АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология
|
Жіктелуі (Г.Н.Красовский бойынша) 6 страница
Топырақтың негізгі құрам бөлігі, сондай-ақ ондағы ауа және су болып табылады. Топырақтың жоғарғы қабаттарындағы (0,2 м) ауа құрамы бойынша атмосфералық ауаның құрамына жақын болады. Топырақ тереңдеген сайын оттегінің мөлшері азаяды да, көмірқышқыл газының концентрациясы артады. Алайда, 3 метрден 6 метрге дейінгі тереңдіктің өзінде де топырақтағы ауа құрамындағы оттегінің концентрациясы (14,2-16,8%) органикалық ластаушылардың аэробты тотығуы үшін жеткілікті болып саналады (Е.И. Гончарук, 2006). Көмір қышқыл газының мөлшері 1 метр тереңдіктің өзінде-ақ 1%-ға дейін артады, ал одан ары тереңдікте (3-6 м) 4-8%-ға жетеді. Көбінесе топырақтың өткізгіштігінің нашарлауына және оның ластануына байланысты оттектің концентрациясы біршама төмендегенде (2%-ға дейін және одан да аз), органикалық қалдықтардың анаэробты жағдайда ыдырау үрдістері басым жүреді. Нәтижесінде көмірқышқыл газы жинақталады және жабық орындар немесе кеңістіктерге түскенде адамдарға жағымсыз әсер ететін метан, аммиак, күкіртті сутек сияқты улы әсер ететін қосылыстар түзіледі. Құдықтар, терең шұңқырлар қазу кезінде, жер асты қондырғыларында топырақ ауасынан улану оқиғалары орын алған.
Топырақтағы су түрліше қызмет атқарады. Ең алдымен, ол топырақ флорасы мен фаунасының тіршілік етуі үшін қажетті фактор болып табылады. Түрлі қосылыстардың әмбебап еріткіші бола отырып, су, бір жағынан, өсімдіктерге қажетті химиялық заттарды тасымалдайды, екінші жағынан, топырақта болып жататын барлық химиялық және биохимиялық үрдістер жүзеге асыратын орта болып табылады. Алайда, сумен бірге топырақтағы организмдерге қажетті заттар ғана емес, сонымен қатар топырақ пен жер астылық сулардың кеңінен таралған ластану мүмкіндіктерін жоғарылататын химиялық және биологиялық ластаушылар да тасымалданады. Топырақтың жылулық қасиеттері, оның аэрациясы мен өздігінен тазару қабілеті топырақтағы су мөлшеріне байланысты болады.
2. Топырақтың гигиеналық маңызы
Тұрғындар денсаулығы үшін топырақтың маңызы өте зор. Ол адамның тіршілік етуі мен өмір сүру ортасында түрлі жағдайларды қалыптастыруда маңызды роль атқарады.
Топырақ адамға қажетті өсімдік текті азық өсірілетін және жануар текті азықтың біраз бөлігі алынатын, осыған байланысты оның құнарлылығы аса маңызды болып саналатын қоршаған ортаның объектісі болып табылады. Топырақтың химиялық құрамы сол территориядағы қоршаған ортаның басқа нысандарының– су, өсімдіктер, алынатын өнімдердің химиялық құрамын, сондай-ақ адамның өз ағзасының ұлпалары мен мүшелерінің құрамын анықтайды, осыған байланысты топырақтағы микроэлементтердің табиғи жетіспеуі немесе артық мөлшері эндемиялық аурулардың пайда болуына әкеп соғады.
Топырақ кәсіпорындардан, көлік түрлерінің түтіндерінен атмосфералық ауаға бөлінген түрлі экзогенді химиялық заттармен, радионуклидтермен, ағынды сулармен, тұрмыстық және өндірістік қалдықтармен ластануы мүмкін және осы ластаушылардың тасымалдануы нәтижесінде жер астылық, жер бетілік суларды, атмосфералық ауаны, тағамдық өнімдерді ластаушы заттар көзіне айналады. Топырақтың техногенді ластануы тұрғындардың денсаулық жағдайының нашарлауына себеп болуы мүмкін.
Топырақ климатты қалыптастырушы факторлардың бірі болып табылады. Түрлі үйлер мен жергілікті жердің микроклиматтық жағдайлары топырақтың құрылымы мен физико-химиялық қасиеттеріне байланысты болады, бұл көрсеткіштер құрылыс салу үшін топырақтың жарамдылығын, өздігінен тазару үрдістерінің тиімділігін анықтайды.
Топырақ үнемі биологиялық ластануға ұшырап отыратындықтан, жұқпалы және паразиттік аурулардың берілу факторы бола алады.
Топырақта – оразан зор табиғи биохимиялық зертханада – топырақ организмдерінің қатысуымен үнемі органикалық заттардың ыдырау және жаңа протеинді кешендердің синтезделу үрдістері жүзеге асып отырады, нәтижесінде топырақтың құнарлылығы артады. Өздігінен тазару үрдісінде патогенді микрофлора жойылады. Топырақтың өздігінен тазару қабілеті сұйық және қатты қалдықтарды залалсыздандыру және өңдеп, қайта пайдаға асыру үшін қолданылады.
Топырақтың гигиеналық маңызының негізгі аспектілеріне толығырақ тоқталайық.
2.1. Топырақтың қасиеттері мен механикалық құрамының гигиеналық маңызы
Топырақтың механикалық элементтері топырақ бөлшектерін құрайды. Әртүр.лі топырақтар бір-бірінен олардың механикалық құрамына кіретін топырақ бөлшектерінің өлшемі (түйіршіктері) бойынша, сондай-ақ бөлшектер арасындағы саңылаулардың көлемі мен жалпы саңылаулардың көлемі бойынша (%-бен) ажыратылады. Өлшеміне байланысты топырақ бөлшектерін (Качинский жіктеуі бойынша) тастар мен қиыршық тас (өлшемі 3 мм-ден артық), ірі құм (3-1 мм), орташа құм (2-0,25 мм), майда құм (0,25-0,5 мм), ірі шаң (0,05-0,01 мм), орташа (0,01-0,05 мм), жұқа (0,005-0,001 мм) және лай (0,001 мм-ге дейін) деп бөледі.
Құм мен саздың арақатынасы бойынша, топырақ құрамының 90%-дан астамы құмнан тұратын болса - құмды, 80-90%-ы құмнан тұратыны - құмайт, 50%-дан 80%-ға дейін құмнан тұратын - сазды және 20%-дан 50%-ға дейін және одан кем құмнан тұратын – саз балшықты деп бөледі. Құмды және құмайт, сондай-ақ жеңіл сазды топырақтар ірі түйіршікті болып саналады. Олардың саңылаулары аз – саңылаулардың көлемі топырақтың жалпы көлемінің шамамен 25-40%-ды құрайды, бірақ саңылаулары ірі. Ауыр сазды, балшықты және шымтезекті топырақтар майда түйіршікті болып, кішігірім саңылауларының саны едәуір болады, осыған байланысты саңылауларының жалпы көлемі, ірі түйіршікті топырақтарға қарағанда, анағұрлым жоғары болады. Мысалы, саз балшықты топырақта ол 45-60%-ға, ал шымтезек топырақта - 82%-ға дейін жетеді. Топырақтың механикалық құрамының үлкен мәні бар, өйткені топырақтың ауа - және су өткізгіштік, су сиымдылық, капиллярлық және гигроскопиялылық сияқты аса маңызды гигиеналық қасиеттері оған тікелей байланысты.
Топырақтың ауа өткізгіштігі деп, оның өзінің қабаттары арқылы ауа өткізу қабілетін айтады. Ауа өткізгіштік саңылаулырының көптігіне емес, олардың өлшеміне байланысты болады, сондықтан ірі түйіршікті, саңылауларыірі топырақтардың ауа өткізгіштігі жоғары болады. Егер барлық саңылаулар суға немесе мұзға толы болса, ауа өткізгіштік нольге дейін төмендейді. Саңылауларыірі топырақтардың ауа өткізгіштігі жоғары болғандықтан, оларда аэрация жақсы жүреді, бұл органикалық заттардың аэробты тотығуының жақсы жүруіне жағдай жасайды. Мұндай топырақтар ең жарамды деп есептеледі.
Топырақтың су өткізгіштігі, немесе фильтрациялық қабілеті деп, оның жер бетінен түскен суды өткізуін айтады. Жақсы су өткізгіштік топырақта судың жинақталуына және батпақтануға кедергі жасайды, сондықтан су өткізгіштігі жоғары топырақтар, әдетте, құрғақ және жылы болып, онда өздігінен тазару урдістері үшін қолайлы жағдайлар туады. Топырақтың жақсы су өткізгіштігі, сондай-ақ сүзілген судың грунт үстінде жинақталып, жер асты су көздерінің түзілуіне себепші болады. Сонымен бірге, кейде топырақтың сүзгіштік қабілетінің жоғарылығының зиянды сипаты да байқалады, өйткені жер бетінен топыраққа түскен ағынды сулар жер асты су көздерін ластайды.
Топырақтың ылғал сыйымдылығы топырақтың саңылауларында жиналатын су мөлшерімен сипатталады. Саңылаулардың өлшемі неғұрлым кіші және топырақтың саңылауларының жалпы көлемі неғұрлым жоғары болса, ылғал сыйымдылық соғұрлым жоғары болады. Кішкентай саңылаулары көп болса, майда түйіршікті топырақтардың ылғал сиымдылығы өте жоғары болады. Мысалы, саз, құмға қарағанда, өзінің саңылауларында суды 2-3 есе, ал шымтезек – 30-40 есе көп ұстайды. Жоғары ылғал сыйымдылық топырақтың ауа- су өткізгіштігін нашарлатады, оның өздігінен тазару қабілетін төмендетеді. Ылғал сыйымдылығы жоғары топырақтар ылғал, суық болып, үй-жайларда дымқылдық тудырады.
Топырақтың капиллярлығы деп аталатын қасиеті – оның суды капиллярлар бойымен топырақтың төменгі қабаттарынан жоғарғы қабаттарына көтеру қабілеті де дымқылдықтың туындауына себеп болады. Капиллярларды топырақтың бөлшектері түзеді. Топырақ бөлшектері мен олардың арасындағы саңылаулар неғұрлым кішкентай болса, капиллярлығы соғұрлым жоғары болады. Капиллярлықтың жоғары болуы жер сулары деңгейінің көтерілуіне жағдай жасайды және тіпті іргетасы жер асты суларының деңгейінен жоғары салынған ғимараттарда да дымқылдықтың туындауына себеп болады.
Сонымен, ірі түйіршікті топырақтардың ауа- су өткізгіштіктері жақсы, ылғал сыйымдылығы мен капиллярлығы төмен болады, ал майда түйіршікті топырақтардың ауа – су өткізгіштіктері, керісінше төмен болып, ылғал сыйымдылығы мен капиллярлығы жоғары болады. Сондықтан майда түйіршікті топырақтар құрылыс үшін онша қолайлы емес, олардың өздігінен тазару үрдісі нашар жүреді, олар өліктерді жерлеуге жарамсыз, территорияда қолайсыз микроклимат қалыптастырады.
Топырақтың күн сәулесі әсерінен қызу дәрежесіне, климаттық жағдайларға, жергілікті жердің жер бедеріне, топырақтың сипаты мен қасиеттеріне, өсімдіктер өсуі мен т.б. факторларға байланысты болатын топырақтың жылулық қасиеттерінің гигиеналық маңызы өте зор. Әсіресе, оңтүстік және оңтүстік-шығыс беткейлердегі құрғақ тасты грунт пен құмды топырақтар күн сәулесінен күштірек қызады. Сазды, шымтезекті топырақтар, қара топырақ пен өсімдік жамылғысы қалың топырақтар нашар қызады. Ылғал топырақ тіпті қызбайды. Топырақтың температурасы, әсіресе, төлелер мен ғимараттардың бірінші қабаттарында қолайлы микроклимат жағдайлары қалыптасуы үшін, өте маңызды.
Топырақтың жылу өткізгіштігі жоғары емес, осыған орай сыртқы температуралық ауытқулар 2 м тереңдікке 2 айдан соң жетеді. Осының нәтижесінде жазда мұндай тереңдікте, жер бетіне қарағанда, біршама төмен температура, ал қыста – біршама жоғары температура қалыптасады. Топырақтың бұл қасиеттері тез бұзылатын азық-түлік өнімдерін сақтауға арналған жерқоймалар мен жерасты қоймаларын салу үшін пайдаланылады. Бұдан басқа, оңтүстік аудандарда ғимараттардың астындағы топырақтың біршама төмен температурасы бірінші қабаттағы үй-жайлар үшін қолайлы салқындатқыш роль атқарады.
2.2. Жұқпалы және паразиттік аурулардың таралуындағы топырақтың ролі.
Топырақ ортасы патогендік микрофлораның тіршілігін сақтап қалуына қолайлы болып табылмайды, алайда оның эпидемиологиялық қауіптілігі жоғары, өйткені елді мекендердің топырақтарына жұқпалы аурулар мен ивазиялардың қоздырғыштары үнемі түсіп отырады, олардың дамуы үшін қолайлы жағдайлар болмағанда да, олар ұзақ уақыт бойы өздерінің тіршілік қасиеттері мен вируленттігін сақтап қала алады.
Топырақты ластаушы көздер – нәжіс, зәр, қи, қоқыс, өліктер, ағынды сулар және басқалар болып табылады. Топыраққа түскен көптеген микроорганизмдер күн сәулесінің әсерінен тіршілігін жояды, сондықтан тіршілікке қабілетті қоздырғыштардың негізгі бөлігі топырақтың бетінде емес, 1 см-ден 10 см-ге дейінгі тереңдігінде болады. Мұнда да олар белгілі уақыттан кейін өздерінің жойылуына әкеп соғатын қолайсыз факторлардың әсеріне ұшырайды. Бұл қолайсыз әсерлер - топырақ микрофлорасы, бактериофагтар мен топырақтағы антибиотиктік заттардың антагонистік әсері, қоректік субстраттың жоқтығы, температуралық-ылғалдылық режимнің тұрақсыздығы және т.б. Алайда, тіршілікке қабілетті патогенді микроорганизмдердің топырақта аз уақыт болуының өзі, олардың топырақтағы сумен бірге жер асты және жер бетіндегі су көздеріне, топырақ шаңымен бірге ауаға түсу, көкөністер мен жидектердің, адамның қолы мен терісінің басқа бөліктерінің ластануы, кеміргіштер, шыбындар мен басқа насекомдар арқылы олардың таралу қаупін туғызады. Осыған байланысты жұқпалы аурулар мен инвазиялардың топырақ арқылы берілуі мүмкін жолдары: нәжіс - оралды, жанасу, ауа-шаң арқылы.
Топырақ арқылы әр түрлі аурулар берілуі мүмкін, атап айтқанда: ішек инфекциялары, антропозооноздар, аса қауіпті инфекциялар, гельминтоздар, сіреспе, газды гангрена, ботулизм, энтеровирусты инфекциялар, микозды аурулар (5.1.-кесте).
Бұл инфекциялардың көпшілігі нәжіс - оралды жолмен: кір қол, азық-түлік өнімдері, су, көкөністер, жемістер, жидектер арқылы беріледі. Түйнеме ауруының споралары, туберкулез микобактериялары, полиомиелит, Коксаки мен ЕСНО вирустары, актиномицеттер де ауа-шаң арқылы беріле алады. Түйнеме ауруын, газды гангрена, сіреспе, анкилостомидозды жұқтыру жанасу жолмен де - адам ағзасына терінің жараланған бөлігі, немесе шырышты қабықтар арқылы жүреді. Ботулизм азық-түлік өнімдерінде CI.Botulinum спораларымен ластанғанда және одан кейін олардың ары қарай өсіп, көбеюі кезінде пайда болады.
Кесте
Топырақ арқылы берілетін жұқпалы аурулар мен инвазиялар
Ауру топтары
| Аурулар
| Бактериялық ішек инфекциялары
| Сүзек, паратифтер, дизентерия, тырысқақ, эшерихиоз, сальмонеллез және т.б.
| Энтеровирустық инфекциялар
| Гепатит-А, полиомиелит, Коксаки және ECHO вирустарынан пайда болатын менингит
| Протозойлы инвазиялар
| Амебиаз, лямблиоз және басқалар
| Антропозооноздар
| Лептоспироз, сарып, туляремия, түйнеме, туберкулез, сап, оба және басқалар
| Ішекқурт инвазиялары
| Аскаридоз, трихоцефалез, анкилостомидоз, стронгилоидоз және басқалар
| Саңырауқұлақ инфекциялары
| Актиномикоз, кандидоз және басқалар
| Спора түзуші микроағзалардан туындайтын аурулар
| Сіреспе, газды гангрена, ботулизм және басқалар
|
Қоздырғыштардың вегетативті түрлері топырақта бірнеше аптадан бірнеше айға дейін (5.2. -кесте), ал спора түзуші бактериялардың споралары – ондаған жылдар бойына сақталады. Сондықтан спора түзуші бактериялардан туындайтын аурулардың пайда болу қаупі ешқашан жойылмайды. Спора түзуші микробтардың, атап айтқанда, сібір жарасының қауіпті көздері - осы аурудан өлген жануарлардың көмілген, қайтыс болған адамдардың жерленген орындары болып табылады.
Топырақ гельминтоздардың таралуында ерекше роль атқарады. Ауру адам мен жануарлардың нәжісімен бірге топыраққа гельминттердің жетілмеген жұмыртқалары – аскаридалар, қылбастар, тағы басқалардың орасан зор мөлшері түседі. Олар топырақта инвазиялық қасиеттерге ие болуына мүмкіндік беретін өздерінің даму циклын аяқтайды, осыған байланысты бұндай гельминттер геогельминттер деп аталады. Топырақ бетіндегі гельминттердің жұмыртқалары инсоляция мен кебуден өледі, ал 2-10 см тереңдікте жатқандар өз тіршілігін 7-10 жылға дейін сақтап қалады (Е.И.Гончарук, 2006). Гельминттер нәжіс-оралды жолмен, ал анкилостомалар – жараланбаған тері арқылы жұғады. Аскариданың жұмыртқалары алуан түрлі объектілерде, әсіресе климаты орташа ылғалды және ылғалды климатты аймақтарда кездеседі. Аскаридоз бен трихоцефалезді көбінесе, жеке бас гигиенасының ережелерімен жеткілікті дәрежеде дағдыланбаған балалар жұқтырады. Адам ит аскаридасын да жұқтыруы мүмкін. Қалаларда иттердің көптігі және оларды ұстау ережелерін сақтамау топырақтың гельминт жұмыртқаларымен ластануына әкеп соғады. Токсокароз – иттер аскаридасының личинкалары тудыратын ауру, ол анық аллергиялық белгілермен (есекжем, тұншығу және тағы басқа) және қарқынды өтуімен сипатталады.
Кесте
Жұқпалы және паразиттік аураларды қоздырғыштарының
топырақта сақталу мерзімі
Ауру тудырушылар
| Орташа сақталу мерзімі, апта
| Ең көп сақталу мерзімі, ай
| Сүзек-паратиф тобы
| 2-3
| 12 және одан да артық
| Дизентерия тобы
| 1,5-5
| шамамен 9
| Тырсықақ тобы
| 1-2
| 4-айға дейін
| Сарып таяқшасы
| 0,5-3
| 2-айға дейін
| Туляремия таяқшасы
| 1-2
| 2,5-айға дейін
| Оба таяқшасы
| шамамен 0,5
| 1-айға дейін
| Туберкулез таяқшасы
|
| 7- айға дейін
| Полиомиелит, Коксаки, ECHO вирустары
| 10-13
| 6- айға дейін
| *Е.И. Гончарук бойынша берілген, 2006.
Топырақ пен өсімдіктер, таспа құрттардың жеке бунақтары бар адам нәжістерімен ластану салдарынан, топырақ сиыр мен шошқа цепеньдері туғызатын биогельминтоздардың тарауына себеп болады. Оларды ірі қара малдар мен шошқалар жұқтырады, ал осы гельминттердің личинкалары бар етті пайдаланған кезде – адам жұқтырады. Айта кету керек, алайда, ластанған топырақтан алынған азық-түлік өнімдері ас қорыту жолына түскенде, адам сиыр цепенінің аралық иесі де бола алады.
Топырақтың, содан кейін көкөністердің, аскөктің, судың эхинококтердің жұмыртқаларымен немесе жетілген бунақтарымен ластануы адамның ауыр паразиттік ауруы – эхинококкоз пайда болуына әкеп соғуы мүмкін.
Топырақтың эпидемиологиялық маңызы, сондай-ақ оның түрлі жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын тасымалдаушылар болып табылатын шыбын, бүрге, москиттер личинкалары дамитын орта екендігіне байланысты. Бұдан басқа, топырақта кенелер мен трансмиссивті инфекциялардың кейбір басқа тасымалдаушылары, сонымен қатар қауіпті антропозооноздардың – оба, туляремия, лептоспироз, құтыру ауруларын туғызатын кеміргіштер де мекендейді.
2.3. Топырақтың табиғи химиялық құрамының гигиеналық маңызы
Топырақтың химиялық құрамы алуан түрлі, оған, жоғарыда көрсетілгендей, минералды және органикалық қосылыстар түріндегі барлық дерлік белгілі химиялық элементтер кіреді. Судағы, өсімдіктердегі және азық-түлік өнімдеріндегі белгілі бір минералды элементтердің құрамы, демек, адам ағзасының олармен қамтамасыз етілуі топырақтың химиялық құрамына байланысты. Сумен және мал шаруашылығы мен топырақта өсірілген егін шаруашылығы өнімдерімен бірге адам ағзасына күкірт, көміртек, азот, фосфор, кальций, натрий, калий, хлор, т.б. сияқты биогенді макроэлементтер, эссенциалды, салыстырмалы эссенциалды және уытты микроэлементтер, сол сияқты ультрамикроэлементтер түседі. Эссенциалды микроэлементтер ағзаның тіршілігі үшін өте қажет, оларға темір, йод, мыс, хром, кобальт, молибден, марганец, мырыш, селен жатады. Салыстырмалы эссенциалды микроэлементтердің адам мен жоғары сатыдағы жануарлар үшін маңызы мен олардың басқа микроэлементтермен толық алмастырылмайтындығы әлі де толық анықталмаған мәселе. Бұл топқа фтор, никель, ванадий, мышьяк, кремний, литий, бор, бром кіреді. Улы әсері бар топырақ микроэлементтерінің үлкен бір тобын: алюминий, кадмий, қорғасын, сынап, берилий, барий, висмут, таллий және т.б. құрайды. Ультрамикроэлементтердің (индий, теллур, ниобий, алтын және тағы басқалары) биологиялық әсері толық зерттелмеген, олар да ағзаның тіршілігі үшін қажетті элементтер болуы мүмкін.
Макроэлементтер ағза массасының 99% құрайды және ағзада 0,01%-дан артық мөлшерде кездеседі. Микроэлементтердің құрамы 0,001-0,00001% аралығында, ультрамикроэлементтер – 0,00001%-дан аз болады. Ағзадағы эссенциалды микроэлементтердің ролі зор. Олар, көмірсулар, белоктар және нуклеин қышқылдарының синтезделуі мен ыдырау реакцияларын қоса алғанда, тотығу-тотықсыздану реакцияларының реттелуі, жасушалық тыныс алу, т.б. түрлі зат алмасу үрдістеріне қатысатын көптеген ферменттер, гормондар мен дәрумендердің құрамына кіреді (VIII-тарау, «Минералды заттар»). Оның үстіне, олардың қолайлы әсері белгілі мөлшерлері аралығында ғана байқалады, ал артық және жеткіліксіз мөлшерде болса, керісінше, зиянды әсер етеді. Уытты микроэлементтердің әсері белгілі бір табалдырықтық дозадан асқан кезде байқалады, төмен деңгейілері биологиялық әсер етпейді.
Әр түрлі аймақтардағы топырақтың химиялық құрамы бірдей болмайды, өйткені, бұл көрсеткіштер сол аудандардағы геологиялық және топырақ түзілу үрдістерінің ерекшеліктеріне байланысты қалыптасады. Осыған байланысты, кейбір аудандарда микроэлементтердің белгілі бір түрлері артық мөлшерде болса, ал екіншілерінде керісінше, олардың жетіспеушілігі байқалады. Осындай табиғи биогеохимиялық провинциялардың (IV және VIII тараулар) тұрғындарында топырақта және осыған байланысты қоршаған ортаның басқа да нысандыранда микроэлементтердің жетіспеушілігі немесе артық мөлшерде болуына байланысты туындайтын түрлі эндемиялық аурулар байқалады. Аномалиялық биогеохимиялық провинциялар туралы ілімнің негізін салушы академик А.П.Виноградов болды. Организмдердің химиялық құрамы мен жер қыртысының химиялық құрамы арасындағы тығыз байланысты дәлелдеген В.И.Вернадскийдің еңбектерін негізге ала отырып, ол жер шарының әр түрлі аудандарында химиялық элементтердің біркелкі таралмағандығын және сол территориядағы тұрғындарда спецификалық патологияның дамуында биогеохимиялық провинциялардың элементтік құрамының маңыздылығын анықтады.
Дата добавления: 2016-03-26 | Просмотры: 761 | Нарушение авторских прав
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 | 40 | 41 | 42 | 43 | 44 | 45 | 46 | 47 | 48 | 49 | 50 | 51 | 52 | 53 | 54 | 55 | 56 | 57 | 58 | 59 | 60 | 61 | 62 | 63 | 64 | 65 | 66 | 67 | 68 | 69 | 70 |
|