Жіктелуі (Г.Н.Красовский бойынша) 55 страница
9. Өндірістік канцерогенді факторлар.
Өндірістік канцерогенді факторларға адам ағзасына еңбек үрдісі барысында әсер етуі кезінде кәсіби қатерлі ісіктердің дамуына алып келетін физикалық және химиялық факторларды жатқызады. Бұл ісіктерді сапалық белгілері бойынша басқа себептерден пайда болған қатерлі ісіктерден ажырату мүмкін емес, бұл мәселені шешу кезіндегі ең басты критерийіне сандық көрсеткіштер – белгілі бір өндіріс жағдайында жұмыс істейтіндерде ісіктердің ертерек және жиірек дамуы жатады. Ісіктердің өндірістік факторлардың әсерімен байланысын анықтауды ісіктердің пайда болуының ұзақ жасырын кезеңі қиындатады. Ісіктердің пайда болатын уақытында, адам канцерогенді фактормен жұмыс істеуін тоқтатып та қалады. Сондықтан да анамнезін дұрыс жинау және кәсіптік маршрутын анықтау, сонымен қатар өндірістік экспозиция қарқындылығын ескеру өте маңызды.
Ағзаның канцерогенді факторлармен тікелей қатынасымен (мұржа тазалушылардың тері ісіктері, шаңы көп кәсіп түрі өкілдерінің өкпе ісігі және т.с.с.) немесе канцерогенді заттар шоғырланатын (бауыр) және шығарылатын жолдарда (қуық) кәсіби ісіктер өте жиі кездеседі. Радиацияның бластомогенді әсеріне тіндердің жоғары сезімтал (қан түзуші тіндер) болуы да аса маңызды.
Өндірістік канцерогенді факторларды анықтау үшін эпидемиологиялық және эксперименталдық әдістерді қолданады. Тек эпидемиологиялық әдістің өзі жеткілікті ақпарат бере алмайды, себебі өндірістегі немесе тұрмыстағы кез-келген фактор өз алдына жеке әсер етпейді. Эксперименттердің көмегімен бірқатар химиялық заттардың бластомогенді қасиеттері анықталды, бұл жаңа ғылыми бағытқа – онкогигиенаға бастама берді. Бейорганикалық заттардың ішінде металлдардың (никелдің, хромның, бериллийдің, кадмийдің), сонымен қатар басым жабысқан жерінде канцерогенді эффект тудыратын талшықты материалдардың (асбест) канцерогенді әсері бәрінен де жақсы зерттелген. Табиғатты физикалық негізгі канцерогенді факторларға иондаушы сәулелер мен УК-сәулелер жатады. Енгіштігі жоғары иондағыш сәулеленудің (гамма-сәулеленулері, қатты рентген сәулеленулері, протондар, нейтрондар) жалпы әсері кезінде жаңа түзілімдер кез-келген мүшелерде пайда болады. Ағзаға енбейтін иондаушы сәулеленулер әсер еткен кезде (жұмсақ рентген сәулелері, ά және β – бөлшектер) ісіктер сәулелену көзі бірінші түскен жеріндегі немесе радиация ең ұзақ жанасқан жеріндегі тінде дамиды. Органикалық заттардың ішінде 3,4-бенз(о)пиреннің, галогенделген көмірсутектердің, ароматты аминдердің, шайырдың, минералды майлардың және т.с.с. канцерогенді әсері бар.
Канцерогенездің кез-келген түрінің алғашқы кезеңі, генетикалық өзгерген жасушалардың инициациясы-индукциясы болып табылады. Келесі кезеңі – промоция, ісікті анықтағанға дейінгі кезең, иницирленген (бастама алған) жасушалардың селекциясымен және олардың басқа түрге айналған фенотипінің пайда болуымен байланысты. Канцерогенездің екі кезеңіне де қажетті буыны (звеносы) жасушалық пролиферация болып табылады. Канцерогендердің көбісі иницирлеуші әсерге ие, олардың тек кейбіреулері үшін ғана промоторлық эффектісі негізгі болып табылады. Мұндай, шартты деп аталатын (төртхлорлы көміртегі, бірқатар металлдар, мүмкін – асбест), канцерогендер ісіктердің жиілеуіне әкеп соғады, бұл басқа агенттермен, бәрінен бұрын эндогенді агенттермен иницирленген жасушалардың пролиферациясын ынталандыру нәтижесінде болуы мүмкін. Канцерогенезге өзгертуші факторлар деп аталатын, көптеген факторлар әсер етеді. Олардың ішінде үрдістің ынталануына әкеп соғатын, тіндердің спецификалық емес (механикалық, термиялық, химиялық) зақымданулары маңызды орын алады, оларды «канцерогендік эффект» ретінде көрсетеді.
Ісіктердің пайда болуы едәуір дәрежеде ағзаның жеке сезімталдығына, атап айтқанда, ДНК репарациясын жүргізетін, зат алмасуына қатыстыратын жүйелер мен ферменттердің белсенділігінің генетикалық детерминделген (негізделген) деңгейіне байланысты.
Сонымен, канцерогендік қауіптілігі тек канцерогеннің табиғатымен ғана емес, сонымен қатар әр түрлі экзо- және эндогенді факторлармен де анықталады.
Обырды (рак) зерттеу жөніндегі Халықаралық агенттіктің (ОЗХА, 1982) жіктемесі бойынша химиялық заттарды адам үшін канцерогенділік қауіптілігі бойынша 2 үлкен топқа бөледі:
І тобы – адам үшін канцерогенділігі дәлелденген заттар: 4-амидофенил; мышьяк және оның қосылыстары; асбест, бензол; бензидин; бис (хлорметилді) және хлорметилді эфир (техникалық таза); хром және оның кейбір қосылыстары; күкіртті иприт; 2-нафтил-амин; күйе; шайыр және минералды майлар; винилхлорид.
ІІ тобы – адам үшін канцерогенді болуы мүмкін заттар (2 шағын топтарға бөлінеді): ІІа - бұл топтағылардың канцерогендік ықтималдылығы жоғары және ІІб – бұл топтағылардың канцерогендік ықтималдылық дәрежесі төмен.
ІІа шағын тобына жататындар: акрилонитрил, бенз (а)пирен, бериллий және оның қосылыстары, диэтилсульфат, диметилсульфат, никель және оның қосылыстары, о-толуидин.
ІІб шағын тобына жататындар: амитрол, аураминдер (техникалық таза); бензоүшхлорид; кадмий және оның қосылыстары; төртхлорлы көміртегі; хлороформ; хлорфенолдар (өндірістік экспозициясы); ДДТ; 3,3-үшхлорбензидин; 3,3-диметоксибензидин (ортодианизидин); диметилкарбомоилхлорид; 1,4-диаксин; тікелей қара 38 (техникалық таза); тікелей көк 6 (техникалық таза); эпихлоргидрин; этиленоксид; этилентиомочевина; формальдегид (газ); гидразин; гербицидтер: феноксисірке қышқылының туындылары (өндірістік экспозициясы); полихлорланған бифенилдер; тетрахлордибензо-n-диоксин-2,4,6,-үшхлорфенол.
Екі топтың да көпшілігі жануарлар үшін канцерогенді болып табылады. ІІб шағын топтағыларына қатысты эпидемиологиялық мәліметтер қарама-қайшы.
Химиялық факторлардың канцерогенді әсері олардың құрылымына байланысты болады.
Өндірісте обырдың алдын алу жолдары: обырдың алдын алудың негізгі екі жолын ажыратады: этиологиялық факторларды жоюға бағытталған біріншілік алдын алуды, және қатерлі ісік алды ауруларды ерте анықтап және емдеуге негізделген, екіншілік алдын алуды. Бұл кезде өндірістік-техникалық, санитарлық-гигиеналық және медициналық-алдын алу шараларын қолданады.
Өндірістік шаралар өндірісті жобалау және қайта құру сатыларында іске асырылатын әр түрлі инженерлік-техникалық, құқықтық және ұйымдастыру шешімдерін қамтиды. Олар қондырғыларды герметизациялаудан, технологиялық үрдістерді автоматтаудан, технологияны өзгертуден, өнеркәсіп өнімдерін канцерогенді қоспалардан тазалау немесе канцерогендерді жою жолымен канцерогенсіз етуден, кейбір шикізат түрлері мен материалдарды пайдалануға тыйым салу және т.б. тұрады.
Санитарлық-гигиеналық шаралар, негізінен, эпидемиологиялық және эксперименттік зерттеулер көмегімен өндірістік канцерогенді факторларды анықтауға, сонымен қатар өндірістік ортаның канцерогендермен ластануын анықтауға бағытталған. Канцерогенділік қасиеттердің болуына күмән тудыратын заттарды тез арада іріктеп алу үшін (скренинг) мутагенділікке (химиялық заттардың мутагендігі мен канцерогендігі арасында корреляциялық байланыс анықталған) экспресс-тесттер қолданылады.
Аса қауіпті канцерогенді қосылыстарға қатысты негізгі алдын алу шаралары оларды өндіру мен қолдануды шектеу болып табылады. Барлық жерде таралған канцерогендер үшін, жануарларға жүргізілген эксперименттің «доза-эффект» байланысы негізінде, гигиеналық норматив орнату және минимальды әсер ететін дозаны анықтап, алынған мәліметтерді әрі қарай адамға экстрополяциялау қажет.
Нормалау кезінде, сондай-ақ, эпидемиологиялық зерттеулердің нәтижелері де ескеріледі.
Жеке бас гигиенасы мен қауіпсіздік техникасын сақтау да (атап айтқанда, жеке басты қорғайтын заттарды үнемі және дұрыс пайдалану) алдын-алу мақсатында жүргізіледі, бұған жақсы ұйымдастырылған санитарлық-ағарту жұмысы мен уақтылы жүргізілетін нұсқау ықпал етеді.
Медициналық алдын-алу жұмысшыларды жұмысқа қабылдау алдында жүргізілетін және кезеңдік медициналық тексерулерді, сонымен қатар, фондық және ісік алды ауруларын анықтауға бағытталған халықты диспансерлеуді қамтиды. Рак ауруы пайда болуының жасырын кезеңі ұзақ уақыт болатынын ескеріп, онкоқауіпті өндірістерге жасы 40-45 асқан адамдарды қабылдаған жөн.
Алдын алу шараларын жүргізу арқасында коксхимиялық, тақтатас өңдеу, мұнай өңдеу, анилиндік-сырлар және басқа да өнеркәсіп салаларындағы кәсіби рак ауруының жиілігі төмендеді.
10. Өнеркәсіптік улар
10.1 Жалпы түсініктер. Адамның өнеркәсіптегі еңбек іс әрекеті үрдісінде кездесетін, қауіпсіздік техникасының ережелерін және еңбек гигиенасын сақтамаған жағдайда жұмысшыларға зиянды әсер ететін барлық немесе барлығына жуық химиялық заттар өнеркәсіптік улар болып табылады. Олар газ, бу немесе сұйық, сондай-ақ шаң, түтін немесе тұман түріндегі бастапқы, аралық, жанама немесе соңғы өнімдер болуы мүмкін.
У –ағзаға туа біткен немесе жүре пайда болған қасиеттеріне сәйкес келмейтін мөлшерде (сирек –сапада) түсетін тіршілік ортасының химиялық компоненті, сондықтан да өмір сүру үшін үйлеспейді.
Өндіріс жағдайларында улы әсер ететін заттар адам ағзасына тыныс алу жолдары, тері, асқорыту жолы арқылы түседі. Заттардың ағзаға түсу жолдары заттың агрегаттық күйіне (аэрозольдер, булар, газдар, сұйықтар) және технологиялық үрдістің сипатына байланысты.
Удың биологиялық әсері оның биологиялық рецепторлармен химиялық өзара әсерлесу нәтижесі болып табылады. Бұл өзара әсерлесуі заттың ағзада ұсталыну дәрежесін, оның биотрансформациялану үрдісін, ағзада жиналу және одан шығарылу дәрежесін анықтайды. Ингаляциялық жолмен түскен кезде өкпеден қанға сіңу дәрежесі әр түрлі заттар үшін бірдей емес, ол ең алдымен биологиялық сұйықтарда ерігіштігіне альвеола, қан тамырлары мен жасуша мембраналары арқылы ену қабілетіне байланысты. Қанға сіңгеннен және мүшелерге таралғаннан кейін улар ағзада айналымға түседі (биотрансформацияланады) және жиналады. Бейорганикалық заттардың барлығы дерлік және көптеген органикалық заттар әр түрлі мүшелер мен тіндерде жиналып, ағзада ұзақ уақыт ұсталынады. Ағзадағы металдардың айналымға түсуі май қышқылдарымен және амин қышқылдарымен (глутамин және аспаргинқышқылдарымен, цистеинмен, метионинмен және басқаларымен) биокешендер түзуімен жүреді. Аминқышқылдарымен сынап, қорғасын, мыс, мырыш, кадмий, кобальт, марганец және басқалары кешендер түзеді. Металдардың белоктармен түзетін кешені аса тұрақты болып келеді, ол олардың ұзақ уақыт ағзада айналуын және жұмсақ тіндермен паренхиматозды мүшелерде қорға жиналуын қамтамасыз етеді.
Металдар, олар өздері микроэлементтер түрінде кездесетін тіндерде, және де зат алмасуы қарқынды жүретін мүшелерде (бауыр, бүйрек, эндокриндік бездер) қорға жиналады. Қорғасын, уран, берилий нашар еритін фосфаттар түзеді де сүйектерде жиналады. Сынап пен кадмий белоктармен мықты байланыс түзетіндіктен паренхиматозды мүшелерде жиналады. Хром эритроциттердің мембраналарында жиналады. Элементорганикалық және органикалық заттар жасуша мембраналарының липидтік құрам бөліктерімен өзара әрекеттесіп, ол олардың жасушаға енуін және одан кейін ары қарай биотрансформациялануына себепші болады.
Бөгде органикалық қосылыстардың биотрансформациялануы, әдетте, екі фазаға бөлінеді. Бірінші фазасындағы реакцияларда негізгі жүктеме гепотациттердің тегіс эндоплазмалық ретикулумында орналасқан микросомалық ферменттер тобының Р-450 цитохромына түседі. Бұдан басқа, ксенобиотиктердің айналымын паренхималы мүшелердің митохондриялары мен цитозолда, қан плазмасы құрамында болатын ферменттер де катализдейді. Бірінші фазада удың молекуласы тотықсыздану, тотығу, гидролиздену, гидратациялану, галогенсіздену және басқа реакциялар нәтижесінде, екінші фазасы - коньюгациялану үшін қажетті функционалдық топтарды қосып алады. Зат алмасудың аралық өнімдерінің түзілуі кейде улылық әсердің төмендеуімен емес, керсінше оның жоғарылауымен бірге жүреді. Мысалы, тиофос ағзада улылық әсері күштірек параоксон түзеді.
Екінші сатысында интермедиаттар немесе ағзаға түскен улардың эндогенді қосылыстармен - глюкурон, күкірт, сірке қышқылдарымен, аминқышқылдарымен, глутатионмен синтезделу (коньюгация), сондай-ақ метилдеу реакцияларына түседі. Нәтижесінде ксенобиотиктер полярлығы жоғарылау (ерігіштеу),әдетте улы әсері төмендеу заттарға айналады, ксенобиотиктер молекулалық массасы және молекулаларының өлшемі ұлғаяды, олардың бүйрек, асқазан-ішек жолы, тері, өкпе арқылы шығуы жақсарады. Өкпе арқылы ұшқыш қосылыстар шығады, қанға сіңген және қанда айналымда жүрген улар бүйректер шумақшасынан пассивті сүзілу, пассивті өзекшелік диффузия жолымен және белсенді тасымалданумен бүйрек арқылы бөлініп шығады. Улардың тер бездерімен, тері арқылы, май бездерімен бөлініп шығуы да мүмкін. Бауырда пайда болатын алмасу өнімдері (метаболиттер), көптеген улар сияқты өтпен ішекке шығарылады. Бөлініп шығуының мұндай жолдары металлдарға (сынап, қорғасын, марганец және басқаларға) тән. Ішектен металдардың қанға қайта сіңуі және қаннан бауырға өтуі металдардың ішектен-бүйректік айналымын қамтамасыз етеді, ол ең соңында ішек арқылы бөлініп шығатын металдың үлесін анықтайды.
Улы әсер ететін заттардың, ағзада айналымда болуы, басқа түрге айналуы және ағзаданбөлініп шығуы улардың ағзада өтетін құбылыстарының жиынтығын көрсетеді және улануды жою үрдісінің токсикокинетикасын, яғни заттардың ағза арқылы өту кинетикасын (динамикасын) анықтайды.
Химиялық заттардың улылық дәрежесі оның маңызды сипаттамасы болып табылады. Улылық дәрежесі (токсичность) – заттың өмір сүрумен үйлесімсіздігінің өлшемі, орташа өлімге келтіретін дозаның (LD50) немесе концентрацияның (LD50) мәніне кері шама. Удың орташа өлімге келтіретін дозасы (немесе концентрациясы) –әсер еткеннен кейін белгілі бір мерзім ішінде бақылауда болғанда, тәжірибе жүргізілген жануарлардың стандартты тобының 50%-ын өлімге әкелетін удың мөлшері. Улылық дәрежесінің эффектісі, ағза түрінің биологиялық ерекшеліктеріне, жынысына, жасына және жеке сезімталдығына; удың құрылымына және физико-химиялық қасиеттеріне; ағзаға түскен заттың мөлшеріне; сыртқы ортаның факторларына (температура, атмосфералық қысым және басқалары) байланысты.
Нақты өндірістік жағдайларда интоксикацияның даму ықтималдығы заттың улылығына ғана емес сонымен қатар, ағзаға өмір сүру үшін қауіпті мөлшерде удың түсуіне де байланысты. Сондықтан «қауіптілігі» түсінігі қабылданған. Қауіптілігі – шынайы өндіріс жағдайында және химиялық заттарды қолдану жағдайында денсаулық үшін зияндыәсерлерінің пайда болу ықтималдылығы. Тыныс жолымен түсіп улану тудыруға қабілетті улар, сондай-ақ салдары біраз уақыт өткеннен кейін пайда болатын, ағзада жиналатын қасиеті жоғары тері және шырыштықабық арқылытүсетін улар да қауіпті болып саналады.
Ағзаға әсер ету дәрежесі бойынша зиянды заттар 4 қауіптілік классына бөлінеді:
1 – аса қауіпті заттар;
2 – қауіптілігі жоғары заттар;
3 –қауіптілігі орташа заттар;
4 –қауіптілігі аз заттар.
Химиялық заттың улылық және қауіптілік дәрежесінің параметрін зерттейтін өнеркәсіптік токсикологияның тарауы – токсикометрия деп аталады.
Өндіріс жағдайында адам бір фактордың ғана емес, сондай-ақ әр түрлі факторлардың күрделі кешенінің әсеріне ұшырайды. Өнеркәсіп уларының аралас (біріккен), кешенді, бірлесе жүретін (сочетанное) әсерлерін ажыратады. Бірнеше улардың бір мезгілде немесе бірінен соң бірі ағзаға бір жолмен түсіп, әсер етуін әсері аралас әсері деп атайды. Аралас әсерінің келесі түрлерін ажыратады:
1. Аддитивті әсері – аралас әсерлерінен туындаған эффектілердің жинақталған феномені. Бұл кезде қоспалардың қосынды әсерлері әсер ететін құрамдастары әсерінің қосындысына тең болады.
2. Күшейтетін әсері (синергизм) – эффектісінің күшеюі, бұл әсері кезінде құрамдастары әсерінің жай қосындыларына қарағанда, қоспалардың қосынды әсері артық болады;
3. Антагонистік әсері - аралас әсерінің эффектісі құрамдастары әсерінің жай қосындылары кезінде күтілетін эффектісінен аздау болады.
4. Тәуелсіз әсері - аралас әсерінің эффектісі әрбір удың жеке әсерінің эффектісінен айырмашылығы болмайды. Ең уытты заттың әсері басым болады.
Улардың ағзаға бір мезгілде әр түрлі жолдармен (тыныс алатын ауамен тыныс жолдары арқылы, су және тамақ арқылы асқорыту жолымен, тері арқылы) түсіп әсер етуін кешенді әсері деп айтады. Қоршаған ортаның зиянды заттармен ластануы барған сайын өсуіне байланысты, улардың бұл жолмен түсуінің мәні күннен күнге артып келеді.
Өндірістік жағдайда өнеркәсіптік улар адам ағзасына физикалық, биологиялық (жоғары температура, ылғалдылық, иондаушы және иондаушы емес сәулеленулер, шу, діріл және т.б.) сияқтытабиғаты басқа да факторлармен бірлесе (қатар) әсер етеді. Табиғатты әр түрлі зиянды факторлардың (физикалық, химиялық және т.б.) ағзаға бір мезгілде немесе ізінше әсер етуін бірлескен әсері деп айтады.
Өнеркәсіптік улар дозасы мен әсер жағдайына (концентрация/доза/уақыт) байланысты жедел және созылмалы уланулар тудыруы мүмкін. Жедел улану – удың едәуір үлкен дозада бір рет әсер етуінен кейін немесе бірнеше дозалары жұмыс күні бойына әсер етуінен кейін, пайда болған улану. Созылмалы улану –заттың жеке дозаларының әрбіреуі ағзаға зиян келтірмейтін, аз дозаларының ұзақ уақыт бойына көп рет әсер етуінен пайда болған улану.
Өнеркәсіптік заттардың әсер етуі кезінде белгілі патологиялық үрдістердің-қабыну, дистрофия, сенсибилизация, фиброз, жасушаның хромосамалық аппаратының зақымдануы, канцерогенді әсері және т.б. ішінен кез-келгені дамуы мүмкін. Бұл кезде әрбір заттың өзіне тән, меншікті ағзаға әсері де болады, сондай-ақ өзі жататын химиялық класына (тобқа) тән қасиеттерінің әсерін де көрсетеді.
Өнеркәсіптік улардың ішінен тітіркендіргіш, нейротропты заттарды, бүйрек уларын, қан уларын, мутагендерд,і аллергендерді, канцерогендерді, теротогендерді және басқаларын ажыратады. Бұлай бөлуі улардың минимальды мөлшерде әсер етуі кезінде білінетін, таңдамалы әсер сипатын көрсетеді. Жоғарырақ дозаларында (концентрацияларында) немесе зат ұзақ уақыт әсер еткенде жалпы уландыратын әсерінің белгілері дамиды. Жанасқан жерінде қабыну тудыратын тітіркендіргіш заттарға хлор, күкірт ангидриді, азоттың қос тотығы, қышқылдар мен сілтілер және басқалары жатады. Органикалық еріткіштердің, бірқатар металлдардың әсеріне жүйке жүйесінің басым зақымдануы тән. Гепатотропты уларға төртхлорлы көміртегі, аллил спирті және т.б. жатады; Айқын аллергенді қасиетке хром, формальдегид, бериллий және басқалар ие. Этиленгликоль және мышьякты сутегі көбінесе бүйрекке әсер етеді. Мутагенді, тератогенді, канцерогенді және гонадотропты әсері бар заттарға бенз(а)пирен, никель, алты валентті хром, гидразин және оның туындылары, этиленамин, органикалық асқын тотықтар жатады.
10.2 Өнеркәсіптік уларды токсикологиялық бағалаудың негізгі қағидалары. Өнеркәсіптік улардың жағымсыз әсерінің алдын алудағы негізгі шаралардың біріне жаңа заттар мен қосылыстарды токсикологиялық бағалау, жұмыс орындарында заттардың рұқсат етілген әсер деңгейлерін шектеу жатады.Біздің елімізде өнеркәсіптерде қолданылатын барлық химиялық заттарды зертханаларда зерттеп, жете бағалаудан бастап, химиялық өнімді жаппай өндіру және қолданумен аяқталатын көп сатылы токсикалогиялық бағалау жүргізіледі.
Егер гигиеналық стандарттар (нормативтер) дайындау мақсатында затты тереңірек токсикологиялық бағалау, оның ағзаға қауіптілігімен зиянды әсер ету сипаты туралы мәселе тұрса, онда ӘШҚД – әсер етудің шамамен алынған қауіпсіз деңгейін, содан соң шектік рұқсат етілген концентрацияларын (ШРЕК) дайындау жөнінде арнайы токсикологиялық зерттеулер жүргізіледі.
Жұмыс зонасы ауасындағы зиянды заттардың ШРЕК-і – бүкіл еңбек өтілі бойына, күнделікті (демалыс күндерінен басқа) 8 сағат шамасында және аптасына 40 сағаттан аспайтын уақыт жұмыс істеген кезде, жұмыс үрдісінде немесе біраз уақыт өткеннен кейінгі өміріндегі, қазіргі және келешектегі ұрпақтардың денсаулық жағдайында, бүгінгі таңдағы зерттеу әдістерімен анықталатын ауытқулар туғызбауы тиіс концентрациялары. Зиянды заттардың ШРЕК деңгейіндегі әсері сезімталдылығы жоғары адамдардың денсаулық жағдайында бұзылулар болуына кепілдік бере алмайды.
Биологиялық ШРЕК-і – зиянды заттардың тікелей әсер ету үрдісінде немесе әсер еткеннен біраз уақыт өткеннен кейінгі өміріндегі қазіргі және келешектегі ұрпақтардың денсаулық жағдайында бүгінгі таңдағы зерттеу әдістерімен анықталатын аурулар немесе ауытқулар тудырмайтын, жұмысшының ағзасындағы (қан, зәр, тыныс алғаннан шыққан ауа, шаш және т.б.) зиянды заттардың деңгейі немесе ағзаның ең зақымданғыш жүйесінің биологиялық жауабының деңгейі.
Гигиеналық нормативтерді орнатудың негізгі қағидалары:
1. Токсикологиялық зерттеулер, гигиеналық нормативтерді ғылыми тұрғыда негіздеу өндірісте қолданылуынан бұрын жүргізілуі және алдын-алу шараларын жаңа технологиялық үрдістерді, жабдықтарды, химиялық заттарды және т.б. өндіріске енгізгенге және қолданғанға дейін және одан кейін де жүргізу.
2. Гигиеналық нормативтерді негіздеу кезінде қазіргі таңдағы техникалық тұрғыдан табысқа жету керектігімен және экономикалық талаптармен салыстырғанда, медициналық және биологиялық көрсетілімдері бірінші орында тұруы керек.
Дата добавления: 2016-03-26 | Просмотры: 821 | Нарушение авторских прав
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 | 32 | 33 | 34 | 35 | 36 | 37 | 38 | 39 | 40 | 41 | 42 | 43 | 44 | 45 | 46 | 47 | 48 | 49 | 50 | 51 | 52 | 53 | 54 | 55 | 56 | 57 | 58 | 59 | 60 | 61 | 62 | 63 | 64 | 65 | 66 | 67 | 68 | 69 | 70 |
|