Минералды заттар. 34 страница
Антракоз – көмір шаңының әсерінен болатын пневмокониоз және басқа да карбокониоздар, сондай-ақ бериллиоздан басқа металлокониоздардың ағымы қатерсіз өтеді (VIII бөлімнің 8.3 тарауын қара). Құрамында темір тотығы, марганец қосылыстары бар дәнекерлік аэрозольдер тудыратын электрмен дәнекерлеушілердің пневмокониозы салыстырмалы түрде қолайлы өтеді.
Құрамында кремнийдің қос тотығының мөлшері жоғары аралас шаңмен тыныс алғаннан дамитын пневмокониоздар клиникалық ағымы бойынша силикозға ұқсас, бірақ аурудың үдеуге бейімділігі төмендеу болып келеді. Олар жиі көмір (антракосиликоз) және теміркені (сидеросиликоз) шахталарында, керамика және фарфор-фаянс өнеркәсіптерінде (силикосиликоз және басқалары) жұмыс істеген кезде байқалады. Өндірістік шаң, шаңның әсерінен болатын кәсіби бронхиттер, пневмония, риниттер және бронх демікпесінің дамуына әкелуі мүмкін. Мәселен, өсімдік талшықтарының – мақта, кенеп, зығыр шаңымен тыныс алғанда кейінірек өкпе эмфиземасымен және пневмосклерозбен асқынатын бронхоспазмдық құбылыстар байқалады.
Шаңнан болатын аурулардың алдын алу шаңды гигиеналық нормалаудан, технологиялық шаралардан, санитарлық-техникалық шаралардан, жеке басты қорғайтын құралдарды пайдаланудан және емдеу алдын алу шараларынан тұрады.
Басым фиброгенді әсер ететін шаңды гигиеналық нормалау шаңның фиброгендік дәрежесіне байланысты, ал әсер ету сипаты басқа шаңдарды нормалау зияндылықтың лимиттеуші көрсеткіші бойынша іске асырылады. Мысалы, жоғары фиброгенді кристаллды бос күйіндегі кремний қос тотығының және құрамында ол шаңның мөлшері 70%-дан артық аралас шаңның ШРЕК-і 1 мг/м3 құрайды. Құрамындағы бос күйіндегі SiO2 мөлшері 10-нан 70%-ға дейін болатын аралас шаңның ШРЕК-і, сондай-ақ асбесттің, алюминийдің және оның қорытпаларының ШРЕК- і 2 мг/м3 құрайды, ал орташа және әлсіз фиброгенді шаңдардың ШРЕК- і әр қайсысына сәйкес 4-6-дан 8-10 мг/м3 дейін ауытқиды.
Шаң түзілумен күресуде, шаң түзілуін болдырмайтын (металлдардың өңдеудің электрлік-химиялық әдістері, қысыммен құю, заттың беттерін ультрадыбыстық өңдеу және т.б.) немесе оның деңгейін төмендететін (технологиялық үрдісте ұнтақ тәрізді заттардың орнына брикеттерді, түйіршіктерді, ертінділеді қолдану, құрғақ үрдістерді, мысалы, бұрғылауда, көмір өндіруде ылғал үрдістермен ауыстыру) технологияларды қолдану шешуші фактор болып табылады. Атап айтқанда, жерасты кен орындарында, жыныстарды өндіретін, тиейтін және түсіретін жерлерде тозаңдатып сулау қолданады. Өндірістік үрдістерді автоматтандыру мен механикаландырудың, қашықтықтан басқарудың, роботты техникаларды енгізудің үлкен маңызы бар.
Шаң шығуын төмендетудің міндетті шарттарының біріне шаңдандыратын жабдықты герметизациялау және жабу, қаптама астынан ауаны сорып алу, шаң түзілетін жерлерден шаңды тікелей сорып алу, материалдарды құбырлармен сығылған ауа көмегімен тасмалдау жатады. Метал құрастырылымдар мен ірі көлемді бұйымдарды дәнекерлеу кезінде секциялы және тасымалданбалы жергілікті сорғыштар қолданылады. Екіншілік шаң түзілумен күресу үшін бөлмелерді тазалаудың вакуумдық әдісін қолданады.
Жеке басты қорғайтын құралдарға шаңға қарсы аспираторлар, қорғаныс көзілдіріктері, арнайы шаңға қарсы киімдер жатады. Тыныс мүшелерін сүзгілі және оқшаулаушы құралдармен қорғайды. Кеңінен қолданылатыны- «Лепесток» респираторлары. Шаңның теріге жағымсыз әсері кезінде қорғайтын майлар, пасталар қолданады.
Шаңды өндірістерге туберкулезбен, тыныс алу мүшелерінің созылмалы ауруларымен, жүрек-тамыр жүйесінің, көз бен тері ауруларымен ауыратындарды жұмысқа алуға рұқсат етілмейді. Кезеңдік медициналық тексерулерді өндірістің қауіптілігіне байланысты 6, 12 және 24 айда 1 рет жүргізеді, бұл кезде міндетті түрде өкпені рентгенографияға түсіру, сыртқы тыныс алу қызметін зерттеу, жалпы қан талдауы мен туберкулез микобактерияларына қақырық талдауын жасау керек. Барлық силикозбен, силикотуберкулезбен немесе туберкулезбен ауыратындар зиянды факторлармен байланысы жоқ жұмыстарға ауыстырылуы тиіс. Басқа пневмокониоздарда, мәселе жас шамасына, науқастың жасына, еңбек өтіліне, аурудың ағымына, асқынулары болуына байланысты жеке дара шешіледі.
Алдын алу шаралары ретінде шаңның ағзаға түсуін азайту, фиброздың дамуын тоқтату (УК-сәулелендіру), және ағзаның қарсы тұруын жоғарлату мақсатында жұмысшыларды УК-сәулеге түсіруді, сілтілік инголяциялар, тыныстық жаттығулар жасауды қолданады.
6. Өндіріс жағдайындағы шу, инфрадыбыс, ультрадыбыс.
Шу қатты және серпімді денелердің тербелісі нәтижесінде пайда болады. Тербелістер амплитудамен (өзінің тепе теңдік нүктесінен ауытқу шамасы), жиілікпен (уақыт бірлігіндегі тербелу саны, жиіліктің өлшем бірлігі – Герц (Гц), бір секундтағы бір тербеліс 1 Гц тең), және тербелмелі толқынның биологиялық немесе физикалық ортада қозғалу жылдамдығымен сипатталады. Жиілігі бойынша барлық тербелістер 3 диапазонға бөлінеді:
· инфрадыбыстық – 20 Гц дейін;
· дыбыстық, адам құлағы қабылдайтын – 20 Гц-тен 20 кГц дейін;
· ультрадыбыстық – 20 кГц жоғары.
Шу – бұл уақыт бойынша ретсіз үйлесетін және өзгеретін, жиілігі мен қарқындылығы әр түрлі, дыбыстардың жиынтығы. Дыбыс – жиілігі 20 Гц-тен 20 кГЦ дейінгі серпімді (ауа) ортаның механикалық тербелісі. Дыбыс толқыны паскальмен немесе ньютонмен (1Па=1Н/м2) өлшенетін дыбыс қысымымен, және Вт/м2- -пен өлшенетін дыбыс энергиясымен (дыбыс күшімен) сипатталады.
Өндіріс жағдайында 45 Гц-тен 11 кГц дейінгі диапазондағы шулар жиі кездеседі. Бұл спектрдің бәрі 31,5;63; 125; 250; 500; 1000; 2000; 4000 және 8000 Гц орташа геометриялық 9 октава жолақтарына бөлінген. Октава деп, диапазонның жоғарғы жиілігі төменгі жиілігінен екі есе көп, жиілік диапазонын айтады. 400 Гц дейінгі жиіліктегі дыбыстар басым болатын шу төмен жиілікті, 400-1000 Гц жиілікте – орта жиілікті, 1000 Гц-тен артығы - жоғары жиілікті шуға жатады.
Адамның есту анализаторы қабылдайтын ең аз дыбыс күші немесе дыбыс қысымы есту сезімінің табалдырығы деп аталады, ол жиілігі 1000 Гц стандартты үн үшін 10-12 Вт/м2 немесе 2·10-5 Н/м2тең болады. Дыбыс күшінің өсуі белгілі бір шамаға дейін оның қаттылығының күшеюі сияқты сезіледі, одан жоғары болса, ауру сезінуі пайда болады. Бұл дыбыс күші ауруды сезіну табалдырығына 102 Вт/м2-сәйкес келеді.
Есту мүшесі дыбыс қысымының айырмашылығын емес, дыбыс қысымының немесе дыбыс күшінің өзгеру есесін ажыратады, сондықтан да дыбыс қарқындылығын бұл көрсеткіштердің абсолютті мәнімен емес, өлшенген шамалардың естілу табалдырығына қатынасымен бағалау қабылданған. Естілу табалдырығынан ауруды сезіну табалдырығына дейінгі диапазондағы дыбыс қысымының есту табалдырығына қатынасы миллион есе өзгереді, сондықтан өлшеу бағанын (шкала) азайту үшін ең объективті және естіп қабылдаудың физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес келетін, салыстырмалы логарифмдік бағанды қолданады.
Фактіге негізделген дыбыс күшінің (немесе дыбыс қысымының) есту сезімінің табалдырығына қатынасының ондық логарифмін анықтайды. Мысалы, дыбыс күшінің өлшенген абсолютті мәні 10-8 Вт//м2 тең болады.
Онда, логарифмдік бірліктердегі дыбыс күші тең болады:
Бел ұсынған бұл баған, өлшенетін шамалардың мәнінің диапазонын күрт қысқартуға мүмкіндік берді. Мұндай бағанның әрбір сатысы бел (Б) деп аталады және алдыңғы сатысындағымен салыстырғанда дыбыс күшінің 10 есе өскеніне сәйкес келеді, бірақ екі есе қатты дыбыс ретінде қабылданады. Егер, дыбыс күші табалдырық күшінен 100 есе артық болса, онда оның деңгейі 2 Б тең, егер 1000 есе көп болса – 3 Б тең болады және т.с.с. Практикада белге қарағанда 10 есе аз өлшем бірлік – децибелл қолданылады. Сонымен, ауыруын сезіну табалдырығына дейінгі дыбыс күшінің барлық мәндері 14 Б немесе 140 дБ диапазонына кіреді.
Спектрінің сипаты бойынша шуды, кең жолақты және үнді (тональды) деп бөледі. Кең жолақты шудың үзіліссіз спектріне бір октава жолағындағыдан да тыс жатқан жиіліктер кіреді, үнді шулардың спектріне октава жолағындағы көршілес жатқан жиіліктердің шектелген саны кіреді, соның салдарынан үн ретінде қабылданады.
Дыбыс энергиясының уақыт бойынша таралуына қарай (уақыттық сипаттамалары бойынша) шуларды тұрақты,тұрақсыз деп бөледі:
· Тұрақты шуда, жұмыс ауысымы бойындағы дыбыс деңгейінің өзгеруі айтарлықтай өзгермейді, 5 дБА - аспайды;
· Тұрақсыз шуда, жұмыс ауысымы бойындағы дыбыс деңгейінің өзгеруі 5 дБА – артық болады;
Тұрақсыз шуға жататындар:
· Уақыт бойынша айнымалы, дыбыс деңгейі уақыт бойынша үздіксіз өзгеріп отырады;
· Үзілісті, дыбыс деңгейі сатылы түрде өзгереді, дыбыс деңгейі тұрақты болып қалатын интервал ұзақтығы 1 сек және одан да артық болады.
· Импульсты, дыбыс деңгейі (1 сек аз уақытта) тез көтеріледі және түседі (жекелеген соққылар түрінде қабылданады, мысалы, шой балға шуылы).
Шу - бүкіл ағзаға әсер ететін зиянды фактор. Тұрмыстық және транспорттық шу адамға әсер етеді, бірақ бұл әсері уақытша, дүркін-дүркін түрде ғана. Өндірістік шу бүкіл жұмыс ауысымы бойына, күн сайын, бүкіл еңбек өтілі бойына адаммен бірге жүреді. Токарьлардың жұмыс орындарындағы шу деңгейі 84 дБА, темір ұсталары мен қалыпқа құюшылардың жұмыс орындарында -115 дБА құрайды.
Шудың ағзаға әсері, есту мүшесінің қызметіндегі өзгерістермен қатар пайда болатын, әр түрлі мүшелер мен жүйелердегі функционалдық өзгерістер бірге жүретін есту мүшесінің өзіне тән зақымдануымен сипатталады. Орталық жүйке жүйесіне әсері барлық жүйкелік реакциялардың күрт бәсеңдеуімен, белсенді зейін қою уақытының қысқаруымен, еңбекке қабілеттілік пен жұмыс сапасының төмендеуімен, ұйқы бұзылуымен, есте сақтаудың төмендеуімен, ашуланшақтықпен білінеді. Жүйке жүйесі жағынан болатын функционалды өзгерістер есту қабілетінің нашарлауынан бұрын анықталады. Жүрек-тамыр жүйесіне әсері артериялық қан қысымының жоғарлауымен, жүрек тұсының ауыруымен, жүрек жиырылу ырғағының бұзылуымен және т.б. көрінеді. Асқазан ішек жолының сөл бөлу қызметі өзгереді, жекелеген ішкі сөл бөлу бездерінің гиперсекрециясы байқалады. Көру және вестибулярлы аппараттардың қызметінің бұзылулары да (айқын көру уақытының азаюы, түстерді ажыратудың нашарлауы, бас айналу және т.б.) пайда болады. Қанда холестериннің мөлшері жоғарлайды, ағзаның иммундық реакциялары әлсірейді, есте сақтауы нашарлайды.
Шудың есту мүшесіне әсері бастапқы кезеңдерінде тек есту табалдырығының жоғарлауына алып келеді, ол бірнеше минуттардан кейін бұрынғы қалпына келеді. Шудың жоғары деңгейлерінің (80 дБ және одан да артық) ұзақ уақыт әсер етуі кортиев мүшесінде құрылымдық өзгерістер туғызып, кәсіби құлақ мүкістігіне – құлақтың әр түрлі үндер мен сыбырлап сөйлеуді сезу қабілетінің тұрақты төмендеуіне алып келетін, кохлеарлық неврит дамуына әкеп соғады. Есту аппаратына ең айқын зақымдаушы әсер ететіндер жоғары жиілікті, үнді және импульсті шулар.
Шудың жұмысшыларға қолайсыз әсерінін алдын алу үшін шудың ШРЕД - ін (шектік рұқсат етілген деңгейі) сақтау қажет. Әр түрлі жұмыс орындарындағы октава жолақтарындағы дыбыс қысымының деңгейлері мен дыбыстың эквивалентті деңгейлері, сонымен қатар, еңбек ауырлығы мен қауірттілігіне байланысты дыбыстың шектік рұқсат етілген деңгейлері мен дыбыстың эквивалентті деңгейлері нормаланады (11.2 кесте).
Жұмысшыларды шу әсерінен тиімді қорғау үшін әр түрлі шаралар қолданылады. Технологиялық шаралар шулы операцияларды шуы аз операциялармен алмастырып, шудың деңгейін түбегейлі төмендетуге мүмкіндік береді, мысалы, шегелеу машиналарының көмегімен бөлшектерді шегелеуді электрлік дәнекерлеумен немесе гидравликалық біріктірумен алмастыру. Технологияны өзгерту әрдайым мүмкін бола бермейтіндіктен, шумен күресуді техникалық шаралармен де 3 бағыт бойынша жүргізеді: шуды пайда болатын жерлерінде басу; шуды шу көзінен жұмыс орнына дейінгі таралу жолында азайту; жұмысшыны тікелей қорғау. Шуды шу көзінің өзінде төмендетуге шу тұрғысынан қауіпсіз техникаларды құрастырумен, құрылымына акустикалық қасиеттері төмен материалдарды (текстолитті, капрон, пластмассадан жасалған бөлшектер және т.б.) қолданумен, қаптамалардың көмегімен жабдықтардан шығатын шуды оқшаулаумен, компрессорлардан, желдету қондырғыларынан пайда болатын аэродинамикалық шуды әлсірету үшін дыбыс сөндіргіштерді қолданумен қол жеткізуге болады.
Кесте
Еңбек ауырлығы мен қауірттілігіне байланысты өндірістік шудың ШРЕД -і, дБА
Еңбек қауірттілігінің санаттары
| Еңбек үрдісі ауырлығының санаттары
| Дене жұмысының жеңіл жүктемесі
| Дене жұмысының ауырлығы орташа жүктемесі
| 1-ші дәрежелі ауыр жұмыс
| 2-ші дәрежелі ауыр жұмыс
| 3-ші дәрежелі ауыр жұмыс
| Жеңіл дәрежелі қауірттілік
|
|
|
|
|
| Орташа дәрежелі қауірттілік
|
|
|
|
|
| 1-ші дәрежелі қауірт жұмыс
|
|
| -
| -
| -
| 2-ші дәрежелі қауірт жұмыс
|
|
| -
| -
| -
|
Шуды оның таралу жолдарында төмендету үшін, акустикалық экрандарды, төбе мен қабырғаларды өңдеу үшін дыбыс жұтатын, қаптайтын заттарды қолданады, бөлмелер арасында дыбыс оқшаулаушы (өткізбейтін) қалқаларды орналастырады, шудың берілуін дірілді оқшаулаумен және діріл жұтумен әлсіздендіреді. Дыбыс толқындарының шағылысуын азайту үшін шулы цехтар созылыңқы пішінді және төбесі едәуір биіктеу (6-7 м) болуы керек. Шулы цехтарды шусыз цехтардан алыс орналастырады.
Шу деңгейі жоғары болған кезде жеке басты қорғайтын заттарды (ішпектер, құлаққаптар, дулығалар) қолдану керек, қызметкер үшін қашықтықтан басқарылатын дыбыс оқшаулағыш кабиналарды жабдықтау қажет. Шудың зиянды әсерін төмендетуге, сондай- ақ қосымша регламенттелген үзілістер енгізу және басқа да шу әсерінің ұзақтығын шектеу жөніндегі ұйымдастыру шаралары мүмкіндік береді.
Жұмысқа қабылдауға қарсы көрсетілімдер болып табылатындар есту мүшесінің аурулары, вестибулярлық аппараттың қызметінің бұзылыстары, айқын вегетативті дисфункция және т.б.. Шулы жұмыстарға жасы 18-ге толмағандар жіберілмейді, өйткені кәсіби қүлақ мүкістігі үлкендерге қарағанда жасөспірімдерде тез дамиды.
Инфрадыбыс - 20 Гц жиілік диапазонындағы, адам құлағымен естілмейтін акустикалық тербелістер және олардың жиынтығы. Өндірістік инфрадыбысты гигиеналық бағалау үшін орташагеометриялық жиіліктері 2,4,8, және 16 Гц төрт октава жолақтарын қамтитын 1,6-дан 20 Гц-қа дейінгі жиілік диапазоны маңызды болып табылады. Спектрі бойынша инфрадыбысты шулар тудыратын жолақтардың біреуіндегі деңгейі басқа барлық жолақтардағы деңгейінен 10дБ және одан да артық болатын тональды, және жиілік спектрі бір немесе одан да көп инфрадыбысты октава жолақтарындағы жиіліктерден тұратын кең жолақты болып бөлінеді. Естілетін дыбыс пен инфрадыбыстың әсерін ажырату мүмкін емес, себебі олар жиі қатар жүреді. Инфрадыбыстың табиғи көздеріне жерсілкінуі, жанартау атқылауы, теңіздегі дауылдар және т.б. жатады.
Инфрадыбыс іштен жанатын қозғалтқыштарда, желдеткіштерде, мұнай тозаңдатқыштарда, қуатты компрессорларда, турбиналарда және т.с.с. генерацияланатын (пайда болатын) болсада, өндірістік ортадағы инфрадыбыстың әсері аз зерттелген. Жұмысшыларда бас айналу, бас ауруы, жүрек айну, қалтырап тоңу, ауыз қуысының құрғауы, таңдай мен бет терісінің ұйып қалуы, жүйкелік-психикалық бұзылыстар және әр түрлі вегетативті реакциялар пайда болады. Инфрадыбыстың өндіріс және тұрмыс жағдайына арналған ШРЕД-і дайындалған. Инфрадыбысты атмосфера нашар сіңіруіне және оның үлкен қашықтыққа таралуына, үйлерге жеңіл енетіндігіне және естілетін дыбыстарды өткізбейтін тосқауылдарды айналып өтуіне, резонанс дамуын туғызатын қабілетіне байланысты, инфрадыбыспен күресу қиынға соғады. Одан қорғану инфрадыбыс шығатын көзінде әлсіздендіру, пайда болу себептерін жою, инфрадыбысты таратпау және сіңіру, жеке басты қорғайтын заттарды қолдану жолымен іске асырылады.
Ультрадыбыс – адам құлағы естімейтін, жиілігі 20 кГц артық серпімді тербелістер мен толқындар. Ультрадыбыстың әсері кезінде газ тәрізді және сұйық орталардың шекарасында газдың немесе будың көпіршіктері пайда болады, олар жарылғанда тіндердің бұзылуына әкеп соғатын көп мөлшерде энергия бөлінеді (кавитация құбылысы). Ультрадыбыстың қатты денелерден өтуі кезіндегі әсері жоғары жиілікті дірілдің пайда болуымен байланысты.
Ультрадыбыс халық шаруашылығында кеңінен қолданылады. Төмен жиілікті ультрадыбысты тербелістер (100 кГц дейінгі) жанаспалы жолмен және ауа арқылы таралады, материалдарды тазарту, зарарсыздандыру, дәнекерлеу, механикалық және термиялық өңдеуде, аэрозольдерды коагуляциялауда, медицинада (хирургияда, стерилдеу үшін және т.с.с) қолданылады, тек жанасу жолымен таралатын жоғары жиілікті ультрадыбыс (100 кГц- 100 мГц) затты бұзбай ішіндегіні бақылау және өлшеу үшін, медицинада диагностика және емдеу мақсатында қолданылады.
Қарқындылығы төмен (1,5 Вт/см2 дейінгі) жанаспалы ультрадыбыс ағзадағы зат алмасу үрдістерінің жылдамдауына мүмкіндік туғызады, қарқындылығы орташасы (1,5-3 Вт/см2) қайтымды бәсең жүретін реакциялар, бәрінен бұрын, кейіннен қалпына келетін жүйке тіндерінің реакцияларын туғызады. Қолдың вегетативтік полиневриті, парестезия құбылыстары, қол басы мен білектің парезі, фасцикулиттер, вегето-тамырлық дисфункция, астениялық синдром байқалуы мүмкін. Қарқындылығы жоғары ультрадыбыс (3-10 Вт/см2 ) тіндердің толық бұзылуына алып келетін, қайтымсыз үрдістер тудырады.
Ультрадыбыс көздерімен жұмыс істеу кезіндегі алдын алу шаралары ауа арқылы әсер ететін және жанаспалы ультрадыбыстарға орнатылған ШРЕД-ті сақтауға, қашықтықтан басқарылатын автоматтандырылған жабдықтарды жасауға, дыбыс өткізбейтін құрылғыларды, экрандарды қолдануға, діріл өткізбейтін тұтқалары бар жұмыс құрал-саймандарын пайдалануға бағытталуы керек.
Ультрадыбыстық тербелістерден қорғауда жеке басты қорғайтын заттар маңызды орын алады: тербелістер қатты ортада таралуы кезінде тығыз мақта-мата қолғаптарының екі жұбын қолданады: тербелістер сұйық ортада таралуы кезінде – ішкі қолғаптар мақта-матадан, сыртқысы – тығыз резинадан жасалған болуы керек. Жұмыс режимі және демалу режимі сақталуы тиіс, мерзімді сағаттан артық жұмыс істеуге тыйым салынады. Ультрадыбыспен ұзақ уақыт қатынас болған кезде әрбір 1,5 сағат сайын ұзақтығы 15 минуттық үзілістер жасалынуы керек. Сонымен қатар, уқалау, УК-сәулемен емдеу, су емшараларын жүргізу, дәрумендермен емдеу тиімді болып табылады.
7. Зиянды және қауіпті өндірістік фактор ретіндегі діріл.
Діріл тек тұрақты түрткі (электр энергиясы, трасмиссия) болған кезде ғана түзілетін серпімді ортаның механикалық тербелісі болып табылады.
Механикалық тербелістердің адамға берілу жолы бойынша дірілді келесі түрлерге бөледі:
· жалпы діріл - отырған немесе тұрған адам денесінің тірек бөліктері арқылы берілетін діріл.
· жергілікті діріл, адамның қолы арқылы берілетін діріл.
Пайда болу көзі бойынша дірілді: жергілікті діріл, І санатты жалпы діріл, ІІ санатты жалпы діріл, ІІІ санатты жалпы діріл деп бөледі.
· жергілікті діріл - механикалық қол құрал-саймандары арқылы (шойбалғалар, шегелейтін, шабатын балғалар, пневматикалық және электрлік перфораторлар, тегістейтін, бұрғылайтын машиналары, электро- және бензоаралар), машиналар мен қондырғылардың қолмен басқаратын органдары арқылы немесе өңделетін бөлшектерден адамға берілетін діріл;
· І санатты жалпы діріл – көлік дірілі;
· ІІ санатты жалпы діріл – транспорттық-технологиялық (экскаваторлар, көтергіш крандар, өздігінен жүретін бұрғылау қондырғылары және т.б.);
· ІІІ санатты жалпы діріл – технологиялық діріл (станоктар, сорғыш агрегаттар, ұсталық-сыққыш жабдықтар және т.б).
Спектр сипатына бойынша дірілді жіңішке жолақты және кең жолақты деп бөледі, жіңішке жолақты діріл – бұл кезде, бір октава жолағындағы бақыланатын параметрлері көршілес жолақтағы мәнінен 15 дБ артық жоғары болады, кең жолақты діріл кезінде үзіліссіз спектрінің кеңдігі 1октавадан артық болады.
Жиілігіне байланысты дірілді бөледі:
· төмен жиілікті - жиіліктің 1—4 Гц (жалпы діріл үшін) және 6-16 Гц (жергілікті діріл үшін) октавалық жолақтарында максимальды деңгейлерінің басым болуымен сипатталады;
· орташа жиілікті (жалпы діріл үшін 8-16 Гц және– жергілікті діріл үшін 31,5-63 Гц);
· жоғары жиілікті (жалпы діріл үшін-31,5-63 Гц және– жергілікті діріл үшін-125-1000 Гц).
Уақыт сипаттамалары бойынша дірілдерді тұрақты және тұрақсыз ажыратады. Тұрақсыз діріл, уақыт бойынша айнымалы, үзілісті, импульсті болып бөлінеді.
Дата добавления: 2014-12-11 | Просмотры: 1862 | Нарушение авторских прав
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 | 40 | 41 | 42 | 43 | 44 | 45 | 46 | 47 | 48 | 49 | 50 | 51 | 52 | 53 | 54 | 55 | 56 | 57 | 58 | 59 | 60 | 61 | 62 | 63 | 64 | 65 | 66 | 67 | 68 | 69 | 70 | 71 | 72 | 73 | 74 | 75 |
|