АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология

Минералды заттар. 24 страница

Прочитайте:
  1. A. дисфагия 1 страница
  2. A. дисфагия 1 страница
  3. A. дисфагия 2 страница
  4. A. дисфагия 2 страница
  5. A. дисфагия 3 страница
  6. A. дисфагия 3 страница
  7. A. дисфагия 4 страница
  8. A. дисфагия 4 страница
  9. A. дисфагия 5 страница
  10. A. дисфагия 5 страница

9. Балаларды еңбекке тәрбиелеу және үйрету. Жасөспірімдерді мамандыққа бағыттау және мамандық түріне дәрігерлік кеңес беру.

9.1. Балаларды еңбекке тәрбиелеу және үйрету. Еңбекке тәрбиелеу мен үйретудің мақсаты балаларда еңбек сүйгіштіктік қалыптастыру, оларды жалпы еңбекке дағдыландыру және епті ету, белгілі бір мамандық түрін меңгеруі ғана емес, сонымен қатар, еңбектің ағзаға қолайлы әсер етуінің арқасында балалар мен жасөспірімдерді сауықтыруды да көздейді. Дене еңбегімен айналысу зат алмасу үрдістерін ынталандырады, қимыл үйлесімділігін жақсартады, бұлшық ет күші мен төзімділікті арттырады, ағзаның барлық жүйелерінің функционалдық жағдайының жақсаруына ықпалын тигізеді және гиподинамия дамуының алдын алады..

Еңбекке тәрбиелеу мен үйрету, мектепке дейінгі жастың өзінде-ақ басталып және мектепте оқудың барлық жылдарында жалғасатын, көп сатылы сипатта болады. Ол келесі қағидаларға негізделуі тиіс:

· Еңбек әрекетінің сипаты, көлемі және ұйымдастырылуы балалардың жасына, жынысына байланысты мүмкіншіліктеріне және денсаулық жағдайына сәйкес болуы керек;

· Еңбек жүктемелері, ағзаны жаттықтыратын әсер беріп, біртіндеп ұлғаюы және күрделенуі керек;

· Еңбектің қауіпсіз жағдайлары қамтамасыз етілуі тиіс.

Бастауыш мектептің оқушылары еңбек сабағында әр түрлі материалдарды пайдаланып, қолмен жұмыс істеудің қарапайым дағдыларын меңгереді, өсімдіктерді отырғызу және оларды баптап күтуді үйренеді, қарапайым ойыншықтарды және басқа ұсақ-түйектерді жасайды, оқу-көрнекті құралдарын жөндеумен және т.б. айналысады. Бұл жастағы балалардың дене еңбегіне мүмкіншіліктері әлі аз болғандықтан, өңдеуге негізінен жеңіл берілетін материалдар - қағаз, мата, пластилин, картонмен жұмыстар жасалынуы керек. Осы кезде орындалатын кесу, жабыстыру, желімдеу, тігу және басқа іс-әрекеттер нәзік қимыл үйлесімділігін дамытуға және білезіктің ұсақ бұлшық еттерін қимылдатуға мүмкіндік береді. Мектеп маңындағы жер телімдерде жұмыс істеу еңбекке баулудың қажетті құрамдас бөлігі болып табылады, себебі еңбек әрекеті ағзаға пайдалы әсер көрсететін, ашық ауада болуымен біріктіріледі.

Негізгі мектептің 5-9 сынып оқушыларын еңбекке үйрету, бастауыш мектепке қарағанда, күрделірек, күнделікті өмірде қажетті, білім мен іскерлікті меңгеруге бағытталған. Мысалы, бұл жаста металл, ағаш, маталарды өңдеу технологиясын және жұмыс операцияларын, электротехниканың қарапайым мәселелерін шешуге, тігін тігуді, тамақ пісіруді, тұрмыстық техникамен жұмыс істеуді үйренеді. Ауыл мектептерінде еңбекке баулуда оқушыларды ауыл шаруашылығы жұмыстарына тарту да қолданылады.

Жалпы білім беру мекемесінің мамандыққа дайындайтын профиліне байланысты жоғары сыныптарда (10-11 сыныптар) белгілі мамандықтарға үйрету жүргізіледі.Сабақтар мектепаралық оқу-өндірістік комбинаттарда, оқу-өндірістік шеберханаларда, мектеп зауыттарында, базалық кәсіпорындардың жұмыс орындарында жүргізіледі.

Жалпы білім беретін мекемелердегі еңбекке үйретудің негізгі түрі еңбек сабағы болып табылады. Сонымен қатар, жалпы білім беретін мектептің барлық сатыларындағы еңбекке баулу көлемі мен сипаты оқушының жасына байланысты болатын, қоғамға пайдалы өнімді еңбек те кіреді.

Еңбек сабағын ұйымдастыру оқушылардың еңбек дағдыларын тиімді меңгеруге ғана емес, сонымен бірге уақытынан ерте пайда болатын қажудың алдын алуға, басқа пәндер бойынша келесі сабақтарда жұмыс қабілеттілігін арттыруға және де еңбектің ағзаға сауықтыратын әсерін қамтамасыз етуге де бағытталады. Осы мақсатта, бәрінен де бұрын, мектептегі сабақ кестесінде еңбекке үйрету сабақтарының орны дұрыс белгіленуі керек. Ең дұрысы болып табылатыны,еңбек сабағын, қажудың айқын белгілері әлі пайда болмаған кезде, 3-4 сабақтарда жүргізу. Бұл кезде ой еңбегі жүктемесінің дене еңбегі жүктемесіне ауысуы ағзаның функционалдық жағдайына қолайлы әсер көрсетеді және оқушылардың іс-әрекет белсенділігін ынталандырады. Егер еңбек сабағы оқу күнінің соңында жүргізілсе, оның ынталандырғыш әсері күрт төмендейді, себебі бұл уақытқа қарай алдыңғы сабақтардан өте айқын қажу пайда болады.

Еңбекке үйретуді ұйымдастыруда сабақтың ұзақтығын және оның жеке құрамдас бөліктерін нормалаудың, сонымен қатар сабақтың құрылымын дұрыс ұйымдастырудың маңызы зор. Еңбек сабағына 1-7 сыныптарда – аптасына 2 сағат, 8-9 сыныптарда – 3 сағат, 10-11 сыныптарда – 4 сағат бөлінеді. Қоғамдық пайдалы еңбекке бөлінетін уақыт 2-4 сыныптарда – аптасына 1сағатты, 5-7 сыныптарда аптасына - 2 сағатты, 8-9 сыныптарда - 3 сағатты, 10-11 сыныптарда - 4 сағатты құрайды.

Сабақ құрылымында уақыттың негізгі бөлігі оқушылардың практикалық тапсырмаларды орындауына берілуі тиіс. Сабақтың тығыздығы (барлық еңбек түрлерін орындауға жұмсалатын уақыт) 60%-дан аз және 85% -дан артық болмауы керек. Егер сабақ тығыздығы аз болса, жұмысты орындауға қажетті көңіл бөлу мен зейін қою бұзылады және жұмыс дұрыс ұйымдастырылмаған түрде орындалады, бұл өндірістік динамикалық стереотипінің қалыптасуына және еңбек дағдыларының нығаюына кедергі келтіреді. Сабақтың үлкен тығыздығы қажудың тез дамуына әкеледі, себебі, үлкендермен салыстырғанда, оқушылардың бұлшық еттерінің төзімділігі жеткіліксіз, ал дене еңбегіне жұмсалатын энергия шығыны жоғары болады.

Балалар үшін дене еңбегін орындау кезінде ең қажытатыны - дененің мәжбүр қалпында болуы және еңбектің бірсарындылығы. Еңбек сабағында орындалатын жұмыстардың барлық түрлері әр түрлі дәрежедегі статикалық күш салумен сипатталады. Мысалы, темірден құрал-сайман жасау жұмыстары, ағашпен жұмыс істеуге қарағанда, едәуір көп статикалық күш салумен ерекешеленеді. Осыған ұқсас, пішу мен тігу, статикалық бұлшық еттің зорығатынына байланысты, аспаздық жұмысқа қарағанда, көп қажытады. Сондықтан, кез келген еңбек түрлерінің үздіксіз орындалатын уақытын міндетті түрде нормалау қажет болып табылады. Бала неғұрлым жас болса, соғұрлым ол уақыт аз болу керек. Үздіксіз жұмыс ұзақтығы 1 сыныптағы оқушыларда 5 минуттан артпауы керек, 2-3 сыныптарда - 5-7 минут. 4-5 сыныптарда - 10 минут, 6 сыныпта - 12 минут, 7 сыныпта - 16 минут. Сонымен қатар, сабақ барысында статикалық жұмыстарды динамикалық жұмыстармен ауыстыру немесе оларды кезектестіру қажет. Еңбектің бірсарындылығын болдырмау үшін орындалатын жұмыстар саны 3-тен аз болмауы керек. Ұлдар мен қыздардың функционалдық мүмкіншіліктерінің бірдей еместігі де ескерілуі қажет. Қыздардың дене еңбегінің мүмкіншіліктері, ұлдарға қарағанда, 15-20% төмен, сондықтан оларды ауырлығы азырақ, «қыздар істейтін» еңбек түріне үйрету қарастырылуы керек. Әрбір еңбек түрін орындағаннан кейін аздаған үзілістер ұйымдастырылуы қажет. Қосарланған сабақтарда дене шынықтыру минуттарын жүргізу, ал сонымен бірге, бірінші сабақтан кейін үзіліс берілуі тиіс. Денсаулық жағдайларында ауытқулары бар балаларды еңбекке үйрету дифференциялданған болуы қажет.

Еңбекке үйрету үшін жоғарғы сыныптарда, еңбек сабағы мен қоғамдық–пайдалы еңбекке бөлінген сағаттарын қосып, аптаның бір күнін бөледі. Осы уақыттың 2 сағаты теориялық дайындыққа және 4 сағаты тәжірибелік жұмыстарға беріледі. Жұмысқа жіберу алдында қауіпсіздік техникасы жөнінде нұсқау жүргізілуі керек. 14 жастағы оқушылардың жұмыс істеу нормасы үлкен адамдардың сағаттық нормасының 40%, 15-16 жастағыларда - 60%, 17 жастағыларда - 80% аспауы керек.

Еңбекке үйрету жөніндегі сабақтарды ұйымдастыруда үйлесімді және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етудің маңызы зор, себебі қарқындылығы тіпті аз болса да, қолайсыз өндірістік факторлармен, олардың байланыста болу мүмкіншіліктері жоққа шығарылмайды. Мысалы, оқу шеберханаларында темірден құрал-сайман жасау (слесарлық жұмыстар) мен металл жону (токарьлық жұмыс) жұмыстарын орындау кезінде оқушылар шаңның, майлардың, дәнекерлеу аэрозолдерінің және шудың қолайсыз әсерлеріне ұшырауы мүмкін. Сонымен бірге, ағзаға шамадан артық жүйке-психикалық және дене еңбегінің жүктемелері түсуі, жекелеген мүшелер мен жүйелердің және анализаторлардың шамадан артық зорлануы да мүмкін. Жоғарғы сынып оқушылары кәсіпорындардың жұмыс орындарында мамандықтарды меңгеруі кезінде, олардың ағзасына нақты кәсібі-өндірістік ортаның факторлары да әсер етуі мүмкін.

Оқу-өндіріс шеберханаларында өндірістік факторлардың теріс әсерлерінің алдын алу үшін, ауаны жалпы алмастыратын және жергілікті сормалы тиімді желдету, жарықтандыру ұйымдастырылуы, сондай-ақ шудың деңгейін төмендету шаралары жүргізілуі тиіс. Қолданылатын құрал-саймандар оқушының морфофункционалдық мүмкіншіліктеріне сәйкес келуі қажет. Құрал–жабдықтардың орналасуы жарақат алуды төмендетуге және жұмыс орындауға қолайлы жағдай қамтамасыз ету керек. Металл өңдейтін верстактар терезелерге перпендикуляр орналастырылады, себебі бұл жұмыстар олардың оң жағынан да, сол жағынан да жарық түсу кезінде жүргізіледі. Керісінше, ағаш өңдейтін шебер үстелдері (верстак) мен тігін машиналарын терезелерге перпендикуляр немесе 45º бұрышпен және жарықты тек сол жақтан түсетін етіп, орналастырады, себебі жарық оң жағынан түскен кезде, жұмыс орны көлеңкеленеді. Ағаш өңдейтін үстелдерді, әдетте, әрбірқатарына 6-7 үстелден қойып, 3 қатар, ал темір өңдейтін үстелдерді, бөлменің ені бойынша, әр қатарына 4 үстелден қойып, 4 қатар етіп орналастырады. Бір-біріне қарама-қарсы қойылған верстактардың арасында, металл сынықтарымен жарақаттанудан қорғайтын, металдан жасалған тор тартылып қойылуы керек. Қатарлар арасындағы ара қашықтық 1 м кем болмауы керек. Әрбір жұмыс орны кронштейнде орнатылған отырғышпен және аяқ астына қоятын затпен қамтамасыз етілуі тиіс.

Қажудың алдын алу үшін оқушының жұмыс істеу кезінде дұрыс дене қалпы қамтамасыз етілуі қерек. Ол құрал-жабдықтар өлшемдерінің дене бөліктерінің өлшемдеріне сәйкес келуіне байланысты.

Еңбекке үйретуге, жоғарыда көрсетілгендей, қоғамға-пайдалы еңбекпен айналысу жатады. Бұл жұмыстар мектепте болу кезінде де және мектептен тыс уақытта да, сондай-ақ жазғы демалыс кезінде де жүргізілуі мүмкін. Олар мазмұны бойынша әр түрлі, бірақ балалардың жастарына байланысты орындауға шамасы келетіндей болуы керек. Бастауыш мектепте оқушыларды сынып бөлмесін, өзінің жұмыс орнын жинауға, дән, жеміс-жидек теруге, көшеттерді өсіруге, үй өсімдіктерін күтуге, үй жұмысына көмек беруге қатыстырады. Қоғамдық-пайдалы еңбек орта сыныптарда оқу шеберханаларында тапсырыстарды орындау жұмысы, кабинеттерді жинау, астық жинауға қатынасу, оқу жабдықтарын жөндеу, жануарларға жем-шөп беру, сиыр сауу, мектеп маңын тазалықта ұстау, металл сынықтарын жинау түрінде жүргізілуі мүмкін.

Жоғары сынып оқушылары қоғамдық тамақтандыру, байланыс, сауда кәсіпорындарындағы, өндіріс кәсіпорындарының жұмыс орындарындағы, ауыл шаруашылығындағы және т.б.жұмыстармен айналысуына болады. Сонымен қатар, оқушыларды жасына сәйкес емес, жүктемесі шамадан артық жұмыстарға, өмірлеріне қауіп төндіретін жұмыстарға (терезе жуу, шатырдағы қарды тазалау, электр тоғымен, улы заттармен жұмыс істеу), сондай-ақ жұқпалы және паразиттік аурулардың дамуына әкелу мүмкіншілігі бар жұмыстарға (санитарлық жүйелерді жинау, қалдықтарды жинау мен шығару және т.б.) тартуға болмайды.

9.2. Жасөспірімдерді мамандыққа бағыттау және мамандық түріне дәрігерлік кеңес беру.

Мамандық таңдау – қарапайым міндет емес. Белгілі бір кәсіби іс-әрекетке бейімділік мектеп жасынан ақ, 12-13 жастан бастап және 14-16 жастарда одан да айқындалып, қалыптаса бастайды. Жасөспірімдердіңбелгілі бір мамандықты игеруге ұмтылуы, оның беделі мен материалдық жетістіктеріне қызығу ғана емес, оған қызығушылық пен нағыз құмартудан туады. Бірақ, адамның қалауы ағзаның күші мен мүмкіншіліктеріне, әсіресе денсаулық жағдайына кейде сай келмейді.

Бұл факторлар ескерілмей, таңдап алынған мамандықта жұмыс істеу, денсаулық жағдайының нашарлауына, жұмыс операцияларын тиімді орындауға қабілетті болмауына, істеген жұмысы мен өміріне қанағаттанбауына, кәсіби аурулар мен мүгедектік даму мүмкіндігіне әкелуі мүмкін. Осыған байланысты, оқушыларға өз уақытында мамандыққа бағытберудің маңызы зор.

Мамандыққа бағыттау деп, қабілеттілікке, икемділікке, білімділікке, денсаулық жағдайына, жеке бастың ерекшеліктеріне, сондай-ақ, қоғамға қажеттілікке сәйкес, оқушыларды өз еркімен мамандық таңдауға дайындайтын шаралардың ғылыми-негізделген жүйесін айтады.

Мамандыққа бағыттау бірнеше маңызды мәселелерді шешеді. Соның бірі әр түрлі саладағы мамандардың халық шаруашылығында қажеттілігін анықтау болып табылады. Бұл мәселені экономика мамандары шешеді. Басқа мәселелерді кәсіп түріне медициналық-физиологиялық кеңес беру (КМФК) қарастырады.

КМФК міндеттеріне жатады:

1. Мамандықты, жұмыс істеуге қажет болатын адамның қабілеттілігі бойынша бағалау;

2. Оқушының психологиялық-физиологиялық және басқа жеке басының ерекшеліктерін, оның іске икемділігін зерттеу, олардың таңдалған мамандықпен жұмыс істеу үшін сәйкестігін анықтау.

3. Жұмыс істегенде денсаулыққа қолайсыз салдары жоқ, үйрету үрдісінде кәсіптік жарамдылықтың табысты қалыптасуына мүмкіндік туғызатын, сондай-ақ, кейінгі еңбек әрекетінде денсаулықтың сақталуы мен нығаюына жағдай жасайтын мамандықтар таңдау мақсатында, оқушылардың денсаулық жағдайын зерттеу.

Медициналық-физиологиялық мәселелерді шешуде әр түрлі мамандар: психологтар, педагогтар, физиологтар, мектеп дәрігерлері, жасөспірімдер кабинеттерінің, СЭБ балалар мен жасөспірімдер гигиенасы бөлімінің дәрігерлері қатысады. Бірақ, негізгі рөлді мектеп дәрігерлері мен жасөспірімдер кабинетінің дәрігерлері атқарады, олар белгілі мамандыққа жасөспірімнің кәсіби жарамдылығы жөніндегі қорытындыны береді және ынғайлы мамандық таңдауға да көмектеседі.

Қазіргі көзқарас бойынша, кәсіп түріне жарамдылық адамға тән, іштен туа біткен қасиет емес, ол оқу және кәсіптік қызмет үрдісінде қалыптасады, бірақ баланың талабы кәсіп түріне жарамдылықтың қалыптасуының биологиялық негізі болып табылады. Сондықтан, оларды анықтағанда жасөспірімдердің денсаулық жағдайы ғана емес, тіршілік ету барысында өзгерістерге аз ұшырайтын, жоғары жүйке қызметінің типологиялық ерекшеліктері де, сондай-ақ, кәсіптік маңызды қызметтерінің даму дәрежесі де (бұлшық ет күші, төзімділік, координация, ой өрісінің, анализаторлық қызметінің даму деңгейі және т.б.) міндетті түрде ескерілуі қажет.

Мамандыққа бағыттау бойынша шаралар кешенін мектептерде 5 сыныптан бастап, педагогтар ата-аналарының қатысуымен жүргізеді. КМФК 7 сыныптан бастап жүзеге асырылады. Оны жүргізу үшін дәрігер жасөспірімнің толық медициналық тексерілуінің нәтижелерін алу керек, жасөспірімдік-бозбалалық жастағы ағзасының анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктерін білуі керек, әр түрлі өндірістердегі еңбек жағдайларымен және олардың ағзаға әсерімен, ағзаның функционалдық жағдайына және жеке мүшелер мен жүйелерге, белгілі еңбек түрімен ұсынылатын талаптармен таныс болуы керек, кәсіптік оқытуға және онымен жұмысқа медициналық қарсы көрсетілімдердің тізімін білуі, жасөспірімдер еңбегін қорғау бойынша негізгі заңнамалық құжаттарды білуі керек.

Осы ақпараттарға сүйене отырып, дәрігер жасөспірімдерді мамандық үшін іріктеуі емес, қайта жеке жасөспірім үшін, денсаулық жағдайында кездесетін ауытқуларды одан әрі нашарлатпайтын, олардың компенсациялануына ықпал ететін және ағзаның резистенттілігін арттыратын, мамандық түрін таңдауы керек.

 

 

Χ- ТАРАУ. ЕМДЕУ – АЛДЫН АЛУ МЕКЕМЕЛЕРІНІҢ ГИГИЕНАСЫ.

Емдеу-алдын алу мекемелерінің гигиенасы (аурухана гигиенасы), аурухана ішілік орта факторларының науқастар мен медицина қызметкерлеріне әсерін зерттеп, науқастардың ауруханада болу жағдайын жақсартуға, емдеу үрдістерін нәтижелі жүргізуге, медицина қызметкерлеріне қолайлы еңбек жағдайын жасауға бағытталған гигиеналық нормативтер, талаптар, ережелер дайындайды.

Емдеу-алдын алу мекемелері – бұл, халыққа білікті және мамандандырылған медициналық көмек көрсететін және алдын алу шараларын жүзеге асыратын медициналық мекемелер жүйесі.Атапайтқанда, оларға науқастарды стационарлық емдеуге арналған әр түрлі саладағы аурухана мекемелері, амбулаторлық-емханалық мекемелер мен диспансерлер (туберкулезге қарсы, тері-венерологиялық, психо-неврологиялық, т.б.). перзентханалар, балалар және әйелдер консультациялары, жедел жәрдем беретін емдеу мекемелері, шипажай-курорттық мекемелер және т.б. жатады.

Аурухана – денсаулық сақтау қызметінің негізгі емдеу-алдын алу мекемесі. Мүнда ауру түрін анықтау, емдеу, алдын алу және қалпына келтіру шаралары, сонымен қатар, дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерінің мамандығын жоғарылату және халықты санитарлық ағарту жұмыстары жүргізіледі.

Науқастар үшін аурухана, тек қана ем қабылдайтын мекеме емес, сонымен қатар олардың уақытша болатын орны. Үйде қалыптасқан үйреншікті стереотиптің ауруханадағы басқа тәртіпке ауысуы, сырқатына байланысты хал-жағдайының нашар немесе ауыр болуы, әр түрлі мүшелері мен жүйелерінің функционалдық жағдайының бұзылуы, гипоксия және гиподинамия жағдайлары науқастардың көптеген тітіркендіргіштерге сезімталдығының жоғары болуына ықпал етеді. Олардың қоршаған орта факторларының әсеріне, оның ішінде, жұқпалы ауруларға қарсы тұру мүмкіндігі төмендейді, бұл аурухана ішілік инфекцияның дамуы мен аурулардың асқыну қаупін жоғарылатады.

Сондықтан, науқастарды стационарлық емдеудің жетістігі, көбінесе олардың ауруханада болу жағдайымен байланысты. Жарық, кең, таза палаталар, бөлмедегі таза ауа, тыныштық, құнды және дәмді тамақтану, жеткілікті ұйықтау, күнделікті душ және ванна қабылдау, ағаш, талдардың арасында серуендеу мүмкіншілігі емдеу үрдісінің өзінен емдік маңыздылығы кем емес факторлар болып табылады. Белгілі орыс терапевті В.А.Манассеин (1841-1901): «терапия –бұл, біріншіден, ауру адамның гигиенасы, егер науқасқа қажетті гигиеналық жағдайлар жасалмаса, онда ол дәрменсіз»-деген.

Аурухана мекемелерін жоспарлау, науқастарды орналастыру, ауруханаларды жабдықтау және күтіп ұстау жөніндегі гигиеналық талаптардың сақталуы да, қазіргі кездегі әлемнің көптеген елдеріндегі өзекті мәселе болып отырған аурухана ішілік инфекциялардың алдын алудың қажетті шарттары болып табылады. Және де бұл мәселе, бұрыннан емдеу үрдісімен қатар келе жатқан фактор ретінде, тек қана жұқпалы аурулар, хирургиялық және босану бөлімшелерінде ғана емес, басқа да барлық бөлімдерге қатысты.

Қазіргі кездегі аурухана ортасының және медицина қызметкелерінің кәсіби іс- әрекетін орындауымен байланысты факторлары медицина қызметкерлерінің денсаулығына да әсер етеді. Мұндай факторларға, мысалы, шамадан артық психоэмоционалдық жүктемелер, статикалық және динамикалық дене жұмысының жүктемелері, түнгі қызмет, инфекция жұқтыру мүмкіншілігі, иондаушы және иондаушы емес электромагниттік сәулеленулердің, ультрадыбыстың, қолайсыз микроклимат жағдайларының, ауаның ластануының, т.б. әсерлері жатады. Еңбек жағдайының жақсы, салауатты болуы, медицина қызметкерлерінің денсаулығын сақтау ғана емес, сонымен қатар, өздерінің мамандығына байланысты міндеттерін нәтижелі атқаруы үшін де маңызды.

Медициналық көмек көрсету деңгейі медицинаға ғылымның жаңа жетістіктерін енгізумен түйіндес болып келеді. Бірақ, көптеген жаңа емдеу мен диагностика әдістері және оларды аспаптармен қамтамасыз ету, гигиеналық талаптарға сай келетін жағдайлар жасауды талап етеді. Мысалы, лазерлерді медицина практикасына енгізу, олармен жұмыс істеу үшін бөлек бөлмелердің болуын және қорғаныс шараларының сақталуын талап етті, магниттік-резонанстық диагностиканы қолдану – құрылыстық-жоспарлау шешімдерін және т.б. қажет етті.

Сонымен, ауруханаларды жоспарлау, құрылысын салу және жұмыс істеу кезінде, ауруханаларды гигиеналық тұрғыдан аббаттандыру сұрақтарын тиімді шешу үшін, келесі қағидаларды іске асырукерек:

1. Стационарда науқастардың болуына қолайлы жағдай туғызу, емдік-қорғаныс тәртібін қамтамасыз ету;

2. Аурухана ішілік инфекцияларды болдырмау;

3. Тиімді емдеу үрдістері мен алдын алу шараларын жүргізуге асыру үшін жағдай туғызу;

4. Медицина қызметкерлері үшін қолайлы еңбек жағдайын жасау;

5. Рационалды тамақтануды ұйымдастыру үшін жағдай жасау;

6. Ауруханада жаңа емдеу, диагностика әдістерін, жаңа аспаптар мен жабдықтарды енгізу үшін жағдай қамтамасыз ету;


Дата добавления: 2014-12-11 | Просмотры: 1210 | Нарушение авторских прав



1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 | 40 | 41 | 42 | 43 | 44 | 45 | 46 | 47 | 48 | 49 | 50 | 51 | 52 | 53 | 54 | 55 | 56 | 57 | 58 | 59 | 60 | 61 | 62 | 63 | 64 | 65 | 66 | 67 | 68 | 69 | 70 | 71 | 72 | 73 | 74 | 75 |



При использовании материала ссылка на сайт medlec.org обязательна! (0.009 сек.)