ҚД-2 кезінде ҚД жоқ науқастармен салыстырғанда ЖИА-мен сырқаттану қаупі 6 есе жоғары. Артериялық гипертензия ҚД-1-мен сырқаттанған науқастардың 20%-да, ал ҚД-2-мен сырқаттанған науқастардың 75%-да дамиды. ҚД кезінде шеткі қантамырлардың облитерациялаушы атеросклерозы науқастардың 10%-да, бас миы қантамырларының тромбоэмболиясы 8%-да көрініс береді (ҚД-мен сырқаттанбаған науқастармен салыстырғанда 2–4 есе жоғары).
Клиникалық көрінісі
ҚД жоқ науқастардың клиникалық көріністерінен ерекшеленбейді. ҚД-2 кезінде макроқантамырлық асқынулар (миокард инфаркті, инсульт, аяқ қантамырларының окклюзиялы зақымдалуы) алдыңғы орынға шығады және осы асқынуларды анықтау барысында алғаш рет гипергликемия анықталады. ҚД-мен сырқаттанған науқастарда автономды нейропатияның дамуына байланысты 30% жағдайда миокард инфаркті ангинозды ұстамасыз өтеді (ауырсынусыз инфаркт).
Диагностикасы
Атеросклероз асқынуларын диагностикалау қағидаларының ҚД жоқ науқастарда асқынуларды диагностикалаудан еш ерекшелігі жоқ (ЖИА, бас миы, аяқ қантамырларының окклюзиялы зақымдануы). Артериялық қан қысымын өлшеу ҚД-мен сырқаттанған науқастардың әрбір дәрігерге келуі кезінде міндетті түрде орындалуы тиіс. Қанның липидті спектр көрсеткіштерін анықтау (жалпы холестерин, үшглицеридтер, ТТЛП, ТЖЛП) жылына бір реттен кем зерттелмеуі қажет.