АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология

Минералды заттар. 30 страница

Прочитайте:
  1. A. дисфагия 1 страница
  2. A. дисфагия 1 страница
  3. A. дисфагия 2 страница
  4. A. дисфагия 2 страница
  5. A. дисфагия 3 страница
  6. A. дисфагия 3 страница
  7. A. дисфагия 4 страница
  8. A. дисфагия 4 страница
  9. A. дисфагия 5 страница
  10. A. дисфагия 5 страница

 

 

ХІ- ТАРАУ. ЕҢБЕК ГИГИЕНАСЫ

1. Өндірістік факторлар туралы түсінік. Кәсіптік зияндылықтар және адам денсаулығы. Еңбек жағдайының жіктелуі.

Еңбек үрдісінде адам өндірістік үрдіс технологиясының ерекшеліктерімен, микроклимат жағдайларымен, орындалатын еңбек іс әрекеттерінің сипатымен байланысты әр түрлі факторлардың әсеріне ұшырайды. Бұл факторлардың көпшілігі өздеріне тән патологияның – кәсіби аурулардың - дамуына себеп болуы, сонымен қатар, этиологиясы кәсібі емес аурулардың ағымын ауырлатуы немесе олардың пайда болуының қауіп-қатер факторы болуы, адам ағзасының қарсылық күшін төмендетуі, ұрпақтарының денсаулығына қолайсыз әсер етуі мүмкін.

Еңбек іс әрекетінің адам ағзасына тигізетін теріс салдарының алдын алудың ғылыми негіздерін және практикалық шараларын дайындаумен еңбек гигиенасы айналысады. Ол өндірістік орта мен еңбек үрдісінің факторларын, олардың адам денсаулығына әсерін зерттейді және алынған ғылыми мәліметтер негізінде жұмысшылардың денсаулығын сақтау, кәсіптік аурулардың алдын алу, сонымен бірге, жұмысшылардың кәсіптік емес ауруларының өршуі мен олардың асқынуының алдын алу мақсатында еңбек жағдайын жақсарту жөнінде шаралар дайындайды.

Өндірістік орта деп, адамның өндірістегі еңбек әрекеттері жүзеге асырылатын ортаны түсінеді. Адамға өндірістік орта өндірістік үрдіс факторлары, табиғи-климаттық (ықшам климаттық) факторлар, сонымен қатар, еңбектің жалпы санитарлық жағдайларымен байланысты (рационалды емес және жеткіліксіз жарықтандыру, қанағаттанарлықсыз тұрмыстық жағдайлар, жоспарлау және т.б.) факторлары арқылы әсер етеді.

Өндірістік үрдіс факторлары - бұл өндірістік үрдіс технологиясына, қолданылатын жабдықтарға, қондырғыларға байланысты факторлар. Мысалы, антибиотиктер өндірісінде технологиялық үрдіс бірнеше кезеңдерден тұрады. Басында ферментерлерде, содан кейін инокуляторларда тұрақты температурада антибиотиктердің продуценттерін – микроскопиялық саңырауқұлақтарды, бактерияларды өсіреді. Олар түзген антибиотиктер дақылдық (культуральная) сұйыққа өтеді, сұйықты ашық сүзгі-сыққышта (фильтр-пресстерде) мицелий мен балласт заттардан тазартады. Содан кейін, одан антибиотикті бөліп алады да әр түрлі еріткіштердің көмегімен немесе ион алмастыру әдісімен тазартады. Алынған өнім буландырып-кептіретін агрегаттарда кептіріледі, содан кейін стерильді флакондарға өлшеніп салынады немесе таблеткаланады.

Технологиялық үрдіс өндірістік бөлмелердің ауасына тірі микроағзалардың - антибиотик продуценттерінің (биологиялық фактор), антибиотик шаңының, антибиотиктерді экстракциялауда қолданылатын заттардың булары мен газдарының (химиялық фактор) бөлінуімен жүреді. Жұмысшылардың терісі мен арнайы киімдері дақылдық сұйықпен (биологиялық + химиялық фактор) және антибиотиктердің нативті ерітіндісімен (химиялық фактор) ластануы мүмкін. Сонымен қатар, дайындық, кептіру және ферментация бөлімдерінде істейтін жұмысшылар ферментерлерден және кептіру агрегаттарынан бөлінетін артық жылу әсеріне де (физикалық фактор) ұшырауы мүмкін.

Сонымен, мысалда келтірілгендей, өндірістік үрдіс факторларының табиғаты химиялық, физикалық және биологиялық болуы мүмкін. Олар барлық өндірістерде кездеседі, бірақ олардың құрамы өндіріс сипатына байланысты болады. Физикалық факторларға шу, ультрадыбыс, инфрадыбыс, діріл, иондаушы емес және иондаушы электромагниттік сәулелену, барометрлік қысым, ауаның температурасы, ылғалдығы, ауаның қозғалу жылдамдығы, жылу радиациясы, жарық деңгейі және басқалар жатады.

Химиялық факторлар өте көп, оларға шикізат түрінде қолданылатын немесе технологиялық үрдіс барысында түзілетін аралық не болмаса ақырғы өнімдер болып табылатын бейорганикалық та, органикалық та қосылыстар жатады. Химиялық факторларға сондай-ақ химиялық синтез жолымен алынатын, және/немесе бақылануы үшін химиялық талдау әдістері қолданылатын табиғаты биологиялық заттар да (антибиотиктер, дәрумендер, гормондар, ферменттер, белокты заттар) жатқызады. Биологиялық факторлар тобына жұқпалы және паразиттік аурулардың қоздырғыштары (бактериялар, вирустар, микроскопиялық саңырауқұлақтар, қарапайымдылар, гельминттер), микроағзалар-продуценттер, микробтық препараттарда болатын тірі микроағзалар мен споралар кіреді.

· Табиғи-климаттық факторлар кез-келген географиялық ендікте ашық аспан астында жұмыс істеген кездегі өндірістік ортаның міндетті құрамдастарының бірі болып табылады. Микроклиматтық жағдайлар жабық бөлмелерде жергілікті жердің климаттық жағдайларына ғана емес, сондай-ақ, өндірістік үрдістің сипатына да байланысты болады, яғни өндірістік үрдіс сипатымен байланысты факторлар болып табылады. Мәселен, бірқатар өндірістер (металлургия зауыттарының илемдеу (жұқарту), домна цехтары, машина жасау зауыттарының құю, термиялық цехтары және басқалары) ауаның жоғары температурасымен және қыздырылған қондырғылардан, металдардан, пештерден (ыстық цехтар) бөлінетін үлкен жылу сәулеленумен ерекшеленеді..

Керісінше, кеме жасауда, сыра қайнату зауыттарында, тоңазытқыш жайларында (суық цехтар) ауа температурасы тек қыста ғана емес, сондай-ақ жаз мезгілінде де төмен, тіпті нөлден төмен болуы да мүмкін.

Еңбек іс әрекеттерін орындай отырып, жұмысшылар тек өндірістік орта факторларының әсеріне ғана емес, сонымен бірге орындалатын жұмыстың сипатына, ұзақтығы мен қарқындылығына, оның ұйымдастырылыуына байланысты еңбек үрдісі факторларының әсеріне де ұшырайды. Еңбек үрдісінің факторларына жататындар:

· статикалық және динамикалық шамадан артық жүктемелер (ауыр заттарды көтеру және тасу, мәжбүрлі дене қалпы, жүкті көтеріп тұруда, статикалық күш салу, кеңістікте қозғалу және т.б.);

· жүйкелік-психикалық жүктемелер: интеллектуалдық (ой жұмысындағы зорлануы), сенсорлық (анализаторлардың зорлануы), эмоционалдық;

· еңбектің бір сарындылығы;

· гиподинамия;

· жекелеген мүшелер мен жүйелердің (дыбыс байламдарының, қан айналу, тыныс алу жүйелерінің және т.б.) зорлануы;

· физиологиялыққа сай емес күн тәртібі (жұмыс күнінің ұзаруы, үзілістердің қысқартылуы немесе болмауы, түн мезгілінде ауысымдармен жұмыстың ретсіз ауысуы).

Осы факторлардың әсерімен еңбек әрекетінің ауырлығы мен кауіртілігі анықталады. Еңбек ауырлығы басым тірек-қимыл аппаратына және ағзаның іс әрекетін қамтамасыз ететін функционалдық жүйелерге (жүрек-тамыр, тыныс алу және басқа) түсетін жүктемелерді көрсетеді. Еңбек кауіртілігі негізінен орталық жүйке жүйесіне, сезім мүшелеріне, жұмысшының эмоционалдық сферасына түсетін жүктемемен сипатталады.

Өндірістік орта мен еңбек үрдісінің факторларын біріктіріп өндірістік факторлар немесе еңбек жағдайлары деп атайды. Өндірістік факторларды з иянды және қауіпті факторларға бөледі. Жұмысшының денсаулығына қолайсыз әсері еңбекке қабілеттіліктің төмендеуімен, кәсіптік аурулар мен уланулардың дамуымен, жәй патологиялардың дамуы және күшеюінің жиіленуімен, ағзаның қарсы тұру қабілетінің төмендеуімен, ұрпақтарының денсаулығының бұзылуымен білінетін факторларды зиянды факторлар деп айтады. Қауіпті факторлар деп, денсаулықтың жедел бұзылуын, тіпті, адамның өлімін де туғызуы мүмкін, зиянды факторларды атайды.

Барлық зиянды факторларды, басқаша айтқанда, кәсіптік зияндылықтар деп айтады, ал олардың адам ағзасына тек сол факторлардың әсерімен немесе олардың басым әсер етуі нәтижесінде пайда болатын ауруларды - кәсіптік аурулар деп атайды. Бұл кезде кәсіптік аурулардың екі тобын ажыратады. Бірінші топқа, сол ауруларға тән белгілердің дамуындағы басты немесе жетекші рөл тек бір ғана өндірістік факторға тиесілі болатын аурулар жатады. Мұндай кәсіптік ауруларға мысалы, діріл ауруын, силикозды, сынаптық улануды жатқызуға болады. Мысалы, силикоз тек бос күйіндегі кремний қос тотығы бар шаңмен тыныс алғанда, сынаптан улану – тек сынап қосылыстары әсер еткенде ғана дамиды. Екінші топқа әр түрлі факторлардың әсерінен пайда болатын, бірақ, нақты жағдайларда аурудың дамуында өндірістік ортаның белгілі бір факторымен себептік байланысы дәлелденген, аурулар жатады. Мұндай ауруларға мақта шаңымен байланысы болған жұмысшыларда дамыған кәсіптік бронх демікпесін, туберкулезбен ауратын жануарлармен жұмыс істеген мал дәрігерлерінің кәсіптік туберкулезін және де басқаларды жатқызуға болады.

Барлық кәсіптік ауруларды этиологиялық белгілері бойынша келесі топтарға бөледі:

1. Химиялық факторлардың әсерінен болатын аурулар: жедел және созылмалы уланулар, қатерлі ісіктер, аллергоздар, тері зақымдалулары.

2. Физикалық факторлардың әсерінен болатын аурулар: шу және діріл аурулары, жедел және созылмалы сәуле ауруы, катаракта, дененің қатты қызуы мен қатты салқындауы және басқалары.

3. Өнеркәсіптік аэрозольдердің әсерінен пайда болатын аурулар: шаң бронхиттері, пневмокониоздар, жоғарғы тыныс жолдарының аурулары және басқалар.

4. Еңбек үрдісі факторларының әсерінен туатын аурулар: қимыл үйлесімі бұзылатын невроздар, моно- және полинейропатиялар, радикулиттер, бурситтер, аяқ көк тамырларының варикозды кеңеюлері, кұшейе түсетін алыстан көрмеушілік, ларингиттер және басқалары.

5. Биологиялық факторлардың әсерінен пайда болатын аурулар: әр түрлі инфекциялар мен паразиттік инвазиялар, саңырауқұлақтар тудыратын зақымданулар және басқалар.

Пайда болу уақытына байланысты кәсіптік аурулар мен уланулар жедел және созылмалы болуы мүмкін.

Өндірістік факторлардың өте үлкен концентрацияларында немесе деңгейлерінде бір рет әсер еткеннен кейін немесе бір ауысым ішінде бірнеше мәрте әсер еткеннен кейін дамитын аурулар жедел кәсіптік аурулар деп аталады. Жедел кәсіби аурулар, мысалы, қандай да бір өнеркәсіптік удан улану, адам денсаулығының ауыр бұзылуларына және жиі өлім жағдайларына алып келуі мүмкін. Созылмалы кәсіптік аурулар зиянды фактордың жедел әсерінің салдарын тудыратын концентрациялары мен деңгейлерінен едәуір аз, бірақ рұқсат етілгенінен жоғары концентрациялар мен деңгейлерінде көп рет ұзақ әсер етуі кезінде дамиды.

Өндірістік факторлар тек кәсіптік аурулар дамуының себебі болып ғана қоймайды, сондай-ақ, кең таралған, көп этиологиялы аурулар болып табылатын, гипертония ауру, жүректің ишемия ауруы, невроздар, баспа, мойын-иық және бел-сегізкөз радикулиттері және басқалар сияқты кәсіппен байланысты аурулар деп аталатын аурулардың пайда болуына немесе дамуына себепші болуы мүмкін.

Мұндай аурулармен аурушандық қолайсыз еңбек жағдайларында жоғарылайды және зиянды заттармен байланысы жоқ кәсіптік топтардағы аурушандығынан асып түседі. Мәселен, қорғасын өндірісінде жұмыс істейтіндерде артериалды гипертензия, атеросклероздық өзгерістер жиі кездеседі, осыған байланысты пайда болатын еңбекке жарамсыздық жағдайларының жиілігі мен ұзақтығы жоғары болып келеді. Берілген жағдайда қорғасынға тән спецификалық синдромдар дамымайды, бірақ кәсіптік емес аурулардың пайда болуына, ағымы мен ақырына анық әсері көрінеді.

Қолайсыз өндірістік факторлар бұрыннан бар аурулардың ағымын ауырлатуы мүмкін. Мысалы, поллинозбен ауыратын адамда мақта шаңымен, басқа да өсімдік тектес аллергендермен, тітіркендіргіш әсерлі заттармен байланыста болып жұмыс істегенде, аурудың маусымдық қозу кезеңдері жиілейді және ұзарады, жиі бронх демікпесіне ауысатын бронхоспастикалық құбылыстар қосылады.

Зиянды факторлардың әсеріне бала жаста және жастық кезеңде, сонымен қатар, әйел адамдарда, әсіресе жүктілік және бала емізу кезеңіндерінде, сезімталдығы жоғары болады. Кәсіптік зияндылықтар әдетте адамның өзі қолдан жасаған факторлар болып табылады, және олардың көбіне ағзада қорғанудың адекватты бейімделу механизмдері жеткілікті мөлшерде қалыптаспаған. Олардың кейбіреулерінен (мысалы, иондаушы сәулеленулерден) туындаған қауіп туралы дабыл қағатын рецепторлар немесе мүшелер жоқ. Қолайсыз әсер тек фактормен қатынаста болған сәтте ғана емес, сондай-ақ, онымен қатынасты тоқтатқаннан кейін ұзақ уақыт өткеннен сон немесе осы адамның ұрпақтарында байқалуы мүмкін (ұзақ уақыттан кейінгі салдарлар). Көптеген өндірістік факторлар канцерогенді, мутагенді және эмбриотропты эффектілер туғызуы мүмкін.

Жұмысшылардың денсаулығын сақтау және нығайту, кәсіптік және кәсіппен байланысты аурулардың пайда болуын болдырмау, кәсіптік емес аурулардың ағымының ауырлауының және ұзақ уақыттан кейінпайда болатынсалдарлары дамуының алдын алу үшін, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау қажет. Олар, жұмыс істеушілерге зиянды және қауіпті өндірістік факторлардың әсері болмаған жағдайда немесе олардың деңгейі гигиеналық нормативтерден аспағанда ғана, қауіпсіз болып табылады.

Еңбек жағдайының гигиеналық нормативтері деп, аптасына 40 сағаттан аспайтын уақыт (демалыс күндерінен басқа күндері) бүкіл еңбек өтілі бойына зиянды өндірістік факторлармен күнделікті жұмыс істеген кезде, жұмыс үрдістері барысында немесе кәзіргі және келешектегі ұрпақтарда ол факторлардың әсерінен ұзақ уақыт өткеннен кейінгі өмірінде, қазіргі кездегі зерттеу әдістерімен анықталатын аурулар немесе денсаулық жағдайында ауытқулар тудырмайтын, зиянды өндірістік факторлардың деңгейлерін түсінеді. Жаңа зерттеу әдістерінің пайда болуы денсаулық жағдайындағы бұрынғы әдістермен анықталмаған ауытқуларды анықтауы мүмкін, соған байланысты, гигиеналық норматив те өзгертілуі мүмкін. Бірақ, нормативтердің сақталуы сезімталдығы жоғары адамдардың денсаулығын сақтауға толық кепілдік бере алмайды.

Өндірістерде байқалатын жұмыс жағдайлары өндірістік орта факторларының зияндылық және қауіптілік көрсеткіштері бойынша және еңбек үрдісінің ауырлығы мен қауырттылығы бойынша 4 классқа бөлінеді.

Қолайлы еңбек жағдайлары (1 класс) – жұмыс істеушілердің денсаулығы сақталатын және еңбекке қабілеттілігі жоғары деңгейде сақталуына алғы шарттары бар, еңбек жағдайлары. Өндірістік факторлардың қолайлы нормативтері микроклимат параметрлері мен еңбек үрдісінің факторлары үшін орнатылған. Басқа факторлар үшін, өндірісте қолайсыз факторлары жоқ немесе факторлардың деңгейлері халық үшін қауіпсіз деп қабылданған деңгейлерден аспаса, еңбек жағдайлары шартты түрде қолайлы деп қабылданады.

Рұқсат етілген еңбек жағдайлары (2 класс), жұмыс орындары үшін бекітелген гигиеналық нормативтерден аспайтын, өндірістік орта мен еңбек үрдістері факторларының деңгейімен сипатталады, ал ағзаның функционалдық жағдайында болатын өзгерістер регламенттелген демалыс уақытында немесе келесі жұмыс ауысымның басында қалпына келеді және жұмыс істеушілер мен олардың ұрпақтарының денсаулық жағдайына жақын уақытта және ұзақ уақыт өткеннен кейінгі кезенде қолайсыз әсер етпеуі тиіс. Рұқсат етілген еңбек жағдайларын шартты түрде қауіпсіз еңбек жағдайларына жатқызады.

Зиянды еңбек жағдайлары (3 класс), деңгейі гигиеналық нормативтерден асатын, зиянды өндірістік факторлардың болуымен сипатталады, сол себепті бұл факторлар жұмысшының және/немесе оның ұрпағының ағзасына қолайсыз әсер етеді. Зиянды еңбек жағдайлары гигиеналық нормативтерден артық болуы және жұмысшылардың ағзасындағы өзгерістердің айқындық дәрежесіне байланысты төрт зияндылық дәрежесіне бөлінеді.

3 класының 1 дәрежесі (3.1) – Жұмыс жағдайы, ағзада функционалдық өзгерістерді тудыратын және денсаулыққа зақым келтіру қауіпін арттыратын, гигиеналық нормативтерден ауытқитың зиянды факторлардың деңгейлерімен сипатталады. Бұл функционалдық өзгерістер, әдетте, зиянды факторлармен байланыста болуды келесі ауысымның басталауынан да ұзағырақ. уақыт ұзгеннен кейін, қалпына келеді.

3 класының 2 дәрежесі (3. 2) –

- – Еңбек жағдайы, тұрақты функционалдық өзгерістерді түдыратын, көпшілік жағдайларда өндіріспен байланысты аурушаңдыққа әкеп соғатын (еңбек қабілеттілігін уақытша жоғалтқан аурушандық деңгейінің өсуімен, оның ішінде, ең алдымен, берілген зиянды факторлардың әсеріне ең осал мүшелер мен жүйелердің жағдайын көрсететін, аурулар деңгейінің жоғарылауымен білінетін), ұзақ уақыт әсер еткеннен кейін (жиі 15 және одан да артық жылдан кейін) пайда болатын кәсіптік аурулардың бастапқы белгілерін немесе жеңіл (мамандығы бойынша жұмыс қабілеттілігі сақталған) түрлерін тудыратын, зиянды факторлардың деңгейлерімен сипатталады.

3 класының 3 дәрежесі (3. 3) – Еңбек жағдайы, еңбек іс әрекеті кезенінд е, әдетте, ауырлығы жеңіл және орташа дәрежедегі (мамандығы бойынша еңбекке қабілеттілігін жоғалтып) кәсіптік аурулар дамуына, сонымен бірге, өндіріспен байланысты созылмалы патологияның және оған қоса, еңбекке қабілеттілігін уақытша жоғалтуымен сипатталатын аурушаңдық деңгейінің жоғарылауына әкеп соғатын, зиянды факторлардың деңгейлерімен сипатталады;

3 класының 4 дәрежесі (3. 4) - Еңбек жағдайы кәсіптік аурулардың ауыр түрлерінің (еңбекке қабілеттілігі жалпы жоғалған) пайда болуы мүмкіншілігімен, созылмалы аурулар санының едәуір өсуімен және еңбекке қабілеттілігін уақытша жоғалтқан аурушаңдық деңгейінің жоғары болуымен сипатталады.

Қауіпті (экстремальды) еңбек жағдайы (4 класс) жұмыс ауысымы бойына (немесе оның бір бөлігінде) әсер етуі өміріне қауіп тудыратын, жедел кәсіптік зақымданулар, оның ішінде ауыр түрлері, дамуының қауіпін жоғарылататын, өндірістік факторлардың деңгейлерімен сипатталады.

Жоғарды келтірілген жіктелуінде класстарының тек жалпы сипаттамасы көрсетілген. Бұдан басқа, факторлардың барлық түрлері - химиялық, физикалық, биологиялық – бойынша нақтыландырылған сапалық және сандық сипаттамалары бар.

Өндірістік орта факторларының зияндылық және қауіптілік көрсеткіштері, еңбек үрдісінің ауырлығы және қауырттылығы бойынша еңбек жағдайына баға берудің гигиеналық критерийлері мен еңбек жағдайын жіктелуі, еңбек гигиенасы мен кәсіптік патологияда көптеген ғылыми-практикалық мәселелерді шешу үшін қолданылады. Атап айтқанда, олардың негізінде сауықтыру шараларын жүргізудің бірінші кезектілігі анықталады, жұмыс орындарының сипаттамасы жүргізіледі, медициналық және әлеуметтік сипаттағы мәселелер: жұмыс күнін қысқарту, зейнеткерлікке шығу жасын төмендету, ұзартылған демалыс беру, емдік-алдын алу жөніндегі тамақтану түрімен қамтамасыз ету, емдік-қалпына келтіру шараларын жүргізу, еңбек жалақысын көтеру және басқа да мәселелер шешіледі.

20-шы жүзжылдықтың 90-шы жылдарының басында еңбек гигиенасы мен кәсіптік аурулар базасында жаңа пән – еңбек медицинасы пайда болды, ол алдын-алу және емдеу жөніндегі медицинаның біріктірілген саласы болып табылады. Бүкіл дүниежүзілік денсаулық сақта ұйымының жанындағы Халықаралық еңбек ұйымының анықтамасы бойынша, еңбек медицинасының мақсаты, барлық кәсіп түрлеріндегі жұмысшылардың дене, ішкі сезімі, әлеуметтік саулығын нығайту және ең жоғары дәрежеде сақтау; еңбек жағдайларына байланысты болатын денсаулық жағдайындағы ауытқулардың алдын алу; жұмысшыларды, жұмыс кезіндегі денсаулығына қауіпті факторлармен байланысты қауіп-қатерлерден қорғау; жұмысшыларды, олардың физиологиялық және психологиялық қабілеттіліктеріне бейімделген, өндірістік ортада орналастыру және қорғау, нәтижесінде, жұмысты жұмысшыларға және әрбір жұмысшыны өзінің жұмысына бейімдеу болып табылады.

Еуропалық елдер қауымдастығында еңбек медицинасы қызметіне кәсіптік патология жөніндегі дәрігер, психолог, психотерапевт, еңбек гигиенасы маманы, өнеркәсіп эпидемиологі, токсикология, микробиология, химия мамандары, еңбек қауіпсіздігі жөніндегі инженер, еңбек медицинасы, еңбекті ұйымдастыру, аурудың алдын алу және денсаулықты сақтау салаларындағы ғылыми зерттеулер бойынша мамандар және басқалар кіреді. Медицинаның емдеу және профилактикалық бөлімдерін мұндай біріктіру жұмыс істейтін адамның денсаулық жағдайын басқару мәселелерін тиімдірек шешуге, денсаулықты сақтау мен нығайтудың жаңа құралдары мен әдістерін дер кезінде және жоғары деңгейде дайындап, практикаға енгізуге мүмкіндік береді.

2. Өндірістік факторлардың қолайсыз әсерінің алдын алу.

Кәсіпорындардың жұмысшыларына емдеу- аурудың алдын-алу көмегін ұйымдастыру.

Жұмысшылардың денсаулығын сақтау және нығайту, кәсіптік зияндылықтардың қолайсыз әсерінің алдын алу үшін, бағыты бойынша ұқсас, бірақ әр түрлі өндірістерде өзіндік ерекшеліктері бар, сауықтыру шараларының тұтас кешенін жүргізеді. Бұл шаралардың мазмұны еңбек жағдайын сауықтыру және медициналық жолмен жұмысшылардың денсаулығы бұзылуының алдын алу болып табылады. Алдын алу шараларының кешеніне кіретіндер:

1. Заңдылық;

2. Технологиялық

3. Техникалық және санитарлық-техникалық;

4. Ұйымдастыру;

5. Емдеу-алдын алу.

Заңдылық шараларға өндірістік факторларды гигиеналық нормалау, стандарттарды, еңбек жағдайын сауықтыру бойынша санитарлық ережелер мен ұсыныстарды дайындау, сонымен қатар құқықпен бекітілген жұмысшылардың еңбегін қорғау жатады.


Дата добавления: 2014-12-11 | Просмотры: 1540 | Нарушение авторских прав



1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 | 40 | 41 | 42 | 43 | 44 | 45 | 46 | 47 | 48 | 49 | 50 | 51 | 52 | 53 | 54 | 55 | 56 | 57 | 58 | 59 | 60 | 61 | 62 | 63 | 64 | 65 | 66 | 67 | 68 | 69 | 70 | 71 | 72 | 73 | 74 | 75 |



При использовании материала ссылка на сайт medlec.org обязательна! (0.01 сек.)