Минералды заттар. 35 страница
Дірілдің адам ағзасына тигізетін әсері. Ағзадағы әсер ететін жері бойынша дірілді жергілікті (пневматикалық шойбалғалармен жұмыс істеу) және бір мезгілде бүкіл ағзаға әсер ететін жалпы дірілге бөледі. Дірілдің ағзаға ұзақ уақыт әсер етуі діріл ауруының дамуына алып келеді. Жергілікті және жалпы дірілден пайда болған діріл ауруының түрлерін ажыратады.
Жергілікті дірілдің әсерінен, дірілмен қатынас болғаннан бастап 5-7 жылдан кейін, діріл ауруы біртіндеп дамиды. Оның негізгі көріністері қан тамырларындағы өзгерістер, шеткі жүйке жүйесі қызметінің бұзылыстары, сүйек-буын аппараты мен бұлшықет жүйесі жағынан болатын өзгерістер болып табылады. Қан тамырларындағы өзгерістер қыл тамырлардың күрт жиырылуымен немесе атониясымен көрінеді. Төмен жиілікті діріл үшін көбіне атония, ал жоғары жиілікті діріл үшін – тамырлардың жиырылуы тән. Қан айналымының өзгерістері әр түрлі тіндердің қоректенуі (трофикасы)бұзылуына әкеп соғады. Дірілдің шеткі нерв рецепторларын тұрақты түрде тітіркендіруі салдарынан бас миы мен жұлынның афференттік орталықтарында рефлекторлық реакциялар пайда болады. Сезімталдылықтың барлық түрлері (денеге тигенді, температураны, дірілді сезу) бұзылады, парестезиялар пайда болады, ал кейінгі кезеңдерінде қозғалтқыш талшықтар жағынан да бұзылыстар байқалады. Содан кейін, тіндердің жарақаттануымен, нейро-тамырлық бұзылыстардың, бұлшықеттерге едәуір статикалық күш түсуі нәтижесінде пайда болатын олардың ұюымен, қоректенуінің бұзылуымен байланысты, тірек-қимыл аппараттары жағындағы өзгерістер қосылады. Миофасцикулиттер, иық белдеу бұлшықеттерінің миозиттері, тендомиозиттер, буындарда дегенеративті-дистрофиялық үрдістер дамиды.
Жергілікті діріл әсер етуінен болатын діріл ауруының 4 кезеңін ажыратады.
І - кезеңі – бастапқы. Сезімталдықтың, тері температурасының төмендеуі, қыл тамырлардың жиырылуға бейімділігі сияқты жеке жеңіл көріністер байқалады. Айтарлықтай қатты емес ауыру сезімі, қол саусақтарының ұйып қалуы мазалайды. Бұл кезеңде үрдіс толығымен қайтымды.
ІІ - кезеңі. Қолындағы ауыру және парестезия сезімі тұрақты сипатта болады, барлық саусақтарының сезімталдығы күрт төмендейді, тері температурасының едәуір төмендеуі, қыл тамырлардың тұрақты түрде жиырылуы, миофасцикулит, астеноневроздық реакциялар байқалады. Діріл әсерін тоқтатқан және тиісті ем қабылдаған жағдайда үрдіс қайтымды.
ІІІ - кезеңі. Бұл кезеңіне, иық белдеуінің жоғарғы бөліктеріне дейін берілетін қол басының қатты ауыруы, тамырлардың ұстамалы жиырылуы және саусақтардың бозаруы («өлі саусақтар» симптомы), кейіннен қыл тамырлардың парездік жағдайы және терісінің көкшіл тартуы қатар жүретін қан тамырларындағы айқын өзгерістер тән. Сезімталдықтың сегмент түрінде төмендеуі, орталық жүйке жүйесінің, қан айналымы мүшелерінің, эндокриндік аппараттың функционалдық күйінің өзгеруі, қалқанша бездің гиперфункцииясы, бұлшықеттердің, сүйектердің, буындардың едәуір өзгеруі байқалады. Өзгерістер тұрақты және емделуі қиын.
ІV - кезеңі – дистрофиялық өзгерістер мен үрдістің таралу кезеңі, сирек кездеседі. Жүрек және ми тамырларын, соңғы бақайшақтарының некрозы дамуына дейін алып келетін аяқ тамырларын қамтитын, таралған тамырдағы бұзылыстар дамиды. Жүрек тамырларының күрт жиырылуы, ми криздері, вестибулярлық аппараттағы бұзылыстар тән. Бұл кезең қаншалықты айқын болса, үрдіс соншалықты қайтымсыз болады.
Жалпы діріл көптеген мүшелер мен жүйелерге әсер етеді, себебі ол бүкіл денеге беріледі. Жалпы діріл тудыратын діріл ауруына, жергілікті дірілдің әсері кезіндегі сияқты, басынан діріл әсер еткен жерде ғана шектелуі тән емес. Орталық және шеткі жүйке жүйелерінде, жүрек-тамыр, эндокриндік, ас қорыту жүйелерінде, тірек-қимыл аппаратында және басқаларында бұзылыстар байқалады.
Тамырдағы бұзылыстар артериалды гипертония түрінде білінеді, бірақ жұмыс ауысымы соңына қарай қан қысымының шұғыл төмендеуімен жүретін, гипотония да дамуы мүмкін. Жүрек қан тамырларының жиырылуы, миокардиодистрофия дамуы мүмкін.
Орталық жүйке жүйесі жағындағы өзгерістер астениялық және невроздық реакциялар, вегетативтік криздер түрінде білінеді, ал ауыр жағдайларда ошақтық органикалық зақымданулардың белгілер пайда болады, диэнцефалды синдром, вестибулярлы бұзылыстар дамуы мүмкін.
Балтыр бұлшықетіндегі ауыру сезіміне, ұйып қалу сезіміне (онемения), барлық сезім түрлерінің төмендеуіне шағым айтуы тән, бұл қолға жергілікті діріл әсер еткен кездегіге ұқсас, тамырлардағы өзгерістер қатар жүретін аяқта сенсорлық немесе сенсомоторлық нейропатия дамуымен байланысты. Омыртқа бағанасында деструктивтік өзгерістер, деформациялаушы остеоартроз, екіншілік радикулиттер дамиды. Ішкі мүшелердің біршама орнынан жылжуына байланысты асқазан-ішек жолының бұзылыстары, соляриттер жиі кездеседі. Әйел адамдарда етеккір циклының бұзылуы, жыныс мүшелерінде қабыну үрдістері байқалады, ер адамдарда импотенция дамуы мүмкін.
Діріл тұрғысынан қауіпті мамандықтар кәсіби аурушаңдық пен мүгедектік құрылымында алдыңғы орындардың бірін алады. Сондықтан да алдын алу шараларын дер кезінде жүргізу мен дірілдің қолайсыз әсерінің ерте білінетін көріністерін анықтау маңызды болып табылады.
Дірілдің ШРЕД нормаланады, сонымен қатар оның деңгейі ШРЕД жоғары болған жағдайларда дірілдің әсер ететін жалпы уақыты да шектеледі. Мысалы, діріл деңгейі ШРЕД-ден 12 дБ артық қол аспаптарымен жұмыс істеген кезде, онымен жұмыс істеу уақыты 30 минутқа дейін қысқарады. Жергілікті дірілдің ШРЕД-нен 12 дБ артық болған кезінде ондай құралмен жұмыс істеуге тыйым салынады.
Діріл тұрғысынан қауіпті кәсіп түрлерінде жұмыс істейтіндер үшін арнайы жұмыс режимі дайындалады. Жұмыс ауысымы басталғаннан соң 1-2 сағаттан кейін ұзақтығы 20 минуттық және түскі үзілістен кейін 2 сағаттан соң 30 минуттық регламенттелген үзілістер ұйымдастырылады. Дірілдің бір реттік үзіліссіз әсер ету ұзақтығы 10-15 минуттан артық болмауы керек. Дірілдің жұмыс ауысымындағы әсер ету уақытын азайту үшін, жұмысшылары бірнеше мамандықтарды меңгерген, бірін-бірі күні бойы діріл қауіпті жұмыстарда өзара ауыстырып отыра алатын, бригадаларды құрады.
Адамды дірілден қорғайтын ең әсерлі шаралар діріл шығаратын жабдықтармен жанасуын болдырмау. Осы мақсатта технологиялық жетілдіру (мысалы, соққылап бұрғылаудың орнына электрлік бұрғылауды қолдану, пневматикалық шегелеуді газдық дәнекерлеумен алмастыру, діріл тұрғысынан қауіпсіз машиналар жасап шығару және басқалары), сонымен қатар, техникалық шаралар: үрдістерді автоматтандыру және механикаландыру, қашықтықтан басқару, діріл қарқындылығын тікелей діріл көзінде құрастырылымдық шешімдер арқылы төмендету, діріл көзі мен адам қолы арасына серпімді демфирлеуші материалдар мен құрылғыларды орналастыру қолданады. Діріл тұрғысынан қауіпті қондырғыларды, еденнің көршілес бөліктерінен бос кеңістіктермен бөлінген терең іргетастарда орналастырады, машиналардың отырғыштарын діріл мен түрткілерді сөндіретін заттармен жабдықтайды, құрал-саймандардың тұтқаларын дірілді сөндіретін материалдардан жасайды.
Жеке басты қорғайтын құралдарды қолдану міндетті болып табылады: дірілге қарсы қолғаптар, аяқ киім, ұлтан, тізеліктер, кеудешелер, белбеулер мен арнайы діріл сөндіретін материалдан жасалған костюмдер.
Дірілмен жұмыс істеуге жасы 18-ге толмағандар, сонымен қатар гипертония аурумен, ангиоспазмдарға бейім тамыр дистониялары, артерияларды бітейтін ауруларымен, стенокардиямен, айқын астениялық жағдайлармен, эндокриндік-вегетативтік бұзылыстармен, вестибуло-патиялармен, невриттермен, омыртқа бағанасының мойын бөлігінің остеохондрозымен, есту мүшесінің ауруларымен және т.б. сырқат адамдар жіберілмейді.
Кезеңдік медициналық тексерулер невропатологтің, оториноларингологтің және терапевттің қатысуымен жергілікті діріл әсер еткен кезде жылына 1 рет,ал жалпы діріл әсер еткен кезде 2 жылда 1 рет жүргізіледі. Дірілдің қолайсыз әсерінің алдын-алу үшін жылы сулармен емшаралар, қолдарын уқалап, жылы ауамен қыздыру, уқалау, УК-сәулемен емдеу, гимнастикалық жаттығулар кешенін, алдын-алу мақсатында дәрумендер қабылдау, психологиялық жеңілдету, жалпы әлдендіретін шаралар (денені шынықтыру, рационалды тамақтану және т.б.) жүргізеді.
8. Иондаушы емес электромагниттік сәулеленулер мен өрістер, олардың адам ағзасына әсері.
Иондаушы емес электромагниттік сәулелену мен өрістерге оптикалық және радиожиілікті диапазонындағы электромагниттік сәулеленулерді, сонымен қатар шартты-статикалық электрлік және тұрақты магниттік өрістерді жатқызу қабылданған.
Электромагниттік сәулеленулер (ЭМС) толқын ұзындығымен - λ(м), тербеліс жиілігімен - f (Гц) және таралу жылдамдығымен -V (м/с) сипатталатын элктромагниттік толқындар түрінде таралады. Бос кеңістікте ЭМС таралу жылдамдығы жарық жылдамдығына тең - С=3·108. м/с
Келтірілген параметрлер бір-бірімен келесі қатынаспен байланысады:
Ағзаға әсер ететін факторлардың бұл тобына:
· табиғи иондаушы емес электромагниттік сәулеленулер мен өрістер;
· статикалық электрлік өрістер;
· тұрақты магниттік өрістер;
· электромагниттік сәулелену мен өнеркәсіптік жиіліктегі және радиожиілікті диапазонындағы өрістер;
· лазерлік сәулелену жатады.
Өндіріс жағдайында адамға аталған өрістер мен сәулеленулердің соңғы төрт түрі әсер етеді.
Табиғи иондаушы емес сәулеленулер мен өрістер салыстырмалы түрде жақын арада зерттеле бастады және соңғы он жылдықтарда жерде тіршілік пайда болуында, одан әрі дамуы мен реттелуінде олардың маңызды ролі дәлелденді. Табиғи электромагниттік өрістердің спектрін шартты түрде бірнеше құрам бөліктеріне бөлуге болады. Олар жердің тұрақты магниттік өрісі, немесе геомагнитті өріс (ГМӨ), және 10-3 -нен 1012 Гц дейінгі жиілік диапазонындағы электростатикалық өріс пен айнымалы электромагниттік өрістер.
Табиғи электромагниттік өрістер, оның ішінде геомагнитті өріс ағзаға әр түрлі әсер етуі мүмкін. Бір жағынан, геомагниттік ауытқулар экологиялық қауіп-қатер факторы ретінде қарастырылады – биологиялық ырғақтардың, мидың функционалдық жағдайы модуляциясының синхрондылығын бұзады, клиникалық тұрғыдан ауыр медициналық патологиялар (миокард инфарктысын, инсульттерді, жол-көлік жағдайлары мен апаттарын, соның ішінде әуе апаттарының) санының өсуіне себеп болады. Басқа жағынан, ГМӨ-нің кезеңдік емес түрінің циркадтық, инфрадтық және циркосептадтық биологиялық ырғақтармен және олардың ара қатынастарымен байланысы анықталған.
Ағзаға тек магниттік толқу (буря) ғана қолайсыз әсер етіп қоймайды, сонымен қатар, адамның әлсіз электромагниттік өріс жағдайында ұзақ уақыт болуы факторы да, оның ішінде, жұмысы экрандалған бөлмелер мен құрылыстарда істелетін бірқатар өндірістерде де қолайсыз әсер етуі мүмкін. Мұндай жағдайда жұмыс істеушілер жиі көңіл-күйінің және денсаулығының нашарлағанына шағымданады, бұл-геомагниттік өрістің әсерін зерттейтін гигиенаның жаңа бағытының пайда болуына негіз болды. Геомагниттік өрістің төмен деңгейі тек экрандалған құрылыстарда ғана емес, сонымен қатар метрополитеннің жерасты құрылыстарында (2-5 есе), темір-бетонды конструкциялардан салынған ғимараттарда (1,3-2,3 есе), тез жүретін лифт кабинасында (15-19 есе), бұрғылау қондырғылары мен эксковаторлардың кабиналарында, жеңіл автокөліктердің салонында (1,5-3 есе) және басқаларда да байқалады.
Гипогеомагниттік өрістің орталық жүйке жүйесіне (негізгі жүйкелік үрдістердің дисбалансы, ми тамырларының дистониясы, жауап реакциясы уақыттының ұзаруы), вегетативтік жүйке жүйесіне (тамыр соғуымен, артериалды қысымның лабильділігі, гипертензивті типті нейроциркуляторлық дистония, миокардтың реполяризация үрдісінің бұзылуы), иммундық жүйеге (Т-лимфоциттердің жалпы санының, IgG және IgA концентрацияларының азаюы, IgE концентрациясы жоғарылауы) әсер ететіні анықталған.
Әлсіз геомагниттік өрістің әсерін регламенттейтін гигиеналық ұсыныстар жоқ. Берілген жергілікті жерге тән геомагниттік өріс деңгейі, адам үшін қолайлы болып есептеледі.
8.1 Статикалық электрлік өрістер (СЭӨ). Бұл-қозғалыста болмайтын электр зарядының өрісі, немесе тұрақты тоқтың стационарлық элетрлік өрісі. Бұлар электрмен, газбен тазалауда, рудаларды және материалдарды электростатикалық жолмен бөліп алуда, сырларды және полимерлі материалдарды электростатикалық жолмен жағу кезінде кеңінен қолданылады. Сондай-ақ диэлектрлік материалдарды жасау өңдеу, тасымалдау кезінде өнімнің электрленуінен электростатикалық зарядтар мен өрістер пайда болатын бірқатар өндірістер мен технологиялық үрдістері (тоқыма, ағаш өңдейтін, целлюлозді-қағаз, химия өнеркәсіптері және басқалары) бар.
Статикалық электрлік өрістің негізгі физикалық параметрлеріне өрістің кернеулігі және жеке нүктелердің потенциалдары жатады. СЭӨ нүктелік зарядқа әсер ететін күштің заряд шамасына қатынасымен анықталады және вольттің метрге қатынасымен өлшенеді (В/м). Статикалық электрлік өрістің энергиялық сипаттамасы өріс нүктелерінің потенциалымен анықталады.
СЭӨ әсер ету жағдайдағы жұмыс істеушілердің денсаулығында анықталатын өзгерістер, әдетте функционалды сипатта болады және астеноневроздық синдромы мен вегетативтік-тамыр дистониясы шеңберінде болады. Объективті көрінісінде өзіне тән көріністері жоқ, айқындылығы онша емес, функционалдық ауытқулар білінеді. Жұмыс орындарындағы статикалық электрлік өрістің кернеулілігінің шектік рұқсат етілген мәндері жұмыс күні бойына әсер ету уақытына байланысты орнатылады. Жұмыс орындарындағы электростатикалық өрістің шектік рұқсат етілген кернеулігі (Еngy ) 1 сағатқа дейінгі уақытта әсер еткенде 60кВ/м артық болмауы тиіс, ал одан да ұзағырақ жұмыс істеген кезде келесі өрнек (формула)бойынша анықталады:
мұндағы t – 1-ден 9-ға дейінгі сағатпен берілген уақыт.
8.2 Тұрақты магниттік өрістер. Жұмыс орындарындағы тұрақты магниттік өрістің көздеріне тұрақты магниттер, электрлік магниттер, тұрақты токтың күшті ток жүйелері (тұрақты токтың берілу желісі, электрлік- магниттік ванналар және т.б.) жатады.
Тұрақты магниттер мен электрлік магниттер аспап жасауда, көтергіш крандардың магнитті шайбаларында, магниттік сепараторларда, суды магнитпен өңдеуге арналған құрылғыларда, магниттік гидрадинамикалық генераторларда (МГД), ядролық магниттік резонанс (ЯМР) және электрондық парамагниттік резонанс құрылғыларында, сондай-ақ физиотерапия практикасында кең қолданылады.
Тұрақты магниттік өрісті сипаттайтын негізгі физикалық параметрлері өріс кернеулігі (Н), магнит ағыны (Ф) және магнит индукциясы (В) болып табылады. Магниттік өріс кернеулігінің СИ жүйесіндегі өлшем бірлігі ампердің метрге қатынасы (А/м), магниттік ағынның бірлігі– Вебер (Вб), магниттік ағын тығыздығының (магниттік индукция) бірлігі – тесла (Тл) болып табылады.
ТМӨ 2 Тл дейінгі деңгейлері ағзаға айтарлықтай әсер көрсетпейді. Сонымен қатар, ТМӨ көздерімен жұмыс істейтіндердің денсаулық жағдайындағы өзгерістер болатыны анықталған. Бұл көріністер жиі вегетодистония, астеновегетативті және шеткі вазовегетативті синдромдар немесе олардың қатар жүретін түрінде байқалады. Қан құрамындағы эритроциттер саны мен гемоглобин мөлшерінің төмендеу жағына беталуы, орташа дәрежеде лимфо- және лейкоцитоз болуы мүмкін.
Жұмыс орындарындағы ТМӨ кернеулігі 8 кА/м (10мТл) аспауы тиіс. (1991 ж.) иондаушы емес сәулеленулер жөніндегі Халықаралық комитет ұсынған тұрақты магниттік өрістің рұқсат етілген деңгейлері жұмыс істейтін адамдар, денеге әсер ететін жері және жұмыс уақыты бойынша дифференциаланған. Кәсібі тікелей тұрақты магниттік өріспен байланысты мамандар үшін – толық жұмыс күнінде (8 сағат) әсер еткенде 0,2 Тл; денеге қысқа уақыт әсер еткен кезінде - 2 Тл; қолдарға қысқа уақыттық әсер еткен кезінде - 5 Тл. Халық үшін тұрақты магниттік өрістің үздіксіз әсер ету деңгейі - 0,0011 Тл аспауы керек.
8.3 Радиожиілікті диапазонындағы электромагниттік сәулеленулер. Радиожиілікті диапазонындағы электромагниттік сәулеленулерге (ЭМС) жиілігі 3-тен 3·1012 Гц дейінгі (100000км-ден 0,1 мм дейінгі толқын ұзындығы сәйкес келетін) электромагниттік өрістер (ЭМӨ) жатады. Халықаралық регламентке сәйкес жиілігіне және толқын ұзындығына байланысты, 12 кіші диапазондарға бөлінеді.
Электромагниттік тербелістердің ең жиі кездесетін екі түрін ажыратады – үйлесімді және өзгертілген.
Үйлесімді тербелістерде электрлік (Е) және магниттік (Н) құрамдастар синус немесе косинус заңы бойынша өзгереді. Өзгертілген тербелістер кезінде амплитудасы мен жиілігі белгілі бір заң бойынша өзгереді.
Радиожиілікті диапазонындағы электромагниттік сәулеленудің көздері халық шаруашылығының әр түрлі салаларында қолданылады: қашықтан ақпараттарды беру үшін (радиохабарлар, радиотелефонды байланыс, теледидар, радиолокация және басқаларда). Өнеркәсіптерде радиотолқынды диапазондағы электромагниттік сәулеленулер материалдарды индукциялық және диэлектрлік қыздыру үшін қолданылады. Ғылыми зерттеулерде электромагниттік сәулеленулер радиоспектроскопияда, радиоастрономияда, медицинада– физиотерапияда, сондай-ақ хирургтар мен онкологтар практикасында қолданылады. Электрлік берілістің әуе желісінің, трансформаторлық кішістанциялардың, электрқұралдарының, оның ішінде тұрмыстық құралдардың маңайында электрмагниттік сәулелену жанама қолданылмайтын фактор ретінде түзіледі. Қоршаған ортада радиожиілікті электромагниттік өрістердің пайда болатын негізгі көздеріне радио және телерадиостанциялардың, радиолокациялық станциялардың антена жүйелері, сондай-ақ ұялы радиобайланыс жүйелері мен электр берілістерінің әуе желілері жатады.
Адам ағзасы радиожиілікті электрмагниттік өріс әсеріне аса сезімтал болып келеді. Аса сезімтал мүшелер мен жүйелерге ОЖЖ, көз, гонадалар, ал кейбір авторлардың пікірі бойынша қан түзуші жүйелер де жатады. Бұл сәулеленулердің биологиялық әсері толқын ұзындығына (немесе сәулелену жиілігіне), түзілу режиміне (үзіліссіз, импульсті) және ағзаға әсер ету жағдайына (тұрақты, үзілісті, жалпы, жергілікті), әсер ету қарқындылығы мен ұзақтығына байланысты болады.
Биологиялық белсендігі толқын ұзындығы өскен сайын (немесе сәулелену жиілігі төмендеген сайын) азая береді. Радиотолқындардың санти- және дециметрлік диапазондары ең белсенділері болып табылады. Радиожиілікті электромагниттік сәулеленулер тудыратын зақымданулар жедел немесе созылмалы болуы мүмкін. Жедел зақымданулар қарқынды лығы үлкен, айқын жылулық әсері бар сәулеленулер әсер еткен кезде дамиды. Олар өте сирек кездеседі – радиолокациялық станцияларда апаттар болғанда немесе қауіпсіздік техникасы өрескел бұзылған кезде орын алады. Электромагниттік сәулелену көздерімен жұмыс істейтіндерге, әдетте, ЭМС микротолқынды диапазонындағы көздерімен бірнеше жылдар жұмыс істегеннен кейін анықталатын созылмалы кәсіби зақымданулар көбірек тән. Оның клиникалық көріністерінде үш негізгі синдромды ажыратады: астениялық (бас ауруы, жоғары дәрежеде қажығыштық, ашушаңдық, жүрек тұсында кезеңді түрде пайда болатын ауыру сезімі), астеновегетативтік (гипотония, брадикардия, гипертония түріндегі нейро-циркуляторлы дистония) және гипоталамустық (ұстамалы жыпылық аритмия ұстамалары, қарыншалық электросистолалар, кейіннен ерте пайда болатын атеросклероз, жүректің ишемия аурулары, гипертония ауруы дамиды) Нормативтік құжаттарда электрлік (Е) және магниттік (Н) өрістерге арналған энергетикалық экспозиция (ЭЭ), сондай-ақ, жұмыс күніндегі энергия ағынының тығыздығы (ЭАТ) нормаланады.
Радиожиілікті диапазонының облысында жұмыс істейтін аппараттарға жеке адамдық компьютерлердің терминалдары бейнедисплейлері, сондай-ақ ұялы телефондар жатады.
8.4. Өнеркәсіптік жиіліктегі электрмагниттік өрістер (ӨЖ ЭМӨ). Соңғы жылдарда жиілігі 50 Гц электрмагниттік өрістер өз алдында жеке диапазонға бөлінген. Олардың негізгі көздеріне айнымалы токтың өндірістік және тұрмыстық электржабдықтарының әр түрлі түрлері, сондай-ақ аса жоғары кернеулі (АЖК) электр берілісінің әуе желілері мен подстанциялары жатады. Өнеркәсіптік жиіліктегі электрмагниттік өрістерді гигиеналық бағалау электрлік және магниттік өрістері бойынша жеке-жеке жүргізіледі.
Өнеркәсіптік жиіліктегі электрмагниттік өрістердің әсеріне өндіріс жағдайында ұшыраған жұмысшылардың денсаулық жағдайында өзгерістер байқалады. Олар негізінен ағзаның неврологиялық статусындағы өзгерістерді (бас ауруы, жоғары ашушаңдық, тез қажығыштық, салғырлық, ұйқышылдық), сонымен қатар жүрек-тамыр қызметінің бұзылыстарын (тахикардия және брадикардия, артериалық гипертензия немесе гипотония, тамыр тұрақсыздығы, гипергидроз) және асқазан-ішек жолдарындағы өзгерістерді білдіретін шағымдар түрінде болады. Шеткі қан құрамында өзгерістер-орташа дәрежеде тромбоцитопения, нейтрофильді лейкоцитоз, моноцитоз, ретикулопенияға бетбұрыс болуы мүмкін.
Өнеркәсіптік жиіліктегі электрлік өрістердің ШРЕД-і толық жұмыс күні үшін 5 кВ/м деңгейінде орнатылады, ал 10 минуттан аспайтын әсеріне арналған максималды ШРЕД-і 25 кВ/м құрайды, қарқындылығы 5-20 кВ/м аралығындағы рұқсат етілген болу уақыты келесі өрнек бойынша анықталады:
Дата добавления: 2014-12-11 | Просмотры: 1209 | Нарушение авторских прав
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 | 40 | 41 | 42 | 43 | 44 | 45 | 46 | 47 | 48 | 49 | 50 | 51 | 52 | 53 | 54 | 55 | 56 | 57 | 58 | 59 | 60 | 61 | 62 | 63 | 64 | 65 | 66 | 67 | 68 | 69 | 70 | 71 | 72 | 73 | 74 | 75 |
|