АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология

Минералды заттар. 38 страница

Прочитайте:
  1. A. дисфагия 1 страница
  2. A. дисфагия 1 страница
  3. A. дисфагия 2 страница
  4. A. дисфагия 2 страница
  5. A. дисфагия 3 страница
  6. A. дисфагия 3 страница
  7. A. дисфагия 4 страница
  8. A. дисфагия 4 страница
  9. A. дисфагия 5 страница
  10. A. дисфагия 5 страница

Сынап өндірісіндегі жұмысшылар арнайы жұмыс киімімен қамтамасыз етілуі тиіс. Технологиялық жабдықтардың ішінде жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде алдымен жабдықтардың ішкі бетінің температурасын 40ºС дейін төмендету, оқшаулайтын противогаздар мен арнайы киімдер қолдану, ұдайы сақтандыру және дабыл қаққышты қою міндетті түрде болып табылады.

Сынаппен қатынаста болатын жұмысқа қабылдауға қарсы көрсетілімдер, олар орталық жүйке жүйесінің органикалық аурулары, невроз жағдайлары, психопатия, шеткі жүйке жүйесінің созылмалы аурулары, вегетативтік ауытқулар, асқазан-ішек жолының, бауырдың, бүйректің, тістің және басқалардың созылмалы аурулары. Жұмысқа жүкті әйелдер мен бала емізетін әйелдер жіберілмейді.

Жұмыс істеушілердің кезеңдік медициналық тексерулерден өтуі міндетті болып табылады. Тексерулердің кезеңділігі жұмыстың қауіптілік дәрежесіне байланысты және жылына 1 реттен 4 ретке дейін болуы мүмкін.

Емдеу-алдын алу жөніндегі тамақтану тағайындалады (№4 рацион – VIII тарауды қараңыз). Жұмыс уақытында сынаптың қосылыстарын байланыстыру және кетіру мақсатында калий перманганатының ертіндісімен ауызды әлсін-әлсін шайып тұрады. Ағзада сынапты тасымалдаушылық анықталған жағдайда арнайы тағам рационын және бойына сіңіретін заттарды қолданып оның ағзадан шығуын ынталандырады.

Хром және оның қосылыстары. Хром оксидтер және басқа элементтермен қосылысы түрінде кездесетін поливалентті метал. Хромның жұмысшыларға әсер етуі әр түрлі өндірістерде: құрал-саймандарға және басқа да металдан жасалған өнімдерді электролиттік хромдау кезінде, теріні илеу үшін және бояу кезінде басытқы үшін хромның қосылыстары қолданылатын тері, тоқыма өнеркәсіптерінде; шыны және форфор өндірісінде, фармацевтика өнеркәсіптерінде, қоспа ретінде хром қосып болат қорыту кезінде және басқаларда байқалуы мүмкін.

Хром және оның қосылыстары ағзаға әр түрлі жолдармен түсуі мүмкін: аэрозольдермен тыныс алған кезде, асқазан-ішек жолы, тері арқылы. Өкпе тінінде, бауырда, ұйқы безінде, бүйректе, жілік майында жиналуға қабілетті. Ағзадан шығуы негізінен бүйрек арқылы, азырақ мөлшерде өтпен және тер бездері арқылы жүреді.

Хромның улылығы оның валенттілігіне байланысты. Улылық әсері ең жоғарысы хромның алты валентті және үш валентті қосылыстары, улылық дәрежесі салыстырмалы түрде аздауы –екі валенттілігі және хромның өзі. Хромның барлық қосылыстарының шырышты қабықта және теріні тітіркендіретін, күйдіретін әсері бар және олардың жараға айналуына әкеп соғады. Мұрын қалқасы шеміршегінің тесілуі әдеттегі болып табылады. Жара хроммен байланыста болып 3-4 апта жұмыс істегеннің өзінде-ақ пайда болады, ал мұрын қалқасының тесілуі- 1,5-2 айдан кейін. Тіндердің, дистрофиялық және тіпті тесілуге дейін әкеп соғатын өліеттеніп (некроз) зақымдануы хром көзге тиген кезде байқалады.

Хромның қосылыстары аллерген болып ағзаны сенсибилизациялайды және демікпе құбылыстарына, аллергиялық жанаспалы тері қабынуына, жараларға, хром экземасына әкеп соғады. Хромның әсерінен өкпеде таралған пневмосклероз дамиды. Хромның құбылыстарының әсіресе алты валенттісі канцерогенді қабілетке ие. Соған байланысты хроммен байланысы бар жұмыстарды істейтіндерде халықтың басқаларына қарағанда өкпе обыры жиі кездеседі.

Хром қосылыстарының жалпы улылық әсерінде асқазан-ішек жолының қабыну, ойық жара аурулары, бауырдың, ұйқы безінің, бүйректің, орталық жүйке жүйесінің зақымдануы байқалады.

Хромның және оның қосылыстарының қолайсыз әсерлерінің алдын алу үшін жоғарыда жазылған техникалық және санитарлық-техникалық шаралардың кешенін, сонда й-ақ жеке басты қорғайтын заттарды– респираторларды және оқшаулаушы шлангалы противогазды, арнайы киімдерді қолданады. Жұмыс алдында мұрнына құрамында А-дәрумені бар балық майын немесе жақпамай жағады, қолына арнайы жақпамай жағады. Жұмыстан кейін оларға натрий гипосульфитінің 5% ертіндісін жағады. Терінің қабынулары, жаралар, аллергиялық реакциялар пайда болуы хроммен қатынаста болатын жұмыстан босатуға негіз болып табылады. Кезеңдік медициналық тексерулерді жылына кем дегенде бір рет жүргізеді. Ай сайын отоларинголог міндетті түрде қарауы тиіс. Жұмысқа қабылдауға қарсы көрсетілімдерге тыныс мүшелерінің, көздің, тері аурулары, туберкулез, аллергиялық аурулар жатады.

Марганец және оның қосылыстары. Өндірісте негізінен тотықтар мен металдармен қосылыстары түрінде кездеседі. Олардың өндірістік көздеріне марганец кенін шығару, құрамына қоспа ретінде марганец қосылатын сапалы болат өндіру үрдістері; дәнекерлік электродтарды өндіру және қолдану; химия, әйнек жасау және электрохимия өнеркәсіптері және басқалар жатады.

Ауада дезинтеграция және конденсация аэрозольдері күйінде болып, марганец қосылыстары ағзаға көбінде тыныс жолдары арқылы, аз дәрежеде асқазан ішек жолы арқылы түседі. Аз еритін фосфаттар түзіп марганец сүйектерде, бас миында, ұлпалы мүшелерде қорға жиналады. Ағзадан асқазан –ішек жолы және бүйрек арқылы шығарылады.

Негізгі зақымдалатын жүйеге орталық жүйке жүйесі жатады, бұл жүйеде дамитын өзгерістердің ішінде келесі өзгерістердің маңызы зор: марганецтің әсерінен холинэстеразаның белсендігі тежеледі, серотонин алмасуы бұзылады, катехоламиндердің биосинтезі бұзылады, сонымен қоса жүйке тініне тікелей әсер етеді. Марганецтен уланудың бастапқы кезеңдеріне астениялық-вегетативтік көріністер (қажығыштық, бас ауыруы, ұйқышылдық), аяқтарындағы әлсіздік, қимыл-қозғалыстарындағы икемсіздік, салғырттық, өз күйіне сын көзбен қарауының жеткіліксіздігі, мимикасы төмендеуінің жеңіл түрі тән. Содан кейін, жүру кезіндегі қолдардың бірге үйлесімді қозғалуы, жүрісі бұзылуы, бұлшықет тонусы жоғарлауы, бұрынғыдан да мимикасының төмендеуі, көз қарасы қозғалыссыз, кірпігін сирек қағуы сияқты уланудан болған энцефалопатия белгілері пайда болады. Сөйлеуі баяуланған, нашар модульденген. Шеткі мотонейрондардың зақымдануы кезінде бұлшықеттерде гипотония және атрофия дамиды. 3-ші кезеңінде марганецтік паркинсонизмнің айқын көріністері дамиды. Алдыңғы кезеңдеріндегі аурудың белгілері үдей түседі, қораздың жүрісіне ұқсас жүріс пайда болады (аяқ ұшының бүгілген контрактурасы салдарынан аяқтың ұшының басымен жүру). Про-, ретро- және латеропульсия белгілері айқын бола түседі: бір-екі қадам артқа жүргенде немесе бір жағына қарай бір-екі аттағанда науқастар құлайды, алға қарай жүргенде – кенеттен тез жүріп кетеді. Бұлшықет тонусының қатқыл бұзылыстары тұрақты сіңірлік контрактуралардың дамуын тудырады және науқастардың жүріп-тұруын қиындайды. Күштене жылау немесе күлу эпизодтарымен, қызығушылығының төмендеуімен, эмоционалды жасықтық, интеллект төмендеуімен көрінетін эмоционалды сфераның бұзылуы өседі. Толық мүгедектік пайда болады. Марганец шаңының әсер етуі кезінде марганецтік паркинсонизммен бірге салыстырмалы түрде қатерлі емес манганокониоздың дамуы байқалады.

Марганецпен уланудың алдын алу өндірісте оның улылығы аз қосылыстарымен алмастыруға, өндірістік үрдістерді мүмкіндігінше толық герметизациялауға, автоматтандыруға және механикаландыруға, тиімді ауа алмасуын ұйымдастыруға, жеке басты қорғайтын заттарды міндетті түрде қолдануға, жұмысқа қабылдар алдында қарсы көрсетілімдерін ескеруге, кезеңдік медициналық тексерулер мен медициналық сауықтыру шараларын жүргізуге бағытталады.

Бериллий және оның бейорганикалық қосылыстары. Бериллий жеңіл металға жатады (м.с. 99,01). Өзінің физикалық және химиялық қасиеттерінің арқасында ол әр түрлі салаларда: ядролық техникада және зымыран жасауда, электроникада, атом энергиясында, газ турбиналары, рентген түтікшелері өндірістерінде, аса қатты ұшқын шығармайтын аспаптарды жасауда, ұнтақтық металлургияда және т.б. кеңінен қолданылады. Бериллийдің әсеріне тек аталған өндірістегі ғана жұмыс істейтіндер емес, сонымен қатар оны өндіру және өңдеу үрдістерімен айналысатын жұмысшылар да ұшырайды.

Өндіріс жағдайында бериллий және оның қосылыстары негізінде бу және шаң түрінде тыныс жолымен және тері арқылы, сонымен қатар аз мөлшерде – асқазан-ішек жолы арқылы түседі. Ағзада бериллий және оның қосылыстары: нашар еритіндері – өкпеде, жақсы еритіндері – сүйектерде, бауырда, бүйректе, көк бауырда қорға жиналады. Бериллий мен оның қосылыстары гематоэнцефалды бөгет және баланың жолдасы арқылы өтуге қабілетті. Ағзадан бериллий негізінен ішек және бүйрек арқылы шығарылады.

Бериллий және оның қосылыстары жоғары улылыққа, сенсибильдеуші, канцерогенді, эмбриотропты және фиброгенді әсерлерге ие. Жедел уланулар кезінде жоғарғы тыныс жолдарының және көздің шырышты қабаттарының қатты тітіркенуі және ісінуі байқалады, мұрыннан қан ағуы байқалады, «құйма қызбасы (литейная лихорадка)» дамиды, ауыр жағдайларда бронхоспазм құбылысы бар жедел бронхеоальвеолит қатар жүреді.

Созылмалы улану кезінде бериллийдің жиірек аз және нашар еритін қосылыстарының әсерінен өкпеде таралған фиброздың фонында гранулематозды үрдіс – бериллиоз дамиды, оған өкпе қызметі жеткіліксіздігінің тез дамуы және жүрек қызметінің жеткіліксіздігі қосылуы тән. Сондай-ақ жиі туберкулез және алапес ауруларына дифференциалды диагноз жасауды қажет ететін, жара, терінің қабынуы, гранулемалар пайда болуы түріндегі терінің зақымданулары байқалады. Бериллийдің ағзаға сіңуі нәтижесінде ұлпалы мүшелер мен орталық жүйке жүйесіне улы әсері пайда болады. Әсіресе бауырға улылық әсерінің эффектілері айқын байқалады. Бауырда берилийден улануға тән гранулемалар мен өліеттенген өзгерістер анықталады.

Бериллиймен жұмыс істеу кезіндегі маңызды алдын алу шараларына өндіріс үрдістерін автоматтандыру және механикаландыру, жабдықтарды саңылаусыз етіп тұмшалау, қашықтықтан басқаруды, арнайы кабиналарды қолдану жатады. Міндетті түрде желдеткіш қондырғылармен жабдықтау, арнайы жұмыс киімдерін, респираторларды, ал қажет болған жағдайларда пневмокостюмдерді қолдану. Арнайы жұмыс киімдері өз киімдерінен бөлек сақталынуы тиіс, және де арнайы мамандандырылған кір жуатын орындарда механикаландырылған түрімен жуылуы керек. Арнайы жұмыс киімдерін және басқа да тұрмыстық заттарды үйге алып кетуге болмайды, себебі бериллиймен жұмыстық байланысы жоқ адамдарда бериллиоз дамуы мүмкін. Жұмыстан кейін душта жуыну керек.

Бериллидің қауіптілігі туралы, ал ол қауіптілігі 1класс заттарға жатады,оның ШРЕК-і өзі білдіреді. Мысалы, ШРЕКм.б.р. 0,003 мг/м3 тең, ал ШРЕКо.а. – 0,001 мг/м3 тең болады. Бериллийдің кез келген көзі қоршаған ортаның нысандарының қауіпті ластануына әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан бериллийдің ауадағы концентрациясына, жабдықтардың, терінің, киімдердің ластанғандық дәрежесіне тұрақты түрде бақылау жасау керек.

Бериллиймен байланыста болатын жұмысқа қабылдауға қарсы көрсетілімдер тыныс мүшелерінің, жүрек-қан тамырлары жүйелерінің, бауырдың, бүйректің, орталық жүйке жүйесінің, қанның және қантүзуші мүшелердің созылмалы аурулары, аллергиялық аурулар жатады. Жұмысқа жаңадан түскендерге аурудың алдын алу шаралары жөнінде міндетті түрде нұсқау берілуі тиіс. Кезеңдік медициналық тексерулер, 6 айда бір рет, міндетті түрде терапевт пен рентгенологтың қатысуымен, және де қажет болған жағдайларда оторинларинголог, дерматолог, окулист, невропатологтың қатысуымен жүргізіледі. Жұмысқа жүкті және бала емізетін әйелдер жіберілмейді.

Кадмий және оның қосылыстары. Кадмийдің қоршаған ортаға бөлетін көздері оны өндіру және пайдалану үрдістері (ядролы энергетикада, жартылай өткізгіштер, лазерлік материалдар, люминофорлар, дәнекерлік электродтар, дәнекерлеуге қажетті заттар, стабилизаторлар және басқалар өндірісіне) жатады.

Өндіріс жағдайында кадмий және оның қосылыстары ағзаға негізінен аэрозольдермен тыныс алғанда және асқазан-ішек жолы арқылы түседі. Сондай-ақ зақымданбаған тері арқылы түсуі де мүмкін. Ағзадан негізінен бүйрек арқылы шығады, дегенмен де ол сілекей және тер бездерімен, ана сүтімен, шаш пен тырнақ арқылы да шығады.

Кадмий мен бейорганикалық қосылыстары өте улы заттар болып табылады. Олардың қауіптілігі 1 классқа жатады, ШРЕКм.б.р. 0,05 мг/м3 тең, ал ШРЕКо.т. – 0,01 мг/м3 құрайды. Кадмийдің жақсы еритін қосылыстары аса улы болып келеді, бұл кезде олардың улылығы кадмий иондарымен анықталады. Кадмийдің әсер ету механизмі ферменттердің реактивті топтарын, атап айтқанда, SH - топтарын байланыстыратын, сөйтіп ферменттердің белсенділігін тежейтін қабілетімен байланысты. Бұдан бөлек, кадмий мырыш, темір, мыс, селен сияқты эссенциалды элементтердің алмасуын өзгертеді. Олардың ағзаға жеткіліксіз мөлшерде түсуі кезінде кадмийдің улылығы шұғыл өседі. Кадмийдің қауіптілігі оның жоғары кумуляциялық қасиетімен және қорға жиналатын қабілетімен тереңдей түседі. Негізгі қорға жиналатын мүшелеріне бауыр мен бүйрек жатады. Рационда белоктардың көп мөлшерде болуы және кальцийдің жетіспеушілігі кадмийдің ағзада жиналуына ықпал жасайды.

Кадмий политропты у болып табылады, бірақ оның өзіне тән зақымданулары ең алдымен бүйректе, жүрек-қан тамырлары және орталық жүйке жүйесінде, сүйек тіндерінде байқалады (ІІІ, IV, VIII тарауларды қараңыз). Уланудан нефропатия және ағымы қатерлі артериялық гипертония, кадмийдің әсерінен болатын кардиомиопатия, нейроуытты синдром, остеомаляция дамиды. Кадмий остеомаляциясы ауруларды азаптайтын қатты ауыру сезімінің, сондай-ақ сүйектердің пішінінің бұзылуының және сынуының себебі болады. Кадмий қосылыстарының аэрозольдерімен тыныс алу гипо және аносмияның, жоғары тыныс жолдарында қабыну үрдістерін, пневмосклероз және өкпе эмфиземасының дамуына әкеп соғады. Кадмийдің, сондай-ақ эмбрионуландыратын, тератогенді және канцерогенді әсерлерге ие, бауырға, қалқанша безге, гонадаларға улы әсер етеді.

Кадмий мен оның қосылыстарының жоғары улылығы мен қауіптілігін ескере отырып зиянды әсерлерінің алдын алу шараларының кешенінде кадмийді өндірісте қолдануды шектеу және оны улылығы аз металдармен алмастыру мүмкіншілігіне айрықша мән берілуі тиіс. Кадмийді алу және қолдану үрдістері механикаландырылуы және жабдықтардың жұмысын қашықтан басқаратын етіп автоматтандырылуы керек. Кадмиймен байланыста болатын цехтар мен бөлімдерін жеке оқшауланған ғимараттарда орналастыру керек. Жабдықтарды жоғары дәрежеде саңылаусыз етіп тұмшалау, тиімді ауа сорып әкетуі ұйымдастырылуы тиіс. Ауасы кадмийдің аэрозольдерымен ластанатын цехтарда жұмысшылар «Лепесток» типті респираторларды пайдалану керек, ал жоғары концентрацияларында – тыныс алатын зонаға таза ауа беретіні бар ауадулығасын (пневмошлема) қолдану керек. Жұмысты арнайы жұмыс киімін: комбинезондар, бас киімдер, қолғаптар киіп істеу керек.

Кадмиймен байланыста болатын жұмысқа бүйрек, жүрек-қан тамырлары, сүйектері мен буындарының, жүйке жүйесінің, бауырдың, ұрпақ келтіру сферасының аурулары бар адамдар жіберілмейді. Кезеңдік медициналық тексерулер жүргізу кезінде зәрде төмен молекулалы белоктар мен кадмийді анықтау міндетті түрде жүргізілуі тиіс. Емдеу алдын-алу жөніндегі тамақтану кадмийдің улы әсерін азайтатын, Д және С дәрумендерінің ағзаға жеткілікті мөлшерде түсуін қамтамасыз етуі керек. Сүт тағамдарын қолдану ұсынылмайды, себебі сүт асқазан-ішек жолы арқылы кадмийдің сіңуін күшейтеді.

Органикалық еріткіштер. Әр түрлі химиялық заттарды бөліп алу (экстракциялау) және еріту, заттың бетінің майын кетіру, желімдер, лактар және сырлар дайындау үшін, дәрілік заттарды синтездеуде қолданылатын сұйық зат. Олардың ішіне әр түрлі класстарға жататын қосылыстар: спирттер, эфирлер, кетондар (ацетон, циклогексанон), май қатарындағы қаныққан және қанықпаған қосылыстары (бензин, этилен және т.б.), циклдік және ароматтық қатардағы қосылыстары (бензол және оның гомологтары), хлорланған көмірсутектер (дихлорэтан, төртхлорлы көміртегі, үшхлорэтилен және басқалары), сондай-ақ олардың қоспалары.

Еріткіштер ұшқыш болған соң ағзаға негізінен тыныс мүшелері арқылы түседі. Бірақ олардың ішінде көбі (бензол, дихлорэтан, төртхлорлы көміртегі, бензин және басқалары) майда жақсы ерігіштігі нәтижесінде зақымданбаған тері арқылы да ағзаға кедергісіз ене алады. жұмыс бөлмелері ауасының ластануына Орташа ұшқыштармен (ксилол, хлорбензол, бутанол және т.б.) және аз ұшқыштармен (нитрпарафиндер, этиленгликоль, тетралин, декалин және т.б.) салыстырғанда жеңіл ұшатын еріткіштер (ацетон, бензин, бензол, күкірткөміртек және басқалары) жұмыс бөлмесі ауасының ластануына ең үлкен қауіп тудырады. Улылығы жоғары, бірақ ұшқыштығы аз еріткіштер мұндай жағдайда олармен жұмыс істегенде аз қауіпті болуы мүмкін.

Жедел және созылмалы уланулардың дамуының қаупі мен жылдамдығы бұл қосылыстардың суда және майларда ерігіштігіне де байланысты. Суда ерігіштік коэффициенті төмен заттар (бензол, толуол және басқалары) үлкен дозаларында әсер етуі кезінде жедел улану туғызу қабілеті жоғары болып келеді. Оның есесіне суда жақсы еритін заттар аз концентрациясында ұзақ уақыт әсер еткенде суда ерімейтіндеріне қарағанда созылмалы улануларды тезірек тудырады, себебі ерігіштігіне қарай ағзаға көп мөлшерде түседі де биологиялық орталарда жиналады.

Заттың майларда ерігіштігі оның ағзаға екі жолмен бір уақытта түсуіне байланысты улану мүмкіншілігін жоғарлатады. Оның үстіне майда еритін қосылыстар майларға бай тіндерде (бас миы, сүйек кемігі, бүйректер және т.б.) тез жиналады, және бұл мүшелерден баяу бөліне отырып, оларға айқын зиянды әсер етеді.

Ағзада көпшілік еріткіштер еріткіштердің, өздеріне қарағанда улылығы аз немесе бірқатар жағдайларда улылығы жоғары қосылыстар түзіп, метаболизмдік айналымдарға ұшырайды. Ағзадан шығуы әр түрлі жолдармен жүреді. Кейбіреулері өзгермеген күйінде өкпе арқылы шығады, басқалары тотығу және тотықсыздану өнімдер түрінде немесе глюкурон және күкірт қышқылдарымен байланысқан күйінде бүйрек арқылы бөлініп шығады.

Еріткіштердің улылық әсер ету сипаты олардың физикалық, химиялық қасиеттерімен анықталады. Бірақ бұл заттардың барлығының да дерлік, әсіресе майда еритіндерінің; жасуша мембраналарының өткізгіштігінің бұзылуына және нейрондардың постсинаптикалық мембранасында қозу толқынының пайда болу үрдісінің қиындауына байланысты наркотикалық әсері бар. Әдетте, еріткіштердің әсері тек орталық жүйке жүйесін ғана емес, сондай-ақ басқа да мүшелер мен жүйелерді қамтиды, бірақ уланудың клиникалық көріністерінде өзіндік ерекшеліктері болады, себебі бір жағдайларда бауыр мен басқа да ұлпалы мүшелердің басым түрде зақымдануы байқалса, басқа жағдайларда қан түзетін жүйенің немесе жүйке жүйесінің зақымдануы басымырақ болады. Кейбір еріткіштер тітіркендіретін, канцерогенді әсерге ие метгемоглобин түзушілер болып табылады, қабыну және аллергия сипаттындағы терінің зақымдануларын тудырады.

Бензол. Өзіне тән иісі бар сұйық зат. Оның булары ауадан үш есе ауыр. Бензол улылығы жоғары болғандықтан еріткіш ретінде қолданылмайды, бірақ пластмассалар, синтетикалық каучук, бояғыштар, жарылғыш заттар, пестицидтер, дәрі-дәрмектер синтездеуде, мотор майының жоғары октанды құрамдасы ретінде кеңінен қолданылады. Бензол мен оның гомологтарын мұнайдан және көмірден ажыратып алу үрдісінде де жұмысшылар олармен байланыста болуы мүмкін

Ағзаға бензол бу күйінде тыныс жолдарымен және тері арқылы (сұйық күйінде), сирек жағдайларда асқазан-ішек жолы арқылы түседі. Ағзада бензол, фенолдар және полифенолдар түзіп тотығуға түседі, бұлар глюкурон және күкірт қышқылдарымен байланысып бүйрек арқылы шығарылады. Бензолдың өзгеріске ұшырамаған бөлігі дем шығарған ауамен шығарылады. Жедел уланулар сирек кездеседі, негізінен апат жағдайларында, цистерналарды тазалағанда, жабық, нашар желдетілетін үйлерде жұмыс істегенде, сонымен қатар токсикомандар белгілі мақсатпен қолданғанда кездесуі мүмкін. Жеңіл жағдайларда алкогольден мас болу сияқты өтеді, ауыр жағдайларда көңілсіздік белгілерінің дамуына, маниакальды немесе делири жағдайы пайда болуына, тырысуларға, естен тануға ауысады және тыныс алу орталығы салдануына байланысты өлім жағдайымен аяқталады.

Бензолдан созылмалы улануларға қан түзетін, жүйке, жүрек-тамыр жүйелерінің, сондай-ақ бауыр мен бүйректің басым зақымдануы тән. Сонымен бірге, өзгерістер басқа да жүйелер мен мүшелерде дамуы мүмкін. Бензолдан улану кезінде қан жүйесіне әсер етуі екі бағытта дамуы мүмкін: сүйек кемігінде қан түзілуінің басылуы (угнетение) және бензолдан уланудан лейкоздар дамуы түрінде. Гемопоэздің басылуы кезінде басында көбінесе ақ қан түйіршіктері қатарындағы элементтердің сапалық өзгерістермен бірге лейкопения анықталады, өзгерістердің мұндай ізбелестігі барлық уақытта міндетті түрде болмаса да содан кейін тромбоцитопения мен анемия қосылады, бірақ өзгерістердің мұндай ізбелестігі барлық уақытта да міндетті түрде бола бермейді. Мұрыннан, қызыл иегінен қан ағумен білінетін, тері астылық және шырышты қабық астына қан құйылулармен, ауыр жағдайларда жатырдан және ішектен қауіпті қан ағулармен көрінетін геморрагиялық диатез дамиды. Кейінгі кезеңдерінде дененің әр жерінде орналасқан септис үрдістері қосылады. Бензолмен байланысты (контакт) тоқтатқаннан кейін гемопоэз біртіндеп қалпына келеді: тромбоциттердің саны 2 жылдан кейін, лейкоциттер-10 жылдан кейін қалпына келеді. Уланудың айқын түрлері өте тұрақтылығымен ерекшеленеді, қалпына келуі қиын жүреді.


Дата добавления: 2014-12-11 | Просмотры: 1368 | Нарушение авторских прав



1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 | 40 | 41 | 42 | 43 | 44 | 45 | 46 | 47 | 48 | 49 | 50 | 51 | 52 | 53 | 54 | 55 | 56 | 57 | 58 | 59 | 60 | 61 | 62 | 63 | 64 | 65 | 66 | 67 | 68 | 69 | 70 | 71 | 72 | 73 | 74 | 75 |



При использовании материала ссылка на сайт medlec.org обязательна! (0.007 сек.)