АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология
|
Жеделдетiлген нормалау . 2 страница
Ауа қозғалысының гигиеналық маңызы адамның қоршаған ортамен жылу алмасуы үрдістеріне қатысуымен ғана анықталмайды. Ауаның қозғалысы атмосфералық ауаға түскен ластаушы заттарды жоюда, елді мекендерді аэрациялауда және бөлмелерді табиғи желдетуде үлкен рөл атқарады. Сонымен қатар, ауаның қозғалысы ластаушы заттардың үлкен қашықтықтарға таралуына да мүмкіндік түғызады.
Сондықтан елді мекендерді, ауруханаларды, мектептерді және бала бақшаларды, өндірістік мекемелер мен басқа да нысандарды жоспарлау және салу кезінде, берілген жергілікті жерлердегі желдің басым соғатын, жиі қайталанатын бағыттарын білуі өте маңызды. Ол желдің қай бағыттан соғатындығымен анықталады. Осы мақсатта, әрбір жергілікті жерлер үшін «жел раушаны» деп аталатын (3.1.-сүрет) әр түрлі бағыттар (румбалар) бойынша жыл бойына желдің туру жиілігінің графигі құрастырылады.
3.1.-сұрет. «Жел раушаны». Тұрғын үй ауаны ластайтын өнеркәсіп нысанының жел ең жиі соғатын жағынан орналастырылған
Жел раушаны жергілікті жердегі желдердің басым бағыттары туралы көрнекі мағлұмат береді. Тұрғын және қоғамдық ғимараттарды ауаны ластайтын көздердің жел басым соғатын жағынан орналастыру қажет, бұл ластаушылардың таралуын шектеуге немесе оның алдын алуға мүмкіндік береді.
Жоғарыда айтылғандардан белгілі, адам ағзасы тіршілік үрдісінде ауаның температурасының, ылғалдылығының, қозғалысының, жылу радиациясының әр қайсысынын жеке әсеріне емес, бірлескен әсеріне ұшырайды. Адам ағзасының қоршаған ортамен жылу алмасуы үрдістеріне әсер етіп, адам ағзасының жылылық жағдайы мен ортаның жылылық жағдайын анықтайтын, осы факторлардың кешені микроклимат деп аталады.
Микроклимат көрсеткіштеріне ауаның температурасы, ылғалдылығы, қозғалу жылдамдығы, қоршаған заттардың беттерінен берілетін жылу радиациясы жатады.
Микроклимат, қалыптасатын жеріне байланысты, жабық бөлмелердегі (тұрғын, қоғамдық, өндірістік, арнайы қондырғылардың, әскери техниканың, көліктің) және жеке аумақтардың (елді мекендердің, жердің, ықшам аудандардың және т.б.) микроклиматы деп бөлінеді. Адамның жылу тепе-теңдігіне әсер ету дәрежесі бойынша микроклиматты комфортты және дискомфортты - салқындататын және қыздыратын деп бөледі.
Комфортты микроклимат жылу реттейтін механизмдердің зорлануын тудырмайды. Жылу сезінуі жақсы және орталық жүйке жүйесінің жұмысы да оңтайлы, дене және ой жұмысына қабілеттілігі, сонымен қатар, қолайсыз факторлардың әсеріне төзімділігі де жоғары болады.
Дискомфортты микроклимат, керісінше, жылу реттейтін үрдістердің зорлануымен, жүйке жүйесі мен анализаторлардың жұмыс көрсеткіштерінің нашарлауымен, әр түрлі мүшелер мен жүйелердің функционалдық жағдайының бұзылуымен, ағзаның қарсы тұру қабілетінің төмендеуімен сипатталады, сонымен қатар, әр түрлі жедел және созылмалы аурулардың дамуына себепші болуы мүмкін. Қыздыратын дискомфортты микроклимат жедел және созылмалы гипертермиялардың әр түрлі белгілерінің дамуына (жоғарыдан қараңыз), ал салқындататын дискомфортты микроклимат – жергілікті және жалпы гипотермияларға және олармен байланысты ауруларға және ағзаның функционалдық жағдайының бұзылуларына әкеледі.
Микроклимат факторларының кешенді түрде әсер ететінін ескеріп, өте жоғары да емес және тым төмен де емес температуралар ауаның ылғалдылығы мен қозғалысының қолайсыз шамаларымен бірге әсер еткенде, ағзаның қатты қызыуна және қатты салқындауына әкелуі мүмкін екендігі есте болуы керек. Созылмалы дененің қатты қызуы тіпті, ауа температурасы 26-28ºС кезінде де, бірақ ылғалдылығы 80% жоғары және ауа қозғалысы 0,3 м/сек төмен микроклимат жағдайында ұзақ уақыт болған кезде, пайда болуы мүмкін. Созылмалы дененің салқындауы ауаның температурасы 12-14ºС және одан төмен, салыстырмалы ылғалдылығы 60% және одан да жоғары болған кезде байқалуы мүмкін. Жедел суықтан болатын патология 0ºС төмен температура кезінде жиі дамиды, бірақ ауның жоғары ылғалдылығы мен ауаның жоғары қозғалу жылдамдығы бірге әсер еткенде, плюс температура кезінде де дамуы мүмкін.
Бөлме микроклиматын гигиеналық бағалау үшін, субьективті және обьективті көрсеткіштерді қолданады. Субьективті бағалау адамның жылу сезіну бойынша жүргізіледі, оның келесі 7 сипаттамасы болуы мүмкін: өте суық, суық, салқын, комфортты, жылы, ыстық және өте ыстық.
Обьективті бағалау адамның жылылық жағдайы мен микроклимат көрсеткіштеріне жүргізілген аспаптық зерттеулердің нәтижелері негізінде беріледі. Адамның жылылық жағдайын зерттеу үшін, дененің әр түрлі бөліктеріндегі тері бетінің температурасы мен тер бөлінуінің қарқындылығы жиі анықталады.
Микроклиматтық жағдайлардың адам ағзасына қолайсыз әсерлерінің алдын алу үшін, біртұтас шаралар кешені жүргізіледі. Бұл шаралардың ішінде микроклимат параметрлерін гигиеналық нормалау ерекше орын алады. Оны, климаттық жағдайларын, жыл мезгілін, тәулік уақытын, бөлменің сипаты мен қолданылуын, оның ішіндегі жұмыс істейтін адамдардың атқаратын жұмыстарының түрлерін, адамдардың денсаулық жағдайы мен жасын ескеріп, дифференциалды түрде жүргізеді (VII, IX, X, XI тарауларды қараңыз). Микроклиматтың қолайсыз әсерінің алдын алуда гигиеналық нормативтер мен талаптарға сай микроклиматтық жағдайларды жасауға бағытталған шаралар маңызды рөл атқарады. Осы мақсатта жылыту, желдету, ауаны кондиционерлеу, бөлменің қызуын немесе салқындатуын төмендетуге мүмкіншілік беретін терезелердің дұрыс бағытталуы, ғимараттардың қабырғаларын қалыңдату, күннен қорғайтын құрылыстарды орнату, жалюзилерді, перделерді пайдалану және т.б. қолданылады.
Өндірісте өндірістік үрдістердің технологиясын жетілдіреді немесе өзгертеді, жылу шығаратын көздерді оқшаулайды, жұмыс орындарын экрандайды, салқын ауаның ағынын немесе су бүркіндісін ыстықты төмендететін перде ретінде қолданады.
Шаралардың келесі тобы рационалды киімдерді таңдау және еңбек пен демалудың, тамақтанудың, су ішудің қолайлы режимдерін, сонымен қатар, шынықтыруды ұйымдастыру жолымен адамның жылылық жағдайын жақсартуға және ағзаның қарсы тұру қабілетін жоғарылатуға бағытталған.
Өндірістегі микроклимат жағдайларының қолайсыз әсері салдарының алдын алуға, емдеу - алдын алу шараларын жүргізіп те, қол жеткізеді. Мысалы, жұмысқа орналасатын адамдарды алдын ала жүргізілетін медициналық тексеруден өткізіп, денсаулық жағдайында қарсы көрсетілімдері болса, жұмысқа алмайды. Жұмыс істейтіндердің ағзасының қатты қызынуына немесе салқындауына байланысты денсаулықтарындағы бұзылыстарын анықтау мақсатында, кезеңдік медициналық тексерулер, профилакторияларда, санаторияларда емдеу, цехтің денсаулық пунктінде әр түрлі сауықтыру шараларын және басқаларды жүргізеді.
3.2. Барометрлік қысым және оның гигиеналық маңызы.
Жердің гравитациялық күші атмосфераның төменгі қабаттарында оның негізгі массасы жиналуына ықпал етеді, сондықтан, дәл осы қабаттарда атмосфералық қысым мен ауаның тығыздығы жоғарылау болады. Ауаның ен жоғары қысымытеңіз деңгейінде байқалады. 45ºС ендікте, ауаның температурасы 0 ºС кезінде, ол с.б 760 мм, немесе 101,3 кПа (1 атмосфера), ал оттегінің парциалды қысымы - с.б 100 мм болады. Теңіз деңгейінен биіктік жоғарылаған сайын, атмосфералық қысым мен ауаның тығыздығы, сондай-ақ, оттегінің парциалдық қысымы төмендейді. Мысалы, 2000 м биіктікте атмосфералық қысым с.б 560 мм, ал оттегінің парциалдық қысымы - с.б 70 мм болады. 4000-4500 м биіктікте оттегінің қысымы, теңіз деңгейіндегі қысымымен салыстырғанда, екі есеге төмендейді.
Атмосфералық қысымның аздаған тәуліктік ауытқуы дені сау адамның ағзасына әдетте көп әсер етпейді. Бірақ, биіктікке көтерілген кезде, қысымның айқын төмендеуі немесе кейбір жұмыс түрлерін (кессондық, сүңгуірлік) орындау және су астына түскен кезіндегі қысымның жоғарылауы қолайсыз әсер етуі мүмкін.
2700 м үлкен биіктікке және тез көтерілгенде (1 күннен аз), биіктік немесе тау ауру деп аталатын симптомдар кешені дамиды. Ол альпинистер, ұшқыштар, биік тау жағдайында жұмыс істейтін жұмысшыларда, әуе шарында ұшу кезінде, декомпрессиялық камераларда және т.б. кездеседі.
Ауадағы оттегінің парциалды қысымының төмендеуі адамда оттегінің жеткіліксіздігіне әкеледі. Оның алғашқы белгілері: бас ауруы, әлсіздік, жүрек айну, ентігу, ұйқының бұзылуы, тахикардия - 2000 м биіктікке көтерілгеннің өзінде байқала бастайды. Одан да жоғары биіктікке көтерілген кезде, айқын гипоксия дамиды, биіктікке тән өкпенің, мидың сулы ісігі, көздің торлы қабығына қан құйылу, мұрыннан және асқазан-ішек жолынан қан кету пайда болады. Бірнеше сағат ішінде өлімге әкеп соғатын, кома дамуы мүмкін. Ұшқыштарда пайда болатын биіктік ауруы, тау ауруына қарағанда, биіктікке тез көтерілуіне байланысты жедел дамиды және ауыр түрде өтеді. Тау ауруына көбінесе балалар және етеккір алдындағы кезеңінде әйелдер жиі ұшырайды.
Биіктік ауруы дамуының негізгі механизмі, ауадағы оттегінің парциалды қысымының төмендеуі әсерінен дамитын гипоксия болып табылады. Бұдан басқа, атмосфералық қысымның айқын төмендеуі кезінде, қан мен тіндердегі қалыпты жағдайда еріген күйінде болатын газдар, газ тәрізді күйге өтіп, қан тармағында көпіршіктер түзеді, бұндай жағдай тамырлардың газды эмболиясының және оған байланысты әр түрлі мүшелер мен тіндердің ауыр зақымданулары дамуына әкеп соғады. Сонымен қатар, өте жоғары биіктікте атмосфералық қысымның прессорлық әсерінің төмендеуі нәтижесінде, кеуде мен іш қуыстары кеңееді, қылтамырлардың өткізгіштігі және кіші қан айналым шеңберіндегі қан тамырларының қысымы жоғарлайды, бұл сулы ісік дамуына әкеледі.
Биіктік (тау) ауруының алдын алуы. Үлкен биіктікте (бірақ 5000 м жоғары емес) жүрген адамда біртіндеп компенсаторлық-бейімделу реакциялары - тұрақты гипервентиляция, қанда эритроциттердің көбеюі, тіндегі зат алмасуының өзгерістері, бұлшық еттердің анаэробты жағдайдағы жұмыстарға жоғары қабілеттілігі дамиды. Төмен атмосфералық қысымға біртіндеп бейімделу нәтижесінде, биік таулы аймақта тұратын тұрғындар 2500-4000 м биіктікте ешқандай шектеусіз өмір сүре алады.
Сондықтан биіктікке баяу көтерілу қажет (2 күннің ішінде 2500 м дейін, ал, содан кейін, әрбір 600 м биіктікке 1 күн ішінде көтерілу). Үлкен дене жүктемесінен бас тарту қажет, тез сіңетін, жеңіл қорытылатын көмірсуларды пайдалану және суды көп мөлшерде ішу (құрғақ ауа биік жерде ағзаның сусыздануына әкеледі), сонымен бірге, рационда тұздың мөлшерін азайту керек. Өте жоғары биіктікте ағзаны өттегімен қамтамасыз ететін, оттегілік аспап пен қорғайтын киімдерді пайдалану керек. Дене шынықтыру және биіктікке бұрын көтерілген тәжірибесінің болуы, биіктік ауруынан сақтамайды.
Жоғары барометрлік қысымның қолайсыз әсері жоғары қысым жағдайында жұмыс істегенде (кессондарда, су асты тоннельдерде, суға сүңгумен байланыстыжұмыстар кезінде), гипербариялық оксигенация әдісімен ауруларды емдейтін барокамераларда, су астында жүзу және су астында автономды тыныс алатын аппаратпен («скуба») суға сүңгу кезінде байқалуы мүмкін. Су астында тыныс алатын аппаратпен («скуба») су астына сүңгу кеңінен таралуына байланысты, оның әсерінен қаза тапқан адамдардың саны жоғарылады. Бұндай әсерге ертеде тек су асты тоннельдер мен кессондарда істейтін жұмысшылар және сүңгуірлер ұшырайтын.
Кессон деп, сумен қаныққан жер асты грунттарында немесе су астында жұмыс жүргізу үшін арнайы жасалған камераны айтады. Жұмыс істейтін кеңістіктен суды ығыстыру үшін, кессонды қысымы 0,2-4 атм. сығылған ауамен толтырады. Жұмысшыларды кессонға түсіру барысында, қысымды біртіндеп ұлғайтады (компрессия кезеңі). Жоғары қысым жағдайындағы жұмыстан соң, жұмысшыларды жер бетіне ақырын, асықпай шығарады (декомпрессия кезеңі).
Әдетте, компрессия кезеңі мен кессондарда жұмыс істеу ешқандай қиындықсыз өтеді. Қауіпті жағдайлар, декомпрессияны жүргізу ережелерін дұрыс сақтамағанда, жоғары қысым аймағынан қалыпты атмосфералық қысым аймағына өткенде пайда болуы мүмкін. Қысым жоғарылаған кезде, қан мен тіндер ауа газдарымен (негізінен, азоттармен) қанығады, ал жоғары қысым аумағынан тез шыққанда, олар өкпе арқылы бөлініп үлгермейді де, қан мен тіндерде газды көпіршіктерге айналады. Бұл, әр түрлі – коронарлық, ми және т.б. тамырлардың газды эмболиясының дамуына әкеп соғады.
Май тінінің қанмен қамтамасыз етілуі нашар болғандықтан, басқа тіндерге қарағанда, май тінінен азоттың шығуы баяу жүреді, сондықтан, көбінесе, майы бар ағзалар мен тіндер - орталық және шеткі жүйке жүйесі, сүйек кемігі, тері астышелмайы, буындар жиі зақымдалады.
Тез декомпрессия кезінде пайда болатын ауру декомпрессия немесе кессон ауру деп аталады. Буындарда, сүйектерде және аяқ-қол бұлшық еттерінде қатты ауыру сезімі пайда болады, парестезиядан салдануға дейінгі әр түрлі дәрежедегі жүйкелік бұзылыстар дамиды. Өкпе артериясында, асфиксияға әкеп соғатын массивті эмболия, сондай-ақ, әр түрлі мүшелер мен тіндерде ишемиялық өзгерістер дамуы мүмкін. Кейінірек, сүйектердің некроздары дамиды.
Сүңгуірлерде және «скуба» аспабымен су астына сүңгитіндерде су бетіне көтерілген уақытта, газдың өкпеден еркін шығатын жағдайы болмағанда, өкпеге газ толуы есебінен, өкпенің қампаюы мүмкін. Осының нәтижесінде, пневмоторакс, көкірек аралық бөліктің және тері астының эмфиземасы, сонымен бірге, адамдардағы өлімнің басты себебі болатын, бас миы тамырларының газды эмболиясы дамиды.
Бұдан басқа, тереңдікте сығылған ауадағы оттегі мен азоттың парциалды қысымының жоғарылауы нәтижесінде, оттегінің токсикалық әсері мен азоттың наркотикалық әсері байқалуы мүмкін.
Жоғары барометрлік қысымның қолайсыз әсерінің алдын алу. Алдын алу шараларының негізгі аспектілерінің біріне қауіп-қатері жоғары жағдайдағы жұмысқа жарамдылығын міндетті түрде тестілеу, барлық қарсы көрсетілімдерін есепке алу, сонымен қатар болатын қолайсыз қауіпті салдары туралы сүңгуірлерді қабардар ету жатады. Жұмыстарды жүргізу кезінде, жоғары қысымның шамасына байланысты жұмыс уақытының ұзақтығы, сонымен қатар, шлюздеу мен декомпрессия ережелері қатаң сақталуы қажет. Сонымен қатар, төменге түсу аралықтарындағы уақыттың қатаң сақталуы да өте маңызды, себебі, төменге әрбір түскен сайын, ағзада инертті газдардың артық қалып отыратынына байланысты, келесі түскенде олардың мөлшері жоғарылай береді. Азоттың наркотикалық әсерін азайту үшін, тыныс алу қоспаларын гелийге алмастырады.
3.3. Ауа ортасының электрлік жағдайы және оның гигиеналық маңызы.
Атмосфераның электрлік жағдайы атмосфераның электрлік және магниттік өрістерімен, иондануымен және нажағай электрімен сипатталады. Электр өрісінің болуы келесімен байланысты: Жер, жалпы алғанда, теріс зарядталған полюс болып табылады, ал атмосфера – оң зарядталған, осының нәтижесінде атмосферада жерге тікелей бағытталған тоқ түзіледі.
Жер бетіндегі электр өрісінің кернеулілігі 130 В/м, ал, адамның тұрған кездегі басы мен аяғының арасындағы градиенті 250 Вт құрайды.
Электр тоғының кернеулілігі жылдың әр түрлі мезгілінде, тіпті тәулік ішінде, бірдей емес. Жоғары деңгейдегі кернеулілікқыс мезгілінде, ал аз деңгейдегі - жаз мезгілінде байқалады. Бір күннің ішінде құрлықтағыкернеуліліктің ең жоғарғы деңгейі - 10 нан 12 сағатқа дейін және 18 ден 22 сағатқа дейін, ал ең төменгі деңгейі - 3-тен 5-ке дейін, 14-тен- 16 сағатқа дейін байқалады. Сонымен қатар, электр өріс кернеулігінің ендікке де тәуелділігі бар: орта ендікте ол үлкен, экватор мен полюске қарай азая береді. Электр өрісі кернеулілігінің кезең-кезең өзгеріп отыруы, күннің белсенділігі мен геомагниттік белсенділіктің өзгеруімен тығыз байланысты. Ауа райы жағдайына, атмосфералық қысымның шамасына, бұлттардағы зарядтарға, ауаның ластануына байланысты ауаның электр өткізгіштігінің өзгеруі де кернеулілік шамасына әсер етеді.
Мысалы, электр өрісінің кернеулілігі, атмосфералық қысым жоғарылағанда, тұмандар, жауын-шашындар пайда болған кезде, бірнеше есегежоғарылап отырады. Электр өрісі кернеулілігінің ең үлкен өзгерістері, потенциал градиенті ондаған, жүздеген есе жоғарылайтын, күннің күркіреуі кезінде байқалады. Атмосфераның электр жағдайының өзгерулері де адам ағзасына өз әсерін тигізеді, себебі, адам ағзасының қызмет атқаруы биохимиялық ғана емес, сонымен бірге, электрофизиологиялық үрдістермен де қамтамасыз етіледі. Барлық электромагниттік жүйе тәрізді, тірі ағза да атмосфералық электр параметрлерінің өзгерулеріне сезімтал болады. Бұндай реакциялардың айқын көрінісіне ауа райының өзгерісі және күн белсенділігінің күшейуі кезіндегі сезімтал адамдар мен науқастарда пайда болатын метеопатиялар жатады («Климат және ауа райы» тарауын қараңыз).
Адамның ағзасына әсерін ететін ауаның қасиеттерінің бірі, ауаның иондануы болып табылады. Иондану, яғни ауаның құрамындағы молекулалар мен атомдардың қарама-қарсы зарядталған иондарға ыдырауы, негізінен ғарыштан және күннен келетін сәулеленулердің, ауа мен топырақ радионуклидтері сәулеленуінің әсерінен, сондай-ақ, судың тозаңдануыкезінде жүреді. Әуелі атомнан электрон бөлініп шығады, осының нәтижесінде бейтарап атом оң зарядталады, ал электрон, басқа бейтарап атомға қосылып, теріс ион түзеді. Түзілген мономолекулярлы аэроиондар әдетте өміршең емес. Олар өздеріне газдың 10-15 молекулаларын қосып алып, тұрақтылығы жоғарылау болатын, жеңіл иондарға айналады. Бірақ, олардың өмір сүру уақыты 1-2 минуттан аспайды, себебі ауаға араласқан шаң бөлшектерімен, су тамшыларымен, микроб денелерімен жанасқанда, олар орта және ауыр иондар түзеді. Ауада иондану үрдістерімен қатар, кері үрдіс – әр түрлі зарядталған иондардың өзара әсерлесу нәтижесінде бейтарап атомдардың түзілуі жүреді.
Жеңіл иондардың мөлшері белгілі бір дәрежеде ауаның тазалық деңгейін сипаттайды. А уаның шаңдануы мен химиялық ластану дәрежесі және ылғалдылығы неғұрлым жоғары болса, соғұрлым, оның құрамында жеңіл аэроиондар аз болады. Жабық бөлмелерде жеңіл иондардың мөлшері өте сезімтал көрсеткіш болып табылады, себебі бұл бөлмелерде олардың мөлшері, деммен шығарылған көмірқышқыл газымен, адам ағзасының метаболизм өнімдерімен, шаң бөлшектерімен рекомбинациялануына байланысты, сонымен қатар, тыныс алу үрдісінде, тері мен киіммен сіңірілуі нәтижесінде төмендейді. 1 см3 ауда концентрациясы 200000 шамасындағы жеңіл электр заряды теріс иондардың адам ағзасына қолайлы әсер ететіндігі көрсетілген: орталық жүйке жүйесінің функционалдық жағдайы жақсарады, жүйке жүйесінің парасимпатикалық бөлігінің тонусы жоғарылайды, алмасу үрдістері ынталандырылады, жарақаттар жазылуы жылдамдайды. Электр заряды теріс иондармен қаныққан ортада болуы, қан қысымы жоғарылаған, бронх демікпесі, аллергиялық аурулары, анемиялары, әр түрлі эндокриндік бұзылыстары бар науқастардың жалпы жағдайларын жақсартады. Бұл иондар қажу кезінде де қолайлы әсер етеді. Керісінше, электр заряды оң, ауыр иондарының мөлшері ауада жоғарылаған уақытта, адамдарда әлсіздік, ұйқышылдық, бас ауруы, шаршау мен қалжырағанын сезінуі пайда болады, қан қысымы жоғарылайды. Ауа ортасының қолайлы иондану тәртібін қамтамасыз ету үшін, атмосфералық ауа мен жабық бөлмелердің ауасының ластануын төмендетуге бағытталған шараларды жүргізу қажет.
Ауаның иондануының жақсаруына ластаушы заттарды сіңіретін жасыл желектер және тозаңдалып тұрған судың иондаушы әсерінің арқасында ашық суаттар мен фонтандар да ықпал етеді.
4. Күн радиациясы және оның гигиеналық маңызы.
4.1. Күн сәулесінің сипатттамасы. Жарық климаты.
Жердегі барлық органикалық тіршіліктің өмір сүруі, жер шарындағы жылудың, жарықтың және энергия көзі болып табылатын, күн радиациясына тәуелді.
Күн көзінен корпускулярлық және электромагниттік сәулелер шығады. Корпускулярлық сәулелену күн желі деп аталады, оның құрамына электрондар, протондар, гелий ядролары және басқа бөлшектер кіреді. Күн сәулесінің электромагниттік спектрі өте кең, оған радиожиілік диапазонындағы сәулеленулер, инфрақызыл, көрінетін, ультракүлгін, гамма, және рентген сәулелері кіреді. Күннің электромагниттік сәулеленуі 300000 км/сек жылдамдықпен таралып, Жерге 8 минутта жетеді. Ал күн желінің бөлшектерінің жылдамдығы, электромагниттік сәулеленулердің жылдамдығына қарағанда, аздау - 300 км/сек болады. Сондықтан олар жерге бірнеше тәуліктен кейін ғана жетеді. Сәулелердің жылдамдығы мен қарқындылығы күннің белсенділігі жоғары кезеңдерінде күрт өседі. Күн белсенділігінің көріністеріне күн дағы және күн жарқылы жатады.
Дата добавления: 2014-12-11 | Просмотры: 2486 | Нарушение авторских прав
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 | 40 | 41 | 42 | 43 | 44 | 45 | 46 | 47 | 48 | 49 | 50 | 51 | 52 | 53 | 54 | 55 | 56 | 57 | 58 | 59 | 60 | 61 | 62 | 63 | 64 | 65 | 66 | 67 | 68 | 69 | 70 | 71 | 72 | 73 | 74 | 75 |
|