактивті лайнерлердің әуеге ұшуы кезінде азот тотықтары бөлінеді, олар озонмен өзара әрекеттесіп, атмосфераның озонды қабатының бұзылуына әкеп соғады. Ұшақтарда жанармайдың жануына оттегінің өте көп мөлшері жұмсалады, бұл автокөлік қозғалтқышының жұмысы кезіндегі шығыннан бірнеше есе жоғары.

Қазіргі уақытта жер маңындағы ғарыш кеңістігін игерудің атмосфера үшін күннен-күнге өсіп отырған қауіптілігі барған сайын көбірек қорқыныш тудырады. Ғарыштық эраның 60 жылдан ғана астам азғана уақытында ондаған мың ғарыш ракеталары мен кемелері ұшырылды, соның нәтижесінде атмосфераға жүздеген мың тонна қатты және газ күйіндегі әр түрлі заттар: азот тотықтары, алюминий, хлорлы сутек, хлор және т.б.шығарылды. Бір ғана «Шаттлды» ұшыруы 10 млн тоннадан кем емес озонды жояды.

Ракеталардың және ракета тасымалдаушылардың металдан жасалған құрылымдарының жануы нәтижесінде атмосфераның жоғарғы қабатының титанмен, тантал, ниобий, никель, темір, алюминий, бор және басқа да металдармен ластануы жүреді, бұл, қазірдің өзінде ақ табиғидан 3-4 есе жоғары.

Сонымен қатар, органикалық қазба отындарды - көмір, мұнай, мазут, газды жағатын жылу электростанциялары (ЖЭС) да атмосфералық ауаны ластайтын негізгі көздерінің бірі болып табылады. Жыл сайын әлемде шартты түрдегі отынның 10 млрд астам тоннасы жағылады. Көмірдің жануы кезінде ауаға аэрозольдер түрінде қатты бөлшектер: күл, күйе, көмірдің жанбаған ұсақ бөлшектері бөлініп шығады. Олардың мөлшері барлық өнеркәсіптік көздерінен атмосфералық ауаға түсетін аэрозольдердің жалпы мөлшерінің 60% дерлік құрайды. Күлдің құрамында ең жиі қорғасын, мырыш, күшән, ванадий, хром, селен, темір, кальций және кремний, тотықтары, сонымен қатар, радионуклидтер кездеседі. Ауа, аэрозольдерден басқа, отындарды жаққан кезде түзілетін газтәрізді өнімдермен де: күкірт және азот тотықтарымен, иіс және көмірқышқыл газдарымен, көмірсутектермен ластанады. Қатты отындарды жаққан кездегі заттектердің және қатты бөлшектердің ауға шығарылуының жалпы көлемі сұйық отын мен табиғи газды жаққан кездегі шығарылуының көлемінен бірнеше есе жоғары болады. Мысалы, көмір жағатын ЖЭС-те күлдің шығарылуы жылына шамамен 100000-120000 т, ал иіс газ – шамамен 15000 т құрайды. Отындарды жағу атмосферадағы оттегінің едәуір шығынына әкеп соғады, себебі отынның әрбір тоннасына оттегінің 1 тоннаға дейінгі мөлшері жұмсалады. Қатты тұрмыстық және ауруханадан шыққан қатты қалдықтарды жағудың қауіптілігін айрықша айтып кету керек, себебі бұл қалдықтардың толық жанбауы салдарынан атмосфералық ауаға күл және газдармен бірге шығарылатын, қауіптілігі өте жоғары ПХДД мен ПХДФ-ң едәуір мөлшерлері түзіледі.

Өнеркәсіп кәсіпорындарынын, ең әуелі, қара және түсті металлургияның, химия және мұнайхимия өнеркәсіптерінің, құрылыс индустриясының және целлюлоза-қағаз өнеркәсіптерінің шығарындылары атмосфералық ауаға елеулі әсер етеді. Бұл кәсіпорындардан ауға шығарылатын ластаушы заттардың спектрі автокөліктер мен отындарды жағу кезіндегі бөлінетін ластаушылардың спектрінен едәуір үлкен. Қара металлургия кәсіпорындарында шойынды еріту мен оны болатқа айналдырып өңдеу үрдістері атмосфералық ауаға қатты заттар (атмосфераға түсетін шығарындылар жиынтығының 15,5%), көміртек тотығын (67,5 %), күкірттің қос тотығын (10,8%) және азот тотықтарын (5,4%) шығарумен жүреді. Қайта балқытылған шойынның әрбір тоннасына шаққанда, ауаға 4,5 кг шаң, 2,7 кг күкірт газ, 0,6-0,1 кг марганец шығарылады. Сонымен қатар, домен пешінен шығатын газдың құрамында атмосфераға аздаған мөлшерде күшән (мышьяк), фосфор, сурме (сурьма), қорғасын, сынап булары, сирек металдар, цианды сутек және шайырлы заттар түседі. Күкіртті газдың едәуір ауға шығарылуы - 1 тонна кенге 190 кг дейін, кенді агломерациялау кезінде байқалады.

Түсті металлургия кәсіпорындары атмосфералық ауаны күкіртті газбен (атмосфераға түсетін шығарындылар жиынтығының 75%), иіс газымен (10,5%), ПХДД және ПХДФ, қорғасын, мырыш, кадмий, күшән, мыс, сынап тотықтарымен ластайды. Алюминий өндірісі; сонымен қатар, ауаға фторлы қосылыстарды, кен шаңдарын және жоғары канцерогенді қасиеті бар полиароматтық көмірсүтектерді (ПАК) - бенз(а)пиренді, бенз(а)антраценді және т.б. бөліп шығарады.

Мұнай шығаратын өнеркәсіп кәсіпорындарының шығарындылары көмірсутектердің, күкіртті сутектің, күкірттің, азоттың қос тотығының, көміртек тотықтарының жоғары мөлшерлерімен ерекшеленеді. Ал, х имиялық және мұнай химиялық өнеркәсіп кәсіпорындарына өндіріс ерекшелігіне байланысты ингредиенттерінің құрамы одан да кең болуы тән. Бұл күкірттің, азоттың, көміртектің тотықтары мен қос тотықтары, альдегидттер, кетондар, спирттер, галоген өнімдері, күкіртті сутек, фосфор, аммиак, олефиндер, мұнай өнімдері, қышқылдар, ПАК, N-нитрозоқосылыстар және т.б. болуы мүмкін.

Атмосфералық ауаны ластайтын қауіпті көздеріне цемент және құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар, сондай-ақ, целлюлоза-қағаз өнеркәсібінің кәсіпорындары да жатады. Целлюлоза өндірісінен ауаға көп мөлшерде күкіртті газ, күкіртсутек, диметилсульфид, хлор және оның қосылыстары, ұшқыш органикалық еріткіштер шығарылады. Бірақ, ең маңыздысы, бұл өндіріс, технологиялық үрдістің әр түрлі кезеңдерінде түзілетін, ПХДД және ПХД-ң 22 изомерлері мен гомологтарының көзі болып табылады.

Құрылыс материалдарын шығаратын зауыттар көбінесе құрамында асбест, гипс, цемент, кварц бар шаңдарды шығаратын көздер болып табылады. Бұдан басқа, шығарындылардың құрамында көміртек тотығы (атмосфераға түсетін шығарындылар жиынтығының 23,3%), фтор, қорғасын, күшән, сынап қосылыстары да бар.

Атмосфералық ауаның қарқынды ластануы тұрғындардың денсаулығына тікелей де және оның тіршілік ортасына басқа орта арқылы да қолайсыз әсер етеді.


Дата добавления: 2014-12-11 | Просмотры: 1329 | Нарушение авторских прав



1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 | 40 | 41 | 42 | 43 | 44 | 45 | 46 | 47 | 48 | 49 | 50 | 51 | 52 | 53 | 54 | 55 | 56 | 57 | 58 | 59 | 60 | 61 | 62 | 63 | 64 | 65 | 66 | 67 | 68 | 69 | 70 | 71 | 72 | 73 | 74 | 75 |



При использовании материала ссылка на сайт medlec.org обязательна! (0.007 сек.)