АкушерствоАнатомияАнестезиологияВакцинопрофилактикаВалеологияВетеринарияГигиенаЗаболеванияИммунологияКардиологияНеврологияНефрологияОнкологияОториноларингологияОфтальмологияПаразитологияПедиатрияПервая помощьПсихиатрияПульмонологияРеанимацияРевматологияСтоматологияТерапияТоксикологияТравматологияУрологияФармакологияФармацевтикаФизиотерапияФтизиатрияХирургияЭндокринологияЭпидемиология

Жіктелуі (Г.Н.Красовский бойынша) 34 страница

Жоғары температурада өңдеу, тағамның дәмділік сапасын арттыру, көптеген тағамдық азықтардың асқорыту сөлдерінің әсер етуіне ашық болуын қамтамасыз ету, микрофлораларды максималды жою және дайын аспаздық өнімдердің микробтармен қайта ластануын болдырмау мақсатында жүргізіледі. Сонымен қатар, жоғары температурада өңдеу тағамның тамақтық және биологиялық құндылығын едәуір төмендетпеуі тиіс. Температура режимін және өнімді (азық-түлікті) өңдеуге қойылатын талаптарды сақтау, қажетті бактерицидтік тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Жоғары температурада өңдеу үшін қайнату, қуыру, бұқтыру, қыздырып пісіру, буға пісіру және басқа да әдістер қолданылады. Зарарсыздандырудың ең сенімді әдісі -қайнату, себебі, қайнату кезінде тағам біркелкі қызады, ал тағамның ішіндегі температура 96С° және одан да артық болады. Етті қайнату кезінде, оның жылу өткізгіштігі нашар болуына байланысты, біркелкі қызуына қол жеткізу қиынырақ. Сондықтан, етті 1,5-2 кг-нан үлкен емес кесек түрінде және екі сағаттан кем емес уақыт қайнату керек. Бірақ, ұзақ уақыт қайнату кезінде тамақтақ заттары - дәрумендері, минералды заттары, т.б. едәуір азаяды. Мұндай шығындарды азайту үшін, етті қайнап тұрған суға салу немесе тағамды қазіргі кездегі бу-конвекциялық пештерде дайындау ұсынылады. Бұл пештерде дайындау кезінде, зарарсыздандыру үшін қажетті тағамның терең бөлігіндегі температура едәуір тезірек қамтамасыз етіледі.

Қуыру, әсіресе әрі қарай қыздырып пісіруді немесе бұқтырып пісіруді қолданбай, қатты жанған жалында қуырып тағам дайындау, оның зарарсыздануына мүмкіндік бермейді, себебі, тағамның қызуы біркелкі жүрмейді: сыртқы бетінде температура 180-200°С дейін жетеді де, ал арасындағы температура 52-64°С шамасында болады. Осыған байланысты, тартылған, шабылған еттен жасалған тағамдарды, котлет қоспасынан жасалған өнімдерді, балықтарды 10-15 мин бойына екі жағын бірдей майда қуырғаннан кейін 10-15 минут бойына 220-250°С температура жағдайында духовкада немесе қуыратын шкафта пісуін жетілдіреді. Қуыру кезінде бетінде қабыршық пайда болады, ол қоректік заттардың шығуына кедергі жасап, олардың тағамда сақталуында себепші болады.

Қайнатып пісірген ет пен құс етін үлестеп бөлгеннен кейін немесе бірінші және екінші тағам түрі үшін майдалап турағаннан кейін, міндетті түрде жоғары температурада екінші рет өңделуі қажет - микробтармен қайта ластануының алдын алу үшін сорпада қайнату немесе духовкада 10 минут бойына ыстыққа қақтап алу керек. Дайын болған бірінші және екінші тағам түрлерін ауруларға үлестіргенге дейін 2 сағаттан артық емес уақыт ыстық (температурасы 75С°) плитаның үстінде ұстауға болады.

Көкөністер мен жемістерді жоғары температурада өңдеу кезінде, оларда дәрумендерді, бірінші кезекте С дәруменін, минералды заттарды және басқа да биологиялық белсенді заттарды максималды сақтауға тырысады. Осы мақсатта көкөністерді пісіру кезінде, оларды қайнап тұрған суға салады да, С дәруменін жоятын оттегі кірмеуі үшін, бетіне дейін толтырылған қақпағы жабылған қазанда ақырын жанып тұрған жалында қайнатады. Көкөністерді қазанға бір мезгілде салмайды, оларды өңдеуге қажетті уақытты есепке алып барып салады. С-дәруменінің сақталуы жоғары болуы үшін, тағамды тот баспайтын болаттан жасалған ыдыста дайындау керек, сондай-ақ, буда пісіру керек, ол кезде С-дәрумені 80%-ға дейін сақталады. Бұқтырып пісіру, езбе жасау, ыстыққа қақтап пісіру (запеканка), котлет дайындау С-дәруменінің ең көп жойылуына (70-90%) әкеп соғады. Көкөністерден жасалған тағам түрін дайындап болғаннан кейін тез үлестірілуі тиіс. Салаттар мен винегреттерді тоңазытқышта максималды сақтау мерзімі - ас қатық қосылмаған түрінде 12 - сағат, ас қатық қосылған түрінде - 3сағаттан артық емес. Шикі және пастерленген сүтті алғаннан кейін, қайнатып алады және қолдану алдында да қайта қайнатады. Гарнирлерді, тек ыстық қайнаған сумен жуу керек.

Дайын тағамды беру алдында,тағамның органолептикалық көрсеткіштеріне және сапасына бракераж жүргізіледі. Оны құрамына бас аспазшы, дәрігер-емдәм маманы (дәрігер жоқ болса, емдәм медбике), кезекші дәрігер кіретін тағамның сапасын куәландыратын комиссия жүргізеді және олар дайын тағамды аурухананың бөлімдеріне үлестіруге рұқсат береді. Жүргізілген сынама нәтижелерін кезекші дәрігер дайын тағамның сапасын куәландыруды (бракераж) тіркейтін журналға жазады. Бір мезгілде барлық дайын тағамдардан сынама алынады, оларды стерильді жағдайда, тоңазытқышта 48 сағатқа дейін сақтайды. Тамақтан уланулар болған жағдайларда сынаманы СЭБ-ке зертханалық зерттеуге жібереді.

Бракераж жүргізгеннен кейін, тағам термостармен, қақпағы тығыз жабылатын ыдыстармен, термос-арбалармен, мармитті арбалармен (мармит - қыздыратыны бар қондырғы) аурухананың бөлімдерінде орналасқан буфет бөлмелеріне жеткізіледі. Ол жерде үлестіргенге дейін бірінші және екінші тағам түрлері екі сағаттан аспайтын уақыт ыстық плитаның үстінде тұруы мүмкін.

Дайын тағамдарды дайындағаннан кейін, тағамды аурухана бөліміне жеткізген уақытты қоса есептегенде, 2 сағаттан асырмай буфет қызметкері немесе кезекші медбике үлестіруі тиіс. Қызмет көрсететін кіші персоналдар –санитарлардың, т.б. үлестіруіне рұқсат етілмеуі тиіс. Тағамды үлестіру кезінде бірінші тағам түрі мен ыстық сусындардың температурасы 75°С, екінші тағам түрінің 65°С төмен болмауы тиіс. Ауыр науқастардан басқа барлық аурулар палата бөлімінің асханасында тамақтанады. Тағамды әрбір үлестіруден кейін буфет бөлімшесін, дезинфекциялаушы заттарды қолданып, мұқият тазалау керек.

Барлық ас блоктарында келесі құжаттар болуы тиіс: жартылай шикізаттарды, тағамдарды және аспаздық өнімдерді органолептикалық бағалау журналы (дайын тағамдардың бракераждық журналы), ас блогына түскен азықтардың бракераждық журналы, цех қызметкерлерін медициналық тексерулерден өткізу нәтижелерін тіркеу журналы, қызметкерлердің жеке медициналық кітапшалары, тағамдарды С-дәруменімен дәрумендеуді тіркеу журналы.

10.5. Асхана және ас үй ыдыстарын жуу және дезинфекциялау. Асхана ыдыстарын ыдыс жуатын машиналарда жуады. Олар жоқ кезде қолмен жууға рұқсат етіледі. Асхана ыдыстары үш секциялы ваннада жуылады, шыны ыдыстар, асхана аспаптары, ас үй ыдыстары - екі секциялы ваннада. Асхана ыдыстарын тағам қалдықтарынан тазалағаннан кейін, жуғыш заттар қосып бірінші секцияда жуады, сонан соң суының температурасы 40°С төмен емес және бірінші секциядағы суға қосылған мөлшерінен екі есе кем мөлшерде жуғыш зат қосқан жағдайда екінші секцияда жуады. Ыдыстарды метал торға орналастырған үшінші секцияда температурасы 65°С төмен емес ағып тұрған ыстық сумен шаяды. Ыдыстарды торларда, сәкілерде, сөрелерде кептіреді. Жуғыш зат ретінде синтетикалық жуғыш заттарды, кальцийленген соданы, натрий метасиликатын және басқаларды қолданады.

Ас үй ыдыстарын тағам қалдықтарынан тазаланғаннан кейін, ваннаның бірінші секциясында температурасы 40°С төмен емес суға жуғыш зат қосып щеткамен жуады, екінші секциясында темпертурасы 65°С төмен емес ағып тұрған ыстық сумен шаяды. Асхана ыдыстары сияқты етіп сөрелерде кептіреді. Асхана аспаптарын (керек-жарақтарын), шыны ыдыстарды ас үй ыдыстары сияқты етіп жуады. Асхана аспаптарын құрғақ ыстық шығаратын шкафта 10 минут бойына аптап алады. Жұмыс күнінің соңында хлорамин, сульфохлорантин, дезоксон, т.б. сияқты қолдануға рұқсат етілген дезинфекциялаушы заттармен барлық ыдыстарды және керек-жарақтарды дезинфекциялайды.

Ыдыстарды өңдеу үрдістерінің кезектілігі карантин уақытында өзгереді. Ыдысты 1 сағатқа дезинфекциялаушы ерітіндінің біріне (хлорамин 1% ерітіндісі, сульфохлорантиннің 0,5% ерітіндісі және басқалар) салып қояды да, содан соң ыстық сумен шайып кептіреді. Ыдыстарды жууға арналған жөкені, ескі нәрселерді, щеткаларды жуғыш заттармен ыстық суда жуып, дезинфекциялайды немесе қайнатады, кептіреді. Аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде де, алдымен ыдыстарды және тағам қалдықтарын зарарсыздандырады. Әр түрлі жұқпалы аурулар кезінде зарарсыздандырушы заттар мен әдістері тиісті нұсқаулармен анықталады.

10.6. Қызметкерлердің денсаулығы мен жеке басының гигиенасы. Тағам инфекцияларының, аурулардың тамақтан улануларының алдын алу, ас блогында тиісті санитарлық режим жасау, тағамның тамақтық және биологиялық құндылығының сақталуын қамтамасыз ету, көбінде ас блогы қызметкерлерінің денсаулық жағдайына, олардың жеке бас гигиенасының ережелерін сақтауына, санитарлық сауаттылығына және кәсіп түріне қаншалықты маманданғанына байланысты. Ас блогында жұмыс істейтін адамдар әр түрлі жұқпалы, паразиттік аурулар және тамақтан уланулар тудыратын қоздырғыштарының көздері болуы мүмкін. Сондықтан, жұмысқа қабылдау кезінде жұмысқа түсетін әрбір адам терапевттің, гинекологтың, дерматологтың қарауын, кеуде торы мүшелерінің рентгенографиясын (флюорографиясын), мерезге, созға, жүре пайда болған иммундық тапшылық синдромы (СПИД-ке), гельминтоздарға және ішек тобы инфекциясын тасымалдаушылыққа жүргізілетін зертханалық зерттеулерді қамтитын медициналық тексерулерден өтуі тиіс. Медициналық тексеру мәліметтері әрбір персоналда болуы тиіс, медициналық кітапшасына енгізеді. Туберкулездің ашық түрімен, сүйек-буын туберкулезімен, туберкулез жегісімен, лепрамен, ішек инфекцияларымен ауыратындар, іш сүзегі, паратиф, дизентерия таяқшаларын тасымалдаушылар, сондай-ақ ағымдағы жылы осы аурулармен ауырғандар, жыныстық аурулармен, жұқпалы тері ауруларымен ауыратындар, гельминт жұмыртқаларын тасымалдаушылар, іріңді аурулармен ауыратындар және басқалар жұмысқа жіберілмейді.

Ас блогында жұмыс істейтіндер, әрі қарай әрбір 3 айда медициналық тексерулерден өтіп отырады. Жедел гастритпен немесе гастроэнтеритпен ауыратын адамдар, сондай-ақ жедел жұқпалы аурулармен ауыратындармен, ішек инфекцияларымен, полимиелитпен, күл ауруымен (дифтерия), скарлатинамен, қайтадан жұмыс істеуге тек сауыққаннан кейін және бациллотасымалдаушылыққа тексеруден өткеннен кейін рұқсат етіледі.

Күн сайын жұмыс ауысымы басталар алдында медициналық қызметкерлер персоналды қарайды. Терісінде іріңді аурулары, іріңдеген жаралары, күйіктері бар, суық тиіп ауырған, жоғарғы тыныс жолдарының ауруларымен ауырған және жұқпалы ауруларға күдікті адамдарды жұмыс істеуге жібермейді. Қарау нәтижелерін журналға тіркейді.

Ас блогы қызметкерлерінің санитарлық сауаттылығы, қауіпсіз тамақтануды ұйымдастырудың маңызды шарттарының бірі болып табылады. Ас блогының қызметкерлері екі жылда бір рет гигиеналық оқу өтіп, санитарлық минимум жөнінде сынақ тапсыруға міндетті. Санитарлық минимум тапсырғаны туралы мәліметтері жеке медициналық кітапшасында белгіленеді.

Тамақтан уланулар мен тағам инфекцияларының алдын алудың қарапайым, бірақ қажетті құрамдық бөлігі, жеке бас гигиенасының ережелерін сақтау болып табылады. Ас блогының қызметкерлері таза, үнемі ауыстырылып отыратын (2-3 күнде бір рет), арнайы киім киіп жұмыс істеуі керек. Шаштарын қалпақтың немесе бас жаулықтың астына жинап қою керек, зергерлік әшекей заттарды, сағат және басқа да сынатын заттарды қолға кигізбеу және түйрегіштер мен инелерді пайдаланбауы керек. Тырнақтарын қысқа етіп алып тастауы және лак жақпауы керек, тырнақтарының асты таза болуы тиіс. Жұмыс істеу алдында қолдарын сабындап жууы қажет және жұмыс үрдістері кезінде де, лас заттарға қолдары тиген кезде, шикі азықтарды өңдеуден піскен тағамға өтуі кезінде және басқа да жағдайларда. Ас блогынан шығарда және әжетханаға бару алдында арнайы жұмыс киімін шешуі керек, әжетханаға барғаннан кейін қолдарын міндетті түрде сабындап жууы тиіс. Темекі тартуға және тамақ ішуге, тек арнайы бөлінген орындарда ғана рұқсат етіледі.

 

 

IX- ТАРАУ. БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР ГИГИЕНАСЫ.

 

Балалар ағзасының морфофункционалдық ерекшеліктері мен мүмкіншіліктері, әр түрлі жас кезеңдеріндегі өсу және даму үрдістерінің сипаты мен қарқындылығы, қоршаған ортаның әр түрлі факторларының әсеріне жоғары сезімталдығы, өсіп келе жатқан ағзаны үлкен адам ағзасынан өзгеше етеді. Сондықтан да балалар мен жасөспірімдерді гигиеналық қамтамасыз ету мәселелерінің өзіндік ерекшеліктері бар. Оларды зерттеп дайындаумен балалар мен жасөспірімдер гигиенасы айналысады. Ол қоршаған ортаның әр түрлі факторларының балалар мен жасөспірімдер ағзасына тигізетін әсерін зерттейді, адамның қазіргі даму кезеңінде пайда болатын гигиеналық мәселелерді шешу үшін теориялық негіздер жасайды және тек балалар денсаулығын сақтау мен нығайтуға ғана емес, олардың ең жақсы өсуі мен дамуын қамтамасыз етуге де бағытталған практикалықі шараларды дайындайды.

Адамның кейінгі, үлкен болғандағы денсаулық жағдайы көбінде өсіп келе жатқан ағзаның денсаулық жағдайымен байланысты. Бұл жағдай балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын қалыптастырудағы және олардың қалыпты өсуі мен дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасаудағы гигиеналық шаралардың аса маңызды рөлін бұрынғыдан да артық көрсетеді. Гигиеналық шаралар балалардың тіршілік әрекетінің барлық аспектілерін қамтиды, соған байланысты балалар мен жасөспірімдер гигиенасын шын мәнінде кешенді гигиена пәні деп атауға болады. Мысалы, оның міндеттеріне балалардың күн тәртібінің, тамақтануының, оқуының, дене шынықтыру тәрбиесі мен еңбекке тәрбиелеудің, жасөспірімдерді мамандыққа бағыттаудың, балалар мекемелерін жоспарлау мен жабдықтаудың, балалардың күнделікті пайдаланатын заттарды - киім, аяқ киім, ойыншықтар, кітаптар қолдануының және басқалардың гигиеналық мәселелерін зерттеу мен шешу кіреді.

Балалардың дене дамуы мен нервтік-психикалық дамуын және денсаулық жағдайын зерттеу мен бағалау мәселелері айрықша орын алады, себебі олардың деңгейі, бір жағынан жас ұрпақтың денсаулығын дәлелдейтін болса, екінші жағынан, балалардың өмір сүру мен тіршілік ету жағдайының қолайлылық дәрежесін көрсететін интеграциялаушы көрсеткіш болып табылады.

Балалардың денсаулық жағдайы мен дене дамуы бұзылуларының алдын алу үшін, гигиеналық нормативтер мен талаптарға негізделген, балалар мен жасөспірімдер гигиенасы дайындаған бірқатар сауықтыру шараларының кешені жүргізіледі. Балалар мен жасөспірімдер гигиенасындағы қоршаған орта факторларын гигиеналық нормалаудың «үлкендер» гигиенасындағы гигиеналық нормалаудан айырмашылығы бар.

Балаларға тек сан жағынан ғана емес, сонымен қатар, сапа жағынан да үлкен адамдардан айқын айырмашылығы бар биологиялық ерекшеліктер тән:

· Дене дамуының аяқталмағандығы, себебі ағза өсу және даму үрдісі жағдайында болады

· Әр түрлі жас кезеңдерінде морфологиялық-функционалдық даму деңгейінің әр түрлі болуы, өсу мен даму қарқындылығының біркелкі еместігі.

· Гетерохрондылық, яғни ағзаның жеке мүшелері мен жүйелерінің және оның қызметтерінің дамуы бір уақытта жүрмейтіндігі.

· Жыныстық диморфизм, яғни өсу мен дамудың жынысқа байланыстылығы.

· Иілгіштік.

· Қолайлы да, қолайсыз да факторлар әсеріне көп ұшырайтындығы, соған байланысты үлкен адамдарда көбінесе елеусіз өтетін, қарқындылығы аз әсерлердің өзі де балаларға қауіпті болып шығуы мүмкін.

· Қоршаған ортаның өзгеріп отыратын факторларына бейімделу мүмкіншіліктерінің жеткіліксіздігі.

Сонымен, балалар ағзасы дамуының әр түрлі жас кезеңдері дамуы ағзаның морфологиялық-функционалдық және психологиялық мүмкіншіліктерінің (жетілуін) және қоршаған ортаның әр түрлі факторларының әсеріне сезімталдығының өзіндік деңгейімен сипатталады. Сондықтан, қоршаған орта факторларына орнатылатын гигиеналық нормативтер, сондай-ақ, тіршілік ету жағдайларын оңтайландыру шаралары әр түрлі жас кезеңдерінде біркелкі болуы мүмкін емес. Олар баланың жасы мен жынысына байланысты бөліп көрсетіледі. Осыған байланысты балалар мен жасөспірімдер гигиенасын жиі «жасқа байланысты гигиена» деп те атайды.

Жас кезеңдеріне бөлудің көптеген жіктелулері ұсынылған. Қазіргі уақытта ағзаның өсуі мен дамуының морфологиялық-функционалдық ерекшіліктеріне негізделген, биологиялық жас кезеңдеріне бөлу кеңінен қолданылады (9.1-кесте). Ол 1965 жылы Мәскеудегі Халықаралық симпозиумде қабылданған.

Бала емдеу практикасында, биологиялық жас кезеңдеріне бөлумен қатар, бөлудің әлеуметтік қағидасына негізделген, әлеуметтік кезеңге бөлу де қолданылады. (9.2.-кесте).

Әлеуметтік жас кезеңдеріне бөлу биологиялық кезеңдерге бөлуге қайшы келмейді. Ол көп жылдар бойына қалыптасқан балалар мен жасөспірімдерге медициналық қызмет көрсету жөніндегі практикалық жұмыстардың ұйымдастырылуына бейімделген. Мысалы, бөбекханалар мен балабақшаларындағы топтарды комплектациялау әлеуметтік жас кезеңдеріне бөлумен сәйкес жүргізіледі. Әлеуметтік кезеңге бөлуде 15-18 жастағы балалар бозбалалық топқа емес, жасөспірімдік топқа жатқызылады, себебі биологиялық жас кезеңдеріне бөлуде бозбалалық топқа 18 жастан асқан адамдар да кіреді, ал, кәсіптік оқу мен жұмыс істеу жағдайларына қойылатын гигиеналық талаптар, сондай-ақ, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер кәмелетке толған немесе толмаған адамдарға бірдей емес.

Кесте

Биологиялық жас кезеңдеріне бөлу

Жас кезеңі Жасы
Нәрестелік кезең 1-10 күн
Емшектегі кезең 10 күн - 1жас
Ерте балалық шақ 1-3 жас
Бірінші балалық шақ 4-7 жас
Екінші балалық шақ ұлдар   8-12 жас
қыздар 8-11 жас
Жасөспірімдік шақ ұлдар   13-16 жас
қыздар 12-15 жас
Жастық (бозбалалық) шақ ұлдар   17-21 жас
қыздар 16-20 жас

 

Кесте

Әлеуметтік жас кезеңдеріне бөлу

Жас кезеңі Жасы
Нәрестелік кезең 1-28 күн
Емшектегі кезең 1жасқа дейін
Мектепке дейінгінің алдындағы кезеңі (бөбектік) 1 жастан 3 жасқа дейін
Мектепке дейінгі 3 жастан 7 жасқа дейін
Кіші мектептік 7-10 жас
Орта мектептік 11-14 жас
Жоғары мектептік кезең (жасөспірімдік) 15-18 жас  

 

Сонымен, әлеуметтік жас кезеңдеріне бөлу биологиялық жас кезеңдеріне бөлумен көп жерлері ұқсас бола тұра, ол қоғамның әлеуметтік жағдайларымен байланысты аспектілерін де ескереді.

1. Балалардың әр түрлі жас кезеңдеріндегі өсуі және даму ерекшеліктері. Бала ағзасының даму үрдісі үнемі жүріп отыратын сандық және сапалық өзгерістермен сипатталады. Сандық өзгерістері - өсуі деп жеке мүшелер мен тіндердің және бүкіл ағзаның өлшемі мен массасының үлкеюін түсінеді. Сапалық өзгерістері - дамуы деп, тіндер мен мүшелердің құрылымдық дифференциялдануын және олардың қызметтерінің кеңеюі мен жетілуін айтады. Өсу мен даму әр түрлі жас кезеңдерінде біркелкі жүрмесе де, олар даму үрдісінің бір-бірінен бөлінбейтін екі жағы болып табылады. Бұл кезде бір тіндерде немесе бір мүшелерде сандық және сапалық өзгерістер бір мезгілде қарқынды жүре алмайды, себебі ол ағзаның энергиямен қамтамасыз етілу ерекшеліктеріне байланысты,. Өсу үрдістері күшейген кезде, дифференциялдануы баяулайды, керісінше, дифференциялдану күшейген кезде, өсу баяулайды.

Өсу мен даму үрдістері бала өмір сүруінің алғашқы жылдарында қарқындырақ жүреді. 1 жасқа толған кездің өзінде баланың дене ұзындығы 1,5 есеге, (23-25 см), ал массасы - 3 есеге үлкейеді (6 кг). 2-3 жастағы балалардың бойы мен массасының жыл сайынғы өсімі біраз төмендейді. Бойының ұзындығы орташа есеппен 8-10 см, массасы 4-6 кг артады. 4-7 жаста дене ұзындығының әр жыл сайынғы өсімі одан да төмен - 5-8 см болады. Дене массасының қосылу қарқындылығы да төмендейді - орта есеппен әр жыл сайын 2 кг ғана қосылады. 8-10 жастағы балалардың бойлары бір жылда 4 -5 см, ал массасы 2-3 кг өседі.

Пубертаттық кезеңде (11-15 жас) бойның ұзындығы мен дене массасының өсу қарқындылығы қайтадан жоғарылайды, жылдық дене ұзындығының өсімі 7,5 см, ал дене массасының өсімі 3-5 кг дейін жетеді. Ал 16-18 жаста, жыныстық жетілудің аяқталған кезеңінде, бойының ұзындығы мен дене массасының өсімі күрт төмендейді.

Балалар ағзасының жеке жүйелерінің өсуі мен дамуы да біркелкі жүрмейді. Өмірінің алғашқы жылдарында тірек-қимыл аппаратының морфологиялық-функционалдық қалыптасуы өте қарқынды жүреді. Жаңа туған нәресте сүйектерінің тығыздығы төмен, серпілімді, созылғыш болып келеді және құрамында кальций мен фосфордың мөлшері аз болады. Түтікшелі сүйектердің диафиздері ғана қатайып, сүйектенген болып табылады. Сүйектену нүктелері омыртқалар денелерінде және өсінділерінде болады. Жамбас сүйегінің басы, білек және омыртқаның 39 %-ы шеміршек тінінен тұрады. Өмірінің бірінші жылында әсіресе бас сүйектері қарқынды өседі, оның көлемі 2,5 есеге, ал қабырғаларының қалыңдығы 3 есеге артады. 3 жасқа келгеннің өзінде-ақ, бас сүйегіндегі ми бөлігінің көлемі үлкен адамның бас сүйегі көлемінің 80% шамасын құрайды.


Дата добавления: 2016-03-26 | Просмотры: 790 | Нарушение авторских прав



1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 | 40 | 41 | 42 | 43 | 44 | 45 | 46 | 47 | 48 | 49 | 50 | 51 | 52 | 53 | 54 | 55 | 56 | 57 | 58 | 59 | 60 | 61 | 62 | 63 | 64 | 65 | 66 | 67 | 68 | 69 | 70 |



При использовании материала ссылка на сайт medlec.org обязательна! (0.01 сек.)