Созылмалы бронхит. Созылмалы бронхит (СБ)– бронхтардың кілегей қабығының секрециялық аппаратының қайта құрылуымен
Созылмалы бронхит (СБ) – бронхтардың кілегей қабығының секрециялық аппаратының қайта құрылуымен, қақырықты шамадан тыс өндірумен (гиперсекрециямен) және қақырықтың реологиялық қасиеттерінің нашарлауымен (гипердискриния), бронхтың қорғаныс және тазару қызметтерінің нашарлауымен сипатталатын және басқа бронх-өкпе процестерімен байланысы жоқ қайталамалы жөтел, қақырық бөлу және ентігу белгілері болатын бронхтардың аллергиялық емес созылмалы жайылмалы қабынуы.
ДДҰ-ң критерийлеріне сәйкес, созылмалы бронхит дегеніміз – қатарынан екі жыл ішінде және әр жылда кем дегенде үш ай бойы болатын көп қақырықты жөтел.
Созылмалы бронхитпен сырқаттанушылық өте жоғары, өкпенің бейспецификалық ауруларының ішінде СБ үлесіне 70% тиеді. Созылмалы бронхитта үдемелі тыныс жетіспеушілігі және өкпе-жүрек жетіспеушілігі нәтижесінде жоғары дәрежелі өлім-жітім болады. СБ-та болатын өлім-жітім, ЖИА-нан, онкологиялық аурулардан, ми қан айналысы бұзылыстарынан және сәтсіз оқиғалардан кейін бесінші орын алады.
Этиологиясы және патогенезі. СБ-ң себептерін экзогендік және эндогендік факторларға бөледі. Экзогендік факторларға темекі тарту, қоршаған орта ауасының ластануы, жағымсыз кәсіби факторлар, қолайсыз климаттық жағдайлар және инфекция жатады.
СБ барлық себептерінің ішінде шылым шегудің үлесіне 80-90% тиеді. Темекі түтінінің ішінде бронхтың кілегей қабығын зақымдайтын және қабыну процесінің дамуына жағдай жасайтын улы заттар болады. Олардың ішіндегі ең қауіптілері никотин, полициклді ароматтық көмірсутектері, никель, кадмий, көмір қышқылының тотығы, синиль қышқылы, азот тотықтары және басқалар. Тәулігіне 20 сигареттен артық тартқан адамдар қауіпті топты құрайды, олардың көбінде 15-20 жыл шылым шеккеннен кейін бронх және өкпе ауруларының белгілері пайда болады. Шылым шегу «пассивті шылым шегушілерде» де, яғни темекі түтіні бар орындарда болатын адамдарда да СБ-ң дамуы үшін маңызды роль атқарады. Әсіресе мұндай жағдай балалар үшін қауіпті.
Қоршаған ортаны ластайтын көрсеткіштерге SO2, NO2 және түтін жатады. Олардан басқа маңызы барлар – көмір қышқылды заттар, көмірсутектері, озон, альдегидтер, органикалық нитраттар. Бұл заттардың бәрі бронхтың кілегей қабығына зақымдаушы әсер етеді.
СБ-ң дамуында кәсіби зияндылықтардың, әр түрлі органикалық (мақта, ұн және басқа шаңдар), бейорганикалық (көмір, кварц, цемент және басқалардың шаңдары) шаңдардың, улы булар мен газдардың (аммиак, хлор; әр түрлі қышқылдар, көмірқышқылының тотығы, күкіртті ангидрид, озон, фосген), газды және электрлі дәнекерлеуде бөлінетін булар мен газдардың да маңызы бар. СБ-ң дамуында маңызды өндірістік факторларға температуралық фактор (цехтардағы өте жоғары да, өте төмен де температура), өтпе желдер және басқа жағымсыз микроклимат факторлары жатады.
Климаттық факторлардың ішінде СБ-ң дамуында маңыздылары ылғалдық пен салқындық, сондықтан да СБ көбіне қыс кезінде бой көрсетеді.
СБ-ң дамуында инфекцияның ролін көптеген авторлар мойындайды. Кейбір авторлар, инфекция СБ-ң өршуінің (қайталауының) себебі деп есептейді. Сонымен қатар, науқас адамдардың кейбірінде СБ жедел ұзарған бронхиттің немесе қайталамалы бронхиттің шешуші ақырғы сатысы ретінде қалыптасады. Бұл адамдарда ауру себебінің рөлін вирустық, вирустық – бактериялық инфекция атқарады. Инфекциялық факторлардың ішінде СБ-ң дамуында пневмококтердің, гемофильдік таяқшаның, моракселаның маңызы бар, ал СБ өршуі үшін маңыздылары – вирустық және мик
оплазмалық инфекция.
СБ-ң дамуында белгілі бір рөльді эндогендік факторлар да атқарады. Олардың ішіндегі ең маңыздысы тыныс мүшелерінің тіндеріне жарақаттаушы әсер көрсететін протеаза ферменттерінің антиферменті болып табылатын a1-антитрипсиннің тұқым қуалайтын немесе жүре пайда болатын жетіспеушілігі. СБ-ң дамуының эндогендік факторларына созылмалы инфекция ошақтары, аллергиялық бейімділік те жатады.
СБ-ң көрсетілген себептерінің ішіндегі ең маңыздылары – шылым шегу, кәсіби зияндылықтар және a1-антитрипсиннің жетіспеушілігі (дефициті).
Себеп фактордың әсерінен туындайтын өзгерістер:
- кілегейлі қабықтың және кілегей қабығы асты қабаттың структуралы-функциональдық қасиетінің өзгеруі және мукоцилиарлық тасымалдаудың бұзылуы. Секрециялық А иммуноглобулинді өндірудің азаюы, лизоцимнің, лактофериннің, интерферонның азаюы;
- кілегей қабықтың қабынуы, оның нәтижесінде бронхтың кілегей қабығының дренаждық (тазалау) және барьерлік (бөгеттік) қызметінің төмендеуі. Бронхтың қабынуы бронхоспазм тудырады, қабынудың нәтижесінде ұсақ бронхтардың коллапсы және бронхиолдардың облитерациясы (бітелуі) туындауы мүмкін;
- СБ-ң патогенезінде шешуші рольді тыныс жолдарының қайта қалыптасуы атқарады; қайта қалыптасудың дамуына тыныс жолдарының қайтымсыз обструкция (өкпенің коллагендік серпінді негізінің протеолиздік талқандалуы, фиброздың дамуы, бронхтардың деформациясы мен облитерациясы) және қайтымды обструкция (біріңғай салалы бұлшық еттің жиырылуынан болатын бронхоспазм, кілегейдің көп өндірілуі және қабыну) механизмдері қатысады;
- ұсақ бронхтар обструкциясы салдарынан (сыртқа тыныстау кезінде альвеолалардың шамадан тыс керілуін, альвеола қабырғасының талқандалуын және эластикалық құрылымдардың бұзылуын тудырады), панбронхит нәтижесінде қан және лимфа айналысының бұзылуы салдарынан және созылмалы артериялық гипоксемия салдарынан өкпе эмфиземасы дамиды;
- тыныс жетіспеушілігі, өкпе артериясының гипертензиясы пайда болып, созылмалы өкпе-текті жүрек синдромы қалыптасады, оның нәтижесінде созылмалы оң қарыншалық жүрек әлсіздігі бой көрсетеді.
Егер СБ-ң дамуы ешқандай аурумен байланысты болмаса оны бірінші ретті СБ деп атайды, егер оның қалыптасуы басқа бір аурумен (бронхоэктазия ауруы, өкпе туберкулезі, өкпенің созылмалы абсцесі және басқалар) байланысты болса, ондай СБ-ты екінші ретті СБ деп атайды.
Патоморфологиясы. СБ-та болатын кілегейдің көп өндірілуінің (гиперсекреция) морфологиялық белгілеріне трахея – бронх бездерінің гипертрофиясы және бокал тәрізді клеткалардың көбеюі жатады. Бронх бездерінің гиперплазиясының, тамырлардың кеңуінің және кілегей қабығы асты қабаттың ісінуінің, клеткалық инфильтрацияның және бұлшық ет гипертрофиясының нәтижесінде бронх қабырғасы қалыңдайды.
Бронх обструкциясының ең айқын белгілері ұсақ бронхтар мен бронхиолдарда болады. Торлы пневмосклероз қалыптасады және өкпе эмфиземасы дамиды. Өкпе және бронх тамырларының арасында коллатеральдар пайда болады. Капиллярлардың кейбірі бітеледі (облитерация), өкпе тамырларында тромбтар пайда болады.
Дата добавления: 2015-11-26 | Просмотры: 774 | Нарушение авторских прав
|